Абай публицистикасындағы философиялық сарындар


Абай публицистикасындағы философиялық сарындар
МАГИСТРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ
Мамандық 6M050400 - ЖурналистикаАлматы, 2015
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ Журналистика факультетіБАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫ БАҚ КАФЕДРАСЫ
Кафедра меңгерушісінің рұқсатымен қорғауға жіберілді с. ғ. д., профессор Г. С. Сұлтанбаева Магистрлік диссертациятақырыбы:
Абай публицистикасындағы философиялық сарындар
Орындаған 2-курс магистранты Р. С. Аренова (қолы, күні) Ғылыми жетекші ф. ғ. д., профессор К. Қ. Қамзин (қолы, күні) Норма бақылаушы Ә. А. Әлім (қолы, күні) Алматы, 2015МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 4
I тарау. Абай дүниетанымын кемелдендіруші тарихи-әлеуметтік және рухани арналар
- Абай заманындағы қазақ менталитеті . . . 9
- Абай өнегелік философиясының Шығыс-Батыс ғұламалары және халық шығармашылығымен үндестігі . . . 20
- Абай көркем-философиялық трактаттарындағы «толық адам болу» шарттары . . . 31
II тарау. Абай эссеистикасы - азат ой ағысы жанры
2. 1 Ғақлиялардың ұлттық көсемсөз жанры ретінде қалыптасуы . . . 45
2. 2 Абай көсемсөзі және қазіргі заман өрісі . . . 59
2. 3 Қара сөздердің жанрлық және стильдік сипаты . . . 71
Қорытынды . . . . . . 80
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . ……… . . . . . . 84
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Зерттеу жұмысы «Абай публицистикасындағы философиялық сарындар» тақырыбына арналды. Бұл жұмыста Абайдың қара сөздерінің ұлттық көсемсөз жанры ретінде қалыптасу кезеңдері баяндалып, олардың негізгі жанрлық ерекшеліктеріне баса мән берілді. Абайды публицист деп таныған белгілі ғалымдардың зерттеу еңбектеріне шолу жасалды.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
«Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді. Ежелгі түркі әдебиетін зерттеуші Асқар Егеубаев Абайдың қара сөздерінің бүгінгі қазақ қоғамына қажеттілігін былайша сипаттайды: «Елі құлақ аспаған сөз жетім. Сөз атасының ұлы ойлары жетім қалмауы керек. Ақынның ұлағаты ұлан-ғайыр мұраларының қатарында «Ғақлияларының» халықтық, мемлекеттік, елдік мәні, эстетикалық құдіреті ерекше шоқтықты. Ондай елдікке, қасиетілікке шақырған ақыл толғамы әр қазақтың, бойында, қойнында жүрмегі ләзім. Ақылдың ас қорытпасындай әрі қысқа, әрі нұсқа қырық бес ауыз ой толғауды қаны таза, қадамы ширақ ата дәстүр, ана тілін өрістетуді мақсат тұтқан әр түрлі «Атамұра» сияқты баспалардан бастап алтынмен аптап шығарып, ауыл аралап таратса да артықтық етпес еді. Бейнет ақталар еді. «Құтадғу біліктің» бісмілләсінда: «Бұл кітапты оқыған, таратқан, ауызға алып насихаттаған адам осы кітаптан да ізгірек, жақсырақ» - деген жазу бар. Яғни адам баласының ізгілік жеткізгенінен ізгі қандай іс бар дегені ғой. Сондай өнегелі кітаптардың бірегейі - Абай атаның «Ғақлиялары».
Абайтануға қатысты негізгі ойлардың жиынтығы Абайдың қара сөздерінде екендігі белгілі. Әлемдік әдебиеттен қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың орнын іздей бастаған, қазіргі қоғамдық өмір мен ғылымда өріс ала бастаған оң өзгерістер мен тарихи шындықты қалпына келтіруге ұмтылыс жасап жатқан жаңа ізденістер кезінде Абайдың қара сөздерін қайта қарастырып, тереңдете зерттеу - өзекті мәселе. Қара сөздер Кеңес үкіметі тұсында коммунистік партия берік ұстанған таптық көзқарас тұрғысынан зерделеніп жазылды. Ақынның қара сөздеріне қатысты кейбір мәселелер біржақты, үстірт қарастырылып, ал кейбір айтулы ойларының мазмұны сол тұстағы саясат ыңғайымен қате, жақсақ түсіндірілді. Әсіресе, Шығыс пен дінге қатысты айтқандары түбегейлі зерттелмей қалды, ал айтылған жағдайда орынсыз сынау белең алды.
Абайдың қара сөздерін зерттеуде қазақ әдебиеті, сонымен қатар, Шығыс және Батыс, орыс әдебиетіне байланысын тұтастай алып қарау зәрулігі ақын шығармаларында жүйелі желі болып тартылған көп қатпарлы, сан-сала танымдық ұғымдар мен терең тамырлы ой-пікірлерінің түп-төркінін дұрыс танып-білуге деген рухани қажеттіліктен де туындап отыр. Сондай-ақ, Абайдың қара сөздері тек қана философиялық ойлардың жиынтығы емес, публицистика жанрының озық үлгісі екендігін де білгеніміз өте-мөте маңызды. Ақынның «Ғақлиясын» тек педагогикалық, психологиялық, этнографиялық, философиялық, эстетикалық тұрғыдан талдаумен шектелмей, оның шоқтығы биік публицистік шығарма екендігін де естен шығармағанымыз жөн.
Тақырыптың зерттелу деңгейі.
Президент Н. Ә. Назарбаев «Абай туралы сөз» атты көлемді баяндамасында хакім ерекшелігін былай деп суреттейді: «Абайдың адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен құбылыс саналардай ерекшелігі - отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орнына тайталасты, жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтықтың орнына жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орнына білім қуған бәсекені сіңістіріп, ұлтымыздың рухани қайсарлығын атымен, жаңа қасиеттерімен байытқандығы» [1] .
Абай ұлылығын, сырын шынайы түсінудің әдістемелік кілтін Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың мақаласынан табамыз. «Абай - пайғамбардай пір тұтарлық ақыл-ой алыбы. Ондай құбылыстың құпиясына күллі болмыстың қыр-сырына түгел үңіліп барып түсінуге болады» [2] . Кеңес дәуірінде, Абайды қабылдаған уақытта ғалымдар арасында оның «менің Қағбам енді батысқа ауысты» деген сөзін тілге тиек қылып, Абайды тек батыс мәдениетінен, әдебиетінен нәр алған ғұлама ретінде көрсетуге тырысқан әрекеттер болды. Шын мәнінде ол Шығыс философиясын, поэзиясын барынша жетік меңгерген кісінің өз ізденістерін енді Батысқа да бұрдым деген сөзі болатын. Сондықтан, қазіргі ақиқат: Абай - өз ұлтының да, Шығыстың да, Батыстың да, яғни, әлемдік дәрежедегі құбылыс. Академик Ж. Әбділдин өзінің «Ұлы ойшыл» атты мақаласында «Рухани мәдениетте, Абайдың жаңа қадам, қаһармандық іс жасауына себеп - оның өз бойына қазақ, Шығыс, Батыс рухани ой-санасын біріктірген тұлға болғандығы екені талассыз. Оның сынына алғаш өз қандасы мен қазақ ілікті. Бірақ, ақын осы арқылы, осы ерекше формаға сүйеніп, жалпы адамзат проблемасының, адамзаттың түбегейлі мәселесін, қайырымдылық пен сұлулық идеясын қозғады» [3] дейді. Бұл пікір, Абайды байшыл, қазақшыл, ұлтшыл жасауға барынша тырысқан жандарға жаңаша жауап болды.
Біздің тақырыбымызға байланысты сүбелі, елеулі еңбектердің біразы М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, Қ. Мұхамедханов, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, М. Фетисов, М. Сильченко, Ә. Қоңыратбаев, М. Мырзахметов, Х. Сүйіншәлиев, Х. Бекхожин, Е. Ысмайылов, Г. Бельгер, С. Қасқабасов, С. Қирабаевтардың қаламынан шыққан. Абайдың поэзия саласындағы еңбегі туралы барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар тарапынан жасалған зерттеулер сан алуан. Бірақ, оның «Қара сөздерінің» төңірегінде пайда болған ғылыми ізденістер санаулы. Алғашқы еңбектердің бірі - Ханғали Сүйіншәлиевтің «Абайдың қара сөздері» атты монографиясы [4] . Зерттеуші қара сөздердің текстологиясы мен зерттеуінен бастап, олардың идеялық мазмұны, тіл, стиль, түр ерекшеліктеріне назар аудара отырып, талдайды. Келесі бір маңызды жұмыс - белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтің «Абай және Шығыс» деп аталатын еңбегі [5] . Бұл еңбекте Абайды Шығыстың рухани қазына көздерімен тікелей жалғастыратын әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Яссауи, Жүсіп Қарабағи, Науаи, Ғұламаһи Дауани, Кабуснама, Бабырнама ой алыптары мен мен олардың еңбектері үндестік, сабақтастық тұрғысынан сараланады. Абайдың қара сөздерінде, әсіресе, отыз сегізінші сөзінде кездесетін, бұрын нақты талданбаған исламият, хауас, хақ, жауанмәртлік, үш сүю, иманигүл, адамгершілік ұғымдарына терең талдаулар беріледі.
Сондай-ақ, абайтанушы Ғарифолла Есімнің «Хакім Абайында» «Қара сөздерге» герменевтикалық талдау жасалады. Автор адам мен Алла арасындағы қарым-қатынас, Аллаға табыну, Алланы тану, Алла алдындағы парыз деген мәселелерді жан-жақты зерттейді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Тақырыпқа сәйкес диссертация жұмысының зерттеу мақсаты мен міндеттерін былайша белгіледік:
- Абайдың қара сөздеріне қатысты ғылыми зерттеулерді салыстыру, саралау;
- Қара сөздердің жанр ретіндегі құрылымын анықтау;
- Ғақлиялардың ұлттық көсемсөз ретінде қалыптасу кезеңдеріне назар аудару;
- Қара сөздердің стильдік ерекшеліктеріне тоқталу;
- Абайдың қара сөздеріне қазақ әдебиетінің, Шығыс пен Батыс, орыс әдебиеттерінің қаншалықты ықпал еткендігін, байланысын салтыстыра отырып талдау;
- Ақын өмір сүрген дәуірдегі қазақ менталитетіне шолу жасау;
- Абай шығармашылығындағы «толық адам» ілімінің астарына үңілу.
Зерттеу жұмысының нысаны. Ақынның қара сөздер жинағы және Абай публицистикасына қатысты ғылыми зерттеулер, жекелеген мақалалар.
Зерттеу пәні - Абайдың «Қара сөздерінде» философиялық ұғымдардың көсемсөз тілімен жеңіл жеткізілгендігін басты дәлел ете отырып, оның қазақ көсемсөз жанрындағы орнын айқындау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы - Абайдың қара сөздері көбінесе философиялық тұжырым не педагогикалық трактат ретінде қабылданып, көпшілік назарына солай ұсынылып келеді. Дегенмен, М. Әуезов, Х. Сүйіншәлиев, Х. Бекхожин, М. Фетисов, М. Сильченко сынды ғалымдар осы уақытқа дейін қара сөздерді публицистік шығарма ретінде зерттеп, жан-жақты талдады. Абай шығармаларын ұлттық көсемсөз жанры ретінде қарастыру ісі өткен ғасырда қарқынды түрде жүрді. Дегенмен, қазір «Ғақлиялар» көп жағдайда тек философиялық ойлар жүйесі ретінде қабылданып жүр. Осы зерттеу жұмысында Абайдың қара сөздерінің публицистика жанрының озық үлгісі екендігіне басымдық беріліп, оның публицистік айқын элементтері нақтылы дәлелдермен көрсетіледі. Сондай-ақ, қара сөздер арқылы Абай Құнанбаевтың қазақ публицистикасына қаншалықты үлес қосқаны, осы жанр арқылы өз дәуіріндегі феодалдық-патриархалдық тап өкілдері және қарапайым халықтың бойындағы кемшіліктермен күрескені егжей-тегжейлі айтылады. Қазіргі журналистикада Абайды публицист ретінде танып, оны жүйелі түрде дәлелдеген еңбектер жоқтың қасы.
Қорғауға алынған негізгі тұжырымдама:
Абайдың қара сөздерінде көсемсөз (публицистика) жанрының элементтері көп ұшырасады. Сондықтан, шығарманы публицистік туынды деп қабылдауға, талдауға толық негіз бар. Бұл туралы өткен ғасырдың өзінде М. Әуезов, Х. Сүйіншәлиев, Х. Бекхожин, М. Фетисов, М. Сильченко сынды ғалымдар айтып кеткен. Абай - өзінің қара сөздерінде философиялық, педагогикалық, психологиялық, этнографиялық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік бағыттарды да қамти отырып, ұлттық көсемсөздің дамуына үлкен үлес қосқан публицист.
Зерттеудің тәсілі мен әдістемелік негіздері.
Зерттеу жұмысының негізгі әдіс-тәсіліне хронологиялық, салыстырмалы, жүйелі кешенді және әдеби, тарихи саралау әдістері жатады. Сонымен қатар, зерттеу әдіснамасында отандық және шетелдік ғалымдардың әдеби-теориялық, сын-зерттеу еңбектері басшылыққа алынды.
Диссертацияның теориялық және тәжірибелік мәні.
Диссертацияда Абайдың қара сөздері кешенді түрде сараланды. Оның публицистік шығарма екендігіне баса назар аударылды. Қара сөздердің жанры анықталып, олардың ғылыми анықтамасы мен стильдік ерекшеліктерінің теориялық тұрғыдан саралануы - зерттеудің теориялық мәнін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының нәтижелерін жоғары оқу орындарында жүргізілетін қазақ әдебиеті тарихы, әдебиет теориясы және абайтану пәндері бойынша дәрістерге, арнайы курстық және семинар сабақтарына пайдалануға болады.
Диссертация құрылымы.
Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі.
Зерттеу жұмысының тақырыбына қатысты ғылыми мақалалар «Бизнес, экономика, журналистика және коммуникация технологияларын зерттеу» атты жас ғалымдарға арналған республикалық ғылыми семинар материалдарында және ІІ Бекхожин оқулары аясында өткен жас ғалымдардың республикалық «Жас зерттеушілер» атты ғылыми форумының материалдар жинағында жарық көрді.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы.
Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тарауға біріктірілген алты бөлімшеден, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. 1 Абай заманындағы қазақ менталитеті
Абайдың «Қара сөздерінің» дүниетанымдық ерекшелігі туралы сөз қозғалғанда, Абай заманында қалыптасып үлгерген қазақ халқының бодандық құрсауындағы хал-ахуалына сараптама жасамай кетуге болмайды. Өйткені, Абай - өз заманының перзенті, оның үстіне үш жыл болса да болыстық қызмет атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласқан ойшыл. Патша үкіметінің отарлау саясатының жымысқы бір көрінісі - «бас-басына би болған өңкей қиқымдар», яғни, елді бөлшек-бөлшек етіп, тұтастықтан айырып, бір-біріне қарсы койып, шелтірейтіп орысын шенді шекпен» кигізіп жауластырып қойған болыс, билердің қарапайым халыққа жасайтын зорлық - зомбылық іс-әрекеті. Абай амалсыз партия-партия боп бөлініп билікке таласқан байлардың сияздарына қатысуға мәжбүр болды, осы таластан жәбір шеккен момын елдің мұң-мұқтажына куә болды. «Улы сия, ащы тіл, долы қолмен» елдегі «сабырсыз, арсыз, еріншек пысықтарды, бойы бұлғаң қуларды» әшкерелеуге тырысты.
«Түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып . . . » [6, 132 б] деп жырлаған ұлы ақынның экзистенциалдық дүниетанымы - қараңғылық пен надандыққа карсы тұрып, «мыңмен жалғыз алысқан» жанның көңіл-күйі, жүрек қағысы, жан сыры.
«Жүрегім менің қырық жамау» деп, кейбір мезеттерде түңіліп, күйініп, мұңын шағып, қуанышын да, қайғысын да елінен, болашақ ұрпақтан жасырмай жайып салатын акын шығармаларында әлеуметтік толғаныстардың ұшан-теңізін қалдырды. Сондықтан да, Абай дүниетанымы, көңіл-күйі, замана, қоғам, оның мүшелерінің көңіл-күйі, солардың ішкі жан дүниесінің айнасындай. Яғни, заман арқылы Абайды, Абай арқылы заманды танып-білуге ұмтылуымызға үлкен негіз бар.
Абай - өз заманына дейінгі дала ғұламаларының даналық қазынасын толық меңгерген, бүкіл көшпенділер дүниетанымын, олардың болмысын, ақыл-ойын, парасатын дүниеге таратып, адамзат санасының дамуына үлкен үлес қосқан біртуар, дара ойшыл. Абай шығармашылығы көшпелілер мәдсниетінің әлемдік рухани қазынаға қосқан ұлы үлесі десек қателеспейміз. Өйткені, Абайдың ғұмыры мен шығармашылығы көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, танымның, мәдениетін, салт-сананың, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, тұрмыстың, көзқарастың нағыз арбасқан, таразыға түсіп тайталасқан тұсының дәл және толық көрінісі болып табылады.
Шығармаларындағы зор тоғыс пен толғаныстарды сөз қылмағанның өзінде, оның жеке басының тарихы ірі-ірі рухани және күнделікті өмір трагедияларына толы болды.
Абай өзінің тіршілігіндегі арпалыстары аркылы еркін елінің шексіз қалаудан айырылып, қатты отарлық бұғауға түсіп, ежелгі дәстүрлі көшпелі өмірдің бодандықта булығатынына, тұншыға бастайтынына көзі жете бастады. Оған, әсіресе, өз ұлтының жан еркіндігінен айрылып тұншыққаны катты әсер етті.
Профессор Ж. Молдабеков, Абай даналығының тағы бір себебіне оның ішкі жан дүниесінің жаңару бағытындағы ұмтылысына да меңзейді. «Көңілі құлазыған көпті көрген Абай «соқтықпалы соқпақсыз жерде» ерте есейді. Сол заманның зор қыспағында және арпалысы мол мақсатта тез ширады. Абай ұлылығы - оның тұлғалық даралығында, өмірге деген рухани-әлеуметтік жауапкершілігінде, адам болмысында үлкен қозғалыс тудырар өнерінде. Ал ұлылық жаңару жетістігінде екені мәлім. Әйтсе де жаңару ұмтылыс серпілісінен басталатынын ескерген абзал. Онсыз тарихтың да, тұлғаның да тағылымын түсіну екіталай» [7, 108 б] . Абай - көшпелі дәуірдің соңғы, жаңа Низамның алғашқы ұлы тұлғасы. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен тығырыққа тірелген рухани дүниесінің айнасына айналды. Көшпелі қоғамның ұлы катарсисі ақынның әлеуметтік дүниетанымына өзек болды.
Абай өміріне әсер еткен түбегейлі өзгерістер 1822 жылдан басталған еді. «Патша әкімшілігіне өлкені отаршылдық тұрғыда игеру үшін қазақ даласына басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу және басқа да шараларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанды түгел дерлік бағындыру қажет болды» [8, 26 б] .
1822 жылы Ресей патшалығы «Сібір қазақтарын басқарудың уақытша ережелері» деген заң шығарған. Осы заң бойынша қазақ даласында хандық дәстүрлі билік жойылып, оның орнына аға сұлтандық билік орнады. Аға сұлтандар тек қана хандар, төрелер тұқымынан белгіленуге тиіс еді. Бұл кезде Тобықты елінің ауқымы кеңейіп, оған Қарқаралы округі де қарайтын. Осы округке аға сұлтан болып Құнанбай сайланады. Сайлау кезінде айтыс-тартыс көп болған. Бірақ Құнанбай аға сұлтан болып сайлануына оның ел алдындағы ықпал-абыройы, беделі, жеке басының шешендік, ақылдылық, ділмарлық қасиеттері себеп болды. Халық «қарадан сайланған хан» деп Құнанбайдың атақ, даңқын бұрынғыдан да асқақтатып көтеріп кетеді.
Мұхтар Әуезов «Абай жолында» Құнанбай өмірінің барлық кезеңдерін тәптіштеп суреттеуді мақсат етпейді.
Ұрымтал тұсында, Тобықты елінің ахуал-тіршілігін білдірерде, Абайдың өскен ортасын, әлеуметтік ұясын танытарда, әсіресе, Абайдың ой-санасы, қайраткерлік мінез-машығы қалыптасу, қатаю, өріс табу жолында әкесі Құнанбайдың қайталанбас қарымды қолтаңбасы көрініс береді.
Тарихи дәуірмен зерделесек, эпопеядағы Құнанбай өмірі мен іс-әрекеті, негізінен алғанда, 1822 жылғы далалық реформа мен 1868 жылғы Жаңа Низамға дейінгі мерзімді қамтиды. Яғни, М. Әуезов Құнанбай ғұмырын қазақ сахарасы отарлануының өлке-өлкеге бөлінген, билік-басқару жүйесінің іргесі түбегейлі шайқалған , елдік қасиеттер жоғалып , өзгеге бола бастаған бір дәуіріне, Құнанбайды сол өліара дәуірдегі кесек тұлғаның трагедиясы ретінде, ал Абайды Ресей отарлауының жаңа, ең ауыр, ақырғы дәуірінің құрбаны ретінде суреттейді. Бұл күнде жеке басқа табынушылықтың қандыбалақ жылдарында жүрек түкпіріндегі сырын ақтара алмай, асқан сақтықпен еңбек еткен Мұхтардың өз романы арқылы айтпақ болған астарлы ой-байламын дәл шешіп, тап басып жіліктеп беремін деу - бос әурешілік.
Ұлы романистің шығармашылық лабораториясына терең бойлап, орнықты пікір-байлам айтқан белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов былай дейді: «Биограф (Мұхтар Әуезов) Абай өмірбаянының алғашқы нұскасын жазғанда, бұның арғы ата-бабалары Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай жайлы ел әңгімелері мен деректерді молырақ қамтыса, соңында олар жөніндегі деректерді барынша ықшамдап, Құнанбай мен оның заманына көбірек аялдады. Өйткені, Құнанбайды білмейінше, оның дәуірі мен өмірін тереңірек танымайынша, Абайды білу қиын болмақ деп қарайды» [9, 20 б] .
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорындағы №1913 істе, Абай өмірбаяның жазған қолжазбасының ертеректегі бір нұсқасында, М. Әуезовтің өзі де бұл туралы тура жазады: « . . . Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай болсын, барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Осылардың нәсілінен шыққан Абайдың қоғамдық орны, тіршілік, өмірлік әрекеттері де сол ата салтымен, ескі сарынмен қалыптасады. Сондықтан, болашақ ақын Абайдың өмір жайын анық түсіну үшін, әуелі, мәлім болған дәрежеде бұның алдындағы буындардың да жай-күйін айта кету шарт . . . » Ендеше, ең ірі абайтанушылар Абай даналығын ата даналығының жалғасы, салдары деп есептейді. Оны «Асыл тұяқтан» деген халық сөзі де растайды.
Бұл жерде айта кететін тағы бір жайт, қазақ табиғатының антибиологиялық тұтастыққа, қандастыққа ұмтылу қасиеті ұлт бірлігінің нақты, тұрақты шарттарының бірегейі болды. «Ұлы дала, куаң табиғат, көшпелі өмір-салт маңдайға жазылған соңғы, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі». Адамдар бірін-бірі жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет.
Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні - адаммен» деген принципті тіршіліктеріне тірек еткен. Сондықтан да, әрбір көшпелі қазақ туыстық-қатынастық жүйелі тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық- этикалық критерий деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отыр» [10, 37 б] . Әке мен бала арасындағы сабақтастық өмірдің өзі тудырған ортақ мақсаткерлік көзқарас, дүииетаным, іс-әрекет бірлігін Ә. Бөкейханов пен С. Ғаббасовтың Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген ғүмырбаяндық зерттеу мақалаларындағы пайымдаулар мен ой-нұсқалар айғақтай түседі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz