Іскери журналистика



КІРІСПЕ
I. ІСКЕРИ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР
1.1 Іскери журналистиканың кәсіби жанр ретінде дамуы және шетелдік тәжірибесі
1.2 Қазақстандық медиа.нарықтағы бизнес.журналистиканың қалыптасуы, даму бағыттары
ІІ. БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНДАҒЫ НЬЮСОНОМИКА: ҮРДІСТЕР МЕН ЖАҢАЛЫҚТАР
БАҚ.тағы жаңалықтар трансформациясы: дәстүрлі жаңалықтардан сандық мультиплатформаға дейін
2.2 Қазақстандық бизнес.журналистика моделі және сандық жаңалықтардың бәсекеге қабілеттілігі
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Журналистика - көптеген ғасырлардан бері халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» болып келеді. Оның қоғам мен адамзат алдында атқарар қызметі толастаған емес және ол уақытпен бірге жаңарып, дамып, жаңа сипат алып келеді. Журналистиканың ғылым ретіндегі статусы болмағынымен, оның тамыры тереңінен жайылған. Қазіргі таңда осы саланың сан мыңдаған тармағы жан-жаққа шашырай тарап, халыққа ақпарат ұсынуға көмектесіп келеді.
Осы журналистиканың маңызды бір саласы - іскерлік журналистика (ағылшынша business journalism) болып табылады. Oл қаржыға, бизнеске, iскерлікке, биржаға, халықаралық бағамдарға, танымал банктердiң жағдайын қадағалауға, жалпы cаудаға, ақшаға қатысты кез келген мәcелелер төңірегінде мәліметтер жинақтап, халыққа ұсынатын журналистикадағы кәсіби cала.
1. Innis H.A. The newspaper in economic development. December 1942, Journal of Economic History. – Pp. 1-33.
2. Forsyth D. The business press in America. – Philadelphia, 1964. – P. 1.
3. Roush C. Profits and losses: business journalism and it’s role in society. – Oak Park, 2006. – P.14.
4. Grunwald E. The business press editor. – NY, 1988. – P. 7.
5. Arrese A. Economic and financial press. – Pamplona, 2001. – P.4.
6. Forsyth D. The business press in America. – Philadelphia, 1964. – Pp. 20-44.
7. Roush C. Profits and losses: business journalism and it’s role in society. – Oak Park, 2006. – P.24.
8. Grunwald E. The business press editor. – NY, 1988. – P. 8.
9. Roush C. Profits and losses: business journalism and it’s role in society. – Oak Park, 2006 – P.27.
10. Baldasty G. The commercialization of news in the nineteenth century. – Madison, 1992. – P.153.
11. Страгис Ю.П. История экономики. – М., 2007. – С.348-349.
12. Roush C. Profits and losses: business journalism and it’s role in society. – Oak Park, 2006 – P.22.
13. Roush C. Profits and losses: business journalism and it’s role in society. – Oak Park, 2006.– P.33.
14. Страгис Ю.П. История экономики. – М., 2007. – С. 349.
15. Цит. по Grunwald E. The business press editor. – NY, 1988. – P. 8.
16. Grunwald E. The business press editor. – NY, 1988. – P. 8.
17. Arrese A. Economic and financial press. – Pamplona, 2001. – P.26-27.
18. Roush C. Profits and losses: business journalism and it’s role in society. – Oak Park, 2006. – P.54.
19. Цит. по Roush C. Profits and losses: business journalism and it’s role in society. – Oak Park, 2006. – P. 59.

Пән: Журналистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 68 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Журналистика - көптеген ғасырлардан бері халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып келеді. Оның қоғам мен адамзат алдында атқарар қызметі толастаған емес және ол уақытпен бірге жаңарып, дамып, жаңа сипат алып келеді. Журналистиканың ғылым ретіндегі статусы болмағынымен, оның тамыры тереңінен жайылған. Қазіргі таңда осы саланың сан мыңдаған тармағы жан-жаққа шашырай тарап, халыққа ақпарат ұсынуға көмектесіп келеді.
Осы журналистиканың маңызды бір саласы - іскерлік журналистика (ағылшынша business journalism) болып табылады. Oл қаржыға, бизнеске, iскерлікке, биржаға, халықаралық бағамдарға, танымал банктердiң жағдайын қадағалауға, жалпы cаудаға, ақшаға қатысты кез келген мәcелелер төңірегінде мәліметтер жинақтап, халыққа ұсынатын журналистикадағы кәсіби cала.
Іскерлік журналистика өкілдері ұсынған мәліметтер мен ақпараттар билік басындағыларға және бизнес өкілдеріне жоспар құруға, жалпы аймақтық немесе халықаралық жағдайларды бағамдауға мүмкіндік береді. Іскерлік журналистика өз кезегінде журналистиканың екінші бір бағыты сары басылымдарға қарсы шығады. Іскерлік журналистиканың өкілдері бизнестегі жаңа өзгерістермен халықты таныстыра отырып, осы тақырып аясында болып жатқан түрлі оқиғалар мен жағдайларға баға беруге тырысады. Іскерлік журналистика бизнестің дамуына үлкен септігін тигізетін журналистиканың бірден-бір саласы.
Бітіру жұмысында Батыс пен Еуропа елдерінде құлаш жайып, дамыған бұл сала Қазақстанда қалай дамып жатыр?! Беталысы қандай?! деген сұрақтарға жауап ізделінеді.
Оған қоса қазіргі таңда дәстүрлі журналистикадан медиа журналистикаға ауысып бара жатқанымыз жасырын емес. Күн сайын ақпарат тарату аясы кеңейіп, азаматтық журналистикаға жол салынды. Газеттер мен журналдар ғана емес, сайттар мен ақпараттық порталдар да экономикалық тұрғыда пайда әкеле бастады. Бұл мәселе журналистикаға батыстық зерттеуші Кен Доктордың зерттеуімен ньюсэкономика деген жаңа ұғым боп енді.
Сондықтан осы зерттеу жұмысымызды іскерлік журналистика және ньюсономикаға арнадық.
Тақырыптың өзектілігі. Іскерлік журналистика Қазақстанның БАҚ саласына енді-енді еніп келеді. Оның маңызы, ерекшелігі, әлемдік журналистика тарихындағы алар орны әлі дұрыс зерттеле қойған жоқ. Сонымен қатар, қазақ журналистикасы, оның ішінде қазақ тілінде іскерлік тақырыптарда ақпарат тарататын, жалпы қазақстандық іскерлік БАҚ-тың дамуын, болашағын зерттеу де үлкен маңызға ие.
Осы тақырыпқа орай, дәстүрлі медианың қарыштап басқан қадамын қадағалап, журналистикаға енген тың өзгерістер мен тәжірибелер негізінде зерттеу диплом жұмысының өзектілігі болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бітіру жұмысын жазу барысында Ш. Нургожинаның Деловая журналистика Казахстана, А.Жакипованың Экономикалық және iскерлiк журналистика: компаниялардың, қаржы нарықтарының және жалпы экономиканың қызметтерiн жариялау кітаптары; Вырковский Андрей Владимировичтің Сравнительный анализ моделей деловых журналов США и России(на примере журналов Форчун, Форбс, Бизнес уик,Эксперт, Деньги, Смарт Мани), В.М.Амиров, А.А. Белоусовтың Деловая журналистика: социальный компонент в бизнес-публикации, В.А. Сергачевтың Деловая пресса региона: состояние и преспективы развития атты диссертациялық еңбектері және т.б. пайдаланылды.
Сондай-ақ әлемдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы іскерлік журналистикаға қатысты өзге де ғалымдардың еңбектері мен баспасөздегі материалдары қолданылды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Бітіру жұмысының мақсаты - Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы іскерлік журналистиканың орнын анықтау, саралау, сараптау. Бүгінгі іскерлік БАҚ жұмысына көңіл бөліп, олардың аудиториясы, сапасы, материалдар деңгейі, берілу деңгейін зерттеу. Ньюсономика терминін ашып, түсіндіру. Бұл ұғымның Қазақстандық бұқаралық ақпарат саласына қаншалықты қатысы бар екенін зерттеп, көрсету. Соған байланысты төмендегі міндеттерді алға қойдық:
* Іскерлік журналистиканың тарихы мен бүгінгісіне сараптама жасау;
* Қазақстандық іскерлік журналистиканың қалыптасуын зерттеу;
* Іскерлік журналистиканың Қазақстан БАҚ-да алатын орнын анықтау;
* Дәстүрлі медиадан сандық медиаға көшу: артықшылығы мен кемшілігін көрсету;
* Елдегі басылымдар мен ақпараттық сайттардың ақпарат тарату үрдісін зерделеу;
* Ньюсономика ұғымының Қазақстан БАҚ-да қаншалықты орын алып жатқанына баға беру.
Зерттеу тәсілдері. Жұмыста әлемдегі және еліміздегі іскерлік тақырыпта жазатын және хабар тарататын газеттер, журналдар, ақпараттық сайттар, агенттіктер, телевизия және радио хабарларға шолу жасалып, салыстырмалы талдау, жинақтау, қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының нысаны. Зерттеу жұмысының нысаны ретінде іскерлік журналистика тақырыбынан Қазақстандық 35 журнал, 20-дан астам газеттің мақалалары қаралып, сарапталды.
Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі. Берілген тақырыптарды зерттеу барысында теориялық және практикалық жұмысты бір арнаға тоғыстырып қарадық. Іскерлік журналистиканың тарихын және ньюсономика ұғымын зерттей отырып, басылымдармен(газет - журналдар), телевизия және радио бағдарламалармен де таныстық. Практикалық тұрғыда зерттелген ақпараттарды зерттеушілер еңбегімен, мұрағат материалдарымен толықтыра отырып, теория жүзінде пайдаландық.
Бітіру жұмысының құрылымы. Жұмыс әдеттегідей мазмұнынан басталады. Тақырыптың ауқымдылығына байланысты зерттеу жұмысымызды Іскери журналистиканың дамуы және теориялық мәселелер және Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ньюсономика: үрдістер мен жаңалықтар деп үлкен екі тарауға бөлдік. Ол тараулардың өзі мазмұнына қарай 2 тараушаларға бөлінеді. Сондай-ақ зерттеу жұмысында пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен сілтемелер көрсеткіші беріледі.

I. Іскери журналистиканың дамуы және теориялық мәселелер
1.1 Іскери журналистиканың кәсіби жанр ретінде дамуы және шетелдік тәжірибесі

Іскерлік журналистика (ағылшынша business journalism) - қаржыға, бизнеске, iскерлікке, биржаға, халықаралық бағамдарға, танымал банктердiң жағдайын қадағалауға, жалпы cаудаға, ақшаға қатысты кез келген мәcелелер төңірегінде мәліметтер жинақтап, халыққа ұсынатын журналистикадағы кәсіби cала.
Іскерлік журналистика өкілдері ұсынған мәліметтер мен ақпараттар билік басындағыларға және бизнес өкілдеріне жоспар құруға, жалпы аймақтық немесе халықаралық жағдайларды бағамдауға мүмкіндік береді. Іскерлік журналистика өз кезегінде журналистиканың екінші бір бағыты сары басылымдарға қарсы шығады. Іскерлік журналистиканың өкілдері бизнестегі жаңа өзгерістермен халықты таныстыра отырып, осы тақырып аясында болып жатқан түрлі оқиғалар мен жағдайларға баға беруге тырысады. Іскерлік журналистика бизнестің дамуына үлкен септігін тигізетін журналистиканың бірден-бір саласы.
Іскерлік журналистиканың маңызын ашып көрсетіп, оның экономика және қоғам өмірінде алатын орнын айғақтау үшін отандық медиада ақпараттар аз. Әйтсе де, бұл іскерлік журналистиканың қоғам өміріне қатысы жоқтығын білдірмейді. Экономикалық ортаның базалық ерекшеліктері, іскерлік қатынастар деңгейі қоғамдағы бизнес-баспасөздің құрылымын, қызметін және атқаратын рөлін айқындап береді.
Жоғарыда көрсетілген жағдайларға сүйенер болсақ, экономикадағы өзгерістер іскерлік баспасөзді экономикалық жүйеге қызмет ететін инфрақұрылымның элементі болуға алып келеді.
Бұл жағдайды айқындау үшін іскерлік журналистиканың қоғамда және экономикада алатын орнына қатысты қысқаша талдау жасап көрейік. Сондай-ақ, іскерлік БАҚ қызметі, рөлі, жұмыс істеу ерекшеліктері әлемдік экономика тарихында нендей өзгеріске ұшырағанын қараймыз. Қорытындысында, іскерлік БАҚ-тың экономикалық инфрақұрылым элементі ретінде қазіргі заманда ғана емес, әлемдік экономика тарихындағы маңыздылығын білеміз.
Бірден екі түсініктеме жасайық. Біріншіден, іскерлік баспасөздің даму ерекшеліктерін америкалық медиажүйе және экономика мысалында қарастырамыз, бұл бір жағынан біз саралайтын журналдардың ерекшеліктерін жақсы ашып көрсетсе, екінші жағынан әлемдегі ең ірі экономика орталығындағы іскерлік баспасөздің рөлін бағалауға көмектеседі. Екіншіден, бұл жерде біз іскерлік журналистиканың типологиялық ерекшеліктерін бағалап жатпаймыз.
Сондықтан іскерлік баспасөздің қызметтік анықтамасы ретінде келесі тұжырымдаманы ұсынамыз: іскерлік баспасөз - оқырманның тиімді шешім қабылдауы үшін өте қажетті қаржылық, корпоративті(басқарушылық) ақпарат ұсынатын сапалы баспасөз түрі[57,14].
Осыдан-ақ, іскерлік журналистиканың негізгі қызметі - шешім қабылдау үдерісін оңтайландыратын пайдалы ақпарат тарату екені анықталады. Біздің мақсатымыз, дәл осы жағдайлардың экономикалық қатынастардың дамуына тигізген әсері болмақ. Сонымен қатар, қоғам сұранысы іскерлік масс-медиа құрылымын қалайша өзгерткенін бағалау.
Бұл кезге дейін көптеген зерттеушілер - мейлі отандық, шетелдік болсын іскерлік журналистиканың қоғамда алатын орнын толық бағалай алған жоқ. Оған қоса, 1942 жылы канадалық баспасөз зерттеушісі Гарольд Иннис: Нарықтың кеңеюі, бәсекелестіктің күшеюі, азық-түлік бағасының төмендеуі...,эволюция...монетарлы жүйе және күрделі экономиканың дамуы толықтай газеттің дамуынан кейін басталды-деп жазған[1]. Бұл батыл пікірмен таласқа түспей тұрып, біздің көзқарасымыз бойынша экономика мен бизнес-баспасөздің ара-қатынасы екіжақты-экономиканың дамуы іскерлік басылымдағы шындықтың сипаты мен берілу тәсіліне әсер етсе, дәл сол сияқты бизнес-басылымның да экономикалық қатынастардың даму деңгейіне, нәтижесінде қоғамның әл-ауқатына әсер ететінін атап айта аламыз.
Іскерлік журналистика - тамырын егжей-тегжейлі тексеріп өткен заманнан ғана таба алатын феномен. Мысалы, белгілі америкалық оқымысты Д. Форсит өз кітабында 18-19 ғасырдағы америкалық іскерлік журналистиканың тарихын үңгір адамдарынан,Ежелгі Вавилоннан және Египеттен бастап сипаттайды. Бизнес-коммуникацияның тарихы адамзат мұқтаждығы тарихынан басталады. Яғни, адамдар алғаш рет өздерінің суға, тамаққа және жылуға деген экономикалық мұқтаждығы үшін сөйледі(жазды). Оған қоса, олардың қажеттілігі құрала, күрделене түсті. Бұның барлығы хат түріндегі коммерциялық жолдауға әсер етті[2]. Осыдан келіп іскерлік басылымдардың өзегі ретінде антикалық заман құжаттарын(мысалы, іскерлік хаттарды) есептеуге болады.
Форситтің ізімен жүре отырып, көптеген зерттеушілер сол заман құжаттары мен бұқаралық ақпарат құралдары деп есептеуге болатын үлгілерді (17 ғасырдың ағылшындық прейскуранттары (price-currents) мен солардың үлгісінде жасалған ағылшындық басылымдар) салыстыра отырып, олардың арасынан тікелей байланыс таба алады. Бұл іскерлік басылымның қоғам өміріндегі маңыздылығын бейнелейді.
Біздің ойымызша, қазіргі заманға сай келетін іскерлік басылымдардың отаны - Жаңа замандағы Еуропа(16-17 ғасыр) болуы мүмкін. Дәл осы кезде бірнеше Еуропа елдерінде өнеркәсіптік революцияның алғышарттары пайда бола бастады. 16 ғасырдың ортасында капитал шоғырландырылған және белсенді іскерлік қызмет жүргізілетін қалаларда іскерлік ақпараттық инфрақұрылымның екі негізгі түрі дами бастады: беделді саудагерлер мен бизнесмендердің қолдауына ие жекеменшік ақпараттық желілер және экономикалық ақпарат тарататын көпшілік басылымдар. Екі түрдің ерекшелігі, олар экономикалық өмірдегі елеулі оқиғаларды іріктеп және тек қана жалпы мағлұмат беріп отырды. Айғақтарды саралау және түсіндіру мүлдем болған жоқ. Мысалы, Лондонда тек 17 ғасырдың аяғында ғана автордың ой-пікірін(бұл көбінесе сауда келісімдері мен қаржы нарығындағы жағдайларға қатысты болды) білдіретін бірнеше басылымдар пайда болды.
Ең әйгілі жекеменшік ақпараттық желілер ретінде Аугсбургтан шыққан Фуггер отбасы, Мединалық Симон Руиз және ағылшындық Томас Гришэм III құрған желілерді атауға болады. Бұл бизнесмендер өздері коммерциялық қызығушылық танытатын нарық жағдайына қатысты болған оқиғалармен жүйелі хабардар етіп отыратын жекеменшік репортерлер желісін ұйымдастырды. Мысалы, 1568 және 1604 жылдар аралығында Фуггерден корреспонденттерге жүздеген хаттар жолданған: онда жазылған ақпарат қарыз беру және пайыздық үстеме қою ісінде шешім қабылдауға қолданылған. Сонымен қатар хатта азық-түлік бағасы және нарықтағы қызмет бағалары көрсетілген[3]. Әрине, мұндай желілерді іскерлік басылым деуге болмайды, бірақ олар экономикалық ақпаратты жинау және өңдеудің алғашқы мысалы болып табылады. Фуггердің операциясын тарихи маңызды ететін бір нәрсе - олар арнайы ақпарат кәсіпкерге бәсекелестік басымдылық бере алатынын көрсетті, -деп жазды журналистика зерттеушісі Э.Грюнвальд[4].
Дәл осы уақыттарда (16 жүзжылдық) тұтынушыларға экономикалық ақпараттар жеткізетін көпшілік басылымдар пайда бола бастады. Олар Венеция, Антверпен, Франкфурт, Амстердам сияқты қалаларда және ірі сауда орталықтарында құрылды. Бұл басылымдар(мысал ретінде, британдық прейскуранттар Ллойдс лист (Lloyd's List) және Корс оф иксчейндж (Course of Exchange)) бір-біріне өте ұқсас болды, тауар сатылымының қалай жүріп жатқандығы және ішкі және сыртқы нарықтағы тауар бағасы туралы ақпарат таратып отырды. Көптеген зерттеушілердің ойынша, дәл осы мерзімдік басылымдарды әлемдегі алғашқы экономикалық басылым ретінде атап көрсетуге болады.
17 жүзжылдық қарсаңында Еуропадағы сауда және экономика орталығы ретінде бірінші орынға Амстердам шықты. Венеция, Антверпен және Женева өз маңыздылықтарын жойды. Және дәл сол Амстердамда өзінен бұрынғы италиялық сауда қалалары(Венеция, Флоренция және т.б.) және одан кейінгі англосаксондық экономикалық орталықтар сияқты ақпаратты жинау, өңдеу және тарату нарықтың негізгі бір базасы ретінде қалыптасты.
Жекеменшік коммерциялық корреспонденттік желілер, оларға аналогты ақпараттық жүйелер (мысалы, Ост-Инд компаниясының корреспондеттік желісі) және прейскуранттар (прайс-парақшалар) осы экономикалық орталықта қолданылатын негізгі коммуникациялық элементтер болды. Қоғамды экономикалық ақпаратпен қамтамасыз етуде басты рөлді ортақ қызығушылық басылымдары атқарды. Амстердамда экономикалық ақпарат мазмұнда міндетті түрде болатын Холлантше меркуриус (Hollantsche Mercurius) және Амстердамзе Меркуриус (Amsterdamze Mercurius) басылымдары шығарылып тұрды.
18 жүзжылдықта Амстердамның ортақ қызығушылық баспасөзінде жаңа рубрикалар пайда бола бастады. Олар іскерлік ақпараттарға, оның ішінде қаржыға арналды. Мысалы, 1723 жылдың жазында "Амстердамше курант (Amsterdamsche Courant) газеті қаржы жаңалықтарына арналған тұрақты айдармен шыға бастады.
17 ғасырдың аяғында Еуропаның қаржы және сауда орталығы ретінде Лондон Амстердамның орнын баса бастады. 18 ғасыр бойы нарықта бизнесмендерге пайдалы ақпарат жеткізетін көптеген экономикалық басылымдар пайда болды. 18 ғасырдың басында экономикалық баспаның ағылшындық нарығы әлемдегі ең бай нарық болды. Лондонның әрбір қызметкері 6 мерзімдік тізімге (прайс-парақша, прейскуранттар) жазыла алды. Үш тізім шикізат бағасы жарияланымына(біріншісі 1608 жылы, екіншісі - 1660 жылдардың ортасында, үшіншісі - 1690 жылдардың ортасында пайда болды), біреуі - тұтыну тауарларына(1619), тағы бірі - кемелерге (1692) және соңғы прейскурант биржадағы бағаларды бақылауға(1697) арналды. Осылайша, 18 ғасырда дамыған түрлі типтегі іскерлік басылым құрудың алғашқы базасы пайда болды. Осы басылымдардың кейбірі он жылдықтарға дейін өмір сүрді (классикалық жағдай - 1692 жылы Эдвард Ллойд құрған Ллойдс лист және 1697 жылы Джон Кастэйн құрған Корс оф иксчейндж).
1690 жылдары Англия экономикалық баспасөз тарихына ене бастады. 18 ғасырдың ортасында Ллойдс лист және Корс оф иксчейндж Лондонда коммерциялық және қаржылық ақпарат таратуда салмақты бәсекелестерге айналды.
Голландиядағы сияқты Англиядағы(еске салайық, тұңғыш күнделікті ағылшын газеті Дейли курант (Daily Courant) 1702 жылы пайда болды) басылымдар 18 жүзжылдықта сауда, тауар бағалары және т.б. жөнінде ақпараттар үлесін көбейте бастады. Кейбір басылымдарда(мысалы, 1695 жылғы Лондон меркури (The London Mercury), Ллойдс ньюс (Lloyd's News, 1696) және Дженерал римаркс он трейд(The General Remarks on Trade, 1707))) экономикалық ақпараттардың көп болғаны сонша оларды арнайы басылымдардың бастапқы үлгісі деп көрсетуге болады.
Осылайша, 18 ғасырдың басында әлемдегі көшбасшы экономикалық орталықтарда іскерлік ақпараттар тарататын басылымның құрылымы пайда бола бастады.
Іскерлік басылым дамуының жаңа кезеңі оның беттеріне анализдің(зерттеу) енуі болып табылады. Оның отаны 17-18 жүзжылдықтағы Лондон. Сол кездерде де ол жерде тек қана статистикалық ақпараттар мен жаңалықтар тарататын басылымдар болды. Сонымен қатар онда белгілі бір факті туралы(түрлі оқиғалар, сауда және ауыл шаруашылығы жүйесінің қалыптасуы т.б.) ой-пікір білдіруге болатын бағаналар қалдырылған басылымдар пайда болды. Осындай басылымдардың классикалық үлгісі ретінде Меркури (The Mercury) және Коллекшн фор импрувмент оф хазбендри энд трейд (A Collection for Improvement of Husbandry and Trade) басылымдарын атауға болады. Сондай-ақ экономикалық тақырыптағы алғашқы дебаттар Меркейтор (Mercator) және Бритиш мерчэнт (British Merchant) басылымдарының бетінде жарық көре бастады.
Экономикалық тақырыптағы алғашқы дебат Меркейтор және Бритиш мерчэнт басылымдарының беттерінде жарияланды. Онда британдық сауда келісімдері талқыланды. Бұл қарама-қарсы көзқарастағы адамдар мен институттарға қайшылықты ой-пікірлерін жариялай алатын экономикалық баспасөздің қабілетін көрсетті. Бритиш мерчэнттегі Генри Мартиннің және Меркейтордегі Даниэл Дефоның Еуропада 19 ғасырда гүлденетін еркін сауда принциптерін қорғаған мақалалары журналистиканың бұл мақсаттағы алғашқы үлгілері болды.
Бұл кезең - 16 ғасырдың ортасынан 18 ғасырға дейін - заманауи іскерлік баспасөздің алғашқы даму кезеңі деп атауға болады. Дәл осы кездерде беделді экономикалық орталықтарда (Лондон, Амстердам және т.б.) іскерлік баспасөз жүйесінің негіздері қаланды. Бұл жүйенің негізгі элементтері прейскуранттар, сауда және бизнес жаңалықтары, журналистік көзқарастар болды. 18 ғасырдың екінші жартысы - 19 ғасырдың бірінші жартысы іскерлік ақпараттар жүйесі дамып, түрленіп, басылымдардың жаңа түрлері т.б. пайда бола бастады. Бұл үрдіс көптеген елдерде жүрді, осылайша 19 ғасырдың аяғында іскерлік баспасөздің тұрақты құрылымы пайда болды.
Испаниялық баспасөз зерттеушісі Анхель Арресе өзінің Экономикалық және қаржылық баспасөз атты монографиясында былай деп жазады: Іскерлік баспасөздің дамуындағы екінші кезең 1929 жылғы дағдарыс және 1930-жылдардағы депрессиямен аяқталады және арнайы экономикалық басылымдардың - экономикалық журналдардың(тұтынушылық, академиялық), экономикалық-қаржылық газеттер мен іскерлік журналдардың пайда болғаны туралы белгі береді[5].
Осыдан келіп жоғарыда айтқанымыздай Америка Құрама Штаттарының экономикасының дамуы және бизнес-баспасөзіне тоқталып өтейік.
17 ғасырдың екінші жартысында іскерлік ақпараттар тарататын басылымдар Солтүстік Американың ірі қалаларында пайда бола бастады[6]. Алайда іскерлік басылымның белсенді дамуы 18 ғасырдың екінші жартысында күш алды. Классикалық прейскуранттар АҚШ-та 1750-жылдары сатыла бастады.
Бірінші болып қаржылық және сауда нарықтарындағы бағалар туралы ақпарат беретін басылымдар жарық көре бастады. Берілген ақпараттар теңіз саудасын белсенді жүргізіп отырған жергілікті саудагерлерге қажет болды. Алғашқы прейскуранттардан Құрама Штатта өндірілетін мақта, ұн,былғары, аң терісі, май, темекі және т.б. бағасын білуге болатын.
Кейінірек прейскуранттар кемелердің қозғалысы туралы ақпараттар бере бастады. Құрама Штатта алғашқы фабрика құрылғаннан кейін төрт жыл өткен соң Нью-Йорк прайс каррент басылымы жарық көре бастады[7], - деп жазады К.Роуш. Бұл басылым түрлі атаулармен 100 жылдан аса шығып тұрды және алғашқыда акциялар және айырбас құны туралы мәліметтер таратты.
Нью-Йорк прайс каррент басылымының жеткен жетістігі оның баспагерінің бизнеске арналған күнделікті газет шығаруына себепкер болды. Осылайша, 1815 жылдан бері таратыла бастаған Дейли айтемс фор мерчэнтс (Daily Items for Merchants) дүниеге келді. Газет, бағалар тізімінен басқа, қаржылық сақтандыру ақысы, кемеде жүк тасығаны үшін төленетін пұлдар және т.б. туралы ақпараттарды қосты. Басылым 2 жылдан аз уақыт шыққанына қарамастан, дәл сол тәжірибе бизенске арналған күнделікті басылым шығаруға болатынын дәлелдеді.
Өнім өндіретін, шығаратын кәсіпорындар және транспорт пайда бола бастағаннан кейін соған сай арнайы басылымдар да жарық көре бастады. Көптеген іскерлік масс-медиа сол кездерден бастап 20 ғасырдың аяғына дейін сақталды. 90-нан аса іскерлік баспасөз жүз жылдан асатын тарихқа ие[8]. Олардың ішінде 1812 жылдан бері шыға бастаған Нью-Ингленд джорнэл оф медсин (New England Journal of Medecine) де бар.
Дегенмен, 19 ғасырда пайда болған америкалық іскерлік басылымдар ұзақ өмір сүрмеді. Жоғары пошталық шығындар, жазылымның негізгі кіріс көзі болуы, сапалы емес менежмент БАҚ-ның жабылуына алып келді. Ойланбай шығарылған іскерлік басылымның мысалы ретінде 1852 жылы Руфус Портер ашқан Эериэл рипортер (Aerial Reporter, Воздушный репортер) журналын атауға болады. Бұл журнал авиацияға арналды. Бірақ, сол кездері авиациялық индустрия қарқынды дамымағандықтан Эериэл рипортер жылға жетпей жабылып қалды.
Атап өту керек, 1830 жылдарға дейін көптеген іскерлік басылымдар күнделікті жазылыммен таратылып отырды, оның бағасы да айтарлықтай жоғары болды. Тек газет бағасы төмендегеннен кейін ғана оқырман аудиториясы жылдам көбейе бастады. Бұл газеттердің көбісі өз материалдарының басым көпшілігін іскерлік тақырыптарға арнады. Мысалы, Нью-Йорк геральд (New York Herald, 1835 жыл) өзіне ақша бетін қосып алды және ол бетте баспагер Джеймс Гордон Беннет акцияның неге өскенін немесе төмендегенін түсіндіріп отырды. Бұндай анализ не беруі мүмкін?! Мысалы, 1850 жылдардың ортасында Джеймс Беннет инвесторларды теміржол компанияларындағы қайта бағаланған алыпсатарлық жөнінен хабардар етті. 1860 жылы Авраам Линкольн АҚШ президенті болмай тұрып, Беннет Нью-Йорк бакнирлерін оңтүстік штаттардағы акциялары мен облигацияларын сатуға және оңтүстіктегі бизнесмендерден қарыздарын қайтып алуға көндірді[9].
Тағы бір қызықты айғақ бар. Мысалы, 1835 жылы болған АҚШ президенті Эндрю Джексон мен Құрама Штаттағы Екінші банк президенті Николас Биддлдің арасындағы кикілжіңде(Джексон банкке лицензия беруден бас тартты) екеуі де өздерінің көзқарастарын білдіру үшін масс-медианы пайдаланған. Биддл БАҚ арқылы аудиториямен қарым-қатынас жасау банк салымшыларының сенімін күшейтеді деп сенді.
Вашингтон университетінің профессоры Джерард Бэлдасти 1831-1832 жылдардағы солтүстікамерикалық газеттерге кейбіріне контент-анализ жүргізген. Оның ішінде Бостон, Чарльстон, Нью-Йорктен шыққан (Меркури (Mercury), Курьер (Courier), Морнинг пост (Morning Post), Дейли эдвертайзер (Daily Advertiser), Курьер энд инкуайрер (Courier and Enquirer)) сияқты бес ірі басылым өз баспа аймағының 22,9%-ын бизнес тақырыптарына арнаған. Бірақ, бұл белсенді сауда жүргізумен ірі портты қалаларда шығарылған БАҚ ғана қатысты болды. Қатты белсенді емес қалаларда шығарылған басылымдарда бизнеске бөлінген орын да аз болған. Бэлдастидің ақпараты бойынша, ол жердегі бизнеске арналған материалдардың үлесі 2,3% пен 6,8% аралығында болған[10].
Атап айтылғандай, экономиканың нақтылы салаларының дамуымен бірге осы тақырыпта жазатын іскерлік басылымдар да пайда бола бастады. Іскерлік баспасөздің дамуының классикалық үлгісі теміржол саласы туралы жазатын журналдар болып табылады. 1860 жылы АҚШ-та 300-дей тәуелсіз теміржол компаниялары жұмыс істеді. Себебі, теміржол жұмыстары мемлекеттің тікелей қолдауымен жүргізілді. 1869 жылы шығыстағы аудандарды Тынық мұхиты аймағымен байланыстыратын трансконтинентальді темір жолдар салынды. 1883 жылы Жаңа Орлеанды Лос-Анджелеспен жалғайтын Солтүстік тынықмұхиттық темір жол және Оңтүстік тынықмұхиттық темір жол салынды. 1893 жылы Ұлы солтүстік темір жол салынды. 50 жылдың темір жолдардың ұзындығы 10 есе өсті. 1865 жылы 35 000 миль болса, 1914 жылы 387 000 мильді құрады, осылайша әлемнің барлық темір жол жүйесінің 50%-ын құрады[11].
Таратылған журналдар қатарында The Railway Express, The Railway Examiner, The Railway Globe, The Railway Standard, The American Railroad Journal и The Railway Mail басылымдары болды. Олар барлық саланы қамтыды - бу қозғалтқышынан жол салуға дейін және әрбір темір жолдағы жүк тасу пұлдарына дейін жазды, - деп жазады Крис Роуш[12].
Айта кету керек, дәл осы теміржол журналдарында іскерлік өмірді жарыққа шығарудың жаңа тәжірибелері қолданыла бастады. Бұл өзгерістер 1849 жыл мен 1862 жылдар аралығында Америкэн рейлроуд джорнэл (The American Railroad Journal) басылымын шығарған Генри Варнум Пур есімімен байланысты. Пур компанияның кірісін есептеу үшін статистикалық анализдерді пайдаланып бизнес туралы мақала жазған алғашқы журналист. Одан бөлек, Пур өзінің басылымының көмегімен теміржол саласына инвесторлар тартуға көңіл бөлді. Эмиссия кезінде облыстар мен аймақтардағы теміржолға қатысты экономикалық ақпараттар жариялады. Оған қосымша Генри Пур өз журналында компаниялардың өз қаржылық жағдайы туралы толық ақпаратты жария етуін талап етті. Осылайша, Америкэн рейлроуд джорнэл техникалық бағыттан инвестициялық бағытқа ауысты. Америкалық және әлемдік іскерлік журналистика тарихын зерттеушілер Генри Пурдің еңбегі арқасында компаниялар өз қаржылық қызметтерін жариялай бастады деп есептейді.
Сондай-ақ іскерлік бағыттағы баспасөздің бір түрі - жұмыскерлер баспасөзі екенін айта кету керек. Бизнестің және кәсіпорынның, фабрика мен зауыттардың дамуы жұмыскерлердің қажеттілігін арттырды. Өндірістік революция ойындағысын бүкпей айтқысы келетін жұмыскерлер қатарын көбейтті. Бұл тілек газет беттерінде жарияланып тұрды, - деп жазады К.Роуш[13]. Алғашқы жұмыскерлер баспасөзі 1827 жылы Филадельфияда шығарыла бастаған Джорнимэн меканикс эдвокейт (Journeyman Mechanic's Advocate) болып табылады. Одан соң Меканикс фри пресс (Mechanic's Free Press), Уоркинг мэнс эдвокейт (Working Man's Advocate), Фри инкуайрер (Free Enquirer) және тағы басқалары шыға бастады.
19 ғасырдың екінші жартысында Құрама Штаттағы газет-журнал саласындағы негізгі қиындықтар шешімін тапты: пошталық салықтар 1852 жыл мен 1879 жылдар аралығында айтарлықтай төмендеді. Азаматтық соғыстан кейін АҚШ экономикасының қарқынды дамуы(әлемдік өнеркәсіптік өндірістегі Американың үлесі 23,3%-дан(1870) 30,1%-ға(1900) өсті)[14] баспагерлерге жаңа ресурстар іздеуге мүмкіндік берді және экономиканың жаңа салаларының дамуына үлес қосты. Бұқаралық ақпарат құралдарының менеджменті жақсара бастады. Алғашқы іскерлік масс-медиа салаларында жұмыс істей бастаған топтар қаржылық және банктік басылымдарға айналды. Д.Форсит айтқандай, олардың редакциясы басылымды аудиторияның үрдісіне және экономикалық өзгерістерге бейімдеу қажет екенін түсінді[15].
Баспасөз саласындағы(әсіресе, іскерлік) тағы бір салмақты өзгеріс жарнаманың дамуы болды. Кіріс көзі ретінде жазылымға иек арту 1893 жылы жойылды, оған себепкер болған журнал шығарушы Фрэнк Манси (Frank Munsey). Жарнаманың көп болуы қосымша кіріс әкелетінін байқаған ол журналдың тиражын арттырып, көшірме бағасын төмендетті. Содан соң жарнама берушілермен келісіп, мың оқырманға бір доллар көлемінде мөлшерлеме қойды. Мансидің стратегиясы оны бай адамға айналдырды және баспасөздің негізгі кіріс көзі жарнама болу керек екендігін дәлелдеді[16].
Көптеген қиындықты бастан өткергеннен кейін іскерлік баспасөз қарқынды дами бастады: 1900 жылдары 800-ге тарта іскерлік басылымдар құрылды. Олардың басым көпшілігі тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс, мата өнеркәсібі және тұтыну тауарлары өнеркәсібі сияқты жаңа салаларға арналды.
19 ғасырдағы америкалық іскерлік журналистиканы айтқанда 1882 жылы Чарльз Доу, Эдвард Джонс и Чарльз Бергштрасс сияқты үш репортер құрған Доу-Джонс энд компани (Dow Jones and Company) компаниясын айтпай кетуге болмайды. Компания жаңалықтар материалдарын және биржалық брокерлер, банкирлер және алыпсатарлардың тексерілмеген ақпараттарын сатумен айналысты. Жеті жылдан кейін олар жаңа жобаны дүниеге әкелді, ол - акциялар мен облигацияларға ғана арналған төрт беттік Уолл-стрит джорнэл (Wall Street Journal). Бұл АҚШ-тағы фондтық нарық пен экономиканың дамуына мұрындық болды. Сәйкесінше, өзінің жеке өміріне немесе компанияға қатысты шешім қабылдайтын менеджерлер мен тұтынушыларға қатысты да нарық және өнеркәсіп туралы ақпарттардың маңыздылығын арттырды. 1884 жылы Доу-Джонс энд компани бағалы қағаздар тобының өзгерісін көрсететін алғашқы индекс-өнімді(қазіргі таңда индексті құрастыру - компания бизнесінің негізгі бір бөлігі болып табылады) дүниеге әкелді.
Бизнес-БАҚ-ты елдің экономкалық дамуының пайдалы құралы ретінде атай отырып, 1843 жылы құрылған британдық Экономист (Economist) журналын айтпай кетуге болмайды. 19 ғасырдағы протекционистер мен еркін сауданы жақтаушылар арасындағы саяси және идеялық күрес айғақтарға,ойларға, пікірлерге, талқылауларға сүйенген дәстүрлі журналистік тәсілмен жазатын алғашқы басылымдардың пайда болуына әсер етті... Экономист уақытпен бірге әлемдегі экономикалық журналистика үлгісінің парадигмасын құрды, - деп жазды А.Арресе[17].
Экономикалық қатынастар агенттері мен іскерлік журналистика арасындағы тығыз қарым-қатынастың үлгісі 20 ғасырдың басындағы макрейкерлер(разгребателей грязи) жұмысы болды. 19 ғасырдың аяғында пайда болған макрейкерлер өздерінен бұрынғы әріптестеріне қарағанда(олар тексерілмеген ақпаратты пайдалана беретін) өздерінің маериалдарын құжаттар, сұқбат, тұлғалық бақылау негізінде құрды. Макрейкерлер жұмысын зерттеу журналистикасының алғашқы үлгісі деп те атайды.
Макрейкерлер жұмысының қорытындысы сол, үкімет ірі корпорациялар жұмысына назар сала бастады, олардың қызметін реттейтін заң жобаларын қабылдады, ал компаниялар өз кезегінде өнім сапасын, еңбек өнімділігін жоғарылатып, жалақыны көтерді.
Айта кету керек, макрейкерлер өз мақалаларын үнемі іскерлік басылымдарда жариялаған жоқ, олардың мақалалары әртүрлі тақырыптағы басылым беттерінде де жарияланып тұрды. Макрейкер жұмысының классикалық үлгісі ретінде 1902 жылы МакКлюрс (McClure's) журналында жарияланған Идо Тарбеллдің The History of the Standard Oil Company мақаласын атауға болады. Тарбелл Джон Рокфеллерге тиісті АҚШ-тың ірі мұнай компанияларының бірінің қызметі туралы толық көлемді зерттеу жүргізіп, әркез таза әдісті бола бермейтін Стэндард ойл компани (Standard Oil Company) жұмысын әшкерелеп,жазды. Бұл жұмыс бүкіл елдің экономикасына елеулі әсер ететін компания туралы алғашұы сыни көзқарастағы материал болатын. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, 1911 жылы Құрама Штаттың Жоғары соты Стэндард ойл компани компаниясын кішкентай компанияларға бөлу туралы шешімге Тарбеллдің мақаласынан кейін келді деп есептейді. Толықтай, Тарбеллдің қызметі АҚШ үкіметінің назарын ірі монополия қызметіне аударды.
Атап көрсетілгендей, 1900 жылы АҚШта 800 дей іскерлік баспасөз болды. Бірақ, олардың көпшілігі бір ғана салаға немесе экономиканың бір ғана тарауына арналған басылымдар еді. Салыстырмалы түрде көпшілік аудиториясына арналған бірінші іскерлік журнал 1917 жылы Берти Форбс құрған Форбс (Forbes) журналы болды.
Екі жыл өткеннен кейін Уолл-стрит джорнэл Бэрронс (Barron's) атты күнделікті қаржылық газетті шығарды. 1923 жылы вашингтондық журналист У.М.Киплингер Киплингер Вашингтон леттер (Kiplinger Washington Letter) журналының алғашқы санын жарыққа шығарды.
Әйткенмен, К.Роуш жазғандай, 20 ғасырдың бірінші жартысында іскерлік журналистикада болған оқиғаны беру деңгейі төмендеп кетті. Журналдардың және газеттердің скерлік және қаржылық бөлімдері бұрынғыға қарағанда төмен деңгейде жұмыс істеді[18].
Көп жылдар бойы іскерлік журналистикаға деген сенімнен айырған ең үлкен қателік, әлемдік экономикадағы ең ірі оқиғалардың бірі - 1929 жылдың қазанындағы қор нарығындағы күйреу мен одан кейінгі Ұлы депрессияның дұрыс берілмеуі болды. Мысалы, Уолл-стрит джорнэл 1929 жылдың тамызында өткен жылдарға қарағанда қор нарығындағы жағдай жайлы деп жазды[19].
1929 жылдың 21 қазанында Уолл-стрит джорнэл тынықмұхиттық газеттер басылымын шығара бастады, ал бір аптадан кейін нарық күйреді. Дағдарыс баспасөзге қалай әсер етті?!
Бәрінен бұрын, жазылушылар мен сатып алушылар санының төмендеуіне байланысты тікелей қаржылық шығындар, сонымен қатар жарнамадан түсетін қаржының да азаюы(қиын кезеңді бастан өткерген жарнама берушілер баспасөзге жарнама беруді азайтты). Мысалы, Уолл-стрит джорнэл жазылушылардың елеулі бөлігін жоғалтты, 52 000 адамнан тек 28 000 қалды, ал қызметкерлер жалақысы айтарлықтай төмендеді.
Алайда іскерлік журналистиканың дамуы үшін Ұлы депрессия жылдары жемісті болды: дәл осы кезеңде жекеменшік қаржылық жағдайларға арналған тұтынушылық баспасөз бен басылымның дамуы тұрақтанды. Ол жерде жиі талқыланатын сауалдар: өз капиталыңды қалай еселеуге болады?!. Тұңғыш тұтынушылық басылым ретінде 1936 жылы шыға бастаған, тұтынушылық тауарлар мен қызметтердің сапасын сипаттайтын Консьюмер рипортс (Consumer Reports) журналы. Журнал үлкен танымалдылыққа ие болды, 1946 жылы оның тиражы 100 000, ал 1950 - 400 000-ға жетті. Бұл табыстың негізі соғыстан кейінгі елдегі тұтынушылықтың өсуі болды, мысалы, ЖҰӨ(жалпы ұлттық өнім) жылдық өсімі АҚШ-та 1941-1955 жылдары 4,7%-ды құрады.
Одан бөлек, Ұлы дағдарыс жылдарына екі классикалық іскерлік журналдардың алғашқы жұмыс жылдары сәйкес келді: Бизнес уик (Business Week, 1929 жыл) және Форчун (Fortune, 1930 год).
20 ғасырдың алғашқы жартысында әлемнің және АҚШтың іскерлік журналистика жүйесін Уолл-стрит джорнэл газеті бағындырды. 1940 жылы бұл газеттің таралымы 32 000, ал 1945 жылы - 59 029 жетті. Газеттің танымалдылығы 1950-1960 жылдары да айқын біліне бастады: егер 1950 жылы таралым 65 000 дана болса, 1955 жылы 360 000-ға, 1960 жылы 707 985 данаға жетті. 1960 жылы журналистердің жүргізген саулнамасына сәйкес, Уолл-стрит джорнэл үлкен ықпалға ие елдегі ең ірі күнделікті жалпы саяси басылымның қатарына енді[20]. Ал, 1966 жылы газет таралымы 1 миллион данаға жетті.
Уолл-стрит джорнэл газетінің жылдам көбеюіне қаржы нарығы туралы сапалы ақпаратқа қызығушылық танытатын жекеменшік инвесторлардың санының артуы әсер етті.
XX ғасырдың екінші жартысында америкалық қаржылық жүйенің рөлі ғаламдық деңгейге жетті. 1944 жылы Бреттон-Вудста (АҚШ) өткен БҰҰ-ның валюта-қаржылық конференциясында халықаралық қаржыны басқарудың бір аттас жүйесі қабылданды. Әлемдік ақша қызметі алтынмен есептелетін болып қалды, әйтсе де оны қолдану аймағы халықаралық валюта қатынастарында елеулі түрде азайды, ал халықаралық айналымда әмбебап төлем құралы ретінде АҚШ доллары енгізілді. Нәтижесінде, Құрама Штаттың ұлттық валютасы өзгелермен салыстырғанда артықшылыққа ие болды(қарыздарын Америка өзге елдер сияқты алтынмен емес, доллармен өтейтін болды). Бұл жағдай 1971 жылы Бреттон-Вудстық валюта жүйесі жойылғанға дейін сақталды.
Америка экономикасының тұрақты өсімі іскерлік масс-медиа санының көбеюіне әкелді. 1970-1980 жылдары Уолл-стрит джорнэл газетіне бәсекелестер пайла бола бастады. Мысалы, 1984 жылы Лос-Анджелесте Инвесторс бизнес дейли (Investor's Business Daily) газеті шыға бастады, ал осы уақытта Америкада британдық Файненшиел таймс (Financial Times) газеті де тарала бастады. Үлкен қалалардағы барлық ірі газеттер бизнес-жаңалықтар жазатын журналистерді көбірек жұмысқа тартып, өз газеттерінде іскерлік ақпараттарға үлкен орын бөліп отырды. Арнайы басылымдардың да саны өсті 1925 жылы олардың саны 1650 шамасында болса, 1965 жылы 2500, 1985 жылы 276029 шамасына жетті[21].
Трансұлттық корпорациялар саласына деген қызығушылықтың артуы іскерлік БАҚ-тың жаһандануына да әкелді. Міне, бірнеше мысалдар. 1963 жылдың мамырында Форчун Президент (President) деген атаумен жапониялық басылымды жарыққа шығарды, ол 15 000 топ-менеджерге есептелген элиталы аудиторияға арналды.Ал 1967 жылы Брюсселде осы журналдың бірінші халықаралық офисі ашылды.
1976 жылдың 1 қыркүйегінде Гонконгта Эйшн Уолл-стрит джорнэлдың (Asian Wall Street Journal) алғашқы нөмірі шығарылды. Эйшн Уолл-стрит джорнэл азиялық аудиторияны экономикалық және бизнес-ақпараттармен қамтамасыз ететін тұңғыш күнделікті газет болды. 1979 жылы Нью-Йоркта Эйшн Уолл-стрит джорнэл уикли (Asian Wall Street Journal Weekly) басылымы шыға бастады. Ол солтүстік америкалық жазылушыларға, сондай-ақ АҚШ-та өмір сүретін азиаттықтарға арналды. 1983 жылы тағы бір аймақтық басылым дүниеге келді, ол енді Азияға емес, Еуропаға арналды. Ол - 31 қаңтардан бастап шыға бастаған Уолл-стрит джорнэл Юроп (Wall Street Journal Europe). Нәтижесінде, Уолл-стрит джорнэл газеті Интернэшнл геральд трибюн (International Herald Tribune), Файнэншл таймс және Ю-эс-эй тудей (USA Today) басылымдарымен бірге төрт жаһандық газеттердің қатарына енді.
АҚШ-та тағы бір үрдіс пайда болды - ол, жергілікті іскерлік баспасөздің санының және ықпалының артуы. 1970 жылдары күнделікті іскерлік газеттер көптеген ірі америкалық қалаларда іске қосылды: (Тексас Бизнес (Texas Business), Бизнес Атланта (Business Atlanta) және т.б. 1980-ші жылдардың басында олардың көпшілігі бірнеше ірі компаниялардың бақылауына өтті. Мысалы, Скриппс-Говард 13 іскерлік апталықты басқарса, Бизнес джорнэл груп (The Business Journal Group) алты осындай газет таратты.
Технологияның дамуымен қатар іскерлік өмірді жарыққа шығарудың жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Мысалы, 1951 жылы Си-би-эс арнасы Си ит нау (See It Now) бағдарламасын бере бастады. Бағдарлама бизнестегі және экономикадағы оқиғаларға көңіл бөлді. Си-би-эс арнасының атынан өзге арналар да ере бастады. Іскерлік ақпараттармен жұмыс істеген танымал журналистердің қатарына Эдвард Марроу (Си-би-эс), Ирвинг Левайн (Эн-би-си), Луис Рукейсер (Эй-би-си, Пи-би-эс, Уолл-стрит уик шоуы (Wall Street Week)) жатады.
1970-1980 жылдар аралығында іскерлік журналистикаға телевизияның өзге буыны - кабельді телевизия корреспонденттері назар сала бастады. Нақ осы кабельді телекомпаниялар іскерлік журналистикаға арналған толық шоулар жасады. Кабельді телеарнадағы алғашқы іскерлік шоу 1979 жылы көрсетілген Найтли бизнес рипорт (Nightly Business Report) болып табылады.
Дегенмен, іскерлік журналистиканың гүлденуі 1990-шы жылдарға сәйкес келеді. Жаңа мүмкіндіктер не берді?! Қор нарығындағы онжылдық дүмпу - өнімдер мен қызметтерді сатудың бизнес-құралы ретіндегі Интернеттің және тоқтаусыз ақпараттар мен жаңалықтарды берудегі масс-медианың жылдам дамуы... - деп жазады К.Роуш. Мысалы, 1988 жылы Құрама Штатта іскерлік тақырыпта жазатын 4 200-дей журналист болды. 2000 жылдары олардың саны 12 000-ға жетті. Іскерлік ақпараттарға бөлінетін газет бетінің көлемі 1990 жылдары 7%-дан 15%-ға өсті[22].
Дәл осы кездерде іскерлік журналистиканың жаңа құрылымы мен пішімдері пайда болды, мысалы, 1990 жылы инвестициялық қоғамдастыққа негізделген Блумберг іскерлік ақпараттар агенттігі дүниеге келді. Ол Доу-Джонс, Рейтер және Ассошиэйтед Пресстің бәсекелесіне айналды.
Іскерлік журналистиканың дамуына үлес қосқан тағы бір сала - Интернетті айтпай кетуге болмайды. Ең табысты Интернет-жобалардың бірі Уолл-стрит джорнэл (www.wsj.com) сайты болып табылады. 1996 жылы құрылған сайтқа ақылы жазылушылар саны он жылдан кейін 700 000-ға жетті. Тағы бір ірі іскерлік портал 1996 жылы хедж-фонд басқарушысы Джим Кремер құрған www.TheStreet.com сайты. 1999 жылдың аяғында онда 94 000 ақылы жазылушы болды.
Міне, осылайша іскерлік журналистиканың іргесі қалыптасты. Біздің тілімізде іскерлік журналистика және бизнес журналистика деген екі ұғым бар. Ал, батыстық журналистикада осындай ұғымды білдіретін business reporting деген анықтама бар. Бұл ұғымдардың ара қатынасы бұл күндерде жақындап келеді.
Іскерлік журналистика - билік өкілдеріне және іскер топтарға қаржы мен бизнеске қатысты қатысты сұрақтарды шешуге пайдасын тигізетін ақпаратты журналистердің зерттеп, жинап, жазып, сараптама жасауына арналған кәсіби жанр.
Зерттеушілер бұл мәселеге қанша дендеп енсе де, іскерлік баспасөз ұғымының біржақты анықтамасы әлі де қалыптасқан жоқ.
Әрине, іскерлік журналистика ұғымы өте көлемді. Ендеше біз іскерлік ақпарат туралы айтқанда ол бизнес, экономика және өндіріске қатысты кез келген сұрақ, оқиға, сараптаманың жарыққа шығуы деп түсінеміз. Оның қызметіне тек қана экономикада болып жатқан жағдайларды баяндау және аудиторияға жеткізу ғана емес, сонымен бірге іскерлік өмірді, кәсіпорындар қызметін, экономикалық анрықты және өндіріске жаңа технологиялардың енгізілуін бақылай отырып толық көлемді ақпарат ұсыну кіреді.
Іскерлік ақпараттың басты қолданушылары бизнесмендер, менеджерлер, банк қызметкерлері, қор нарығының мамандары, риэлторлар, сондай-ақ адамзаттың экономикалық және қоғамдық-саяси өміріндегі қор нарығының маңызды рөлін түсінетін білімді адамдар болып табылады.
Іскерлік журналистиканың қоғам өмірінде алатын нақтылы маңызын, бағасын көрсету үшін ең адымен оның қызметтерін, мақсатын және іскерлік өмірге әсер ету қабілеттерін анықтап, сараптап жазуымыз қажет.
Белгілі болғандай, журналистиканың типологиясы БАҚ-тың маңызды белгілерін салыстыра отырып ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бүгінгі экономикалық басылымдар және олардың проблемалары
Көркем мәтінді аударудың стилистикалық ерекшеліктерін зерттеу
Журналистика ұғымы, міндеттері
Саяси тілде сөйлеу
Мұнай бағалары
Аударманың түрлері жайында
Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі
Қазақстандық іскерлік журналистиканың қалыптасуын зерттеу
Қазақстандағы азаматтық журналистика ерекшеліктері
Кадрлық резервтің міндеттері
Пәндер