Қазіргі қазақ поэзиясы және ұлттық болмыс


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Тәуелсіздігімізге қол жеткізген кейінгі жиырма жылда руханият саласында үлкен сілкініс жүріп жатты. Солардың бірі - «қазақтың мәдени ұлттық брендін қалыптастыру», яғни қазақты әлемге таныту. Демек, қазіргі таңдағы басты міндет - қазақы болмысыңа оралу. Өзіңнің тамырыңа оралу - бүкіл халықтарға тән. Өзіңді өзің таны деген катигория: шыққан тегіңді, ұлтыңды халқыңды, әрі оның тарихын, мәдениетін, дәстүрін, болмысын тану алға қойылған. Бұны басқа халықтарға ұлттық құндылық ретінде көрсете білу керек. Өркениетті ұлт әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан төл дәстүрімен мақтанады. Демек, мәдениетіміздің нығайту ұлттық мүдденің салтанат құруына ықпал етеді деген сөз. Қазақы ұлттық руханиятты жаңғыртып, қайта түлету - ұлттық деңгейдегі өзекті мәселе.
Қазақ халқының тұтастығын оның күретамыры болып табылатын ұлттық ойларды дүниетанымдық деңгейге көтеруде рухани дүниеміз ұлттық сипатта болуы тиіс. Ата-бабамыз әлімсақтан мұсылман қазақтың діні сол руханиятының ішінде тұнып тұрғанын түсіндіріп қалдырған аян. Ғылыми жұмыс барысында дәстүрлі қазақ отбасындағы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, адами қарым-қатынастар, ұлттық кәде түрлері мен оның мән-мағынасын, ұрпақ өсіру философиясын сұрыптап, бірнеше бөлімдерге топтастырылған. Осы тұрғыда қазақы танымдағы атау ұғымдардың мазмұнын ашып, оның бүгінгі поэзияда бейнеленуінен көрініс берген.
Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда онтология грек тілінен аударғанда онтос - болмыс, логос - ілім, яғни болмыс туралы ілім болып табылады. Жалпы ұғымда болмыс - тарихи қалыптасқан кең мағыналы, терең ауқымды философиялық ұғым. Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол - ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы - мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңеседі. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ресейге отар ел болып тұрғанымызда, «туған ұлт», «ұлттық», «ұлтшылдық», «ұлттық идея», «ұлттық мүдде», «ұлттық тәрбие» мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Өйткені, бұл жайында сөз қозғау отарлаушы елдің “жасампаз” интернационалистік идеологиясына қарсы шыққандық деп есептелетін. Енді ұлттық биік сананы қалай қалыптастырамыз , оны жүзеге асырудың жолдары қандай деген мәселеге келейік. Қазір барлық елдер мен мемлекеттер біркіндікті жаһандану жағдайында өмір сүруге бейімделу үстінде. Негізгі кіндігі еркін таңдау және жеке бастама жасай алатын жеке адам бостандығы идеясына негізделген Батыс өркениеті болып отыр. Соңғы жылдары жаһанданудың бір тетігі ретіндегі батыстану - бұл тек батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік реттеудің (адам құқығы, жеке адамның тұлғалық тұрпаты, діни сенімі, ұлттық төзімділік, әдептілік, т. б. ) мәдени-өркениеттік қалыптар кешенін де қабылдау екенін түсінген дәстүрлі қоғамды жақтаушылардың табанды қарсылығына тап болуда. Анығырақ айтқанда, жаһандану барысында Батыс мәдени құндылықтарының басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы төл тумалық сипатының жоғалуына түрткі болуы мүмкін деген қауіпке әкеліп тірейді. Өйткені, өткен ғасырдың орта шенінен айтыла бастаған өркениет бәсекесі қазір шын мәнінде ақиқатқа айнала бастады. Бәсеке бүгінгі күні экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, білімде, ақпаратта, технологияда, тағы басқа салаларда қызу қарқынмен жүріп жатыр. Рас, Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет, алайда, Батыс өркениетінің қоршаған ортаға тек пайда табу көзі деп қарауға үйретуі, оны технологиялық тұрғыдан бөлшектеп сату түрінде түсіндіруі, бұл мәселеде бізге үлгі бола алмайды. Сондықтан Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік жақсылықтың нышаны емес. Сондай-ақ, батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру - қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу - бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды еш уақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстаным ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат - сату (сатылу) және пайда табу. Қанша аз уақыт жұмсалса, сонша пайдасы көп. Алайда басы ашық мәселенің бірі - қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан, өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Бұл шығар күндей анық мәселе. Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылыстың игілігін көреді. Егер жаһандануды ұлттық мемлекеттік болмысқа икемдей алмасақ, оның ықпалына түсіп алып, жалаң еліктеуге ұрынатын болсақ, онда мемлекет те, сол мемлекетті жасап отырған ұлт та геосаяси тобырға айналып, рухани жаулаушы өркениеттің құлақкесті құлы болып қала береді. Оның бірден бір ең тиімді үлгісі - ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі - осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ол жайдан-жай емес, әрине. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпы адамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек.
Ұлттық негіз, ұлттық болмыс хақындағы толғанымның бір көрінісін әсіресе поэзиядан көруге болады. Қазақ сөз өнері ықылым заманнан қалыптасқалы бері - ұлт ретіндегі таным-түсініктен, болмыс-бітімнен, тұтастықтан еш уақытта да ажырамаған-ды. Жыраулардың толғаулары, жыршылардың төкпе жырлары, тіптен күйшілердің күмбір күйлерінің өзінде ұлттық нәр, ұлттық бояу, ұлттық мақам, ұлттық сарын, ұлттық құндылық ажырамай, бір тұтас, бірге үндес жүрген. Басқа ұлттардан Қазақ халқының бір ерекшелігі оның ішкі болмысымен тұрмыс-тіршілігі, ұлт ретіндегі салт-санасы, дүниетаным, қабылдауы, тіптен ойлауы, іс-әрекеті де бір-бірмен астасып, сабақтасып жататындығында болып отыр. Халықтың ауыз-екі сөйлеу мақамы, ондағы қолданылатын нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер, даналықтар да, ұлттық сипатта құрылған. Осындай тұтас байланыстың бұзылмай, ыдырамай бір жүйеде болуы заңдылық. Ал, оның бүгінге ұсақталмай жетуіне бірден-бір ықпал етуші әдеби фактор - ақындар өлеңі. «Поэзия - жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деген ұлғатты сөздің өлеңге де, толық қатысы бар. Жүректегі сезімді оятқан өлең тегін өнер болмаса керек. Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне дейін көтереді. Азаматтық асқар сезімнің шыңы ұлттық сезім де, өлең арқылы оянып рухани күш алады» [1, 29], - дейді сыншы С. Әшімбаев. Қазақ халқының поэзиясы барлық рухани-мәдени қазынаның ішіндегі тарихы тереңнен келе жатқан ең молы, бағалысы. Прозалық жанрдан бұрын халықтың дәстүр-салтына, өмір-тіршілік жағдайына орай көп ғасырлар бойы поэзия жетекші өнер саласы болып келді. «Поэзия - өнердің асыл тегі. Өзге өнердің бәрінің өзін біреуде қолданатын құралының мүмкіндігіне қарай творчестволық әрекеті азды-көпті болса да қысымнан, тар өрісті боп келеді. Поэзия адамның еркін тілімен берілгендіктен, онда үн де, сурет те, пайымды, айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлық элементтері поэзияда бар, сөйтіп, ол әлдебір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің барлығын бірінен-бірін бөлектемей, бірден пайдаланатын секілді. Поэзия тұтас өнер соның ұйытқысы болып табылады және оның барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерін айқын, анық түрде бойына жинақтады» [1, 13], -дейді В. Г. Белинский. Өлең сөз қазақ халқының өмір, тіршілік, табиғат, адамдардың қарым-қатынасы, елдік салт-дәстүр, батырлық өнеге мен тәлім-тәрбие туралы жинақталған көркем таным дүниесінің көрінісі десек қателеспейміз. Одан халықтың сыншылдық-эстетикалық, философиялық-этикалық дүниетанымы көрінетінін аңғаруға болады.
Жұмыстың өзектілігі: Қай заманда да, қара сөздің қадірін түсінген қазақ жұртшылығына етенеден таныс төрт жолдан тұратын, ұйқасқа құрылған қара өлеңнің берер әсері мол. Хакім Абай атамыз: «Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы . . . » дегенде де, осы қара өлеңнің өрісін түсірмей, өнегесін арттырыңдар дегенді меңзесе керек-ті. «Қазақтың қара өлеңін» шекпен жауып өзіне қайтарған Мұқағали Мақатаев та, өлең-сөздің өшпес отты, өлмес жанды құбылыс екендігін жете байыптағандығынан десек, артық айтпаған болар едік. Қазақ халқының қанына біткен бұл құбылыс өз алдына, жеке алып қарғанда поэзияның өзі жылдамдық пен ұшқырлықты талап етіп, басқа жанрларға қарағанда шеңбері кең кеңістікке құрылғандығы - оның басты ерекшелігі болып отыр. Бір сөзбен қысқа қайырғанда, поэзия өзі артқан тақырыбын жетер жеріне жеткізіп, адам санасына ұтымды-ұшқыр, әсерлігімен бірден ықпал етіп, насихатқа құрылған, оқырманы көп бірден бір - жанр. Кезеңі жағынан алып қарағанда аз уақытты қамтымайтын бұл жанырдың бүгін де, жаңа бағытта дамып, ауқымы кеңейіп отырғандығы оның сұранысқа ие екендігін аңғартады. Осы орайда сан алуан әлеуметтік желілер арқылы жас жазба ақындардың өлеңдері сиясы кеппеген күйінде оқырмандарымен жылдам қауышып отыр. Поэзиядағы аға буын ақындардың тұсынан басталған өлең мәйегінің майлы бояуы көрініс беріп, өз арнасын қалаптастырған болатын. Ал, бүгінгі ақындардың бағыты жас буынның жалғастығына толықтай айналып отырмағандығына көз жеткізеді. Осы орайда, дәстүр мен жаңашылдықтың өзара астасқан, қарама-қайшы келетін тұстарына тап боламыз. Жалпы алғанда, «бүгінгі поэзияның» шеңберінде қарастырсақ, ұлттық қазақы болмыстағы «ұлттық өлеңдердің» көптеп қағаз бетіне түсуі, біріншіден идеология десек, екіншіден, тәрбиелік ықпалға ие. Осыны басшылыққа алып, «Бүгінгі поэзиядағы ұлттық болмыс көрінісі» тақырыбын кең әрі өзекті етіп танып білуде, ақындар өлеңдерін кезең-кезеңге бөліп, тақырыптар бойынша топшалап, белгілі бір деңгейде қарастырылған болатын.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Тәуелсіздік ақындарының шығармашылығына сараптама жүргізе отырып, ұлттық қазақы өлеңдерінің мағыналарын ашу. Сонымен қатар, сол өлеңдердің шығу төркінін, тарихи аспектілерін, тіпті ақын өмірімен байланысын анықтау. Қазақ халқының дүниетанымында мыңдаған жылдар бойына қалыптасқан салт-дәстүрлеріміздің өлеңде берілу көркемдігін нақтылау. Сауатты өлеңдерді сарқып алып, өз дәрежесінде сараптамалық анықтама беру, сонымен бірге, өлеңдердің дерек пен дәйектілігін, айтылмақ түпкі ойдың мағыналылығын танып-білу мақсат етілген. Жас ұрпаққа ұлттық болмыстағы құндылықтардан ұтымды ақпарат беретін өлеңдерді бір жүйеге жинақтау болып табылады.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері : Зерттеуді жүргізу барысында бастамаға алған еңбектер легі жеткілікті деп айтуға келмейді. Нақты тақырып аясында қарастырылған ғылыми зерттеулер бүгінгі поэзия төңірегінде болғанымен, нақтылы ұлттық болмысты дәйектейтінін жоқтың қасы деп айтуға болады. Мысалы, Сәуле Ержанованың докторлық дисертациясының тақырыбы «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының көркемдік тұтастығы мәселелері» болса, Айтмұханбетова Жанат Әскербекқызы «Мифтің поэтикадағы қызметі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Сонымен қатар, Бағдат Кәрібозұлының «Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты» атты докторлық диссертациясында ұлттық тұрғыдан қарастырғанымен дәл бүгінгі поэзияны жеке алмай, жалпы өлеңнің сипатымен ұштастырған еңбек екендігін ескеріп, зерттеудегі ұлт пен өлеңнің өзара байланыстырған тұстарына көңіл бөлдім. Жекелей талдамалы түрде қарастырылған Ақтаева Шұғыла Берікқызының «Қазіргі ақындық поэзияның жанрлық, көркемдік-стильдік ерекшеліктері» атты еңбегін және де ұлттық таным мен болмыс, бүгінгі ақындардың жеке шығарылымдағы жыр-жинақтары, әр жылдардағы кітап топтамалары негізге алынған.
Зерттеудің дереккөздері: Әрине, зерттеу жұмысын жазып шығу үшін, міндетті түрде арнаулы дереккөздеріне сүйенетініміз анық. Бұл ретте менде бірқатар газет-журналдар мен ақпараттық-танымдық сайттарды қарап шықтым. Әсіресе, ел газетіне айналған «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген ақындар өлеңдеріне сыни мақалалар бүгінгі поэзия төңірегіндегі ел ағаларының сұхбаттары қамтылған. Одан бөлек «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан», «Айқын» газеттері, әдеби-танымдық «Жұлдыз», «Ақиқат», «Ақ желкен» журналдары, «abai. kz», «masa. kz», «jaksi. kz», «kultobe. kz» ақпараттық сайттары да «көмекке келді». Сонымен қатар, жоғарыда аталған, докторлық диссертациялар да, басшылыққа алынды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы:
- ұлттық болмыстағы ақындар өлеңдері арқылы келер жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеумен қоса, насихатқа құрылған өлең-жырлардың саны артуына ықпал ету;
- ақындар өлеңдеріне сараптамалық талдау жасау арқылы олардың деңгейлік жүйесін анықтау;
- бүгінгі поэзия өкілдерінімен қоса, енді қалам тартып жүрген жас ақындар жайында көпшілік оқырмандарға ақпарат беру;
- ұлттық, қазақи өлеңдердің авторларын анықтап, олардың қарқынына қорытынды жасау;
Диплом жұмысының құрылымы: рефераттан, кіріспеден, екі бөлімнен, қортытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен, тұрады.
Рефератта аталмыш тақырыптың нақтылы құрылымы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, жұмыс жүргізу барысындағы мақсаты мен міндеттері, зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері, зерттеудің дереккөздері, жұмыстың жаңашылдығы, жұмыстың теориялық-практикалық маңызы, баяндалады.
Қорытындыда зерттеудің нәтижелері бойынша сараптамалар жасалынып, өзекті мәселе бойынша келешекте орындалатын зерттеу перспективасы тұжырымдалады.
1. БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС ҰҒЫМДАРЫ
Бүгінгі поэзияның ауқымы, айтар сөзге саусақпен санарылықтай болып көрінбейтін, арысы мен берісі өлшемге сиятын, бөлшектелмейтін бүтін қалпында қарастырылуға тиіс атау. Тұтас алып қарағанда, поэзиялық шығармаға сезім-әсер байлығы айрықша тән болып, сол бағытта жазылса, ал прозалық шығармаларда оқиғаны баяндау, бейнелеу жағы басым келеді. Поэзияның көркемдік ерекшеліктері сыртқы ұсақ белгілер емес. Оның жанрлық-көркемдік тұрғыдан даралануында поэтикалық бейнелеу құралдарын қолдану өзгешіліктері, сөздің, тілдің ырғақтық, интонациялық байлығын кеңінен пайдалану тәрізді елеулі ерекшеліктер алдыңғы кезекте көрінеді. Сол себепті өлең-жырларда, дастан-поэмаларда өмір құбылыстарын терең эмоциялық-сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем етіп бейнелеу басты принципке айналады. Қазақ өлеңінің сөз кестесін, құрылысын, өлшем-өрнектерін, ырғақтың жүйесін, идеялық-көркемдік бітім-болмысын, сыр-сымбатын әлемдік әдебиет теориясы деңгейінде қарастырған академик Заки Ахметов көп жылғы зерттеу тәжірбиесі негізінде: «Поэзия - сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол - айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің үлкен, өнімді саласы» [4, 11], -деп ой қорытқан еді.
«Өткенін білмегеннің, болашағы бұлыңғыр» деп Б. Момышұлы атамыз айтқандай, жаңа тақырыпты зерттемес бұрын, өткен кезеңдегі қазақ поэзиясындағы ұлттық болмыс қандай болғандығына көз жібергеніміз дұрыс. Өткен ғасырдың 60-80 - жылдарындағы қазақ поэзиясы мазмұн, түр, дәстүр, жаңашылдық жағынан толысып, кемеліне келген поэзия болды. Сол жылдары қазақ әдебиетіндегі сыншылардың сыни мақалаларынан жекелеген ақын-жазушылардың көркемдік ізденістерін саралауға, сол арқылы әдеби процестің беталысын пайымдауға негіздеді. А. Құнанбаев, М. Мақатаев, Ө. Нұрғалиев, О. Сүлейменов, Қ. Мырзалиев, Т. Бердияров, М. Шаханов, Ж. Әбдірашев сынды қазақ өлеңін жаңа сапалық биікке көтерген, өзіндік таным-өлең өрнегімен дараланған қазақ поэзиясының бірегей тұлғалары туралы жазылған мақалалары парасат-пайымының кеңдігімен, талдау тереңдігімен дараланады. Әр қаламгердің ерекшелігі - әрбір жазушының қолтаңба ерекшелігін дәл танып, өнер иесінің шығармашылық ішкі иірімдеріне, табиғатына тереңдеп ене білуімен және талдау арқылы ой қорыту, жинақтау сипатының логикалық нанымдылығымен ерекшеленеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz