Балалар прозасы


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ әдебиетінің әр саласы өзінің шынайы даму жолына түсті. Әдебиет түрлі жанрлар мен жаңалықтармен жаңартылып, әдеби үдеріс те жаңа заманның жаңашыл талаптарына қарай бет бұра бастады. Соның негізінде балалар әдебиеті, оның ішінде балалар прозасы да жаңа сипат алып, жаңа сүрлеуге түсті деп айтсақ болады. Балалар әдебиетіне бұрынғыдай партияның саясатын дәріптеу, бай мен кедейдің арасын ашып көрсету, байшылдар деп топқа бөлу секілді құбылыстардан ада күде арылдық. Еліміз егемендік алуымен сөздің де бостандық алғаны жасырын емес. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы жыл санап өркендеп, туған әдебиетімізді дамытып, көркейтуге өзіндік үлесін қосып келеді. Алайда қазіргі қазақ балалар әдебиетінің хал-ахуалы кісі қуантарлықтай емес. Ғасырлар тоғысында тұрған қоғамда жас ұрпақ жеткіншектерге рухани уыз беретін балалар әдебиетінің алатын ролі зор. Сол себепті жас өскін балалар әдебиетінің қазіргі жай-күйін, қоғамнан, мектеп өмірінен алатын орнына үнемі барлау жасап, талдаулар жүргізіп отыру өмірдің өзінен туған өзекті тақырып деуге негіз бар. Қазақ балалар прозасын хронологиялық жағынан дәл мына уақытта пайда болды деп кесіп айта алмаймыз. Оның себебі қазақ балалар әдебиеті, прозасы өзінің бастауын сонау ерте заманнан, халық ауыз әдебиетінен, бесік жырлары, халық ертегілерінен алады. Әңгімелер, ертегілер, аңыздар балалардың құлақ құрышын қандыра тыңдайтын, әуестеніп, қызығушылықпен құмарта еститін халық туындылары болған.
Міне, тамыры осылай тереңде жатқан балалар прозасы ХІХ ғасырда педагог, ағартушы, ғалым Ы. Алтынсарин есімімен ресми жазба түрде басталған еді. Содан бері қазақ әдебиетінде балалар прозасы мен поэзиясы, драматургиясы өзінің даму жолына түсіп, қазақ балдырғандарын рухани мұрамыз бен төл әдебиетімізбен сусындатып келеді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бергі қазақ балалар прозасы жаңа леп пен жаңа өріске ие болды. Шәкен Күмісбайұлы, Арасанбай Естен, Сұлтан Қалиұлы, Әдібай Табылды, Толымбек Әбдірайым, Дәнеш Ахмет, Кеңес Оразбекұлы, Бағдат Мәжитов сынды жазушыларымыз осы арнада қалам тербеп, жақсы сапалы, әсерлі әдеби туындылар дүниеге келтірді. Жастар легінен Есей Жеңісұлы, Қалмахамбет Мұхаметқали, Бейбіт Сарыбай, Аягүл Мантаева, Әдина Жүсіп, Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар, Есей Жеңісұлы, Қалмахамбет Мұхаметқали, Аягүл Мантаева сынды талантты жастар балалар әдебиетіне қалам тартып жүр.
Балаларға арнап жазудың бір қиын тұсы - суреттеп отырған іс-әрекетте, не кейіпкер бейнесінде сәл ғана саңылау, нанымсыз кемшілік кетті дегенше, оқырманымнан айрылдым дей беріңіз. Өйткені, бүлдіршіндер көркем шығарманы шынайы өмір деп қарайды. Қалтқысыз сенеді. Балғын бөбектерге шығарма жазу балалығын мәңгі жадында сақтаған, бала болып ойлай алатын, бала көңіл, таза көңіл таланттардың ғана қолынан келеді. Бүлдіршіндерді жақсы шығармамен қуанту - жазушы үшін де жарты бақыт болуы керек. Әдебиетіміздің басқа саласында табысты еңбектеніп келе жатқан белгілі жазушылардың өзі балаларға келгенде сыр беріп қалып жатса талаптың күрделілігінде. Тума дарының болмаса, жүре келіп балалар жазушысы болу мүмкін емес.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Балалар - әзірге буыны бекіп, бұғанасы қатпаған, моральдық қасиеттері әлі тұрақтап тиянақталмаған, дүниеге көзқарасы үнемі тереңдеп келе жатқан қоғамдық буын, қоршаған ортаның әлеуметтік-эстетикалық, этикалық қасиеттерін бойына балауса құрақтай сіңіріп жатқан қоғамның жас өкілдері.
Балалар әдебиеті - бала жанын терең барлау, тыңғылықты зерттеуден басталады. Дарын қуатымен иіп алу, бедел жұмсау, қызмет мансап бұлдау - балалар әдебиетіне жүрмейді. Балалар әдебиеті - жалпы әдебиеттің дамуы үшін баспалдақ болады. Балалар әдебиеті әрбір ұлт мәдениетінің мықтап қаланған іргетасы, халықтың рухани жай-күйін балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек, балалар әдебиеті жолға қойылмай тұрып, әдебиетіміз кемелдену үстінде деп мақтанушылық үйдің ірге тасын қаламай тұрып, шатырын жабамын деген әурешілдікпен бірдей.
Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын зерттеу әр кез там-тұмдап жүзеге асып отырғанымен, сыншы, зерттеушілердің балалар әдебиеті жайлы жазған зерттеулері толық мәнінде талдау объектісіне айналмай жүр. Сол себепті қазақ балалар әдебиеті, оның ішінде балалар прозасы туралы сөз етудің өзі бұл тақырыптың өзектілігін танытады. Әсіресе қазіргі кездегі бүгінгі қазақ жазушыларының балалар әдебиетіне қаншалықты көңіл бөледі, осы әдебиеттің дамуы қай деңгейде, көркемдік жағы көңіл көншітерлік пе, балалардың, оқырмандардың көңілі толып жүр ме деген сауалдарға диплом жұмысымызды жазу барысында жауап іздеуіміздің маңызы зор.
Зерттеудің нысаны. Зерттеу барысында балалар прозасына арналған шығармалар және сыншылардың балалар әдебиеті туралы жазған ой-пікірлері зерттеу нысанына алынды.
Зерттеудің пәні. Тәуелсіздік жылдардағы балалар прозасы мен балалар әдебиетінің көкейкесті мәселелері зерттеу пәні ретінде алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті. Зерттеудің мақсаты жалпы қазақ балалар прозасын зерттеу арқылы оның ерекшеліктерін ашу, соның негізінде тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасынының ерекшеліктері мен қазіргі жай-күйін зерттеу. Диплом жұмысының мақсатына сәйкес мынадай міндеттер қойылды:
- қазақ балалар прозасынының зерттелуіне тоқталу;
- тәуелсіздік жылдардағы қазақ балалар прозасын сипаттау;
- ерекшеліктері мен елеулі шығармаларды атау;
- оларға әдеби талдау жасау.
Диплом жұмысының әдістері. Диплом жұмысының алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне байланысты зерттеу әдістері айқындалды. Диплом жұмысы барысында талдау, зерттеу, салыстыру, когнитивтік әдістер негізге алынды.
Диплом жұмысының дереккөздері. Диплом жұмысының негізгі нысаны тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасы болды. Сонымен қатар қазақ әдебиеті, фольклоры бойынша еңбектер, әр жылдардағы қазақ жазушыларының балалар прозасына арнап жазған туындылары мен жарық көрген кітаптары. Мысалы: Ы. Алтынсарин, Б. Ыбырайым, Қ. Ергөбек, Б. Соқпақбаев, С. Ерубаев, Ә. Толымбек, М. Қабанбай, Ж. Шәкенұлы, Б. Сарыбай, Ә. Жүсіп, тағы басқа еңбектер басшылыққа алынды.
Диплом жұмысының нәтижелері. Зерттеу жұмысы аясында жалпы қазақ балалар прозасының бастауы айқындалып, содан бергі тәуелсіздік жылдарына дейінгі қазақ балалар прозасы тарихына қысқаша шолу жасалды. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасы үлгілері таңдап алынып, оларға әдеби талдау жасалды. Соның негізінде тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасын зерттеудің іргетасы қаланды.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі мен мақсат-міндеттері, жұмыстың әдіс-тәсілі мен зерттеудің нысаны айтылды. Негізгі бөлімде балалар әдебиеті, оның жүріп өткен жолы, тәуелсіздік жылдары жазылып жүрген балалар прозасы, оның жәй-күйі, кемшілігі мен артықшылығы сөз болды. Қорытындыда зерттеу жұмысында талқыланған мәселелердің нүктесі қойылды.
1 БАЛАЛАР ПРОЗАСЫНЫҢ ДАМУ АРНАЛАРЫ
Қазақ балалар әдебиеті қазақ қоғамымен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан рухани іргелі сала. Балалар әдебиеті ертеректе еуропалық кейбір елдердегідей арнайы салаға жүйеленіп жазылмауы мүмкін. Бірақ, сол халық, сол ұлттың мол рухани қазынасына аралас жүреді. Аралас жүріп те балғын бөбек, бүлдіршін жасты сұлулыққа құштарландыратын, отансүйгіштік, ерлік рухына ұмтылдыратын тәрбиешілік қызметін жасай береді.
Қазақ әдебиеті күн санап өсіп, өркендеп келеді, соның ішінде балалар әдебиеті де шама-шарқынша ілгерілеп, алға жылжып келеді. Өкінішке орай, көп жағдайларда назардан тыс қала беретін саланың бірі - балалар әдебиеті екенін айта кету керек. Балалар әдебиетінің негізгі ерекшелігі - оның оқырмандарының жас ерекшелігінде. Балалардың қабылдау дәрежесін ересектермен салыстыруға мүлдем болмайды. Бұл туралы жазушы М. Пришвин айтып кеткен болатын: «Балалар әдебиеті - кішкентайлардың үлкен әдебиеті». Үлкендерге арналған том-том, қалың-қалың әдебиетті кішкентай оқырмандар оқи бермейтіні рас, өйткені олардың ойлау дағдысы өзгеше, жас ерекшелігіне қарай қабылдау мүмкіндігі де шектеулі. Осының бәрін ескере отырып балаларға арналған әдебиет жасау, жазу бүгінгі қоғамның ертеңін ойлау болып табылады. Сондықтан өркениетке жетемін деп алға ұмтылған халық әрқашан балаларға жағдай жасайды, ең алдымен балалар әдебиетін жасайды, жас балалардың рухани қазынасына көбірек көңіл бөледі.
Қазақ балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Ш. Ахметовтің пікірінше балалар әдебиетінің басты алты ерекшелігі бар.
«Біріншіден, балалардың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді.
Екіншіден, әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лириз болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де мағыналы бейнелер алынуы керек. Балаларды өмірдің жақсы болашағына қанаттандырып, шарықтатып отыру шарт.
Үшіншіден, балалар әдебиетінде оқиғаны және адам характерін суреттеу әдістерінің динамикасы ерекше болады. Психологияның дәлелдеуіне қарағанда, балалар алдымен оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкердер мен мінезінің әр жақты дамуына қызығады. Одан соң оның неден шыққан себептерін іздестіре бастайды.
Төртіншіден, балалар жаратылыстың көркем көріністерін, пейзажды шебер суреттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны өз айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түседі. Пейзаждық сурет - эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі. Ал, көркемдікке тәрбиелеу - баланың ақыл-есінің тез жетіліп, тез дамуына көмектесіп отырады. Эстетикалық тәрбие көркем өнердің барлық салаларында ұлы шеберлер жасаған аса құнды мұраларды балалардың терең түсінуін, сол шығармалардан рақаттанып рухани ләззат алуын көздейді.
Бесіншіден, балалар әдебиеті шығармаларының мазмұны, идеясы олардың белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын тануға себепкер болуға тиісті. Оларды еңбекке, ғылымға, әр қилы мамандыққа еліктіріп үлкен істерді орындауға дайындай білуі, соған әуестіндіруі керек.
Алтыншыдан, «сөз әдебиеттің негізгі материалы болып табылады. Біздің барлық әсерімізді, сезімімізді, ойымызды көркем түрге келтіретін - сол», - деген М. Горький. Әсіресе балалар әдебиетіне қойылатын талап та дәл осындай. Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл әрі көркем, қысқа да мейлінше көркем, қысқа да мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әрі әсерлі болуға тиісті. Балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден-бір құрал» [1, 10] .
Балалар әдебиетінің осы аталған ерекшеліктерін есте тұта отырып, қазақ балалар прозасы туралы өзіміздің ойымызды жеткізіп, оларды талдауда ерекшеліктерге мән беруге тырыстық. Қазақ әдебиеттануының тарихына қарап отырсақ, мол мұрамыздың зерттелмей қалып қойған саласы кемде-кем. Алайда, бірі жеріне жете зерттелсе, енді бір кейбір зерттеушілердің еңбектерінде тек аттары аталумен ғана қалып қойғандары бар. Қазақ балалар әдебиеті туралы да кең көлемді, кешенді зерттеулер бар деп айта алмаймыз. Иә, қазақ балалар поэзиясы жақсы зерттеліп келеді, жазылған монографиялар да баршылық. Дегенмен, қазақ балалар прозасы туралы айтар болсақ, мұнда зерттелмей жатқан тұстары кездеседі. Біздің диплом жұмысының өзектілігі де, маңыздылығы да осында болмақ.
«Әдебиеттің көп жағдайда назардан тыс қала беретін бір саласы - балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті - кішкентайлардың үлкен әдебиеті. Ересектерге арналған туындыны балалар оқи бермейді. Өйткені, ойлау машығы өзге, қабылдау мүмкіндігі шектеулі. Осындай жағдайда балаларға әдебиет жасамау - оларды көзге ілмеу, елемеу болып табылады. Бүгінгі балаларды елемеу - қоғамның ертеңін ескермеу. Адамзат баласының ертеңін елеп, ескермеуден асқан салғырттық болмайды. Сондықтан, өркениетке жетемін деген ел, өзін-өзі сыйлайтын халық балаларға жағдай жасайды, балалардың рухани қазына-байлығына ерекше зер салады» [2, 3] .
ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басына дейін қазақта балалар әдебиеті деген ұғым бола қойған жоқ. Оған қарап, қазақта балаларға арналған рухани қазына жасалмаған екен деп ойлауға болмайды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті, халық әдебиеті, ақын, жыраулар поэзиясы - тұнып тұрған балалар әдебиеті.
Халық ертегісі ішінде балалардың сүйіп оқитын, олардың жас ерекшеліктеріне тән мұралар сондай көп, халық ертегісі ғасырлар бойы балалардың ықыласын өзіне қызықтыра тартып, жас жанына әсер беріп, көңілін шаттық күлкіге бөлеп, қуантады. Халық ертегілерінің бай фантастикасы балалардың ойына қозғау салып, өмірдің неше алуан құпияларын танытады, сана-сезім, ақыл-ой қызметінің ерте дамуына, ерте қалыптасуына жәрдемдеседі. Бұл әрине қазақ балаларының бай қиялын дамытудағы ертегілердің маңызы зор екендігін айқындай түседі.
Қазақ балалар әдебиеті - қазақ әдебиетінің мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған саласы болып табылады. Оның қайнар көзі ауыз әдебиетінен бастау алады. Қазақ балалар әдебиетінің алғашқы жазба үлгілерін ХІХ ғасырда Ы. Алтынсарин жасады. Қазақ даласында алғашқы болып мектеп ашқан ол, мектепке қажет оқулық жазуды ең басты міндет деп санады. Сол себептен де балаларды оқытуды қазақ тілінде оқулық жазудан бастау керек деп шешті. Соның негізінде қазақ балалар жазба әдебиетінің негізі қалыптасты. Ы. Алтынсарин балаларды өнер-білімге тәрбиелейтін, этикалық, эстетикалық тәрбие беретін, еңбекке баулитын өлеңдер мен әңгімелер жазды. Сондай-ақ, қазақ фольклорынан балалардың тіліне, ұғымына жеңіл шығармаларды іріктеп, орыс балалар әдебиетінен қысқа да қызықты әңгімелер, мысалдар аударып, құрастырды, ана тілінде жазылған алғашқы оқулық («Киргизская хрестоматия», 1879) бастырып шығарды. Сөйтіп, бала ойына қонымды, тіліне лайықты, қызықты әңгімелері мен ойнақы өлеңдері арқылы педагог-жазушы қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады.
Ыбырай Алтынсарин - алғашқы педагог, ағартушы ғалым, ақындығымен қатар ол жазушы да еді. Өзі құрастырған хрестоматияға енген туындылардың ішінде өзі жазған өлеңдерімен қатар әңгімелері, мысалдары да болды. Балаларға арнап жазған шығармаларында қазақ халқын оқуға, өсіп жетілуге, адами құндылықтарға ие болуға, үлгілі, өнегелі болуға шықырды. «Өнер-білім бар жұрттар», «Кел, балалар оқылық!» сынды өлеңдерінен бұл мақсаты айқын көрініп тұрады. Қазақ балалар әдебиетінің алғашқы туындылары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Ы. Алтынсариннің шығармаларының барлығы дерлік қысқа, әрі мазмұнды, әрі көркем, балалардың жас ерекшеліктері мен білімдеріне сәйкес түсінуге жеңіл, тәрбиелік жағынан шебер құрылған шығармалар болды. Жастарды өнер-білімге, оқуға шақырумен қатар Ы. Алтынсарин шығармаларында қолөнер кәсіптерімен айналысудың артықшылықтарын, адам баласының қандай істе де сабырлы, салмақты, ұстамды болуға шақырды. Автордың «Киіз үй мен ағаш үй», «Қыпшақ Сейітқұл» деген ықшам жазылған қысқа әңгімелері осы сарындас болып келеді.
Ы. Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» деген еңбегінің алғы сөзінде мынадай пікірін білдіреді: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ және қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім; екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болу жағын көздедім» [3, 7] .
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңдерінде қазақ балаларын оқуға, өнерге үндеді. Осы тұста Махамбет Өтемісұлының да шығармашылығын айта кетуге болады. Оның өлеңдері жастарды, ұландарды ерлікке, ел үшін жан аямай шайқасуға, батырлыққа тәрбиеледі. «Жәңгір ханға айтқаны» дейтін өлеңі арқылы адал болуды, әділ болуды, шындықты бүкпей айтуды үйретеді. Ел үшін ереуіл атқа ер салатын, егеулі найза қолға алатын азамат болуды насихаттайды. Дегенмен, біздің диплом жұмысымыздың тақырыбы, проза болғандықтан біз бұл жайында толығырақ тоқталмаймыз.
ХІХ ғасыр қазақ әдебиеттануы үшін маңызды кезең болды. Олай дейтін себебіміз осы кезеңде қазақтың жазба әдебиетінің негізі қаланған болатын. Соған сәйкес осы кезеңде әдебиеттің әр жанрлары да дамып отырды. Ол туралы қазақ балалар әдебиетін зерттеуші Ш. Ахметов мынадай пікір білдірген болатын. «Халықтық шығармалардағы балалар әдебиетінің өсіп жетілуімен қатар, ХІХ ғасырдың жазушылары да балалар әдебиетінің өркендеуіне ат салысып, жетекші роль атқарды», «ХІХ ғасырдан бастап-ақ қазақ балалар жазба әдебиеті өзінің тұрақты педагогикалық көзқарасы анықталған және түрлі жанрларда жазылған әдебиет болып қалыптасты» [1, 80] .
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап балаларға арналған жаңа типті орыс-қазақ мектептерінде оқытылатын «Букварь» (1982), «Әліппе», «Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (1876), «Қазақ хрестоматиясы» (1879) шыға бастады. Мұның өзі жаңа типтің орыс-қазақ мектептерінің ашылуына байланысты туған игілік еді. Бұл мәліметті біз балалар әдебиетін зерттеуші Ш. Ахметовтің кітабынан алып отырмыз.
Қазақ балаларына арналған оқулықтар мен өлеңдер жинақтары 20 ғасырдың басында көбейе бастады. А. Крыловтың қырық мысал өлеңін аударып, 1910 жылы «Үлгілі тәржіма» атты кітап шығарған педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің де қазақ балалар әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі мол. «Үлгілі тәржіма» арқылы жас ұрпақты өнер-білімге, әділеттілікке, адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат етеді, мінез-құлықты түзетудің көзі етіп пайдаланады. Озбырлық еткен үстем таптың қиянатын, пасықтығын әшкерелеудің құралы етеді. 1912 жылы «Үлгілі бала» оқулығын шығарады. «Үлгілі бала» хрестоматиясында Крыловтан аударылған мысалдар, қазақ тұрмысына лайықтап өзгерістер енгізілген орыс классиктерінің балаларға арнап жазған қысқа әңгімелері, ауыз әдебиетінен балаларға үлгі боларлығын пайдаланған. Сонымен бірге, бұл кітапта табиғат туралы, оның әр алуан құбылыстары жайлы, география, өсімдік, жануарлар туралы мағлұматтар беретін қысқы әңгімелер мен мысалдар енген. Әрбір әңгіменің соңында сұрақтар қойылған.
С. Көбеевтің әңгімелері ауылдағы бұрынғы мектеп өмірі мен бүгінгі ауыл жайлы толық таныстырады. Ол кезде мектеп салудың қаншалық ауыр екені, салынған мектеп болса, онда тек үстем таптың балалары ғана оқу керек деген теріс қағидаларға қарсы болған сол кезде қазақ арасынан бірен-саран шыға бастаған интеллигенттердің қарсы күрес жүргізгені баяндалған. Бар өмірін халық ағарту жұмысына сарп еткен, қазақтың жаңа типті ұлт мектептері үшін оқулықтар жазған, бала тәрбиелеу, оқыту саласында үздік көзге түскен мұғалімнің әдеби мұралары балалар әдебиеті тарихынан биік орын алады.
Қазақ балалар әдебиетінің Қазан төңкерісіне дейінгі белгілі үлгілері қатарында М. Кәшімовтің «Әдеп» (1907), «Ақыл» (1908) атты жинақтарын, М. Нұрбаевтың «Көргенді бала - үлгілі ана» (1908), Ғ. Мәжитовтың «Қазақ шәкірттеріне ақыл» (1910), М. Дибердиевтің «Қазақ балаларына қирағат кітабы» (1910) кітаптарын, сондай-ақ, Т. Жомартбаевтың «Балаларға жеміс» (1912) атты өлеңдер жинағын атауға болады. Ақын С. Торайғыров балаларға арнап өз кезіндегі өзекті мәселелерді өрнектеген өлеңдер жазды («Шәкірт ойы», «Оқып жүрген жастарға», «Бір балуанға») .
Өлең кестесінің шебер өрнекшісі, құлақ құршын қандыратын ділмар әңгімеші, оқиға тартысын қиыннан қиюластыра білген үлкен драмматург Бейімбет Майлиннің «Ленин мектебі» әңгімесі шағын болса да адам жүрегін тебірентерлік үлкен ойға құрылған - кәрінің де, жастың да босаңсыған белдерін бекітіп, үлкен іске жұмылдырып, қажырлы қайратқа бастайтын рух тудырады. Мұның өзі жас өспірімдерді коммунистік рухта тәрбиелеуге халық күшіне сүйенген ең бір тамаша идеяны байқатады. Балаларға арналып, саяси тақырыптарға жазылған бұл сияқты шығармалар Бейімбетте аз болғанымен жас өспірімдерді коммунистік рухта тәрбиелеуде ерекше роль атқарады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz