Қадыр Мырза Әлі


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы Қадыр Мырза Әлі- әдебиетімізде ең әуелі прозалық туындыларымен емес, бұлты жоқ күнде жарқ еткен найзағайдың жарығындай батыл да жарық, қуатты, әсерлі де әсем, мәнді де мазмұнды ұлы өлеңдерімен, поэмаларымен мәшһүр болған автор. Ол қазақ поэзиясына жаңа тақырыптар мен идеялар, мінездер ғана алып келген жоқ, сондай-ақ оны интеллектуалдық тұрғыдан да байытты, оның поэтикалық өрісін кеңейтті, сөйтіп қазақ поэзиясының биік белеске көтерілуіне ат салысты. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әли шығармашылығы сан алуан, сан қырлы. Ол ақындығымен қатар прозаның естелік-эссе, мысал әңгіме, әдеби сын, көркем аударма, публицистика салаларының барлығында дерлік қалам тартқан сөз зергері. Қадыр Мырза Әлі прозасын жүйелі түрде талдау арқылы, сыншылдық, жазушылық қырларының поэтикалық қуатын айқындау, сондай-ақ көркем туындыларының идеялық-көркемдік құндылықтарын, оның қолтаңбасын саралау - бүгінгі күн талабына жатады.
Қадыр Мырза Әлінің көл-көсір қазынасы бір еңбектің еншісі емес екені екінің біріне белгілі, аудармашылық, драматургтік, сыншылық қырларының өзі жеке-жеке зерттеуді қажет етсе, оның прозалық шығармалары бір төбе.
Қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдар ішінде жазылған шағын прозалық шығармаларды, оның ішінде жанр жағынан толыққанды қалыптаса қоймаса да, өз ерекшелігімен пайда бола бастаған естелік-эссе немесе шағын әңгіме жанрлары туралы сөз қозғағанда осы Қадыр Мырза Әли шығармашылығына, оның дәл осы жанрларды тудыруда еткен еңбегіне соқпай өтуге болмайды.
Сондықтан XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың алғашқы жылдары жазылып жарық көрген шағын прозалық шығармалардың табиғатын, олардың дамуын, көркемдік ізденіс жолын жүйелі түрде тану үшін Қадыр Мырза Әли прозасының жан-жақты қарастырылуы өте қажет. Қаламгердің шығармашылық лабораториясына зер салу - оның замана шындығын қандай деңгейде көрсете алғандығын, сол жолдағы шеберлігін сараптауға жетелейді. Бұл қадам әдебиетіміздегі жаңаша жанрдың негізгі көркемдік ұстанымдарын белгілі бір дәрежеде нақ айқындауға да мүмкіндік береді. Көтеріліп отырған тақырып әдебиеттану ғылымы үшін осы жағынан да құнды болып табылады деп есептейміз.
Жазушының проза саласындағы белестерінің бірі - бүгінгі әдебиет оқырмандары мойындаған «Иірім» [1], «Жазмыш» [2] естелік-эссе кітаптары. Бұл еркін табиғатты туындылар оқырман қауымының назарын, ең әуелі, қоғам шындығын тайсалмай ашып беруімен аударса, екіншіден отты өлеңдерімен атағы жер жарған ұлы ақынның осындай прозалық шығармаларды да шебер жазуымен, жазушылық қырын тағы да паш етуімен елдің көңілін біршама серпілтті.
Әр кезде айтылып, жазылған әдебиетке қатысты сын пікірлер, сөздері, мақалалары енген «Сөз сиқыры» [3] әдеби-сын кітабы - Қадырдың жай ақын емес, сыншы ақын екендігін дәлелдейтін жинақ.
Ал ақынның «Ғибратнаме» [4] атты шағын мысал әңгімелер жинағы көркемдік ерекшелігі, жазушының сөз саптауы мен кейіпкерді бейнелеу тәсілі эстетикалық тұрғыдан қазақ әдебиетіндегі ерекше жүк көтеріп тұрған шығармалардың бірі болмағанымен, оның қара сөзге ден қойғанын аңғартатын дүние. Бұл мысал әңгімелері алғаш баспасөз беттерінде шығып, кейін осы «Ғибратнаме» атымен жарияланды. «Ғибратнаме» шағын болса да, шымыр, уақыт табы айқын бейнеленген. Мысал әңгімелердің әр қайсысының идеясы ширақ, оқиғасы тартымды. Жинақ жалаң үгіт, насихатқа еш мойын бұрмаған, шағын жанрдың нағыз көркем үлгісін көрсететін шығарма.
Қадыр Мырза Әли өзінің жазушы ретіндегі суреткерлік шеберлігін осы жалпы көлемі үш кітап қана болатын аталмыш естелік-эссе, мысал әңгімелерімен-ақ көрсете білді.
Қадыр Мырза Әли - публицистикада да өзіндік ерекшелігі бар қаламгер. Публицистка жанрының табиғаты тақырыпты терең зерттеп, деректер мен түрлі оқиғаларға қатысты, ойлы қорытындылар шығаруды талап ететін болса, Қадыр әсерлі де бай, бейнелі тілі арқылы өз оқырманына ой салып, қоғамдағы құбылыстың ара-жігін ажыратып, дәл және нақты ой-пікірін білдіре алға қаламгер.
Бұған дәлел, «Жазмыш», «Иірім» кітаптарына енген «Жиырмасыншы ғасыр бізге не қалдырды?», «Халің қалай, қайран орта - табиғат?», «Хайуанаттар және хайуандық», «Ұлт: Тіл және діл», «Жаман әдет жұқпалы», «Біреуі - өлген, біреуі - әлі тумаған», «Мәңгіру және мәңгүрттену», «Алтын ақшаның да екі беті бар», «Өркениеттің іргетасы мен күмбезі», «Ыстығы басылған, суып кетпесек болғаны», «37 жылдың ойраны», «Кісілік» атты публицистикалық-эссе мақалалары. Мақала-зерттеулерді автор публицистика тілімен шебер сөйлеткен.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Жұмыстың негізгі нысанасы етіп алынып отырған Қадыр Мырза Әлидің прозалық шығармаларының, оның ішінде естелік-эсселерінің табиғатын, жалпы қарастырылып отырған туындының жанрының да табиғатын таразылап, саралау - сол шығармалар дүниеге келген кездегі әдеби процестің табиғатын түсінуге жол ашар игі қарекет. Жаңаша ізденістер мен рухани тың серпіліске толы сол жылдар прозамызға ерекше суреттер мен шынайы образдарды көптеп әкелді. Оқырман талғамына, танымына лайық, олар үшін қызық әсерлі оқылатын жанрлар пайда болды. Оларды мұқият талқылап-таразыламайынша, эссе, әсіресе естелік-эссе жанрларының тарихына үңілудің өзі мүмкін емес. Салыстырмалы түрде қарасақ, естелік-эссе жанрының жемісті кезеңі - өткен ғасырдың екінші жартысынан бері қарайғы уақыт секілді. Өйткені, дәл сол кезеңде З. Қабдоловтың атақты «Менің Әуезовым» [5], Құлбек Ергөбектің «Баянғұмыр» [6], Әбділда Тәжібаевтың «Естеліктер» [7], «Есімдегілер» [8], профессор Бейсембай Кенжебаевтың «Замандастарым», жазушы Жүсіпбек Арыстановтың «Естен кетпес есімдер» [9] секілді толымды, толғақты естелік-портреттері жарық көрді. Ал одан кейінгі кезеңде аталған еңбектер қатарын Қадырдың «Жазмышы» мен «Иірімі» толықтырды.
«Жазмыш» та, «Иірім» де Қадыр Мырза Әлидің өмірден көрген- білгені мен түйгендерінің жинақталған топтамасы. Бұл - автор өмір сүрген орта мен қоғамның тарихи шындығының көрінісі. Ол орта қарапайым адамдардың құрамасы немесе тобы емес, әдебиетте орны бар, халыққа белгілі, елге елеулі тұлғалар мен үлкен азаматтардың ортасы. Қала берсе, Қадырды Қадыр еткен орта. Сондықтан да ондай адамдар жөніндегі естеліктер мен ойлар бір шығарма тудыратындай құнды деректер мен қызықты дәлелдерге толы болатыны сөзсіз. Шығармаларға арқау болған оқиғалар кейінгі ұрпаққа да әдебиет әлеміндегі бір тұңғиық шындықтың көзіндей болып қызмет ететіні де даусыз. Өйткені, бұл шығармалардың кейіпкерлері - жазушы қиялынан туған көркем бейнелер емес, өмірде болған адамдар, оқиғалары әсерін арттыру мақсатында қиыннан қиыстырылып қойылған көркем қимылдар емес, сол өмірде болған адамдардың адамдық әрекеттері мен өмір сүру жолдары.
Зерттеу жұмысының нысаны . Қадыр Мырза Әлидің прозалық туындылары, оның ішінде «Жазмыш», «Иірім»естелік-эсселері. Олардағы ойшылдық таным негіздерінің көрініс табуы.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қадыр Мырза Әлидіңесімі әдебиетімізде, негізінен, оның отты өлеңдерімен белгілі екенін жоғарыда айттық. Сондықтан да авторға қатысты зерттеулердің басым көпшілігі оның ақындығына арналған. Ал Қадырдың прозасы жөнінде тек баспасөз беттерінде, әдеби жинақтарда жазылған замандастарының, оқырманының пікірі, бағасы, шағын зерттеуі, толғаныс ойлары, қала берсе сыны болмаса, нақты толық зерттеу еңбегі жарық көрген жоқ.
Ақын шығармашылығынан қорғалған Ш. Жанаеваның «1960 - 80 ж. қазақ балалар поэзиясы және Қадыр Мырза Әли шығармашылығы» [10] деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясы, С. Нұрахметовтың «Қадыр Мырзалиевтің ақындық шеберлігі» [11] деп аталатын диссертациялық жұмыстары бар.
Зерттеудің негізгі нысаны Қадыр Мырза Әлидің естелік-эсселері болғандықтан жұмысымызда аталмыш жанрдың табиғаты туралы зерттеу еңбектерді де қарастырдық. М. Сыдықназаровтың «Қазіргі прозадағы эссе жанрының дәстүрі» [12] атты зерттеу жұмысы эссе жанрының қыр-сырын ашуға көмегін тигізді. Эссемен туыстас жанр ретінде шағын прозаның ішінде күнделік, очерк, мемуар, хатқа қатысты еңбектерден Құлбек Ергөбектің «Баянғұмыр» [6] монографиялық еңбегі бар.
Қ. Мырза Әлидің «Жазмыш», «Иірім» эссе-повестерін жүйелі зерттеу кезінде жазушы эссеистикасының эволюциясы, идеялық, сезімділік, философиялық, стилистикалық, лексикалық-семантикалық ерекшеліктері анықталды. Идеялық-тақырыптық тұрғыдағы, көркемдік құрылымы деңгейіндегі, композициялық суреттеу формаларында қазіргі қазақ прозасында жаңа құрылымдық, мазмұндық элементтер пайда болуы көрсетіледі.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты Қадыр Мырза Әлидің естелік-эсселерінің жалпы әдеби процестегі алатын орнын, идеялық, эстетикалық ізденістерін, суреткерлік шеберлігін, қазақ әдебиетінде естелік-эссе жанрының дамуындағы үлесін салмақтау. Сонымен бірге, ақынның шығармашылығында жанр дәстүрінің қандай орын алатынын және қалай үндесетіндігін айқындауды да мақсат етіп ала отырып, өзімізге мына төмендегідей міндеттер қойдық:
- Қадыр Мырза Әлидің сыншылық, публицистикалық қырына тоқталып өту;
- естелік-эссе жанрының әдебиетімізде даму деңгейіне, идеялық-көркемдік ізденістеріне шолу жасау;
- Қ. Мырза Әли естелік-эсселерінің қайнар көзі мен проблематикасына жүйелі талдау жасау, ақын эссеистикасы материалдарының жанрлық дәстүрін зерттеу;
- жазушының ұлттық көркем ой жүйесін дамытудағы өзіндік ізденісін айқындау, шығармаларының ұлттық-көркемдік дәстүрге қосқан үлесін талдау;
- шығармаларға бүгінгі күн тұрғысынан талдау жасай отырып, олардың қазақ прозасында алар орнын анықтау, әдеби процестегі маңызын көрсету;
- естелік-эссенің прозаның басқа жанрларымен типологиялық ұқсастығы мен айырмашылығын көрсету;
- шығармаларының эстетикалық ерекшелігін мазмұн мен түрдің диалектикалық бірлігінде қарастыра отырып, жазушы шеберлігінің сырын ашу;
- ақынның естелік-эссесінің деректілік, күнделіктілік, өмірбаяндық, мемуарлық, публицистикалық ерекшеліктерін атап көрсету;
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қадыр Мырза Әлидің ақындық қыры әдебиеттану ғылымында бірнеше зерттеу диссертацияларының нысаны болғаны мәлім. Ал автордың эссе-естеліктері де, сыни-публицистикалық мақалалары да қазіргі таңда белгілі бір әдебиет зерттеушісінің зерттеу жұмысының негізгі нысаны ретінде қарастырылып, зерттелген емес. Автордың прозасына тән ерекшеліктерді барымызша нақтылы талдаулар негізінде көрсетуге тырыстық. Қадыр Мырза Әлидің әдеби-шығармашылық дәстүрді дамытушылығымен қатар, жаңғыртушылық, өркендетушілік шеберліктері ашылады. Оның эсселерін пайымдауда оларға бүгінгі күн тұрғысынан баға беріледі, суреткерлік танымы, жазушылық, шығармашылық ерекшеліктері айқындалады.
Автор қолданған жанрдың, яғниестелік-эссенің пайда болуы мен дамуы, оның табиғатына, поэтикасына талдау жасалынады. Осы жағдай қазақ эссеистикасының қазіргі жағдайын, оның келешектегі дамуына обьективті түрде мінездеме жасауға ықпал береді. Естелік-эссе жанрының басқа жанрлармен ұқсастығы мен ерекшелігі анықталады.
Зерттеудің ғылыми-теориялық және практикалық мәні. Жұмыста қолданылып, талданған материалдардың теориялық қорытындылары мен тұжырымдарын Қадыр Мырза Әлидің және де басқа ақын-жазушылардың шығармаларын зерттеуде, қазақ әдебиеті курсын жасауда, әдебиет сыны, қазіргі қазақ прозасының жанрлық дамуы, стильдік ерекшелігін айқындауда, ақын шығармашылығына қатысты арнайы курстарды оқыту барысы мен оқу құралдарын жазу барысында пайдалануға болады.
Зерттеу әдістері. Салыстырмалы - типологиялық және мазмұндық құрылымдық жүйелі талдау. Алдымызға қойған мақсатты шешу үшін, біз біртұтастық талдау мен проблемалық интертекстуалдық әдістерді, теоретикалық типологиялық принциптерін пайдаландық.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І МЫРЗА ӘЛІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАБИҒАТЫ
1. 2 ҚАДЫР - СЫНШЫ ПУБЛИЦИСТ
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі Қадыр Мырза Әли ұлттық сөз өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан қаламгер. Ол өзін өмірге әкелген көркем шығармалармен, бірге әдебиет жайлы, қарымды қаламгерлер туындыгерлігі турасында толымды ойлар тербеген автор. Жазушы өзі өмір сүрген қоғамның көзі, құлағы, тынысы десек, Қадыр да өз кезегіндегі әдеби процестің барлық саласына дерлік араласып, парасатты пікірлер білдіріп отырған. Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. ХХ ғасырдың ұлы жазушылары А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов сынды қаламгерлер сол кездегі әдебиет майданына белсенді араласып, әдеби сын саласында да елеулі еңбектер қалдырған. Өйткені, шын азамат жазушы өзі өмір сүріп отырған ортада болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайды. Азаматтықты, әділдікті, білімдарлық пен нәзік талғамды, күрескерлікті бір адамның бойында болуын қажет ететін әдеби қатар атқару оңай іс емес. Мұндай істер өзінің ұлтын, әдебиетін, мәдениетін жан-тәнімен сүйетін, соған өмірін арнаған нағыз ұлтжанды қайраткерлердің ғана қолынан келеді.
Әдебиет адамзаттың мәңгілік рухани қозғалысы. Сол мәңгілік рухани қозғалысты мәңгілік жалғастырушы таланттар мен таланттар тудырған дүниелер болатындығы даусыз.
Әдебиет айдынына имене кіріп, еркін жүзген, шыңына шыққан кемел талант - Қадыр Мырза Әли. Оның «Көктем» [13] атты алғашқы жинағы 1959 жылы жарық көрсе, одан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы үздіксіз шығармашылық жолында сан-салада қалам тербеген таланттың негізгі тұғыры - ұлы шайыр ақын екендігі. Бірақ шын талант бір салада шектелмесе керек. Қадырдың жарты ғасырға жуық толассыз шығармашылығында ол - ақын, ол- жазушы, ол -аудармашы, ол -қоғам қайраткері, ол -әдеби процеске қатысты жанашырлық танытқан әдебиет сыншысы. Біз бұл бөлімде әдебиет сыншысы, публицист Қадыр Мырза Әлидің өмір шындығын бүкпесіз айта алатын батыл ойларға толы эссе жазуына себепкер болған, жол ашқан оның сыншылық қасиеті екендігін ескере отырып, жалпы прозасына тоқталмақпыз.
Жалпы әдебиет сыны дегеніміз не деген сауалға келетін болсақ, әдеби сын әдеби процестің бағыт-бағдарын анықтауға мүмкіндік жасауы тиіс. Ол сөз өнерінің бүгінгі таңдағы даму жолын анықтауға ат салысады. Әдеби шығармаларға пайымдау жасап, түйінді пікірлер айтады.
Сол әдеби сын жанрында әдеби туынды хақында кімнің пікір білдіріп отырғандығына, жазылу мәнеріне орай жазушы сыны, сыншы сыны, оқырман сыны деп үшке бөлу қарастырылған [14, 55] .
Біз қозғап отырған тақырыпқа қатысты жазушы сыны басқа түрлерден тілінің көркемдігімен, ойының бейнелілігімен ерекшеленеді. өз ойларын ғылыми талдауларға емес, жазушылық, қаламгерлік тәжірибесіне сүйене отырып, алған әсер ретінде білдіріледі [14, 57] .
Қоғамдық ой-пікір мен әдеби сынның тарихында айтулы қаламгерлердің әдеби процесс жайлы, жеке жазушылар мен туындылар туралы ойлары елеулі орын алады. Олар әдебиеттің қоғамдық қызметі мен өмірімен байланысты мәселелерін көбіне өз тәжірибесі арқылы пайымдайды, көркем шығармаларында көтерген үлкен ойларын күнделікті сыншылдық көзқарасымен де бекіте түседі. Сондықтан да үлкен суреткерлер қашан да сыншылдық ой-пікірдің басында болған. Мәселен, қазақ әдебиетінің тарихында көз жіберсек, С. Сейфуллин, Ж. Аймуытов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Шаймерденов, Ғ. Қайырбеков, Т. Әлімқұлов, Ә. Кекілбаев, С. Сейітов, А. Сүлейменов, С. Әшімбаев, Т. Тоқбергенов т. б. әдебиет сыны саласында елеулі үлес қосқаны тарихтан белгілі. Осы қатарда өзінің сыншылдық ой-пікірлерімен бүгінгі әдеби процеске елеулі ықпал еткен қадірлі қаламгеріміз - Қадыр Мырза Әли. Мұны жазушының «Сөз сиқыры» атты кітабы айқын танытады.
Қадыр Мырза Әли де көптеген замандастары сияқты өзінің әріптестері мен өзінен кейінгі жас ақын-жазушылар шығармашылығы турасындағы пікір білдіріп келді. Көп жылдардан бері түйгенін жинақтаған «Сөз сиқыры» (1982) кітабынан бастап, кейінгі жылдары жазылып, кітапқа енбеген сын пікір, ой талқылары Қадырды өз көзқарасы, бағыт-бағдары бар сыншы қаламгер екенін танытты. Қадыр Мырза Әлидің сыншылық шығармашылығына тоқталсақ, оның әдеби сын сапарының төрт саласын көреміз. 1. Қазіргі әдебиеттің жай-күйі, әсіресе, поэзия жайындағы, тұтас қаламгер, кейінгі толқын шығармашылығы турасындағы әдеби-сын мақалалары; 2. Талант, оны дамыту заңдылығы туралы ой-толғаныстар мен ғақлиялық түйіндері; 3. Қазақ балалар әдебиеті, оның өзіндік ерекшеліктері, жекелеген өкілдерінің творчествосы зерделенген ғылыми мақалалары; 4. Алыс шетел, түркі халықтарының өкілдерінің шығармашылығын сипаттайтын әдеби-сын мақалалары.
Қадыр Мырза Әли жоғарыда аталған сан-салалы ойларын 1982 ж. «Сөз сиқыры» кітабына жүйелеп жарыққа шығарды. Бұл кітаптың шыққанына да біраз жыл болды. Ол «Сөз сиқыры» әдеби-сын кітабымен шектелмей, үздіксіз қозғалыстағы мәңгілік әдеби процеске ат салысып, толассыз қалам тербеп келді. Бұған оның кейінгі жылдары газет-журналдарда жазған Әлібек Асқаровтың «Социализм әңгімелері», Қали Сәрсенбайдың «Өнер өмір» кітаптары хақындағы сыни пікірлерімен, әдебиет, өнер, тіл туралы ой-толғам эсселерін атауға болады.
Қадырдың әдеби-сын пікірлерінің басым бөлігі жеке қаламгерлер шығармашылығы туралы ой қозғайтын мақалалары. Бұларда қазақ поэзиясының өзі тұстас ақындардың шығармашылығынан бастап, кейінгі толқын өкілдерінің ақындық өнер жолындағы ізденістері, жетістіктері, кейбір шалыс тұстары сипатталады. Ж. Молдағалиев, Қ. Бекхожин, Е. Ибрахим, Ө. Нұрғалиев, А. Нысаналин, Т. Медетбеков, Е. Зікібаев, О. Асқар, Р. Ниязбеков, Ж. Қыдыров, Ж. Набиуллин, т. б. көптеген қаламгерлердің шығармашылығы әдебиет сыншысының өзіндік субьективті көзқарасы тұрғысынан талданады. Бұл ретте академик, ғалым С. Қирабаев: «Әрине Қадыр айтқанының бәрі заң, бәрі өнеге, бәрі үлгі деп ұғу қиын. Оның шектен тыс ақылгөйсіп кететін жерлері де жоқ емес. Жеке шығармалар жөнінде автордың субьективті пікірі болу да ықтимал. Дегенмен, ақынның әдебиеттік ой-пікірлері өнер жолын қуған кейінгі жастар үшін, әдебиет сүйгіш қауым үшін ақындықтың қиындығы мен бейнеті мол, жауапкершілігі биік жолы жайында сыр шертеді. Кітап осынысымен бағалы», -деп «Сөз сиқыры» туралы ойын білдірсе» [15, 146], енді бірде, жалпы әдебиетке сол өнерді тудырушы талантардың пікір білдіріп отыруы өте құптарлық іс деп, былайша ой сабақтайды: Біздің әдебиеттік ой-пікіріміздің дамуына қазақ ақын -жазушыларының өздері де белсенді қатысып келеді. Олардың пікірлерінің біз үшін аса бағалы жағы - әдебиет туралы ойларды өз тәжірибесіне сүйене айтуы мен жазушы лабораториясымен таныстыра отыруында. Сондықтан жазушылардың әдебиет жайлы ойлары көбіне шеберлік жағын, өмірмен байланысты артыру мәселесін қозғайды. Әдебиет туралы сын-мақалаларын бастырған Ғ. Мүсірепов, С. Шәймерденов, Ғ. Қайырбеков, Қ. Мырзалиев кітаптары мен газет-журнал беттерінде жарияланған Ә. Тәжібаевтың, Х. Ерғалиевтің, Т. Әлімқұловтың, Ә. Кекілбаевтің т. б. ойлы пікірлері біздің әдебиеттік сынымызға қосылатын бағалы үлес деп санау керек» [15, 176] . Жоғарыда аталған ғалымның пікірінен сын мен жазушының сынының өзіндік ерекшеліктерін аңғаруға болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz