Қазіргі айтыс ақындарының сөз қолданымы


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРЫНЫ
ФИЛОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІ
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: ҚАЗІРГІ АЙТЫС АҚЫНДАРЫНЫҢ СӨЗ ҚОЛДАНЫМЫ
Мазмұны
Кіріспе
1 АЙТЫС ӨЛЕҢДЕРІНЕ ТІЛДІК СИПАТТАМА
1. 1 Ақындар сөздеріндегі араб, парсы сөздері
1. 2 Орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздердің қолданылуы
1. 3 Стильдік мақсатта қолданылатын қарапайым сөздер мен тұрпайы мәндегі фразеологизмдер
1. 4 Айтыс өлеңдеріндегі диалект сөздер
1. 5 Көнерген сөздердің жұмсалуы
1. 6 Айтыс өлеңдеріндегі инверсия мен эллипсис
1. 7 Айтыс өлеңдерінің құрылысы
2 АЙТЫС АҚЫНДАРЫ ТІЛІНДЕГІ КӨРКЕМДІК ТӘСІЛДЕР
2. 1 Теңеу
2. 2 Эпитет
2. 3 Метафора
2. 4 Метонимия
2. 5 Кейіптеу
2. 6 Символ
2. 7 Айтыс өлеңдеріндегі сатира
3 АЙТЫС ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАР
3. 1 Фразеологиялық тіркестердің қолданылуы
3. 2 Мақал - мәтелдердің айтыс ақындары тілінде берілуі
3. 3 Айтыс өлеңдеріндегі нақыл, қанатты сөздер
3. 4 Шешендік сөздердің қолданылуы
ҚОРЫТЫНДЫ
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Айтыс - «айт» етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда, «айтыс» екі кісінің сөйлесуі. Бұл сөйлесу - қазақ арасында көп ұшырасады. «Айтыс» кейде «талас» мағынасында ұғылып, біреу мен біреу таласса, жанжалдасса «пәленше мен түгенше айтысып қалыпты» деп те айтады.
Айтыстың мағынасы осындай кең болғанымен, «айтыс» ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы - өлеңмен айтысу. Қазақ тілінің сөздігінде айтысқа мынадай анықтама берілген: Айтыс - бірінші мағынасы - зат есім, суырып салма ақындардың ауызша өлең түріндегі сөз жарысы, екінші мағынасы - етістік, яғни ортақ етіс, өлеңмен сөз жарысына түсу, сайысу.
Ежелден «өнер алды - қызыл тіл» деп сөз өнерін аса жоғары бағалаған халық айшықты сөз бедері мол ақындар айтысына ерекше мән беріп, ұрпақтан - ұрпаққа жалғастырып отырған. Айтыскер ақындар сөз сайысы кезінде қарсыласының ұрымтал жерін аңдып, жеңіске жетудің жолын іздеп, бұлтартпайтын дәлелдермен тұсап, тұқыртып, жалтаруға ерік бермей, жырмен желкесін қиып, дауласуға келтірмейтіндей ғып сөзбен жығады. Ақындардың жеңілуі сөз таба алмай қалғандықтан емес, бәрі де орынды уәжге, жүйелі сөзге тоқтап, дау сөздің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Шаршы топта сөз додасына түскен ақындардың айтысына әділ төрелік айтушы да көпшілік, сөз құдіретін түсінетін би, шешендер болған. Сондай-ақ, айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның бірде-бір ақын аталатын өнер мектебі саналып келген. Қазіргі ақындар айтысы күні кешегідей «халықты коммунизм рухында тәрбиелеу, осы жөніндегі жақсылығын мадақтап, кемшілігін» сынау емес, яғни үгіт - насихат, өзара сын құралы емес, ой мен сөздің жарасымы, адам бойындағы таланттың көрінісі, білім - танымның бір бұлағы тәрізді. Айтыс дегеніміз - әсерлі сөз (поэтикалық тіл) бен әсем саздың жарасымы болғандықтан, қазақ үшін бұл екеуі де жанына жылы, сезіміне әсерлі дүниелер. Сонау алыс бабалар заманынан бері келе жатқан айтыс дәстүрі - өлеңмен (поэзиялық), үнмен, сазбен (музыкалық), отырыс - тұрысы, көрік - көркемдігімен (театрлық) келген синкреттік құбылыс, ол, зертеушілердің сөзіне қарағанда, біздің кезімізде санаулы-ақ халықтарда сақталып келе жатқан дәстүр екен. Айтыстағы жеңістің негізгі шарты - ақындардың поэтикалық дарыны, сөз көркемдігі болып есептеледі. Әрине, айтыста импровизация (суырып салмалық), ой қисыны (логика) мен дәлелінің күштілігі анық байқалуы тиіс.
Тақырыптың өзектілігі. Айтыс, соның ішінде қазіргі айтыс әдеби тұрғыда жан - жақты зерттелгенімен, тілдік ерекшеліктері тұрғысынан ішінара болмаса, толыққанды түрде зерттелмей келеді. Тіл білімі саласында үзік - үзік ойлар айтылғаны болмаса, тікелей әрі жан - жақты ой қозғап, қалам тербеген ғалымдардың қарасы өте аз десе де болады. Сөз өнерінің, көркем сөз тігісінің, образды, көркем ойлардың, сөз шешендігі мен шеберлігінің тілдік көрінісін айтыс өлеңдерінен көреміз. Ол тілдік ерекшеліктердің деңгейін анықтау қазіргі айтыстардың сан қырлы табиғатына тікелей байланысты. Біз осы еңбегімізде алдыңғы зерттеулерге жүгіне отырып, айтыс өлеңдеріндегі тілдік ерекшеліктерді танып қалуға талпыныс жасадық. Сол себепті де қазіргі айтыс өнерінің көркемдік деңгейі ақындардың ұстанып жүрген бағыттары жайлы сөз қозғауды жөн көрдік. Қарастырып отырған тақырыбымыздың ең бір өзекті тұсы да осында.
Кез келген этнос атаулының ежелгі дүниетанымдық жүйесі, халықтық рухы әуелі оның тілінде көрнектенеді. Вильгельм фон Гумбольдт та: «Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык. Язык насыщен переживаниями прежних поколений и хранит их живое дыхание» дегенді, сірә, осы ыңғайда айтса керек. Шынында да, қай халықтың да өзіндік салт-санасы, елдік рухы, алдымен, оның тілінде, М. Әуезов айтқан «ескіліктің сырлы сөздерінде» таңбаланып отырады. Тіл мен халық рухының арасындағы осы тығыз байланысқа, сабақтастыққа кезінде А. Байтұрсынұлы да көңіл аударған. «Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды». Р. Сыздық айтқандай: «Бүгінгідей ана тіліміз - қазақ тілінің дәрежесі көтеріліп, әлеуметтік жүгі артқан кезде, осы тілдің барша байлығын игеру, тарихын білу - рухани парызымыз болмақ». Тіліміздің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың қазіргі таңдағы бір маңызды тетігі - мүмкін болғанша оның осы танымдық, құжаттық қызметін неғұрлым толығырақ ашып көрсету, сол арқылы ежелгі атрибуттарымызды, халықтық қалпымызды, рухани тамырымызды тереңірек зерттеп, жете тану, В. фон Гумбольдтша айтқанда, «языковое мировидение» проблемасын зерттеу қажеттігі, тақырыптың өзектілігі, міне, осы игі мақсаттан келіп шығады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты - қазіргі айтыс ақындары тілінің лексикалық ерекшеліктерін, яғни стильдік - семантикалық, құрылымдық жағын, көркемдік амал - тәсілдердің экспрессивті, эмоциялық бояуын, фразеологизмдердің сөз саптауда әр түрлі семантикалық, тұлғалық өзгеріске ұшырап, жаңаруын, сондай-ақ басқа да тілдік ерекшеліктерді және өлеңнің құрылысын анықтай отырып, ақындар айтысының әдеби тілдің нормаларының дамуындағы рөлін көрсету. Аталған мақсатқа байланысты мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделді:
- айтыс өлеңдеріндегі басқа тілден енген сөздердің әдеби тілге қатысы:
- қарапайым сөздер мен диалект сөздердің қолданылу ерекшелігін көрсету;
- фразеологизм мен мақал-мәтелдердегі, қанатты және нақыл сөздердегі әр ақынның өзіндік қолтаңбасы мен шеберлігін анықтау;
- айтыс ақындары тілінде шешендік сөздердің орын алуы;
- айтыс ақындары тіліндегі көріктеуіш тәсілдердің қолданылу ерекшелігін көрсету;
- айтыс ақындары тіліндегі инверсия мен эллипсистің қолданылу ерекшелігі:
- Айтыс өлеңдерінің құрылысын анықтау;
Жұмыстың ғылыми жаңалығы.
Қазіргі айтыс өнерінің көркемдік деңгейіне өзімізше баға беріп, табысты жақтарын ашып көрсетіп, жағымсыз жақтарына ғылыми түрде тоқталып, айтыс өнерінің көркемдік тұрғыдан ілгерілеуіне титтей де болсын өз үлесімізді қосу - жұмыстың жаңашылдығы болмақ.
- Сонымен қатар, басқа тілден енген сөздерді, қарапайым сөздер мен диалектілерді және көнерген сөздерді белгілі бір стильдік мақсатта пайдалана отырып, айтыс ақындарының әдеби тіл нормасының дамуына үлес қосуы;
- айтыс ақындарының тілімізде бұрыннан бар фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді қолдана отырып, тұрақты тіркестердің орнын ауыстыру, компоненттер арасына сөз сыналату, бір тіркестің бойына бірнеше тіркестің мағынасын сыйғызу, лексикалық құрамын жаймалап қолдану, бір компонентін синоним немесе басқа сөзбен алмастыру, я болмаса олардың бір сыңарын түсіріп қолдану, болымды мәндегі тіркестер мен мақал-мәтелдерді болымсыз мағынада немесе керісінше қолдану арқылы әдеби тілді байытатын жаңа сөз қолдану үлгілеріне талдау жасалуы;
- айтыс өлеңдеріндегі шешендік сөздердің қолданылуы әдеби тілдің қоғамдық қызметінің кеңеюіне, яғни оның көсем сөз стилінің жетілуіне тигізген әсерінің анықталуы;
- айтыс өлеңдеріндегі көркемдік тәсілдердің экспрессивтік, эмоциялық бояуының аса жоғары болуымен ерекшеленетінінің дәлелденуі;
- ақындар тіліндегі инверсия мен эллипсистің қолданылуындағы ерекшеліктердің талдануы.
Зерттеудің дерек көзі. Жұмысты жазу барысында негізі материалдарды Мұхамеджан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Серік Құсанбаев, Абаш Кәкенов, Мэлс Қосымбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Оразалы Досбосынов, Айбек Қалиев, Абаш Кәкенов, Ақмарал Ілеубаева, Бекарыс Шойбеков, Дәулеткерей Кәпұлы, Жібек Болтанова сынды айтыс ақындарының сөз қолданыстары жарық көрген II томдық «Қазіргі айтыс» топтамасынан және Р. Сыздықова, К. Құсманова, Қ. Мәдібай, А. Айтқазина сынды қазақ тіл мәдениетін зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен алдық. Сонымен қатар, Дарын Нұрсапаров, Аслан Ғафуров сияқты өзіміздің жерлес ақындарымыздың сөз қолданымдарын материал етіп алдық.
Жұмыстың негізгі зерттеу әдістері. Бітіру жұмысын жазу кезеңінде қазіргі тіл білімінде қалыптасқан негізгі принциптер мен ғылыми әдіс- тәсілдер қолданылды. Яғни, баяндау және талдау, салыстыру, сараптау, семантикалық талдау әдістері қолданылды. Сондай-ақ, жалпы тіл білімінде қолданылатын лингво-стилистикалық әдістер басшылыққа алынды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Айтыс ақындарының әдеби тіл нормасына үлес қосуына, эстетикалық көркемдік принциптерінің саралануына байланысты бітіру жұмысының кейбір нәтижелері мен тұжырымдары кейінгі айтыс өнерін діттеп келе жатқан жас өрендерге айтыс өнері жайындағы білімдерін толықтыру мақсатында септігін тигізеді.
Сондай-ақ, орта мектептерде қосымша сабақтар, арнаулы курстар мен семинар сабақтарын ұйымдастырып, онда сөз өнерінің құдіреттілігін танытуда, адамгершілік - эстетикалық тәрбие беруде бұл жұмыстың теориялық әрі практикалық мәні бар.
1 АЙТЫС ӨЛЕҢДЕРІНЕ ТІЛДІК СИПАТТАМА
.
Айтыс өлеңдеріне тілдік сипаттама деп аталатын бірінші тарауда айтыс ақындарының тіліндегі араб, парсы сөздері, орыс тілі арқылы енген сөздер, көнерген сөздер, қарапайым сөздер мен диалектілер талданады. Сондай-ақ, ақындар тіліндегі инверсия мен эллипсис және айтыс өлеңдерінің құрылысы қарастырылады.
Айтыс ақындарының тілінен араб, парсы сөздерінің лексикалық қабатын кездестіреміз. Бұл қабаттың басымы қазақтың жалпыхалықтық сөйлеу тіліне ертеден еніп, әбден сіңіскен, қазақтың өз сөздері болып кеткендер. Мысалы, айтыс өлеңдеріндегі дүние, момын, мейман, несібе, дәулет, құдай, заман, жаза, уағда, кедей, пейіл, пана, пасық, арам, амал, қайыр, құрмет, ар, абырой, халық, әлем, өмір, адам, адамзат, ажал, ақырет, ұжмақ, құбыла, бақ, мезгіл, дұшпан сияқты сөздер түп негізі араб-парсынікі болғанымен, әлдеқашан халық тіліне сіңісіп, қазақ лексикасының байлығына айналғандар. Араб - парсы қабатының екінші тобы және өте шағын бөлігі халықтың күнделікті сөйлеу тілінде көп қолданылмайтын, негізінен ислам дініне қатысты сөздер. Мысалы, арсы-күрсі, маһи, төрт шадияр, лауқы, фани, һәммәт т. б.
Бұл топтағы сөз қолданым ақындардың мұсылманша сауаттылығынан көрінеді. Мысалы, Ринат Заитов пен Рүстем Қайыртайұлының:
«Жасымда жарамды еңбек ете алмасам,
Не бетіммен кетемін бұл пәниден», - деген сөз саптаулары дәлел. Немесе Аманжол Әлтаев пен Жәкен Омаровтың:
«Ассалаумағалейкум,
Отырған жәмиз жұратым».
«Ақ самай ардагерлерім,
Халал боп хақың ұрпаққа,
Құттты да болсын мейрамың»
«Харам мен халалды ажыратпаса,
Қонады өзі оралып шыңнан бағы».
«Дертіңді кәләм - шариф анық басар,
Оқыған ғалым жұртқа жарық шашар», - деген қолданыстары дәлел.
Ақындар мұсылман дінінің жарлықтары мен заң ережелері жағынан да білім сынасады. Дінге байланысты сөздердің біразы тұрақтап қалса, кейбіреуі тілдік айналымнан шығып қалған. Мысалы, мақшар - мәхшәр (араб сөзі), адамдарды жәннат пен тозаққа айыратын күн деген мағынада айтыс ақындары тілінде қолданылатын сөз: «мақшарда күйер дейді екі беті», «мақшар күн тартар ма екен қастарына», «күнінде таңда мақшар болса жиын».
«Мүбарак болсын құрбан айттарыңыз,
Тәбарак ырыс қосып ырысына» (Бекарыс Шойбеков пен Мұхамеджан Тазабеков) . Бұл жерде «мүбарак» сөзіне қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «құтты, қайырлы, сәтті» деп анықтама береді. Және осы сөз сайыста «намаз» сөзінің жиі қолданылуы кездеседі:
«Алладан жәрдем тілеп сөз бастайын
Намаздан жаңылмаған нар Жамбылдай» немесе:
«Аллаға - құл, адамға - ұл болу ғой,
Намазға кеп түйіссе тең тізелер.
Ақын намаз оқыса хақты танып,
Алдымен аузындағы сөз түзелер».
Намаз - ислам дінін тұтынатын діндар адамдардың Аллаға бағыштап күніне бес рет дұға оқып өтейтін құлшылығы.
Сонымен бірге, көптеген араб, парсы сөздерін айтыс ақындары стильдік мақсатта жарыстыра қолданады. Мысалы: ақын - шайыр, хат - наме, Алла - хақ, тәңір, жаратқан және т. б.
Қазіргі айтыс өлеңдерінде қазақ тілінің сөздік құрамына енген орыс тілі және орыс тілі арқылы енген сөздер қолданылып жатады. Оған ардагер ақын Шорабек Айдаров пен қазіргі «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтыс - Чемпионаттың» да биігінен көрініп жүрген Қуаныш Мақсұтовтың айтысын үлгі етіп алуға болады. Мысалы, Шорабек ақын ел алдына шыққаннан-ақ елмен амандасып алып:
«Жүйрікті жюри бүгін шеттетпесін,
Ел-жұртым оларға енді өкпе етпесін.
Айтыстың арты тағы опыр - топыр,
Төбелес «без правил» боп кетпесін», - деп ескертеді. Бұл жердегі «әділ - қазы», «ережесіз» сөздерінің орнына қолданылып тұрған «жюри», «без правил» сөздері тап осы жерде эмоциялық, экспресивтілік рең беріп тұр. Сонымен бірге, Шорабек ақын сөзін:
«Артық ұпай алуда жастар жағы,
Басқандай тұзды алтылық көзірменен», - деп жалғар, «козырь» сөзін қазақ тілінің қалпына келтіріп, «көзір» етіп қолданады.
Бұндай қолданыс Шорабекпен айтысып отырған Қуаныш ақынның сөз қолданымында кездеседі:
«Білдің бе, неге бастым тормызымды-ай,
Тұрғанда жар құламай, ор бұзылмай».
Орыс тіліндегі «тормоз» сөзі «тормыз» болып қолданылып, тежеу мағынасында жұмсалып тұр.
Ал, Шорабек ақын болса:
«Айтасың фактілердің ең ескісін,
Ең ескісін және де көмескісін.
Факты менен цифрды ұмытпайтын
Сен осы робот адам емеспісің?», - деп, қарсыласын сүріндірудің амал-тәсілдерін іздейді. Бұл жердегі факт, цифр, робот сөздері - орыс тілі арқылы енген сөздер. Шорабек ақын сөзін ары қарай:
«Тіршілік үшін күрес жүріп жатыр,
Басылып бас ішінде бар «кнопка»
Асығып жеттік мынау айтысқа да,
Жүрсінді отырғызып «банкротқа»», - деп жалғайды.
Осылай айтыс ақындарының тілінде орыс тілінен енген сөздер жиі қолданылып кететін кездер де болады. Оған жауап ретінде:
«Абайша айтсам сөзімді -
«Самородный сары алтын»» - деп Оразалыдай ақындар сөз тауып кетіп отырған.
Ал, семейлік Сара Тоқтамысова мен қызылордалық Мұхтар Қуандықовтың айтысында Мұхтардың айтқан:
««Король» түгіл, «пешкі» де сиятұғын,
Көңілі шахматтың тақтасындай», - деген сөз тізбектері не халықтың, не әдеби тілге еніп қолданылған элементтер емес, Мұхтарға ғана тән сөз қолданыстар. Сонымен қатар:
«Соққан добын кіргізбей қайтарайын,
Кәнігі футболшының қақпасындай» (Арман Бердалин мен Әсем Ережеқызы)
Бұл сөз тізбегі де - тек Әсемге ғана тән қолданыс.
Тіліміздегі қарапайым сөздер - белгілі бір стильдік мақсатпен сөздің мазмұнын тұрпайыландыра, дөрекі етіп қолданылатын тілдік құрылымдар. Бұлардың жалпылама лексикаға қарағанда эмоциялық, экспрессивтік бояуы күштірек болады. Айтыс өлеңдері диалогқа құрылғандықтан, ауызекі сөйлеу тіліне жақын келеді. Ал қарапайым сөздер, көбінесе, сөйлеу тілі стилінде қолданылады. Қарсыласының сауалы мен жауабына орай ақындар тіліндегі қарапайым сөздер, қарапайым фразеологизмдер белгілі бір көркемдік мақсат үшін жұмсалады. Жеңу мақсатында қарғыс, алғыс мәніндегі стилистикалық бояуы бар сөздерді көп қолданады. Бұндай сөздер айтысты қыздырып, жандандыра түскенін байқаймыз. Мысалы, «Қай иттің тұмсығына түкіргенін», сол шірік, қорқаулар, есек, құл, надан, кәпір, мардымсыз т. б.
Сондай-ақ, айтыс өлеңдерінде қарапайым тұрпайы мәндегі фразеологизмдер де қолданылады.
Ғалым Н. Уәлиұлының сөйлеу тілі реңіндегі фразеологизмдер туралы: « . . . Бұлар бейәдеби болса да, эстетикалық қызметке жегілгенде, жазушының сөз бояуын әр алуан етіп көрсетіп, шығармаға реалистік сипат береді» - дейді. Мысалы:
«Жан едің кісі мінін санағыш-ақ,
Боп қапсың енді маған «қара пышақ» (Шорабек Айдаров пен Қуаныш Мақсұтов), немесе:
«Бәтуәсіз бұл бала,
Үйленіп апты сонымен» (Сара Тоқтамысова мен Мақсат Ақанов) .
Қара пышақ, бәтуәсіз бала, қара бала, қара сирақ, қу борбай - тілімізде ежелден бар сөйлеу тілі реңіндегі фразеологизмдер.
Сонымен айтыста сөз бостандығына ерік берілгендіктен, ақындар көбінесе поэзияда қолданылмайтын қарапайым сөздерді халық көңілінен шығу мақсатында, соны сөз ретінде айтыстың эмоциялық, экспрессивтік бояуын қалыңдату үшін қолданады.
Айтыс ақындарының диалект сөздерді қолдануы - бейнелі сөздердің таусылып қалғандығынан емес, әр ақын өз елінің, өлкесінің атынан сөйлегендіктен, сол елдің жергілікті тілдік боуын, сол ақынның стильдік даралығын, сөз саптау шеберлігін байқатады.
Диалектілік - лексикаға байланысты белгілі бір жердегі жергілікті тұрғындардың сөйлеу тілінде қолданылатын сөздер жатады.
Мысалы:
«Құдағайыңның қасына,
Атомын әкеп жарғанда» (Дәулеткерей мен Оразалы) .
«Бұзаутіс менің сөздерім,
Бұтыңнан шағып шаянша» (Оразалы мен Дәулеткерей) .
«Бұл сөзімді айтайын,
Үлкенді - кіші дөкейге» (Оразалы мен Дәулеткерей) .
«Айтақтап жіберер ем дәу тазымды - ай» (Балғынбек Имашев пен Әсем Ережеқызы) .
«Сөздеріңді сөйлеп қал,
Ақ құйрық шайдың буындай» (Оразалы Досбосынов пен Ринат Заитов) .
Немесе:
«Дәулеткерей сөйлесін,
Мына тапалға бас ұрмай» (Дәулеткерей Кәпұлы мен Оразалы Досбосынов) .
«Жүйріктей тартып алған желден бәйгі» (Мэлс Қосымбаев пен Мұхамеджан Тазабеков) .
Айтыс өлеңдеріндегі көнерген сөздерден ақындардың сөз байлығын көреміз.
Мысалы, Оразалы Досбосынов пен Дәулеткерей Кәпұлы айтысындағы:
«Мен деген, Дәулеткерейім,
Көсем сөзге келгенде,
Көк найза едім толғаулы.
Адасқан сендей оқ өтпес,
Ақ сауыт едім торлаулы», немесе:
«Сағағын жезбен қынаған,
Найзадай тілді толғайын».
«Басыма киген мұрабым,
Басыма қонған бақ шығар» (Мэлс Қосымбаев пен Мұхамеджан Тазабеков) .
«Кезінде кеме жасап, қашанғы енді,
Кебіс - мәсі тіккенге таң қаламыз» (Шырынбек Қойлыбаев пен Кәрима Оралова) .
Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысын зерттеген Р. Сыздықова: « Инверсия - сөйлем ішіндегі бір-біріне қатысты сөздердің, сөйлем мүшелерінің, күрделі сөз орамдарының, әдеттегі орын тәртібінің бұзылып берілуі. Бұл бұзылу тіл нормасынан жөнсіз ауытқу емес. Ауыстыру әр алуан мақсатпен орындалады, әсіресе, поэзияда өлеңнің ырғақ, ұйқас сияқты шарттарын өтеу үшін ақындар ауыстыруға жиі барады және бұл өлең тіліне тән табиғи заңдылық», - дейді.
Айтыс ақындары ауыстыруды тек ырғақ пен ұйқас талабынан ғана емес, сөзге логикалық екпін түсіру, негізгі идеяны алдындағы тармақта немесе тармақ басында беру сияқты стильдік мақсатта пайдаланады.
Айтыс өлеңдерінде жиі кездесетін инверсияның түрі өлеңнің ырғағына, ұйқасына қарай баяндауыш бастауыштан бұрын келіп, тармақтың не басында, не ортасында орналаса береді:
«Ауласқаным көңілде дұрыс шығар,
Жауласқанмен келмейді жеңіс оңай» (Балғынбек Имашев пен Мэлс Қосымбаев) .
«Елім деп еңіресе шеттерінен,
Ер тоқымын лақтырған асау аттар» (Оразалы Досбосынов пен Айбек Қалиев) .
«Егер де бөтен елден әскер келсе,
Бірінші ұрандайық біз екеуіміз» (Оразалы Досбосынов пен Айбек Қалиев) .
Жібек Болтанова мен Айтақын Бұлғақовтың қағысуында:
«Жиылған көп көрермен алдымдағы,
Секілді екен тәп-тәтті нанның дәмі.
Айтыс десе ентелеп еркелеген,
Сіздердей болса екен жанның бәрі.
Бір сәлем, студенттер, бәріңізге,
Көтерген кірпішсіңдер қабырғаны», - деп, ары қарай:
«Дедің бе, Айтақын-ау, қырықтамын,
Сырың деп бізге айтқан мұны ұққаным», - деп жалғайды.
Немесе анықтаушы сөз бен анықталушы сөздің орны алмасып келеді:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz