Шандоз – көшелі тақырып


Алмас Нүсіпов
ШАНДОЗ - КӨШЕЛІ ТАҚЫРЫП
Кермиығым кербезім,
Керіскідей шандозым!
Махамбет
Әбіш Кекілбаев осылай бастапты. Біз де солай бастайық. Махамбеттің Исатай өлгендегі жоқтау жыры. Өзінің қанды көйлек жолдасы Исатайға берген бағасының күндердің күнінде өзіне қарата айтыларын сезді ме екен? Қайдам?! Қайғыдан қан жұтып, қара жамылып жүрген кезінде Абылайды жоқтаған Бұхардың жосығымен төгілтіп берген қайран ақын өзінің ұрпақ алдында қаншалықты биік тұлғаға айналарын ойламаған да болар. Бір кезде кірмесің деп кемсіткен қазақтың заманнан заман озғанда Махамбет атына таласатынын да пайымдауға мұршасы болмағаны анық. Жазған жыры, қалдырған мұрасы тұрыпты, әр басқан қадамы туралы иненің жасуындай дерек естісе, түйедейін түймедей қылып, дабыраға айналдырған бүгінгі күнді көрсе . . . Арманда кеттім демес еді. Асылдың қадірін қолдан шығып кеткен соң ғана білетін еліне ертеректе өкпе айтса да, кейіннен кек тұта қоймаған шығар. Қайткенде де аруақ риза, елі орнында. Айтып өлген ақында арман жоқ!
«ТӘҢІРІ ОНЫҢ ӨЗІ ТҮГІЛІ СӨЗІН ТҰТҚИЫЛДАН ТАП БЕРІП, ТӨТЕН БАУРАП АЛАТЫН ӨЗГЕШЕ БІР ӨКТЕМДІККЕ ИЕ ЕТІП ЖАРАТҚАН . . . » (Ә. К. ) .
Қазақ жыраулық дәстүрі мен ақындық үлгісін тоғыстырған ақын туралы жан-жақты зерттеулер жүргізіліп келгенін, жүргізіліп жатқанын айттық. Махамбеттің атын, ең болмаса екі шумақ жырын жатқа білмес қазақ жоқ. Оның бәрі, әрине, алдымен қазақтай қара орман елдің өз орнында көгеріп, көктеп отырғандығының арқасы. Одан кейін сол елдің зиялы қауым аталатын қалам ұстап, дерек қуған ізденімпаз ұл-қыздарының еңбегі. Солардың бірі - Әбіш Кекілбаев. Оның тәуелсіздікке қол жетіп, оң-солымызды танып, буынымызды бекіте бастаған дәуірдегі жазған тарихи-деректі баяны - Шандоз. Шығармада Махамбетке қатысты келтірілген деректер, соған орай себеп пен салдар, құптарлық көзқарас, нанымды пікірлер - бүгінгі таңдағы ұрпақ үшін өткеннің бағасын біліп, тарихын саралауға жол ашар оқулық. Қолға алған шығарманың алғашқы бетін өзгертпей бастап көрейік:
« . . . Кейінгі екі жүз жыл ішінде қазақ санасына тап Махамбеттей болып мығым орныққан мәшһүр тұлғалар кемде-кем ғой . . . Сөйте тұра осындай өле-өлгенінше өртше лапылдап өткен маздақ жанның қаңқасының қайда қалғанынан күні кешеге дейін бейхабар келіппіз. Ал, дәл қай арада кіндігі кесіліп, жөргекке түскенін әлі күнге дәп басып ешкім айта алған емес. Бас-аяғы қырық үш жыл жасаған қып-қысқа ғұмырының кей сырына таныс болсақ, көп сырына шалыспыз» [1, 5-бет] .
Бәрі белгілі жайт. Махамбетке қатысты емес, ғылымға қатысты айтсақ. Ұлы тұлғалар туралы сөз болғанда екі ұшты деректер мен ұшқары пікірлер ұшыраспай тұрмайтыны. Басқа-басқа, қилы кезеңде күн кешіп, алмағайып дәуірде атой салған күрделі адам туралы бәрі қаз-қалпында сақтала қойды деу ақылға сиымсыз. Талассыз ақиқат тумақ емес. Болмаса, адаспау үшін де адасу керек. Бұл жалпылама айтқанда. Нақты айтсақ, Махамбетті енді ғана танып, әйтсе де жеріне жеткізе алмай жатқанымызға басты себеп өткен күн. Қазақтың өткен дәуреніне қара құлып салынған кеңестік кер кезең. Қол-аяғыңды бұтарламай-ақ, іштен шірітіп, тілің мен діліңді қатар тұсап, адымыңды ашырмай, қадамыңды санап басқызып, ізіңді аңдып отырып алған қожайын ел өткенің мен кеткеніңді түгендеуге мүмкіндік бермепті. Жазушы осыны нұсқап отырса керек. Шалыс кеткеннің басты себебі осы.
«БҰЛ - ҚЫСҚА ҚАЙЫРУЫҢА КӨНБЕЙТІН КӨШЕЛІ ТАҚЫРЫП. ТАҚ-ТҰҚ ТҰЖЫРЫМДАУҒА КЕЛМЕЙТІН КЕСЕКТІ МӘСЕЛЕ» (Ә. К. ) .
Махамбет туралы кеңестік кезеңдегі зерттеудің барлығы бәлду-бәлду деуден аулақпыз. Қазақтың өткенін оралту жолында барлықпай тер төккен ата-ағаларымыздың еңбегін жоққа шығару емес ойымыз. Керісінше, тар шеңберде жүріп-ақ ақиқатын аңдай алған алдыңғы толқынның еңбегі ұшан-теңіз. Олар болмаса . . . Осы барға да жете алмас едік. Кімдер зерттеді, не тапты, қай қырын айтты деген сұраққа шығарма желісінде жауап дайын. Түгел тізілмесе де, баршылық. Автор қарама-қайшы деректер арасынан шындыққа жуығын дәлелдермен келтіре отырып Махамбет туралы дерекке қанықтырады.
Ғалымдар арасында белгілі жайт болғанымен, қарапайым оқырман үшін айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Ол - Махамбеттің жан-жақты білімді болғандығы. Сол заманның аужайы, саяси ахуалы, биліктің бет алысын аңдай алған көкірегі ояу азамат болғандығын айтып жату артық шығар, орыс тілін жетік білумен қатар діни сауатының мол болғандығы да дау туғызар мәселе емес. Өз сөзін дәлелдеу үшін Құраннан үзінді келтіріп сөйлей білген. Және, «Бұқар мен Самарқанд медреселерінде айта-айта жауыр болған сопылық ереже, жалпы сөздермен емес, өзінің ойы мен түсінгенінен алып айтты. Орынбор мен Петербургтегі кейбір үкімет адамдарын тілге тиек етті. Өлкені басқарудағы өзгерістер жайын сұрады. Сөйтіп бізді өзіне ынтық етіп қойды» [1, 16-бет] . Ынтық етпегенде! Қазақтар жабайы, көзінің алдындағыдан арғыны көрмейді деп білетін орыс офицерінің алдынан осынша жан-жақты сауатты адам кездессе. Қазақтың да қаражаяу халық емес екенін ескеруге мәжбүрлеген Махамбеттің сол кездегі орыс ұлықтарына біршама ықпалды болғандығының көрсеткіші емес пе?! Әбіш Кекілбаев осыған баса назар аударады.
Махамбеттің жеке басына қатысты, өмірбаяны, шыққан тегі жайлы айтарымыз бір бұл емес. «Шандозды» ашып көрген адам Махамбеттің тегі, жүрген жол, басқан ізі, ақынға қатысты әйел мәселесі, сонымен қоса ел аузынан жиналған тың деректер мен аңыздай болып айтылып жүрген сөздердің тарихи болмысы, шындығы жайлы біле алады. Баса көрсететін бір жайт, Махамбеттің отты тілі мен арқалы ақындығы, тік мінез турашылдығы қайдан келді деген мәселе. Бұл ретте, жазушы Махамбеттің әкесі Өтеміске ерекше тоқталады. Кірме саналатын Құлмәлі балаларының ішіндегі намысқой, асау, айтарын тайсақтамай тура айтқан Өтеміс туралы жеткілікті жазылған. Тек жағынан алсақ қанымен, тәрбие жөнімен алсақ бүкіл болмысымен Махамбетке бірден-бір әсер етуші күш - әкесі Өтеміс. Біз ғана емес, шығарманы оқыған кез-келген оқырман осы пікірдің растығығына ден қойса керек.
«ОЛАР КҮЛЛІ АДАМЗАТТЫҢ ҰРАНЫНА АЙНАЛҒАН «ЕРКІНДІК, АЗАТТЫҚ, БОСТАНДЫҚ, ТЕҢДІК, ТӘУЕЛСІЗДІК» ТУЫН АЛДЫМЕН ҚОЛҒА ҰСТАП, АСПАНДАТА БИІК КӨТЕРДІ. АДАМДАРДЫ ҚАНАУ МЕН ҚОРЛАУҒА, ХАЛЫҚТАРДЫ ӨГЕЙСІТУ МЕН КЕМСІТУГЕ, МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДӘСТҮРЛЕРДІ БАСЫНУҒА, ДІНДЕР МЕН ТІЛДЕРГЕ ҚОЛ СҰҒЫП, ЕЛДІК ПЕН МЕМЛЕКЕТТІКТІ АЯҚ АСТЫ ЕТУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕ ШЫҚТЫ» (Ә. К. ) .
Ендігі әңгіме не жайында екендігі белгілі. Махамбетті айтқанда (мейлі өмірбаянын айт, мейлі шығармашылығын айт) атамай кетуге болмайтын бір тарихи бейне - Исатай. Исатай бастаған, Махамбет қостаған көтеріліс. Жай ғана ереуіл емес, патша үкіметін қазақ арасына мұздай қарулы жасақ шығартып, санасуға мәжбүрлеген ірі көтеріліс. Көтеріліс тарихы жаңа қырынан алдыңызға тартылады. Жаңа қырынан дейтін себебіміз, Исатай-Махамбет көтерілісі кеңес үкіметі қарсаңында феодалдық езгіге қарсы таптық күрестің көрінісі ретінде түсіндіріліп, тар шеңберде сипатталып келді. Халел Досмұхамедұлының көтеріліс тарихына қатысты ой-өрісі ғылыми айналымнан ұзақ жылдар бойы қағаберіс қалды. Отаршылдыққа қарсы халықтық қозғалыс ретінде әділ бағасын алғаны күні кеше ғана. Осы мәселені ескерсек, «Шандозда» тың пікірлер мен деректер молынан ұшырасады.
Тарихи баянды оқу барысында, көтеріліс тарихына бойламас бұрын, арыға, тарих қойнауына сүңгіп кетесіз. Жалпы, отаршылдыққа деген қарсылық қай кезеңнен, кімнің тұсында басталды деген сұрақ төңірегінде біраз жерге барып қайтасыз.
Қазақтың отарлық езгіге түсуінің басы ХVIII-ғасыр екендігі белгілі. Әбілқайыр хан. Анна Йоановна. 1731 . . . Солай. Яғни, біздің кіріптарлық қамытына желкемізді тосып, басымызды сұққан алғашқы қадамдарды жасаған Әбілқайыр хан. Содан бастап басымыздан зобалаң арылмады. Күніміз күн болмады. Бәріне кінәлі әлгі . . . Иә, көп ел солай айтады. Шандозды оқысаңыз олай ойламас едіңіз. Әбілқайырды толық ақтап шықпайсыз, әйткенмен, ойланып қаласыз. Тарихқа сыңар жақ, бір жақты көзқарас жат екені шындық. Кекілбаев та осыны айтады. Алға жылжи түскен сайын, қазақты отаршылдықтың орына апарып, аранына жықты деген Әбілқайыр патшалық Ресейге қарсы күллі қозғалыстардың басында тұрған адам екеніне ден қоясыз.
«Әбілқайырдың шекарадағы бекіністерге тыныштық бермеуі де, Астраханға дейін ат сабылтып, әлденеше жорыққа шығуы да, қазақ ауылдарын орыс шекарасынан аулақ қонуға шақыруы да, басқа мемлекеттермен қол жалғасып, Ресейге бодандықты қайта қарауды көтеруі де, аманаттағы баласы Қожахметті қарулы қимыл жолымен қайтарып алып кетуге қарекетттенуі де, түптеп келгенде, бұрынғы саясатынан баз кешіп, орыс әкімшілігімен соғыс жағдайына көшуге ұмтылушылығы еді» [1, 78-бет] .
Патша саясаты әу бастан белгілі. Төре тұқымдарын бір-біріне айдап салу арқылы хан-сұлтандардың ел алдында абыройын төмендетті. Халықты ауызбіршіліктен айырды. Уақыт өте келе, хандық биліктен мүлдем қадір кетті. Қазаққа не істесе де төре тұқымының қолымен от көсеуді әдетке айналдырды. Нәтижесінде, ханға қарашасы қарсы шықты, билігінен айырылған жұрт құл болмағанда қайтеді?
Құл болмапты. Бас асаулығы басылмаған бұла жұрт төреден күдер үзіп, қарашыға үміт артыпты. Неге де болса дайын. Тек басшы керек. Осы тұста бұл ойға дем берген Ресейдің ішінен шыққан Пугачев көтерілісі бұрқ етті. Оған қосылғандар да болды. Тарихты қазбалап қажеті жоқ, айтпағымыз, Пугачевпен жабыса ауыз жаласпаса да, қатарласа үзеңгі қағыстырып қалған қазақтардың бірі Сырым Датұлы бастаған көтеріліс жайы. Пугачев көтерілісі жеңіліске ұшыраған соң, көп өтпей Сырым Датұлы өзі бастап ереуілге шығады. Бұл 1790-жылы Патшаға қарсы ашық ірі қозғалысқа ұласты.
Осылай, арқар ұранды төрелерден басталған көтеріліс уақыт өте келе алаш ұрандыларға ауысады. (Қазақ даласындағы барша қозғалыс емес, бұл жерде кіші жүз қазақтарының қарсылығы жайлы сөз болады. Махамбетке қатысты - А. Н. ) . Ханнан қадір кеткен сол заманда құлдықтың құдығына шым батып бара жатқан қазаққа аттан салып, атқа мінер, қол бастар, жөн бастар басшы керек еді. Хандық билік орыс патшасының қолындағы қуыршақ қана. Әрине, мұндай жағдайда патшаға аманат бермеген, қолдағы аздаған билігімнен айырылып қалам деп қорықпайтын біреу керек еді. Осылайша, халық қаһармандары қара халықтан шыға бастады. Елінің бостандығы жолында еңіреп өткен ерлердің ерлігіне сүйініп, рухына тағзым етем десеңіз, шығарма алдыңызда. Оқыңыз да, тамсаныңыз. Басын бәйгеге тіккен бабалардың ерлігіне, соны бүгінгі күнге жеткеруші зерттеушілерге.
Мінеки, Исатай-Махамбет қозғалысы осындай көтерілістердің бірі еді. Махамбет қай қырынан танылды, көтеріліс барысындағы ролі қандай болды, көтерілістің жеңіліске ұшырауының, Исатай өлгеннен соңғы Махамбеттің қайта жандандырмақ әрекетінен түк шықпауының себептері түгелдей тайға таңба басқандай шығарма аясында. Махамбеттің Исатай өлгеннен соңғы шашырап кеткен жасақты қайта жиып, патшаға қарсы көтермек әрекетінен түк шықпағандығын бәрі біледі. Мұның себептері көп-ақ. Соның бастысы, Махамбеттің кірме атанғандығы. Ел алдындағы абыройына дау жоқ. Әйтсе де, ақынның жаулары мұны шебер пайдалана білген. Қазақ арасына жат екендігін, атасының атына «құл» дегенді қосып айтып, кемсітіп баққан. Соңынан ерушілерді де азғырып баққан. Өз басы кірме атанып жүрген адам елді қалай бастасын? Іштен тынғаннан басқа амалы бар ма? Ашуын ішіне жиғаннан басқа қолынан не келер еді? Махамбет жырларының Исатай өлгеннен соң элегиялық, мұңды кепке түскендігінің себебі Исатайдың өлімі ғана емес, өз басының мүшкіл хәлі болатын. Исатайдың барында . . .
«ОЛ АҚЫНДЫҚТЫ КӨПТІҢ КӨҢІЛІН ТАБАТЫН ӨНЕР ДЕП ЕМЕС, КӨПТІҢ КӨЗІН АШЫП, ЖҰРТТЫ ОҢҒА БАСТАЙТЫН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ ДЕП ТҮСІНДІ» (Ә. К. ) .
Махамбет дегенде алдымен көз алдымызға келетіні бетің бар, жүзің бар демей ханға қасқайып қарап, арындай сөйлеп тұрар отты бейне. Сөз қадірін бөз қадірінен артық бағалаған қазақ үшін ақын-жыршысыз жиын, құрылтай болмаған. Жай ғана жиын емес, стратегиялық мақсаты бар, бостандық аңсап, қару асынып шыққан жұртты сөзімен баурап алар, кеуделеріне сәуле сеуіп, көздеріне от ұялатар өнердің иесі, от ауыз, орақ тіл біреу керек еді. Махамбет ақындығынан ғана көтерілістің белді мүшесі болды деуден аулақпыз, әйткенмен, қозғалысқа қатысушы қауымға жырымен дем беріп, ерте білген, еліте білген ақынның атқарар ролі көп жағдайда осы орайдан табылып отырса керек. Әбіш Кекілбаевтың жоғарыдағы айтқаны осыны көрсетеді. Дәлелдейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz