Ақтөбе облыстық музейлердің бүгінгі жетістіктері нарық заңдылықтарына бейімделген даму сатысының бірі


Пән: Мұрағат ісі
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 112 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Диссертациялық жұмысының өзектілігі. Жалпы музейдің адамзат тарихындағы алатын орны ерекше екені белгілі. Қазіргі кезеңде музейлер алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және тарихи мәнді құндылықтарды замандастар үшін көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Мәдени құнды көне заттарды көрсету, жалпы адамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету, ағарту мақсаттарын әрбір музей өз саласына сай музейлік орта жағдайында іске асыруда [1] .

Қазақ даласында осы күнгі музей және ол жайындағы ұғым ХІХ ғасырдан бастап қалыптаса бастады. Бұл қазақ жерінің игерілмеген табиғи байлығын әлсіреген Ресей экономикасын көтеруге барынша пайдалану мақсатында патша өкіметінің даланы зерттеуге ғылыми экспедициялар аттандыруына байланысты болды. Себебі, олардың арасында Орыс ғылым академиясы, географиялық қоғамы, қоныс аудару басқармасы сияқты мекемелер мен ұйымдар жіберген экспедициялардың жекелеген мүшелері даланың қазба байлықтарын зерттеумен қатар, қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрлері мен тұрмысы жайында мағлұматтар жинастырды. Бұл деректердің басым көпшілігі күні бүгінге дейін өз құндылықтарын жоғалтқан жоқ.

Экспедиция мүшелері өздері жинастырған қазақ халқының этнографиясы мен қолөнерін бейнелейтін бұйымдарды Ресейдің орталық қалаларында ұйымдастырылып отыратын түрлі көрмелерге жіберіп отырды. Мысалы, 1867 жылы 23 сәуір күні Петербург қаласында болған Бүкілресейлік этнографиялық көрмеде қазақ даласынан жіберілген бұйымдар да көрсетілді. Осы көрме жайында ресейлік «Северная почта» газеті: «Бұратана халықтар этнографиясы бөлімі жалпы осы көрменің ең әдемісі, әрі көрермен үшін ең тартымдысы болып отыр. Бұл бұйымдар тек этнограф мамандарды қызықтырып қана қоймай, одан хабары жоқ қарапайым көрермендерді де таң қалдыруда» [2] - деп жазды.

Осындай жоғары деңгейдегі алғашқы үлкен сыннан сүрінбей өткен қазақ этнографиясы мен қолөнер бұйымдары ендігі жерде Ресейдің орталық қалаларында ұйымдастырылатын түрлі көрмелерден өзіндік ерекше орынға ие болды. Сонымен, ұлтымыздың этнографиясы мен қолөнер бұйымдары қазақ даласы шеңберінен асып, өзінің бар әсемділігімен өзге мемлекеттер мен халық өкілдеріне де танымал бола бастады.

Дегенмен өлкеде жұмыс атқарған ғылыми мекемелер мен ұйымдардың қазақ жерін зерттеудегі еңбектері мен жинастырған жәдігерлерінің басым көпшілігін көрмелерге жіберу түрлі себептерге байланысты мүмкін болмады. Осыған орай бұл бұйымдарды бір жерге топтастыру және оларды өлкені зерттеуші басқада экспедициялардың, жекелеген ғалымдардың пайдалануына мүмкіндік жасау, көпшілік назарына ұсыну қажеттілігі музей ұйымдастыруды талап етті [3] .

Музей - жалпы адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетті танытуда, зерттеу мен насихаттауда үлкен рөл атқарады. Әсіресе, ұлттық, мәдени, азаматтық, әскери, еңбек жетістіктерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің ерекшеліктерін оқып-үйренуге оның көмегі зор. Музей ісі - ғылымның, білім беру ісінің маңызды бір саласы. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы музейлер көбінесе тарихи бағытта жұмыс істеп келді. Кеңес дәуірі кезеңінде жалпы тарихи, тарихи-революциялық, әскери-тарихи, этнографиялық, өлкетану музейі болып бөлінді де, олар жалпы музейлердің 63 % - ын құрады. Қазір Қазақстанда тарихи-өлкетану бағытындағы музейлер басым. Оларға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Себебі, ондағы ғылыми жинақтау, ғылыми қор, экспозиция, көрме, үгіт-насихат бағыттары жұмыс істеп, жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысында маңызды рөл атқаруда. Музей алғашқыда аса бағалы бұйымдар мен мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасты. Уақыт өте келе ол әдістемелік қызметі жетілген функционалдық институттарға дейін дамып жетілді. Жаңа мыңжылдықта адамзаттың жаһандану дәуіріне аяқ басу кезеңінде музей қызметіне жаңа ақпараттық құрал-жабдықтар мен интеграциялық үрдістер дендеп енуде. Қазақ халқында ата-баба мұрасына ерекше құрметпен қарап, салт-дәстүрін сақтап өсіп келе жатқан ұрпақтарына тәлім-тәрбие беру тек атадан қалған нақыл сөздер немесе шебер әрі орынды айтылған ақыл-кеңеспен, сондай-ақ, жағымсыз қылықтарға тыйым салып отырумен шектелмейтіні белгілі. Отбасы тәрбиесінен басталатын Отанын, ел-жерін сүю, ардақтау қатарлы т. б. қасиеттер әрбір жеткіншек пен азаматта өз жерінің, ауылының, аудан, облысының тарихын, оның табиғатын, байлық ресурстары мен шаруашылық ерекшеліктерін, географиясын, жануарлар әлемін жетік білуінен бастау алатыны сөзсіз. Музей қоғамдық институт ретінде атқаратын әлеуметтік функцияларын қоғамдық-экономикалық жағдайға сай жүргізеді. Арнайы пән ретінде музейтану теориялық және әдістемелік бағытта музей ісін дамытып, оның тарихи тәжірибесін жинақтайды [4] .

Жоғарыда айтып өткеніміздей Қазақстандағы музейлердің негізгі денін тарихи-өлкетану музейлері құрайды. Қазақстанның осы тарихи-өлкетану бағытында жұмыс жасайтын музейлердің қатарында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен өңірлік музейлердің іс-тәжірибесін танып білу, зерттеудің, сол арқылы болашақ музейтанушы және ескерткіштанушы маман ретінде ғылыми-практикалық танымды арттырудың маңызы зор [5] . 1929 жылы құрылған Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі осы өлкенің табиғатын, археолиясын, архитектурасын және этнографиясын қамтиды. Музей қорында 52 000 жуық экспонат бар. Жыл сайын музей экспозициямен 100 000-ға жуық адам танысады. Мұнда өлкенің пайдалы қазба кендері, жануарлар мен сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі, археологиялық қазба кезінде табылған еңбек құрал-жабдықтары, қыштан жасалған бұйымдар, қазақ-қалмақ соғыстары туралы құнды мәліметтер, сол кездегі қару-жарақ үлгілері (Есет батырдың заттары, Арал батырдың сауыты), этнографиялық материалдар қойылған. Халық ауыз әдебиетіне арналған экспозицияда “Қобыланды”, “Айман-Шолпан”, “Қыз-Жібек” сияқты эпикалық туындылар, Қорқыт, Асан Қайғы, Шернияз ақын жөнінде маңызды деректер кездеседі. “Алаш” ұлттық-демокриялық қозғалысы, саяси-қуғын сүргін құрбандары, осы өлкедегі зиялы қауым өкілдері (дихан Ш. Берсиев, композитор Ғ. Жұбанова, ғарышкер В. И. Пацаев т. б. ) жөнінде құжаттар жинақталған. Ал, аудан бойынша «Қобыланды мемориалдық кешені», «Әйтеке би аудандық «Халықтар достығы» музейі», «Қарабұтақ ауылдық музейі», «Байғанин аудандық музейі», «Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі», «Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейі», «Мәртөк аудандық тарихи-өлкетану музейі», «Темір аудандық музейі», «Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі», «Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейі», «Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі», «Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейі», «Мұғалжар ауданы ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейі» бойынша музейлердің баспагерлік жұмысы, яғни, музейлердегі буклеттер, жолсеріктер, анықтамалықтар, афишалар, пресс-релиздер, каталогтар, альбомдар, музейлік мақалалар жинағы, музейлік зерттеулер жинағы, музей жұмысы есептерінің жинағы музейдің бір бағыты болып табылады.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қоғам, қоршаған ортаның арасында қарым-қатынасты белсенді орнату, музей заты арқылы музей келушілеріне үздіксіз білім беріп, музейлік ақпаратты қабылдап қоғамға тарататын, қоршаған ортаға енгізу үдерісі музей коммуникациясы іске қосылған. Музей коммуникациясының базалық формасы түпнұсқалар, мәдениет және табиғат мұраларына интерпретацияланған музей экспозициясы болып табылады. Музей интерпретациясы дегеніміз (латын, interpretatio - түсіндіру, жеткізу) - музей қорындағы, музей экспозициясындағы, музей дискурсты контекстіндегі мәдениет және табиғат мұралары нысандарын таныстырып, түсіндірудің күрделі жүйесі. Таным үдерісінің құрамдас бөлігі болып табылады. Музейлік интерпретация, түсіндіру пәні ретінде музей қорын жинақтаудан бастап, экскурсия жүргізу және жарияланым жұмысына дейінгі барлық кезеңдеріне қатысады. Танымның ғылыми әдістері негізінде мұраны интерпретациялау арқылы музей өзінің әлеуметтік және миссиялық қызметін атқарады, осылайша қоғамдық пікір қалыптастырады. Музейлік интерпретацияның өсуі, көпшіліктің музейді интерпретация мен ойлар кеңістігінде қарастырылуымен жүзеге асады [6] .

Сонымен қатар Ақтөбе облысында сақтауға, қорғауға, насихаттауға тұратын аңыз, шежіреге толы тарихи-ескерткіштер мол. Облыс өңірі - тұнған тарих. Осынау туған жердің төсінде сәулет өнерінің небір әсем үлгілері сыны кетсе де, сыры кетпей бүгінгі күнге жетіп отырғаны мәлім. Халықтың ғасырлар бойғы ізденіс-тәжірибесін, талғам-танымын бойына жинақтаған мұндай үлгілер айрықша ден қойып, зерттеуді қажет етеді. Осы орайда Байғанин ауданында шежіреге толы тарихи адамдардың атымен аталған қорымдар көптеп кездеседі [7] . Міне, осындай тарихи-мәдени ескерткіштерге экскурсия жүргізіп, оларды халыққа насихаттап-таныту музей жұмысының бір бағыты болып табылады. Яғни, аудан көлеміндегі мәдени ескерткіштерді ашық аспан астындағы музей ретінде қамтып, музейлендіру қажет.

Диссертациялық жұмысының зерттелу деңгейі. Қазіргі кезде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі туралы көптеген зерттеу еңбектері, мақалалар мен кітаптар пайда болды. Бұл тақырыпты зерттеу барысында қазақстандық ғалымдар үлкен еңбек сіңірді. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылуы, даму кезеңдері, өлке тарихының жинақталуы, зерттелуі туралы мәселелерді қамтитын, музей шежіресімен таныстыратын 2003-2010 жылдар аралығындағы облыстық музейдің директоры Е. Ж. Құрманбектің «Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі - ғылыми-зерттеу, насихат орталығы» атты кітабы жарық көрді. Кітапта, қазіргі заман және тәуелсіз Қазақстан кезіндегі музей экспозициясы, топонимикалық, табиғи, тарихи зерттеулер экспедициялары жөнінде, сондай-ақ 2007, 2008, 2009 жылдарда музейде өткен көпшілік іс-шаралар пен ғылыми-зерттеулері, көрмелер мен лекциялар туралы жазылған.

Сонымен қоса, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, өлкетанушы Р. Ілиясованың музейді зерттеудегі көптеген еңбектері жатады. Соның бірі, музейдің этнография залында көрсетілген қазақтың ұлттық киімдері, зергерлік бұйымдары, сүйек ұқсату мен ағаш оюға байланысты жазылған «Қазына» кітабы. Кітапта, Ақтөбе облысынан табылған балбал тастардың табылған уақыттары, музейдің космос залы жөнінде мәліметтер мен облыста жүргізілген алғашқы зерттеулер туралы айтылған. Бұл кітап, музейдегі әр экспонат туралы сыр шертіп, Ақтөбе облыстық музейінде жинақталған материалдар негізінде жазылған.

Е. Ж. Құрманбектің «Құнды мұралар» атты жинағы музейдегі құнды экспонаттар, яғни, этнография және археология залына қатысты ұлттық әйел киімдері, кебіс, тақия сияқты экспонаттар, ал археологиялық заттарға байланысты алтыннан жасалған тау арқары, салпыншақ сырғалар, алтын табақтар, сүйектен жасалған қасықтар және т. б суреттерге арналады.

Бұл тақырыпты зерттеу барысында қазақстандық ғалымдармен қоса Ресей зерттеушілері музейді зерттеуде үлкен ат салысты. Атап айтатын болсақ, ресейлік П. В. Флоренский, А. И. Дабижаның Ақтөбе облысы, Ырғыз жеріне түскен үлкен метеориттің құлауының пайда болуы туралы зерттеулер жүргізіп «Метеоритный кратер Жаманшин» атты еңбегі жарық көрді. Әлемде теңдесі жоқ табиғаттың таңғажайып құбылысы болған «Жаманшин» қазан шұңқыры әйгілі геолог-географ ғалымдарының назарын аудартып, жан-жақты зерттелді. Сондай-ақ Жаманшыңның зерттелуі туралы арнайы кітап басылып шыққан. Бірнеше халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдар айтылған. Ақтөбе тарихи-өлкетану музейіне қатысты деректер мен батыс қазақстандағы облыстардың тарихи-мәдени мұрасы мен ескерткіштерін көп зерттеген С. Е. Әжіғалидің бірнеше жинақтары диссертация жұмысын жазуда маңызды мәліметтердің бірі болды. Олар: С. Е. Әжіғалидің «Кратер елінің асыл мұрасы» атты кітабында, «Архитектура кочевников» атты монографиясында, «Абат-Байтақ - қазақ даласының інжу-маржаны» атты кітабында қамтылады. Бұған қоса, Мәдени мұра бағдарламасы бойынша шыққан «Ақтөбе облысының табиғи-тарихи-мәдени орындары» деген жинақта да бірқатар ескерткіштер тобы сипатталған.

1970 жылдардың басында тұңғыш рет Қазақстан ғалымдары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақтөбеге келді. 1973-1974 жылдары Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институты жанынан құрылған т. ғ. к. М. К. Қадырбаев басқарған экспедиция барысында «Бесоба», «Сынтас», «Нагорный» қорғандарынан сармат шеберлерінің алтын бұйымдары мен тұрмыс заттарын музей қорына тапсырған. Сонымен қоса, С. Ю. Гуцаловтың «Отчеты археологических раскопок 1980-1985 гг. » деген есебі мен М. К. Қадырбаевтың «Отчеты археологических раскопок 1973-1981 гг. » есебінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттар туралы жинақтарын келтірсек болады.

Диссертациялық жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмысының мақсаты - облыстағы музейлердің бүгінгі жетістіктері нарық заңдылықтарына бейімделген даму сатысының бірі деп бағалай отырып, халықаралық музей ісімен тереңірек танысып, олардың ұлттық мұраттарымыз бен мүдделерімізге үйлесетін озық үлгілерін өмірге енгізіп, XXI ғасыр талабына сай келетін музейлер қатарына қосылу, өлке тарихының алтын қазынасын келесі мыңжылдықтарға жеткізу жолындағы қызметтерін жалғастыра отырып, еліміздің биік руханиятын, озық мәдениетін әлемге таныту болып саналады. Осы аталған мақсаттарға жету үшін мына міндеттерді орындаймыз:

  • Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қызметін талдау;
  • облыстық музейлердің ғылыми-ағартушылық қызметін анықтау;
  • облыстық музейлердің баспа ісімен және ортамен байланысын қарастыру;
  • облыстық, аудандық тарихи-өлкетану музейлердің экспозициясындағы құндылықтардың экспозициялануын дамыту;
  • музейлердің тарихи-туризм коммуникациясымен байланысын нығайту.

Диссертациялық жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмысының негізгі дерек көздері біз зерттеу нысанасына алып отырған Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен өңірлік музейлердің қор бірліктері, экспозиция материалдары, Ақтөбе облысы аймағында жүрген археологиялық және этнографиялық экспедициялар материалдары, информаторлар мәліметтері, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған конференциялар, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген жинақтар, ғылыми семинарлар, дөңгелек стөлдер, көрмелер, Алматы қаласы музейлерінде сақталған Ақтөбе облысы қазақтарының материалдық мәдениеті құндылықтары және бұқаралық ақпарат құралдары деректері қолданылды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы өлкесіне қатысты ғылыми айналымдағы зерттеулер негізге алынды. Тарихи-өлкетану музейлеріне қатысты негізгі мәселелер «Қазақстан музейлері» жинағынан, «Мәдени мұра» Мемлекетік бағдарламасы сайтынан, Мәдениет сайтынан, Ақтөбе облыстық газеті сайтынан және Ақтөбе энциклопедиясынан қаралды. Тарихи-өлкетану музейлерінің негізгі бағыттары мен экспозициясына қатысты терминдер сөздігі музей ісіне қатысты оқу құралдарынан алынды.

Диссертациялық жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмысын жазу барысында, тақырыптың мәнін ашу үшін қор жұмысының ғылыми-ағартушылық, топтап жинақтау, салыстырып-сараптау, жүйелілік сияқты әдістер қолданылды. Зерттеу жұмысын жазу барысында нақтылық, жан-жақтылық, объективтілік принциптері басшылыққа алынды. Сонымен қатар бұл мәселені талдау барысында ғылыми ізденістер жүргізу арқылы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жұмысына байланысты, ғылыми айналымдағы зерттеулер негізге алынды. Қор, экспозиция жұмыстарын синтездеу барысында музейге еңбек сіңірген ғалымдардың теориялық тұжырымдары мен зерттеу әдістері пайдаланылды.

Диссертациялық жұмысының хронологиялық шеңбері. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен өңірлік музейлердің құрылған уақытынан бастап бүгінгі күнге дейінгі уақыт аралығындағы баспагерлік жұмыстарын, ағартушылық қызметі мен ортамен байланысын қамтиды.

Диссертациялық жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмысы кіріспеден, екі тараудан (бірінші тарау бес бөлімшеден, екінші тарау төрт бөлімшеден), қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

1 АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ МЕН

ӨҢІРЛІК МУЗЕЙЛЕР КОЛЛЕКЦИЯЛАРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

1. 1 Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихы

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған облысымыздағы ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, насихаттау жөніндегі ірі мәдени ошақтың бірі [8, 56 б. ] .

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында облыстық, аудандық, мемориалдық 17 музей қызмет етеді. Өлкеміздің тарихы, мәдениеті мен шежіресінен сыр шертетін музей экспозициясы ғалымдар тарапынан жоғары бағаланып, Отандық тарихпен өлке тарихының негізгі кезеңдерін зерттеп, білім алудың дерек көздеріне айналды. 1929 жылы шағын мектеп музейі ретінде шаңырақ көтерген музейдің алғашқы директоры педтехникумның оқытушысы Д. Темушко деген кісі болған. Ол музейді 1929-1945 жылдар аралығында басқарды.

Музей 1934 жылы қала шетіндегі Миссионерлер мектебіне көшіріліп, желтоқсан айына дейін сонда жұмыс жасайды. Сол жылы Ленин көшесі 35 үйдегі «Торгсина» конторына орналасады. Осы жылдар арасында музей қызметкерлері біршама экспонаттар жинайды. Енді орналасқан орны таршылық ете бастайды. Музей қызметкерлері сот орындарына шағымдана жүріп, көлемі 250 шаршы метр болатын «Казторг» мекемесіне жөндеу жұмысын жүргізіп, музейлік бағытта диарамма жасалып, жасақтау жұмыстарын жүргізе бастайды. Бірақ музей бұл орынға да тұрақтамайды.

1946 жылы партия мүшелерінің араласуымен Комсомол көшесі 22 үй ғимаратына 120 шаршы метр көлемдегі бөлмеге музей, одан да үлкендеу бөлмеге облыстық кітапхана орналасады. Бұл жылдары музейді К. С. Черников басқарып, экспонаттар екі мыңға жетеді.

1951 жылы музей ісі бойынша шыққан қаулы негізінде жаңадан экспозиция жасақталып музей жұмысы айқындала бастайды. 1944 жылы 8 шілдеде ҚазССР Халық комиссариатының қаулысы бойынша Ойыл ауданында Ш. Берсеевке арналып музей ашылған. 1953 жылға дейін жұмыс жасап, облыстық музейге қосылады.

Біздің жерімізде маңызды археологиялық жұмыстар 1955-1963 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Ленинград ғылым академиясы жанындағы археология институтының В. С. Сорокин бастаған археологиялық экспедиция облыстың Солтүстік және Батыс аудандарында жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде қола дәуіріне жататын көптеген археологиялық олжалар: екі құлақты қола қазандар, қоладан жасалған жебелер, найза ұштары, қапсырмалар, білезіктер т. б музей қорына түскен және экспедицияның жұмыс есебі тапсырылған [8, 29-30 бб. ] .

1965 жылы музей тарихында ерекше оқиға бұрынғы екі қабатты қонақ үй күрделі жөндеуден өтіп тұрақты мекенжай ретінде музейге беріледі. Оның жасақтау, көркемдеу жұмыстарын Орынбор көркем сурет шеберханасы суретшілері жүргізеді. Ашылу салтанатына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Д. А. Қонаев қатысады. Осы жылдары облыстық атқару комитетінің төрағасы Р. Сәрсенова зейнеткерлік демалысына шығуына байланысты музей директоры болып келеді.

1970 жылдардың басында тұңғыш рет Қазақстан ғалымдары археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін Ақтөбеге келеді. 1973-1974 жж. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты жанынан құрылған тарих ғылымдарының кандидаты М. К. Қадырбаев (1932-1986 жж. ) басқарған экспедиция барысында «Бесоба», «Сынтас», «Нагорный» қорғандарынан сармат шеберлерінің қолынан шыққан алтын бұйымдар мен тұрмыс заттары табылған (сурет-1) . Олар музей қорына тапсырылған [9, 6 б. ] .

1974 жылдың мамыр айынан музей директоры қызметіне Н. Петров тағайындалады. Осы жылы өлкетанушы В. В. Радионов (1913-1986 жж. ) «Жас археолог» үйірмесін ашып, жастарды өлке тарихын танып білуге жетелесе, «Табиғат», «Жас экскурсовод» үйірмелері туған жерін сүюге, құрметтеуге үйретті. 1983-1985 жж. музейге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, көркемдеп безендіру жұмыстарын Свердловскінің шығармашылық-өндірістік комбинаты суретшілері орындап шығады 1990 жылы музей фойесі қазақы киізбен қапталып, ежелгі сақ-сармат тайпаларының жануарлар стиліне негізделіп, ағаштан ойылып жасалған тұтас композициямен безендірілген.

Музейдің екінші қатарға көтерілер баспалдағы, тәрбиелік мән беретін жыл он екі ай бейнесі табиғи ағаштан жасалды. Оны жасаған шеберлер Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Б. Н. Пак және белгілі суретші А. Құрманалин.

Еліміздің егемендік алуы, оның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлерінің мәнін аша түсті. Осы ретте қазақ халқының ерте заманнан бүгінге дейінгі мәдениеті, ежелгі мәдениеттермен сабақтастығы, Еуразия құрлығында орналасқан Қазақстанның орны мен рөлі туралы, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дамытудың маңызы зор болды. Ал оны халыққа, елге танытуда музейдің алар орны ерекше. Музейдің жаңа концепциясы дайындалып, түбегейлі өзгерістер енгізіліп қайтадан құрылды. Алғашқы құрылған залдардың бірі - «Дулығалы дала перзенттері» залы. Кейін музейдің барлық залдары ұлттық бағытта қайта жасақталды [10, 8 б. ] .

Сол жылдары музей залдарын жасақтап, қорын толықтыруға талантты қолөнер шеберлері суретшілер, мүсіншілер үлестерін қосты. Олар: Айтберген, Махмұд, Тұрсынжан, Құлмантегі, Күлипа, Қуандық, Жұбаниязовтар әулиеті, М. Телеуішов, С. Әлімбетов, А. Құрманалин, Ж. Кенбаев болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан музейлерінің қалыптасу және даму тарихы
Қарағанды облысындағы музей ісінің қалыптасуы
Қазақстандағы музей ісінің тарихы
Шығыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану музейінің қалыптасуы
Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуындағы мәдени туризм модернизациясы
Қазақстан музейлерінің бүгіні мен ертеңі
Музейлердің қор жұмысы
Алматы қаласы тарихының музейі
Еңбекке сұрныс көлемі жалақы көлеміне кері байланыста
Музей ұғымының теориялық негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz