Нұртазин және Мұқановтану ілімі мәселелері


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Нұртазин және Мұқановтану ілімі мәселелері
Мамандығы: 030770 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 3-5
I ТАРАУ
Алуан қырлы әдебиетші. 5-15
1. Талант және тағдыр.
2. Саңлақ ғалым.
II ТАРАУ
Т. Нұртазин -Мұқовтану ілімінің негізін қалаушы. 16-41
1. Қаламгер шеберлігінің қырлары.
2. Мұқановтану мәселелері.
ҚОРЫТЫНДЫ 42-43
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 44-45
КІРІСПЕ
«Әдебиет - замананың көзі, құлағы» (М. Горький) .
Әдебиет -үздіксіз даму үстінде болатын, үнемі жаңарып, толығып отыратын өнер түрі. Әр қоғамның өскелең саяси-әлеуметтік рухани дәрежесіне сай, сыр-сипатына сәйкес, сана-сезімі жетік саңлақ тұлғалары болатыны аян. Әдебиеттің де өсіп-өркендеуіне, қанат жаюына барша талант иесі, барлық жанр ат салысатыны белгілі. Қазақ әдебиетінің бұрылыс -бұлаңы мол, қиын да күрделі өсу жолында өшпес із қалдырған қаламгерлеріміз баршылық.
Бүгінгі күні биік деңгейге көтерілген әдебиетіміздің қабырғасын қалап, шаңырағын көтерген А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин т. б. алыптар тобы десек, осылардың ізін басып, әдебиеттің әр жанрында жемісті еңбек еткен қаламгерлер шоғыры да мол. Олар: Ғ. Тоғжанов, Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, М. Ғабдуллин, З. Ахметов, тағы басқалар. Сондай талантты қаламгерлердің қатарында Т. Нұртазиннің де есімін ерекше атауға болады.
Туған әдебиетінің қыруар жүгін ұзақ жылдар бойы арқалап келген сардар сыншы, белгілі ғалымның көргені де, көңілге түйгені де, айтқаны да мол. Оның қаламынан туған еңбектердің, зерттеулердің бәрі де бүгінгі таңда құнды да қажет материалдар болып отыр. Сыншы С. Мұқанов өмірі және шығармашылығы жайлы ең алғаш қалам тартқандардың бірі. Кейін бұл тақырып сыншының негізгі зерттеу обьектісіне айналып, ол жазушы жайлы мәнді де маңызды мәліметтер жинап, «Жазушы және өмір» атты монографиясын өмірге әкелді.
Сыншы-ғалымның бастан кешірген тауқыметі де жетерлік. Ол «контрореволюциялық ұйымдарға қатысқаны үшін» деген айыппен 1937 жылдың 28 тамызында тұтқынға алынып, бес жыл айдауда, абақтыда болады. Одан 1942 жылы 3 ақпанда босатылады. 1955 жылдың тамызында ғана толық ақталады (1) . Жазықсыз жазалану, моральдік азап шегу қаламгерге, әрине, оңай тимегені анық. Осындай ауыр кезеңді басынан өткізген Т. Нұртазин өзінің халқына адалдығын еңбегімен дәлелдеп, барлық қажыр - қайратын әдебиетке арнады.
Жоғарыда аталған қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салып, қалыптастырушылар сол кездерде бой көрсетіп қалып отырған бір жақты көзқарастарға тойтарыс беріп, әдебиеттану ғылымын сара жолға сала білді. Біздің зерттеу нысанамызға алынып отырған Темірғали Нұртазин - қазақ әдебиеттану ғылымының өсіп -өркендеп даму кезеңінде қайраткерлік көрсеткен әдебиетшілер шоғырының бел ортасында тұрған әйгілі қаламгер. Ол осы жолда ерінбей, жалықпай еңбек етіп, қазақтың әдебиет сынының дамуына қомақты үлес қосты, қазақ әдебиетінің тарихын жасауға айтарлықтай еңбек сіңірді. Кезінде одақ көлемінде лайықты бағасын алған «С. Мұқанов творчествосы туралы» (1951), «Жазушы және өмір» (1960), «Б. Майлиннің творчествосы» (1967) атты көлемді монографияларын жазды. Қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін сөз еткен көптеген мақалалар жариялады. Олардың біразы 1968 жылы басылып шыққан «Шеберлік туралы ойлар» жинағына енді. М. Қаратаев, С. Қирабаевен бірлесіп «Қазақ совет әдебиеті» деп аталатын жоғары оқу орындарына арналған оқулықты (алғашқы басылымы 1971 жылы) жазысты.
«Жазушы және өмір» еңбегінің авторы туралы, сонымен бірге, негізгі зерттеу объектісі болып отырған мұқановтану мәселесі жайлы азды-көпті пікірлер айтқан ғалымдар көзқарасын саралай, салыстыра отырып, негізгі мақсатымыз қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан, «қазақ әдебиетінің Атымтай Жомарты», мұқановтану ілімінің негізін қалаушы ғалым Т. Нұртазиннің орнын көрсету болып отыр.
І ТАРАУ. АЛУАН ҚЫРЛЫ ӘДЕБИЕТШІ.
Адал еңбек, қажырлы қайраткерлігімен, ұзақ жылғы ұстаздығымен, талантты шығармаларымен халқы, Отаны алдындағы перзенттік борышын ақтаған азамат Темірғали Нұртазин жөнінде өткен шақпен жазу мүмкін емес: оның артында қалған мұра тарих ауқымына енгенімен, әлі архив мекемесіне түсе қойған жоқ. Темірғали Нұртазин өмір жолында басқа да талант иелері тәрізді тағдыр тәлкегіне түсіп, талай сынды басынан өткерген: жеңіс, жемістерді де, соқпақты жолдарды да.
Темірғали Төлемісұлы Нұртазин 1907 жылы 26 желтоқсанда Қорған қаласындағы май айыру заводы жұмысшысының отбасында дүниеге келген. Өз елінде күнкөрістің қолайлы жолын таппаған Төлеміс ең бір азапты шақтарында белі бекіп үлгермеген, бұғанасы қатпаған Темірғалиды жастайынан жалға беруіне тура келеді. 1956 жылы жазған өмірбаянында. Т. Нұртазин: «Мен тоғыз жасымнан 1925 жылға дейін жалға жүрдім, жұмыс істедім», - деп жазыпты. Азап пен қорлық қаншама қумалағанмен, ол оқудан қол үзбеген. 1916 жылы Қорғанның әуелі приход, кейіннен тоғыз жылдық мектебінде 1925 жылға дейін оқиды.
1920 жылы шешесінен айрылып, жетімдік тірлігі әкесінің 1923 жылы Солтүстік Қазақстан облысының төңкеріс ауданына көшіп келуімен қиындай түседі. Мектепті тамамдағаннан кейін, 1928-29 оқу жылында Уақ мекебінде мұғалімдік қызмет атқарады. Білімін жалғастыруды мақсат тұтқан Темірғали, Петропавл қаласындағы қазақ педтехникумына оқуға түседі. Техникумда, бір жағынан, орыс тілі мұғалімі болып жүргенде, 1930 жылы КПСС мүшелігіне қабылданады. Әрі оқып, әрі оқытып көзге түскен жас 1932 жылы қалалық комитеттің бюро мүшесіне қабылданады. 1933-36 жылдар аралығында Ленинградтағы журналистика институтында дәріс алған ол Орыс, Батыс, Шығыс әдебиеттерінің ғана емес, жалпы білім теңізінің тереңіне ден қойған, ақыл мен сана парық пен парасаттың қайнар көзінен еркін сусындады, әдебиетіміздің тарихын, бүгінгі даму барысын талдап, жәдігерлік көрсетіп отырды. 1936 жылы талантты дарын «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. 1937 жылы Алматыға арнайы шақырылып, қазақ драма театрының директоры болады.
1943 жылдың жазында қазақтың қара шаңырағы -КазПИ-ге ауысты, алдымен ассистент, аға оқытушы, 1947-56 жылға дейін доцент болды. Ұстаз болумен қатар, шәкірттік өмірді машыққа айналдырған Темірғали Нұртазин шет тілдері институтының неміс бөлімшесінен дәріс тыңдайды. 1956 жылы қазақ университетіне ауысады. Өзінің үлгілі ұстаздық қызметін мінсіз атқара жүріп, заманымыздың ұлы ғұламасы, үлкен жазушысы Сәбит Мұқановтың шығармашылығын зерттейді. 1962 жылы докторлық диссертация қорғайды, 1964 жылдан өмірінің ақырғы сәтіне дейін қазақ университетінің профессоры болып талай жас талапқа терең білім, жолдама берді.
Жоғарыда аталған өмірбаянында: «1930 жылдан бері әдебиетпен айналысып келемін. Әңгіме, очерк жазудамын. Соңғы он шақты жылдың деңгейінде сын және әдебиеттану ісімен шұғылданудамын. СССР Жазушылар одағына 1945 жылдан мүшемін», - деп жазыпты. Жарияланған еңбектерінің алғашқысы - өлең. 1932 жылы «Қарағанды қаламы» атты альманахта «Машинист» деген өлеңі басылған. Кейін «Қарағанды пролетариаты» газетінің бір бетінде «Балқашта» деген поэмасы жарияланған. 1935 жылы «Өнер тапқыш», 1936 жылы «Слесарь» атты очерктері басылғанын көреміз.
Т. Нұртазиннің публицистік қаламының ұшқырлығын, жазушылық дарының нәрлілігін, аудармашылық қабілетінің сан-салалығын аңғару қиын емес. Орыс, қазақ, татар тілінде қалам жебеп, өзінің ойын ғана емес, көркемдік түсінігі мен сезімін жеткізе білетін Т. Нұртазиннің «Социалистік Қазақстан», «Казхстанская правда», «Қызыл Өзбекстан» газеттерінде жарияланған көркем суреттмелері мен публицистикалары, «Мұрат», «Испытания» атты повестері, «Жаңа саты», «Адам бекер жасамайды» деген әңгіме-очерктер жинақтары қуатты дарынның бір қырын танытады.
Сыншы Нұртазин әдебиеттің көкейкесті мәселелеріне арнап жүзге жуық еңбек жазды. Т. Нұртазиннің баспа бетінде жарияланған көптеген мақалаларын санамай, тек журналдар мен жинақтарда басылған Шортанбай, Ы. Алтынсарин жайлы, «Ақындар айтысы» (1944), «Абай және орыс классиктері» (1945), Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ», «Дауылдан кейін», М. Әуезовтың «Абай» (1948), Ғ. Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» (1950) романдары туралы, «Абайдың ақындық шеберлігі» (1954), «Торайғыровтың творчествосы» (1955), «Әңгіме жанры туралы» (1961), тағы басқа көптеген зерттеу еңбектері оның әбден қалыптасқан ғалым, эстетикалық тұжырымы айқын сыншы екендігін дәлелдейді.
«Темірғали Нұртазин -сыншы ретінде де, жазушы ретінде де, ғалым-педагог ретінде де атағы шартарапқа мәлім, кім де болса оның толымды да ойлы пікіріне ілтипатпен құлақ асқан белгілі дарын. Өйткені Т. Нұртазиннің білімділігі, эстетикалық талғамының биіктігі үлгі аларлық дәрежеде . Ол дүние жүзілік әдебиеттегі, әсіресе, орыс әдебиетіндегі жаңалықтардың бәрін дерлік жете білді, оны өзінің практикалық ісінде қолданып, өзінен дәріс алып жүрген шәкірттеріне де насихаттап келді. Біліммен білік молдығы оның эстетикалық талғамының әрқашан да биік деңгейден табылуының кепілі болды», - деген белгілі сыншы Т. Кәкішев (2, 250) .
Т. Нұртазин өзінің шығармышылық, ғалымдық ой-пікірін және айтайын дегенін жеріне жеткізіп айтқан, жинақтай да терең талдаған оқымысты. Автор қазақ совет әдебиетінің күрделі мәселелерін түбегейлеп қарастырады да, өз ойы мен тұжырымдарын айқын баяндайды.
Т. Нұртазиннің бұл еңбегінде қазіргі әдеби дамуымыздың өзекті мәселелері проблемалық тұрғыдан баяндалады. «Эпопеялық роман эпопеялық өмір материалынынан туады» және «Жаңа тақырыпты жырлау проблемасы» деген тарауларды С. Мұқановтың шығармашылық практикасымен шектелмей, М. Әуезовтің «Абай жолы», Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды», «Дауылдан кейін», Х. Есенжановтың «Ақ Жайық», З. Шашкиннің «Ұядан ұшқанда», «Тоқаш Бокин» атты роман- повестеріндегі өнерпаздық тәжірибелермен сабақтастыра тексерді. Бұл әдебиеттанудың бүгінгі көрінісін аңғартатын ұнамды көрініс, оның бұдан былай да өркендей түсетін жолына жасалған жемісті қадам. Автор көркем шығармаларда образ жасау мәселесін тек принцип тұрғы-сынан қарамай, аталған авторлардың шығармаларындағы көркемдік шеберлік пен сюжеттік желінін нық тарту, өмірден туған шынайы конфликтіні дәйекті өрбіту, портрет, пейзаж жасау, шығарманың архитектоникасы әдемі, құрылысы шымыр болу, көңілдегі көрікті ойды көркем бояумен суреттеу сияқты мәселелермен тікелей байланыстырып, татымды да құнарлы пікір айтты. Жамбыл Жабаев, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленовтар поэзиясы жөнінде айтқан толғамдары да терең де дәлді.
С. Мұқановқа арналған монографиясын 1966 жылы «Б. Майлиннің творчествосы» атты көлемді еңбегімен жалғастыра түсті. Бұған дейін Б. Майлин шығармашылығын жан-жақты талдап, қадір-қасиетін танытқан зерттеу болмай келген.
Б. Майлин шығармашылығында өзінің бар айшығымен көрінетін реализм, шығарманы жандандыратын юмор, зілсіз мысқыл, сатира, өршіл романтика, белгілі дәрежеде өз арсеналында кездесетін қасиеттер. Демек, бұл дарындар бір -біріне еріксіз телінбей, керісінше, іштей ұғынысып, жарастық тапқан.
Ғалым Т. Кәкішев: «Бейімбет Майлин творчествосы» туралы еңбектің ең негізгі құндылығы -зерттеу методологиясының дұрыстығында, социалогиялық-эстетикалық талдаудың диалектикалық бірлігін қатаң сақтауында» деп, еңбектің ерекше бір қырын атап өтеді (2, 255) . Қазақ прозасының өсіп-өркендеу, дәстүр жасау мәселесіне келгенде, «Шұғаның белгісі» алғашқылардың бірі болып ауызға алынады. «Шұғаның белгісін» автор повесть деп дәлелдейді.
«Шұғаның белгісі» жұрт дағдыланған дәстүрлі әйел теңдігіні
көлеміндегі нәрсе емес. Автор мәселені сырттай солай қойып, солай
дамытып, сол әйел көлемінде шешкенмен, шығарманың ішкі маңызы
әлдеқайда терең, кең қатпар-қатпар, астарлы. Шығарманың басты
тақырыбы, негізгі идеясы - гуманизм, адамгершілік. Басынан аяғына
дейін бұра баспас нақты сюжетке, логикалық оқиғалар ағымына
құрылған повесть жанды тербер лирикалық болып шыққан. Әр сөзінен,
әр жолынан нәзік лириканы сезесің. Ол лирикаға дем беріп, сарқылмас
күш дарытып тұратын -гуманизм, адамгершілік», -деп пайымдаған
зерттеуші (3) . Т. Нұртазин Б. Майлиннің поэзияға, прозаға, оның
ішінде әңгіме, повесть, роман салаларына, драматургияға қосқан
үлестерін кеңінен сөз етіп, әр жанрды табиғатына сай талдап, ұлы
дарынның қазақ әдебиетіндегі орнының ерекшелігіне баса назар
аударады.
Сыншы Майлиннің «Раушан-коммунист», «Берен», «Әміржанның әңгімесі» сияқты повестерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктерін айқын ашып көрсетеді.
Қазақ әдебиетінің классигі Б. Майлин шығармашылығын тұңғыш рет кең көлемде зерттеп, оның көркемдік шеберлігінің қадау-қадау биіктері мен өзіне тән ерекшеліктерін білгірлікпен, оқымыстылықпен баяндағаны іргесі жаңадан қаланып келе жатқан Бейімбеттану іліміне негіз болары айдан анық. Үлкен де байсалды ғалым қазақ әдебиетінің бүгінгі жанды процесіне тікелей араласып, өзінің жауынгер сыншы да екендігін танытты. М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ж. Саин және басқа ақын-жазушылардың жаңа шығар-малары жайында татымды ойлар, құнды пікірлер айтқан болатын. Олар 1967 жылғы «Шеберлік туралы ойлар» атты жинағында шоғырлана жиналып, ғалымның алғыр да ұшқыр қаламының өнімді де жемісті, ойы терең сыншы екендігін таныта түсті.
Ғ. Мүсірепов еңбектеріндегі негізгі тақырып, әлеуметтік мән, көркемдік нәр туралы да азды-көпті сөз қозғаған ғалым «Тарғыл қауын», «Айгүл қойшының бір күні», «Қаз қалпында», «Кездеспей кеткен бір бейне» тағы басқа шығармаларына тоқталып өтеді. Жазушы қозғаған мәселелердің, тақырыптардың көпшілігі тың, бұрын ешкім із салмаған, жаңа деген пікір айтады.
«Тарғыл қауын» - Ғ. Мүсірепов талантының жаңа қырларын ашқан қызық шығарма», -дейді ғалым. Ал «Кездеспей кеткен бір бейнені» жоғары бағалай келе, шығарманы проза, оның ішінде повесть деп атауды ұсынады (4) .
Сонымен, ғалымның Ғ. Мүсірепов шығармалары жайлы ойлары өте қолайлы да келісті айтылған. Ғ. Мүсірепов «өмірдің толғақты мәселелерін толғап шешуге, соның ертеңгі дамуына дана да тиімді жол табуға бар ойшылық, суреткерлік дарынын аямай жұмсаған» жазушы деп атап өтеді.
Қазақ совет әдебиетінің талантты қайраткері, ұлы суреткер М. О. Әуезов және оның шығармашылығы жайлы ғалым құнды пікірлер айтады. «Жазушы - реалист; онда сыншылдық мотив басым» дей отырып, оның қоғамдық мәселелерді қозғайтын шығармаларына баса назар аударып, әлеуметтік мәнін жоғары бағалайды. Жазушының шығармалары негізінен ауылдың табиғи қалпын, ескілік басып жатқан жақтарын қазбалай сипаттайды. Бұл суреткердің қазақ қоғамының реалды жайын, қалпын терең әрі жан-жақты біл-
гендігінің дәлелі. «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі», «Қаралы сұлу» шығармаларында ескілік шырмауындағы қоғам, әйел мәсе-лесі сияқты проблемаларға тоқталады. Сыншы «Қаракөз» пьесасының прологында ескілікті әсірелеу, дәріптеу сарыны күшті деген. Қазақ қоғамында ғасырлар бойы болып келген жан түршігерлік озбырлықтарды суреттейтін, жапа шеккендердің өмір шындығын ашып көрсеткен шығармалар қатарына «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Жуандық», «Қараш-қараш оқиғасын» жатқызады. Осындай пікірлерін жинақтай келіп, ол : «М. Әуезов -реалист. Ол революцияға дейінгі және совет дәуіріне жеткенімен ескілік құшағындағы кейіпкерлерді өз рольдерінде, тарихи сахналарында бейнелейді.
Жазушының суреттеуінде адам шошырлық ұсқынсыз, тұрпайы жексұрындар: озбыр үстемдер, қулық сауған алаяқтар; ішің бұрар сүкімділер: қоғансыздар, басын бәледен арашалаған елеусіз, кішкентай жандар; мадақтауға лайықтар: еңбек өнерімен озғандар, өліссе өлісуге дайын, бірақ озбырлараға бой ұсынбайтындар болаттай берік күрескер де көрінеді - олар Бақтығұлдар» дейді сыншы.
С. Сейфуллиннің азаматтығын, қайраткерлігін баса айта келіп, сөз өнерін қадірлегенін, өлең-жырға құмар болғанын ескереді. Революциялық идеяны, советтік өмірді басты арқау еткен поэзияны замана талабына сай әдебиет тарихында жаңа белес болғанын айтады. Ғалым Сәкенді футурист, символист деп айыптаушылардың пікірін солақай деп таниды. Ақынның поэзияда жаңа тәжірибе жасауға тырысқанымен, қазақ өлеңінің дәстүрін сақтағанын баян етеді. «С. Сейфуллин -суреткер; ол ашық үгітке, үндеуге бармайды, оқиғаны жалаң баяндамайды; пернелеп образбен сөйлейді» деп бағалайды сыншы ақынның табиғи түрде сіңіскен, қайнаса қиюласқан поэзиясын.
Ақынның «Советстан», «Альбатрос», «Көкшетау», «Қызыл ат»
тағы басқа поэмаларына тоқталылып, олардағы романтикалық пафос жайында, сюжет желісі туралы кенеулі пікірін білдіреді. «Көкшетау» поэмасын классикалық дәрежеге көтерілген, мазмұны мен көркі бірдей жарасымды озық шығарма дейді. С. Сейфуллиннің қорындағы роман, повестер, әңгімелерге де соғып, «Сәкенің прозасы дағдылы сүрлеу бойында емес, батыл ізденіс, оқыс эксперименттер жолында туды» және ол «советтік дәуірге енген қазақ елін түрлі өмір белестерінде, қилы-қилы сипаттарда бейнелегей отырып, авторың басты тұжырымы мынада: ескі ауылдың өмірі бос, әбігерде өтсе, советтенген қазақ елінің өмірі құнарлы, мағналы іске толы. Еркін халықтың қиялы ұшқыр, тілек-талабы әлемдей» деп тұжырымдайды ақынның ойын.
«Шортанбай шығармалары жайында» деген бөлімінде автор айтыс өнерінің иесі жайлы, оның лирикасы туралы өз ойын ортаға салады.
«Шортанбай - әлеуметтік лириканың ақыны» дейді ғалым. Ғалым Шортанбайдың көзқарасын жаңара бастаған заманды жат санайтындар, яғни орта ғасырлық ескі заманның ақын қатарына жатқызады. Ғалым Шортанбайды қазақ халқының жанашыры деп жақтайтындар мен ескілікті жырлаушы деп даттайтындарды айта келіп, өзі ол туралы «Шортанбай реалды өмір шындығын ашады, оның шығармаларынан қазақ халқының характерін көреміз» дейді. Расымен де, кез-келген қоғамда жаңа құбылыс болып, өзгерістер болып жатса, халық оған қалайда қыр көрсетеді: не қарсы, не қабылдайды. Халықтың басындағысының бәрін ақын ой - зерегінен өткізе отырып жырлайды. Шортанбай да осындай. Ақын әрқашан халықпен бірге. Ол жырларына халықтың арман-үмітін негіз етеді. Бай-билерге ол жек көрінішті, олардың бәрі билікке ұмтылған. Бұрынғыны тоздырған жаңалықты қуғандарды дінге шақырады. Бұлай жырлауына тарихи жағдай, әлеуметтік себептер бар. Шортанбай тарихтың қайталанбас белгілі сатысының жыршысы, жемісі дейді.
Сыншы С. Торайғыровтың саяси идеялық (1917-1918) адасуларын мойындайды, бірақ оны замана жырын толғаған өр мінезді ақын дейді. Зерттеушілердің ақынның қайраткерлігін зерттеуде ең басты кемшілігі қандай әлеуметтік күш әсер еткенін толық ашпай келеді. Ғалым Торайғыровты 1905 жылдың перзенті дейді.
С. Торайғыров - ақындық талантымен, алып дарынымен, от жалынды жігерімен қазақ еңбекшілеріне тілектес мүддегерлігімен револлюция алдындағы тарихи кезең тілек-талабына сай. Ол өз тұсының ең күрделі, толғақты мәселелерін көтерген. Көптеген өлеңдерінде адаманың адамгершілік қасиетін терең толғанып тебіреніп жыр еткен.
Әйел теңдігі мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген. Ас ішіп, аяқ босатып, өмірге өкпе де, ризалық та білдірмей, дүниеден қонақ болып өтетіндерге еркіндік, теңдіктің қадыры да, пайдасы да шамалы. Сыншының ойынша, Сұлтанмахмұт әйел мәселесін теңдік алу және адамшылдық дәрежесіне көтерілу деп қояды.
«Кім жазықты?» мен «Қамар сұлуда» С. Торайғыров өмір сырын терең танығыш, ой көзі көреген, дарынды жазушы екенін танытты. «Қамар сұлудың» басты тақырыбы адам тағдыры, «ақыл, ой, мінез, көркі түгел келген» Қамардың адамгершілік тағдыры туралы дейді сыншы.
Ақынның ақпан революциясынан кейінгі шығармашылығын сыншы екіге бөледі:
1. 1917-1918 жылдар. Ақын адасты, жаңсақ жолда болды. ;
2. 1918-1919 жылдар. «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары, «Осы да әділдік пе?» өлеңі дүниеге келетін шақтар. Мұнда ақын идеялық, шығармашылық жаңа сатыға көтерілді. «Аталған үш шығарма ақынның Октябрьге дейінгі сыншылдық реализмнен әлде қайда ілгері кеткенін, совет әлеміне қадам созып, социалистік реализм әдісіне таяу қалғанын көрсетеді» дейді ғалым Т. Нұртазин (4, 164) .
Қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынын өркендетуге өзінің сүбелі де салмақты үлесін қосқан Темірғали Нұртазиннің шығармашылығын бүгінгі таңда арнайы зерттеу қолға алынбақ. Бойындағы бар қуат дарынын өз елінің мәдениетін көркейтуге, ғылымын өркендетуге жұмсаған үлкен таланттың халық жүрегінде ұзақ жасары айқын.
II ТАРАУ. Т. НҰРТАЗИН -МҰҚАНОВТАНУ ІЛІМІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ.
Әдебиетші ғалым, сыншы ретіндегі Темірғали Нұртазиннің мол әдеби мұрасының бір бөлігін қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі, белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың шығармашылығына арналған еңбектері құрайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz