Жетісу ақындық, жыраулық дәстүрі


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 87 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Жұмыстың зерттеу нысаны . Ақындық, жыр айтуда өзіндік өрнегі, қолтаңбасы бар ақындық, жыр айту мектебінің бірі - Жетісу ақындық дәстүрі. Ауыз әдебиеті жанрыныңішінде айтыстың ерекше дамуы кезінде Жетісу ақындық, жыр мектебініңерекшк көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда Жетісу жыр айту дәстүріне сүбелі үлес қосқан дарындардың қатарында Түбек, Қабан (Қабылиса), Бақтыбай Жолбарысұлын, Сүйінбай, Жамбыл, Құлан аян Құлмамбет т. б. атауға болатын секілді. Бұлар да негізгі көңілдерін айтысқа, айтуға, сүбелі толғаулар шығаруға бұрып өздерінің ақындық, жыраулық мектептерін қалыптастырған.

Түбек, Қабан (Қабылиса), XVII-XVIII ғасырлардың, Бақтыбай Жолбарысұлы, Сүйінбай - XIX ғасырдың 30-жылдарынан 80-жылдардың соңына дейін алпыс жылдан астам іркіліссіз жырлаған, айтыста жеңіліп көрмеген аса көрнекті ақын-жыраулар. Олардың өлеңдері мен айтыстарында қазақ елінің талай ғасырлық өмір-тіршілігі, арман-мұраты көрініс тапқан. Жасынан қолында билігі мен байлығы барлардың кедей- кепшікке көрсеткен зорлық-зомбылығын, әлеуметтік әділетсіздікті көріп-біліп өскен ол қара халықтың жоқшысы болды. Би мен бектің, атқа мінерлердің халыққа жасаған қиянаттарын алмастай өткір жырлармен естен кетпестей қып бетіне басты. Ел бірлігін, оның тәуелсіздігін, сол жолдағы ерлердің жанқиярлығын талмай жырлады. Ол өзінің бұл биік адамгершілік-этикалық ұстанымын жолын қуған талантты шәкірттерінің көкірегіне құйып отырған.

Жетісу ақын-жыраулары пір тұтқан атақты Қабан жырау - әрі ақан, әрі айтыскер, әрі жырау, әрі сәуегей абыз. Жырау туралы деректер мардымсыз болғанмен, көнекөз қариялардың айтқан аңыз, дәйектері сорабымен, Сүйінбай, Бақтыбай, Кенен, т. б. ақындардың жыр-толғауларындағы деректі жолдар арқылы ол туралы біршама мәліметтер жинақталған. Қабан жырау Жалайыр ішіндегі мырза деген рудан. Шамамен XVIII ғасырдың басында дүниеге келген, 90 жас жасаған. Ел есіндегі естелік аңыздарға қарағанда, Ескелді, Балпық билермен Райымбек, Өтеген батырлармен тұстас.

Қабан ақынды ұстазым деп санағандар аз емес. Соның бірі айтыс өнерінің асқан шебері, от ауызды, орақ тілді Жалайырдың Бақтыбай ақыны. Ол түсінде өзіне Қабан ақынның ақ балдақ бергенін өмір бойы мақтанышпен айтып өткен, пір тұтқан, Жамбыл атамыз секілді арқалы, әруақты ақындармен айтысарда Қабан ақынға сыйынған .

М. Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған Сүйінбай мен «ағыны аспандағы жұлдыздай боп» (Ақын Сара) өткен Бақтыбайдың бас иген адамы Қабан ақынды (Қаблиса) қадір тұтқан халайық «Ақын ата», «Абыз-ата», «Қаблиса жырау», «Әулие» деп те атаған көрінеді. Күміс көмей әнші, композитор Кенен Әзірбаев өзінің «Жамбыл-жыр» деген өлеңінде:

Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,

Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын.

Нағашысы жалайыр Қабан ед деп,

Жамбыл атам айтатын маған атын.

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,

Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау, -

деп тебірене толғайды. Бақтыбай Жолбарысұлы өзінің түсіне кіріп, бойына ақындық шарапатын дарытқан аруақты жырауды ғұмыр бойы аузынан тастамаған:

Қабан атам дейтұғын,

Менің пірім болады, - деп, немесе,

Атам Қабан оңласа,

Ескелді, Балпық, Нарымбай,

Асан-Сиық қолдаса, - деп арқаланып,

Асанда ақын ата әулие өткен,

Инеге қара сөзді сабақтаған, -

деп аспандата ардақ тұтып отырады екен.

М. Жолдасбеков «Қабан кезінде жырау болған, айлап айтса таусылмайтын эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Өкініші, соның ешқайсысы да сақталып бізге жетпеген. Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай, ілесіп жүріп батасын алса керек», - дейді.

Қабан жырау XVIII ғасырдағы Шал, Көтеш ақындар тәрізді айтыскерлігімен де аты шығып, кейінгі ақындарға үлгі мектебі болған. Ақынның Таутан қызбен, Тұмаршамен айтысы ел аузында жатталып, сақталып бүгінгі күнге жеткен. Қабан жырау есімі М. Әуезовтың «Айтыс ақындары» деген зерттеуінде кездеседі. [1, 70б]

Зерттеулердің дерек көздері. Біз бұл аты аталган ғылыми еңбектерге көзқарасымызды білдіріп, түгел талдадық деп айтудан аулақпыз. Дегенмен, М. Әуезов, М. Жолдасбеков, Н. Төреқұлов, С. Садырбаев, М. Үмбетаевтың еңбектерін жұмысымызда басшылыққа алғанымыз хақ.

Жоғарыда айтылган ғалымдардың барлығының еңбектерін біздің жүмысымыздың көлемі де, характері де талап етпейді. Әрине, оларда әр ақынның өз қолтаңбасына, ақындық талантына, стилдік ерекшеліктеріне қарай біртекті үқсастық немесе бір бірінен қарама қайшы пікірлер де, дәлелдеулер де болуы мүмкін. Олармен қатар С. Аронұлы шығармашылығы жайында әр жылдарда ғылыми пікір білдіргендер С. Садырбаев, М. Жолдасбеков, Н. Төреқұлов, Н. Оразов сынды ғалымдардың еңбектері де жүмысқа пайдаланылды.

Зерттеу жүмысының мақсаты. Қабан жырау, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбылдың ел аузында сақталып келген, ақын өмірінің сүрлеуінен табылганын талдай отырып, заманы және өзімен түстас ақын, шешен адамдар жайын қарастырып, өлеңдері, айтыстары мен дастандарын барынша кеңірек зерттедік.

Сондықтан біз күшті сол жагына көбірек жұмсадық. Шыгармаларын өз халімізше жан-жақты нақты нысандар мен үзінділер арқылы талдауды негізгі мақсат етіп алдық.

Зерттеудің теориялық пәні, практикалық негіздері. Біз бұл бітіру жұмысында қазақ әдебиеттану ғылымының негіздеріне сүйене отырып Қабан жырау, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл өлеңдері мен әйгілі айтыстары және батырлық жырларының идеялық -көркемдік ерекшелігіне баса назар аудардық.

Зерттеу жұмысында айтылған ғылыми пікірлерді, ой- түжырымдарды ақын-жазушылардан қалған естеліктерді басқа да еңбек жазуға, қолдануға, тереңірек пайдалануга болады.

Зерттеу әдісі. Жетісу ақын-жыраулары туралы еңбектерді және ол туралы жазылған мақалаларды саралап талдау, өзара салыстыру, пікірлерді жинастыру. Сипаттама, салыстыру, талдау әдісін қолдану.

Жұмыстың құрылымы. Кіріспе, 3 тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен түрады.

  1. ЖЕТІСУ АҚЫНДЫҚ, ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Жыраулық, ақындық, өнерде өзіндік өрнегі, қолтаңбасы бар мектептің бірі - Жетісу жыраулық, ақындық дәстүрі. Ауыз әдебиеті жанрының ішінде айтыстың ерекше дамуы кезінде жетісу жыр мектебінің кеш дамуына әсер еткен секілді. Олай дейтініміз бұл мектептің негізін салған Күсеп оның баласы Сүйінбайдың өзі тек өздері шығарған дастандарды ғана жырласа, олардың алдында жыр айтушылар туралы дерек жоқтың қасы. Осы тұрғыдан қарағанда С. Мұқановтың пайымдауынша Жетісу жыр айту дәстүріне сүбелі үлес қосқан дарындардың қатарында Түбек, Қабан, Бақтыбай Жолбарысұлын (1842-1902 ж. ж. ), Сүйінбай, Жамбылды атауға болады. Бұлар а негізгі көңілдерін айтысқа бұрғанымен, жыр айтуда, толғау шығаруда өздерінің ерекше қол таңбасын қалдырған. [2, 41б]

Қазақ халқының сан ғасырларға созылған рухани даму тарихында Жетісу өлкесінің алар орны ерекше. Ежелден ән мен жырдың арқауы болған өңірден талай-талай қара сөздің қаймағын қалқыған саңлақ би-шешендер, өлең сөздің өрісін кеңейткен дүлдүл ақын-жыраулар шыққаны мәлім. Халқымыздың поэзиялық мұрасын байытқан, дәстүрін жалғастырған, атадан балаға ұластырып, айтып жеткізген ақын-жыраулар мұрасында жетсулықтардың да үлесі мол. Ол мұралар ішінде жыраулар мен ақындардың төл шығармалары да, оларға әріден жеткен бағзы жырлар да, сол дәуірде туған эпостың туындылар да болуы мүмкін.

Қабан жыраудан бата алған Жетісу жеріндегі ақындық-жыраулық поэзияның аса ірі өкілі - Сүйінбай Аронұлы. Әлеуметтік маңызы зор өлеңдері мен қатар, ірі сюжетті толғау, жырлар тудырған поэзия алыбының туындыларында ХІХ ғасырда қазақ халқы басынан кешкен үлкен тарихи оқиғалар сипатталған. Ақынның ең мәнді-мағыналы, өшпес ойлы, өткір жыр, толғаулары қазақ халқының Қоқан хандығымен шайқасы үстінде туып, ерлерді ерлікке, бірлікке шақырып, ел жүрегінен берік орын тепті. «Бөрілі менің байрағым», «Барша жұрттың бағы үшін» шығармалары азаматтық үні басым толғаулар. «Ту алып жауға шықсаң сен», «Сұраншы батыр» атты көпке белгілі жырларында ақын ел даңқын асырған ерлердің жауынгерлік ерлік жолын көптің мұрат-мақсатымен үндестіре жырлайды.

Жетісу ақындық, жыр айту мектебін өзіндік өрнегі бар, толық қанды мектепке айналдырған Жамбыл Жабаев (1846-1945 ж. ж. ) . Бойына біткен ерекше дарын арқасында айтыс, дастан шығару секілді қасиеттерді толық меңгерген ол Батыс, Орталық, Оңтүстік Қазақстан территорияларына кең тараған жыр айту деп аталатын қайталанбас қасиетке қызыға мойын бұрған. Алғаш ұстазы Сүйінбай Аронұлынан (1815-1898 ж. ж. ), жеткен «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарын өзінше жырлап таратса, кейін Сыр бойына кең тараған «Көрұғлыны» он бес күн, Оңтүстік Қазақстан жыршылары айтатын «Мың бір түн», «Садыр патша мен Жамбыл патша», «Ерназар-Бекет», «Шахнама», «Қыз Жібек», қырғыз жыршылары айтатын «Манасты», Орталық Қазақстан жыршылары айтатын батырлық, ғашықтық жырларының біразын айлап жырлап үлкен репертуар байлығын жасаған. Бұл репертуарларға лайық эпос әуендерінің пайда болуы да Жамбыл есіміне байланысты. [3, 49б] Жамбыл ұрпақтары мен оның айналысындағы өнер адамдарымен кең араласқан ол Жамбылдың жыр орындауындағы көптеген саз, мақамдарын жете меңгеріп, атасының көптеген толғау, термелерін нәшіне келтіре орындап жүр.

1. 1 Жыраулық дәстүр

А. Будаговтың түсіндіруінше жырау-үндінің асыл тас мағынасындағы сөзінен тууы мүмкін дейді [4, 12б] .

Жыраудың жылаумен де жақындығы бар. Қазақта өлген кісіні арнап жоқтап жылағанда пәленнің басына жырау айтты дейді, яғни жоқтау айтты. Сонымен қатар, жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, өмір, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған. Бұл тақырыптағы толғау сөздерінде сезімге ұратын лирика болмайды, көбінесе, меңзеу, мақал-мәтелдер ретінде келетін тақпақтар, термелер болып отырады.

В. Жирмунский мен Х. Зарифов та жырауды ақын, шайыр типінің ең көне түрі деп таныған [5, 27б] . Бұл пікірді олардан кейін жырау туралы сөз қозғаған қазақ, қарақалпақ фольклоршылары да қостап жүр. Профессор Н. Смирнова «Жырау сөзінің мағынасы-«жыр айтушы» деген сөз… Бұл жыр айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне», -деп жазады [6, 40б] . Профессор Е. Ысмайылов Н. Ильминскийдің пікіріне және татар тілінде «жыру», «жыруче» сөздерінің «жыр» сөзімен мағыналас екендігіне сүйене отырып, «жырау» сөзін «жыр», «жыр айтушы», «жырламақ» сөздерімен байланыстырып, бұл сөздің мағынасы «тарихи жыр айтушы, болашақты болжаушы» екендігін айтады [3, 39-40б] . Ал жырау типінің пайда болу кезеңі жайлы Е. Тұрсынов былай дейді «Мұның өзі жырау типінің әскери демократия кезінде пайда болғанын аңғартады. Батырлар жырының тарихта болған батырлар, дарынды қолбасшылар, көсемдер туралы баяндайтыны белгілі. Алғашқы батырлар жырының үлгілері осы адамдардың құрметіне шығарылған мадақтау, мақтаулардан туғандығы да барлық фольклоршыларға белгілі. Алғашқы батырлар жырының әруақтарды мадақтауға арналғандығы және магиялық мақсатта орындалғандығы батырлық эпос үлгілерінің, ертегілер сияқты, әрқашан да сәтті аяқталуына себеп болды деп ойлаймыз. Демек жырау типінің пайда болуы әруақтар культінің пайда болып қалыптасуы процесімен қатар өтіп жатты» [3, 175б] .

Жырау-әлі қоғамдық ғылымда зерттелмеген, сыры ашылмаған күрделі ұғым. Жыраулар-қазақ этномәдени дамуының ең бір шешуші, кульминациялық кезеңі-тарих сахнасына «қазақ» атымен шығып дербес хандық құру кезеңін сипаттайтын терең рухани құбылыс. Ол өз жанынан өлең-жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. Махмұт Қашғари жырау сөзін «йарығу», өлең шығарушы, музыкант деп түсіндіреді. Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекші жетекші рөл атқарды. Олардың шығармалары дидактикалық сипаттағы философиялық толғаулар түрінде келеді. Жырау толғауларында өзінің замана жайындағы түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, елеулі қоғамдық әлуметтік мәселелер көтереді. Жырау жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, кейде батыр, елбасы бола жүріп, ел қорғау, азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлар туғызған. Жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер оның поэзиясының ішкі мазмұнына орайлас, сәуегейлік, батагөйшілдік түс көру, ырым айту, табиғат құбылыстарына т. б жайларға қарай болжамдар жасауға-көне дәуір жырауларына тән қасиет. Жырау туындылары адам көңілін дөп басар әсерлілігімен, мірдің оғындай өткірлілігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған мықтылығымен, қиыннан қиыстырған көркемдігі және қуатты серпінділігімен ерекшеленеді. Қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясының тұңғыш өкілдері ретінде XV ғасырда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған есімдері аталады. XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей жыраулардың поэзиясында отанды қорғау, жат жерді басқыншыларға қарсы күрес тақырыбы ерекше жырланды. XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі-Бұқар жырау жыраулық поэзияны жаңа биікке көтеріп, оның тақырып аясын кеңейте түсті.

XV-XVII ғасырлар этникалық тарихының негізгі мағынасы-қазақ этносының қалыптасуының аяқталуы. Ал осы бір шешуші тарихи дәуірдің рухани, мәдени саласын жетілдіруде жыраулық мәдениет зор қызмет атқарды. Олар осы этникалық бірігу процесінің рухани-идеологиялық іргетасын жасады, Ұлттық сана, менталитет мәселесіне тікелей қатысы болды. Бұл кезеңде халық алғы философия деңгейінен көтеріліп, ойлаудың сезімдік-деректік нұсқасынан арылып ақыл-ойын кемеліне келтіре бастаған. Себебі ислам өркениетіне кіргеніне бірнеше ғасыр өтті. Түркі тайпалары әл-Фараби, Иассауи, Ж. Баласағұн, М. Қашғари сынды ойшыл, философ, ғалым дәрежесіне көтерілген тұлғаларды өз орталарынан шығарып үлгірген еді. Жыраулар өмір сүрген қазақ хандығы кезінде суфизм қазақ мәдениетіне терең тамыр жайған еді. Иасауи дәстүрімен қоса осы дәуірде орталық Азия қалаларында: Бұқара, Самарқан, Хиуа сияқты білім-дін ордаларында софы бауырластығы зор белсенділік танытты. Көшпелі қазақтар да осы рухани әсерден тыс қалған жоқ.

Жыр айтуда өзіндік өрнегі, қолтаңбасы бар жыр айту мектебінің бірі- Жетісу жыр айту мектебі. Ауыз әдебиеті жанрларының ішінде айтыстың ерекше дамуы кезінде Жетісу мектебінің кеш дамуына әсер еткен секілді. Олай дейтініміз бұл мектептің негізін салған Күзеп, оның баласы Сүінбайдың өзі тек өздері шығарған дастандарды жырласа, олардың алдындағы жыр айтушылар туралы дерек жоқтың қасы. Осы тұрғыдан қарағанда Жетісу жыр айту дәстүріне сүбелі үлес қосқан дарындардың қатарында Түбек, Қабан, Бақтыбай Жолбарысұлын, Сүйінбай Аронұлын атауға болатын секілді.

Жетісу жыр айту мектебін өзіндік өрнегі бар, толық қанды мектепке айналдырған Жамбыл Жабаев. Алғаш ұстазы Сүйінбай Аронұлынан жеткен «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарын өзінше жырлап таратса, кейін Сыр бойына кең тараған «Көрұғлыны» он бес күн, Оңтүстік қазақ жыршылары айтатын «Мың бір түн», «Садыр патша мен Жамбыл патша», «Ерназар-Бекет», «Шахнама», «Қыз Жібек», қырғыз жыршылары айтатын «Манасты», Орталық Қазақстан жыршылары айтатын батырлық, ғашықтық жырлардың біразын айлап жырлап, үлкен репертуар байлығын жасаған.

Жырау, ақын-жыршы, ақындар жөнінде М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, Е. Тұрсынов, М. Мағауин, Ж. Тілепов, М. Үмбетаев, М. Жолдасбеков, Н, Төреқұлов т. б. еңбектерінде сөз болды.

1. 2 Ақындық дәстүр

С. Мұқановтың айтуына қарағанда, ақын типі жырау типінің негізінде дамыған. Демек, ақындардың ең көне түрі-жыраулар [2, 11-12б] . Бұл пікірді Е. Ысмайылов та қостайды: «Тарихи деректерге қарағанда, жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты» [3, 43б] . Профессор Е. Ысмайыловпен бірігіп, «Қазақ әдебиетінің тарихы» үшін жазған тарауында Е. Тұрсынов та осы пікірді қолдаған болатын: «Ақын сөзінің талдауы қазақ фольклоры үлгілерін тудырушы әрі сақтаушы-таратушыларының осы типі жыраулардан кейінгі дәуірде пайда болғанға ұқсайды. Алайда ақындар мен жыраулардың репертуары мен атқаратын міндеттеріен салыстырып қарасақ, ақындардың бойынан көне дәуір сипаттарын, ал жыраулардың бойынан одан кейінгі дәуірдің сипаттарын байқаймыз.

1. Ақындардың арасында еркектер де, әйелдер де кездеседі. Тіпті қыз бен жігіттің айтысы қызсыз өтуі мүмкін емес. Жыраулар болса, тек ер кісілер арасынан шығады. Мұның өзі жыраулардың тек патриархаттың әбден нығайған кезінде пайда болғандығын көрсетеді.

2. Ақын-рудың өкілі. Айтыс кезінде ол өз руының атынан сөйлейді. Жырау болса-бүкіл елдің, яки тайпалар одағының (жүздің, хандықтың) өкілі. Ақын ауыл ішінде жүрсе, жырау хан ордасында жүреді, бүкіл хандықтың, елдің тіршілігіне байланысты жағдайларда олханға, бүкіл елге ақыл айтады, кеңес береді, осыдан жыраулардың бұрын жеке-жеке өмір сүрген тайпалардың тайпалық одақ құрып, біріге бастаған дәуірде пайда болғандығын байқауға болады. Ақындар кейінгі дәуірде ғана пайда болып, жыраулар дәстүрін әрі қарай жалғастырған сәтте олар жыраулардың бүкіл елдің атынан сөйлеу дәстүрін де жалғастырған болар еді.

3. Бұл болжамның негізсіз емес екендігін мынадан да байқауға болады: ақын-ырыми рәсімдерді атқарысуға қатысатын адам, оның үстіне ол тек қатысушы емес, ол ырыми рәсімдерді басқарушы міндетін атқарады. Аса көңіл аударарлық жайт: бұл рәсімдер ең көне рәсімдердің қатарына жатады. Мысалы, үйлену салтына байланысты басты ырымдарды ақын атқарады. Ал жыраулардың атқаратын негізгі міндеті-өлген кісінің аруағын мадақтап, толғау, жыр айту. Аруақтар культінің әскери демократия дәуірінде қалыптасқандығын ескерсек, оның үстне, ақындардың жырауларға қарағанда синкреттік сипаттарының молдығын қоссақ, ақындардың жырауларға қарағанда көнелеу тип екендігін мойындауға мәжбүр боламыз

4. Ақын типінің көнелігін дәлелдейтін тағы бір жайт: ақындар өнері туралы ұғымдардың ішінде тотемдік ұғымдар кездеседі. Тотемдік ұғымдар ең көне наным-сенімдер қатарына жататындығы белгілі. Мысалы, Жамбылдың айтуынша, әр ақынның аң кейпіндегі жебеушісі болады-мыс. Бұл жебеуші тек ақынның көзіне ғана көрінеді. Жырауларға тотемдік ұғымдар тіпті тән емес.

5. Ақын типінің, тамырларының өте ерте дәуірдің тереңінде жатқандығын олардың негізгі жанры -айтыс жанры екендігін де байқауға болады. Жыраулар болса, айтысқа түспейді» [7, 35б] .

2 ЖЕТІСУ АҚЫНДЫҚ, ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫЛАР

2. 1 Қабан(Қабылиса) жырау өлеңдері, толғаулары

Қабан (Қабылиса) жырау қазақ халқы әдебиетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің терең қатпарлы жалынды жыры, қара орман жұртшылықты сүттей ұйытар салмақты ойы, ұшқыр нақыл сөзі, қағидаттарымен бытыраңқылыққа ұшыраған халқымызды бір тудың астына біріктіруге, Абылай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосты. Түркістан төрінде Абылайды ақ боз атқа қондырып барша қазақтың ханы етіп сайлауға мұрындық болды. Алаштың ардақ туын көппен бірге желбіретті.

Ғасырлар бойына жаудың шетінде, желдің өтінде қылыштың жүзінде күй кешкен Жетісу жұртшылығының елдіктің аңсар арнасына түсіп, келер ұрпақтың қамын күйттеуіне сол дәуірдің тау бейнелі ерен тұлғаларымен бірге зор белсенділік танытты. Сырдың бойы, киелі Түркістан мен дулы Ташкент өңірінде қанат жайып, тұрақтанып қалған жалайырлардың басын қосып, бәтуаға келтірді. Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра күй кешті, Абылаймен бір түменнің сапында жоңғарлармен шайқасты. Ата жаудың қолына да түсті. Рухын түсіріп, жігерін жасытпады. Елдіктің ұранын салды, замана тұрағын шалды. Дәуір желінің өкпеден өтіп, жанды жарақаттарын, бас біріктіріп, қолда барды базарламаса, анталаған жаудың аранында жұтылып кете беру қаупінің қай кездегіден де тажалды түрде тұрғандығын санаға құйды себелетіп. Сол себепті де ол:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері
Жамбыл Жабаев (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы
Сыр бойының жыраулық мектебі
Жабаев Жамбыл (1846-1945) — қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы
Жамбыл - жүз жыл өмір сүрген ақьн
Жабаев Жамбыл (1846-1945)
Жамбыл Жабаев өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат
Жабаев Жамбыл– қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы
Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz