Базар жырау


КІРІСПЕ
- Базар жыраудың өмірі мен ақындық ортасыБазар жырлаған дастандардың сюжеттік ерекшеліктеріБазар жырау толғаулары мен айтыстары
ІІ. Базар жырау мұраларының көркемдік, идеялық-тақырыптық сипаты
2. 1. Базар жырау мұраларының көркемдік ерекшелігі
Диплом жұмысының көкейтестілігі : ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қанатын кең жая дамып, халық шығармашылығы мен ауыз әдебиетіне асқақ рух, тың эпикалық сарын әкелген жыраулық поэзияның соңғы өкілдерінің бірі Базар жырау болды. Оның ойлы да орамды толғаулары мен тәрбиесі мол тартымды термелері, жақұт жырлары мен қызықты хикаялары қазақ сахарасымен ғана шектелмей, көрші өзбек, қарақалпақ елдеріне де кең тараған.
Десек те ақын өмірінің соңғы жылдары шалғайдағы Тамды, Үшқұдық өңірінде өткендіктен беймәлім күй кешті. Базарға бірі ұстаз, бірі әріптес саналатын Шернияз, Өске, Орынбор, Әзілкеш, Бұдабайлар, шәкірттері: Қарасақал Ерімбет, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Мәнсүр тәрізді тарлан ақындардың өз тұсының маңдай алды өнерпаздары болғанына еш күмән жоқ. Алайда, осы аталған ақындар әр түрлі оқулық, басылым беттерінде тиісінше сөз болғанымен, олар туралы арнайы зерттеу еңбектер соңғы уақыттарда ғана жазыла бастады.
Қазақ әдебиеті тарихында «кітаби ақындар» деп аталып келген бір топ ақын-шайырлардың еңбегі де ұзақ уақыт бойына идеология, саясат, таптық, атеистік көзқарастардың кесірінен жаңсақ түсіндіріліп келді. Мұндай асыра сілтеудің зиянды зардабын Базар жыраудың шығыс үлгісінде шығарған «Әмина қыз», «Айна-тарақ», «Жүсіп-Ахмет» секілді көркем хикая- дастандарды да тартты. Ақынның бұл тақырыптағы туындылары ара-тұра аттары аталғаны болмаса, зерттеушілер назарынан мүлдем тыс қалды. Сондай-ақ Базардың халықты азаттыққа шақыратын бірқатар толғаулары, әсіресе Сыздық сұлтан Кенесарыұлы мен Елкей сұлтан Қасымұлына шығарған арнауларының тағдыры кейінгі кезге шейін белгісіз болып келген еді. Демек, ақын мұрасын түгендей қарастырып, шығыс тақырыбын арқау еткен асыл сөздері мен азатшыл рухтағы толғауларын зерттеп, зерделеудің ғылыми қажеттілігі анық байқалып отыр. Сонымен қатар Базар Оңдасұлының нәзиралық тәсіл негізінде туған хикаялары мен «Мақпал-Сегіз» дастанын әдеби-фольклорлық тұрғыдан тарихи-салыстырмалық деңгейде тағы бір талдаудың сәті енді түсті. Базар жырау мұрасын тәуелсіздік рухына сай, қазіргі ұлттық жаңғыру үрдісіне үндес саралап, жырларын талдау қажеттілігінен көрінеді.
Жалпы ауыз әдебиеті туындылырына тән ерекшеліктің бірі-ізгілікті аспандата мадақталып, жамандықтың барынша таңбалана суреттелінетін болса, бұл дәстүр толғау өлеңдерде де толық сақталады.
Өмір сәтсіздіктерін, қайшылықтарды күн мен түндей, гүл мен тікендей, жарық пен қараңғыдай ірі сомдап, контраст түрінде көрсету толғауларға биік көркемдік пен ішкі қуат дарытады.
Толғаудың небір көркем үлгілерін Базар жырау мұрасынан кездестіреміз. Осы күні жыршылық дәстүр ізі неғұрлым молырақ сақталып отырған Сыр бойында, Қарақалпақта, Бұхара өңірінде жыршылар мен термешілердің ерекше көп айтатыны Базар жырлары болып келетіні кездейсоқ емес. Ежелгі толғаулар үлгісімен ақын заман мен адамның өте күрделі кезеңдерін философша талдайды, дүниенің ағысына, өмірдің қрама-қайшылықтарына тұжырымды, білгір тоқталады, ешкім «күмән келтірместей» шындықты төрт аяғы тең жорға өлеңмен асқақ айшықтайды. Базардың кез келген өлеңі болмыстың керағарлығын, өткіншілігін, тартыстылығын тамылжыта сипаттап береді. Бірде ол былайша толғайды.
Жақсы менен жаманның
Арасы жер мен аспандай
Байқарсың бір күн басыңа
Іс түскен кезде, сасқанда-ай.
Мырза менен сараңды
Өлшестіріп қарасаң
Ылди менен зәулім асқардай
Ғалым менен наданды
Салыстырып білерсің
Дария шіреп тасқандай.
Дүниенің пәнилігін айту, жамағатшылықты қанағатқа, шапағатқа шақыру, құлқынның құлы болып кетуден сақтандыру, ұнамдыны әсірелей көтеріп, кемшілікті ширыға мінеу арқылы ғибрат тарату, адам қасиетін биіктететін мінездерді насихаттау толғаудың өзіне хас белгілері. Таптық, әлеуметтік теңсіздік жайлаған ескі қоғамда елді тәрбиелеудің, өнеге таратып, мінезін жұмсартудың үлкен міндетін толғау-термелер атқарған.
Ақын Мағжан аз ғана өлеңің оқып, сөзге жүйріктігін, ойлы ақын екенін аңғарып, мақала жазып, мақаласының соңында, сұлу сөзі бар Базар атын оқырманға білдіруді мақсат тұтқанын жазған. Мағжан мақаласының соңында
Базар мұрасын жинау маңыздылығын ерекше айтып өтеді. «Түркістандағы, әсіресе, Қазалыдағы хат білетін азаматтардың Базардың сөзін жинаулары тиіс»-деп жазады. Мағжан ақындығын танып, мұрасын жинауды насихат еткен Базар жырау шығармашылығы жиналып, құнды зерттеулер де жазылуда. Зерттеушілік мәдениетіміз өскен сайын өткендегі мұраны толығырақ, тереңірек тексеру нышан байқалып келеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:
Дипломдық жұмыстың басты мақсаты - ең алдымен Базар Оңдасұлының шығармашылық өмірбаяны мен жыраудың ақындық дәстүрімен байланысты тұстарын айқындау; олардың жанрлық ерекшеліктерін сараптап, ақын толғаулары мен жыраулық поэзия арасындағы ұқсастықтың басты себептері мен сипаттарын саралау; шығармаларын көркемдік тұрғыдан талдай отырып, Базар Оңдасұлы мұрасының қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын айқындау.
Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер белгіленеді:
- Базар Оңдасұлының жырларын жанрлық ерекшелігіне қарай топтастыра қарастыру.
- Жырау жырларының идеялық-көркемдік ерекшелігін саралау.
- Базар жырау толғауларының тәрбиелік мәнін ашу.
- Базар жырау мұрасының құндылығын өнер өкілдері арасындағы дәстүр жалғастығын дәлелдеу және осы бағыттағы жыраудың жетістіктеріне назар аудару.
- Базар арнауларының тарихы мен сыншылдық ерекшелігіне мән беру.
- Базар жырау айтыстарының өзіндік тақырыптары мен ой айту шеберлігі.
- Базар жырау жырларындағы бейнелеу шеберлігі.
- Базардың дастандарының оқиғалық сюжеті мен жырлау шеберлігіндегі өзіндік ерекшеліктері.
Диплом жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспе, негізгі екі тарау мен қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
- Базар жыраудың өмірі мен ақындық ортасы
ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде Базар жырау Оңдасұлының (Өтемісов) әдебиетімізде өз орны бар. Ол өзінің жүрек тебіренткен толғауларымен Сыр бойынан бастап Еділ, Жайық, Үстірт, Қарақалпақ өңіріне белгілі болған.
Өткен ғасырдың екінші жартысы мен үстіміздегі ғасырдың басында Сыр бойындағы жасаған Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Ешнияз, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сияқты ақын-жыраулар Базарды ұстаз тұтқан. «Жүзден озған өрен жүйрік, жыраулардың жүйрігі» деп бағалаған. Мұның өзі жазира Жетісу ақындарының ұлы Жамбылды, көгілдір Көкше өнерпаздарының сал Біржанды мектеп тұтуы сияқты құбылыс. Шынында да Балқы Базардың өз төңірегіндегі басқа барша сүлейлерге сырсандық, шеберхана болғаны анық.
Базар шығармалары Кеңес дәуірінде ғана жинала бастады. Ақын мұраларына алғаш назар аударып, баға берушілер - Ә. Диваев, С. Сейфуллин және Ә. Марғұлан болды.
1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағында және 1931 жылы С. Сейфуллин құрастырған «Ескі әдебиет нұсқаларында» Базардың бір топ өлеңдері тұңғыш рет жарық көрді. 1965 жылы «Үш ғасыр жырлайды» жинағында жыраудың сегіз жүз жолдай термелері мен толғаулары жарияланды. Ал кейінгі жылдары орыс тілінде басылған «Поэты Казахстана» (Ленинград, 1978) антологиясында Базар көрнекті ақындар қатарында аталса, 1984 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» кітабында бір топ шығармалары енгізілді. /1-6/.
Базар шығармаларын алғаш жариялаушының бірі, қазақтың белгілі ақыны С. Сейфуллин жырауды Бұқардан кейінгі поэзиямыздың ірі өкілі ретінде есептегені мәлім. Базар мұрасына Алаштың айтулы ақыны М. Жұмабаев, көрнекті қоғам қайраткері Х. Досмұхамедов тәрізді талғамы терең тұлғалардың ерте назар аударуы да жоғарыда айтылған ой-пікірлерімізді қуаттай түседі.
Базар Оңдасұлы бұрынғы Сырдария губерниясы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылында Жаңадарияның Шірік - Рабат деген жерінде (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ленин ауыл советі) 1841 жылы күз айында дүниеге келген.
Базардың жастық шағы жетімдікте, жоқшылықта өтеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, байлардың қозысын бағады. Он алты жасында жыраулық даңқы шығып, жалпы жұртқа таныла бастайды.
Ақынның туған жері - Сыр бойы десек те, кейінгі ат жалын тартып мініп, атағы жайылған мекені - қазіргі Науаи облысы, Тамды ауданы болған. Бейіті сондағы Жалпақтау деген жерде.
Базардың ескіше ата-тегі: Кіші жүздің Шөмекей тайпасы, Балқы руы. Шөмекей төртке бөлінеді: Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл. Бозғылдың бес баласының біреуі - Қайқы, Қайқының Балқия деген әйелінен үш бала: Қыдыр, Темір, Полат туады. Осы үшеуінен тараған ұрпақтарының бәрі Балқия шешелерінің атымен Балқы аталып, Шөмекейдің Балқы руы қалыптасады. Жоғарыдағы Қайқының үш баласының біреуі Полаттан - Жауқашты, Жауқаштыдан - Отарбай, Отарбайдан - Байсейіт, Байсейіттен - Қарақұл, Қарақұлдан - Ермек, Ермектен - Базардың әкесі Оңдас туады.
1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды» жинағында, басқа да кейбір басылымдарда Базар жыраудың Әкесі Өтеміс, нағашысы Оңдас деп жаңсақ кеткен. Базар он жасқа жетпестен жетім қалып, ұлы нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленген. Әкесінің Өтеміс болып кетуі содан. Ақын болып халыққа танылған соң, өз руының атымен Балқы Базар аталып кеткен. Оны ақынның өзі былай түсіндіреді:
. . . Сөйле, тілім, жалпыдан,
Дариядай тасып шалқыған.
Тіл жексұрын көрінер,
Тимеске тиіп шарпыған . . .
Елі-жұртың бұзылар,
Қиянат етсең зарпынан.
Таусылмас қайнар кен едім,
Кешегі жүйрік мен едім.
Жүлде алған байрақ алдынан,
Кіші жүздің кенжесі
«Дөйт» ұранды Шөмекей -
Шыққан бір Базар Балқыдан.
Бүкіл өмірі - өлеңге, өлеңі - өмірге айналған жырау жарық дүниеге жыр болып келгендей. Ол туралы ақиқатқа қоса аңыз да көп. Соның бірі төмендегідей: Базар жастай жетім қалып, Тәспен деген байдың қозысын бағып жүреді. Шөмекейдің Аспан руында Айпара атты ақын қыз болады. Бір күні сол ақын қыз қасына жеңгесін ертіп, он шақты түйемен су әкелуге «қаққа» барады. Оған ғашық жігіттер аз болмайды. Өзі сұлу, өзі өнерлі қызға кім қызықпасын? Алайда олар Айпараның ақындығынан, от ауыз, орақ тілді шешендігінен сескеніп, маңайлай алмайды екен. Қыздың үнемі соңынан еріп, үнемі дәмелі болып жүрген жігіттер бұл жолы да жақындауға тәуекел етпейді. Он шақты түйеге жүк болар суды ыдыстарға құйып толтыру, арту жас қыз бен жеңгесіне оңай соқсын ба? Екеуі де әбден шаршайды. Суды түйеге артыспаған жасық жігіттерге ыза болып тұрған Айпараның қасына сол маңда қозы бағып жүрген жас өспірім бала Базар келеді.
«Апа, шелегіңді артысайын ба?» - депті. Содан соң жасын да сұрап білгісі келген сияқты. Оған ашуланған Айпара былай дейді:
«Бастаған жұғысың ба сөздің басын,
Бұл жерде саған мені кез қылғасын.
Айтыпты бұрынғылар деген қайда,
«Сұрама аттың тісін, ердің жасын».
Одан да емін неге сұрамайсың,
Күте алмай бір басыңды таз қылғансың . . . »
Мезгілінде ас ішіп, ұйықтамайтын, жылы алақан көрмейтін жетім балада қайбір күй болсын? Расында да Базардың басы таз болса керек. Мірдің оғындай сөз сүйегінен өткен Базар жауап сөз қайыра алмағанына намыстанып, ызадан жылап жіберіпті . . .
Осы бір оқиға Базардың есінде мәңгі қалады. Өйткені ол осы жолы бұрынғыдан да қатты ширығады. Сөзден есесі кеткенге күйінеді. Ақындықты, шешендікті арман етеді. Шамасы, бұл болашақ ақиық ақынның тұңғыш рет жер тарпуы, қанат сілкуі болса керек.
Екінші аңыз мынадай. Көкірегінде сөз оты тұтанған бала Базар қозы бағып жүріп, түнде далада ұйықтап қалса керек. Ақ киімді, ақ таяқты, ақ сақалды бір кісі бұған келіп: «Балам, маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе?» - дейді. Содан бала Базар орнынан өлең айтып ояныпты. Айналада сыбырлаған жел де, шалқып жатқан көл де, әуелдеп ұшқан құс та, сыңғыр қаққан шеңгел де өлеңдетіп тұр екен. Сөйтіп Базарға өлең бір күнде қоныпты. Міне, ақиқаттан туған аңыз, аңыздан туған ақиқат осы. Бұл - құр қиял, орайсыз оқиға емес, жыраулық таланттың тума құбылыс екенін, болашақ жыраудың музамен етене туысатынын айғақтайтын жәйт.
Өлең өнерімен осылай табысқан ақын бір айтқанын екінші рет қайталамаған. Қашан да тыңнан тербеп, соныдан сөз жібегін өріп отырған. Ол домбыраны қолға алып төгіп кеткен кезде жұрт жыр-жалынның құшағында, жыр-жаңбырдың астында қалғандай сезінген:
Әуелі Базар атандым,
Он алтымда, жасымда.
Байкөкшенің асында,
Содан бері келемін
Сыпайының қасында.
Жастай жетім қалған Базар оқып, білім алған емес. Табиғатынан дарынды зерек бала бұрынғы ақын-жыраулардың жырларын, халық мақал-мәтелдерін есіне сақтап, көңіліне түйіп, халықтың бай ауыз әдебиетінен сусындап өскен. Өзінен бұрынғы және тұстас ақындардан да тәлім алған.
Сайраған қызыл тіл берген,
Көңіліне сонша жыр берген.
Алжаспай сөзді ағытып,
Есебін тауып үлгерген.
Ерегіскен олармен
Ажалы жетпей күнде өлген.
Қарадос, Өске, Бұдабай,
Серәлі, Сыдыр, Орынбай,
Татауы жоқ сөзінің
Шұбырған көштің жолындай.
Ақ кетенің ішінде,
Шернияз, Шыман, Өтеген . . .
Қандай да бір ақын шығармашылығы белгілі бір әдеби ортада туып, қалыптасып, шыңдалу жолдарынан өтеді. Бара-бара сол дәстүрді жалғастырушы, дамытушы болады. Сондықтан да Базар жырау шығармашылығының Сыр бойындағы әдеби дәстүр мен бірлікте көрінуі табиғи құбылыс.
Ешнияз Сал, Балқы Базар, Әзілкеш Шымырұлы, Қарасақал Ерімбет, Бұдабай Қабылұлы, Дүр Оңғар, Құлан Алдабергенұлы, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Керейт Даңмұрын, Қаңлы Жүсіп пен Нұртуған, Шәді Сеңгірбайұлы, Тұрмағамбет, Ыспан Сүлейменұлы, Кете Аманжол Сыр бойының ақындық мектебінің негізін қалаушылар еді.
Сыр ақындық мектебіне тән бірінші ерекшелік -оның өкілдерінің ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің тізгінін тең ұстау еді. Олардың негізгі үлгі алып, үйренер -бастау бұлағы ауыз әдебиеті болды.
Қаңлы Жүсіп:
Қожада Палман Күдері,
Өзгеше жүйрік өреннен.
Тәліп Қожа Майлыбай,
Халқынан кеткен айбынбай,
Сөйлеген сөзі ажарлы,
Алтындаған зергердей.
Жарылқасынұлы Аяған,
Жақсы айтар нақылды
Саңлақта жүйрік Нақыптың,
Заманныңда сөзі атылды,
Атқандай оқты пареннен
дейді. Ақын өз әріптестерінің өнерін мадақтауда сөз нөсерін төгеді. Туынды сөз қолданысы, бейнелеуіш құралдарды пайдалану жағынан ғана емес, екпін, ырғақ, ұйқас, буын, бунақ жағынан да халық жырларымен туыстас. Сыр сүлейлерінің ақындық арынын бейнелеудегі ақын қолданысындағы көркемдеуіш құралдар өлең көркемдігін ажарландыра түседі.
Базар жыраудың
Алмас қылыш сыналмас,
Айқасқан жерден аршындап,
Қиялап тартып шаппаса.
Ақ берен мылтық сыналмас,
Сығалай көзден сұр мерген,
Асырымнан атпаса,
Сыналмайды ер жігіт,
Ерте тұрып кеш жатқан
Күн ара зорға нәр татып,
Қабағы әбден қатпаса
-деген өлең жолдары сыртқы түр, идеяны жеткізудегі сөз қолданысы жағынан да жыр үлгісімен үндес. Ұйқас, буын, бунақ төкпе сипат-барлығы да жырға тән қасиеттер.
Тіптен, кейбір тіркестер мен өлең жолдары /алмас қылыш сыналмас, ерте тұрып, кеш жатып, сығалай көздеп/батырлар жырынан тікелей көшкендей сезіледі.
Бұндай жыр жолдарын Сыр сүлейлерінің кез келгенінен кездестіреміз. Ал бұл дәстүр ауыз әдебиеті үлгілерін терең игерудің, тәжірибе жинаудың, одан үлгі алудың нәтижесінде екендігінде сөз жоқ.
Сөз асылы мәйегінің асылы мақал-мәтелде жатыр. Аз сөзбен көп мағынаны, түйінді ойды көркем ұғыммен жеткізуде мақал-мәтелден сөз өрнегін табу қиын.
Қаңлы Жүсіп:
Мылжың сөз түгесілмес түбі терең,
Қалдырдым артығыңды бейақибат.
«Құл болды -жүрісінен»дегендейін,
Әркім өз пиғылымен сөгіс табат, -
дейді . Ақынның тілге тиек етіп отырғаны «Жақсы жүрісінен пұл болады, Жаман жүрісінен-құл болады»деген халық даналығы. Ақын мақалды толық алмайды. Өзінің айтайын деген ойына жымдастыра алады. Тыңдаушысына айтайын деген ойын бір түйін арқылы жеткізеді.
Бұндай мысалдарды Сыр сүлейлері -Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар өлең жолдарынан көптеп кездестіруге болады. Ал Тұрмағамбет ақынның аузынан шыққан «Білім-арзан, білу-қымбат», «Ақылсыз адам-ауыздықсыз ат», «Қар бар жерде қаһар бар», «Жақсы ер-елдің туы, Жақсы әйел-ердің туы», «Ұл -орнындағы ту, қыз-айдыннан ұшатын қу» сынды ұлағатты сөздер халық арасында кең қолданылатын нақыл сөздерге айналып кеткен.
Ендеше, Сыр бойы ақындары үшін нәр алған негізгі тамырдың бірі халықтың осы сөз өнері-мақал-мәтелдер болады деп айтуымызға болады.
Ақындық-жыраулық дәстүрге бай Сыр, Арқа, Қызылқұм өңірлерінде өсіп, ер жетіп, ордалы өнер мектептерінен өнеге алған Базар айтулы ақын, арқалы жырау атанып, өзі де жас дарындарға үлгі көрсетті. Шынында да ХХ ғасырдың бас кезінде жыраулық даңқы жағынан Сыр ақындарының еш біреуі одан аса алған жоқ. Бұл мезгілдерде Арқа беттегі Ырғыз бойынан сонау Нұрата, Тамды, Үшқұдық төңірегіне дейінгі байтақ өлке Базарды ұстаз тұтпаған ақын кемде-кем. Осы орайда Ә. Қоңыратбаевтың: «Базар жазған ақын емес, домбыраның айтатын асқан композитор. Базардың сөзі қандай ойлы, көркем болса, жыраулық мотиві де соны. Базар, Жаңаберген, Нысанбай, Молдахмет мотивтері бүкіл Сырға жайылған. Сыр бойында Базардан үйренбеген ақындар сирек» деген пікірінің жаны бар [2, 190. ] .
Жырау ат жалын тартып мінген ХІХ ғасырдың 60-жылдары патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлаудың шешуші кезеңіне көшіп, еліміздің оңтүстігін көктей өтіп, Орта Азияға қадам басқан сәті болатын. Базар шығармаларының бірқатары Сыздық сұлтан Кенесарыұлының Сыр өңіріне - Қызылқұмға келіп, орыс патшасының басқыншы әскеріне қарсы жүргізген күрестеріне тілеулес боп жүрген шағында туған. Базар жыраудың Сыздық сұлтанның ізіне еретіндей ерлігі болғанын ел сөзі де растайды. Көз көргендердің айтуынша, ақын ерекше тұлғалы, батыр кескінді адам болғанға ұқсайды. Домбырасына қоса қару да асынып жүрген.
Аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүріп, өз ортасының, әділетсіз қоғамның белсенді өкілдерін өлтіре шенеген Базар біраз уақыт Қазалы, Ақмешіт, Үргеніш түрмелерінде қамауда отырғаны жөнінде де деректер кездеседі. Өмірінің соңғы жылдарын Бұқар жағында өткізген жырау бірде Ақмешіттегі әкімдердің сұрауымен абақтыға қамалды. Бұл 1908 жылдардың шамасы болу керек. Осы уақытта Бұқардағы «Көкілташ» медресесінде оқып жүрген Тұрмаханбет шайыр мен тәжік азаматы Садриддин Айни Базарға әйел киімін киіндіріп, түрмеден қашырып жіберіпті деген де аңыз-әңгіме ұшырайды. Базар жыраудың Пірлібек, Нұрлыбек, Әмзебек, Нақыпбек деген төрт ұлы, Балзада, Күлзада деген екі қызы болған. Жыраудың өнер қонған балалары Әмзебек пен Балзадасы екен. Олар өнерімен халыққа танылмай тұрып, жастай өліп кетеді. Әмзебектің жиырма үш жасында көз жұмар алдында мына сөзі халық аузында сақталып қалған:
Бір ауру пайда болды жиырма жаста,
Кездесті безгек болып әуел баста.
Халайық қалар деп ед көнергенсің,
Айналды қалмақ түгіл айрылмасқа.
Барады бұл науқасқа үш жыл өтіп,
Айналдым адым жерге бара алмасқа.
Болып тұр таланыма тас түскендей,
Амал не, пешенеме тағдыр жазса.
Көп сәлем көре алмасаң бір ғаріптен,
Туысқан, туған, қатар замандасқа.
Әмзебек Базардан үш жыл бұрын қайтыс болады. Жыраудың ұрпақтары Науаи облысының Тамды, Кенимех (Өзбекстан) аудандарында тұрады.
Базар 1911 жылы күзде Тамды ауданындағы Жалпақтау деген жерде қайтыс болады. Қабірі басына кейінгі жылдары ескерткіш құлпытас қойылған. Жалпақтаудағы мектепке, Ақтақырдағы кітапханаға, Тамдының бір көшесіне Базар есімі берілген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz