Ақжан әл-Машанидің Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы жайында зерттеу жұмыстары


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 66 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Қазақ халқы тарихында әдебиеттің алтын дәуірі болып саналған ХХ ғасырда өмір сүрген Ақжан әл-Машанидің қазақтың басқа ақын-жазушыларынан, ғалымдарынан, ерекшелігі мен даралығы, өзі ғылыми-техникалық бағытта жүрсе де, сан-салалы ғылымдарды зерттеп, басын қосып, қанда бар жаза білу талантын қолдана отырып, ғылыми публицистикалық түрде газет-журналдарға ашқан жаңалықтарын жазып, халқына жариялап отыруында жатыр. Машановтың зерттеуінде жаратылыстану саласы, музыка және мәдениет, ғұлама ғалымдар, ақын жазушылар өмірі мен шығармашылығы және тағы басқа техникалық салалар қамтылған.

Бірнеше ғылымның бастауы іспетті бұл ғалымның ең көп зерттеу жұмысы екінші ұстаз аталған Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы екендігі көпшілікке мәлім. Кіндік Азияда фарабитанудың атасы аталған Ақжан əл-Машани Жақсыбекұлының ғұламалығы - ұлы баба əл-Фарабиді он бір ғасырды араға салып, оның Отырарда кіндік қаны тамған Қыпшақ перзенті екендігін дəлелдеумен шектелмейді. Әл-Машанидің энциклопедиялық білім ерекшелігі - əл-Фараби қағидаларын бүгінгі ғылым жетістігімен сабақтастырып, ұлттық дүниетаныммен ұштастырар ұлы баба ұстанған ғылыми-ислами ұғымын тұңғыш рет болмыстық нышанда қазақ ғылымына енгізуінде. Антидүниенің ұстазын Аристотель десек, жаңа заманның ұстазы əл-Фарабиді əл-мұғалім əл-сани атандырған баба мұрасының қыры мен сыры əзірге əл-Машани зерттеулерінде ғана жан-жақты көрініс тапқан.

« . . . Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ олардың ішінде . . . дəл Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш ғылым саласына бірдей ұлы үлес қосқан . . . , аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын . . . Платон, Аристотель, Птоломей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағанын өздері жазып кеткен . . . » (Əл-Фараби жəне Абай. Қазақстан. 1994) . Бұл - жарты ғасырдай уақыт бойы үзбей əл-Фараби мұрасын зерттеумен ғұмыр кешкен ғұлама ғалым Ақжан Жақсыбекұлы əл-Машанидің тұжырымы.

Осынау жолдарды оқи отырып: егер Ақжанның жазушылық таланты геологтік, маркшейдерлік мамандықтарымен ұштаспаған болса, егер ол замана ағымын күйттеп, ислам ғылымынан іргесін аулақ салған болса, қаншама тер төккенімен баба мұрасын өзі көтерген деңгейге жеткізе зерттей алмаған болар еді-ау деген ойға келесің. Рас, əл-Фарабидің математикалық, əсіресе философиялық трактаттарына зер салушылар жоқ емес. Бірақ ұлы бабаның музыка теориясына арнаған еңбегін математикасымен өрнектеп, геометриясын аспан əлемімен астастыра қазақтың ежелгі аспантаным түсініктері тұрғысында тұжырымдап, бəрін-бəрін ғылыми ислами негізінде табиғат болмысымен байланыстыра əл-Фараби тұлғасын сомдап, ұрпағына зерделеп берген Машановтан басқа зерттеуші əзірге жоқ.

ХХ ғасырдағы қазақтың біртуар азаматы - Кіндік Азияда фарабитанудың атасы саналатын Ақжан əл-Машани Жақсыбекұлы 1906 жылы 2 қарашада Қарқаралы дересінің солтүстік шығысындағы “Жамантайдың Қарақуысы” делініп кеткен, бүгінгі Нұркен ауылына қарасты Кішіқарақуыста - І. Есенберлиннің “Қаһар” романында Масан деп бір ғана əрпі өзгертіліп зор ілтипатпен аталатын Машан бидің бел баласы Жақсыбек отбасында дүниеге келген. Дəулеті шағын, сауатты əрі салауатты Жақсыбек жиырмасыншы жылдары старшын, болыстық қызметте ел билігіне араласады. Зерек Ақжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1924 жылы қазақтың тұңғыш профессор математигі Əлімхан Ермеков ұйымдастырған Қарқаралы педагогикалық техникумына оқуға түседі. Техникумда жүріп-ақ Ақжан “Саужой” (сауатсыздықты жою) қозғалысының шақыруымен жиі-жиі ауылдарға шығып, балалармен қоса ересектердің де сауатын ашуға ат салысады. Оқу бітірісімен ауылдық мұғалім қызметін, мектеп меңгерушісі бола жүріп атқарады. Ал, Абралыдағы атқарған ағартушылық қызметі кезінде ол тарихта “Абралы көтерілісі” делінген Қазақстандағы кеңес билігіне қарсы алғаш көтерілісін көріп куəгер болады, халық мемлекеті делінетін большевиктердің сұрқия саясатының жалған екендігіне көз жеткізеді.

1931-1933 жылы Семейде облыстық оқу бөлімінде жетім балаларға көмектесу бөлімінде ата-аналары Абралы көтерілісіне қатысып, қуғынға ұшыраған жəне əдейілеп жасалған аштықтан əке-шешеден айрылған панасыз сəбилер мен балдырғандарды көшеден жинап, балалар үйіне орналастырумен айналысады. Ақжан 1933 жылы Семейдің геология барлау техникумында ашылған Қазақтың тұңғыш техникалық жоғарғы оқу орны - Қазақ кен-металлургия (қазіргі ҚазҰТУ) институтының даярлық курсына түсіп, 1934 жылы оған қабылданған отызға тарта студенттердің бірі болады. А. əл-Машани 1939 жылы осы институттың тұңғыш түлегі қатарында алғашқы қызыл дипломды инженер-геологі болады. Оқып жүріп ол Қарағанды кен техникумында сабақ береді. Жас маман өзі бітірген институттың тұңғыш аспирантурасына қалдырылды. КСРО ҒА-ның Қазақстандағы Қ. И. Сəтбаев басқаратын филиалында кіші, кейін аға ғылыми қызмет атқарады. Академиядағы “Тау механикасы” секторын басқару кезі осынау қызметі негізінде атқарылғанды.

Ақжан əл-Машани жер ғылымының жаңа саласы геомеханиканың негізін салушы жəне 30-ға тарта ғалымдар тəрбиелеген оның Қазақстандағы мектебін қалыптастырушысы. Оның қаламынан туындаған ғылыми-көпшілік жəне фантастикалық туындылар қазақ əдебиетінде сол жанрдың негізін салушы классигі іспетінде танылады. А. Əл-Машани 300-ден астам ғылыми, əдеби еңбектер жазды. Əсіресе фарабитану еңбектерінің дені əлі баспа жүзін көрмеген мұрасын құрайды.

«Әл-Фараби» деректі романындағы əл-Машанидің “Таңдамалы еңбектері” бөлімінің де əл-Фарабиді алғаш қыпшақ-қазақ тумасы екендігін дəлелдеген мақаладан бастап, оның ғұламалық қырларына арналған ХХ ғасырдың 60 жылдарынан басталатын зерттеулерімен қоса, Ақжанның қаламынан туған əңгімелер мен “Əл-Фараби” романынан берілген үзінді Ақжан ғазыреттің оқушысына ұлы баба ғибраты шапағатын сездіріп отыратындығын аңғару қиын емес. Ақжан əл-Машанидің азаматтық өмір жолынан берілген мағлұматтар мен замандастарының пікірі фарабитануға апарар машанитану ілімінің бастауы деп ой түюге толық негіз болады. Егер, “Фараби еңбектері туралы” алғаш жазылған мақаласы 1961 жылы жарық көргендігін ескерсек, ұлы бабаның жан-жақты ғалымдық қырларын ашатын мақалалардың не бəрі бес-алты жылда жазылуы Ақжан əл-Машанидің баба мұрасының өзекті бағыттарын игеру кезеңін де аңғару қиын емес.

АТАНЫҢ АҚ ЖОЛЫ

ШЫҒЫС ПЕНЕН БАТЫСҚА

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ДАНАСЫ

ЕСІМІҢДІ ПАШ ЕТСЕМ

ОЯНАР ХАЛЫҚ САНАСЫ

РУХЫМЫЗДЫҢ ДƏРУІ

АРУАҚТЫ БАБАСЫ

(А. əл-Машани)

Ұлы бабаға барар жолда

Абай, Шəкəрім өлеңдерін жаттап өскен Ақжанда азаматтық тəлімнің бір көрінісі, өзі геология-маркшейдерлік іс ғылым салаларының маманы бола тұра, абайтануға өз үлесін қосуға негіз де болса керек. Кешегі сұрапыл соғыс кезінде - 1944 жылы қазақ қауымы Абайдың 100 жылдығын өз дəрежесінде атап өтуге пəтуаласқанда ұлы ақын шығармаларындағы табиғат пен ғылымның қай дəрежеде көрініс тапқандығын баяндау, Қ. Сəтбаевтың ұсынысы бойынша, А. Машановқа жүктелгені бар. Мұхтар бастаған абайтанушы ғалымдар, жазушылар жəне зиялы қауым алдында дана ақын хақында, оның шығармаларын ғылыми танымдық тұрғыда техника саласы ғалымының өкілі үшін айтар ойы қаншама мағыналы да терең болуын тілер еді. Баяндама сəтті шығып, Ақаңа артқан үміт ақталды да. Өкініші сол, соғыс қыспағынан жариялануы кейінге қалдырылған осынау рухани қазына күні бүгінге дейін ұмыт қалып, архив сөресінде əлі жатыр. Əйтсе де абайтанудағы бұл ізденіс əл-Фарабиді танудағы Ақжан асқан бір бел болатынды. Мұны Ақаң былай деп түйіндейді: « . . . Абайды оқып, тағылым-тəрбие алмаған болсақ, əл-Фарабиді сөз етер ме едік . . . Өзіме шындық жолды іздеуге бағыт берген Абай шығармалары деп білемін» («Əл-Фараби жəне Абай». Алматы. 1994) . Айтты-айтпады, егер жігіт Ақжан 1934 жылы институттың студенті болмады ғой, 1943 жылдан өмірлік, азаматтық биік мақсатына, рухани азығына айналатын əл-Фараби есімін есту-естімеуі неғайбыл еді. Бұл кезде А. Машановта институттың қызыл дипломды түлегі деген абырой, өзі бітірген институт аспирантурасын 1942 жылы ғылым кандидаты дəрежесін қорғаумен аяқтағандығы туралы ғылымдық лауазым бартынды. Кешегі сұрапыл соғыста нəсілдік саясат ұстаған Гитлер еврейлерге бүйідей тиіскенде елдің батысынан шығысына үдере көшкен мəдениет, өнер, ғылым қайраткерлерінің дені осы ұлттан болатын. Осындай қауымның біразы Алматыға келгені белгілі. Ғалымдар Қ. Сəтбаев басқаратын филиалда шоғырланып, жиі-жиі бас қосып тұратын. Сондай бір салиқалы мəжілісте Ақжан Машанов өміріне өзек болған істің жаңа беті ашылып, əл-Фарабиге барар жол бастау алып еді. Бұл 1943 жыл болатын.

Əл-Фараби - Абай көпірі

Кезінде қазақ зиялылары білім алған Ғалия медресесінің кітапханасы Уфа мешітінің қарамағында бəз-баяғы қалпында сақталған екен. Ақаң содан əл-Фарабидің үш кітабын бірден тапты. Оның бірі неміс аудармасы, ол өзінде бар-тұғын. Ал 1907 жылы Каирде шыққан екі кітапта ұлы бабаның он екі еңбегі жəне өмірбаяны жинақталып, мешіттің имамы Камал Башари қази əл-Фарабидің қазақ-қыпшақ тумасы екендігін естіп қуанып, сол кітаптың бірін Ақаңа сыйға тартып, Қазандағы Маржани медресесінде, кезінде əл-Фараби логикасы (мантих) жеке дəріс ретінде оқытылғандығы туралы айтады. Шынында да Шоқанның замандасы əрі досы Шағабутдин əл-Маржани əл-Фараби ғылымын жоғары бағалап, медреседе оның мұрасынан арнаулы дəріс оқытқанды. Соның арқасында əл-Фараби есімі Қазан-Уфа медреселерінде мəлім болған. Ендеше Ш. Маржани арқылы Абай мен Шəкəрім əл-Фарабиді білген. Сол жолы Қазаннан іздегенін тауып, ең бастысы кезінде Құнанбай салдырған Қарқаралы-Семейдегі мешіттерде Қазан, Уфа медресесін бітірген имамдар ұстаздық еткендігін білетін Ақаң сол молдалардан тəлім алған Абайдың əл-Фараби есіміне де, еңбегіне де қанық деген ой ұштығын ұстап қайтып еді. Соған дəлел ретінде Шəкəрім қажының ұлы Ахаттың Ақжан ағаға арнаған мына хатын еске алайықшы:

«Ақжан!»

«Əл-Фарабиді еңбек етіп, ол діншіл еді деп жармасқан адамдардан оның ғалымдығы күшті деп ақтап шығып, түріктің, оның ішінде қазақтың əл-Фарабиін тірілттің. Сол əл-Фарабиді оқыған, тағлым алған Абай мен Шəкəрім туралы үн қатпай кеттің. Бұл қалай? 8/VІ-1976».

Ахат Шəкəрімұлы Құдайбердиев ақсақал бұл тілдей хатты Ақжан ағаға Алматыда өткен «Мəдени мұраларды қорғауң мəжілісі кезінде берген еді. Ол кезде ол кісі Абай музейінің директоры болатын еді. Əл-Фараби есімін ол кісі шамасы əкесінен есіткен болу керек.

Əл-Фараби есімінен тағы өлеңіне қосқан ақын Мағжан Жұмабайұлы. Ол кісінің «Түркістан» поэмасындағы мынадай шумақты еске алайықшы:

«Тұранның кім кеміткен музыкасын,

Фараби тоғыз шекті домбырасын

Күңірентіп тоқсан тоғыз күй тартқанда,

Тебіреніп кім төкпеген көздің жасын»

Мағжанның Уфадағы медресі Ғалияда оқығаны мəлім. Онда əл-Фараби еңбектері де жəне баба туралы Ш. Маржани еңбектері де болған. Ақаңның пайымдауынша, Абайдың даналық дəрия бастауы - қазақ халқының жəне шығыстың көне мəдениеті мен өнерінде. Бұның тек Абайға емес, əл-Фарабиге де қатысты екендігіне Ақаң күмəн келтірмейді. Себебі, Фараби заманында бүкіл өнер университеті - музыка саналып ғылымның ғылымы «философия» ретінде танылған тұсы орта ғасыр болатын. Осы түсініктің Абай заманына дейін қаймағы бұзылмай келді емес пе?! Ал ұлы бабаның Арабстанда ғұмыр кешуін, оның ғұламалығын қалыптастыру қажеттілігінен дегенді мойындай тұра, Абайдың даналық дариясына орыс мəдениеті бастау болды деген пікірге Ақаң үзілді-кесілді қарсы болып келді. Болмысындағы даналық үшін Абайды орыс мəдениетіне қарыздар ететін пікірдің қалыптасуы Мұхтар есіміне тікелей байланысты. Ақжан мұны қасаң заманның кіріптарлығы деп түсінеді. Əуезовтей көркем сөздің хас шеберіне Ақжан кезінде өз ойын жасырмай айтқаны барды. Мұхтар: «Ақжан, сен осы менің «Абай жолымдың оқыдың ба?», - деп сұраған бірде. «Мұқа, «Абайдың» бірінші томын оқып шықтым, ал екінші кітапты бастадым да, жауып тастадым». «Неге?» деген жазушы сауалына «Мұқа, сіз Абайға қазақ даласына айдалып келген орыстарды ұстаз етіпсіз, сондықтан əрі қарай оқуға зауқым соқпады» дегенімде, - «Абайды мен бір тұстан қарастырдым, кейінгі ұрпақ басқа қырынан келер», - деп Мұқаң ойланып қалып еді», - деп Ақаң сол кездесуді жиі еске алып отыратын . . . Батыс ғылымының, əсіресе мəдениетінің бастауы орта ғасырдағы араб елдерінде жатқандығын, ал Шығыстың даму ерекшелігін қарастырғанда араб елдерін айналып өтуге болмайтындығын зерттеп, көз жеткізген А. Машани араб мəдениетін екі данаға да ортақтастыра отырып, Абай дүниетанымындағы араб ғылымының ықпалына шүбəланбайды. Сол, орта ғасыр ғұламаларының көшін бастаушылардың бірі де, бірегейі де Абу Наср əл-Фараби болғандығын білетін Ақжан, екі дана арасын жалғастырар желінің ұшы уысында екендігіне ешқашан күмəнданбап еді. Əл-Фарабидің ұлылығын тек ғалымдығымен ғана емес, көп қырлы ғұлама, ерен өнершіл, əрі ақылдылығымен ұштастыратын Ақаң: « . . . Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болған. Бірақ олардың ішінде дəл Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш салаға бірдей ұлы үлес қосқан . . . аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын . . . Платон, Аристотель, Птоломей . . . музыканы жөнді меңгере алмағандығын өздері жазып кеткен». Ал «əр халықтың музыкасы сол ұлттың болмысын аңғартады» деген баба қағидасына қанық Ақжан, қазақ топырағында ұлы бабаға жақын, рухани сабақтас адамды іздестіргенде Абайды айналып өте алмады.

Ғалым ағайындардың осы екі тұлғаның даналық сипатын, рухани сабақтастығын зерттеуде əжептеуір іс тындырғанымен бұл екі дананың азаматтық болмысын байланыстырып, үлгі-өнеге етерліктей істі ұрпақ жетесіне жеткізе алмай келемін-ау деген күдік студент-жастар арасында жүрген ұстаз Ақжан А. Машаниді ылғи да алаңдатушы еді. Дана Абайды тек ақын ретінде танып, əл-Фарабиді тек ғалым деуге бейім тұрамыз. Абай даналығын зерделеу күні бүгінге дейін əдеби шеңбермен шектелуде деп топшылайтын Ақаңды: «Абайдың ғылыми, табиғи пəлсапалық мирастарын өз деңгейінде зерттесем» деген ой өріле берді. Айтты-айтпады, осы екеуінің даналығын айта білгенде, олардың рухани сабақтастығын неге қоса зерттемеске?! Мұның көкейкестілік мəнінің өзі - қазақтың екі ұлы перзентінің арасын жақындастыру, үндестіру нəтижесінде халқымыздың мың жылдық рухани, мəдени болмысын тірілту емес пе?! Демек, бұл - бір адамға артар жүк емес, тəуелсіз елдің игі мақсаты болғандықтан қауым болып қолға алар қастерлі іс. Бірақ оны бастау керек ғой. Міне, елу жылдай саналы ғұмырын бабасы əл-Фараби болмысын сомдауға, мұрасын ұрпағына зерделеп жеткізуге бағыштаған Ақжан А. Машанидің тоқсанға аяқ басқан шағында Абай тақырыбына қалам кезенткен осындай ой-толғам болатын. Нəтижесінде «Əл-Фараби жəне Абай» зерттеу еңбегі туып, 1994 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырман қолына тиіп еді. Екі дана қағидаларының мəнін тарқата таратып, ұрпаққа қажет ұғымдар мен ұлттық ұлағаттылықты аңғартқан, ел болуды ескертіп, ата салған ынтымақ бірліктен таймауды танытар «Əл-Фараби жəне Абай» - Ақжан сынды азаматтың ғана алар асқары екендігін дəлелдеп еді. Абайтануда тыңнан соқпақ салып, соны бастамаға мұрындық болған, əл-Фараби болмысын елестетер ғұламалыққа жеткен Ақжанның - А. Машани атануына даярлық курсын тəмəмдап, сонау 1934 жылы Қазақтың кен-металлургия институтының геология факультетіне тұңғыш қабылданған студентінің бірі болған бала жігіт Ақжанның алдында саналы ғұмырының елу жылдық тайғақты тар жолды жүріп өтуі керек болды.

ФАРАБИДІ ТАНЫТУ

Əл-Фарабиді танытудағы А. əл-Машанидің таңдамалы еңбектері

“Өмір қысқа. Ол - қас-қағым сəт . . . өмірде тек адам тындырған жақсылық қана қалады, өмір сонысымен де құнды”

(Жан-Жак Руссо)

ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, АКАДЕМИК Қ. И. СƏТБАЕВҚА

Отырар-Фараб (Түркістан мен Арыс арасындағы) қалада руы Қыпшақ түркі отбасында дүниеге келген ұлы ғалым əл-Фарабидің қазақ тумасы екендігі өзіңізге мəлім. Орта ғасырдың басында-ақ əл-Фараби - Платон, Аристотель жəне басқа да Антикалық ғалымдарға (“бірінші ұстаздарға”) түсінік берген энциклопедиялық ғұлама. Сол себепті де оны екінші ұстаз - əл-мұғалім əл-сани деп атаған. Əл-Беруни, Авиценна жəне басқа ғұламалары оны өздеріне ұстаз тұтқанды.

Əл-Фарабидің математика, астрономия, химия, география, геология, философия, медицина, музыка тəрізді ғылым мен өнер салаларына арнаған еңбектері 100-ден асады. Бірақ, өкінішімізге қарай ССРО-дан оның бірде-бір еңбегін таба алмадық. Көптен бергі ізденісіміздің барысында біз жуырда кітапхана-аралық абоненті бойынша Лейденнен (Голландия) үш кітап алдық. Оның ішінде екеуі араб тіліндегі əл-Фарабидің өз еңбегі.

1) “Рисала фисус аль-Хаким” (“Ғылым маржаны”)

2) “Рисала . . . аль-Мадина . . . аль-Фабила” (“Қала үлгісі”) .

Осы кітаптар (1890-1895жж. ) проф. Джетерецтің неміс тіліндегі алғы сөзімен шыққан. Ал, үшіншісі проф. Брунеллдің неміс тіліндегі 200 беттік “Əл-Фараби бойынша мемлекетті басқару” (1904ж. ) кітабы. Осы үш кітаптың да ғылыми мəні өте жоғары. Сондықтан да оларды фотосуретке жəне микрофильмге түсірдік. Жəне оларды қазақ, орыс тіліне аудару қажет. Сізден осы жұмысты кітапхана арқылы қаржыландыруға нұсқау беруіңізді өтінеміз.

Қазақ ССР ҒА корр. мүшесі А. Ж. Машанов

Қазақ ССР ҒА ОҒК директоры Н. Б. Ахмедова

15/ХІ. 1960 ж.

Сол күні Қаныш аға “Келісемін. Іске асырылсын” деп өз қолымен хатқа бұрыштама қойыпты.

ƏЛ-ФАРАБИ ЕҢБЕКТЕРІ ТУРАЛЫ

Ерте замандағы Орта Азия ғалымдарының ең көрнектілерінің бірі - Абу Насыр əл-Фараби. Ол 870 жылы Сыр-Дəрия бойындағы Отырар қаласында туған. Кейбір мəліметтерге қарағанда қыпшақ руынан болса керек. Отырар қаласын арабтар Фараб деп атаған. Сол бойынша Абу Наср де Фараби аталған. Отырар қаласы өз заманында ірі мəдениет орталығы болса керек. Атақты Александриядан кейінгі кітапқа ең бай қала осы Отырар деп аңыз қылады екен. Абу Наср бастауыш мектепті өзі туған қалада оқып бітіреді. Сонан кейін Иранда, Хорасанда болып, өзінің ана тілі - түркі тілімен қатар парсы, хорасан тілдерін үйренеді. Мұнан соң сол кездегі дүниежүзлік ғылыми орталық болған Бағдатқа келіп, арабша, латынша, грекше жақсы білетін болады. Ол 70 түрлі тіл білген деседі. Бұл, əрине əсерлеу болар, дегенмен мұның өзі оның көп тіл білгенін аңғартады. Бірақ, сол кездегі ғылыми ортақ тіл араб тілі болғандықтан, оның еңбектері арабша жазылған. Əл-Фараби 80 жасында 339 (950) қайтыс болады, сөйтіп Дамаскіде жерленеді. Фараби ғылымның бірнеше саласымен, атап айтқанда, астрономия, математика, медицина, ботаника, химия-минералогия, география, философия, лингвистика, логика, тарих, музыкамен шұғылданған. Ол ежелгі грек ғалымдарының, əсіресе Аристотельдің Категория, Гермавтика, Аналитика, Софистика, Риторика, Поэтика, Логика, Метафизика, Этика деген еңбектеріне

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ақжан Машанов ғибраты
Әл-Фараби – түркі және ислам өркениетінің ойшылы
Ақжан Әл-Машанидің ғылыми-танымдық публицистикасы
Әл-Фараби және Ақжан Машани (Қасым Аманжолов порталынан)
Салқынбаев М. Әл-Фарабидің әдеби мұраларының зерттелуі
Ақжан Машани «Әл-Фараби және Абай»
Ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби
Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани туралы
Тіл білімі
Әбу Насыр әл-Фарабидың лингвистикалық семантикасын оқыту
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz