Қазақстан суқоймаларындағы (балқаш көлі, алакөл көлдеріндегі) балықтардың гельминтоз ауруларын зерттеу


КІРІСПЕ
Қазақстан табиғи және жасанды суқоймаларға, өзендерге, көлдерге өте бай. Оның аумағында Каспий, Арал теңіздері, Балқаш және Зайсан көлдері мен Алакөл көлдер жүйесі, Орал, Іле, Ертіс, Сырдария, Тобыл өзендері, Бұқтырма, Шардара, Қапшағай су қоймалары және т. б. Сонымен қатар балық шаруашылығына арналған көптеген тоғандар мен уылдырық алу шабақ өсіру шаруашылықтары құрылған.
Балық адам үшін ең маңызды белоктық тағамның бірі болып табылады. Жер шарында адамдардың санының артуына байланысты балықты пайдалану да соғұрлым артып, елімізде балық қоры азаюда. Қазақстандағы балық өндірісінің және ғалымдардың негізгі міндеті үлкен және кіші суқоймаларда балық өнімділігін максимальды арттыру болып отыр.
Ғылыми негізге сүйеніп құрылған, әрі балықтардың тіршілік жағдайын жете біліп, ұйымдастырылған балық шаруашылығы, аулаудың жоғары мүмкіншілігіне ие болады. Түрлі зиянкес факторлардың әсерінен балықтардың саны азайып отырады. Қазақстанның кейбір суқоймаларында балықтар арасында паразиттік аурулар көптеп таралуда, бұл балық шаруащылығына өте үлкен зиян келтіруде. Сонымен қатар көптеген паразиттер балықтардың өсуін тоқтатып, балық өнімдерінің сапасын төмендетуде.
Ауру организмнің әртүрлі зиянды факторлардың әсерінен физиологиялық функцияларының өзгеруіне қорғаныш күштерінің әлсіреуіне реакциясы. Ауру организмінде үлкен өзгерістер болады: зат алмасуы бұзылады, өсу қабілеті төмендейді, балықтардың қозғалысы өзгереді. Балықтар қоректенбейді, бұл организмнің тозуы мен балықтың өлуіне әкеліп соғады.
Балықтардың ауруларының классификациясы этиологиялық негізіне яғни аурудың пайда болу себептеріне байланысты. Балықтардың аурулары екі топқа бөлінеді. Жұқпалы және жұқпалы емес.
Жұқпалы ауруларды инфекциялық және инвазиялық деп екіге бөліп қарастырады, оларды вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар, балдырлар және паразиттік тіршілік ететін жануарлар (қарапайымдылар, гельминттер, паразиттік тіршілік ететін шаяндар және сүліктер) қоздырады.
Жұқпалы емес аурулардың қоздырғышы болмайды, ол сыртқы ортаның күрт өзгеруі нәтижесінде (судың температурасының өзгеруі, оттегінің аз немесе көп мөлшері, токсикалық (улы) заттарымен судың ластануы және т. б., дұрыс емес қоректенудегі зат алмасудың бұзылуы, авитаминоз, жарақаттардың және т. б. әсерінен болады [1] .
Табиғи, жасанды сондай-ақ тоған шаруашылықтарында балықтарда диплостомоз, постдиплостомоз, тетракотилез, клиностомоз, лигулез, диграммоз сияқты қауіпті аурулар кездеседі. Мұндай ауруларды таратушы балықжегіш құстар (шағала, қасқалдақ, құтан) болып табылады. Мұндай ауруға шалдыққан балықтардың, өсу қабілеті баяулайды, қондылығы, тауарлық сапасы төмендейді, балықтың өлуіне әкеліп соғады. Кейбір әдебиет көздерінде осындай аурулардың алдын алу үшін балықжегіш құстардың санын реттеп отыру қажеттілігін айтады. Алайда, қазіргі кезде құстардың кейбір түрлерінің жойылу қаупі төнуіне байланысты, бұл мәселенің шешімін басқалай жолмен іздестіру, мысалы жасанды суқоймаларда аурудың алдын алу, ауру туғызатын қоздырғыштармен күресу оң нәтиже береді. Сонымен қатар сол суқойманың гидробиологиялық жағдайын өзгерту, барлық санитарлық алдын-алу ережелерді қадағалау және қоздырғыштың биологиялық тізбегін үзу немесе улы химикаттар арқылы да күресуге болады.Магистрлік диссертацияның мақсаты: Қазақстан суқоймаларындағы (Балқаш көлі, Алакөл көлдеріндегі) кәсіптік маңызы бар тұқы балықтардың гельминтоз ауруларын зерттеу
Магистрлік диссертацияның негізгі міндеттері:
- Балықтардың морфо-биологиялық белгілерін зерттеу;
- Балқаш көлі, Алакөл көліндегі мекендейтін тұқы балықтардың гельминтоз ауруларын анықтау;
- Патогенді паразиттердің сапалық және сандық көрсеткіштерін анықтау;
I. ӘДЕБИЕТТЕРГЕ ШОЛУ
- Балықтардың гельминтоз ауруларына әдебиеттік шолу
Балықтардың паразиттері және олар тудыратын аурулар жайлы ғылыми мәліметтер ертеден жиналған. Алғаш тұқы балықтарының ауруы туралы (тұқы оспасы) К. Геснер (1563ж) еңбегінде көрсетілген. Балықтардың кейбір паразиттері К. Линнейдің (1758ж) әйгілі табиғи жүйесіне де енгізілген. Европа елдерінде балық шаруашылығы дамуымен қатар ихтиопотологияның дамуында да қарқын пайда болды. Ихтиопотология ғылым ретінде дамуы ХХ ғасырда Б. Хофердің «Руководство по болезням рыб» еңбегіне кейін басталды. 1956-1962 жылдары А. В. Решетникова Цимлянкс суқоймасында 29 түрден тұратын 484 дана балықты толық паразитологиялық зерттеу әдісімен тексерген. Зерттеуге алынған балықтардан қарапайымдылардың -16, моногенеалардың -20, сорғыш құрттардың - 24, жұмыр құрттардың - 13, тікенбас құрттардың - 4, сүліктердің -10 түрі табылған [2] .
1961-1963 жылдары Т. И. Комарова Днепр атырауындағы кәсіптік балықтардың 1045 данасының 25 түрінің гельминтофаунасын зерттеген. Зерттеуге алынған балықтардың 92, 2% - ы гельминттермен зақымдалған. Балықтардан гельминттердің 104 түрі тіркелген, соның ішінде 38 түрі сорғыш құрттар, 36 түрі моногенеялық құрттар және сорғыш құрттардың метацеркарилерінен 4 түр, балықтарды қатты зақымдаған. Қызылқанат балығының желбезегінен моногенеялардан жаңа түрі Diplozoon scardinii және D. paradoxum ballerus - ті анықтаған [3] .
С. О. Османов Зеравшан өзеніндегі сазан балығының тері жабынында паразиттік тіршілік ететін Gyrodactylus cyprini sp., және Чирчик өзенінің таулы аймағындағы көкбас балықтың тері жабынынан - G. chadzikenti, сонымен қатар Сырдария өзеніндегі тыран балықтың бүйрегінен Philometra abramidi - ті , алғаш рет тауып, анықтап жазған [4] .
1960 - 1965 жылдары С. О. Османов зерттеулері бойынша, Ташкентте уылдырық алу шабақ өсіру шаруашылықтары мен тоғандарында қоздырғышы Dactylogyrus extensus гельминтінен дактилогироз ауруының эпизоотиясы туындап, тұқылардың өндірістік және бір жылдықтарын өлім - жітімге ұшыратқан. D. extensus тұқы балықтарының 9-10 күндік шабақтарынан бастап, барлық жастағы топтарын зақымдайды (Османов, 1965) . С. О. Османов, табиғи және жасанды суқоймалардағы рафидаскариоз, краснуха және аргулез ауруларымен күресу шараларын ұйымдастырған [5] .
К. Убайдуллаев 1962 - 1965 жылдары Арал теңізінің оңтүстік тұщыланған шығанағы мен Амудария атырауынан толық паразитологиялық зерттеу әдісімен қаракөз, тыран және көксеркенің 754 дана шабақтарын зерттеген. Тыран шабақтарынан паразиттің 19 түрін, сазан шабақтарынан 28 түрін және қаракөзден 21 түрін тапқан [6] .
1961 жылы П. Ф. Бричук Ыстық көлде мекендейтін сазан мен тұқылардың ересек топтарынан және Қырғыстанның Фрунзенск тоғанындағы тұқы шабақтарынан алғаш рет ботрицефалез ауруының қоздырғышы Bothriocephalus opzariichthydis - ті анықтаған. Әдебиеттік деректерге сүйенсек, бұл таспа құрт жарты және екі айлық тұқы балықтарын көптеп зақымдайды екен, ал күзге қарай сол жылғы шабақтардың зақымдалуы төмендейді, ересектер балықтарда таспа құрттар сирек, кейде тіпті кездеспейді. Ересек жастағы балықтарда таспа құрт - В. opzariichthydis - тің сирек кездесуі, балықтардың бентостық немесе жасанды қорекпен қоректенуімен байланыстырады [7] .
Паразитология, әсіресе, гельминтологияның Қазақстанда ғылым ретінде дамуына В. А. Догель және К. И. Скрябин үлкен үлес қосқан.
Паразитология ілімінің тарихында тұңғыш рет жаңа экологиялық паразитология бағытын қалыптастырған және оны дамытқан көрнекті ғалым - В. А. Догель (1882-1955) . Ол бір-бірімен байланысты: экологиялық паразитология; протистология; салыстырмалы анатомия саласында жұмыс істеді. Оның көмегімен біздің елде балықтарды зерттеу жұмыстары іске асты. 1930 жылы В. А. Догель Арал теңізіне экспедициямен келіп, балықтарда кездесетін паразит құрттарды зерттеді. 1934 жылы «Арал теңізі балықтарының паразиттері», 1938 жылы Каспий теңізі балықтарын зерттеп «Каспий теңізінің балықтарының паразиттері» атты монографиясын шығарды. Қазақстанда ихтиопаразитологияның дамуына көп үлес қосты.
К. И. Скрябин (1878-1972) ғылымда гельминттердің (трематодалар, цестодалар, нематодалар) 200-ден астам жаңа түрін ашып, олардың морфологиясын, биологиясын, экологиясын, эпизоотологиясын, эпидемиологиясын зерттеп сипаттама берген [8] .
Г. Г. Смирнов (1895-1973) гельминттер мен олардың иелерінің қарым-қатынастарын зерттеуде көп еңбек сіңірген.
К. И. Скрябиннің шәкірті және оның жолын қуушы көрнекті гельминтолог Р. С. Шульц (1896-1973) гельминтоз ауруларына қарсы организмнің қорғаныш қабілетін және одан пайда болатын иммунитетті, гельминтоз ауруларының эпидемиологиясын зерттеді.
Е. В. Гвоздевтің (1918) - басшылығымен Қазақстан жабайы жануарларының, балықтардың, құстардың, кеміргіштердің паразиттерінің фаунасы жоспарлы түрде зерттелінді. 18 жыл бойы Республиканың көптеген су қоймаларында (Іле, Сырдария, Сарысу, Жайық өзендері, Зайсан, Марқакөл, Қорғалжын көлдері, Қостанай облысындағы су қоймалар және т. б. ) балықтар паразиттерінің фаунасы жан-жақты зерттелінді. Балқаш Іле бассейні мен Марқакөлдің балықтарынан моногенейлердің бірнеше жаңа түрлерін анықтап ашып, көптеген ғылыми еңбектер жазды [8] .
1938 жылы А. Х. Ахмеров Балқаш көлінің әр түрлі аудандарынан балықтың 9 түрінен (234 дана), паразиттің 22 түрін анықтаған. Сазан және оның шабақтарынан моногенеялық сорғыш - Dactylogyrus vastator , қара балық, салпы ерінен белдік құрт - Ligula intestinalis, қара балық және алабұғадан сүлік - Piscicola geometra - ны тауып, оларды қауіпті аурулар туғызатын паразит ретінде атап көрсеткен [9] .
1945 жылы Гвоздев Іле өзені мен оған құятын өзендерде мекендейтін балықтардың паразитофаунасын зерттеген.
1946 жылы Захаров Балқаш балықтарының ұзын белдік құрттың плероцеркоидымен зақымдалуына арнайы зерттеу жүргізіп, балықтар мұндай паразит түрімен зақымдалмаған деген қорытынды жасайды [9] .
А. П. Максимова (1962), К. В. Смирнова (1964, 1966) Балқаш аудандарында әр түрлі гидрологиялық жағдайлары бойынша зерттеу жүргізіп, паразиттік шаянтәрізділер Ergasilus sieboldi - мен барлық балықтардың қатты зақымдалғанын анықтады. Бұл паразит түрімен балықтар өлім-жітімге ұшырамаған, алайда интенсивті инвазиясымен ол қара балыққа патогенді болып табылды. Арал теңізінен Балқаш көліне жерсіндірілген тыран балығына тән желбезек сорғыш Dactylogyrus wunderi Балқаш көлінде табылмаған. 1965 жылы бірнеше тыран балығынан бір-бірден Digramma interrupta табылған. Балқаш көлінде өндірістік аулауда алғашқы орында тұрған сазанда паразиттің 18 түрі кездескен, олардың ішінде ауру туғызатын түрлер болмаған, тек желбезек сорғыш Dactylogyrus extensus сазан балықта кең таралған паразит болып табылғанымен, оның сандық көрсеткіші аса үлкен емес [9] .
1962 - 1965 жылдары Ю. В. Бутенко трематодоз ауруының таралуына тұщы су моллюскаларының рөлін анықтау мақсатында Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарына қарасты суқоймалар: Балқаш, Алакөл, Билікөл, Көлсай, Іле, Шу, Талас өзендеріне зерттеу жүргізілген. Зерттеу барысында 36 түрден тұратын тұщы су моллюскаларының 5744 данасы сойылып, олардан трематод церкарилерінің 41 түрін тауып, солардың ішінді 7 түрі балықтарда паразиттік тіршілік ететін трематод церкарилері, ал қалған түрлері амфибия, сүтқоректілер мен құстардың денесінде паразиттік тіршілік ететіндігін анықтаған [10] .
Г. С. Диарова 1963 - 1964 жылдары Қазақстандағы тоған шаруашылықтарының қарқынды дамуына байланысты Алматы, Шымкент және Шелек тоған шаруашылықтарының паразитарлық жағдайын тексерген. Тексеру барысында тоған шаруашылығында өсірілетін тұқы балықтарында ихтиофтириоз, триходиниоз, дактилогироз, гиродактилез, сангвиниколез, ботриоцефалез, кавиоз, аргулез, бранхиомикоз, дерматомикоз, краснуха ауруларын тіркеген [11] .
1963 - 1964 жылдары В. Г. Енгашев жұмыр құрттар Сontracaecum туысы дернәсілдерімен зақымдалған тыран балықтардың мезгілдік және жастық динамикасы бойынша Амудария өзені атырауы, Марқакөл көлінің оңтүстігі және Көксу көлінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Мезгілдік динамиканы зерттеу үшін төрт, алты жастағы тыран балықтардың 234 данасы зерттелінген. Қыстың аяғымен көктемде зерттеуге алынған тырандардың барлығы да контрацекум дернәсілдерімен зақымдалған. Ал жаздың басында, тамыз айында зақымдалудың экстенсивтілігі 66, 6% - ға төмендесе, күзде зақымдалудың деңгейі 92, 8% - ға жеткенін анықтаған [12] .
Н. Тленбекова 1964-1969 ж. ж., Іле өзенінің атырауындағы суқоймалар мен Балқаш көлінде, 1975-1976 жылы Қапшағай суқоймасында, 1969-1970 жылы Алакөл көлдерінде паразитологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Толық паразитологиялық зерттеу әдісімен 15 түрге жататын 1830 дана балық алынған. Зерттеуге алынған балықтардан паразиттердің 124 түрі анықталған. Олар: 7 тип, 11 класс, 28 отряд, 41 тұқымдас, 60 туысқа біріктірілген [13] .
Алакөл көлдер жүйесінің балықтардың ихтиопаразитологиялық анализдері 1970 жылы сәуір- мамыр айларында Қазақ Балық шаруашылығын зерттеу институты жүргізген. Зерттелген балықтарда (сазан, маринка, алабұға, көксерке, салпыерін ) паразиттің 23түрі табылған
1970 жылы жүргізілген зерттеу бойынша бойынша қарапайымдылардың түрлері артқан: Trypanosoma danilewskyi, Trypanosoma percae, Cryptobia cyprini, Myxobolus mulleri және инфузориялар туысынан 2 түр Trichodina Trichodinella.
Балықтардың арасында гельминтозды, соның ішінде диплостомоз аурулардың таралуына балық жегіш құстардың рөлін Д. Жатканбаева зерттеген. Зерттеу нәтижесінде Қазақстанда, трематодтардың ішінде Diplostomum туысының 7 түрін, балық жегіш құстардан тапқан, соның ішінде екі түрі ғылым үшін жаңа түр болып саналады. Бұл гельминттердің метацеркарилері балықтарда паразиттік тіршілік етеді. Қазақстан суқоймаларындағы балықтарда Diplostomum туысының бір емес, бес немесе одан да көп түрлерінің кездесуі мүмкін деген болжам жасаған [14] .
Б. Ахметова Алматы тоған шаруашылығындағы тұқы балықтарында кавиоз ауруының эпизоотологиясын зерттеген. 1958 жылы Алматы тоған шаруашылығына ҚХР - нан әкелінген өсімдік қоректі балықтармен қоса келген Ichthyophthirius multifiliis, Botriocephalus opsariichthydis, Khawia sinensis, Sinergsilus maior 1962 жылы ғана тоған шаруашылықтарындағы тұқы балықтарынан табылған және алдыңғы үшеуі ауру туғызып, балықтарды өлімге ұшыратқан. [15] .
К. В. Смирнова Арал теңізі мен Орал өзені бассейіндерінен Балқаш көліне 1957-1958 жылдары жерсіндірілген көксерке балығының паразитофаунасын 1964 жылдың жаз айында көлдің бес ауданы бойынша зерттеу жүргізіп, паразиттің 9 түрін тапқан. Солардың ішінде ең көп тарағаны осы балық түріне ғана тән Ancyrocephalus paradoxus және Ergasilus sieboldi . Аталған екі түр де Балқаштың барлық бес ауданында таралған. К. В. Смирнова зерттеулерінен бұрын В. А. Догель және Б. Е. Быховский (1934) Арал теңізіндегі көксерке паразитофаунасын зерттеп, паразиттің 11 түрін, А. И. Агапова (1956), Орал өзеніндегі көксеркеден - 12 түрін тапқан [16] .
Н. К. Каирова(Тленбекова) - Балқаш Алакөл бассейндерінде мекендейтін балықтарда паразиттік тіршілік ететін кірпікшелі урцеляридтің түрлерін зерттеген. 1967-1970 жылдары Балқаш көлі, Іле өзенінің сағасындағы суқоймалары мен Алакөл көлдер жүйесінен бес балықтың түрінен (сазан, қара балық, көксерке, алабұға және салпы ерін) паразитті инфузориялар: Trichodina nigra, T. mutabililis , Trichodinella epizootica тапқан. Осы жылдары алғаш рет Балқаш-Алакөл бассейні суқоймаларында T. nigra көксерке балығында кездескен [17] .
К. В. Смирнова - Балқаш-Іле бассейндеріне ақ амур және дөнмаңдай балықтарын жерсіндіру барысында кездейсоқ жерсіндірілген ұсақ кәсіптік маңызы жоқ амур құмқазғышы, амур бұзаубасы, амур шабақтары инвазиялық ауруларды тасымалдаушы және көптеген паразиттердің резервенті болып табылатындығын зерттеген [18] .
С. Катышева 1957 жылдың қазан қараша айларында Қамышлыбас көлі және Орал өзенінен Балқаш көліне көксерке балығын жерсіндіру барысында 23 жайын ( Siluris glanis L . ) кездейсоқ көлге түсіп, қоса жерсіндірілген. 1966 жылдың мамыр айында Іле өзені атырауының әр түрлі 4 аймағынан 18 жайын ұсталынып қаралды. Олардың ұзындығы 44 см-ден 116 см, салмағы 800 г - нан 15 кг, жастары 1+ - тан 6+ - ға дейін болды. Балқаш көліндегі жайын балығынан паразиттің 5 түрі ғана табылған, солардың ішінде бірде біреуі көп мөлшерде кездеспеген, тек жайын балығына тән Protocephalus osculatus таспа құрты табылған [19] .
1997 - 2001 жылдары Г. А. Сапарова Жайық өзенінің төменгі ағысындағы балық паразиттерін зерттеген. Паразитологиялық зерттеуге 5 отряд 22 түрден тұратын 3202 дана балық алынған. Зерттелінген балықтардың паразиттермен жалпы зақымдалуы 47, 7% құраған. Жайық өзенінің төменгі ағысындағы зерттеуге алынған балықтардан паразиттердің 135 түрі табылған. Олар 8 тип, 12 класс, 44 тұқымдас, 69 туысқа біріктіріледі [20] .
2000 - 2008 жылдары Б. К. Жумабекова Ертіс өзені бассейндерінің әр түрлі суқоймаларынан толық паразитологиялық зерттеу әдісімен 3930 дана балықты тексерілген. Ертіс бассейндерінде мекендейтін балықтардан паразиттердің 142 түрі табылған, олар 8 тип, 11 класс, 25 отряд, 44 тұқымдас, 68 туысқа біріктірілген.
Қазақстандағы Ертіс маңы суқоймалардағы балық паразиттерінің фаунасында қарапайымдылар - 38, моногенейлер - 34, таспақұрттар - 15, сорғыш құрттар - 33, жұмыр құрттар - 10, тікенбас құрттар мен сүліктер - 3 түрден және шаянтәрізділер - 6 түрден тұрады [21] .
Профессор А. И. Агапова (1966ж) өзінің және басқада авторлардың еңбектеріне сүйене отырып Республикамыздың тұщы суқоймаларының балықтарының 240 паразиттердің түріне анықтама беріп, «Определитель паразитов рыб Казахстана» деген кітап шығарған болатын. Кейіннен басқа зерттеушілердің (негізінен Қазақ балық шаруашылығын ғылыми зерттеу институтының ихтиопотология зертханасының ) еңбектерімен қосқанда Қазақстан балықтарының паразиттерінің түрі 350-ден асып кетті.
- Гельминттерге сипаттама
Гельминттер балықтардың әр түрлі мүшелерінде тіршілік етеді. Мысалы тері жабынында моногенеялық сорғыштардан - гиродактилюстар (гиродактилез), қабыршақтарының астында, қабыршақ қалталарында - филометроидестер, желбезектерінде - дактилогирустар (дактилогироз), жүзбе қанаттарында - трематодалар (метацеркарий) дернәсілдері - Metagonimus yokogawai паразиттік тіршілік етеді. Балықтың дене қуысында лигулидтердің дернәсілдік сатылары мен нематодтардың дернәсілдері қоныстанса, торсылдақтарының қабырғаларында нематодтар дернәсілдері - Philometroides , өт сұйықтығында - таспа құрттардың дернәсілдердің - Dilepis unilateralis, көз жанарларында - трематод дернәсілдері паразиттік тіршілік етеді. Балық бауырында таспа құрттардың дернәсілдері Triaenophorus nodulosus, мөңке балықтың арқа жүзбе қанатында және бұлшықеттері филометроидестер кездеседі. Сондай - ақ балықтардың асқорыту жолдарында да сан түрлі паразиттер табылады. Қан жүйелерінде трематодтардың ішінде - сангвиниколалар кездеседі. Осылайша балықтардың барлық мүшелері мен ұлпаларында паразиттер кездеседі [22] .
Паразиттерді тіршілік жағдайына қарай екі топқа уақытша және стационарлы деп бөледі. Уақытша паразиттер тіршілігінің жарты бөлігінде иесінің денесінде немесе иесі ағзасының ішінде өткізеді. Мұндай паразиттер қоректену немесе көбею кезінде ғана иесіне шабуылдайды. Ал стационарлы (тұрақты) паразиттер өз иесінде ұзақ уақыт бойы мекендейді. Паразиттер даму процесінде иесінің ағзасында жүріп, бір жерден екінші жерге көшуі мүмкін, сондықтанда олар бастапқыда иесінің ішкі мүшелерінде, сосын сыртқы жағына көшеді [22] .
Паразиттердің даму ерекшеліктеріне және олардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты, паразит иелерінің келесідей типтері болады: 1) соңғы немесе дефинитивті иесінде - паразит жыныстық жетіледі; 2) аралық иесінде - паразиттің дернәсілдік сатысының дамуы өтеді; 3) қосымша иесінде - паразит дернәсілдері дамуының соңғы сатылары қалыптасады; 4) резервуарлық иесінде - гельминт ұрығы (дернәсіл немесе жұмыртқа) шоғырланады.
Академик К. И. Скрябин гельминтоздарды эпидемиология және эпизоотология принциптері бойынша екі үлкен категорияға - геогельминтоз және биогельминтоз деп жүйелендіріп бөлді.
Геогельминтоз қоздырғыштарының ұрықтары аралық иені қажет етпей, су және топырақта дамиды, зақымдану олармен тікелей түйіскенде су немесе қорек арқылы жүреді. Бұларға моногенеялық сорғыштар жатады.
Биогельминтоз қоздырғыштары аралық иенің қатысуымен дамиды. Дефинитивті иесі қоздырғыш дернәсілдерін, аралық иесімен қоса жұтып зақымданады.
Балықтардың гельминттермен зақымдалуы түрлі факторларға байланысты, сондықтан да оларды физиологиялық (балық ағзасының ерекшелігі мен өзгерісіне байланысты) және экологиялық (балық ағзасымен сыртқы ортаның өзара қатынасы және сыртқы ортаның әсері) деп бөліп қарастырады [22] .
Физиологиялық факторлар . Балық түріне байланысты гельминттермен зақымдану. Мысалы, Philometroides lusiana - тек тұқы және сазан балықтарында филометридоз ауруын туғыса, Philometroides sanguinea - мөңке балықты зақымдайды. Филометроидоз ауруымен ауырғанда аз қозғалғыш болады, дамуы тоқталады. Олар дене қуысында ішкі органдрдың айналасында, щабақтардың торсылдақ маңында орналасып, олардың функциясын бұзады. Мұндай жағдайды балықтың кейбір түрлерінің биологиялық морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты гельминт қоздырғыштарын қабылдамайтындығымен түсіндіріледі. Бұл құбылыс түрлік иммунитет деген атау алған.
Балықтың жасына қарай гельминттермен зақымдануы . Балық шабақтарына ғана тән немесе ересектерінде ғана кездесетін гельминт түрлері болады. Мысалы моногенеялық сорғыш Dactylogyrus vastator - тұқы балықтардың шабақтарында кездеседі, ал ересектерінде сирек жағдайда ғана кездесуі мүмкін. Бұл құбылысты ағзаның иммунды биологиялық қайта құрылуларымен түсіндіріледі [22] .
Әр жастағы балықтың паразиттермен зақымдалу деңгейі балықтың қоректенуіне де байланысты. Мысалы жыртқыш балықтар шабақ кезінде зоопланктонмен, сосын зообентоспен ары қарай ересек кезінде - балықтармен қоректенеді. Қоректің сипаты түрлі паразиттермен зақымдану мүмкіндігін ескертеді. Айта кететін болсақ протеоцефалюс таспа құртымен алабұға балық, шабақ кезінде көптеп зақымдалады. Оның себебі алабұғаның шабағы зоопланктонмен, яғни гельминттің аралық иесі циклоптарды тәулік бойы көптеп қорек етуімен түсіндіріледі. Ересек алабұғалар жыртқыштық қорекке ауысқанда протеоцефалюспен зақымдану деңгейлері сәл де болса азаяды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz