Көркем әдебиеттегі көркемдік-бейнелеу


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Абай өлеңдері түрлі тіл өрнектеріне толып тұр. Көркем әдебиеттің тілден шыңдалатынын білетін зерек зергер сол тілдің халықтығын, құнарлылығын, дәмділігін, бейнелілігін уағыздайды . . . Қазақ топырағында «мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деп мұрат меңзейді . . . Абай әдебиеттің төркіні халықта екенін өзінен бұрынғы ақындардан да жақсы білген. Сол себепті ол кітаби орамдарға, сырты сұлу сылдыр сөздерге бармай, ойлы оралым, жанды сөз жасаған. Поэзия сырын «қуатты ойдан бас қурап, еркеленіп шығар сөз» деп түйген Абай шымырлық пен сұлулықты тамаша ұластырады. Әдебиет, ең алдымен, сөздің тарихи төркінінен, өсу, өзгеру қалпынан, қилы ұғымынан құралады. Одан көп бұрын Абай «шымырлап бойға жайылатын» сөздің астарын: «Білгенге маржан, білмеске арзан» деп мәтелдегенді.
Сөз шырайы - құрғақ қиялдың емес, тірі өмірдің бетке шыққан шырайы. Құнарлы ойдың, асыл сезімнің, биік сананың серпіні бір күнмен, бір жылмен шектелмей ұзаққа бойлағанда, ұрпақтан ұрпаққа ауысқанда, көзге ілікпес құдірет «сөз» деген ұғымда жатпақ. Олай болса, тіл өнеріне жүрдім-бардым қарау - қағылмас қырсық. Күнәсіз қағазға күнәсіз ой құйылсын. Шалажансар емес, ұзақ жасайтын сөздер екшелсін. Табиғаттай құлпырса да, табиғаттай қайталанбайтын, қызығы мен қайғысы, қуанышы мен өкініші көңілге қона кететін сөз құдіретін туындату - Абай салған дәстүр. Тамырлы ырыс, негізді несібе.
Осындай маржан сөз, халықтың құлағында жатталып қалған, түрлі әсем сөз өрнектеріне толы, атап өтсек метафоралар, теңеулер мен эпитеттер шет тілдеріне аударылғанда қандай өзгеріске ұшырап, қандай қызмет атқаратыны жайлы осы зерттеу жұмысында қарастырылмақ.
Зерттеудің өзектілігі . Көркем аударма - аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала. Көптеген зерттеушілердің аударма теориясы тұрғысынан көркем аударманы “Жалпы аударма” курсының дербес пәні ретінде қарастыруды ұсынатыны тегін емес. Олай дейтіні - көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал поэзия аудармасында тәржімешіге мәтінді өзінше пайымдау, бажайлау тұрғысынан бөлекше жауапкершілік жүктелетіндіктен, аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушылық, стилистік дарын да талап етіледі. Абай поэзия аудармасының арғы-бергідегі жүріп өткен жолын, бел-белестерін бажайлау, ізденістері мен іркілістерін саралау - ұлттың көркемдік ойының бүгінгі биігін бағамдаудың, алда алар асуларын белгілеудің бір жолы. Бұл жолға талдау жасау арқылы тәржіменің халқымыз тарихында қандайлық қомақты орын алғанын ғана емес, сонымен бірге келешек замандарда атқарар рөлінің де бөлекше болатынын көрсете аламыз.
Зерттеудің нысаны - қазақ, ағылшын және неміс тілдеріндегі Абай өлеңдері. Ал Абай өлеңдерінің түпнұсқасындағы және аудармасындағы көркемдік бейнелеуіш құралдары (метафора, теңеу және эпитет) зерттеудің пәні болып табылады.
Зерттеудің мақсаты - Абай өлеңдерінің көркемдік-бейнелеу құралдары (метафора, теңеу, эпитет) және оларды аударудың (неміс және ағылшын тілдері) функционалды-когнитивті ерекшеліктерін көрсету.
Негізгі дереккөздер : Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Ағылшын тілінде: KUNANBAYEV ABAI - Selected Poems. Progress Publishers Moscow. Неміс тілінде: Abai. Zwanzig Gedichte
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұған дейін көркем аударма мәселелері көбінесе әдебиеттану, тіл білімі тұрғысынан ғана қаралып келсе, бұл еңбекте аударманың психологиямен, социологиямен, социопсихологиямен, психолингвистикамен, компаративистикамен, тілдік коммуникациямен тікелей байланыстылығы сөз етіледі. .
Абай өлеңдерінің көркемдік бейнелеу құралдарының ағылшын және неміс тілдеріндегі аудармаларында қандай функционалдық және когнитивтік өзгеріске ұшырағандығы көрсетіледі.
Жұмыстың зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысы барысында сипаттамалы, типологиялық салғастырмалы, компоненттік және құрылымдық-семантикалық талдау тәсілдері қолданылады.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Зерттеуде жалпы лингвистикалық аударма теориясы мен аударманың арнаулы теориясының бірін бірі қалай жалғастырып, қалай толықтыратыны көрсетілген. Еңбек аударма өнерін негізінен әдебиеттану еншісі ретінде тани отырып, оның тілтанудың фонетика, грамматика, лексикология, стилистика сияқты арналарымен тікелей байланысты екенін дәлелдейді.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Курстық жұмыста жасалған сараптамалар мен тұжырымдарды лингвистиканың прагматикалық және салғастырмалы бағыттары, типология, екі тілдің салғастырмалы грамматикасы бойынша өтетін арнайы курстарда, неміс-қазақ, қазақ-неміс, қазақ-ағылшан тілдері бойынша аудармаға арналған практикалық жұмыстарда пайдалануға болады.
1 КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕГІ КӨРКЕМДІК-БЕЙНЕЛЕУ ҚҰРАЛДАРЫ
1. 1 Ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздер: метафоралар
Метафора. Ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздер - қазақ өлеңдерінде де басқа әдебиеттердегі поэтик тілдермен негізі бір. Метафора, метонимия, синекдоха, кейіптеу, символ - бәрі жөнінде де осыны айтуға болады.
Жалпы алғанда, метафора - сыртқы, не ішкі бір ұқсастығына қарап, бір нәрсені екінші нәрсеге балау. Екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қою десек, қазақ өлеңдерін де солай етіп шығару үшін кейде бір нәрсені екінші нәрсеге тікелей болса да, кейде жалғау арқылы, кейде көмекші етістіктер арқылы жасалатындығын көреміз.
«Құлагер, әкең - тұлпар, шешең - сұңқар,
Соғып ең дөненіңде сегіз арқар». [1]
(Ақан сері)
«Арыстан еді Исатай».
(Махамбет)
Бұл үзінділерде «Құлагердің әкесін - тұлпар, шешесін - сұңқар», «Исатай - арыстан» деп, «тұлпарға», «арыстанға» тікелей балап және екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қояды (Исатай да арыстан, арыстан да арыстан) . Аристотель теңеу мен метафора туралы айта келіп, мынадай мысалдар келтіреді. «Лев (-Ахилл) ринулся - и Ахилл ринулсы, как лев» [2, 64] дейді. Мұның алдыңғысы - метафора, соңғысы - теңеу.
Демек, теңеуде бір нәрсені екінші бір нәрсеге теңегенде, екеуінің арасында еш айырма жоқ, тепе-тең деп ұқпаймыз. Екеуі екі нәрсе, екеуінің жігі әрдайым ап-ашық. Тек белгілі нәрсе арқылы белгісіз нәрсені көзге елестетеміз. «Ол - арыстандай айбатты» дегенде, арыстан сықылды, тәрізді, бірақ арыстан емес.
Метафорада ондай сілтеу жоқ. «Ол - арыстан» деп кесіп айтады. Арыстан мен батырдың қайраты жағынан ұқсастығын алады да, бірін екіншісіне тепе-тең етеді (Арыстан - батыр, батыр - арыстан) .
Теңеу мен метафораның бір-біріне жақындығы үлкен. Мұны ғылымпаздардың бәрі де растайды. Аристотель «Сравнение - также метафора, но с присоединением частиц сравнения» десе, Ж. Вандриес өзінің «Тіл» деген кітабында «Метафора - қысқартылған теңеу» дейді [2, 6] .
Ғылымпаздардың бұл пікірлерінің дұрыстығын, екеуінің (метафора мен теңеудің) арасындағы жақындығын қазақ әдебиетінің поэтик тілдерінен мысалдар алып дәлелдеуге болады. Қазақта теңеудің жұрнақтарын алып тастаса, кез келген теңеу оп-оңай метафораға айналады. Керісінше, метафораға теңеудің жұрнағын қоссақ, онда ол теңеу болып шығады.
«Ол - арыстандай айбатты (теңеу) .
Ол - арыстан айбатты» (метафора) .
немесе теңеудің жұрнағын қысқартып, метафораның өзіне тән жалғау, не көмекші етістіктерін қоссақ, теңеу-метафора болып шығады:
«Арыстаным айбатты»,
«Арыстан еді ол айбатты».
Бұл үзінділердегі теңеу мен метафора жақындықтары орыс ғалымдарының метафора параллелизмнің дамыған түрі, оның даму сатысы - теңеу деп қарайтын қисынын толықтыра түспесе, қайшы келмейді (әрине біз бұл жерде қазақ әдебиетіндегі метафора, теңеулердің тарихи даму жолдарын айқындау мәселесін қойып отырғанымыз жоқ, сондықтан ол - өз алдына басы ашық қалатын мәселе) .
Сөйтіп, қазақ өлеңдеріндегі теңеу мен метафораның жақындығы: теңеудің жұрнағын қысқартсақ, метафора болып, метафораға теңеу жұрнақтарын жалғаса, теңеуге айналады, бұл - бір. Екінші, теңеуде де, метафорада да екі нәрсе қатар алынады, әйтсе де, қазір бұл екеуінің арасындағы айырмасы да ашық нәрсе. Бірінші, теңеуде бір нәрсе екінші нәрсеге теңелсе, метафорада баланады. Теңеу бұл пәлендей, сол тәрізді, секілді десе, метафора бұл - пәлен, бұл - соның өзі деп кесіп айтады. Мағына жағынан екеуі әрине, бір емес.
Екінші, теңеудің өзіне тән жұрнағы бар да, метафораның өзіне тән жалғау, не басқа сөздері бар.
Үшінші, теңеуде теңеу жұрнақтарының теңейтін сөзге жалғануы міндетті түрде болса, метафорада сөзге метафоралық мән беретін сөздер, не жалғаулардың үнемі бола беруі міндетті емес. Жалғаусыз да, не көмекші сөзсіз де бір нәрсе екінші нәрсеге сырт жағынан, не басқа жағынан ұқсастығына қарап, тікелей балана береді.
Төртінші, теңеуде теңелетін нәрсе мен теңейтін нәрсенің екеуі де ұдайы қарама-қарсы тұрса, метафорада ұқсастығы бар нәрсенің бір жағы қалып қоюы да мүмкін. Бірақ контекст бойынша, ол нәрсені оқушы қиялы арқылы түсіне алады. Міне, теңеу мен метафораның бірлігі, айырмашылықтары, негізінен алғанда, осы айтылғандар.
Солай дей тұрсақ та, жалпы қазақ әдебиетіне тән және көп кездесетін метафора, ол - екі жағы, балайтын нәрсе мен баланатын нәрсенің екеуі де қарама-қарсы тұруы.
Құрылысы жағынан алғанда, қазақ әдебиетінде метафораның бес түрі бар, яғни, бес түрлі жолмен жасалынады.
Бірінші, метафораның жай түрі.
Екінші, жалғаулар арқылы жасалынатын метафора.
Үшінші, көмекші етістік арқылы жасалынатын түрі.
Төртінші, күрделі метафора немесе метафораның ұлғайған түрі.
Бесінші, метафораның «бейне бір», «тең» деген сөздердің көмегімен жасалатын түрі.
Метафораның бірінші түрі, яғни жай түрі жалғаусыз, жұрнақсыз, бір нәрсені екінші нәрсеге балау арқылы жасалынады.
«Көп сөз - көмір,
Аз сөз - алтын». [2, 69]
Метафораның екінші түрі «-мын», -бын», «-пын», «-сын» жіктік жалғаулары, не «-м», «-н», «-ы» (сы) тәуелдік жалғаулары арқылы жасалынады. Жіктік жалғау:
«Сен - бұзау терісі шөніксің
Мен - өгіз терісі талыспын». [2, 71]
Тәуелдік жалғаулары арқылы жасалынатын метафора төмендегілер тәрізді болып келеді:
«Халқыңыз қапа болмайды,
Есен барса жолбарысың». [2, 73]
Метафораның үшінші түрі көмекші етістіктердің жәрдемімен жасалынады (еді, едім, едің, екен, ең, м, н) .
Бұлар бір-біріне баланып тұрған екі сөзге, сөйлемге түс беріп, олардың метафоралық мәнін толықтыруда ерекше орын алады және ауыз әдебиетінде болсын, жазба әдебиетте болсын, бұл - метафораның көп кездесетін түрі.
Ақжүніс өзін суреттей келіп:
«Қойда бағылан қозы едім,
Жылқыда шаңқаң боз едім». [2, 77]
Метафораның ұлғайған түрі, не күрделі метафора өзара үшке бөлінеді:
а) бір нәрсені бірнеше нәрсеге балау арқылы:
«Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарғиын десең, екі жағы ор екен, . . . » [2, 83]
Мұнда «тоқсан бесті» «торға», «қорлыққа», «орға», «жарға», «көлге», «шөлге», қысқасы, бірнеше нәрсеге балап отыр. Оның сөйлеміндегі «тоқсан бес» барлық сөздің қазығы болса, ол сөзді басқа нәрселерге балау жөнінде дәнекер болып тұрған көмекші етістік «екен». Бірақ күрделі метафораның бұл түрі тек қана «екен», не «еді»-лер арқылы ғана жасалынады деп ұғынып қалмау керек. Кейде жалғаусыз, көмекшісіз де бір нәрсені бірнеше нәрсеге тікелей балау арқылы да жасалынады.
«Қарға батыр, әр сөзің - күміс, алтын,
Сыртыңнан тілеу тілер барлық халқың». [2, 84]
б) Ұлғайған метафораның екінші түрі - бір нәрсені екінші нәрсеге бірден балай салмайды, не нәрсеге баламақ, әуелі сол нәрсенің артықшылық, ерекше қасиеттерін поэтик тілдердің басқаларының (көбіне эпитет) көмегі, жәрдемі арқылы суреттеп, көзге елестете алады да, сосын барып балайды. Мысалы:
«Мен тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қиядан».
Бұл үзіндіде ақын өзін маралға балайды. Бірақ оны тікелей балай салмайды, «мен марал» демейді, қарт марал тауда ойнаған марал, табаны тасқа тиер деп, күні бұрын алдын ойлаған сақ марал, қысқасы, осы үзіндідегі толып жатқан әртүрлі эпитеттердің бәрі де «марал» деген сөзді анықтайды. Ақын өзінің кім екенін айту үшін әуелі маралды суреттеп, оны оқушылардың көз алдына елестетіп алады да, сосын барып, өзін маралға балайды.
«Мен қарақұстан туған қалықпан,
Сөйлер сөзге жалықпан». [2, 86] -
тағы басқа осылар тәрізді.
в) біз жоғарыда метафора мен теңеудің айырмасын айта келіп, кейбір метафорада екі нәрсенің қарама-қарсы тұруы шарт емес, екінші жағын оқушылар сөйлемнің мағынасына қарап өзі-ақ сезеді дедік. Бізше, бұл да метафораның ұлғайған түріне жатады.
«Көлге біткен құрағым,
Сурылып озған пырағым». [2, 87]
Бұл үзінділерде балап отырған жағы бар да, балайтын нәрсесі жоқ (алдыңғы екі жолда «сен» деген сөз, соңғы екі жолда «мен» деген сөздер айтылмай қалған) . Оларды сөйлемнің мағынасына қарай ұғуға болады.
Бұларды біз метафораның ұлғайған түріне жатқызуымыздың себебі - әрбір нәрсені бірнеше нәрсеге балайды, әрі суреттеп алып, сосын балайды. Мұның екеуі де ұлғайған метафораның негізгі шарттары.
Метафораның бесінші түрі «бейне бір», «бейне (тең) » деген сөздер арқылы жасалынады.
Бұл сөздердің көпшілігі теңеуге де жақын ұғым туғызуы мүмкін. Бірақ тереңірек қарасақ, теңеуден гөрі метафораға жақындығын мазмұнынан көруге болады.
«Пайдасы мол жігіттер
Дария шалқар көлмен тең. ». [2, 89]
Метафора мағына жағынан кесіп айтады (мынау сол), теңеудей («сол» тәрізді) емес. Міне, осы жағынан алғанда «бейне, бейне бір, тең» деген сөздермен келетін образдар жай қарағанда теңеуге ұқсап тұрса да, метафора дейтініміздің себебі - осы.
«Бейне, бейне бір» сөздері арқылы жасалынатын метафоралар тек ауыз әдебиетінде ғана емес, тарихи әдебиетте де жиі кездеседі.
«Бақытың баста тұрғанда,
Асқар таумен тең едің», т. б. [2, 92]
Бірақ ескерте кететін бір нәрсе, жіктік жалғауы, не тәуелдік жалғаулары немесе «бейне, бейне бір, тең» және көмекші етістердің келген жерінің бәрін де метафора деп ұғу - қате.
«Алыстан сағынысып келіп едім» -
Менің ұлым сен едің,
Сенің әкең мен едім».
«Тең теңімен, тезек қабымен», -
деген жолдардағы «ым, тең, едің, едімдердің» метафорамен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан бұлармен байланысты келетін сөздер метафоралық ұғым беріп тұр ма, жоқ па, мағына жағына көз салу керек. «Едім, едің, мын, бын» тағы басқалар бір нәрсені екінші нәрсеге балау үшін қолданылып, бірінші нәрсені екінші нәрсеге тепе-тең ету үшін қолданылса ғана олар метафоралық ұғым береді. Сонда ғана оларды метафора деуге болады.
1. 2 Эпитет және оның түрлері
Көркем тілдердің басқа түрлері өмір құбылысын сурет арқылы көзге елестету міндетін қойса, өз мағынасында қолданылатын сөздерге ол міндеттер қойылмайды.
Эпитет те, теңеу де ең алдымен өмір құбылысын сурет арқылы көрсететін көркем сөздер саналады және әдеби шығармаларда мейлінше жиі кездеседі. Сондықтан олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуға тура келеді.
Адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олардың бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой-қиялына әсер ету үшін қолданылатын көркем сөздердің бір түрін эпитет дейді [3, 26] .
Мысал үшін бірнеше үзінділер келтірелік:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
(Абай)
Бұл келтірген үзінділердегі курсивпен басылған сөздердің бәрі де эпитетке жатады.
Эпитетті қолданғанда, жазушылар жай қолдана салмайды. Белгілі мақсатпен қолданады. Жазушының қолданған эпитеттері, суреттеген нәрсесіне өзінің қатынасын көрсетеді. Біз келтірген мысалдағы ақындардың қолданып отырған эпитеттері олардың таптық мүдделерімен байланысты. Жалпақ жауырын, жуан балтыр, жұп-жұмыр жұмысшының білегі бар дегенде, мұндағы эпитеттер ойланбай алына салған нәрсе емес.
Дүниені қайта жасаушы, алып күш жұмысшылардың кім және қандай адам екенін, оның еңбек пен теорияны қатар ұстай алатындығын көрсету үшін оларды басқаларға үлгі ету үшін қолданып отыр.
Эпитет жазушының суреттеген құбылысымен белгілі жағдай, кезеңдермен байланысты боп отырады. Қуанышты, шаттық, жігер туғызу үшін жазылған әңгімелерде эпитет бір түрлі, қапалы, көңілсіз өмірді суреттеу үшін екінші түрлі эпитет қолданылады.
Лахути, сал көзіңді, жайнады бақ,
Ол бақта жайқалып тұр гүл, қызғалдақ.
Жұпар иіс бой балқытып, ойды тербеп,
Күміс шық жалтырайды маржандай-ақ.
(Жамбыл)
Жамбыл - совет дәуірінде қайта туған жыршы. Ол - ескі қара күнді де, бүгінгі бақытты, шат, гүлденген өмірді де өз көзімен көрген тарихтың әр кезеңіне өзі айғақ қарт ақын. Ол бүгінгі өмірге қуанады. Совет дәуірін шаттықпен суреттейді. Сондықтан да бүгінгі бақыт шыңына шыққан өмірді суреттеу үшін алған оның эпитеттері де қуаныш, шаттықты көзге елестетін сөздер боп келеді.
Ескертетін бір нәрсе - эпитетті болсын, суреттеу құралының басқа түрлері болсын, сол шығарманың жалпы идеясымен байланыстырып, кім жазды, қай кезде, нені көрсетпек, - осыларды біле отырып тексеру керек.
Эпитеттің және бір түрі - тұрақты эпитет. Тұрақты эпитет деп көпшілігіне сол нәрсеге тұрақталып, бекілген эпитеттерді айтады.
Мысалы: Қызыл ту, қызыл әскер, шұбар төс т. б.
Бұл өлеңдерде де кездеседі.
Мысалы:
Миллион жұмыр күш білек . . .
Ерегіскен дұшпанға,
Қызыл сырлы жебе едім.
(Махамбет)
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Көп оғының ішінен
Сұр жебе деген оқ алды.
(Батырлар жырынан)
Осы келтірген үзінділердегі курсивпен басылған эпитеттер, көбіне сол сөздерге қосақталып айтылады. Мысалы: жұдырықтың алдындағы мүйіз ; жебенің алдындағы қызыл сырлы , сұр т. б.
Батырлар жырында жебе деген сөздің алдында көбінде екі эпитет жүреді. Жебеге осы екеуі тұрақталып, бекілген.
Жебе деген сөзді қай жерде қолданса да, не қызыл сырлы , не сұр жебе деп келеді.
Мүйіз қол, күш білек деген сөздердегі мүйіз, күш эпитеттері көбіне еңбек етушілерге тән, еңбек етуші адамдарға бекілген эпитеттер деп айтуға болады.
Төс деген сөздің алдындағы шұбар деген эпитет еңбекшілерге мүлде қолданылмайды. Патшадан шен-шекпен алған тек езуші, қанаушы байлар табының адамына ғана бекіген, соларға ғана айтылатын эпитет. Осылар сықылды эпитеттерді тұрақты эпитет дейді.
Эпитет болатын көбіне сын есім ( ақшыл бұлт, ащы дауыс, Қызыл ту ) . Кейбір зат есімдер: ( күміс ай, алтын күн, меруерт жұлдыз ), есімше, көсемше етістіктер: ( қайнаған күн, жайнаған күн, гүлденіп, аймалап ), көбіне осылар сықылды затты анықтайтын сөздер болады.
Екінші бір контексте сол сөздер эпитет болады. Мысалы:
Ақ қағаз, қара сия, қалам алдым.
Жұп-жұқа ақшыл бұлттар күнді ұзатты.
Қағаз бен сияның алдындағы ақ, қара, бұлттың алдындағы жұп-жұқа бұл жерде жай қалпын білдіру емес, сол нәрсенің әсерін күшейту үшін қолданылып отыр. Ақ қағаз, қара сия, қалам алдым дегенде, жазу үшін қара қағаз емес, ақ қағаз алғанын көрсету мақсатымен айтылған сөз емес, жазуға отырғандағы көріністі көзге елестету үшін образ жасау үшін қолданылып отыр. Сондықтан бұлар эпитет болады.
Өткен шақтық есімше не көсемше етістіктер арқылы жасалынатын эпитеттерді талдағанда мұқият болуды керек ететін бір нәрсе - олар сөйлемде көркемдік үшін бір нәрсенің бейнесін көзге елестету үшін қолданылып отыр ма, әлде жай қалпын ғана білдіре ме, міне, осы екеуінің шегін айыра білу. Егер олар бір нәрсені көркемдеу үшін қолданылса - эпитет, тек жай қалпын көрсетсе - эпитет емес.
Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Өкінді жолың, бекінді,
Әуре болма, оны қой!
(Абай)
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz