Әшірбек Сығай – сыншы


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ӨТЕГЕНОВА ПЕРИЗАТ
ӘШІРБЕК СЫҒАЙ - СЫНШЫ
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
5B020500 - «Филология: қазақ тілі» мамандығы
Алматы, 2015
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Қорғауға жіберілді
«» 2015 жыл
Қазақ әдебиетінің тарихы
және теориясы кафедрасының
меңгерушісі, ф. ғ. д., профессор А. Темірболат
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: «ӘШІРБЕК СЫҒАЙ - СЫНШЫ»
5B020500 - «Филология : қазақ тілі» мамандығы
Орындаған 4- курс студенті: П. О. Өтегенова
Ғылыми жетекшісі: К. С. Ахмет
Филол. ғ. д., доцент
Норма бақылаушы: Е. М. Солтанаева
Филол. ғ. к., аға оқытушы
Алматы, 2015
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 4
І. Тарау: ӨНЕР ЖӘНЕ ӨМІР САХНАСЫ . . . 7
- Әшірбек Сығай өмірі мен еңбек жолы . . . 7
1. 2 Театр саңлақтары мен сыншы сынының сыр-сымбаты . . . 19
ІІ. Тарау: ТЕАТРТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ТҰЛҒАЛАР КЕЛБЕТІ 28
2. 1 Қазақ сахна өнерінің қалыптасу тарихы . . . 28
2. 2 Тәуелсіздікке дейінгі қазақ сахна өнерінің келбеті және бүгінгі
театр . . . 45
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 57
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 58
КІРІСПЕ
Қазақ болған соң шығар, өзімізден үлкеннің ақылын тыңдағымыз келіп тұрады. Сенен жасы үлкен бе, демек саған қарағанда оның көргені көп. Сол «табиғи заңдылықты» іштей мойындап, байқа дегенінен сақтанып, абай бол дегенінен қорғанасың.
. . . Сабақ кестесіне жаңа пән мен мұғалім енсе, ақырзаман келгендей абдырау еріншек студенттердің әдеті емес пе? Негізгі сабақтар құрамына «сын» деген қосылыпты. Ол не пәле тағы? Ал дәріс оқушы Күләш Ахмет. Бұл кім? (Ақын апамызбен шатастырғандар да болды, шыны керек)
Осы сұрақтарға жауап алу үшін әлгі «үлкендерге» жүгінбек болдық. Жасырмайын, жауап мынадай: 1) ұлдар: «Ондай ұстаз жоқ! Қайталанбас тұлға», 2) қыздар: «Құрысын, құтылғанымызға шүкір». Қайсысының айтқаны шындыққа саяды? Азаматтардың бейнелеуінше «жомарт» та, нәзік жандылар көңілінде «сараң» болып сақталыпты (баға қою жағынан) .
Сонымен, жоғарғы курстардың сақтандыруы бойынша алғашқы дәріске ұзын көйлегімізді киіп, «өмірде жиналмаған шашымызды» түйіп бардық. Апайымыз аудиторияға кірді. Орнымыздан тұрдық. Сабақ басталды . . .
Сабақ аяқталды. Орнымыздан тұрдық. Апайымыз аудитроиядан шықты. Сұрақтарымызға шын жауап табылды. Біреуді танып-білу үшін ол адам жайлы пікірлер жинастырып қажет емес екенін ұқтық. Елу минут. Сол елу минутта бойымыздағы бар қорқыныш жермен жексен болды. Баға әдірем қалсын, тек сабаққа қатыссам болды деген сезім биледі бойымды. Сын дегеннің не екенін білдік. Сыншы деген кім екенін ұқтық. Сыншының қанша түрі бар екенінен, ол қай уақытта пайда болатынынан хабардар болдық. Мұны не үшін айтып отыр дейсіздер ғой. Дипломдық жұмысыма сын тақырыбын таңдап алуыма Күләш Ахметтің тікелей қатысы болғандықтан. Бұл ешқандай да мақтау, жағыну емес. Менің шын шәкірттік сезімімнен туған сөздер. Дүниеде жек көргеніңді мақтаудан өзге не қорлық бар? Мен өзімді қорлыққа қимаймын, мұным - жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дегенім.
Сөйтіп, әдебиет сынының бір жанры болып есептелетін театр сынына тап болдым. «Әшірбек Сығай - сыншы». Сүйікті ұстазымнан, сүйікті тақырыбымды алып бақытқа бір бөлендім. Сол бақыттың әсерінен бе екен, сол баяғы қиялилығымнан ба, ойларымды санамда өрнектеп жүре беріппін. Орыстың жазушысы И. С. Тургенев: «Қайран, жастық! Сенің құдіреттілігің - барлығын да жасай аламын деп ойлауыңда болар-ау», - деген екен. Дұрыс айтыпты. Мен асықпаппын. Өйткені, кейіпкерім өмірден өтіп кетті . . . Осы кезде тағы бір қателікке ұрынғанымды түсіндім. Әшірбек жайлы дерек іздегенше, оның өзімен жолығуға асығуым керек едім-ау . . . Өзімді Пушкиннің мысалындағы гөләйттаған шегірткедей сезіндім. Уақыттан ұтылдым. Өзіме ренжідім. Бірақ, өзіңді тастап кете алмайды екенсің. Қолымда бар дүниелерден құрастырып, ойларымды салып, Әшірбектің өзінен алып жазылған дипломымды назарларыңызға ұсынбақпын.
Жұмыстың өзектілігі. Жанр ретінде тәуелсіздікке дейін пайда болып, өзінің теориясы мен тарихын қалыптастырған кенже ғылымдардың бірі - театр сыны болып отыр. Театр сыны - күнделікті театр қызметін бейнелеп отыратын әдеби шығармашылықтың бір саласы. Ол сахналық өнер мен шындықтың арасындағы сан алуан байланысты қарастырып, театрдың көркемдік төжірибесін қорытады және өмірдің театр алдына қоятын міндет-талаптарын белгілеумен қатар оның басты даму тенденцияларын ашып көрсетеді. Театр сыны ең әуелі театртанумен және оның өсу дәрежесіне байланысты дамиды. Бірақ театртанудан негізгі айырмашылығы - оның қазіргі театр оқиғаларына дер кезінде, жылдам үн қосып отыруында.
Театрдың сонау көне заманнан келе жатқаны бәрімізге аян. Ал театр сынын XVIII ғасырда пайда болды дейміз. XVIII және XIX ғасырлар аралығында театр сыны мен елдің қоғамдык-саяси өмірі арасындағы байланыстың нығая түскенін, алысқа бармай-ақ, өзіміз үнемі еліктейтін Ресейде, XIX ғасырда А. С. Пушкин, И. Надеждин, С. Т. Аксаков, В. Г. Белинский, А. А. Григорьев, А. Н. Баженов, В. М. Дорошевич, Н. Е. Эфрос, Л. Я. Гуревич, т. б. сыни мақалаларымен Театр сынының қалыптасып, өркен жаюына елеулі еңбек сіңіргенін айтудан танбаймыз. [1] Ал өзіміздің қазақ театры ше? Өзіміздің драматургтер, режиссер, әртістеріміз ше? Қазақ сахна саңлақтарын зерттеп, олардың өмірі мен шығармашылығын қаламына арқау еткен Әшірбек Сығай еңбегі зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Сыншының келелі еңбегін, сахна өнерінің сан салалы мамандар еңбегін бір арнаға салып, мысалдар келтіре отырып, сыншының өзіндік қолтаңбасын таныту жұмыстың басты өзектілігі болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсат-міндеті. Дипломның басты мақсаты Әшірбек Сығайдың жазған дүниелерінен мысал келтіре отырып, оның бас театр сыншысы екенін дәлелдеу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін төмендегідей міндеттер алға қойылды:
- Әшірбек Сығай шығармашылығының театр сынына дейінгі бағыты мен бағдары;
- Сыншының театр сынына баға берудегі өзіндік тенденциялары қандай;
- Сыншының қазақ сахна өнеріне деген көзқарастарын талдау және сараптама жасау;
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесі бойынша мынадай тұжырымдар ұсынылды:
- Автордың зерттеу обьектісін жеке ала отырып, шығармашылығына жалпылай талдау жасадық.
- Сынның театр өнеріне қатысты қалай айтылу керек, қалай талдану керек деген сауалдарға ғылыми тұрғыдан жауап бердік.
- Актерлердің кәсіби шеберлігі мен атақты режиссерлеріміз сөз болды.
- Драматургтеріміздің еңбектерін атап өттік.
- Бүгінгі театрдың жетістіктері мен мәселелері хақында әңгіме өрбіттік.
- Бірнеше ұсынысымызды ортаға тастадық.
- Әшірбек Сығайдың тек театр сыншысы ғана емес, әдебиеттің де сыншысы екенін дәлелдедік.
Зерттеу жұмысының ғылыми, теориялық, әдіснамалық негіздері. Әдебиеттанушы және театртанушы ғалымдар Әбділдә Тәжібаевтың, Бағыбек Құндақбаевтың қазақ драматургиясы және театрының, сахна өнерінің қалыптасуы мен дамуын зерттеуге бағытталған еңбектері, осы мәселелер тұрғысынан зерттеулер жүргізген Әшірбек Сығайдың еңбектеріндегі талдаулар нәтижелері біздің зерттеу жұмысымызда әдістемелік бағыт- бағдар ретінде пайдаланылды.
Зерттеудің дереккөздері ретінде әдебиет теориясы, театртану ілімі, театр сыны жанры туралы шетелдік және қазақстандық теоретик ғалымдардың іргелі еңбектері, Әшірбек Сығайдың «Толғам» атты кітабы, сыншының өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар, жазушының өзі авторлық еткен кітаптарын зерттеуге арналған ғылыми еңбектер, мерзімді баспасөз материалдары пайдаланылды.
Зерттеудің нысаны: Әшірбек Сығай - сыншы
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы . Жұмыс нәтижелерін сахна өнерінің тарихын жазуда, жоғары оқу орнының студенттеріне театр сыны пәнінен жүргізілетін дәрістерде, сондай-ақ Әшірбек Сығайдың шығармашылығына қатысты арнайы курс оқығанда, түрлі семинарлар, факультативтер жүргізгенде пайдалануға болады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерін қазақ драматургиясының дамуын зерттеушілерге, жоғары оқу орнының оқытушыларына, магистранттар мен ізденушілерге, студенттерге көмекші құрал ретінде ұсынуға болады.
Зерттеу әдістері . Дипломды жазу барысында талдаудың тарихи - генетикалық (әдеби шығарманың қайнар көзін зерттейтін және шығарманың шындықпен байланысын анықтайтын) , жүйелік -құрылымдық, салыстырмалы-типологиялық әдістері, сонымен қатар ғылыми жүйелеу әдісі қолданылды.
Дипломның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымша берілді.
- Әшірбек Сығай өмірі мен еңбек жолы
Әдебиет сыны - әдебиеттану ғылымының бір саласы. Ол өмір шындығы мен әдеби шығармадағы көркем шындық арақатынасын саралап, көркем шығарманы әдеби тұрғыдан бағалайтын, әдеби дамудың ағымдағы мәселелерін талқылап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі. Негізгі зерттеу объектісі - көркем әдебиет, әдеби процесс. Әдеби сын - әдебиеттанудың бір бөлшегі болғанымен, өзінен де бөліп шығарған салалары аз емес. Соның бірі - театр сыны.
Театр сыны - күнделікті театр қызметін бейнелеп отыратын әдеби шығармашылықтың бір саласы. Ол сахналық өнер мен шындықтың арасындағы сан алуан байланысты қарастырып, театрдың көркемдік төжірибесін қорытады және өмірдің театр алдына қоятын міндет-талаптарын белгілеумен қатар оның басты даму тенденцияларын ашып көрсетеді. Театр сыны ең әуелі театртанумен және оның өсу дәрежесіне байланысты дамиды. Бірақ театртанудан негізгі айырмашылығы - оның қазіргі театр оқиғаларына дер кезінде, жылдам үн қосып отыруында. [1]
Театрдың сонау көне заманнан келе жатқаны бәрімізге аян. Ал театр сынын XVIII ғасырда пайда болды дейміз. XVIII және XIX ғасырлар аралығында театр сыны мен елдің қоғамдык-саяси өмірі арасындағы байланыстың нығая түскенін, алысқа бармай-ақ, өзіміз үнемі еліктейтін Ресейде, XIX ғасырда А. С. Пушкин, И. Надеждин, С. Т. Аксаков, В. Г. Белинский, А. А. Григорьев, А. Н. Баженов, В. М. Дорошевич, Н. Е. Эфрос, Л. Я. Гуревич, т. б. сыни мақалаларымен театр сынының қалыптасып, өркен жаюына елеулі еңбек сіңіргенін айтудан танбаймыз. Өзіміз ше? Қазақ театры, оның сыны қайда қалды?
Театр сыны Қазақстанда алғаш рет драматургиялық шығармаларды талдау түрінде жарық көрген. Мысалы, 1914 жылы И. Лихановтың "Манап" драмасы туралы «Айқапта» Сәкен Сейфуллиннің мақаласы жарияланды. Қазан төңкерісінен кейін Қазақ академиялық драма театрының құрылуы Театр сынының туып қалыптасуына, өрістеуіне жағдай жасады.
Осы сала бойынша М. Әуезов, Ж. Шанин, І. Жансүгіров, Ғ. Тоғжанов, О. Беков, Ш. Құсайынов, М. Қаратаев, Е. Ысмайылов, Ә. Тәжібаев, М. Иманжанов, т. б. қалам тартты. Баспасөз беттерінде қазақ театрының өткен тарихи жолы, қөрнекті сахна шеберлері және жаңа қойылған спектакльдер туралы маман - театр сыншылары (Қ. Мұхамеджанов, Қ. Қуандықов, Б. Құндақбаев, К. Нұрпейісов, Л. И. Богатенкова, Ә. Сығай, Я. Шынәсілұлы, т. б. ) жазған мақалалар жарияланып, Театр сыны едәуір ілгері дами түсті. [1]
Сөзсіз, жоғарыда аталғандардың барлығы да қазақ әдебиетінің, қазақ өнерінің дамуы үшін жанын салған тұлғалар. Дегенмен, театр сыны үшін орны ерек - даусыз, Әшірбек Сығай.
Театр сыны мен Әшірбек Сығай егіз ұғым. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақ театр өнерін насихаттауда құлашын кеңге сілтеп, парасат, білімімен ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Әшірбек Сығайдың шығармашылық жолына үңілетін болсақ, оның жүріп өткен жолы - бір сыдырғы өмір жолы емес, ұстаздық, сыншылық-жазушылық, буырқана қайнаған шығармашылық еңбек жолы, қосарлана атқарған қызметтер мансап тұғыры ғана емес, азаматтық кісілік болмыс биігін танытады. [2]
1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне түсіп, 1969 жылы сол ұжымда ұстаздық қызметке қалдырылған Әшірбек Төребайұлының алғашқы сыни мақалалары алпысыншы жылдардың соңында жарық көре бастады. Өзінің сұхбаттарында әрдайым айтып отыратынындай, ол жазу өнерін 10-12 жасынан-ақ бастаған, актерлық шеберлігін мектепте жүрген кезінде-ақ көрсеткен. Көрнекті қазақ драмашысы Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындасын» орта мектеп қабырғасында қойып, «ауыл артисі» атанғаны жайлы «Толғам» атты кітабында түртіп өткен. Жүрегінің қалауымен таңдаған актерлік мамандықты дау-дамайы көп, бейнеті белшеден, рахмет-алғысы аз театр сынына арнаған Ә. Сығайдың содан бері жазған жоталы еңбектерінің театртану ғылымы үшін берері мол. Зерттеуші қаламынан «Іңкәр шақ» (1978) «Сыр сандық» (1981) «Сахнаға сапар» (1991), «Жарнама алдындағы ой» (1993), «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағлымы» (2003), «Толғам» (2004), «Талдықорған театры» (2006), «Ой төрінде театр» (2008), «Актер әлемі» (2008), «Таңғажайып театр» (2014), «Қаллеки театры» (2015) атты сүбелі кітаптарымен қоса мыңға тарта мақалалар туыпты. Бұл бір ғұмыр үшін көл-көсір дүние. Егер аталмыш кітаптарды саралап табиғатына қарай топтап, ой түйер болсақ ұзақ әңгімеге кетеріміз даусыз. Театр жайлы ой керек болса, дерек керек болса, зерделі ой керек болса Әшірбектің кітабын қараңыз. Өмір - әбігерге толы. Әбігерленіп жүріп көп нәрсені аңғармаймыз елеулі оқиғалардан құр қаламыз. Кейбір өнер адамдарының айшықты ойларын жіберіп аламыз. Осы тұрғыға келгенде, ол кісінің театрға деген ерен еңбегін айту өте қиын. Сыншының қай кітабын оқысаңыз да, әр жылдарда қазақ театрларының сахнасында қойылған спектакльдерді қаз-қалпында көргендей әсерге бөленесіз. Оқып отырып, еріксіз 1942 жылы әкемтеатрда қойылған Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері -Ақтоқты» трагедиясын тамашалайсыз. Драматургтеріміздің еңбегін көресіз. Актерлардың жетістіктеріне сүйсініп, қателіктеріне күйінесіз. Режиссерлардың мүмкіндіктеріне таңдай қағасыз, немесе қалт жіберген дүниелеріне ренжисіз. Қазақ болғаныңызға бір мақтанып аласыз. Қазақстанның түрлі облыстарына сапар шегесіз, Отанымыз тұрмақ, театр ұжымымен бірге гастрольге де шығып қайтасыз. Тіпті бір кезде сахнада өзіңіз образ сомдап тұрғандай сезінесіз. Немесе орныңыздан тұра қалып шапалақ соққыңыз келген күйді басыңыздан кешіресіз. Мұның бәрі неліктен, ұғасыз ба? Әшірбектің театр сыны жанрына деген адалдығы, еңбекқорлығы, ештеңені де көзден тас қылмайтын байқағыштығы, тура сыны емес пе? Осылардың арқасында біз сезімге ерік береміз. Қиялдаймыз.
Әшірбек Сығайдың өмірі жайлы сөз қозғағанда, оның өнері еріксіз айтылады. Себебі, оның өмірі - өнері! Ол үшін театрдан өзге әдемі әлем болған жоқ! «Сырласу» бағдарламасындағы сұхбатында, «Өмірге қайта келсеңіз не істер едіңіз? Қандай қателіктеріңізді түзетер едіңіз» деген сауалға: «Ештеңені түзетпес едім. Бәлкім, кейбір айтқан сындарымды қайта қарап шығармын, бірақ дәл осы мамандықты қайта таңдар едім», - деп жауап береді. Оның қуанышы да, қайғысы да, дерті мен шипасы да сөз өнері болатын.
Қас - қағым сәтте өте шығатын, құдіретті өнердің күрделі пернесін дөп басып, келер ұрпаққа мөлдіретіп жеткізу, толғаныс пен сарыла зерттеуді талап ететіні жақсы мәлім. Жоғарыда аталмыш еңбектерде қазақ театры мен драматургиясының өзекті мәселелері, театрдың алдында тұрған келелі міндеттері уақыт талабына сай асқан талғампаздықпен, жанашыр жүрекпен жан-жақты сараланған. Ол актерлық шеберліктің келелі мәселелерін де, қазақ режиссурасын да, ұлтттық драматургиямыз жайлы да жазды.
Әдебиеттің басқа салаларына қарағанда, драматургияның құрылымы күрделі, көлемі шектеулі және ол тікелей сахнамен байланысты. Небәрі алпыс-жетпіс бет аумағында, екі сағат төңірегінде алған тақырыпты ақырына дейін жеткізіп, үлкен тартыс құрып, көрерменнің есінде қалар соқталы кейіпкерлер сомдап шығу оңай міндет емес. [3, 4] Жиырма пьеса жаздыңыз делік, 20 шедевр жасау қиын ғой. Әйтеуір біреуінен шедевр жасайсың. Сол шедевр үшін тарихта қаласың. Ал тарихта қалдырушы - сыншы. Осы тұрғыдан алғанда, Әшірбек Сығайдың тарихта қалдырған драматургтері жетерлік. Әр автордың ерекшелігін аңғара біледі. Өзі атау қойғыш. Әуезовты - ұлы драматург десе, Ғабит Мүсіреповке трагедиялардың тәңірі деген атты құп көріпті. Дұрыс-ақ. Өйткені Омарханұлының да, Махмұтұлының да бұл атақтарға әден лайықты екендігін білеміз. Бірі драматургиямыздың негізін салса, енді бірі сол салынған жолды іле шала жалғастырып әкетті. Әлжапбар Әбішевтың жазу стилі мен оның жазудағы үш арнасын талдап көрсетеді. «Әлжапбар Әбішев - қашанда, қай кезде болмасын өз ортасының ортақ үніне дер кезінде құлақ қойған драматург. Демек, оның драматургиясынан публицистикалық сарын іздестірмеу мүмкін емес. Бұл - Әбішев шығармашылығына ән басты қасиет. Оның бірінші арнасы: ол - қазақ драматургиясындағы жұмысшы табының сана-сезімі қалыптасар тұсы деп бейнелеуге жасалған сәтті қадам! Бұл арна «Кеше мен бүгін», «Тас-талқан», «Жолдастар», «Зауал», «Достық пен махаббат» пьесалары арқылы дамып отырады. Оның ішінде шахта өмірі, металлургия, ауыл шаруашылығын өркендету мәселелерін көтеріп жүрген құрыш білекті, қайсар жүректі жұмысшы бейнесін айтпай танып отырасыз. Екінші арна: ол - қоғам, мемлекет қайраткерлерімен бірге, жалпы зиялылар әлеміне суреткерлік тұрғыдан ден қою. Бұл ойымызға әр жылдар әлетінде жарық көрген «Отан үшін», «Мансап пен ұждан», «Белгісіз батыр» драмалары айғақ. Үшінші арна: ол - драматург шығармасындағы әйелдер бейнесі. Бұл ретте Лағыл, Сәуле, Нина, Зәузат, Дәмелі сынды замандас қыз-келіншектер есімдерін еске түсірмей өте алмаймыз. Драматург салған қай арнаның ізіне түсіп қарасаңыз да ар алдында есеп беру, адамгершілікке жүгіну, екіжүзділікті әшекерелеу, опасыздық әрекеттерге қарсы күресу сияқты азаматтық белгілер суреткер позициясының беріктігін аңғартып жатады». [3, 39]
Ал Тахауи Ахтановты - профессионал драматургке балайды. Балап қана қоймай, былай дәлелдейді: «Ол жазған дүниелер сахнаға оңтайлы, орындаушылар талап-тілегіне ыңғайлы, режиссерлер, артистер илеуіне икемді болып келуі тегін емес. Оның әуелгі себебі - оқиғаларының шыншылдығы, шынайылығы, шымырлығы. Тақырып табуда, тануда, талғауда, оның ең қажетті тұсын түстеп, іріктеп, сұрыптап алуда драматург алдына жан салмайды. Өмірдің өз ақиқатын ортасынан ойып алып, оны өнер тілінде, сахна, театр ұғымына етене етіп жіберуі - Тахауи Ахтанов шеберлігінің негізгі кілті. Тахауи Ахтанов - қаны сорғалап тұрған, тамыры солқылдап соғып жатқан, кеудесінде жаны бар адам баласын сүлесоқ қалдырмайтын актуальды да қажетті мезеттерді зерек аңдайды. Кейіпкерлердің ішкі арбасуына, шарт-шұрт айқасуына, психологиялық тұрғыда өзара еркін ұстауына да жол ашып отыратын осы өзіміздің Тахаң. Ахтанов драмасының тілі ше! Оның сөз саптауын айтсаңызшы! Тек әншейін тіл безеген сырнауық сөз иесі ме еді ол? Жоқ! Мүлдем олай емес. Сырттай сырғытқан сұлу сөз, кісіні қасақанатамсандырар тәтті тіл Тахаң табиғатына жат еді. Сылдырақ, жылтырақ, жалтырақ интонацияға жаны қас еді». [3, 43]
Қалтай Мұхамеджанов - ә дегеннен-ақ өзінше жүрудің үлгісін жадына берік тұтқан драматуг дейді де, ол ойының себебін жайып салады: «Ар мен Адам. Өтірік пен шындық. Отан мен Өмір. Қалтай шығармаларының негізгі мотивы осы төңіректе талай құбылыстардың бетін ашып жатады. Ол сонысымен де қымбат. Өзіміз күнде көріп, сағат сайын естіп-біліп жүрген елеусіз де қарапайым сәттерден публицистік шеберлік танытып, ортақ кемшіліктерді ортамыздан сылып тастап отыру - драматургтің азаматтық, суреткерлік, адамгершілік үлкен қасиеті. Тіпті, оның алғашқы пьесаларының өзінде еліктеу, солықтау сияқты «модалы» элементтердің ұшқыны жоқ. Иә, Қалағаң көп жазбаған. Аңдып жүріп, халық нзарына ілінген сүйекті проблемаларды сахнадан жарқ еткізу - оның негізгі әдеті еді». [3, 59-65]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz