Қазақстан тарихы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына арналған оқулық


Чапай Мусин
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ
Жоғары және арнаулы орта оқу орындарына арналған
Оқулық
(көне дәуірден 2003 жылдың басына дейін)
Толықтырылган екінші басылымы
Алматы, 2003
Мусин Ч.
Қазақстан тарихы. Оқулық, 2-ші басылым. - Алматы, 2003. - бет.
Тарих ғылымының докторы, профессор Чапай Мусиннің бұл еңбегінде көне заманнан біздің дәуірімізге дейінгі Қазақстан тарихы кезең-кезеңімен баяндалады. Бұрын-соңды жарық көрген негізгі тарихи еңбектер және қазақ халқының тарихына бүгінгі таңда қалыптасып жатқан көзқарастарға сүйене отырып, жазылған бұл кітап жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студенттері мен оқушыларына, жалпы жұртшылыққа арналған.
© Мусин Ч.
© Жоғары оқу орындарының қауымдастығы
Алғы сөз
Карпат пен Хинган тауларының аралығындағы Еуразиялық құрылықта, 40-50 ендікте созылып жатқан ұлы даланы мекендеген әлемдік өркениетті дамытуға өзіндік сүбелі үлесін қосқан түркі тілдес халықтардың қашаннан бір тармағы болып келетін, тармағы болғанда "қазақ түрік емес, қазақсыз түрік түрік емес" деген мәтелге өзек болған түрік тектес халықтардың ең іргелісі қазақ халқы болып саналады. Оның тарихы да, тағдыры да осы ұлы даламен тығыз байланысты: сабақтас, салалас, аралас, ортақ. Сондықтан да қазақ халқының тарихын байтақ даладан бөле-жара қарай алмаймыз. Сайып келгенде, егер осы ұлы даланы айдынды асқар теңіз ретінде көз алдымызға елестететін болсақ, теңіздің қайнар бастауы, оның деңгей-дәрежесінің негізі -осы даланы жайлаған түрік тектес халықтар, оның ішінде қазақ халқы екенін ұмытпауымыз керек.
Кезінде Қазақстанның осы ұлы даланың елеулі бөлігін қаусыра құшақтап, қарымды қамтып жатқан бүгінгіден де үлкен жері болды. Қазақстанның бүгінгі жері 1917 ж. Қазан төңкерісінен кейін 20-шы жылдарда қалыптасты. Оның шеңбері Алмания (Германия) Италия, Англия, Жапония сияқты ондаған мемлекетті емін-еркін сыйғыза аларлық: таулы-тасты, орман-тоғайлы, өзен-көлді. Каспийдей шалқар тенізі, ашық далалы алқаптары бар, батысынан шығысына дейін - 3 000, оңтүстігінен солтүстігіне дейін - 1 700 шақырымға созылып жатқан, жалпы көлемі 2 миллион 700 мың шаршы шақырымды қамтитын байтақ алқап. Өзінің көлемі мен шекарасының ұзындығы жөнінен дүние жүзіндегі ең ірі жеті мемлекеттің қатарына жататын республикамыз жерінде қаптатып мал өсіріп, егіс салып, дән дайындап, кен қазып, байлық тауып, одан қоғамға қажетті өнім шығарған ежелгі қазақтардың, олармен берекелі достық, ырысты ынтымақтық жағдайында тіршіліктің қам-қарекетімен айналысқан басқа ұлт өкілдерінің күш-жігерімен зауыт, фабрикалар, мәдени-әлеуметтік ғимараттар, тұрғын үйлер шоғырланған жүздеген қалалар, мыңдаған елді мекендер бой түзеп, егеменді Қазақстанның бүгінгі болмысы, келісті келбеті мен келешегі бүкіл дүние жүзінің назарына ілігіп, оны өзіне аударуда.
Қазақстан тарихында болып жатқан бүгінгі бетбұрыс, оның саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік өміріндегі қайта түлеу, жаңару көп жылдар бойы тоталитарлық басқару жүйесінің езгісінде болып, халықтың өткенін білуі күңгірттеніп, ұрпағы мәңгүрттеніп, өз елінің тілі мен дінінен, дәстүр салтынан қол үзе бастаған жартылай орыстанған шала қазақтар көбейіп келе жатқан кезде қолға алынды. Осындай бетбұрыстың, нәтижесінде жұртшылыктың өз халқының тарихына деген ынтасы мен ықылас пейілі, құштарлығы мен шексіз құмарлығы жаппай бой көрсетті. Білсек деген сұрақтар көбейді. "Біз қазақпыз, сонда біз кімбіз, өткенімізде ғибрат аларлық не бар, келешегіміз не болмақшы, елдің тарихындағы батырлары мен билері бетке ұстар адамдары кімдер?" - осындай сұрақтар ашық қойыла бастады. Жасыратыны жоқ, соңғы төрт-бес жыл ішінде қазақ халқының тарихына, өткеніне байланысты жоғарыда айтылған сұрақтарға біршама толық жауап беретін көптеген басылымдар мен жарияланымдар, мақалалар, ірілі-уақты кітаптар жарық көрді. Қазақ жеріндегі аталып өтуге лайықты аса маңызды саяси оқиғалар мен тұлғалы азаматтардың тойлары өткізілді. Тарихтың көптеген мәселелері қайта қарастырылып, жаңа бағаға ие болды. Ақтандақ беттерді ақиқат шындықтармен толықтыру ой-өрісімізді кеңейтуге, тарихты бүгінгі биіктер тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік беруде. Сөйтіп мұның өзі өшкенімізді тірілтіп, өткенімізді білуге, оны бүгінгі қалыптасқан ойлау жүйесі мен көзқарастар тұрғысынан түсінуге жұрттың ынта- ықыласын бұрыңғыдан да арттырып отыр.
Қазір халкымыздың тарихын жастардың зердесіне құйып, оларды осы тарихтың тағылымымен таныстырудың, әсіресе, жоғары, орта оқу орындарында оқып жүрген студенттердің тарихи санасын бүгінгі талаптар тұрғысынан қалыптастырудың маңызы зор. Жастар халқымыздың келешегі, заманымыздың болашағы. Бүгінгі қоғамда атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық игі істердің бәрі солар үшін, солардың берекелі бақыты үшін істелуде. Жастар жаман болмасын, ел азбасын, халық тозбасын дейтін болсақ, бүгінгі оқу орындары шаңырағының астында жүрген қыз-жігіттердің зердесін тарихи тұрғыдан ұштау керек. Бұл тек ұстаздар үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл зиялы қауымның алдында тұрған міндеттердің келелісі, адамгершілік парыздың өрелісі болып табылады.
Солай бола тұрса да, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында Қазақстан тарихы бойынша оны қазақ жастарының ана тілінде оқып үйренуіне мүмкіндік беретін оқулықтар жетіспейді. Көмекші оқу құралдары да жеткіліксіз. Осындай зәрулікке байланысты жастардың тарихты оқып-үйренуіне септігін тигізе ме деген үмітпен жұртшылықтың, назарына осы еңбекті ұсынып отырмыз. Оқулықтардың тақырыптары қазақ халкы тарихының белгілі кезеңдеріне байланыстырып алынды. Оларды жазған, баяндаған, мазмұнын ашқан кезде Қазақстан тарихы бойынша бұрын-соңды жарық көрген еңбектер кеңінен пайдаланылды. Сонымен бірге Қазақстан тарихындағы көптеген маңызды оқиғаларға соңғы кезде беріліп жатқан тың бағалар мен жалтақсыз айтылып жатқан сындар, жаңадан қалыптасып жатқан көзқарастар жан-жақты ескерілді. Мәселен, тарихшыларымыз соңғы кезге дейін патша өкіметінің отарлау саясатының басқыншылық сипаты мен зиянды зардаптары туралы айтуға бата алмай келген. Тек бүгінгі жариялық жағдайда ол туралы ақиқатты ашық айтуға мүмкіндік туып отыр, немесе Кенесары Қасымұлы бастаған XIX ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы қазақ даласындағы қозғалысты алайық. Ол соңғы кезге дейін хандық билікті қалпына келтіруге бағытталған ақсүйектердің мүддесі үшін жүргізілген күрес деп бағаланып, оның азаттық, халықтық сипатын айтуға батылы жеткен Е. Бекмаханов сияқты тарихшыларымыз қудаланды. Осы көтеріліске байланысты кейінгі кезде жарияланған құжаттар, Кенесарының патша әкімшілігімен жазысқан хаттары және басқа да деректер оның халықтың қамы, қара қазақтың ары үшін Ресей империясының отарлау саясатына, озбырлығына қарсы қасық қаны қалғанша күрескен парасатты басшы, кемеңгер ұйымдастырушы, тайсалмайтын табанды батыр болғанын көрсетіп отыр.
Орыс шаруаларын қазақтың шұрайлы жерлеріне қоныстандыру сияқты отарлау саясатының мерзімі 1915 жылға дейін жалғасты. Оны өршітуші Ресейдің министрлер Кеңесінің Төрағасы Столыпинді Ресей тарихшылары прогресшіл саясатшы деп күні бүгінге дейін мақтайды. Ал қазақ тарихшылар оның олай емес екенін біле тұра шындықты айта алмады.
Казан төңкерісі, Қазақ даласында Кеңес өкіметінің орнауы жөніндегі көпірме сөздер кітаптан кітапқа көшіп жатты. "Алаш", "Үш жүз" партиялары, "Алаш" үкіметі жөніндегі шындық осы көпірме сөздердің қалталарында қалды. Колхоздастыру, 1932-1933 жылдардағы аштық, солардың барысында халықтың қырылуы сондай-ақ, 1929, 1937 жылдары қазақ зиялыларын жаппай қуғындау, сол арқылы мыңдаған адал азаматтардың сталиндік жазалаушы жезтырнақ аппараттың қолынан қазаға ұшырауы жөніндегі ондаған жылдар бойына халықтан жасырылып, мемлекеттік құпия дәрежесінде сақталып келген құжаттар жұртшылық назарына жеткізілуде. Осы сияқты материалдарды кеңінен толық пайдаланғанымызды айта кетелік.
Сонымен бірге республика тарихын бір жақты, тек қана қаралау тұрғысынан қарастырудың тарихшыға да, тарихты үйренуші өзгеге де абырой бермейтінін түсінуіміз керек. Біздің тарихымыздың жанды жадырататын жарқын беттері де аз болған жоқ. Өткеннің бәрін қателік пен адасушылық деп қарасақ немесе толассыз табыстар мен жетістіктердің шеруі десек, біздің өзіміз парасатсыз болып шығамыз.
Сондықтан біз үшін ең қажеттісі - шындықты бұрмалаусыз, боямасыз көрсету болып табылады. Бұл ұсынылып отырған оқу құралының авторы ең әуелі, яғни 1994 жылы тарих ғылымының докторы профессор X. Мадановпен бірігіп "Ұлы дала тарихы" кітабын шығарған еді. Кейін (2002 ж. ) автор жеке өзі "Қазақстан тарихы" деген атпен жаңа оқу құралын бастыртып шығарды. Сөйтіп, автор бұрыңғы тақырыптарды қайтадан сын көзімен қарап, көптеген соны өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, "Ұлы дала тарихында" 22 тақырып болса, осы басылым отыз алты тараудан тұрады. Оқу құралында Қазақстанның көне және орта ғасырлар дәуіріндегі, соның ішінде түркі тілдес тайпалық одақтар мен мемлекеттердің тарихы, қазақ жерінің Ресей империясының құрамына кіру кезінде бұқара халықтың ұлт-азаттық қозғалысы тың деректер негізінде толықтырылып қайтадан жазылды. Сондай-ақ, Қазақстанның тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі кезең республикамыздың газет-журналдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар негізінде жинақталып, қорытылып жазылды.
"Ұлы дала тарихы" кітабы одан кейін 2000 жылы жарық көрген "Қазақстан тарихы" шыққаннан бері де, елімізде айтарлықтай көптеген өзгерістер болды. Қазірде Қазақстан егеменді ел болып, өзге жұртпен тең болып, ата-бабаларының ертеден бергі арман-тілегі іске асып, қалыптасқан елдік дәстүрі қабылданған Ата заңы бар, дербес өркениетті елдердің қатарына қосылды. Осы уақыт ішінде Тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы көптеген жаңа очерктер мен кітаптар, жинақтар мен монографиялық еңбектер, оқу құралдары, ғылыми мақалалар мен тың материалдар жарық көрді. Олардың ішінде студенттерге дәріс беруде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясы, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә. X. Марғұлан атындағы Археология институты ғалымдарының қазақ тілінде шығарған "Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін". 1-2-3 томдар. Алматы, 1996, 1997, 2000; "Қазақстан тарихы. Очерк /Бас редакторы академик М. Қ. Қозыбаев/, Алматы, 1994; "Қазақтың көне тарихы" /құрастырушы Мұратхан Қани/, Алматы, 1993; Сәйден Жолдасбайұлы - "Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан", Алматы, 1995; Әбдіжапар Әбдәкімұлы "Қазақстан тарихы", Алматы, 1997 және т. б. еңбектерді бөліп көрсетуге болады. Жалпы осы оқу құралын шығаруда пайдаланылған әдебиеттердің тізімі кітаптың соңында берілген.
Автор соңғы кездегі жаңа деректерді ескере отырып, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде және М. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академия-сында Қазақстан тарихы бойынша студенттерге оқыған лекция тақырыптарын толықтырып, егеменді еліміздің тарихы бойынша осы жаңа оқулықты шығаруды жөн көрді. Онда жаңадан тағыда үш тарау қосылды. Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі он бір жылдағы өзгерістер жан-жақты ескеріліп, тың деректермен қайтадан толықтырылды.
Әрине, жұртшылық назарына ұсынылып отырған бұл еңбекте Қазақстан тарихы бойынша тың мағлұматтар мен деректер түгел пайдаланып, олардың мазмұны мен маңызы толық ашылды деп кесіп айта алмаймыз. Мінсіз дүние болмайды, бұл еңбектің де мүлт кеткен, толықтыруды, жетілдіруді керек ететін жерлері болуы әбден ықтимал. Сондықтан оқулық туралы сын-ескертпелер болатын болса, оған риза болатынымызды күн ілгері білдіреміз.
I -бөлім
ЕРТЕ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАН
Бірінші тарау
Қазақстан жеріндегі алғашқы
қауымдық құрылыс
§1. Көне, орта және соңғы тас дәуірі
Адамзат тарихы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Ол тас дәуірі, мыс (қола) дәуірі және темір дәуірі болып үш кезеңге бөлінеді. Ежелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл кезде адамның жерден бауырын көтеріп, екі қолдың еңбек әрекетіне бейімделуі іске асты. Мұның өзі алғашқы адам іспеттес тіршілік иелерінің күнкөріс үшін тас құралдарын жасауына мүмкіндік берді. Осы құралдардың қалдықтары адамзат баласының ең ұзаққа созылған тас дәуірінің уақытын шартты түрде белгілеуге негіз болды.
Батыс Еуропаның материалдары негізінде құралған классикалық схема бойынша ежелгі палеолит үш дәуірге: дошелль, шелль, ашель болып бөлінеді. Орта палеолит соңғы ашель, мустье, ал соңғы палеолит ориньяк, солютре және мадлен болып айырылады.
Соңғы жылдары бұл схемаға кейбір өзгерістер енгізілді. Бірқатар авторлардың пікірі бойынша: олар палеолитті екі дәуірге - ежелгі дәуір мен соңғы дәуірге бөліп, мустье мен соңғы палеолит арасына меже қояды. Көбінесе Африкада жаңа материалдар негізінде адамзат өміріндегі әуелгі дошелльді қамтитын, ежелгі дәуір бұл күнде олдувэй дәуірі деп аталады. ол б. з. ж. 2, 5 млн. жылдан басталады. Ежелгі палеолиттің одан кейінгі екі дәуірі - шелль мен ашель 800 мың жылдан 140 мың жылға дейінгі дәуірді қамтиды. Көптеген зерттеушілер орта палеолитті /соңғы ашель мен мустьені/ біздің заманымыздан бұрыңғы 140-40 мың жылдықтарға жатқызады. Соңғы палеолит 40 мың жылдықтан 12 мың жылдыққа дейінгі уақытқа сәйкес келеді.
Алғашқы адам тақылеттес тіршілік иелері мен оның қарапайым шаруашылығының қалыптасу кезеңін қамтитын ежелгі тас дәуірі өндіргіш күштердің өте төмен деңгейімен сипатталады. Ол тұстағы адамдардың кәсібінің мәні табиғаттын, дайын өнімдерін пайдаланумен шектелген. Олар өздігінен өсіп тұрған дәндерді, жеміс-жидектерді теріп жеп, жабайы аңдарды аулап, олардың етімен қорректенді. Бұл тұстағы адамдардың өзара қарым-қатынасы олардың теңдігіне, еңбек бөлінісінің жынысқа, жасқа қарап реттелуіне негізделді.
Еңбекке бейімі бар, адам тақылеттес ең әуелгі тіршілік иесі ғылымда презинджантроп деген атпен белгілі. Оның сүйектерінің қалдықтары шығыс Африкадан табылған. Ғылымда "Ноmо һаbіlіs" /"шебер адам"/ деп аталып кеткен ол осыдан 1 миллион 750 мың жыл бұрын өмір сүрген Оның миының аумағы 652 см3, яғни ертедегі маймылдың миынан әжептеуір көлемді де салмақты болған. "Шебер адамның" еңбек құралы малта тастың сындырылған түрлерінің қырлары пышақ сияқты өткір болып, кесу үшін пайдаланылған.
Адамзаттың дамуындағы тас дәуірінің орта және соңғы кезеңдеріне сәйкес келетін " Homo erectus " /"түрегелген немесе бойын жазған"/ питекантроп /"маймыл адам"/ және синантроп /"адам"/ болып екіге бөлінеді. Оның алғашқысы мен соңғысының араларында дамудың, жетілудің оң өзгерістері болғанын, сонымен бірге олардың дамуында сабақтастық барын байқатады.
Бірінші питекантроп 1891 жылы Индонезиядағы Ява аралында табылды. Питекантроп бұдан бір миллиондай жыл бұрын өмір сүрген. Ол "Ноmо һаbi1іs"-пен салыстырғанда елеулі эволюциялық -өгерістерге ұшыраған. Ми көлемі үлкейіп (959 см3), бас сүйегі мен жақ сүйектері кішірейген, аяқ пен қолдың пропорциясы өзгерген.
("Ноmо егесtus"-тің екінші бір түрі синантроп болды. Синантроп 1927 жылы Қытай жерінде Чжоу-коу-дян үңгірінен табылды. Одан синантроптың сүйектерімен бірге әр түрлі формадағы тас құралдар, ошақта көп жатқан тастар және төменгі антропоген /геологиялық жер қыртысы/ тарихындағы ширектік дәуір фаунасы жануарларының көп сүйектері табылған. Бұдан синантроптар сол кездің өзінде-ақ от жағуды білген деген қорытынды жасауға болады. Бұл кезде піскен етті, өсімдікті тамақ ету адамның дамуына әрине, өзінің игі әсерін тигізбей қойған жоқ. Б. з. б. 300 мың жыл бұрын "Ноmо егесtus" қазіргі кезеңдегі адам түріне, немесе "Ноmо sаріеnsке" /"ақылды адам"/ айналды. "Ақылды адамның" қалдықтары Еуропада, соның ішінде Германиядағы Неандерталь жотасында табылған. Сондықтан ол тарихта неандерталь адамы деген атпен белгілі. Ал б. з. б. 45-35 мың жылдықта Франциядағы Креманьон жотасында қазіргі адамдарға ең жақын ертедегі адамдардың қалдығы табылды.
Қазақстан жерінде, ежелгі адамның қазынды қалдықтары әзірге кездесе қоймағанына қарамастан, олардың мекен еткен аудандарының бірі - Қаратау жотасы болғаны анықталып отыр. Арыс өзені жағасындағы Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ертедегі адамдардың еңбек құралдары болып табылатын ірілі-уақты шақпақ тастардың табылуы осыған айқын дәлел бола алады.
Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей ұстай білген. Олар аңдар аулаумен, тамақ болатын өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Орталық Қазақстан жеріндегі қазбаларға қарағанда, осы маңда орналасқан ежелгі адамдар еңбекке тас құралдарын кеңінен пайдаланған. Олар тастарды үшкірлеп, үлкен-үлкен қырғыштар, әр түрлі дөңгелек тас құралдар жасап, қажеттеріне жарата білген.
Соңғы палеолит дәуірінде адамдардың рулық қауымы мен топтық ұжымдары қалыптаса бастады. Рулық қауымдар көп жерде алдымен отбасының қамқоршысы, бала өсіруші ананың төңірегінде топтасты, осыған байланысты әйелдер алғашқы қауымда үстемдік жасады, мұның өзі аналық-матриархаттық дәуір деп аталды.
Тас дәуірінің тарихында мезолит пен неолит біздің заманымыздан бұрыңғы 12-5 және 5-3 мың жылдықтардың арасын қамтиды /мезолит-орта тас дәуірі, неолит-соңғы тас дәуірі/. Ол кезде табиғат осы заманғы бейнеде болды. Жануарлар дүниесінің құрамы өзгеріп, енді аңшылардың аулайтыны көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, қоян, үйрек болды. Мезолит заманындағы адамдардың садақ пен жебені ойлап шығаруы үлкен жетістік еді және осы тұста микролиттер - үшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент -тәрізді ұсақ қалақтар шықты.
Біздің заманымыздан бұрыңгы 5 мың жылдықта басталған неолит -тас құралдарын барынша пайдаланған дәуір. Бұл кезде еңбек қүралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістер қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар„ кетпендер, келілер, дән үккіштер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары дүниеге келген. Сонымен қатар керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит кезеңі рулық қауым дәуірі еді. Онда бірігіп еңбек ету және өндіріс құрал жабдықтарына ортақ меншік үстемдік етті. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар туыстық жағына және шаруашылықтың түріне қарай негізделді. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Кейініректе олар мал өсірумен, егіншілікпен және кен өнеркәсібімен айналыса бастады.
§2. Қола дәуірі. Беғазы-Дәндібай мәдениеті
Біздің заманымыздан бұрыңғы екі мың жылдықта мал және егіншілік шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Мұның өзі Қазақстан жеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды өзгертуге жол ашты. Мал өсіруші тайпалар ірі және қуатты бірлестіктер құрды. Бұлардың арасында әр түрлі себептермен келіспеушіліктер, болып, қарулы қақтығыстар да орын алды. Қару енді жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалардың соқтығыстарында да жиі қолданылды, қару жасау бірте-бірте металл өңдеудің дербес саласына айналды.
Б. з. б. 2 мың жылдықтың ортасында Қазакстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола - әр түрлі өлшемдегі мыс пен қалайының кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балку температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді. Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылады. Қазакстан жерінде түсті металдар өңдеуге, әсіресе, мал өсіруге мықтап көңіл бөлген. Сөйтіп, б. з. б. 2 мың жылдықтың аяғында - 1 мың жылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі - көшпелі мал шаруашылығына ауысады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz