Аралық сот


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 59 бет
Таңдаулыға:
Жоспар
Кіріспе . . . 2-5 бб.
І-тарау. Аралық сот туралы жалпы түсінік
1. 1. Аралық соттың түсінігі және оның тарихи даму барысы . . . 6-18 бб.
1. 2. Аралық ескертпенің құқықтық табиғаты . . . 18-30 бб.
ІІ-тарау. Қазақстан Республикасындағы аралық сотттар қызметі
2. 1. Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметінің құқықтық реттелуі: 1990-жылдардан бергі даму барысы . . . 30-46 бб.
2. 2. Аралық соттар туралы заң жобасына қатысты кейбір мәселелер . . . 47-54 бб.
Қорытынды . . . 55-57 бб.
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 58-62 бб.
Кіріспе
Мәселенің өзектілігі. Қазіргі уақыттағы экономиканың біртіндеп жаһандануы жағдайында, интеграциялану және азаматтық қатынастардың қоғамдық өмірдің жаңа салаларына таралуы жағдайында аралық сот немесе коммерциялық арбитраж міндеттемелік және басқа азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды, қақтығыстарды, келіспеушіліктерді шешудің негізгі тәсілдерінің біріне айналып отыр.
Аралық сот дегеніміз бұл - тараптардың мүліктік және басқа дауларын шешу үшін құрған соты болып табылады.
Аралық сот (арбитраж) - бұл тараптар таңдайтын арбитрдың азаматтық дауды қарауының мемлекеттік емес, баламалы нысаны болып табылады. Аралық сот барлық дерлік елдерде кеңінен пайдаланылады және оның қызметі үш постулатқа негізделеді: аралық сот туралы тараптар келісімінің міндеттілігі (мемлекеттік сот істі аралық келісім болған жағдайда қарай алмайды) ; аралық сот шешімінің мемлекеттік соттың күшімен мәжбүрлеп орындалуы; аралық сот шешімінің түпкілікті сипаты (мемлекеттік сот мәжбүрлеп орындау туралы ұйғарым шығарған кезде, шешімді мәні бойынша қарауға құқылы емес) .
Қазіргі таңда аралық сот институты экономикалық дауларды қарайтын негізгі құрылым болып табылады. АҚШ-та экономикалық даулардың 80 пайызынан астамын аралық соттар қарайды. Елдегі жақсы жолға қойылған, қазіргі күнге сай кең құқықтармен қамтамасыз етілген аралық соттың қызмет етуі, шетелдік инвесторларды тартатын факторлардың бірі десек, артық болмайды. Халықаралық деңгейде халықаралық коммерциялық арбитраж мәселелеріне байланысты бірнеше келісімдер, конвенциялар қабылданды. Олардың көпшілігіне Қазақстан Республикасы қосылып отыр. Аралық соттардың қызметінің ел үшін тиімділігін мойындаған ТМД мемлекеттері тәуелсіздіктерін алғаннан соң, аралық сот қызметінің дамуына жақсы жағдайлар жасап, тиісті шаралар қолданды.
Осының бәріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметіне қатысты орын алып отырған жағдай өзгеше, яғни Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алғаннан кейін әлі күнге дейін аралық соттардың қызметі кең дами алмай отыр. Қазақстан Республикасының аралық соттар қызметін реттейтін тиісті заң актісі қабылданған жоқ. Аралық сот шешімін мәжбүрлеп орындау туралы норманың заңнамада болмауы себебінен аралық соттар шешімінің мәртебесі дауды шешудің басқа баламалы тәсілдерінің мәртебесі деңгейіне түсуде.
Қазақстан Республикасындағы аралық соттардың жағдайы туралы М. К. Сулейменов былай деп көрсетеді: «Қазіргі уақытта өте қиын жағдай қалыптасып отыр деп айтуға болады. Бұл Қазақстан Республикасындағы аралық соттардың апатты жағдайынан туындап отыр. Қазіргі күні Қазақстан Республикасында аралық соттардың шешімдері барлық жерде орындалмайды. Соған қарамастан Қазақстанда аралық соттар жұйесі біртіндеп дамыған болатын және мемлекет тарапынан тиісті қолдау болғанда ол дамыған және тиімді құралға айналар еді. Алайда, мемлекеттік соттар бұл сұрақтың заңды түрде шешілмегеніне сілтеме жасай отырып, орындау туралы бұйрық шығарудан бас тартып отыр». 1
Сонымен, мәселенің өзектілігін аралық сот қызметіне қатысты орын алып отырған қазіргі жағдаймен, экономиканың қозғаушы күші кәспкерлердің негізгі құқықтарының бірі - дауды аралық сотқа беру құқығын дұрыс жолға қоюды қамтамасыз етудің өткірлігімен түсіндіруге болады.
Жұмыстағы зерттеу пәні аралық соттардың түсінігі, оның пайда болуы, аралық келісімнің құқықтық табиғаты, Қазақстан Республикасында аралық соттар қызметінің құқықтық реттелуі мәселелері болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы аралық сот туралы заңнаманың қазіргі күнгі жағдайы мәселелері жұмыста жан-жақты қаралады.
Жұмыстың мақсаты аралық соттардың түсінігін, оның пайда болу тарихын терең зерттеу, аралық келісімге азаматтық құқықтық тұрғыдан тиісті баға беру және аралық сот туралы заңнаманың қалыптасуына өз үлесімізді қосу, Қазақстан Республикасында аралық соттар қызметінің қазіргі жағдайына жан-жақты талдау жасау болып табылады.
Сонымен қатар, бұл жұмыста шешілуі тиіс төмендегідей міндеттерді алға қойып отырмыз:
- аралық сот қызметінің теориялық аспектілерінің анализін жүргізу;
- аралық сот қызметінің эволюциялық дамуына жан-жақты зерттеу жүргізу;
- аралық сот қызметінің шетелдердегі тәжірибесін зерттеу және халықаралық коммерциялық арбитраж қызметі мен аралық сот қызметінің салыстырмалы зерттеуін жүргізу;
- Қазақстан Республикасындағы аралық сот туралы заңнамаға анализ жүргізу;
- Қазақстан Республикасындағы аралық сот қызметіне қатысты қалыптасып отырған мәселелердің шешу жолдарын іздестіру.
Жұмыстың ғылыми жаңалығына келер болсақ, Қазақстан Республикасындағы аралық соттардың қызметі мәселелерімен М. К. Сулейменов, Ю. Г. Басин, П. Я. Грешников, И. П. Грешников және т. б. сияқты ғалымдар айналысады. Алайда, бұл жұмыста Қазақстан Республикасындағы аралық соттар туралы заңнамаға қатысты, анығырақ айтсақ, Аралық сот туралы соңғы заң жобасына толық, жан-жақты зерттеу жүргізіледі және аралық сот туралы заңдар жобаларына, шетелдік заңнамаға салыстырмалы зерттеу жасалып, Қазақстан Республикасында аралық сот туралы заңнама қандай болу керек деген сұраққа жауап ізделінеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстан Республикасындағы аралық сот қызметі мәселесі аз көтерілген жоқ. Ол туралы бірнеше халықаралық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, Қазақстан Республикасы Президентіне, Парламентіне, Үкіметіне жолдау да жіберілді. Дегенмен, аралық сот туралы заңнамада соңғы болған жаңалық - 2003 жылдың 29-тамызындағы заң жобасына қатысты ой-пікірлер жеткілікті түрде баспасөз бетінде айтылған жоқ.
Аралық сот қызметі туралы мәселесімен Ресейде белгілі ғалымдар М. М. Богуславский, Е. А. Суханов, Г. К. Дмитриева, С. Л. Лазарев, М. Г. Розенберг, А. С. Комаров және т. б. айналысады. Қазақстан Республикасындағы аралық сотқа қатысты орын алып отырған жағдаймен байланысты мәселенің өзектілігін М. К. Сулейменов, Ю. Г. Басин, П. Я. Грешников, И. П. Грешников, З. Х. Баймолдина, Е. Б. Осипов секілді ғалымдар көтеріп жүр.
Бұл жұмыс аталған ғалымдардың және шетелдік ғалымдардың еңбектерін кеңінен пайдалана отырып жазылды.
Жұмыстың құрылымына келер болсақ, зерттеу жұмысы үлкен екі тараудан тұрады. Бірінші тарау «Аралық сот туралы жалпы түсінік» деп аталады. Бұл тарау екі параграфтан тұрады және бұл тарауда аралық соттардың түсінігі, пайда болу тарихы, аралық талқылаудың қағидалары және аралық талқылаудың мемлекеттік соттағы талқылаумен салыстырғандағы артықшылықтары мәселелері қаралады. Екінші тарау «Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметі» деп аталады және бұл тарау да екі параграфтан тұрады. «Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметінің құқықтық реттелуі: 1990-жылдардан бергі даму барысы» деп аталатын параграфта Қазақстан Республикасы егемендігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасындағы аралық сот туралы заңнамада және қоғамдық өмірде орын алған оқиғаларға жан-жақты талдау жүргізіледі.
«Аралық соттар туралы заң жобасына қатысты кейбір мәселелер» деп талатын соңғы параграфта аралық сот туралы заңнамаға толық талдау жүргізіледі және Қазақстан Республикасындағы аралық соттар туралы заңнаманың болашағы туралы ұсыныстар айтылады.
І-тарау. Аралық сот туралы жалпы түсінік
1. 1. Аралық соттың түсінігі және оның тарихи даму барысы
Адамзат баласының тарихында даулы қатынастардан немесе қиын жағдайлардан шығудың және әділеттілікті іздеудің төрт нысаны белгілі: «Құдай соты», мемлекеттік сот, өзін-өзі соттау және аралық сот. 2 «Құдай соты» - бұл тағдыр секілді, яғни адамзат ұғымының шегінен тыс жатқан, бірақ шынайылығының, өзгермейтіндігінің арқасында әділеттілікті қамтамасыз ететін күштерге жүгіну болып табылады. Мемлекеттік сот - мәжбүрлеу күшімен мемлекеттің бекіткен құқықтық тәртібін қамтамасыз ететін процедура және мемлекет органы болып табылады.
Өзін-өзі соттау - бұл қоғамның және адамдардың пікірі бойынша, сот жүргізетін адамның әділеттілік туралы түсінігінен шыға отырып, қажетті тәртіпті қамтамасыз ететін процедура болып табылады. Және соңғысы, аралық сот - осы зерттеу жұмысының объектісі болып табылады.
Бізге белгілі, осы зерттеу жұмысының объектісіне қатысты мынадай ұғымдар қолданылады: төрелік немесе аралық соттар. Бұл екі ұғым бір-бірімен синоним болып табылады. «Аралық сот» ұғымы дауды шешуге, тараптар оның пікірін алдын ала түпкілікті деп танитын үшінші (мүдделі емес және құзыретті) тұлғаның қатысуын білдіреді. 3
Арбитраж [фр. сөзі - arbitrage] - тараптары аралық судьяға жүгінетін даулы істерді қарау тәсілі. Сондай-ақ, «арбитраж» ұғымы дау делдал-судья арқылы шешілетін аралық сотты білдіреді. 4
Аралық сот мемлекеттік сот жүйесінің элементі болып табылмайды және өзінің қызметі барысында оған бағынбайды. Тараптардың арбитражға жүгінуі немесе ол туралы тараптардың келісімінің болуы сот юрисдикциясын жоққа шығарады. Бұл, егер тараптардың біреуі келісімнің болуына қарамастан сотқа жүгінетін болса, соттың өзінің бастамасы бойынша, не басқа тараптың өтініші бойынша талап арызды қабылдаудан бас тартуы керектігін немесе басталып кеткен іс бойынша өндірісті қысқартуы керектігін білдіреді. Мемлекеттік сот органдары, негізінен, арбитраж қызметіне араласуға құқылы емес. Алайда, арбитраж ұлттық мемлекеттік сот жүйесінен толық ажыратылмаған. 5 Арбитраждық қараумен байланысты соттардың орындауы мүмкін кем дегенде екі процессуалдық әрекет бар. Біріншісі - бұл талапты алдын ала қамтамасыз ету бойынша мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыру. Әдетте, арбитраж мүдделі тараптың тиісті өтініші болған жағдайда өзі мұндай шешімді қабылдай алады. Бірақ, егер мүдделі тұлға осындай өтінішпен сот органына жүгінетін болса, мұндай өтініш арбитраждық процедурамен сыйыспайтын әрекет ретінде қарастырылмайды және соттың қажетті шараларды қабылдауға құқығы бар. Екінші әрекет арбитраж шешімін орындаумен байланысты. Егер оны тараптар ерікті түрде орындамаса, тек мемлекеттік соттың ғана шешімді мәжбүрлеп орындатуға өкілеттігі бар. Сонымен қатар, қатаң белгіленген жағдайларда мемлекеттік сотқа даудың мүдделі тарабының тиісті өтінімі болған кезде арбитраж шешімінің күшін жою өкілеттігі берілген. Осы айтылғандарды қоспағанда арбитраж істі толығымен өз бетінше қарайды.
Аралық сот тарихында оның екі түрі белгілі: ad hoc арбитражы (бір ғана реттік арбитраж) және институциялық арбитраж. Институциялық немесе тұрақты әрекет ететін арбитраж ұлттық сауда (сауда-өнеркәсіптік) палаталары, биржалар, ассоциация, одақ, қоғам және кез келген басқа ұйымдар жанынан құрылады. Институциялық арбитражға дауды шешуге қатыспай, кейбір әкімшілік-техникалық, консультативтік және бақылау функцияларын жүзеге асыратын тұрақты әрекет ететін органның болуы; ол туралы ереженің (немесе жарғының) және арбитраждық процесс ережелерін бекітетін регламенттің болуы; тараптар ішінен арбитрларды таңдайтын арбитрлар тізімінің болуы тән.
Аd hoc арбитражын тараптар нақты бір дауды қарау үшін құрады, іс қаралып, ол бойынша шешім шыққаннан кейін ол өзінің қызметін тоқтатады. Тараптар арбитраждық талқылаудың өткізілу орнын таңдайды, арбитрларды таңдау ережесін және арбитраждық процедураны бекітеді. Дауды шешу процедурасын таңдау кезінде тараптар іс жүзінде шексіз автономияны пайдаланады. Олар дауды шешу процедурасы туралы басынан аяғына дейін келісуі мүмкін, не негіз ретінде қандай да бір институциялық арбитраждың регламентін алуы мүмкін.
Тәжірибе көрсеткендей, ad hoc арбитражы істің фактілік жағдайларымен байланысты даулар бойынша жетістікке жеткізеді: тауардың сапасы, оның бағасын анықтау мәселелері және т. б. Мұндай істердің көпшілігі тез және тиімді түрде қаралады. Алайда, күрделі және шиеленіскен қарама-қайшылықтар болған жағдайда институциялық арбитраждың артықшылықтары басым болып табылады.
Аралық сот туралы жалпы түсінік деп аталатын тарауда аралық соттың дауды шешудің баламалы процедуралары жүйесіндегі орны туралы мәселеге тоқталмай кетуге болмайды. «Дауды шешудің баламалы процедуралары» термині мемлекеттік соттарға қатысты айтылған. Дегенмен, кейбір ғалымдар дауды шешудің баламалы процедураларын мемлекеттік соттарға балама ретінде қарастырса, басқалары арбитраждық (аралық) соттардағы талқылауды дауды шешудің баламалы жолдарынан бөліп алады да, қалған процедураларды мемлекеттік, сондай-ақ арбитраждық (аралық) соттарға балама ретінде қояды. 6
Арбитраж шешімінің құқытық табиғаты арбитражды дауды шешудің баламалы процедураларының қатарына жатқызбайтын жаңа пікір туғызды. Осыдан барып «баламалы» термині сот және арбитраждық талқылауға қарсы қойылады және тек консенсуалдық процедураларды ғана қамтиды. Шынында арбитраждардағы дауды шешудің тәсілі мемлекеттік соттардағы процедуралармен ұқсас болып келеді және бұл екеуі де дауды шешудің баламалы процедураларынан елеулі деңгейде ажыратылады. 7
Мұндай тұжырымға төмендегі дәйектерді келтіруге болады: арбитраждық өндіріс тұрақты әрекет ететін аралық соттардың регламенттерінде басынан аяғына дейін реттелген (нақты процедуралар алдын ала анықталған, талқылау процесі - мысалы, талап арызды беру, қабылдау, арбитрларды сайлау т. б. жазылып қойылған) ; аралық соттардың шешімдерін орындау ұлттық заңнамамен және бірқатар халықаралық конвенциялармен қамтамасыз етілген.
Аралық сот туралы жалпы мәселердің арасында, айта кету қажет, аралық соттың қарауына азаматтық құқықтық қатынастардан шығатын даулар беріле алады. Сәйкесінше, әкімшілік, еңбек т. б. құқықтық қатынастарынан шығатын даулар, дәрменсіздік туралы істер, заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер және т. б. арбитраждық талқылауға беріле алмайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚР АІЖК) 25-бабына сәйкес, сотқа бағынысты мүліктік дау, оған заң актілерінде тыйым салынбаған кезде, тараптардың келісімі бойынша аралық соттың қарауына берілуі мүмкін. Бұл нормадан екі тұжырым жасауға болады: аралық сотқа тек мүліктік даулар беріледі және кейбір даулардың аралық сотқа берілуіне заң актілерімен тыйым салынуы мүмкін. Негізінен, аралық сот қарайтын даулар тиісті аралық сот туралы заңнамада толық бекітілуі тиіс.
Қазақстан Республикасындағы аралық соттар туралы жалпы мәселелердің бірі - аралық сот пен халықаралық коммерциялық арбитраждың арасын ажырату негізі мәселесі. Аралық соттың жоғарыда айтылған екі түрінен басқа оны ішкі дауларды қарайтын аралық сот және сыртқыэкономикалық қатынастардан шығатын дауларды қарайтын аралық сот немесе халықаралық коммерциялық арбитраж деп бөлуге болады. Кейбір елдерде, мысалы, Швецияда аралық соттар бұлай бөлінбейді, яғни барлық аралық соттың қарауына берілуі мүмкін ішкі және сыртқы дауларды бір аралық сот қарай береді. Аралық сот мәселесімен терең айналысып жүрген ғалымдардың бірі И. П. Грешников халықаралық коммерциялық арбитражды ішкі аралық соттан, біріншіден, даудың қатысушыларының құрамы бойынша, екіншіден, тұрақты әрекет ететін аралық соттың құрылтайшыларының интернационалдық құрамы бойынша, үшіншіден, белгілі бір аралық соттың арбитрлар құрамы бойынша ажырату қажет деп санайды. 8
Белгілі ғалым ҚазГЗУ Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры М. К. Сулейменов халықаралық коммерциялық арбитраж бен аралық сотты ажырату негізі ретінде даудың шетелдік элементпен шиеленісуін, яғни тараптардың әртүрлі мемлекетке жатуын, не даудың шетелде орналасқан объектіге қатысты болуын, не шетелде орын алған заңдық фактіге қатысты болуын келтіреді. 9 Бұл мәселеге қатысты ортақ шешім әзірге жоқ және ол қазіргі Қазақстан Республикасының аралық сот туралы заңнамасының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, оған осы жұмыстың екінші тарауында кеңірек тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Аралық соттардың мемлекеттік соттармен салыстырғандағы артықшылықтары туралы соңғы уақытта аз айтылып жүрген жоқ. Аралық талқылау мемлекеттік-соттық дауды шешуге қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие. Бұл артықшылықтардың арасында істі қараудың тездігін және үнемділігін; арнайы аралық сотты құру мүмкіндігін; судьяларға, сондай-ақ олардың шығарған шешімдеріне «жоғары сенім» факторының болуын; құпиялылығын; тараптардың дауды шешу уақытын, орнын және мерзімін өздері анықтау мүмкіндігін және т. б. айтуға болады. Ынтымақтастық рухын сақтап қалудың да маңызы зор, ол контрагенттердің өзара пайдалы шарушылық байланыстарын ары қарай жалғастыруға қажетті жағдай туғызады. 10
Сондай-ақ, арбитраждың демократиялық сипатта болып келетіндігін айта кету қажет. Ол, жоғарыда айтылғандай, сот, әкімшілік және басқа да мемлекеттік органдар жүйесіне кірмейтін қоғамдық құрылым болып табылады. Тараптар арбитраждық талқылаудың барлық сатысында оған әсер ете алады: тараптардың келісімі арбитражға жүгінудің міндетті шарты болып табылады; тараптар бірнеше арбитрларды немесе бір арбитрді таңдауы мүмкін; тараптар арбитражды өткізу орнын және арбитраждық талқылау тілін таңдайды; тараптар толығымен немесе ішінара арбитраждық процедураның өзін анықтауға құқылы.
Арбитраждық талқылау қарапайым болып табылады. Ол сот процедурасын реттейтін көп процессуалдық нормалармен реттелмейді. Бұл істі салыстырмалы түрде қысқа мерзімде қарауды қамтамасыз етеді. 11
Арбитраждық дауды қарау, әдетте, жабық отырыстарда өткізіледі, бұл дау тараптарының өндірістік және коммерциялық құпияларын сақтауға кепілдік береді. Көптеген елдерде тараптардың келісімінсіз арбитраж шешімдерін жариялауға тыйым салынған. Арбитрлар шешілетін дау туралы ақпаратты құпияда ұстауы қажет. 12
Аралық соттың негізгі қағидаларының бірі оның шешімінің түпкілікті сипатта болуы болып табылады. Бұл қағида аралық сотты дауды шешудің альтернативті процедураларына қарағанда тартымды етеді.
А. А. Гринкевич өзінің «Аралық сот: тарихы және дамуы» атты мақаласында аралық соттың артықшылықтарын қағида түрінде былай тұжырымдайды:
- аралық судьяның тәуелсіздігі және бейтараптығы. Аралық судьялар өздерінің міндеттерін орындау барысында осындай болуы тиіс және олардың кандидатураларын тараптар анықтағанымен, судьялар олардың өкілдері болып табылмайды, өйткені істің нәтижесіне тікелей немесе жанама түрде мүдделі тұлға судья бола алмайды;
- тараптар құқықтарының теңдігі. Аралық сотта дауды шешу өздерінің ойларын баяндауға деген тараптардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі негізінде жүзеге асырылады. Әрбір тарап өзінің талаптары немесе қарсылықтарын негіздеу үшін сілтеме жасап отырған жағдайларды дәлелдеуге міндетті;
- процессуалдық және материалдық құқықты қолдану бостандығы. Тараптарды аралық талқылау процесі кезінде немесе оған дейін дау қаралатын материалдық құқықты таңдауда, сот отырысының процессуалдық тәртібін анықтауда және өздерінің материалдық және процессуалдық құқықтарына (талаптан бас тарту, талапты мойындау, бітімгершілік келісім, талаптың негізі мен нысанын өзгерту) билік етуде еркіндік беріледі;
- дауды қараудың біліктілігі. Тараптар дауға қатысты сұрақтар бойынша білімі мен біліктілігіне сенетін тұлғаларды судьялыққа тағайындайды;
- ынтымақтастық атмосферасын қамтамасыз ету. Аралық сот тараптардың екі жаққа да ыңғайлы, тиімді келісімге келуіне жәрдемдеседі, яғни олардың арасында бітімгершілік келісімнің жасалуына және осының нәтижесінде болашаққа деген сенім мен ынтымақтастықтың сақталуына күшін салады;
- аралық сот шешімінің міндеттілігі. Бұл шешім шығарылған күннен бастап процестің барлық тараптарына міндетті болып табылады;
- аралық сот өндірісінің жеделділігі. Бір циклдан тұрғандықтан, шешім түпкілікті болып табылады және шағым беру процедураларын (кассация, апелляция) қарастырмайды;
- аралық сот өндірісінің үнемділігі. Тағы да дауды қарау процедураларының көп кезеңділігінің жоқтығынан, сондай-ақ сот шығындарының талап сомасына кері пропорционалдылығынан сот өндірісі үлкен шығындарды қажет етпейді. Сонымен қатар, кейін төлеуге және бөліп-бөліп төлеуге рұқсат етіледі;
- аралық сот шешімінің орындалуына кепілдік берілуі. Шешім ерікті түрде орындалмаған жағдайда ол мәжбүрлеп орындаудың мемлекеттік жүйесі арқылы орындатылады. 13
Аралық сот туралы жалпы түсінік, оның артықшылықтары, түрлері туралы сұрақтарды аяқтай отырып, бұл тарауда аралық соттың тарихына қысқаша тоқталып кеткенді жөн көріп отырмыз.
Арбитраж институты (аралық сот) - дауды шешудің тарихи қалыптасқан өркениетті нысаны. Ерте уақыттан бастап әртүрлі елдерде билеушілер, саудагерлер, банкирлер, іскер адамдар сот талқылауының баламалы нысандарын қолдана бастады. Аралық сот көптеген ғасырлар бойы мемлекеттік юстициямен қатар, дауды шешудің құқықтық құралы ретінде мойындалды. 14
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz