Жүсіпбек Аймауытов прозасының көркемдігі


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 5
1 ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ ПРОЗАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ
1. 1Жүсіпбек Аймауытовтың әңгімелерінің идеялық- көркемдік әлемі… . . . 7
1. 2Жүсіпбек Аймауытов әңгімелеріндегі диалогтердің қолданылу ерекшеліктері . . . 18
2 ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
2. 1 Ж. Аймауытұлының әңгімелерінің жанрлық-тақырыптық маңызы . . . 24
ҚОРЫТЫНДЫ . . . . . 28
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . …… . . . 29
КІРІСПЕ
Ж. Аймауытұлының әр алуан тақырыптағы туындыларынан қоғам, кезең шындықтары, өмір-уақыт тынысы терең сезіледі. Әсіресе, проза жанрында жазушының жаңа тақырыпқа барлау жасап қана қоймай, сонымен қатар шығармашылық жаңа шешімге қадам басатыны да аңғарылады. Сол арқылы ол төңкеріске дейінгі және онан кейінгі кездегі, қым-қиғаш тарихи оқиғаларды жеке кісі жасайтын әрекет арқылы буырқанған дәуірдің көкейкесті мәселесін көркем туындыға арқау ете біліпті. Бұл тұрғыдан келгенде Ж. Аймауытұлы қай-қай шығармасында да ескі өмірдің қиындығын көрсете отырып, жаңа заман өзгерісін дұрыс байқата алған деп айтуға болады. Әсіресе, жазушының қоғамдағы ымырасыз қайшылықтарды суреттеуі шығарманың композициялық ширақ шығуына зор ықпал етеді.
Ж. Аймауытұлы шығармаларының тағы бір ерекшелігі өмір шындығын көрсетудегі түр жасай білуінде дер едік. Түрлі шығармада түрліше баяндау мәнері бөлектеніп, белгілі бір міндетті атқарып отырады. Сол арқылы оқиға шиыршық атып, оқырманды еріксіз қызықтырады. Бұл тәсіл шығармадан шығармаға бұрынғысынан да бетер шындалып жетіле түседі. Егер жазушы түрлі әңгімелері мен повестерінде бір мақсатқа жетуді көздесе, романдарында қоғамдағы әлеуметтік сілкіністерге баға беріп, оларға талдау жасалады. Сол арқылы қоғам, уақыт тыншысын, өмір-тұрмыс сырларын терең ашып көрсетеді. Осылардың бәрінен жазушының дүниетанымы, көзқарас-мұраттары айқын көрініп тұрады.
Ж. Аймауытұлы шығармасының өмірді қамтуы, келелі мәселені қозғауы үнемі үздіксіз дамып, өсіп, тереңдеп отырады. Сондай-ақ олардың ішкі жан дүниесінің құбылысы, ымырасыз тартыс, өмір қайшылығын көрсету де тереңдей түседі. Осындай ізденістен туған туындыларға "Әнші", "Қара бақсы", "Қызыл отау, Қызылбике", "Елес", "Жаңабайдың жанындағы трагедия" әңгімелері және "Күнікейдің жазығы" повесін жатқызуға болады. Бұл шығармалардағы көркемдік тәсіл, диалог, тартыс, табиғат суреті кең қамтылып ерекше көп мағынаға ие болатыны байқалады.
Ж. Аймауытұлы алғашқы әңгімесінің өзінен-ақ композиция жасауға шебер екенін танытқан жазушы. Ол осы мақсатына жету үшін ылғи да алдымен түр үйлесіміне ұмтылады. Тіпті әңгіме, повесі болмасын, әйтпесе романы демейік, соның бәрінде де композициясы өте күрделі келеді, соған қарамастан оқиға шынайы, сыр-сезім сенімді суреттеледі. Мұның өзі жазушы қай-қай шығармасында да көркемдік түрді идеялық мазмұнға ұштастыра біледі, дегенге саяры анық. "Жазушы әңгімелері - ел тұрмысын, заман тынысын дәл танып, шынайы суреттеп, көркем бейнелей алған құнды дүниелер" - деп жазады Б. Байғалиев.
Осындай ерекшеліктері арқылы XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетінде өзіндік стилі бар дарынды тұлғалардың бірі - Жүсіпбек Аймауытұлы екенін көреміз. Көркем сөз шебері Ж. Аймауытұлы шығармаларының негізгі идеялық пафосы - жаңа заман кезіндегі қазақ халқының сана-сезімінің оянуын, тендік жолындағы күресін, жастардың білімге құштарлығын паш ету. Ол негізінен соларды тақырып ете отырып, қоғамдағы ескі мен жаңаның кескілескен шайқасын суреттейді және шығармаларына идеялық тақырып ете біледі.
Сонымен бірге қарапайым адам тағдырын назарынан тыс қалдырмай, оның қиындықты жеңіп, жарқын болашаққа деген талпынысын да мейлінше шебер кестелейді. Әсіресе, қазақ шаруасының қат-қабат характерін ашу арқылы жазушы сырт қарағанда елеусіз тақырып саналатын оқиғаның өзінің сырын аша отырып, оқырманға маңызды құбылыстың сыр-сипаттарын көркем, нанымды баяндайды.
Ж. Аймауытұлы шығармашылығындағы көркемдік ерекшелік туынды тақырыбынан, идея мен образ жасау шеберлігінен, сюжет желісін құрудан, яғни көркемдік компоненттерді үйлестіре білу шеберлігінен сезіліп тұрады. Сонымен қатар ол өмірдің даму бағытын, диалектикасын көрсетуге де батыл барады. Ол алдымен, адам бейнесін жасаудағы ізденістерінен, оны қоғам, өмір шындықтарымен байланыстыру сипаттарынан танылады.
Ж. Аймауытұлы шығармашылығының және бір айта кететін кезеңі, өмір көріністерін баяндаудан гөрі суреттеуге, адам факторының өзекті мәселелеріне тікелей үн қатуынан, кейіпкердің ішкі толғанысын, сезім-сырларын, мінездеу мен портрет мүсіндеудегі көркемдік ізденістерінен айқын аңғарылады.
1 ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ ПРОЗАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ
1. 1 Жүсіпбек Аймауытовтың әңгімелерінің идеялық-көркемдік әлемі
Жүсіпбектен қалған бірталай әңгіме бар. Олар: «Бетім-ау, құдағи ғой» (1918), «Өмір деген осы ма?», «Мысыққа ойын, тышқаңға өлім» (1923), «Елес», «Оралдан поезд өткенде», «Қойшы Тастамақ», «Жаңа өмірге аяқ басты», «Жедебайдың баяндамасы» (1924), «Жеті азбан», «Көшпелі Көжебай», «Жол үстінде», «Әнші» (1925), «Боранды болжағыш әулие» (1926), т. б. Бұлардың көбі сол кездегі газет-журналдар («Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Жас қазақ», «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ», «Ақжол», «Қосшы», «Терме», «Әйел теңдігі») беттерінде жарияланған. Әңгімелерімен қатар бұл аталға'н баспасөз беттерінде Жүсіпбек қолынан шыққан өлеңдер, публицистикалық мақалалар, фельетондар да аз емес. Оларды жинап кітап ету мәселееін кезінде жазушы өзі де ықтияттамаған. Осылардың көбі осы көптомдықта жарық көрмекші.
Жүсіпбек әңгімелері, негізінен, жазушы өмір сүрген дәуірдің шындығын суреттеуге арналады. Оларда ел тұрмысындағы өзгерістер, адам психологиясындағы жаңалық, әлеуметтік теңсіздік және кедейлердің қатарға косылуы, өнер тақырыбы, уақыт, заман туралы толғаныс, т. б. мәселелер сөз болады. Жазушы жаңа шындықты кедейлердің теңдік алып, арқалы азамат қатарына қосылғанын көрсету арқылы бекіте түседі. Олардың жаңа қадамын құптайды («Жаңа өмірге аяқ басты», «Оралдан поезд өткенде») [3, 25] .
Сонымен бірге қоғамдық өзгерістің маңызын жете түсінбей жүрген белсенді типтер де Жүсіпбек қаламынан қағас қалмайды. Әділетсіздікті, озбырлықты, зорлықты суреттегенде жазушы позициясы әділдікті жақтауға құрылады. Әлдінің әлсізге жасаған зорлығын («Мысыққа ойын, тышқанға өлім»), өз ойы жоқ Көжебай сияқты көшпелі пікірлі жағымпаздарды («Қөшпелі Қөжебай») өткір шенейді.
Көркем әдебиеттегі халықтың азаттығы, әділдік-теңдік мәселесі -Ж. Аймауытұлы туындыларының басты арқауларының бірі. Жазушы мұраты, көзқарасы мен қолтаңбасы шағын жанрдағы туындыларынан да танылады. Айталық, "Әнші" еңгімесі негізінен өмір керіністерін, уақыт шындықтарын терең танытады. Ал, кейінгі жазған дүниелерінде жазушының өмірге көзқарасы кеңи түседі. Демек, қоғамдағы бірлік пен қайшылықтың сырын сезіну арқылы ар-ұждандық пен пәлсапалық мәселені суреттеуге бағытталады [5, 11] .
Ж. Аймауытұлы "Қызыл отау, қызылбике" әңгімесінде Қазақстанда болып еткен төңкеріс бастауындағы өзгеріс салдарын суреттейді. Онда жазушы сауат ашуға келген Қызылбикенің жан-дүниесіндегі мақсатқа жету жолындағы талпынысын романтикалық леппен жазады. Түкпірде жатқан бір ауылдан келген Қызылбике оқып жатқан өзі құралпы құрбыларын керіп, қазақ халқының болашағы білім алуда екенін сезінеді. Осылайша жазушы қоғамдағы әлеуметтік жағдайды кейіпкер мінезімен астастыра отырып, төңкерістің бұқара халыкқа не әкелгенін көрсете білген. Әсіресе, Қызылбике мен оның көптеген құрбысының ауылдағы ескі көзқарастағы адамдардың қарсылығына ұшырағанын, онан құтылудың оңай емес екенін былайша суреттейді: "Қызылбике елге алғаш келгенде бетінде жұрт әбіржіп, бүрігіп, қызыл отауды дажаладай керіп, қыздарын інінен інге тығып, қашырып, жытырып, маңайына жолауға қорықты. Өйткені ел ішінде: "Қызыл отау деген шығыпты. Қыздарды сыпырып әкетеді. Оқытады . . . шоқындырады . . . деген" алып-қашты дақпырт жайылды". Қызылбике арқылы жазушы ескі өмір салтының күнінің біткенін аңғартады. Шығармадағы өмір шындығы уақыт тынысына сай өріс алады. Автор қолтаңбасынан өмірді танып-таразылаудың, әр алуан салыстырудың шебері екені нақты керінеді. Шешендік пен шеберлік алдыңғы кезекте танылады. Бұл - Ж. Аймауытұлы ерекшеліктерінің бірі болып табылады.
Жүсіпбек Аймауытұлы "Қара бақсы" әңгімесінде де кейіпкердің жан дүниесінің күрделілігін ашу үшін және түрлі жағдайға ұшырайтын кейіпкердің рухани ішкі байлығын жұтатпай құтқару үшін композидиялық ерекше тәсіл есебінде ақ өлеңді молынан қолданады. Сөйтіп, әңгімеге қатысатын кейіпкерлерді ерекше талғаммен таңдайды. Шығарманың басты тұлғасы -Көшербай және оның жары Күлше бола тұра, сонымен қатар бүркітке де ерекше орын бөлінеді. Қалғандары осылардың төңірегіне топтастырылған [10, 21] .
Әманда қазақ халқының арасында қайғы мен қуанышты қатар есте тұтып, оны тіпті кезінде үлттық тағдырымен біте қайнастырып көрініс беретін аң-құс жиі ұшырасатыны белгілі. Міне, осы дәстүр бойынша бұл жердегі бүркіт те табиғаттың символы ретінде алынады. Сөйтіп, ғасырлар бойғы құс пен адамның бір-бірімен байланысы арқылы адам да, құс та табиғаттың бөлінбес бір бөлшегі екенін ескертеді. Ол мақсатын жүзеге асыру үшін жазушы шығармада бүркітті табиғат пен адамды байланыстырушы деталь есебінде пайдаланады:
"Бүркіт емес, қырдың қыраны. Қапсағай, жебелі саусақ, жезтырнақ. Қайқы жауырын, қарашегір, қанды кез, орақ тұмсық, делдең танау, балуан батыр, еңкіш еңсе, мұз балақ, үш түлеген тас түлек" [11, 78] .
Осы сипатта бүркіттің әңгімеде көрініс табуы оқырманға сөзсіз қарама қайшылық әсер туғызады. Өйткені, бүркіт - тағынан тайып, тазалығы бүлінбеген табиғаттың баламасы ретінде алынады. Жазушы еңбегінде адам мен табиғат, ондағы аң-құстар әлемі - көркем туындының фоны болумен бірге уақыт тынысын да танытады.
Күлше бейнесі де ерлі-зайыптының құндылығын сездірумен қатар -сүйіспеншіліктің, құрметтеудің, ерінің ісіне күйзелудің, шыдамдылықтың, байыпты ақылдың иесі ретінде символикалық мәнге ие. Себебі, ол мыңдаған жыл бойы күйеуінің алдында барлық ауыртпалықты өз мойнымен көтеріп беделге ие болған типтік тұлға ретінде өз биігінде көрінеді.
Ж. Аймауытұлы характер жасаудың да шебері. Ж. Аймауытұлның қай кейіпкерін алмасаңыз, оның жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзі мен істеген ісі шыншыл да нанымды бейнеленетіні соншалық, жазушының бұл туындысы да "сүйіспеншіліктің жемісі" екенін байқаймыз. Бұл жерде әңгіме кейіпкердің оқырманға ұнау-ұнамауында емес, оның неліктен ұнайтындығы немесе ұнамайтындығында болып отыр. Академик 3. Қабдоловтың анықтамасы бойынша, "Мінез - адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы". Жазушы өз шығармаларында кейіпкердің характерін сипаттап қана қоймайды, характерді ашу арқылы оқырманның кейіпкер туралы пікірінің қалыптасуына да әсер етеді. Ең бастысы, ол кейіпкер мінезін түрлі деталь арқылы күрделендіріп барып, кейіпкердің тұтас бейнесін қалыптастырады. Оған - Әбежанды кескіндеуі дәлел. Аталған кейіпкерді бейнелеу үшін жазушы оған толығымен бір бет арнайды [3, 54] .
Фольклор ұлт талабы бойынша орындалған рухани ескерткіш. Сондықтан да онда ұлттың мыңдаған жылдық тарихы қамтылады. Соны орнымен пайдалана білгендіктен де осы тәсіл жазушының басты ерекшелігіне айналған.
Жалпы адамзаттық құндылықты көрсету "Қара бақсы" әнгімесінің табиғатынан да сезіліп тұрады. Әңгіменің пәлсапалық мәні фольклорлық, дәлірек айтсақ бақсы оқитын өлеңнен аңғарылып та тұрады. Әдепкіде Көшербайдың ауырып әлсіреуі, сол кездегі оның ішкі арпалысы, кейін сауығуы осылардың бәрі жалпы адамзаттық қасиеттердің түйіні десе де болады. Қорыта айтқанда, "Қара бақсыны" Ж. Аймауытовтың философиялық мәнге ие құнды еңбектерінің бірі деген қорытындыға келеміз.
"Жаңабайдың жанындағы трагедия" әңгімесі отызыншы жылдары қазақ жерінде болған ашаршылық мәселесін көтереді. Ж. Аймауытұлының "Жаңабайдың жанындағы трагедия" әңгімесі қазақ халқының әлеуметтік жағдайын көтеріп қана қоймай, психологиялық тарапынан да терең көрсетілген. Жаңабайдың жан-дүниесінің ашынғандығын жазушы шебер көрсете білген. Кейіпкердің сезімінің ашылуы - жазушының көркемдік шеберлікті шыңдауының нәтижесі. Әлеуметтік және психологиялық тупик ситуациясы. Әңгіменің бас кейіпкері Жаңабай осы бір заман ситуациясында еш нәрсе жасай алмайды [5, 41] .
"Жаңабайдың жанындағы трагедия" әңгімесіңде Ж. Аймауытұлы қазақ халқының басындағы, жалпы ұлттық мәселені көтерген. Мұнда гуманизм мен ұлттық кемтарлықтың, жалпы халық басына төнген аштықтың, қарапайым еңбек адамының өміртанымы басты идеялық бағыт ретінде алынады. Сол заман үшін заңды осы бір жағдай қиын кездегі адам баласының мүсәпіршілік тіршілігін суреттеу арқылы повестің әлеуметтік салмағын арттыра түскен деуге әбден болады. Сондықтан да жазушы Жаңабайдың тағдыры негізінде өмір ағысын жаңа арнаға бұру қажеттігін ескертеді.
Аласапыран, төңкерісті заманда өмір сүрген жазушының қоғамдағы кейбір әділетсіздіктерді керіп ойланатын да кезі болады. Томаша көбелекті жейді, боз торғай тұрымтайға жем болады, құрт құмырсқаның аузына түседі, өрмекші шыбынды торға түсіреді, сұлу қызды жігіт алдап кетеді. Осылардың сырына үңілген ол кейде «Дүние деген осы ма?» деген ойға қалады. Кезінде мұны «саясат тілінде торыққандық, түңілгендік, дүниені, қоғамды ұқпағандық дейді» деп бұрмалап түсіндірушілер де болады. Бұл - жеке адамға табынушылық кезіндегі ҚазАПП-ның белсенді сындарының бағасы. Өмір бар жерде қайшылықты құбылыстардың болатыны, оны түсініп, бағалаудағы өнер адамының сезімталдығы, сыршылдығы әсер ететіні, оның дұрыс түсіну қажеттілігі бүгін әркімге аян. Сондай қайшылықты суреттеуде Жүсіпбек қаламының сатиралық уыты аса күшті көрінеді. Оны біз «Елес» атты әңгімеден анық танимыз. Жазушы мұнда қаламы жүрмей отырған журналистің ұзақ қиналыстан кейінгі көз алдына келген елес арқылы дәуірдің көп шындығьш ашады. Елес оған заман талабын түсіндіреді, қоғамдық саясатты терең ұқпай, көп нәрсені бұрмалап жүргендердің істерін ашып айтады. Ол уытты сөзін революциялық өзгерістің тереңіне бойламай, «күнде айғай, күнде даурық, желдеткен қара боран сөз» қуғаң баспасөз қызметкерлеріне, «ескі әдебиет, ескі мәдениет байдыкі, патшаныкі екен. Оларды жояйық!» деп жүрген белсенділерге, жаңа заман шындығын дәл танып жаза алмай жүрген дәрменсіздерге арнайды. Елеспен кездескен журналистің бейнесінде де осындай түсінбестік ба-сым. Жазушы оның қаламы жүрмей қиналып отырған кезін ел аузынан былай айтқызады:
«Бар бітіргенім алабота жаққан ауылша, тұмсығымнан түтінді гу-гуімен шығарып, бықсыта беремін. Үйдің іші алай-түлей сасық тұман. Басым да тұман. Қазынаны жеп, жазаға тартылған завхоздан жаман ұнжырғам түсті, сұрым қашты, ыза болдым. Сол кезде ойын көзіме көрінетін зат болса, дереу «Саботажник!», «Контр?» деп жағасынан алғандай едім. Әттең қолыма түспеді» [1, 21] .
Осы бір үзіндіде оның сыртқы пұшайман бейнесі ғана емес, ішкі «белсенділігі», жаза алмай отырса да, елді қорқытуға, үркітуге дайын тұрғаны да көрінеді. Жазушы сондай типтердің ел ішінде кеңес саясатын жүргізудегі зиянын ашады.
«Әнші» атты әңгімесін Жүсіпбек Әміре Қашаубаевтың өнеріне арнаған. Әңгіме кейіпкері Әмірқанның әншілік өнерін жазушы оның характерімен тұтастықта ашып көрсетеді. Әмірқанның ән айтқан кездерде аруақтанып, өзін-өзі ұмытып, енер дүниесінде қалқып жүретінін, оның жолдастық, азаматтық мінездерін, Ақтамақпен адал махаббатының сырын біз шығармадан жақсы танимыз. Солардың бәрін ашуда Жүсіпбек детальды жақсы пайдаланады. Оның бірінші жақтан айтылатын әңгімелерінде заман шындығы кейіпкердің ойы, сыры арқылы ашылады, алайда кейіпкер әңгімесі жазушы суреткерлігін тежемейді.
Жүсіпбек прозасы - жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің алғашқы туындылары бола тұрып, оның байсалды, ойлы беталысын, көркемдік ізденісін белгіледі. Осы дәуір ішіндегі Сәкен, Бейімбет, Мұхтар шығармаларына қоса ол прозаның әскелең бағытына жол сілтеді [11, 45] .
Жүсіпбектің драматург есебінде көзге түсуі де тым ерте басталды. Ол Семейде оқыған жылдары жастардың ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, ән салып, спектакльдер койған, өзі басты рольдерде ойнаған. 1917 жылы 17 желтоқсанда Семейде оқитын жастардың әдеби кеші болып, онда Жүсіпбектің «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рабиға» атты бір перделі пьесалары қойылған. Ол жөніндегі хабар кезінде жергілікті баспасөзде жарияланған. Қейін «Ел қорғаны»" (1925), «Мансапқорлар» (1925), Қанапия мен Шәрбану» (1926), «Шернияз» (1926) атты драмалар жазған.
Жүсіпбек пьесаларының да негізгі тақырыбы - халықтың азаматтығы идеясы. 0л феодалдық- патриархалдық салтты, калың бұқараның қараңғылығын, мешеулігін сынап, оларды оқу, білім, өнеге жолына үгіттейді. Бас көтеретін азаматтарды да ел қорғаны болуға шақырады, әйелдердің бас бостандығын қорғайды [3, 14] .
«Рабиға» пьесасында ескі салт негізінде мал берген қойшы шалға тиген Рабиға деген жас әйелдің емірі сөз болады. Әуелі бата бұзудан, ата-ана қарғысынан корыққан Рабиға тағдырына мойын ұсынып бақса да, шалының ожар мінезіне (әр нәрсені сылтау кылып, жас әйелді ұра береді) шыдай алмай, одан кетуге мәжбүр болады. Ескі салт қосақтаған шалдан өз басына бостандық алып кетіп бара жатып, ол: «Қел, қазақтың күң қыздары, қол ұстасып, бостандық тұрмысқа жетейік!» деген ұран тастайды.
Осы тектес идеяның анықтығы басқа пьесаларда да көрінеді. «Қанапия мен Шәрбануда» жаңа өкіметтің арқасында теңдік алып, қосылған екі жас сахна соңында «Жасасын теңдік!» деп шығады. «Шерниязда» пьеса уақиғасы сахна сыртында мылтық атылып, өзгеріс болғанын хабарлаумен бітеді. Бұлардың бәрі көп жылдар үстем тап пен отаршылдықтың екі жақты қанауында болып келген халықтың өміріне бостандық, теңдік әкелген жаңа өмірдің келгеніне ризалық сезімін тудырады.
Жүсіпбек пьесалары идеялық мазмұнының байлығымен ғана емес, драмалық тартыстың өткірлігімен, характер жасаудағы ізденістерінің әрқилылығымен ерекшеленеді. Ол тартысқа негіз етіп әлеуметтік қайшылықты алады. Сол қайшылықты күрестерде тап өкілдерінің позициясын анықтап, образдарды даралауға ұмтылады. «Қанапия мен Шәрбану» пьесасында сүйіскен екі жастың қосыла алмау шырғалаңы 1916 жылғы июнь жарлығы кезіндегі әлеуметтік тартыстар жағдайында өтеді. Шәрбанудың әкесі Исатай ер баласы Ынтықбайды солдаттан қалдыру мақсатымен қызы Шәрбануды Сазанбай байға береді. Мұның кедей адамның басындағы еріксіз болған трагедиялық оқиға екені, байдың жағдайды пайдаланып жасаған зорлығы пьесада орынды ашылады. Елдің барлық ниеті - Қанапия мен Шәрбану жағында. Пьеса соңында солдаттан қайтқан Қанапия Шәрбануды алып қашып, жаңа өкіметті паналайды. Бірақ жазушы таптық қайшылықты өршіте, шиеленістіре бермейді. Сазанбай жастардан жасаған қателігі үшін кешірім сұрайды [5, 31] .
«Мансапқорлар»» пьесасы атақ, дәреже құмар ел басшыларының арасындағы тартысқа құрылған. Тартыстың бір жағында Қасқырбай болыс болса, екінші жағында - оның туысқан інісі тілмашы Мүсілім. Ол кезінде әкесіне жасаған зорлығы, өзін оқытпағаны үшін ағасынан кек алмақ, оны елтіріп, орнына болыс болмақ. Сол үшін болыстың жас әйелімен көңілдес болып, оны болысқа у беруге жұмсайды. Жазушы Мүсілімнің қылығын болыстан кек алумен ғана шектемей, оның жауыздығын, мансапқорлығын ашу тұрғысынан көрсетеді. Шығарма туыс адамдардың арасын айырып жатқан таптық жіктелушіліктің, зорлықтың үлкен қоғамдық зұлымдыққа жауыздыққа ұласып жатқандығын ашады.
Жүсіпбек сондықтан салмақты оқыған азаматтардың мойнына артуды көздейді. Жазушы ойынша, елге қорған болатын, елді ілгері бастайтын, ел қасіретін бойына сіңіре алатын негізгі каһармандар солар болуы керек. Шернияз - осындай кейіпкер. Оқыған жас азамат өзін ел ішінің дау-дамайынан, айтыс-тартысынан тыс ұстауды ойлайды, халықты азаттыққа жеткізу мақсатын көздейді. Бірақ мұның бәрі оңай жол емес екенін ұғады. Өз басының сәтсіз өмірі, ағайын-туыстың оны ескішілдік, жікшілдік, тартыстарға итермелеуі Шерниязды ширықтыра түседі. Ол бәрінен түңіліп, азап шегеді.
Нәрестедей таза жанды
Ел бар ғой деп ойлаушы ем,
Дос та, жар да, махаббат та
Елде ғой деп барлаушы ем . . .
Жүрегім елді кездірді,
Бұзылған елден бездірді, -
дейді-ол [1, 57] .
Шернияз тіршілігін ауырлатқан тартыстарды біз оның папкадағы қағаздарды қарап тұрып айтқан монологынан түсінеміз:
Мұғалімнің мұңы,
Боранбайдың ылаңы,
Сүзек кернеді,
Есеп бермеді,
Ақсақалдың бұйрығы,
Ұрылардын қимылы,
Бақсының емі,
Молданың жемі.
Аштардың жайы
Мұқтаж шәкірт
Парақорлар,
Бұған не лаж?
Талан-тараж . . .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz