Патшалық өкіметтің Қазақстанда саяси билігінің орнығуы (1867-1891 ж.ж)


Әл-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІ
Қазақстанның жаңа және
қазіргі заман тарихы кафедрасы
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
Патшалық өкіметтің Қазақстанда саяси билігінің орнығуы (1867-1891 ж. ж)
Орындаған: 5 курс студенті
Дәулетбақова Ж. Р.
Ғылыми жетекші: т. ғ. к., аға оқытушы
Саржанова С. С.
Қорғауға жіберілді: “” 2006 ж.
Кафедра меңгерушісі т. ғ. д., профессор Қаражан Қ. С.
АЛМАТЫ, 2006
РЕФЕРАТ
Тақырыбы : Патшалық өкіметтің Қазақстанда саяси билігінің орнығуы (1867-1891 жж) .
Жұмыстың құрылысы: бітіру жұмысы кіріспе, екі тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың мазмұны: ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының соңына қарай орнаған әскери губернатор мен облыстық басқарма билік орындарының жергілікті халықтың күнделікті тіршілігі мен өміріне тереңдеп еніп, оларды түбегейлі өзгертуге қажет ешқандай да даярлықтары болған емес. Жергілікті халықтың тұрмысын, оның экономикалық және мәдени жағдайын өзгертуге байланысты оның белгілі бір мақсатты әрекеті де байқалған жоқ болатын. Облыстық әкімшілік құрамындағы межелеу және құрылыс бөлімдері олардың аты көрсетіп тұрғандай, негізінен қоныс аудара келген еуропалықтардың жағдайы үшін ашылған бөлімдер еді.
1891 жылғы Ереже жер мәселесі бойынша ашықтан-ашық отаршылдық сипатта болды. Дала тұрғындарының көпшілік бөлігінің, қазақтардың материалдық құндылықтарын, рухани дүниесін, шаруашылық құрылымын негізінен қалыптастырған көшпелі тұрмыс салты олардың рулық-патриархаттық дәстүр аясында қауымдық меншіктің ерекше нысаны сияқты көрінетін жерге қатынасы туралы қате түсінік туғызды. 1891 жылғы Ережені әзірлеген кезде шенеуніктер қазақтардың ақша-рыноктық қатынастарға тартылуына байланысты жерге меншік қатынастарының бұрынғы стихиялық көзқарасы күрт өзгергенінің мәнін ұға бермеді.
Патшалық Ресейдің Қазақстанда саяси билігінің орнығуы ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуына жол бермеді.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті . Патшалық Ресейдің 1867 - 1891 жылдар аралығындағы отаршылдық саясатын толық қамту жұмыстың мақсаты болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін алға мынадай міндеттер қойылды:
- Саяси реформаларды енгізу /1867-1868/ үшін жүргізілген даярлықты баяндау;
- 1867-1868 жж. реформаларды талдау және оған баға беру;
- Патшалықтың саяси билігінің нығаюы мен оның зардапты салдарын айқындау, бұл тұста 1886-1891 жж. “Ережелеріне” сүйене отырып баяндау.
Жұмыс көлемі : 49 бет.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ. . 4-7
1. ХІХ ғ. 60-70 жж. ПАТШАЛЫҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ
БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
- ХІХ ғ. 60 жылдарындағы саяси реформалар: енгізудің себептері, дайындық барысы8-13
- 1867 ж. реформа және жаңа билік жүйесінің Оңтүстік өңірлерге енгізілуі. 14-18
- 1868 ж. реформа және оның ерекшелігі. 19-24
2. ХІХ ғ. 80-90 жж. ОТАРЛЫҚ ӘКІМШІЛІКТІҢ
НЫҒАЮЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ СИПАТЫ
2. 1 1886-1891 жж. “Ережелер” және оның сипаты. . 25-32
- ХІХ ғ. соңындағы отарлық қанаудың күшеюі (қоныс
аудару саясаты) 33-39
- Отарлық басқару ережелері негізіндегі рухани өмірге
көрсетілген қысым40-45
ҚОРЫТЫНДЫ. . 46-47
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ48-49
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі.
Ресей мемлекетінің қазақ халқын саяси билігінен біржола айырып, өзінің толық отарына айналдыруға белсене кіріскен кезі ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары болатын. Ғасырлар бойы Орта Азияны жаулап алуға ұмтылып келген патшалыққа әуелі осы бағыттағы тек экономикалық қана емес, стратегиялық пиғылдары тұрғысынан да сенімді плацдарм болып табылатын Қазақстанды империяның толыққанды отарына айналдыру қажет болды. Оған тек қазақ даласындағы әкімшілік басқаруды өзгерту арқылы ғана қол жеткізу мүмкін еді.
60-шы жылдардың ортасында Ресей Орта Азияны түгелге жуық, ал Қазақстанды толығымен өз иелігіне айналдырды. Енді Қазақстан үшін де империяның басқа ұлт аймақтарындағы сияқты өзіндік ерекшеліктері бар арнайы басқару тәртібі дайындалып, күшіне енгізілді. Бұл Қазақстанды Ресей империясының отары ретінде толығымен заңды түрде бекіткен 1867, 1868, 1886, 1891 жылдардағы әкімшілік басқару реформалары болатын.
Көп уақыт бойы патша үкіметінің қазақ халқына қатысты жүргізген саясаты туралы бірыңғай сыңаржақ көзқарастар үстемдік алып келгені белгілі. Ресей өзіне қосылған елдерге тек прогрессивті, оң ықпал етті деген тұжырымдамалар жасалды. Оның теріс, керітартпа, залалды зардаптары жасырылып келді, сөйтіп, пікір қайшылығы туындады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі . Қазіргі кездегі тарих ғылымына жаңа көзқарас тарихи шындықты, патшалықтың отарлау саясатын мойындатуға тырысқан революцияға дейінгі тарихнама мұрасын мұқият зерттеуді талап етеді.
Мәселенің тарихнамасы өз бастауын сол жылдары-ақ мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген материалдардан алды. Әр түрлі бағыттағы газет-журналдарды “Уақытша Ереженің” негізінде қазақ даласында жаңа әкімшілік-басқару жүйесінің енгізіле бастауы туралы, оған қарсы 1869 жылы Орал, Торғай өңірінде етек алған бас көтерулер мен олардың себептері, басталуы және барысы жөнінде мағлұматтар үздіксіз жарияланып тұрды. Бұл хабарламаларда көтеріліс себептері “Хиуа ханының әзәзілдігімен”, “жаңа реформа бойынша бұрынғы билігінен айырылған жергілікті феодалдардың арандатушылығымен” немесе “христиан дінін күшпен қабылдату жөніндегі өсек-аяңмен” түсіндірілді /1/. Өйткені, оның шынайы себептері мен реформаның астарлы бағыттарын ашып көрсету сол кездегі мерзімді баспасөз материалдары авторларының мүддесінде емес еді.
Орыс тарихнамасында Қазақстанның саяси-әкімшілік құрылымы жөнінде бұрын соңды арнаулы еңбектер болған емес. Бірақ, қарастырылып отырған кезеңдегі отарлық әкімшіліктің ұйымдастырылуы мен қызметіне қатысты кейбір мәселелер шенеуніктердің, шығыстанушылардың еңбектерінде көрініс тапты. Олардың арасынан М. Венюковтың /2/, А. К. Гейнстің /3/, Ф. Лобысевичтің /4/ және Н. А. Середаның /5/ жұмыстарын атап өткен жөн. Бұл еңбектерді талдау барысында, патша үкіметінің қазақ халқын басқаруды қайта құруды заңдастырған Уақытша Ережелерді қабылдаудағы түпкі мақсаты, ол реформаларды қазақтардың қабыл алу сипаты сияқты күрделі мәселелерге жауап іздестірілді. Бірақ, ХІХ ғасыр тарихнамасында аталған мәселелерді жан-жақты, объективті тұрғыдан талдау ешуақытта көзделген емес. Дегенмен, жалпы қалдырылған көптеген мәліметтер мен түрлі пікірлер бұл еңбектерге ерекше көңіл аударуды және олар империялық позиция тұрғысынан жазылғандықтан, әбден елеп-екшеп, байыппен, ғылыми түрде талдап қарастыруды қажет етеді.
Орыс шығыстанушыларының қатарын көбіне әкімшілік шенеуніктері мен әскери қызметтегі адамдар құрады. Олар қызмет бабындағы әрекетімен қоса, қол астындағы халық жөнінде жеткілікті мәліметтер жинау үшін қазақ даласын жан-жақты зерттеуге міндетті еді. Бұл бағытта, әсіресе, әскери тарихшы М. А. Терентьевтің “Орта Азияны жаулап алу тарихы” /6/ атты кітабын ерекше атап өткен жөн. Автор бұл кітапта Орта Азиядағы отарлық әкімшіліктің қызметіне және оның жергілікті халықпен қарым-қатынасына көңіл бөле отырып, шімірікпестен, қазақ даласының билеуші топтарын қазақ халқына қатысты қатал әскери шаралар мен басқару әдістерін қолдануға шақырды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс зерттеушілері В. Поттоның /7/, П. Мачулиннің /8/, Б. Юзефовичтің /9/ және Ф. Лобысевичтің /10/ еңбектері тікелей қарастырып отырған мәселенің этнографиясына қатысты қызықты мәліметтер береді.
Орыстың Императорлық Географиялық Қоғамының Орынбор бөлімінің “Жазбалары мен “Хабарларында”, Орынбор Ғылыми Архив Комиссиясының “Еңбектерінде” жарияланған материалдар атап айтсақ, сол басылымдардың беттерінен алынған Ы. Алтынсариннің /11/, Т. А. Сейдалиннің /12/, Б. Дауылбаевтың /13/ және Л. А. Словоохотовтың /14/ мақалалары қазақ халықтарының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, шаруашылығы, сот ісі жөнінде сөз қозғайды.
Қазақстанда патшалық билігінің тарихы, сол сияқты, И. И. Крафттың /15/, А. И. Добросмысловтың /16/ еңбектерінде де сөз болады. Н. А. Середа еңбегінің өңделген нұсқасы сияқты Добросмысловтың “Тарихи очерктері” өлке қазақтарының тарихы жайлы материалдармен қоса, “Уақытша Ереженің” мәтіні, және оған қарсы көтерілістің кейбір тұстары көрініс тапқан.
Бөлім “Жазбалары” мен Комиссия “Еңбектерінің” бетінен жаңа әкімшілік-басқару жүйесінің құрылу барысы жөніндегі Н. А. Крыжановскийдің сөзі /17/, Л. Ф. Баллюзектің мәлімдемесі /18/, И. В. Черновтың /19/ және Н. Ивановтың /20/ мақалалары, ол авторлардың отаршылдық мүдде тұрғысынан айтқан ой-пікірлері мен тұжырымдары бізге жаңа реформаның мақсатын, жергілікті әкімшілік қызметінің отарлық мәнін және өлке халқына жүктелген міндеттерді ашып көрсетуге мүмкіндік береді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында метрополия қазақ даласында мұсылман дінін қудалап, православиелік миссионерлердің қызметін күшейте бастады. Өздерінің еңбектерінде миссионерлер /21/ христиан дінін уағыздап, қазақтар арасында православие дінін тарату қажеттілігін баса көрсетті.
Өздерінің өмірін елінің егемендігі үшін күреске арнаған қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов /22/, М. Тынышпаев /23/ патша үкіметінің отарлық саясатын батыл әшкерелеген тұңғыш қазақ зиялыларының қатарына жатады. Олар революцияға дейін-ақ үкіметтің түпкі мақсаты - қазақтардың жерін тартып алып, оларды әдет-ғұрпынан, салт-санасынан, ата-дәстүрінен айырып, орыстандыру екенін дәлелдеп берді.
Т. Шонанұлы еңбегі /24/ Ресейдің отарлау саясатын, шаруалар қоныстануын, соның салдарынан көшпелі шаруашылықтың тығырыққа тірелуін жаңаша зерделеуге көмектеседі. ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін және ұлт-азаттық қозғалыстарды, патшалықтың отарлық саясатын толық қамтуға көмектескен еңбектер қатарынан П. Г. Галузо /25/, Г. Сафаров /26/, М. П. Вяткин /27/ есімдерін ерекше атауға болады.
Әкімшілік басқару реформаларының дайындалуы, Қазақстандағы отарлық-әкімшілік жүйенің саяси дамуы және қызметі, патшалықтың қазақ жерін отарлау саясаты мен жазалау шаралары Б. С. Сүлейменовтың /28/, Г. С. Сапарғалиевтің /29/ үлкен еңбектерінде айтылды.
Соңғы жылдары Қазақстандық тарихнамада патша үкіметінің оқу-ағарту, орыстандыру бағытындағы саясаты қазіргі заман талабына сай сарапталып зерттелуде. Бұл бағытта жазылған еңбектердің қатарында Н. Бехмаханова /30/, К. А. Жиренчин /31/, С. Қ. Жақыпбек /32/ еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады. Сондай-ақ М. Қ. Қойгелдиев /33/, С. М. Мәшімбаев /34/, Б. Әбдірахманова /35/, Д. И. Дулатова /36/ еңбектері жұмысты жазу барысында жетекші рөл атқарды.
Жұмыстың деректік негізі . Жұмыстың деректік негізін ХХ ғасырдың басындағы жарық көрген газет, журнал, орыс шенеуніктерінің жазбалары, қазақ интеллигенциясының мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары, ресми құжаттық материалдар/37/ құрайды.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті . Патшалық Ресейдің 1867 - 1891 жылдар аралығындағы отаршылдық саясатын толық қамту жұмыстың мақсаты болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін алға мынадай міндеттер қойылды:
- Саяси реформаларды енгізу /1867-1868/ үшін жүргізілген даярлықты баяндау;
- 1867-1868 жж. реформаларды талдау және оған баға беру;
- Патшалықтың саяси билігінің нығаюы мен оның зардапты салдарын айқындау, бұл тұста 1886-1891 жж. “Ережелеріне” сүйене отырып баяндау;
Сонымен бітіру жұмысы кіріспе, екі тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. ІХ ғ. 60-70 жж. ПАТШАЛЫҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ
БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
- ХІХ ғ. 60 жылдарындағы саяси реформалар: енгізудің себептері, дайындық барысы
ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының орта тұсында Ресей әскері Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстаннан Қоқан хандығын біржола ығыстырып тастап, бұл өлкені өзінің әкімшілік-басқару жүйесіне енгізу шараларына кірісіп кетті.
1865 жылы патша үкімімен қазақ даласы мен Түркістан өлкесіне ерекше Дала Комиссиясы шығарылып, ол екі жыл өткен соң бұл өлкені басқаруға қатысты өз тұжырымдарын ұсынды.
1867 жылы наурызда император ІІ Александрдың үкімімен Ресейдің Орта Азиялық иелігінде басқару жүйесін құруға қатысты ұсыныстар даярлау мақсатында соғыс министрі Д. А. Милютиннің төрағалығымен Ерекше Комитет құрылады. Оның құрамында Орынбор генерал-губернаторы Крыжановский, Бас штаб бастығы генерал-адъютант граф Гейден, Азия департаментінің директоры Стремоухов, Ішкі істер министрлігінің жалпы істер департаментінің директоры Мансуров, генерал-майор Черняев, Дала Комиссиясының мүшелері Гирс, Гутковский, Гейнс және Проценко сияқты шенеуніктер бар болатын. Комитет келіп түскен түрлі ұсыныстарды талдай отырып және өлкенің сол тұстағы саяси, әскери, шаруашылық және әкімшілік жағдайын талдауға ала отырып, мынадай шешімге келді:
- Түркістан облысын Орынбор генерал-губернаторлығынан бөлу және мұны кейінге қалдырмастан іске асыру;
- Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан Семей облысының бөлігін, яғни Тарбағатай жотасының оң жақ бетін алып, оны әкімшілік тұрғыдан Түркістан облысына қосу;
- Комитет белгілеген басты тұжырымдарды негізге ала отырып, жаңа шекаралық өлкенің әкімшілік басқару жобасын жасау;
- Жаңа өлкеге әскери-округтық жүйелердің жалпысына бірдей дербес әскери ұйымдық сипат беру. /1/
1867 жылы 11 сәуірде Ерекше Комитет ұсынған баяндаманы патша бекітіп, ендігі уақытта Дала комиссиясына жаңа өлкенің әкімшілік басқару жобасын даярлауды, ал Бас Штабқа жаңа әскери округ жөнінде ереженің жобасын жазуды тапсырады.
Министрлер Комитеті жаңа басқару ережесін даярлаушыларға мынадай екі талапты негізге алуды тапсырады: “…әкімшілік және әскери биліктің тұтастығын, олардың бір қолда шоғырлануын, саяси сипаты жоқ барлық ішкі істерді сол халықтың өз ортасынан сайланғандарға жергілікті құқық пен дәстүрге сай жүргізуге беру”.
1867 жылы 11 шілдеде патша ІІ Александр империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөнінде жарлыққа қол қояды. Осымен бір мезгілде “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару ережесінің жобасы” бекітіледі.
Түркістан генерал-губернаторлығы екі облыстан тұрды. Орталығы Ташкент қаласы болған Сырдария облысынан және орталығы Верный қаласы болған Жетісу облысынан.
Жетісу облысының оңтүстік-шығыс шекарасы Қытай мемлекетінің Шығыс Түркістан өлкесімен, оңтүстік-батыста Ферғана облысымен, батысында Сырдария облысының Әулие-Ата және Семей облысының Қарқаралы уездерімен, солтүстік-батыста Семей облысының құрғақтағы шекарасы және Балқаш көліне дейінгі аралықты қамтыды.
“Ереже жобасы” бойынша губерниялық басқару “әскери-халықтық” аталды да, оны жүргізу генерал-губернаторға жүктелді. Ал генерал-губернаторды тағайындау немесе босату тек патшаның шешімі арқылы ғана жүрді. /6/
Облыста басқару ісі әскери губернатор мен облыстық басқармаға тиесілі болды. Әскери губернаторға облыстағы әскери және әскери-халықтық басқару жүктелді, ол сондай-ақ Жетісуда орналасқан казак әскерін оның Наказной Атаманы есебінде басқарды. Облыстық басқармаға губерниялық басқару міндеті жүктелді, ол губернаторлық кеңес қызметін, қазыналық палата, мемлекеттік мүлікті басқару және басқа губерниялық әкімшілік және сол мекемелер қызметін жүргізді. Облыстық басқарма әуелде, яғни 1867 ж. уақытша ереже бойынша үш бөлімнен (шаруашылық, қаржы және сот) тұрды. Кейінірек оларға құрылыс (1877) және межелік (1880) бөлімдер қосылды. Бұл бес бөлімдердің тек соңғысы ғана облыстық Земскі жиынынан, ал қалғандары мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылды.
Бұлардан басқа облыстық басқарма жанында облыстағы ормандардың күтімі мен олардан құрылыс материалдарын даярлау мүмкіндігін жобалайтын облыстық орманшы қызметі (1870 ж., Түркістан генерал-губернаторы белілеген) болды.
Облыстық басқарма өз қызметінде губерниялық басқарманың жеке бөлімдері үшін белгіленген талаптарды басшылыққа ала отырып, оларды мүмкін болғанша жергілікті жағдайға бейімдеп қолдануға тиіс болды. Ал бұл ретте соңғы шешімді әскери губернатор қабылдады. Еуропалық Ресей губернаторлығына тиесілі жалпы құқықтардан басқа Жетісу губернаторына облыстық басқарма қабылдаған шешімдердің тек өзі келісетіндерін ғана іске асыруға жол беріп, ал келіспейтіндеріне қатысты өз қалағандай шешім қабылдап, ол жөнінде генерал-губернаторға жеткізіп отыруға тиіс болды, ал генерал-губернатор болса соңғы шешімді бекітуге немесе бекітпеуге құқылы еді. Сондай-ақ әскери губернаторға облыстық басқарма отырысында қаралатын істердің арасында оның алдын ала өз шешімі болуға тиіс деген істер танысуға беріліп отырды. Мұндай құқын облыс басшылары мейлінше еркін пайдаланды. /15/
Сот істері қылмыстық және азаматтық сот жүргізу заңы негізінде орындалды, ал сот бөлімі өз қызметін мировой соттар съезі мен қылмыстық және азаматтық соттар палатасы құқы шеңберінде атқарды. Жалпы қылмысқа жататын қылмыстық істерді ол бастапқы айыптау камерасы деңгейінде ғана қарап, ал біржола шешім қабылдауға облыстық әскер бастығы жанындағы әскери сот комиссиясына жіберіп отырды.
Қаржы бөлімін жүргізу ісі кейінірек Түркістан қазына палатасы ашылған соң соның қарауына өтті, ал облыстық басқарма міндетінде: салық төлеуге міндеттілер есебін анықтау, қазыналық палатаға облыс бойынша қазына есебіне түсуге тиіс жиын жөнінде мәліметтер беріп отыру; сауда ісін жүргізу және Верный уездік қаражат бөлімін тексеру қалдырылды. 1889 жылы Омбы қазына палатасы ашылған соң Жетісу бойынша қаржы бөлімінің қызметі соның құзырына өтті.
Оқу бөлімі Жетісу облысы Далалық генерал-губернаторлығы құрамына өткеннен кейінгі уақытта Батыс Сібір училищелері бас инспекторы, ал бұл қызмет жойылған соң Батыс Сібір оқу округі қамқоршысы (попечителі) қарауына өтеді. Облыстағы төменгі буын оқу орындарын қадағалау жергілікті училищелері инспекторы үлесіне тиді. Облыстық басқарма қарауында Халық Ағарту Министрлігі билігіне өтпеген, 1887 жылы қазақ ауыл шаруашылық мектептері болып қайта құрылған қазақ интернаттары, оқушылар пәтері мен бұратаналық мектептер болды. Облыстық басқармаға бұдан басқа санаттағы мектептер мен жаңадан ұйымдастырылған мектептерге қаржы іздестіру ісі де жүктелді. /28/
Пошта ісі Жетісу облыстық пошта бөлімі басқармасына қарады. 1886 жылы Түркістан пошта-телеграф округі құрылғанда облыстағы пошта-телеграф мекемелері соның қарамағына көшті. Ал облыстық басқарма міндетіне пошта станцияларын көлікпен қамтамасыз ету, олардың түрлі мұқтажын өтеу жүктелді.
Бұдан басқа облыстық басқарма тау-кен істерімен де айналысты, металл және басқа қазба байлықтарын іздестіру ісін жүргізуге қатысты рұқсат куәлігін берді. Облыс территориясындағы Бахты, Жәркент және Пржевальскі мекемелері арқылы сыртқы сауда қатынасын бақылау ісі жүргізілді.
Облыстағы казак әскері станицаларын басқару ісі алғашқы кезеңде облыстық басқарма құзырында болды, ал 1891 жылғы 3 маусым заңы бойынша казак әскері басқармасына өтті. Қалаларды басқару ісі 1892 жылы патша бекіткен Қала Ережесіне сәйкес облыс басқармасынан алынып, жаңадан ұйымдастырылған облыстық қала істері мекемелеріне берілді.
Жетісу облыстық басқару мекемелерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру ісі облыстағы тұңғыш әскери губернатор қызметіне тағайындалған генерал Герасим Алексеевич Колпаковскийдің есімімен байланысты. Генерал Колпаковский 1868 ж. 17 қыркүйектегі N 1924 Түркістан генерал-губернаторына жолдаған хатында облыстық басқару мекемелерін ұйымдастыру ісінің салбыр жүріп жатқандығын, сондықтан да оған “сеніп тапсырылған істердің өз уақытында және сәтті атқарылмай қалу” қаупі бар екендігін айтып, бастығына шағым жасайды. Мұндай мазасыздыққа негіз бар еді. Мәселен, 1867 жылдың қазан айынан бастап келесі 1868 жылдың 19 ақпанында Облыстық басқарма ресми түрде ашылғанға шейін барлық ұйымдастыру ісінің ауыртпалығы әскери губернатор мен оның көмекшісінің үлесіне тиген болатын. Облыстық басқарма іске кірісіп кеткенімен де, оның белгіленген штаттық құрамы біраз уақытқа шейін толық бола қойған жоқ-тын. /22/
Облыс ашылған бетте оның құзырына Семей облыстық басқармасы, Семей Әскери губернаторы кеңсесі мен Сібір Казак әскери басқармасы қарауынан өткен жерлер мен әскер бөлімшелеріне қатысты құжаттар да тапсырылды. Ал 1868 жылдың 1-ші қаңтарында Жетісу облыстық басқармасына Қапал және Сергиополь Округтік Приказдарының, Алатау Округтік Басқармасының сот және шаруашылық іс құжаттары өтті. Анығырақ айтқанда облыстық басқармаға сол мезгілге дейін аталған мекемелерге тән іс құжаттарымен бірге әлі де толық шешімін таппаған істер де өткен болатын.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz