Рухани мәдениет. Дін. Өнер. Қазақстанның XIII-XV ғасырлардағы рухани мәдениеті


Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   

РУХАНИ МӘДЕНИЕТ. ДІН. ӨНЕР

  1. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХІІІ-ХV ҒАСЫРЛАРДАҒЫ РУХАНИ МӘДЕНИЕТІ

Бұл кезеңнің рухани мәдениеті Дешті Қыпшақ аумағында ежелгі түрік, монғол және ислам мәдениеті дәстүрлерінің өзара тығыз ықпалымен сипатталады. Ол негізінен алғанда фольклор, ауызекі жеке поэзия, жазбаша (қолжазба-кітаби) әдебиет және музыкалық-поэтикалық өнер трінде болып, дамып отырған.

Фольклор. Ауызекі халықтық-поэтикалық шығармашылық Алтын Орда халқының рухани мәдениетінің негізгі бөлігі болды. Оның ежелден келе жатқан және тамыры терең дәстүрлері бар. Рулық құрылыс пен Түрік қағанаты дәуірінде пайда болған көптеген фольклорлық сюжеттер феодалдық қоғам жағдайларының өзінде-ақ одан әрі жетілдіріле береді. Халық арасында ертеден келе жатқан мифтер мен ертегілер, аңыз-әңгімелер кең таралды, олардың бір бөлігі жаңартылып, өзгертіліп отырды, ал басқа бір бөлігі басқа жанрлардың құрамына кірді, не бәз-баяғы күйінде жасай берді. Ертедегі туындылармен қатар, сол кезде ұлан-байтақ Дешті Қыпшақ даласында болған оқиғалар туралы, оларға белсене қатысып, жалпы алғанда Шыңғыс ұрпақтары, жекелеп алғанда Жошы ұрпақтары мемлекетінің одан әрі өмір сүруінде тағдырлы рөл атқарған жеке адамдар туралы эпикалық жаңа туындылар жасалды.

Ол кезеңдегі фольклордың ең ертедегі үлгілері ғарыштық, тотемдік, этиологиялық және эсхатологиялық сипаттағы алуан түрлі мифологиялық сюжеттер болатын. Оларда Ғарыш пен Жердің Ғайыптан пайда болғаны туралы, Күннің, Айдың және басқа да аспан шырақтарының қайдан шыққаны туралы айтылатын. Мифтерде алғашқы адамдар мен жануарлардың жарық дүниеге қалай келгені, таулардың, көлдердің, өзендердің және басқа да Жер объектілерінің қалай пайда болғаны туралы да баяндалды, хайуандардың түрі, мінез-құлқы неліктен сондай екені түсіндірілді. Рулар мен тайпалардың мифтік тарихы да баяндалып, олардың генеалогиясын жануарлармен, тотемдік бабалармен байланыстарға апарып тірейді. Бұл мифтердің бәрі өзінше бір “танымдық-ақпараттық” міндет атқарады және дүниенің құрылысын, табиғат құбылыстарын, адамның іс-әрекеттері мен хайуандардың қылықтарын аңғалдықпен, кейде теріс түсіндірді. Сонымен бірге монотеистік ислам діні ықпалының артуына байланысты ертедегі мифология ыдырай берді. Ислам діні жағдайында бұрынға нанымдар күпірлік деп жарияланып, қуғынға салынды, соның салдарынан көптеген көне мифтер жүйеге түсіріліп және фольклорлық циклге енгізіліп үлгірмеді. Олар бұзылып, басқа жанрларға айнала бастады, бұл орайда өзінің танымдық міндетін толық жоғалтқан жоқ. Бұл мифтер көркемдік міндеті басым сындарлы жүйе құрған жоқ, мұның өзі ертедегі құл иеленушілік мемлекеттердің мифологиясына тән болатын.

Құл иеленушілік мемлекеттерде алғашқы қауымды мифтер циклдерге айналдырылып қана қоймай, сонымен бірге жаңа қоғамдық құрылысқа сәйкес жаңадан жасалды. Жаңа мифологияландыру жүзеге асырылып, бұл орайда циклдерге айналдырылған көне мифтер қайтадан ой елегінен өткізіліп, енді жаңа мемлекеттік жағдайларға, қалыптасып, орныққан көп құдайға бағынушылыққа бейімделді. Осының арқасында сындарлы, біртұтас мифология жасалды, сол кезде ол танымдық қызметтен гөрі, көркемдік-идеологиялық мазмұнда болып, феодалдық қоғам өмірінде көркем фольклор сияқты рөл атқарды және бұрынғысы сияқты, таза қолданбалы немесе этиологиялық сипатта болмады.

Фольклор жанрлардың арасында әдет-құрыптық өлеңдер, ертегілер батырлық жырлар, мақалдар мен мәтелдер мейлінше кең қолданылатын еді. Олар әлеуметтік-тұрмыстық қызмет атқарады. Әдет-ғұрып өлеңдері көбінесе кәделік-қолданбалы сипатта болды және алуан түрлі отбасылық-тұрмыстық әдеп-құрыптарға, салт-жоралар мен ойындарға, сондай-ақ күнтізбелік-еңбек процестеріне қоса айтылатын еді. Той және жерлеу рәсімдері кезінде әдет-ғұрып өлеңдеріне зор мән берілді, өйткені әрбір адамның тууы, үйленуі және өлуі зор маңызды оқиға деп саналатын және оларда ерекше ресімдер жасалы, ән айтылатын.

Әдетте-ғұрып өлеңдерінен айырмашылығы ертегілер тәрбиелік, көңіл көтеру мақсатында айтылды, сондықтан халық арасында ғажайып-батырлық және ғибратты мазмұндағы ертегілер (“Құламерген-Жоямерген”, “Жерден шыққан Желім батыр”, “Желкілдек”, “Ер Төстік”, “Керқұла атты Кендебай”, “Хан Шентей”, “Еркем Айдар”, “Аяз би” және басқалар) кең таралды. Оларда неғұрлым ертедегі қоғамдардың көптеген мифологиялық түсініктері мен діни нанымдары, сондай-ақ біршама кейінгі дәуірлердің өмір шындығының элементтері көрініс тапты. Ең көне ертегілерде әр түрлі құбыжықтарды қырып-жоюшы және жер бетін жын-шайтандар мен басқа да зұлым күштерден тазартушы Аңшы-мерген (батыр-аңшы) туралы айтылады. Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарау барысында ертегілер түрі жағынан өзгеріп, түрлі дәуірлердің шындықтарын сіңіре берген. Хандық мемлекет көрсетіліп, хандықтың ақылды да дана адамдары туралы, әдемі билеушілер мен уәзірлер туралы айтылатын ертегілер (“Аяз би”) соларға жатады.

Халық арасында жалпы Шығыс ертегілері мен ғибратты-новелла сипаттағы мысал ертегілер де едәуір кең таралды. Егер ғажайып-батырлық сюжеттер негізінен ежелгі түрік сюжеттері болса, новеллалық және мысал ертегілердің көпшілік бөлігі үнді-иран және араб сюжеті болатын (“Панчатантра”, “Хитопадеша”, “Калила мен Димна”, “Тотынама”, “Мың бір түн” және басқалар) .

Бұл кезеңде Алпамсы, Қобыланды, Сайын, Қозы Көрпеш туралы ертеден келе жатқан, кейбір дәрежеде бытыраңқы жырлар циклдерге біріктіріліп, көп сюжетті іс-қимылдар мен кейіпкерлері бар эпикалық жырларға айналдырылды. VI-VIII ғасырларда-ақ Алтайда пайда болған “Алпамыстың” бастапқы сюжеті ХІІІ ғасырға қарай фольклорлық циклге біріктірілуден өтіп, мифологиялық эпостан Алтайдағы “Алып Манашта” айтылатынындай, өзінің отбасылық ар-намасын ғана емес, қайта бүкіл қоңырат тайпасының ар-намасын қорғайтын батыр туралы батырлық эпосқа айналды.

Қобыланды батыр туралы эпостың көне негіздері де VIII-IX ғасырларда оғыз-қыпшақ дәуірінде пайда болған, ал ХІІІ-ХІV ғасырларда бұрынғы сюжеті тарихи циклге ұшырап, көптеген көріністермен толықтырылған, Алтын Ордаға дейін оғыздар құрамына кірген қыпшақтар мен қияттардың қызылбастар мен қалмақтарға қарсы бірлескен қимылдары эпикалық туындыға айналды. Кеңейтіліп, жаңартылу барысында бұрынғы сюжетке Алтын Орда заманындағы тарихи адамдар: Алшағыр, Қазан, Қараман, Айбақ және басқа есімдер енді.

“Ер Сайын” эпосы да нақ осылайша қалыптасқан. Ертедегі сюжеті ХІІІ-ХІV ғасырлардың эпикалық дәстүр рухына қайта түледі, оған деректемелерде кейде Батыр делінетін Сайын енгізілді. Алайда эпикалық Сайын тарихи Сайыннан алыс жатыр, ал оның эпикалық өмірбаяны жартылай мифологиялық аңыз тұрғысында суреттелген. “Ер Сайын” эпосы мазмұнының дербес дамуына қарамастан, Қобыланды батыр туралы эпостың бір бөлігі сияқты болып көрінеді. Ғажайып болып туып, өскен Сайынды жорыққа Қобыланды бастап шығады, ол мұнда жасы үлкен және әйгілі батыр ретінде көрінеді. Шынына келгенде, эпоста Сайынның қалмақтарға қарсы бір жорығы ғана суреттелген, бұл жорықты да Қобыланды басқарады, ол содан соң, жауырынға қарап жорамал жасағаннан кейін шайқасқа түсуден бас тартып, Сайынды соғыспауға көндірмекші болады, бірақ ол мұны тыңдамайды. Сайын жалғыз соғысып, қаза табады да, оның әйелі Айым бикеш өлі батырды тауып, оны кереметтің күшімен тірілтіп алады.

XIV-XV ғасырларда ноғайлы топтамасындағы тарихи-батырлық эпос ерекше етек алады, олар біздің заманымызға жекелеген жырлар түрінде де, “Қырымның қырық батыры” деген эпикалық топтама түрінде де жеткен. Бұл топтамада ерлік іздері көп мөлшерде қамтылған, оларда Алтын Орданың нақты қайраткерлері де, ойдан шығарылған кейіпкерлер де іс-әрекет жасайды. Фольклорлық циклге түсірудің (сюжеттік, өмірбаяндық, генеалогиялық, тарихи және географиялық жағынан) алуан түрлі болуының арқасында топтама бірнеше ғасырдың оқиғаларын қамтитын және Алтын Орданынң, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының саяси өміріне белгілі бір түрде қатысқан бірнеше билеуші-батырлардың істері туралы айтылатын ауызекі халық эпопеясына айналған.

Эпопея Ноғайлының барлық батырларының эпикалық бабасы - Аңшыбай батыр туралы баяндаудан басталады. Содан соң кезек-кезегімен оның ұрпақтары: Парпария, Құттықия, Едіге, Нұрадын, Мұсахан, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазы туралы жырланады. Әрине, эпикалық дәстүр тарихи оқиғаларды дәлме-дәл көрсете де, нақты адамдардың нақты істерін дәлме-дәл суреттейде алмайды, сондықтан эпопея тарихи фактілер мен қатысушы адамдардың нақты өмірбаянынан едәуір көп ауытқушылық бар.

“Қырымның қырық батыры” эпопеясында оқиғалар мен тарихи адамдардың орны ауыстырылған, жекелеген жағдайларда көркемдік-фольклорлық поэтика басым, мұның өзі оған кейбір жағынан шарттылық түр береді. Ең алдымен ноғайларға нақты ноғай батырлары ғана жатқызылмаған. Аңшыбайдан бастап, Қобыланды батырмен аяқталатын батырлардың бәрі ноғайлар делінеді. Мұнда Шота деген ұлымен бірге Нарық батыр, Ер Көкше мен оның ұлы Ер Қосай бар. Жалпы алғанда Ноғайлы топтамасының уақыты эпикалық уақыт тәрізді, сондықтан да көптеген оқиғалар мен батырлардың істері Ноғай Ордасы дәуіріне көшірілген, ал батырлардың өздері қоңырат болса да, тама болса да ноғайлар деп аталған.

Ноғайлы топтамасындағы өзекті туынды - Алтын Орданың атақты әмірі, 1396-1412 жылдарда іс жүзінде билеуші болған Едіге туралы эпос. Ол туралы эпикалық аңыз Ноғай Ордасында оның тірі кезінде-ақ жайылған болуы ықтимал. Бұған көп жағдайда оның жеке басының қасиеттері мен қолбасшы және билеуші ретіндегі жоғары беделі себеп болған, өйткені ол белгілі бір уақыт бойы Алтын Орданың саяси бірлігін қалпына келтіріп, елде тәртіп орната алған еді, ал мұны Мамай да, Тоқтамыс та істей алмаған болатын. Халық түсінігінде ол өз мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күресуші және оны жаулап алушылардың шапқыншылықтарынан қорғаушы ретінде көрінген еді. Едіге дәріптеле бастады, ол жөнінде әр түрлі аңыз-әңгімелер фольклорландырылған эпикалық өмірбаяны осылайша жасалған, ол бойынша Едіге Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің пері қызымен қосылуынан кереметтің күшімен туады, ал перінің қызы су астында өмір сүрген және күйеуі оның тыйым салған үш шартын бұзған кезде ғайып болып, баласын елсіз жерге тастап кеткен, сондықтан әкесі ұлын Едіге деп атаған. Кейіпкердің әдеттен тыс жағдайларда тууы оның ерекше екенін және оның еркше мақсатқа арналғанын атап көрсететін сияқты.

Солай бола тұрса да, Едіге туралы эпостық Тоқтамыс пен Едіге арасындағы күрестің негізгі кезеңдері: Едігенің Тоқтамыстан Темірге қашып кетуі, оның Темірмен бірге Тоқтамысқа қарсы жорығы, Тоқтамыстың қаза табуы мен оның балаларының кек алуы ерекше бір түрде бейнеленетінін атап өткен жөн. Ал Тоқтамыс пен Едіге арасындағы жаулықтың мәні, олардың қаза табу жағдайлары эпоста өздігінше, фольклорлық поэтика мен эстетика: жазықсыз қудаланғандарды қорғау мен дәріптеу рухында баяндалған. Жырда бұл ханның Едіге жөніндегі орынсыз, Едігені амалсыздан қашып кетуге әкеп соққан күдікшілдігі түрінде көрінеді. Ал эпостың кейбір нұсқаларында Едіге орынсыз бақытсыздыққа ұшыраған адам деп көрсетіледі, ол жастайынан жетім қалады; балалық шағын жоқшылықта өткізіліп, мал бағып жүреді. Мұның өзі фольклордың заңдылығы - “төмен” адамның көтерілуі. Сонымен бірге болашақ батырдың “төменнен шыққан” жағдайы оның халықпен жақындығын айқын аңғартып, оның халықтан шыққанын көрсетеді.

Әрине, мұндай эпикалық сюжеттер мен мінсіз бейнелердің пайда болуында жыршы сарбаздардың өздері көзімен көрген немесе қатысқан оқиғалар туралы алғаш жыр туғызушылардың рөлі зор. Жекелеген жырларды үлкен эпос етіп циклдерге айналдыру және кейіннен жыршы-сарбаздардың арасынан бөлініп шығып, батырлық және романтикалық эпостардың кәсіби орындаушысы болған аңызшы-жыршылардың орындауы кезінде олардың есімдері ұмытылып қалған.

Ауызша жеке поэзия. XIII-XV ғасырларда Дешті Қыпшақтың мәдени өмірінде халық шығармашылығымен қатар, ауыз әдебиеті өмір сүріп, дами түсті, ол өте ерекше түрде: суырып салма шығарма, ауызша орындау және ауыздан-ауызға берілу түрінде көрініп, орнықты. Оған автордың болуы, мәтіннің біршама тұрақтылығы, оның мазмұнының нақтылығы, арналған адамның болуы, сондай-ақ оның стилінде жеке басталу мен тек өзінің ғана “менін” білдіруге тырысушылық тән болған.

Бізге дейін жеткен авторы мәлім поэзияның ең ертедегі үлгісінің мерзімі XIII-XV ғасырлар деп белгіленеді. Бұлар - деректемелерде Ұлы жыршы деп аталатын Кетбұға (ХІІІ ғ. ) ақындар мен Сыпыра жырау жырларының үзінділері. Олардың өмірбаяндары мен шығармашылықтары туралы мәліметтер өте аз және мейлінше аңызға айналған. Мәтіндері мазмұны мен жанры әр түрлі және сол дәуірде Алтын Орда қоғамының көркемдік шығармашылығында ақындар мен жыраулар болғанын дәлелдейді.

Бұл шығарушылардың ең ежелгісі - отбасындағы өлеңші мен рудағы жыршы-сарбаздардан отбасылық-тұрмыстық тақырыпта да, қоғамдық маңызы бар тақырыпта да суырып салып айтатын жалпы жұрт таныған шеберлікке дейінгі жолдан өткен ақындар. Олар ақын атағын бірнеше поэтикалық сөз жарыстарына - айтыстарға қатысып, атақты ақындардың бірін жеңгеннен кейін ғана алған. Сонымен бірге ақындар соғыс жорықтарына да, қоғамдық істерге де қатысып отырған, сондай-ақ жол-жора мен дәстүрлердің білгірлері ретінде олардың өздері де басшылық етіп, адам өмірінің кезеңдеріне байланысты әр түрлі жол-жоралар жасаған, маңызды оқиғалар мен кезеңдер туралы, атақты адамдар және т. б. туралы жырлар шығарған. Мұндай суырып салма жырлар арасында мақтаған арнаулар да, әскери ұрандар да, жерлеу жоқтаулары да, жеке толғаулар мен тағы басқалар да болған.

Осындай естірту жырының бірі - Шыңғыс-хан заманында өмір сүрген ақын Кетбұғаның жыры. Жыр мәтіннің үзінділерін ХІІІ ғасырда араб тарихшысы Ибн әл-Асир жазып алған. Ол ұлы жыршы Кетбұға мен ұлы билеуші Шыңғыс-ханның арасындағы поэтикалық сұхбат түрінде берілген. Әдет-ғұрыпқа сәйкес болғандай, Кетбұға Шыңғыс-ханға оның үлкен ұлы Жошының қаза тапқаны туралы астарлап былайша хабарлайды:

“Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, уа ханым?!

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, уа, ханым?!”

Бұған Шыңғыс былай деп жауап қайтарады:

“Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлым Жошы-дүр!

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!

Көзің жасын жүгіртер,

Көңілің тұлды болғай-ма?

Жырың көлің өкіртер,

Жошы өлді болғай-ма?”

Сонда Кетбұға былай деп жырлайды:

“Сөйлемекке еркім жоқ,

Сен сөйледің, уа, ханым!

Өз жарлығың - өзіңе жауап,

Ой ойладың, уа, ханым!”

Сөйтіп Шыңғыс-хан былай деп қорытады:

“Құлын[ын] алған құландай,

Құлынымнан айырылдым!

Айырылысқан аққудай

Ер ұлымнан айырылдым”.

Бұл жолдардан жоғары поэтикалық шеберлік аңғарылады. Қайғылы оқиға тура айтылмай, астарланып, айшықталып жеткізіледі. Қаза тапқан кейіпкер де бейнелі түрде айтылып, “терек”, “құлын”, “аққу” деп аталады. Ал ұлынан айырылған адамның жай-күйі тап басылып, психологиялық параллелизм, метафоралар, эпитеттер мен теңеулер көмегімен суреттеледі. Мұнда автордың да, мезгілсіз қаза тапқан кейіпкердің де, ішін жалын жалаған әкенің де көркемдік бейнелері бар. Мифтік психологизмнің элементтері де айқын көрінеді. Осының бәрі келтірілген мәтінді жеке шығармашылық туындысы ретінде сипаттайды.

Бір ғажабы, бұл жыр көп өзгермеген және неғұрлым толық түрде Жезқазған облысы қазақтарының арасында қазіргі кезге дейін айтылып келеді, олар өздерінің генеалогиясын нақ Кетбұғаға апарып тірейді және оны жоғарыда айтылған жырдың авторы деп санайды. Өз кезінде танымал болған би ретінде Кетбұғаның есімін XV-XVI ғасырларда өмір сүрген даңқты Доспамбет жырау да атайды.

Дешті Қыпшақтың әйгілі ақындарының бірі Қотан болған, генеалогиялық аңыздарға сәйкес, ол арғын тайпасының негізін қалаушы болып табылады, ал басқа бір деректемелер бойынша Қотан (нұсқаулары: Қодан, Кодон, Котян) - половец-қыпшақ хандарының бірі. Қотанның аса көрнекті ақын болғаны жөнінде ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты ақын Жанақ былай дейді:

“Ертеде Арғын ата болған зерек,

Өзгеден ол кісінің жөні бөлек.

Арғынның түп атасы - ақын Қотан,

Өлеңге бізден ұста болса керек”.

Қотан шығармашылығының бірнеше жолы сақталған, ол оның ұлы Ақжолдың (Дайырқожаның нұсқасы) қарақыпшақ Қобыланды батырдың қолынан қаза табуына байланысты жоқтау өлеңінің мынадай үзіндісі болып табылады:

“Қарақыпшақ Қобыландыда

Нең бар еді, құлыным?

Сексен асып,

Таянғанда тоқсанға

Тұра алмастай

Үзілді ме жұлыным?

Адасқанын жолға салдық

Бұл Ноғайлы ұлының!

Аққан бұлақ, жаққан шырақ,

Жалғыз күнде құрыдың!

Қарақыпшақ Қобыландыда

Нең бар еді, құлыным?!”

Жырда әбден қартайған әкенің жай-күйі терең сезіммен берілген, ол ұлын жоқтап, өзінің қайғысын төгеді, ұлын “құлыным” деп еркелетіп айтады және өзінің бойын бірден жайлап алған қасірет пен өкініш, өзін кінәлау мен мүсіркеу жөніндегі әр түрлі сезімдерін білдіреді.

Ақжолдың Әбілқайыр хан кезінде атақты би болғаны, барлық мәселелерді әділ шешкені үшін Ақжол атанғаны мәлім. Ол 1456 жылы өлген. Егер оның әкесі Қотан сол кезде стоқсанға таянғанын ескерер болсақ, Қотан ақын 1370 жылдарда туған деп жорамалдауға болады.

ХІІІ-ХІV ғасырларда Дешті Қыпшақтың аса әйгілі жыршыларының бірі - Сыпыра жырау Сұрантайұлы жырлап өткен. “Халық аңыздарында Сыпыра жырау өте ұзақ, әбден қартайғанша өмір сүрген деп айтылады. Оның тұсында Дешті Қыпшақ даласында бірнеше хан билік құрған, сондықтан ол далада 200 жыл ішінде болған барлық оқиғаларды жақсы білген… Сол кездің өзінде-ақ әбден қартайған ол Тоқтамыстың ордасында соның шақырумен соңғы рет жырлайды…”.

Ауыз әдебиетінің дәстүрі біздің заманымызға оның Алтын Орданың қиын кездерде өзінен ақыл сұраған сол кездегі билеушілеріне арналған бірнеше толғау-монологтарын жеткізді. Бұл толғау-монологтарында ол билеушінің өзіне, оның ата-бабалары мен төңірегіндегі ең жақындарына мінездеме беріп, жағдайды бағалаған және болашақты болжап айтқан да, сонан соң ақыл берген. Оның қиын жағдайларға ұшырап, Сыпыра жыраудан көмек сұраған хандармен жауласқан батырларды бітістіру мақсатында жырлаған толғау-мологтары белгілі. Бұл толғау-монологтары Сыпыра жыраудың негізінен нақты жыршы бітістіруші болғанын дәлелдейді. Оның толғауының классикалық үлгісі Едіге туралы эпоста айтылған Тоқтамыс ханға арналған арнау өлеңі болып табылады. Онда Сыпыра жырау әуелі өзін таныстырады және өзінің Тоқтамыстың сегіз атасын, соның ішінде Шыңғыс-ханды да көріп-білгенін айтады, олардың әрқайсысына тиісінше анықтама береді. Сонан соң ол Едігенің Тоқтамыстан қашып кетуі кездейсоқ еместігін, Едігенің Темірмен одақ жасап, қайта келіп соғыс ашуы мүмкіндігін жыр етеді. Бұл орайда ол Тоқтамыстың күйзеліп біткен ұлысының көрінісі мен оның тұтқынға түскен қыздары мен әйелдерінің тағдырын көркем суреттейді. Бұған жол бермеу үшін Сыпыра жырау Тоқтамысқа Едігеге елші жіберіп, онымен татуласуға, ал сонан соң оны алдап өлтіруге кеңес береді.

Сыпыра жыраудың толғау-монологы тауып айтылған поэтикалық сипаттамалар мен бейнелі сөздерге толы. Жырау Едіге жүріп өтуге тиісті жерлерді жарқын суреттеп, қатысушы адамдар мен кейіпкерлерге бейнелі анықтамалар береді. Тоқтамыстың алдында айтылған бұл толғау-монолог Сыпыра жырау өміріндегі ең соңғысы болған және шамамен 1390 жылы айтылған. Егер сол кезде жырау аңызға қарағанда 180 жаста болғанын ескерер болсақ, Сыпыра жырау шамамен 1210 жылы туған деп санауға негіз бар. Бұл оның өзі айтқандай Шыңғыс-ханды шынында да көріп-білген деген сөз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Алтын орданың рухани мәдениетінің тарихы
Орта ғасырлардағы Батыс Еуропаның мәдениеті
Қазақ халқының ортағсырлық мәдениеті
XVIII ғасырдағы қазақ халқының әлеуметтік өмірі және мәдениетіндегі ескерткіштер
Ортағасырлық Венгрия мемлекетіндегі феодализмнің қалыптасуы мен дамуын, оған Еврропалық мәдениеттің ықпалын зерттеу
Қазақ этногенезінің сақ кезеңі
Ортағасырлық Еуропаның көркем өнер мәдениеті туралы
Қазақстандағы орта ғасыр мәдениеті
СОҢҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ
VІ-ХІІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЛАЛАР МЕН ҚОНЫСТАР. ХIV-ХVІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАРДЫҢ ӨСУІ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz