Қазақ диалектологиясындағы лингогеография мәселесі


ҚАЗАҚ ДИАЛЕКТОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ЛИНГОГЕОГРАФИЯ МӘСЕЛЕСІ
////
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
І. ҚАЗАҚ ДИАЛЕКТОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ЛИНГОГЕОГРАФИЯ зерттеулері
- С. Аманжоловтың диалектілік лингогеографиялық зерттеулері
- Ж. Досқараев қазақ тіліндегі говорлар туралы
- Ш. Сарыбав, О. Нақысбеков зерттеулері
- Шығыс говорлар тобы
Қорытынды
Пайдаланған Әдебиеттер тізімі
КІРІСПЕ
Қазақ диалектологиясы - тіл білімінің басқа салаларымен салыстырғанда кейін пайда болған, ірге тасы кейінірек қаралған сала. Қазақ диалектологиясының ғылыми мәселелері туралы пікір айту, оның объектісі - говорларды зерттеу ісі 1940 жылдардан бастап қана қолға алына бастады. Бұл салада алғашқы еңбек жазғандар С. А. Аманжолов пен Ж. Д. Досқараев болатын.
Қазақ диалектологиясының жеке ғылым болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген С. Аманжолов болды. Ол ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында осы пәннен лекция оқып, кадр дайындау ісіне мол үлес қосты.
Диалектологияға көп еңбегі сіңген тіл мамандарының бірі - филология ғылымының кандидаты Ж. Досқараев. Ол диалектологиядан тұңғыш рет мақала жазып, монографиялық еңбек шығарған ғалым.
С. А. Аманжолов пен Ж. Досқараевтың сөздіктері қазақ диалектологиясы ғана емес, бүкіл түркология ғылымындағы алғашқы диалектологиялық сөздіктер болғандықтан, кейбір оқулықтарға мән бермей отырмыз.
Арнайы экспедиция ұйымдастыру арқылы жергілікті ерекшеліктерді жинау жұмысы 1937 жылы басталған болатын. 1945 жылы Тіл және әдебиет институтының жанынан қазақ тіл тарихы мен диалектология бөлімі ашылды.
Бұдан басқа говорлардың фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктері анықталып, әрбір говорға тән өзіндік ерекшеліктермен қатар бір топ говорларға тән ортақ айырым ерекшеліктер де біршама анықталды.
Говор құрамындағы архаизм, кәсіби сөздер, фразеология, кірме сөздер аралығында жік қою мәселелері де зерттелді. 1946 жылдан бастап жеке мақалалар, ал 1951 жылдан жеке монография, кітапшалар шыға бастады.
Кейбір зерттеушілер қазақ тілінде 3 диалект бар десе (С. Аманжолов), енді бір зерттеушілер 2 диалект бар деді (Н. Сауранбаев, Ж. Досқараев), ал Ғ. Мұсабаев диалект жоқ дегенді айтты. Кейінгі 20-25 жыл бойы жиналған материалдардың негізінде тілімізде 4 говорлар тобы бар деген тұжырымға келіп отырмыз (оңтүстік, шығыс, батыс және орталық-солтүстік) .
Қазақ диалектологтары говорлардың әрбіреуінін ерекшеліктерін сипаттап, сандық құрамын да көрсетіп берді. Одан әрі диалектологтардың кәсіби сөздерді зерттеу, говорлар құрамындағы кірме элементтерді анықтау, қазақ говорларының басқа тілдермен қарым-қатынасын, говорлардың түрлерін (ауыспалы, аралас болуы) ажырату, аймақтық лексикография теориясын жасау, говорларды лингвистикалық география әдісімен зерттеу жолында да табыстары аз емес.
І . ҚАЗАҚ ДИАЛЕКТОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ЛИНГОГЕОГРАФИЯНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Тіліміздегі диалектілерді немесе говорлар тобын лингогеография әдісімен зерттеу өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастаған. Жергілікті тіл ерекшеліктерін лингогеографиялық тұрғыдан зерттеу дегеніміз - диалектілерді белгілі бір қолдану шекарасына қарай топтастыру, яғни, лингвистикалық (тілдік) ерекшеліктерді географиялық, аймақтарға бөлу ісі болып табылады. Академик В. М. Жармунский говорлар мен диалектілерді зерттеу барысында лингогеографиялық әдісті пайдалану түркі тілді халықтардың тарихын, тілін және диалектілер төркінін зерттеуде мол мүмкіндік туғызып, үлкен жол ашады деген болатын /14/.
Ғылыми еңбектерде лингвистикалық география деп құбылыстардың таралу шегін, аймағын лингвистикалық карталар жасау арқылы анықтайтын диалектологияның бір саласы деп түсіндіріледі /15/.
Лингвистикалық география тіл білімінің бір саласы болса да, екінші жағынан география ғылымымен де ұштасып жатады. Ол ұштастық тілдік ерекшеліктерді топтап, солардың таралу шегін айқындап, картаға түсіруде көрінеді.
СССР территориясындағы түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасаудың негізгі принциптерін В. М. Жирмунский 1963 жылы жазған мақаласында ұсынған еді. // 1964 жылы октябрь айында өткен түркі тілдері диалектологиясының мәселелеріне арналған бесінші кеңесінде тілдерінің диалектологиялық атласын түзуге кірісу жайында қалуы алынды. Бұл жайында арнайы мәжіліс болып, тікелей кірісу 60-жылдар болғанымен кейбір түркі тілдерінде диалектологиялық атлас жасау туралы пікірлер мен әрекеттер одан да бұрын болған еді. Оңдай жұмыстар қатарында 1944 жылы өзбек говорларын лингогеографиялық жолмен зерттеуге арналған А. Н. Боровков жасаған сұраулық пен В. В. Рещетов еңбегін және 1950 ж. жарық көрген азербайжан диалектологтары еңбектерін жатқызуға болады. Бұл жайлар кейін А. А. Баскаков, М. Ш. Ширалиев, Э. Р. Тенищев, Л. А. Покровская мақалалары мен А. З. Гаджиеваның «Түркі тілдері ареалдық лингвистиканың проблемалары» атты еңбегінде толыға түсті.
Ал қазақ диалектологиясында бұл мәселе түркітілдерінің диалектологиялық атласын жасауға байланысты қолға алынды. Бұл мәселе туралы ең алғаш сөз қозғаған профессор С. Аманжолов болды.
1. 1 С. АМАНЖОЛОВТЫҢ ДИАЛЕКТІЛІК ЛИНГОГЕОГРАФИЯ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ
Қазақ диалектологиясында лингогеография мәселесін алғаш айналасқан профессор С. Аманжолов болды. Ол қазақ тіліндегі диалектілердің даму тарихын халықтардың бұрынғы тайпалық, жүздік, рулық тарихымен байланысты қарады. Ол Маркс пен Энгельстің тайпалар одағы негізінде халық құрылады деген пайымдауларын сүйене отырып, қазақ даласындағы үш жүзге негізделген халықтық бірлік VII-IX ғғ. пайда болды дейді /16/. Қазақ халқының негізін құраған үш жүздің негізінде жалпыхалықтық тіл пайда болған. Ал үш жүздің қалыптасуымен үш жергілікті диалект пайда болды. Бұл үш тайпалық одақтың тілі даму барысында кейін бір-біріне жақындап, біртұтас қазақ тілінің қалыптасуына негіз, ұйтқы болды деген тоқтамаға келеді. Автор жергілікті халық өміріне тән өзгерістер (шаруашылық, әдет-ғұрып т. б. ) мен көрші тілдердің әсерінен де тіл ерекшеліктері туғанын ескертеді.
Қазақтың халық тілі мен ауыз әдебиет үлгілерінен жиналған материалдарды және қазақ тілінің тарихын зерттеу нәтижесінде С. Аманжолов қазақ тілінде үш диалект бар деген қорытындыға келді. Олар мыналар:
а) оңтүстік диалектісі - Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын және Талдықорған мен Қызылорданың кейбір оңтүстік аудандарында қамтиды;
ә) батыс диалектісі - Батыс Қазақстан, Гурьев, Ақтөбе облыстарын және Қызылорданың солтүстік аудандарын, Қостанайдың кейбір батыс аудандарын қамтиды;
б) солтүстік-шығыс диалектісі - Ақмола, Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарын және Қостанай мен Талдығорған облыстарының кейбір аудандарын қамтиды. С. Аманжолов қазақ тілінің солтүстік-шығыс диалектісіне бұрынғы керей, найман, арғын, қоңырат және қыпшақ тайпаларының тілін жатқызады. Бұл тайпалар ерте замандардан бастап-ақ Ертіс, Есіл, Тобол, Торғай өзендері бойын; Алтай, Тарбағатай алқабын, Арқа жерін мекен еткен. Олар оңтүстігінде - Ұлы жүз тайпаларымен, батысында - Кіші жүз тайпаларымен және татар, башқұрттармен, солтүстігінде - алтайлықтармен және Барабин, Тобол татарларымен, шығысында - монғол, қытай және ұйғырлармен шектескен.
С. Аманжолов солтүстік-шығыс диалектісін қазақтың әдеби тілінің негізіне жатқан диалект деп есептейді. Қазақ тілінің диалектілері мен қазіргі әдеби тілін фонетикалық, лексикалық және грамматикалық жағынан жан-жақты салыстыра келіп, басқа диалектілерге қарағанда, солтүстік-шығыс диалектісінің қазіргі әдеби тілге әлдеқайда жақын екендігін көрсетеді. Әдеби тілдің негізіне жатқанына қарамастан, солтүстік-шығыс диалектісінде қазір де сақталып қалған, әдеби тілге енбейтін жергілікті тілдік ерекшеліктер кездесетінін де ескереді.
Бірақ өзінің еңбектерінде оларға кең тоқтар, талдау жасамаған. Оның себебі, біріншіден, автордың солтүстіктік-шығыс диалект ұлттық әдеби тілдің негізіне жатты деген көзқараста болуында, екіншіден, Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс аудандарындағы халық тілінің басқа жерге қарағанда нашар зерттелуіне байланысты. Шынында, бұл аймақ соңғы кездерде ғана зерттеліп келеді. Кейінгі кезде жиналған материалдар аталған аудандарда да жергілікті ерекшеліктердің белгілі мөлшерде кездесетінін, таралу сипаты әр түрлі болғандықтан, өз ішінен шағын говорларға бөлінетіндігін көрсетеді.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы мен Семей облысының оңтүстік-шығыс аудандарында мына сияқты тіл ерекшеліктері кездеседі /17/.
а) Дыбыстық ерекшеліктер . Ш мен ч алмасуы: шақпақ - чақпақ; шүберек - чүберек; көпшілік - көпчілік; қамшы - қамчы; шикі - чикі; әнші - әнчі.
Л мен д алмасуы : бірілі-жарым - бірді-жарым; зорлық - зордық; ұрлық - ұрдық.
А мен ә алмасуы: мазмұн - мәзмұн; қаперімде - кәперімде; ғана - гәна.
Е мен ә алмасуы: себеп - сәбәп; лезде -ләзде; кесе - кәсе.
Д мен т алмасуы: әдейі - әтейі; дұрыс - тұрыс т. б.
Сөз басындағы ж қатаң айтылуы (ол шартты түрде дж - мен беріліп отыр) : жоқ - джоқ; жігіт - джігіт; жойбар - джойбар.
Сөз басында н дыбысының түсіп қалуы: немесе - емесе; некен-саяқ - екен-саяқ.
ә) Грамматикалық ерекшеліктер . Көсемшенің мақсатты түрін жасайтын -ғалы, -гелі жұрнағы кейде - -ғайы, -гейі түрінде айтылады: ол барғайы отыр, кеткейі отыр.
- Кей, -гей жұрнақтары арқылы жасалған сөздер жиі кездесуі: көбінекей, сөдегей, жөнекей, кәзекей т. б.
- Лық, -лік, -лар, -лы, -лі, -лау, -леу, -ла, -ле қосымшаларындағы л дыбысы орнына д айтылуы: қорлық - қордық; олар - одар; биелер - биедер, жасаулы үй - жасауды үй, зорлау - зордау; байлар - байдар.
Шылау сөздерінің қолдануында ерекшелік бар: шейін шылауы шекті түрінде, тұрмақ, түгіл шылаулары тұрғой, тұрғай түрінде айтылады.
Қалайша, былайша, солайша, қайда сияқты сілтеу, сұрау есімдіктері қалайшаң, былайшаң, солайшаң, қайға болып айтылады.
б) Лексикалық ерекшеліктер: айылдап келу - ауылшылап (қыдырып) келу, ақзу//ақзон - ақ шыт, ақмұрт - етіктің ішкі ұлтаны, әскере - өте, аса, борми - бұршақ, жүгері, дүбіраяқ - ерте туған төл, жамбыл - үлкен қорған, жарандық - саты, қалқан, жоян - зор, жұмшыл - ұйымшыл, күләпәрә - әсем бөрік, кілет - қойма, құлдау - өзен, сай бойымен төмен жүру, поштабай тары - тарының түрі, пыстан - тарпа айыл, пышқы - ара, текемән тары - тарының түрі, тонаулы - дәулетті, ауқатты, тон-тонау - ат-тон, сыйлық, ұртты адам - қатал, бетті адам, үскі біз - жуан біз, чербек - үлкен ара, чүй - ағаш қада, шикі көже - бидай көже, шүлкен - мырза, шықар - сырт, тыс т. б.
Қазақстанның шығыс говорлар тобы жақсы зертелмегемен, қазіргі кезеңде де солтүстік аймағы әлі толық зерттелмеген жоқ, сол себепті тұтас аймақтағы жергілікті ерекшеліктер жайында үзілді-кесілді пікір айту қазір мүмкін емес еді.
1. 2. Ж. Досқараев қазақ тіліндегі говорлар туралы
- Ж. Досқараев қазақ тіліндегі екі үлкен говорлар тобы бар деп көрсетеді: 1. Оңтүстік-шығыс говорлар тобы. Бұған Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары, сондай-ақ Талдықорған облысының оңтүстік-батыс аудандарындағы (Талдықорған, Киров, Қаратал т. б. ) және Қызылорданың оңтүстік-шығыс аудандарындағы халық тілін жатқызады. 2. Молтүстік-батыс говорлар тобы. Бұған Батыс Қазақстан, Гурьев, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Целиноград, Павлодар, Солтүстік Қазавқстан облыстары мен Қызылорда облысының батыс аудандарындағы (Қазалы, Арал т. б. ) және Семей облысының солтүстік-батыс аудандарындағы халық тілін жатқызады.
Бұл говорлық топтардың өзара айырмасын білдіретін мындай тілдік белгілерге тоқталады.
Фонетика саласында.
1) Оңтүстік-шығыс говорлардағы кейбір сөздерде дауысты дыбыстардың ауысып отыруы: мәзмұн - мазмұн; кәйтеді - қайтеді; кәрия - қария т. б.
2) Солтүстік-батыс говорларда еріндік дауыстылардың басым айтылуы: бықтыру - бұқтыру; кебе - көбе; інемі - үнемі; кеуірт - күкірт т. б.
3) Солтүстік-батыс говорларда ш айтылатын жерде оңтүстік-шығыста ч дыбысының айтылуы: чеше -шеше; чал - шал; чабын - шабын; әнчі - әнші; малчы - малшы т. б.
4) Солтүстік-батыс говорларда кейбір сөздерде ы , а дыбыстардың алмасып айтылуы: сайаз - сайыз; айқара - айқыра; арқалы - арқылы; айырмысы - айырмасы; ыпы-тыпы - апы-тапы т. б.
5) Солтүстік-батыс говорлардағы д айтылатын сөздерде оңтүстік-шығыс говорларда л айтылуы: таңлай - таңдай; тыңлау - тыңдау; теңлік - теңдік т. б.
6) Солтүстік-батыс говорларда ж айтылатын жерде оңтүстік-шығыс говорларда дж айтылуы: джігіт - жігіт; джоқ - жоқ; джер - жер; джайлау - жайлау т. б.
7) Солтүстік-батыс говорларда көбінесе б айтылатын жерде оңтүстік-шығыс говорларда п айтылуы: пейнет - бейнет; пида - бида т. б.
8) Оңтүстік-шығыс говорларда н, ң сонорлардың алмасып отыруы, солтүстік-батыс говорларда бұл құбылыстың байқалмауы: қалын - қалың; көбен - көбең; біздін - біздің; өлен - өлен т. б.
9) Солтүстік-батыс говорларға қарағанда оңтүстік-шығыс говорларда с, ш дыбыстарының жиі алмасып отыратыны: тұрмыш - тұрмыс; ешек - есек; тышқары - тысқары т. б.
10) Солтүстік-батыс говорларда кейбір сөздерде ж, ш дыбыстарының алмасып отыруы, бұл құбылыстың оңтүстік-шығыста байқалмауы: былшырақ - былдырақ т. б.
11) Солтүстік-батыс облыстарда кейбір сөздерде д, т алмасуы: деңіз - теңіз; дұз - тұз; дізгін - тізгін; диірмен - тиірмен т. б.
Бұдан әрі оңтүстік-шығыс говорларда ч, дж дыбыстарының қолданылуын, б -ның м- ға алмасуын (бұны - мұны; бұнша - мұнша) тіл арты ғ, қ дыбыстарының сақталып қалуына (ұрығ - ұру; шабық - шабу; жамақ - жамау; сылақ - сылау; жоғырмақта - жуырмақта) қарап, оның солтүстік-батыс говорларға қарағанда көне тілдік белгілерді молырақ сақтап қалғаны ескеріледі.
Лексика саласында . 1) Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы мына төмендегі сияқты сөздер солтүстік аудандарда кездеспейді: кепе (жер үй) ; тесе (кетпен) ; ақа (аша) ; қыш (кірпіш) ; елкезер (елеуіш) ; егер (ер) ; пешене (маңдай) ; сым (шалбар) ; сыпыра (теріден істелген дастарқан) ; мойынтұрық (мойынағаш) ; мият (жақтаушы, қостаушы) ; шар (бидайдың шөп аралас қалдығы) ; кәшек//көшек (сабан) ; кірлен (леген) ; шәмбе//сәмбе (шама, сама) ; қосу, чегу (шегу, жегу) ; оп айдау (астық бастыру) ; шұрқан салу (әлек салу) т. б. Керісінше, солтүстік аудандардағы көп сөздер оңтүстікте кездеспейді: көбе (ерте туған қозвы) ; көпеш (кеш туған қозы) ; шотеке (шөп суырғыш) ; оттық (оңтүстікте - ақыр) ; елеуіш (оңтүстікте - елкезер) ; кәкпір (ожау) ; бақыр (бедре) ; кегей (дөңгелектің шабағы) ; көрім (мұнда оңды мағынасында, оңтүстікте жаман мағынада) ; бұл (мата) ; манду (өсу, даму) ; шекейін (шейін) т. б.
2) Солтүстік-батыс говорларда кездесетін кейбір сөздер: әке, тоңу, сақ (сау), сауығу, сұрау//сорау т. б. осы мағынада түркі тілдерінің VIII ғасырдан қалған жазба ескерткіштерде де кездеседі. Бұлар оңтүстік-шығыс говорда басқа да мағынада қолданылады: әке - бала; мұзау - тоңу; сақаю - сауығу; сұрау - басқару, билеу деген мағынада.
3) Кейбір заттар, құүбылыстар барлық жерде бірдей болғанына қарамастан әр түрлі аталады. Мысалы, оңтүстік-шығыс аудандарындағы тана, жайдақ, қора, ұрпақ, кетпен, долы, әуен, тіршілікке бару, қос айдау, чанда//шанда т. б. сөздер солтүстік-батыс аудандарында - тайынша, қотан, кебек, кептен-шот, бұршақ, ән, жұмысқа бару, жер жырту, анда-санда т. б. түрінде айтылады.
4) Кейбір сөздер солтүстік-батыс говорларда бір мағынаға ие болса, оңтүстік-шығыста екі мағынаға ие. Мысалы, оңтүстік-шығыстағы қос, тіршілік, қызыл, суыру, қосу т. б. сөздердің жалпыға түсінікті мағыналарынан басқа да мағыналары бар: қос - соқа; тіршілік - жұмыс; қызыл - тазаланған астық; суыру - ұшыру; қосу - шегу//жегу деген мағынада айтылады.
Грамматика саласында . Солтүстік-батыс говорлар тобындағы мына сияқты грамматикалық ерекшеліктер оңтүстік-шығыст говорларда кездеспейді:
1) Кейбір септіктер бірінің орнына бірі қолданыла береді, қызмет жағынан толық ажырамаған: суда жүзіді - суға жүзеді; бұрын молдадан оқыды - бұрын молдаға оқыды; былтыр осы айда жаңбыр жауды - былтыр осы айға жаңбыр жауды.
2) Етістіктің өткен шағының тұйық етістікке -ұлы, -үлі қосымшасын қосу арқылы жасалған түрі кездеседі: барулы, жаюлы, бағулы.
3) Есімше -жақ, -шақ тұлғасында да кездеседі: баражақ//барашақ, алажақ//алашақ.
4) Оңтүстік-шығыс говорлардағы бара йатқан, бар йатыр, баратыр тұлғалары бара жатқан//бара жатырған, бара жатыр түрінде қолданылады.
1. 3 Ш. Сарыбаев, О. Нақысбеков зерттеулері
Қазақ диалектологиясын лингогеографиялық тұрғыдан зерттеу ісі жоғарыда аты аталған ғылымдар еңбегінде сөз болғанмен оларда кейбір қателіктер жіберілді. Мысалы, С. Аманжолов солтүстік-шығыс говорларын бірге бір топта қарастырған. Ал шығыс говорлар тобының солтүстік говорлар тобының басты айырмасы бар екендігі кейінгі жинақталған материалдар негізінде көрінді. Ал Ж. Досқараев пен Н. Сауранбаевтардың оңтүстік диалектілеріне шығыс диалектілерін, ал солтүстікке батыс диалектілерін қоса қарастырудың қате болғандығы да кейін анықталды. Әрине, аға буын ғалымдары ол қателіктер үшін кінәлауға болмас. Себебі 1960 ж. дейін аталған өңірлердің, әсіресе, оратылқ, солтүстік және шығыс өңірлерінің жергілікті тіл ерекшеліктері жиналған, әрі олар туралы деректер де аз еді. Ол ғылымдар қателіктерін осы тұрғыдан түсінгеніміз дұрыс деп есептейміз.
Бұл мәселеде соңы пікірлер айтқан Ш. Сарыбаев пен О. Нақысбаев еңбектері болды. 1972 ж. Ш. Сарыбав мақала жазса, /23/ 1989 жылы Ш. Сарыбаев пен О. Нақысбековтың авторлығымен жарық көрген монография бұл мәселеде соңы пікірлер айтып, қазақ диалектілерін лингогеографиялық тұрғыдан 4-ке бөледі /24/:
1. Оңтүстік говорлар тобы . Оның қамтитын жерлері - Алматы, Талдықорған, Шымкент, Жамбыл облыстары мен Қызылорда облысының шығыс жағы және ӨЗбекстан қазақтарың сөйлеу тілдік аймақтары;
2. Батыс говорлар тобы : Оның қамтитын жерлері - Гурьев, Маңқыстау, Ақтөбе, Орал облыстары мен Қызылорда, Қостанай облыстарының батыс аудандары және Түркменстан, Қарақалпақ пен Орынбор, Астрахань жеріндегі қазақтар тілі;
3. Орталық-солтүстік говорлар тобы : Оның қамтитын жерлері - Солтүстік Қазақстан, Целиноград, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған, Торғай, Қостанай, Павлодар өңірі мен РСФСР-ді мекендейтін қазақтар тілі;
4. Шығыс говорлар тобына жататын өңірлер бөлігі мен Семей облыстары, Таулы Алтай, мен Монғол Халық республикасындағы қазақтар тұратын өңірлер.
Қазіргі кезеңде бұл бөлік дұрыс саналып жүр. Ал бұл бөліктердің тілдік ерекшеліктері алдағы тарауда жеке-жеке сөз болады.
1. 4 ШЫҒЫС ГОВОРЛАР ТОБЫ
Әдеби тілден және басқа говорлар тобынан ерекшеленетін регионның бірі - қазақ тілінің шығыс говорлар тобы. Бұл өңір қазақтары тілін көп жылдар бойы Ж. Болатов тексеріп, 1970 жылы докторлық диссертация қорғады. Автордың топшылауынша шығыс говорлар тобы Баян-Өлгий, Шынжаң, Қошағаш, Өскемен, Аягөз тәрізді бес говорға бөлінеді /26/.
Шығыс говорлар тобына тән, сан алуан лексикалық ерекшеліктер бар. Ж. Болатов бұған төмендегі сөздерді жатқызады: жейде (ерлер көйлегі) ; кепеш (тақия) ; жер арба (қалқандары зор, өзі аласа арба) ; жоян (зор) ; сым (матадан жасалған шалбар) ; шылауыш (кимешек және оның сыртынан орайтын орамал) ; күләпара (жауында не ыстық күндерде киетін бас киім) ; шыт (орамал) ; тошала (қарақат тәрізді жеміс ағашы) ; жаныстыру (шағыстыру) ; қарату (табыс табу) ; мантырау (шатасу, алжу) ; мұқым (бүкіл) ; тартпа (қол шалғы) ; сияқты сөздер осы говорлар тобына тән құбылыстар. Тіпті кейбір жейде, сым тәрізді сөздердің таралу шегі оңтүстік говорлар тобымен ұштасып жатады.
Шығыс говорлар тобына тән лексикалық ерекшеліктердің бәрі бірдей осы диалектіге кіретін барлық говорда кездесе бермейді. Кейбір сөздер екі не үш говорларға тән құбылыс болып келеді. Әсіресе Өскемен мен Қошаған говорларына ортақ құбылыстар жиі кездеседі. Оған мысал ретінде аталған говорларға тән салма (ет жаятын ағаш), саламат, доғалатпа (ұнды қуырып, сүт, май құйып жасаған тағамдар), сарымсақ (жабайы пияз), сарыбұға (шөп басына өсетін жеміс), усойқы (дәрі орнына пайдаланатын ағаш қабығы), лампаның шарбағы (шамның жоғары жиегі), тарбаған (суыр), сүрдек (малдың түнеген орны), дүбіраяқ (ерте, қыста туған бұзау), сарлық (мүйізді ірі қараның бір түрі, яқ) сияқты сөздерді келтіруге болады. Ж. Болатов Шығыс говорлар тобын төмендегіше топтайды: 1) Аягөз говоры; 2) Баян-Өлий говоры; 3) Қошағаш говоры; 4) Шыңжаң говоры; 5) Өскемен говоры.
ҚОРЫТЫНДЫ
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz