Оралхан Бөкейдің монологтары


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 65 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 5

1 МОНОЛОГ - О. БӨКЕЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМ

МӘТІННІҢ АЖЫРАМАС КОМПОНЕНТІ . . . 7

2 ОРАЛХАН БӨКЕЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МОНОЛОГ

ТҮРЛЕРІ . . . 16

3 О. БӨКЕЙДІҢ МОНОЛОГТАРЫНДА ТІЛДІК БІРЛІКТЕРДІҢ

ҚОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІГІ . . . 28

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 55

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 57

КІРІСПЕ

Қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын, есімі ерекше аталатын жазушының бірі - Оралхан Бөкей. Оның шығармалары зерттеп, кеңінен қарастыруды қажет ететін дүниелер. Қаламгердің шығармаларын жай ғана оқып өте шықпайтынын Оралханды ерекше ықыласпен оқитын кез келген оқырман біледі, қай туындысы болмасын бейжай қалдырмайды. Оралхан - сан қырлы талант. Оның тілдік қолданысы, қиялы, ой өрісі - бәрі бөлек дүние. О. Бөкейдің тағы бір ерек тұсы - шығармаларында монологты қолдануында. Оралханның монологтары үлкен, жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Осы зерттеу жұмысы Оралхан Бөкей шығармаларындағы монологтардың құрылымын зерттеуге арналады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі: Оралхан Бөкей сөз саптауымен, тілдік қолданысымен, шығармаларындағы оқиға желісінің ерекшелігімен, күрделілігімен біраз адамның назарын өзіне аударары сөзсіз. Жазушы осы уақытқа дейін әдебиет саласы бойынша да, тіл саласы бойынша да біраз зерттелінді. Ал шығармаларындағы монолог та, оның құрылымы да әлі қарала қоймаған.

Оралханның қай шығармасын оқымаңыз, әйтеуір бірнеше монолог қатары көзге ұшырасады. Кейіпкердің ішкі сөйленісі, автордың өз монологы, тіпті өзге құбылыс иесі атынан берілген монологтардың көптігі сонша, шығарманың өзі тұтас монологқа құрылғандай әсер қалдырады. Сондықтан да Оралханның монологтары үлкен бір әлем, тереңірек зерттеуді қажет етеді.

Көркем шығармадағы монологтық құрылымды қазақ тіл білімі саласында да, орыс линвистикасында да баса назар аударып зерттей қоймады. Көркем шығарма тілінің ең маңызды да, өзекті бөлімі - монологтар.

Монолог - белсенді сөйлеу қызметінің нәтижесінде тікелей қабылдауға арналған сөйлеу түрі. Монолог тек қана ауызша сөйлеу ыңғайында бола бермей, жазбаша түрде де кездеседі. Екі жағдайда да (ауызша және жазбаша) негізгі ерекшелігі - бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы. Монологтің өзіне тән байымдау, синтаксистік құрылым, лексикалық бірліктерді (единицаларды) таңдап жұмсау, біршама жинақы пікір сияқты өзгшеліктері болады. Бұл аталған пікірлердің сөйлеу немесе жазу жанрларына байланысты (көркем монолог, шешендік сөз, тұрмыстағы әңгіме, т. б. ), функционалдық- коммуникативтік қызметіне қарай (сипаттау, баяндау, әңгімелеу, сендіру, т. б. ) әртүрлі монологтар көрініс береді. Монологтың бір көрінісі ретінде көркем шығармада, әсіресе, прозалық дүниедегі авторлық баяндау, бір жағынан, әдеби тілді ауызекі сөйлеу тіліне біршама жақындатса, екінші жағынан, тыңдармандар мен оқырмандарды оқиғаға араластырып жіберетін ұлы сөз зергерлері де бар.

Көркем шығармада монолог тәсілін қолданудың ерекшеліктері өте көп. Автор монолог арқылы оқиғаны тереңінен аша алады. Монологтың шығармада (сөйлеуде) белсенді қолданылуы оның «диалогтандыра түсуі». Ішкі немесе сыртқы сөйленіс нәтижесінде болып жатқан оқиғаның жай-сипаты беріліп, кейіпкердің психологиясы ашыла түседі.

Оралхан Бөкей шығармаларындағы монологтар кейіпкер психологиясын жан-жақты ашып, персонаж образын қалыптастыруға қызмет етеді.

Оралхан шығармаларының соншалық сезімге құрылғандығы, оқырманның жандүниесімен астасып, жан түкпіріне тереңдеп кететіндігі де тұтас монологтардан тұратындығында болуы керек. Сондықтан да, жұмыстың өзектілігі болып шығармалардағы монологтарды жан-жақты ашу, монологтардың Оралхан шығармаларындағы рөлін айқындау болып табылады.

Жұмыстың мақсаты мен міндеті : Оралхан Бөкейдің шығармаларындағы монологтың құрылымын анықтап, жазушының идиостилін таныту. Осы мақсатқа орай зерттеу жұмысында мынадай міндеттер жүктеледі:

- шығармалардағы монологтарды жинақтап, топтастыру;

- шығармадағы монологтардың түрлерін талдау;

- монологтың құрылымына, құрылысына қарай ажырату;

- монологтардағы тілдік бірліктердің қолдану ерекшелігін анықтау;

Зерттеудің нысаны: Оралхан Бөкей шығармаларындағы монологтардың құрылымы және тілдік бірліктердің қолдану ерекшелігі.

Зерттеу жұмысының дереккөздері: Оралхан Бөкейдің бір романы («Атау-кере»), үш повесі («Сайтан-көпір», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Қар қызы»), үш әңгімесі («Ардақ», «Айпара-ана», «Кербұғы») .

Зерттеудің әдістері: сипаттау, жинақтап топтау, талдау.

Зерттеу жұмысында орыс тілінде жазылған Сопочкина Галина Алексеевнаның «Система способов передачи чужой речи и ее реализация в идиостиле А. П. Чехова» (2003) атты диссертациялық жұмысы және көркем әдебиет стилистикасының мәселелерін қарастырған В. В. Виноградов, Б. Шалабай, Г. Прәлиева, Б. Майтанов т. б. ғалымдарының тұжырымдары басшылыққа алынды.

Жұмыстың құрылымы: жұмыс кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімнен тұрады. Негізгі бөлім үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда монолог Оралхан Бөкей шығармаларының ажырамас компоненті екендігі дәлелденсе, екінші тарауда көркем шығармалардан алынған монологтардың түрлері анықталады. Ал үшінші тарауда монолотардың құрылымына барып, тілдік бірліктердің қолдан ерекшелігі кеңінен қаралады.

1 МОНОЛОГ - ОРАЛХАН БӨКЕЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМ МӘТІННІҢ АЖЫРАМАС КОМПОНЕНТІ

70 жылдардағы қазақ әдеби толқының ірі өкілдерінің бірі Оралхан Бөкеев шығармалары қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алады. Автордың қазақ әдебиеті классикалық үлгілері қатарына қосылған небір жаухар туындылары Ә. Кекілбаевтың сөзімен айтқанда: «Дүние жүзі әдебиетінің тұнығынан жүзіп ішкен орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб һәм басқа да ұлы халықтар тіліне аударылып, өркениеттік бүкіл дүние оқырмандарының талғам таразысынан өтті, шынайы рухани сұранысына айналды» [1, 99] .

Қаламгер туындылары сыншылардың қырағы назарынан тыс қалмады, мұның өзі нәзік сезімталдық пен мұңға, мазмұнды ойға мол Оралхан шығармаларының бір оқыған адамын бейтарап қалдыра алмас қуатында еді. О. Бөкеев шығармаларының көркемдік қасиеті, қаламгер шеберлігі, тіл айшығы жайында байыпты толғамдарды М. Қаратаев, С. Қирабаев, Р. Нұрғалиев, Н. Ғабдуллин, Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков, Р. Сыздықова, Б. Ыбырайымов және Б. Кәрібаева, Е. Аманшев, Т. Ахметжанов еңбектерінен кездестіреміз. Әдебиет әлеміне өзіндік үнімен келген О. Бөкеев шығармашылығы сыншылар қауымын бей-жай қалдырмады. Оның әрбір жаңа шығармасы ерекше құбылыс ретінде бағаланды да, мерзімді баспасөз бетінде, жекелеген еңбектерде сан қилы пікір таластар объектісіне айналды. Атап айтсақ, Т. Тоқбергенов «Қос ағыс» (1981), Б. Ғабдуллиннің «Тоска по материнскому греву» (1992), Е. Әмірханның «Мәңгілікпен межелеу», Б. Әлімжановтың «Идея мен шешім», Д. Әшімхановтың «Мұзтау», Ә. Мәмесейіттегінің «Парасат жыры», Ә. Қодаровтың «Романтизм вчера и сегодня» атты мақалалары мен зерттеу еңбектері қаламгер шығармаларын әр қырынан қарастырды. О. Бөкеев шығармашылығын арнайы зерттеген ғылыми жұмыстардан Ө. Көзбековтың «О. Бөкеев прозасының поэтикасы», Г. Жәлелованың «Концепция личности в прозе Бокеева», Қ. Жанұзақованың «Оралхан Бөкеев прозасындағы романтизм», Ж. Нұрсұлтанқызының «О. Бөкеев шығармаларындағы бейвербалды амалдар» атты диссертациялары жазылды.

Сондай-ақ, Оралхан Бөкей әлеміне аяқ басып, зерттеп, зерделеген бірнеше дипломдық жұмыстарға шолу жасап көрейік: «О. Бөкеев, Д. Исабеков повестеріндегі подтекст мәселесі» деген тақырыпта жазылған дипломдық жұмыста Оралхан творчествосын сөз етіп, ондағы терең философиялық іздер, адам мен табиғат жаратылысының берілуіне кеңінен тоқталған. Сонымен бірге «Оралхан Бөкей повесттеріндегі психологизм» дипломдық жұмыспен қатар Қ. О. Қамзинаның «О. Бөкей шығармаларындағы психологиялық параллелизм және пейзаж» деген мақала бар. Мұнда: «О. Бөкей пейзажды қаһарман жанының нәзік қылын шертудегі басты перне етеді. Табиғат суретінсіз кейіпкердің жан диалектикасына бойлай алмайсыз. Кейіпкерінің болмысын танытып, характерін айқындау үшін О. Бөкей табиғатты басты нысанға алып, адам болмысымен, оның жан дүниесіндегі құбылыстармен егіздей суреттейді» - деп келіп, жазушының қаламынан туған туындылардан адам мен табиғат егіздігін ашуға ұмтылады.

Оралхан Бөкейдің қай шығармасын алып қарамайық, онда әлемдік деңгейде қаралатын мәселелер, сан адамдың санасын сансыратқан сауал жауабын іздеуге ұмтылған талпыныс байқалады. Осы айтылғандар туралы «Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» повесінің проблематикасы» дипломдық жұмысында қаралған. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы әдебиет саласына тиесілі. Ал Оралхан Бөкей тілдік тұрғыдан қаралды ма деген сауал қоятын болсақ, оған «Оралхан Бөкей шығармаларындағы бейвербалды амалдар» дипломдық жұмысы дәлел бола алады.

Қазақ әдебиетіне жаңа леп, өзгеше сарын әкелген О. Бөкей жазушы, драматург, публицист ретіндегі шығармашылық шеберлігі көркемдік, тілдік стильдік ерекшеліктерге бай, сан тақырыпқа сауал боларлық құнды мәселелердің бірі.

О. Бөкеев шығармаларын зерттеу қажеттілігі - оның шығармаларының көркемдік жетістігі мен өзектілігінде, бүгінгі күн өмір құбылыстарын шынайы бейнелей алғандығында, туындыларының күрделі философиялық ойлары мен шұрайлы тілі, ерекше стилінде.

Бөкеев прозасы мен драматургиясының, публицистикасы мен өнер, әдебиет жайындағы ой толғауларының тарихи, теориялық жағынан ғана емес, тілдік тұрғыда да қарастырылатын мәселелері жетерлік. Олардың әрқайсысы жеке зерттеу тақырыбы болуға лайық.

Бөкеев ұлттық өмірімізден тарихи психологиялық, әлеуметтік шығармалар жазып, қазақ әдебиетінде ерекше із қалдырған бірегей суреткер. Оралхан қашан да уақыт алға қойған өзекті мәселелерді шығармаларына арқау еткен. Ойы да, қаламы да ұшқыр қаламгер. Жазушы қаламынан туған шағын әңгімелерінің өзі мәңгілік мәселелерді көтерген әлемдік әдебиеттегі озық шығармалармен деңгейлес, иықтас туындылар.

Жазушы шығармаларына байланысты әдеби сын мақалалар мен көлемді еңбектерде қайсыбір туындылары ара тұра сөз болғанымен, қаламгер мұрасының монологтар тілдік тұрғыда арнайы толық зерттелген жоқ.

Қазақ жазушыларының ішінде монолог тәсілін кең қолданған жазушының бірі - Оралхан Бөкей. Оның қай шығармасында болмасын монолог арқылы кейіпкер психологиясын керемет ашқан. Кейіпкерлері өз-өзімен жай ғана іштей сөйлесе салмайды, олар проблемалық, әлеуметтік жағдайды сөз етеді, философиялық ой қозғайды. Монолог арқылы көп мәселені көтереді. Оралханның монологтары бір сөйлемнен бірнеше бетке созылуы мүмкін. Сонымен қатар бірінде айтылған дүние екіншісінде мүлде қайталанбайды.

Көркем шығармада авторлық идеяның жазушы еркінен тыс, сәл өзгеше түрде жүзеге асуы жиі кездеседі. Мұндай процесте композициялық элементтер қарым-қатынасының рөлі зор. Дүние жүзі әдебиеті корифейлерінің тәжірибесі кеңес классикасында заңды жалғасын тауып, дами түскені мәлім. М. Горький, М. Шолохов, А. Фадеев, Л. Леонов, А. Толстой, К. Федин, Л. Андреев туындылары күрделі дәуір қаһармандарының азапты толғаныстары, сана эволюциясын өмір шындығына сай бейнелеуде ішкі сөздер, құпия қымбат ойлар ағымына жоспарлы мақсатпен, типтік жағдайлардағы характер даралағын ашу үшін үңіле көз салғаны белгілі.

Көркемдік зерделеуден өтетін өмір шындығының сенімділігіне айқын кепілдердің бірі - кейіпкер сөздері. Қаһарманның тек өзіне хас дара характері оның сөйлеу мәнерінен көрінеді. Бұл, әрине, диалогтың эстетикалық мәнін анықтайды. Монолог арқылы да мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Шығарма идеясының небір нәзік тұстары, кейде автор мақсатының басты дәні көп ретте ішкі сөздер ағымымен бедерленеді. Ашық тілдесулердегі тәрізді үнсіз ойлауда да образдың даму логикасына сәйкес психологиялық дәлелдемені керек қылатын сюжеттік-композициялық бастаулар шешімі жатады [2. 6] .

В. Е. Хализев: «Кейіпкер монологтарында (әсіресе ішкі монологтарда), ортақ төл сөздерде, лирикалық медитацияларда интеллект қызметімен байланысы жоқ және «ақыл-ес бақылауынан» тыс көңіл-күй әуендері қамтыла түседі. Айтылар ойлар адамның сол сәттегі толғанысынан көшірме емес, сөзсіз, пікірсіз жан қозғалыстарының шартты көрінісі» [3. 105], - дейді.

Жалпы көркем шығарманың тілі - сезімнің, толғаныстың, сөздің, ойдың бірыңғай ағыны әспеттес әсер қалдырады.

Монолог, автор сөзі, ортақ төл сөз сияқты баяндау бөлшектері бірімен-бірі араласып келіп, бірінен-біріне білінбей ауысуы арқылы автор баяндауын кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне жақындату, ой-сезім дүниесін жан-жақты ашу көзделеді. Әсіресе көркем шығарма тілін талдағанда монолог арқылы мәтінді ашудың маңызы зор [4, 81] .

Монолог - көркем мәтіннің ең маңызды бөлшегі іспетті. «Монолог» ұғымына сөздіктерде бірнеше анықтама берілген, олардың келтірген тұжырымдамаларының барлығы дерлік бірдей. Бұрын жазылған «Қазақ совет энциклопедиясында» төмендегідей: Монолог - 1) драмалық шығармада кейіпкердің өзіне немесе көрерменге арнаған сөзі; 2) проза немесе поэзияда қаһарманның өзі туралы сипаттамасы немесе өсиет-уағызы; 3) автордың сыр-сезімін білдіретін лирикалық толғанысы. Бір ғана кейіпкермен шектелетін пьеса немесе эстрадалық арнау сөз монолог делінеді. Мысалы, Әбділда Тәжібаевтің «Монологтар» поэтикалық драмасы, т. б. [5, 134] деп қысқа ғана мағлұмат берілген болса, ал кейіннен басылып шыққан «Қазақ тілі энциклопедиясында» монологқа кеңінен ақпарат келтірілген: Монолог - белсенді сөйлеу қызметінің нәтижесінде тікелей қабылдауға арналған сөйлеу түрі. Монолог тек қана ауызша сөйлеу ыңғайында бола бермей, жазбаша түрде де кездеседі. Екі жағдайда да (ауызша және жазбаша) негізгі ерекшелігі - бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы. Монологтің өзіне тән байымдау, синтаксистік құрылым, лексикалық бірліктерді (единицаларды) таңдап жұмсау, біршама жинақы пікір сияқты өзгешеліктері болады. Бұл аталған пікірлердің сөйлеу немесе жазу жанрларына байланысты (көркем монолог, шешендік сөз, тұрмыстағы әңгіме,

т. б. ), функционалдық- коммуникативтік қызметіне қарай (сипаттау, баяндау, әңгімелеу, сендіру, т. б. ) әртүрлі монологтар көрініс береді. Жанрішіндік айырмашылықтар (автор сөзі, кейіпкерлер тілі, ғылыми баяндама, үгіт-насихат мақсатындағы сөз, т. б. ) монологтің стилистикалық ерекшеліктерін танытады. Кейбір ғалымдардың пікірінше, монологтың белсенді болуы (риторикалық сұрақтардың жиі ұшырасуы, аудиторияға тікелей қарата сөйлеу дәстүрі, т. б. ) оны «диалогтандыра түседі», яғни адресаттарды (тыңдаушылар мен оқырмандарды) сөйлеуші немесе жазушы өзінің ойына етене араластыра алады. Монологтың бір көрінісі ретінде көркем шығармада, әсіресе, прозалық дүниедегі авторлық баяндау, бір жағынан, әдеби тілді ауызекі сөйлеу тіліне біршама жақындатса, екінші жағынан, тыңдармандар мен оқырмандарды оқиғаға араластырып жіберетін ұлы сөз зергерлері де бар. Демек, монолог туралы сөз болғанда тек көркем әдебиеттегі мысалдарды келтіру біржақты болады. Ғылыми баяндамада да, көпшілік алдында сөйлегенде де, екеу, үшеуара сөйлескенде де, монологтың шебер құрылуы арқылы тыңдармандарымен диалог құрып кететін шешендер де болады [6, 279] .

Көркем шығармада монологты қолданудың мақсаты - қаламгер мәтін ішінде монологқа жүгіне отырып, кейіпкердің психологиясын, ішкі жай-күйін, тебіреніс-толғанысын ашады. Оқырман кейіпкердің өз-өзімен сөйлескен, өз-өзімен сырласқан тұстарын оқи отырып әсерленеді, шығарма кейіпкерінің ішкі сезімінен хабардар болады. Бүгінгі таңға дейін қазақ тіл білімі саласында монолог жайлы зерттеулер де, көркем мәтіндегі монологтік талдау да сирек кездеседі. «Көркем шығармадағы ішкі монолог: тілдік түзілімі, стилистикасы (Ә. Кекілбаевтің «Үркер», «Елең-алаң» романдары бойынша) » деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғалған. Бұл зерттеу жұмысында көркем шығармадағы ішкі монологтің зерттеу нысандары, қос үнді сөздің ішкі монологты қалыптастырудағы қызметі мен ерекшелігі турасында қаралған. Сонымен қатар «Көркем шығармадағы ішкі монологтың зерттеу нысандары» деген дипломдық жұмыс та жазылған. Сондай-ақ орыс тіл білімі саласында да монологтың құрылымына, олардың қолданылу аясына аса көп назар аударылмай келген. Көркем мәтінде монологтың берілу тәсіліне, олардың өзара байланысу түрлерін зерттеген ғалымдар В. Н. Волошинова (1929) және Г. М. Чумакова (1975) болды. Бұлардың қатарына Соколова (1968), Чумаков (1977), Жовнирук (1986), Давыдова (1986), Карич (1986), Аманалиева (1989), Шакирова (1990), Китайгородская (1993) монологтың берілу тәсілдерінің функционалды-стилистикалық ерекшеліктеріне сипаттама жасаған зерттеу жұмыстарын қосуымызға болады. Монологтың ерекшелігі және функционалды әртүрлілігі туралы сұрақ орыс тіл білімінде толық қарастырылмаған. Бұл сауал төңірегінде Н. Д. Арутюновой (1986), Н. М. Гуриной (1993), С. В. Коростовой (1994), И. В. Труфановой (1994) ғалымдар шолулар жасап кеткен.

Ал қазақ ғалымдарының ішінде монолог жайында Г. Прәлиева «Ішкі монолог» деген еңбек жазып шықты: «Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі - ішкі монолог (іштей ойлау,

кейіпкердің ішінен айтатын сөзі, өзін-өзі іштей саралау, ойлау ағымы, т. б. ) көрінісі жан-жақты қарастырылып, арнайы зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Ал, ішкі монолог жалпы психологиялық талдау өнерін жан-жақты зерттемейінше қазіргі әдеби даму заңдылықтарын түсіну мүмкін емес [7, 3] . Сондай-ақ, Б. Майтановтың «Монолог құрылымы» атты еңбегі бар. Бұл кітапта ғалым монологтың шығарадағы рөліне тоқтап, оның драматизм, психологизммен байланысын қатар талдайды.

Монолог деген терминді пайдалана отырып, оның тарихи-гентикалық ерекшеліктер мен даму эволюциясы туралы алғашқылардың бірі болып пікір айтқан Қ. Жұмалиев болды. Оның «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» деген зерттеуіндегі «Абай - қазақтың бірінші психолог ақыны» атты мақаласының маңыздылығы ауыз әдебиетіндегі монологқа, олардың көркемділік ерекшеліктеріне жасаған ғылыми талдауы төл әдебиетіміздегі психологизм мәселесін зерттеудегі игі бастама болды. Қ. Жұмалиевтің осы мақаласындағы пікір кейін С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев т. б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде теориялық тұрғыдан дәлелденіп, өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бүгінгі көркем прозада жан-жақты толысып өсіп-өркендеген монологтың түп тамыры тереңде, сонау көне ғасырда, мифтерде, бертін келе фольклорда жатыр деген белгілі фольклорист ғалым С. Қасқабасов өзінің «Қазақтың халық прозасы» атты монографиялық еңбегінде айтылған пікірлер тірек бола алады. «Адам жаратылыстан өзін бөлмей тұрған кезде туған көптеген мифологиялық символдар, жануарға немесе табиғат объектісіне арнап сөйлеуге, олармен сырласып, тілдесуге болады деген түсінік кейін көркем фольклорға ауысып, басқа бейнелеуіштік сипат алған» - деп батыл тұжырым жасайды [8, 56] .

Монолог - геройдың жалғыз өзінің сөзі; ол, көбінесе, өзінің жанында басқа персонаждар жоқта, не болмаса топ ішінде жалғыз өзінің ұзақ сөйлеуі [9, 223] .

Кез келген көркемдік тәсіл, бейнелеу құралдары жеке-дара тұрғанда ешқандай көркемдік қызмет атқармайтындығы белгілі. Шығарма поэтикасының өзі сөз өнеріндегі түрлі көркемдік тәсілдер мен бейнелеу құралдарының жиынтығы екендігін естен шығармаған жөн.

Әлем әдебиетіндегі алдынғы қатарда жүрген монолог, ой ағысы сияқты көркемдік тәсілдер енді біздің ұлттық әдебиетте де көрініп, көркемдік ойлау жүйесін кеңейтті.

Ұлттық әдебиетімізде 60-80 жылдар аралығында бой көрсеткен шығармаларда қаһарман мінезін дәріптеудің еркін өсу мәселесін кеңінен өрістетудің ашық түрі әдебиетімізге монолог тәсілін алып келген болатын. Қазақ прозасында да оқиғаны қызықтау, тек баяндаушылық, сюжет қуушылық секілді сипаттан гөрі, психологиялық тереңдік, образды ойлау, іштей өсу-түлеу айрықша орын алады.

Оралхан Бөкей шығармаларында баяндаушылық сипаттан гөрі, образды ойлауға, оқырманын психологиялық тереңдікке бойлатуға мүмкіндік береді.

Қаламгердің бірнеше шығармасында монолог тәсілі жоғары деңгейде шебер қолданылған.

Оралхан Бөкей кейіпкердің жандүниесін ашу үшін, оқырманға әсерлі болу үшін монологтарды пайдаланып отырды. Сол арқылы кейіпкердің образын таныта түсті. Қаламгердің қай шығармасын алып оқып қарамаңыз, әр әңгімесінде, әр повесінде кем дегенде төрт-бес монолог тізбегін кездестіреміз. Монологтар шығарманы қуаттандырып тұрады. Соның ішінде осы зерттеу

жұмысымыздың нысаны етіп, көлемді әрі монологтар жиі ұшырасады деген мақсатпен бір роман: «Атау-кере» және үш повест: «Сайтан көпір», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Қар қызы», үш әңгіме: «Кербұғы», «Айпара-ана», «Ардақ» алынды. Жоғарыда тізімделген шығармалардан алынған монологтар санын келтіретін болсақ, 460 монолог жинақталды. Оралхан Бөкейдің «Айпара-ана» деп аталатын туындысы шағын ғана әңгіме болғанымен бүкіл бір ғасырдың жүгін арқалап тұрған дүние. Әңгіме формасы монолог тәрізді құрылымдық телімге кең өріс ашқан. Бас қаһарманның жан әлемі, ой дүниесіндегі нақыштар анық көрінеді. Шығарма Айпара ананың елге, жиналған жамиғатқа арналған монологынан басталады:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Атау кере шығармасын талдау
Оралхан Бөкей шығармашылығы
«20 ғасырдың 60 жылдарынан кейінгі қазақ әдебиеті (1960-2000)» пәні бойынша әдістемелік нұсқау
Көркем әдебиеттегі аңыз және мифтің мәні
Бөкей Оралхан
Әдеби тіл және жалпыхалықтық тіл жайлы
Оралхан Бөкейдің Атау кере шығармасындағы еліктеу сөздердің қолданысы
Оралхан Бөкеевтің шығармаларына талдау
ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ АТАУ КЕРЕ ШЫҒАРМАСЫ НЕГІЗІНДЕ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ ДАЙЫНДАУ
Оралхан Бөкей әңгімелеріндегі әлеуметтік талдау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz