1950-1960 жылдардағы қазақ прозасындағы кейіпкер сомдау дәстүрі


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   

1950-1960 жылдардағы қазақ прозасындағы кейіпкер сомдау

дәстүрі

Қашанда әдебиет заман тынысынан қалыс қалған емес. Әр дәуір өзі тудырған таланттар арқылы суреті жасалып қалып отырады. Қандай тақырыпқа жазылған шығарма болса да, оған сол кезеңнің яғни, көркем туынды дүниеге келген уақыттың әсер-ықпалы мол болатыны сөзсіз. Ал шығарма өзі жазылып отырған кезең оқиғаларын суреттеуге арналса, уақыт өте келе артта қалған өмір көріністерін, тіршілік-тынысын, адамдардың түсінік-түйсіктері мен сезім иірімдерін, психологиялық болмысын елестетуге, танып білуге мүмкіншілік беретіні де рас.

Алды қырық жылдан арты отыз жылдан астам бұрын жазылған повестерге көз салғанда осындай ойлар көңілді тербейді. Ғасырлар межесімен пайымдалатын тарих үшін отыз-қырық жыл түк емес, әрине. Алайда адамзат тарихын айшықтайтын қоғамдық дамуда өзгеше таңба боп қалатын «коммунистік формация» делініп зорлап телінген кезеңде өмір сүрген ұрпақ үшін бүгін ол - тарихи сипаты бар өмір белесі. Өйткені бір ұрпақтың көз алдында өмірге келіп, қайта ыдыраған социалистік қоғам елінде бірнеше буын өкілі өсіп, жетілді, сол қоғамның тәлім-тәрбиесін, тағлым-табиғатын бойына сіңірді, тағдырын байланыстырды, психологиялық болмысын қалыптастырды. Сондықтан әңгіме болып отырған он жылдықта жазылған повестерде сол дәуірдің шындығы айқын елес береді. Ол шындық шығарма тақырыбынан, тақырып арқылы өрілетін жазушының ой нысанасынан, ой-нысанасы арқылы көрінетін жазушының қоғам, уақыт туралы пайымы немесе саяси ықпал жетегінен шыға алмаған қаламгер болмысынан байқалып жатады. Қалай десек те айтылып отырған кезең бүгінгі күн үшін уақыт талабымен қайта сараланатын, жаңа көзқараспен пайымдалатын тарих боп қалды. Өйткені бүкіл жүйенің өзгеруімен бірге бір бағытқа ғана негізделген көзқарас, бұғауға түскен ой, «шеңбер» ішінде ғана қалыптасқан сана еркіндікке шықты. Ой бағдары, сараптау аумағы, пікір байламы жаңаша бет түзеді.

Әңгіме болып отырған он жылдық қандай көзқараспен қарағанда да бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазақ прозасының ілгерілеу кезеңі болып қала бермек.

Бұл жылдары жүзден аса повесть жарық көріпті. Әрине, сандық өлшем түгелдей сапалық белгіні көрсете алмайды. Алайда ұмтылыстың көбеюі сапаның да молыға түсуіне себепші болатыны сөзсіз. Айтылып отырған он жылдықтағы повестердің ілгерілеу сипатына келсек, біріншіден, жанрлық жағынан жетіліп, эпостық, драмалық және лирикалық элементтерді бойына жинақтау сипатына ие болды; екіншіден, тақырып аясы кеңіді; үшіншіден, образ жасауда кәсіби шеберлік үлгісі жетіліп, молая түсті. Жазушылар адам психологиясына бойлап, кейіпкердің ішкі жан-дүниесін ашуға, осылар арқылы адам характерін жасауға қатты назар аудара бастады. Көркем өнерге қойылатын талаптар мен қажетті шарттарды игеріп, машықтану үлгісі артты. Рас, бір ғана уақыт межесімен емес, әр кез, уақытпен үндесетін шығарма тудыру әр жазушының шама-шарқына, білім өресіне, өнер өрісіне, талант деңгейіне тәуелді.

Әр адамның басында болатын драмалық ситуациялар, одан түындайтын психологиялық жан тебіреністері кейіпкер тұлғасын сомдауда ажырамас бірлікте алынып, қатар өрілуге тиіс. Олай болмаған жағдайда адам тағдырын, оның бастан кешкен өмірін дәл бейнелеу мүмкін емес.

Біз сөз етіп отырған кезеңде де осындай адам өмірі мен тағдырының ішкі-сыртқы диалектикалық сипаттарын дұрыс көрсете алмаған повестер аз болмады.

Бұл топтағы повестердің кей біреуінде оқушыны толқытатын нәзік лиризм жетіспей жатады, жанрлық синтезге бара алмау, оқиғаны жадағай баяндап беруден аса алмау сияқты кемшіліктер орын алады. Ал кейбіреуінде автор егілме лиризмнің шырмауында қалып қояды да, лирикалық күйді психологизммен, ой тереңдігімен ұластыра алмай жатады.

Оның үстіне өз кезеңінде ерекше дәріптеліп, озық шығарма ретінде бағаланған, авторлары мақтау мен марапатталудың жүлдегері болған шығармалар да жоқ емес. Бүгінгі көзқараспен қарағанда соңғы топтағы шығармалардың авторлары науқаншылдықтың жемісін жеп, қызығын көргендер деуге болады.

Әрине, бұл құбылыс «партиялық әдебиет» болудың, әдебиет саясаттың қызметшісі болудың кесірі, тоталитарлық жүйенің қыспағы еді.

Бұл он жылдықта есімдері бұған дейін де белгілі қаламгерлер С. Омаров, Т. Ахтанов, Ө. Қанахин, З. Шашкин, Ж. Жұмаханов, Ә. Нұршайықов, С. Шәймерденов т. б. оқырмандарды өздерінің жаңа туындыларымен қауыштырды.

Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы» (1960), «Дала сыры» (1963), З. Шашкиннің «Ұядан ұшқанда» (1957), «Темірқазық» (1959), «Өмір тынысы» (1964), С. Шәймерденовтің «Мезгіл» (1964), «Қарғаш» (1965), Ә. Нұршайықовтың «Махаббат жыры» (1964) повестерінде стильдік тенденция тұрғысынан өзіндік ерекшелік байқалады. Бұл шығармаларда психологиялық деталь, ішкі сезім иірімдері, қалтарыс-қабаттары тәптіштеп суреттеу тәсілі айқын көрініс береді.

Қандай шығарма болса да, оның негізгі өзегі - адам адамның ақыл-ойы, сезімі, тебіренісі мен ішкі жан толқуы. Яғни, көркем әдебиеттің басты объектісі - адам. Осылайша шығарма атаулының объектісі бір бола тұрып, айтар әңгімесі, берер ғибраты әр қилы, әр саланы қамтиды. Себебі адам мінезі түрлі-түрлі, атқарар қызметі, кәсібі жағынан басқа-басқа. Сондықтан жазушылар, бірі ауыл өмірін, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін, екіншілері қала тұрмысын барлап, кеншілер, завод жұмысшылары, құрылысшылар өмірін суреттеуді мақсат еткен. Үшіншілері сол кезеңнің ұранды саласы тың игерушілер әмірін бейнелейді. Енді бір жазушылар Ұлы Отан соғысы тақырыбына қалам сілтесе, тағы біреулері тарихи тұлғалар, өнер адамдары жайлы деректі повестерді дүниеге әкелді.

Бұл кезең повестеріне тән ерекше бір сипат циклды шығармалардың өріс алуы.

Әңгіме болып отырған он жылдықта жарық көрген повестерде мол көрініс тапқан әдебиет ажарын әрлеп, көркемдік әлеміне жаңа сапалық белгілер енгізген құбылыс лирикалық-романтикалық, лирикалық-психологиялық бағыттың өрістеуі болды. Жазушының жан толқыны кейіпкер сырымен, түсінік-түйсік, сезім иірімдерімен жапсарласа өріле келіп, адам өмірінде болатын алуан түрлі тағдыр-талайы, күйініш-сүйініші, қоршаған орта, мезгіл мінезі, «адамды билеген заман», «заманға күйлеген жаман» болмысы еріксіз баурап ой жылымына тартып әкетіп бара жатады. Бұл бағыттың өрістеуі, қазақ прозасындағы лиризм мен психологизмнің алға шығып, басым бола бастауы уақыттың өзі тудырған құбылыс. Өйткені дәуір тынысын танытар замандас тұлғасын жасауда, замандас характерін жан-жақты бейнелеуде психологизмнің күшеюі керектігі әдебиеттің дамып, өрлеу кезеңінде, әдеби білімнің тереңдей түскен шағында айқын аңғарылуы заңды еді.

Т. Ахтанов шеберлігі

Алпысыншы жылдар әдебиетіне көз салғанда эстетикалық талғамы биік қаламгер қатарында Т. Ахтанов есімі де ерекше аталады. Қанша тоталитарлық жүйе ықпалындағы әдебиет өкілі бола тұрса да өзі өмір сүрген қоғамдағы адам тағдырына қатысты жүрек сыздатар шетін мәселені көтере біліп, оны шын шеберлік аясында көмкере білген талаит иесі болды. Оның лирикалық сезімге толы «Махаббат мұңы» (1960) повесінен кейін, шын творчестволық ізденіс арқылы дүниеге келген «Дала сыры»(1963) кезінде қызу таласты сынның объектісіне айналды. Бір жақты асыра мадақтап дәріптеген пікірлер де болды, кемшілігін көбірек айтып, қатал сынағандар да болмай қалған жоқ. Мақтаушылар повесті Хэмингуэйдің «Шал мен теңізіне» теңеп, Қоспанды Хәмингуэй шығармасының бас кейіпкеріне ұқсатады, повестің жақсы нышаны ретінде партиялық ұранға сәйкес екінші тың - қой шаруашылығын өркендету, комплексті шопандар бригадасын құру проблемасына арналуы деп бағалайды.

Пікірдің бір алуаны повесть бастан аяқ жасанды сюжетке құрылған деп қарайды, боранның болуын да, қойдың ығуын да жасанды көріп, бұл жәйтке көбірек шүйіледі.

Алайда «Дала сыры» повесі кезінде осындай түрлі қайшылықты пікірлердің айтылуына қарамай, өз дәуірінде қазақ әдебиеті үшін белгілі көркемдік олжа әкелген шығарма ретінде бағаланды. Оның сапалық белгісі ой ағымы әдісі арқылы берілетін баяндау формасында, лирикалық шегіністермен ұштасып отыратын психологиялық талдау барысында кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашуда, философиялық тереңдік пен ой астарларында, осының бәрін қисынды байланыстыратын композициялық құрылымында жатыр. Повесте замандас тұлғаның іс-әрекеті, тіршілігі, жан әлемі, ой толқыны, мінезі мен рухани болмысы суреттеледі.

Т. Ахтанов кейіпкердің жан-дүниесіне үңіледі, портреттегі, характерді кейіпкердің ішкі әлемінен іздейді. Қоспанның боранмен арпалысын суреттеу арқылы өмір тынысына залал келтіретін жағымсыз кеселге ой көзін қадайды, оның төркінін іздейді. Қоғам дамуына, ел тіршілігіне қырсығын тигізер қырсыздықты, көзбояушылықты сынайды. Боранмен ығып кетіп, ақыры бір отар қойдың түгел қырылуының түп төркіні немқұрайдылықта, шаруашылық басшыларының жауапсыздығында екені Қоспанның образы арқылы түйінделеді. Қоспан білімі өз дәуірі шындығын айқын көрсететін, социалистік қоғамда дендеп алған психологиялық жағдайды ашып беруде өзіндік бетбұрыс болған, қазақ әдебиетінің сол кезеңі үшін өзгеше болмысты бейне болып қала береді.

«Дала сыры» повесі кейін қайта өңделіп «Боран» атты романға айналды. Бұл романның да кезінде қатты сынға ұшырағанын Т. Әлімқұлов («Жұлдыз», 1985, №2, 202-203-б. ) еске түсіре отырып өзі де сынайды. Алайда өз уақытында мемлекеттік сыйлық алып, даңққа бөленген шығарма болды.

Елуінші жылдардың екінші жартысы мен алпысыншы жылдардың бірінші жартысында қазақ әдебиетінің салқар көші жас толқын, жаңа буынмен, өзгеше мінез, өзіндік пайым көрсете келген екпінді бір топпен толыға түсті.

Бұл топ әдебиеттің қай жанрында болса да соны леп, тың өрнек сала келген ерен топ еді.

Бұл топ бір кезде ұлы М. Әуезов «Жыл келгендей жаңалық сезілген» поэзия өкілдерінің тұстастары, замандастары болатын.

Олар - қызығы мол бал дәурен күндері алаңсыз думан, шалқыған шаттық, қамсыз ойын-күлкімен өтуге тиіс балалық шақтары репрессия жылдары мен Ұлы Отан соғысы деп аталған қасірет-қайғыға толы жылдарға тап келген, бүгінде әдебиетіміздің ауыр жүгін арқалаушы әрі көшбасшысына айналған талантты буын өкілдері еді. Өмірлері мағынаға толы, көңілдері арманға толы бұл буын өкілдері жаңа ырғақ, соны леппен өнер соқпағына түсе бастады. Сол жаңа ырғақ, өзгеше өрім олар жазған повестерден де айқын көрініс тауып жатты.

О лар - Ә. Әлімжанов, Ш. Мұртазаев, А. Нұрманов, С. Мүратбеков, Қ. Ысқақов, Ж. Молдағалиев, Р. Тоқтаров, М. Сүндетов, Қ. Жұмаділов, М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, Д. Досжанов т. б.

Ұлы отан соғысының тауқыметін көзімен көріп, көңілдеріне тоқып өскен, бүғаналары бекімей жатып ауыр еңбекке араласқан, қабырғалары қатпастан талай қиыншылықтарды бастан кешіріп жүріп ер жеткен бұл буынның бойындағы сезімталдық пен сергектікті, азаматтық пен аяушылық сезімді, жігер мен ұмтылысты, қайсарлық пен қайраттылықты сол сұрапыл жылдар рухы қалыптастырған. Осылайша мезгілінен ерте есейіп, еңбек майданына ерте араласуының, ел басына түскен ауырлықты үлкендермен бірге көтерісудің нәтижесінде ересектермен етене жақын, қоян қолтық бірге жүру мүмкіндігіне ие болды да, халық тілін жетік біліп, адам бойындағы түрлі мінез бен психологияны терең сезініп, танып өсті.

Әрбір талантты жазушының әдебиетке келуі ұлттың рухани өміріндегі қуанышты құбылыс екендігі талас тудырмайтыны анық. Сондықтан қазақ әдебиетінің бүгінгі биігіне көтерілуінде әдебиетке алпысыншы жылдары келген таланттар шоғырының орны бөлек түр. Олар өздерімен бірге өздеріне дейін беймәлім бір идеялық-көркемдік жаңалық әкелді.

Сайын Мұратбеков таразысы

Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр күндеріне тап келген Сайын Мұратбеков көңіл таразысынан өткізген, алыста қалған бала шағының жүрек сыздатар мұңды елесін жадында қайта жаңғыртып, көркем туынды етуі - оның творчествосындағы басты тақырыптардың бірі. Бір кездегі қазақ әңгімесінің туып, қалыптасуында алғашқы арнаны салып, көркемдік сапасының биік белеске көтерілуіне, ұлттық дәстүрді европалық үлгімен қиюластыра дамытуға айрықша еңбек еткен Б. Майлин, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов дәстүрі 60-шы жылдары С. Мұратбеков творчествосы арқылы жалғастық тапты десек артық айтқандық емес. Алайда ол ізденісті әңгіме жанрында көбірек танытса да, белгілі тақырып бойынша повесть жанрында да тәжірибелік барлау жасады. Оның бұл жанрдағы алғашқы шығармасы «Жусан иісі» (1965) повесінде-ақ жас кейіпкерлердің іс-әрекеті олардың ішкі жан құбылысымен суреттелетін өзгеше өрнегімен жұрт назарын өзіне аудара білді.

Повестегі психологиялық лиризм, яғни жанға жайлы лирикалық сыршылдық психологиялық тереңдік көңілге еріксіз қонақтап қалады. Сезім шынайылығы, одан туындайтын табиғилық адам жанының нәзік пернелерін тап басады. Соғыс тауқыметіне тап болған қырдағы ел, ондағы адам тағдыры ию-қию өмір арпалысының бір ғана ауылдағы көрінісі «Жусан иісі» повесінде реалистік өмір шындығын дәл көрсететін деталь, штрихтар, уақыт психологиясы өзгерткен характерлер арқылы суреттеледі. Бала мінезі, бала психологиясы, бала жанына соғыс салған жара Аян тағдыры арқылы өте айқын бояуымен, шыншыл сипатымен жан толқытар, сезімге бөлер нақышымен баурап алады. «Жусан иісі» повесіндегі Аян тағдыры еріксіз мұңға батырар соғыс елесін көз алдыңа әкеледі. Повесте әкеден айрылған бала, ұлынан айрылған ана, соғыс тауқыметін ересектермен бірге көтерісіп, бұғанасы қатпай ауыр еңбекке араласқан жасөспірім - бөрі бар. Ақыл-парасат төмендігінен соғыс тауқыметін өсіре түсетін қатыгез болмыс повестегі Тұржан тұлғасы болып жан түршіктіреді, жүрек сыздатады. Шешесі өлген, әкесі майданға кеткен, әжесі екеуі ғана қалған Аянның, ауыр күндері ағайынды арқа тұтып көрші ауылға көшіп келген әже мен бала тағдыры лирикалық кейіпкердің баянымен әдемі өріліп көңіліңізді егілтеді, жаныңызды жабырқатады. «Алыста қалған балалық шағым . . . Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген арық ақсақ қара бала кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтай жүгіріп келө жатқан Аянды көргендей болам». Сайын Мұратбековтың тұңғыш повесі осы жолдармен басталады.

Лирикалық кейіпкердің алыста қалған балалық шақ елесіне осы жолдармен бірге сағыныш сезім, аяныш пейіл билеген көңілмен елтіп сіз де еніп бара жатасыз. Бір беттен бір бетке ауысқан сайын Аян тағдыры ауырлай түседі, бойыңызда оған деген аяушылық сезім күшейіп, қайғылы күй кешесіз. Бұрынғы тауқымет аз болғандай әкесінен қара қағаз келеді, оның үстіне аяғы мертігіп ақсақ болып қалады, тұлдыр жетімдік шырмайды. Соғыс кезінің ауыр зардабын, жетімдік қасіретін тарта жүріп, өзі қатар балалардың арасында ерекше де айрықша қабілет, қасиетін танытады, жаратылысынан зеректігін көрсетеді. Сол арқылы бөтен ауылға келсе де өз қатарластарын мойындатады, өзіне ұйытады. Аян тұлғасы сүйкімді сипатта бейнеленіп, дәуір елесін көз алдыңа дәл келтіреді. Повесть алғашқы жолдан бастап соңғы нүктесіне дейін бір леп, бір тыныста жазылған. Шұрайлы тіл, шынайы да көркем сомдалған бейне, образды айқын танытар деталь, шебер жасалған диалог, жинақы сөйлем, қарапайым да әсерлі сөз нақышы, сөзбен жасалған сурет, баяндау тәсілі шығарманың көркемдік қуатын арттырып тұрған сапалық белгілер болса керек. Ал автор осы тұңғыш повесінде сол сапалық белгілер ауқымында өзіндік стильдік өрнегін байқата келген қаламгер деуге болады.

Көркем шығармадан жазушының биік эстетикалық мұраты жарқырап көрінуі керек. Эстетикалық мұрат образ арқылы бейнеленеді. Ал образ -қолдан қаланған, елден ерек жаралған қаһарман емес. Өмір ағынының тенденциясын білдіретін, өмірдің өзінен туған реалистік, типтік характер болуы керек,

Эстетикалық мұрат деген ұғымды тек жағымды образ мәселесімен ғана шектеуге болмайды. Өмірдөгі ұнамсыз жайттарды, ілгері басуымызға кедергі келтіретін көріністерді әшкерелеп суреттеу арқылы да жазушы өзінің көздеген мақсатын - биік мұратын таныта алады. Міне, осыдан келіп, суреткердің позициясы туралы мәселе туады.

.

Әкім Тарази шығармаларындағы кейіпкерлер

бейнесі

Алпысыншы жылдар повестерінің ішінде бүған мысал болар жоғарыда айтқан талап деңгейінен көріне алатын елеулі шығарманың бірі ретінде Әкім Таразидың «Құйрықты жұлдыз» повесін атауға болады. Әуелі 1965 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланып, 1966 жылы жеке кітап болып басылған бұл шығарма өзіндік жаңалық сипатымен әдеби қауым назарын селт еткізді.

Автор алыс түкпірде жатқан бір ферманың өмірін суреттей отырып, қоғам өміріне дендей бастаған зиянкес әрекет, мінез-құлықтар мен тоғышарлық психология болмысының астарын ашып береді. Ұлт тағдырының, халық болашағының тамырына балта шабар, тосқауыл болар былық пен шылықты әшкерелейді. Ал «ферма» дегеніңіз ауыл өмірінің организмін құрайтын негізгі клетка болғаны белгілі. Бір қарағанда «Құйрықты жұлдыз» повесі сол кездегі ауыл шаруашылығындағы «екінші тың» деп аталатын ұранды сапа мал шаруашылығын өркендету туралы болып көрінуі де мүмкін. Бірақ тіпті де олай емес. Әкім Тарази повесінде колхоз жетістігі,, мал шаруашылығын дамытуда жеткен табыс биігі жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Тек адам тағдыры, арман-мүддесі, көзқарасы, түсінік-түйсігі, жан толқыны туралы сыр шертіледі. Бұл ұлы Горькийдің «Әдебиет - адам туралы ғылым» дейтін белгілі қағидасын еске түсіргендей. Повесте негізінен қиыр жайлап тіршілік кешіп, өздерінше «коммунизм құру» жолында тер төгіп жатқан еңбек адамдарының коммунистік қоғамды ілгері апарушы үлкен қауымның бір бөлшегі ретінде атқарып жатқан іс-әрекеттері, олардың бойына сол қоғам, уақыт, жүйе қалыптастырып жатқан сана, психология, мінез-құлық, осы орайда шым-шымдап кіріп, байқаусыз бойды билеп, өзіндік арна болып қоғамдық өмірге дендей бастаған, түбінде зиянды құбылысқа айналатын жалған патриотизм мен тоғышарлық психологияның астарын ашу, түп төркінін көрсету көзделген.

Повесте жағымсыз бейнелердің бірнеше типі жасалған. Және бұлар көп қайталанып, шиыр болған характерлер емес, әдеби шығарма табалдырығынан сол кез үшін жаңа аттаған таныс-бейтаныс кейіпкерлер.

Жағымсыз бейне жасауда Әкім Таразидің өз бағыты бар.

Жазушының сана жанары қырағы. Өткір де сұңғыла көңіл көзқарасы кесел түбін, кінәрат негізін шалғайдан шалады, қиырдан байқайды. «Адам аласы ішінде» деп халқымыз тегін айтпаған. Қоғамның жаңғырып түлеуіне, адам санасының өсуіне байланысты, жағымсыз типтер мінезін бірден таныта қоймайды.

Тіршілік ету үшін олар да сыртқы өңін әлеумет ауқымына бейімдемеске лажы жоқ. Сондықтан жай кезге, өзімшілдер көпшіл болып, бюрократтар кішіпейіл, жатып ішер жалқаулар елгезек, белсенді болып, баукеспе ұры адал, момын болып көрінді, . Мұның бәрі сол кездегі уақыт, коммунистік «стиль» қалыптастырған шындық еді. Әкім Тарази суреткер ретінде өмірдегі шын жақсылар мен бояма «жақсыларды» жіті ажырата білді.

Адамды шаруашылыққа мүлде тәуелді етіп суреттейтін тәсілден Тарази бойын сақ ұстайды. «Құйрықты жұлдыздағы» Еркебұлан бір қарағанда жаман адамның қатарына жатпайды. Ол - ферманың бастығы, қызмет бабында құрметке бөленіп, колхоз, аудан басшыларының алдында беделді, мерейі үстем азамат. Алайда бұл құбылыстың сыртқы көрінісі ғана, ішін ақтарып қарасаңыз Еркебұлан барып тұрған өзімшіл, пасық, жиіркенішті жан. Аядай ауылдың қарғадай қожасы болып алған ол, қол астындағыларды жалдамалы құлы есебінде көреді. Өзінің үстінен арыз жазған Сұлтанды тізе бүктіріп, кешірім сұратады. Колхоздың жүмысына ол қара басының қамы тұрғысынан қарайды. Колхоздың жұмысы ілгерілесе, Еркебұланның ғана абыройы артып, қалтасы қампияды. Оның есебі осы ғана.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуы
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН ПРОЗАСЫ ЖӘНЕ ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДАРАЛЫҒЫ
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуы және жанрлық жаңалық алып келген қаламгерлерге шолу
Қазақ прозасы және тарихи тақырып
Қазақ прозасындағы кейіпкер болмысы және авторлық ұстаным. Суреткерлік шеберлік және көркемдік әдіс-тәсілдер
1960-1980 жылдардағы қазақ прозасындағы адам концепсиясы
Т. Әбдіковтің прозасын жанрлық, тақырыптық тұрғыдан кең көлемде қарастыру, қазақ прозасының түрлі жанрында жазылған шығармаларындағы көркемдік-идеялық ерекшеліктерді, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастарды адам мәселесі тұрғысынан саралау, қаламгердің дара стильдік белгілерін көрсету
Әкім Тарази прозасының поэтикасы
Постмодернизм ХХ ғасырдың ағымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz