Қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесі


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Зерттеудің жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасындағы тіл құрылысының ұзақ мерзімді келешегінің стратегиялық мақсаттары мен міндеттері айқындалған, сонымен қатар оларды жүзеге асырудың басты бағыттары мен тетіктері белгіленген заңнамалық құжатта (Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы») [1, 3-17 бб. ] қоғамдық өмірдің барлық негізгі салаларында тіл құрылысы үдерістерінің одан әрі кеңеюін қамтамасыз ету қажеттігі айтылады; тілдік дамуды ғылыми қамтамасыз етудің басым бағыт екендігі аталады. Осыған байланысты диссертациялық зерттеу қазіргі кезеңде қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесінің маңызды тармағы ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік және дискурстық ерекшеліктерін талдауға арналған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тіл саясатын жүзеге асыру жолында, оның ішінде қазақ әдеби тілінің қазіргі дамуында, қолданылу өрісінде, функционалдық-коммуникативтік қызметінде көрініс тауып отырған басты, әрі маңызды сипаттар қазақ әдеби тілі функционалдық жүйесіне тікелей қатысты.

Тіл саясаты мен стратегиясына арналған заңнамалық құжаттарда қазақ әдеби тілінің «ғылым тілі» саласын дамытуды қолға алу көзделеді. Осыған байланысты қазіргі қоғам дамуында ғылым тілінің (ғылыми тіл, ғылыми-техникалық тіл, ғылыми стиль) маңыздылығы, бұл саланың қазақ әдеби тілінің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейтудегі рөлі мен орнының басымдылығы айқындала түсті. Теориялық көзқарастар мен практикалық ұсыныстарда ғылыми стильдің қалыптасуын, оның қазіргі жай-күйін сипаттау үшін негізінен терминжасам үдерісіне мән беріледі. Шын мәнінде, кез келген функционалдық стильдің өзіндік ерекшеліктерін егжей-тегжейлі таныту үшін негізгі лексикалық құраммен қатар әрбір стильдің стильдік байлаулы белгілерін құрайтын барлық тілдік-стильдік ерекшеліктерді топтап зерделеу аса маңызды.

Ғылыми-көпшілік стильдің синтаксистік құрылымы публицистикалық стильдің, ауызекі сөйлеу стилінің синтаксистің құрылымымен тығыз байланысты, өте күрделі, өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Жұмыста ғылыми-көпшілік стильдің лексикалық құрамына дискурстық, тілдік-стильдік белгілеріне талдау жасалады.

Әдеби тілдің функционалдық стильдер жүйесі әлемдік лингвистикада, орыс тіл білімінде, сонымен қатар қазақ тілтанымында да терең зерттелді деп айтуымызға болады. Дегенмен, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына орай, тілге деген ұлттық, қоғамдық ой-сананың өзгеруіне байланысты қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің әлі де таратып, талдайтын, тыңнан қарауды қажет ететін мәселелері бой көтеріп отыр. Өйткені, И. Р. Гальперин көрсететіндей, «Тілдің стильдері - тарихи категория. Демек, олар өзгереді, дамиды, пайда болады және жоғалады» [2, С. 343] . Соңғы жылдары ғылыми зерттеулердің басты бағыттары мен парадигмаларының түбегейлі өзгеруіне байланысты стильдер жүйесіне деген көзқарастарда да тың пайымдаулар пайда бола бастады. Бұрын стильдердің тармақтарға бөлінуіне экстралингвистикалық және тілдік қарым-қатынастың ерекшеліктері негіз болса, қазіргі кезде стильдердің белгілі бір түрін танып-білу үшін сөйлеушінің ниеті (интенциясы) және бұл үшін жұмсалатын тілдік құралдар ескеріле отырып, тілдің коммуникативтік актідегі, дискурстағы қызметі басшылыққа алынады. Осыған байланысты әдеби тілдегі функционалдық стильдердің сапалық және сандық көрсеткіштерінде де өзгерістер бар.

Қазақ әдеби тілінің даму жолдарында ғылыми стиль, қазақ ғылымының тілі ХХ ғасырдың орта тұсында (нақтырақ айтқанда, 1950-1985 жж. арасында) экстралингвистикалық фактордың әсерінен тоқырап қалғандығы белгілі. Сондықтан да болар, кейінгі онжылдықта қазақ тілінде оқу-ағарту құралдарын жазу, ғылыми мақалалар мен ғылыми еңбектерді мемлекеттік тілде дайындау мәселесі талап етілген кезде, «қазақ тілінде ғылым қалыптастыру мүмкін емес» деген пікірлер де айтыла бастады. Мұндай пікірді айтушыларға себеп болған жағдай - біздің ойымызша, жоғарыда көрсетілген кезеңдерде қазақ тіліндегі ғылыми терминологияның қалыптасуының тоқтап қалуы және негізгі ғылыми еңбектерінің орыс тілінде жазылуы. Дегенмен қазіргі кезде қазақ әдеби тілін жасауға толық мүмкіндігінің, әлеуетінің бар екендігін дәлелдейтін факторлар жеткілікті. Бұған қазақ тілінде жазылған дидактикалық құралдар (орта білім жүйесіне арналған оқулықтар мен оқу құралдары), мамандандырылған ғылыми еңбектер (математика, физика, ядролық физика, химия, биология, психология, философия, тарих, әдебиеттану және лингвистика) қазақ әдеби тілінде жазылып, қолданысқа түскендігін жатқызуға болады.

Қалыптасқан тұжырымға негіздесек, қазақ ғылыми стилінің ішкі тармақтарының бірі - ғылыми-көпшілік стиль. Ғылыми-көпшілік стильдің диахронды және синхронды жай-күйі қазақ әдеби тілінің тарихы, функционалдық лингвистика аспектісіне арналған еңбектерде назардан тыс қалмайды.

Қазіргі таңда ғылыми-техникалық, әлеуметтік-саяси, мәдени-ғылыми ақпараттың басым дені ғылыми-көпшілік стиль түрінде таратылып, насихатталады. Осыған байланысты ғылыми-көпшілік стильдің бірыңғай тілдік-стильдік ерекшеліктері өзгеріске ұшырап, тың сапаларды иелене бастады. Бұл жайттарды, оларға әсер етіп отырған экстралингвистикалық және интралингвистикалық факторлар негізінде талдап, ғылыми-көпшілік стильдің қазіргі сипатына қатысты теориялық тұжырымдар жасау зерттеудің өзектілігі болып табылады.

Зерттеудің нысанасы. Қазіргі қазақ әдеби тіліндегі ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік белгілері.

Зерттеудің пәні. Қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдер жүйесі.

Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Әлемдік лингвистикада және қазақ тіл білімінде әдеби тілдің стильдер жүйесі бойынша жасалған ғылыми тұжырымдар зерттеудің әдіснамалық негізі болып табылады. Зерттеу жұмысының барысында орыс және қазақ тіл білімінің өкілдері В. В. Виноградов, М. Н. Кожина, А. Н. Кожин, В. В. Одинцов, А. Н. Гвоздев, Р. А. Будагов, А. И. Ефимов, В. Г. Костомаров, М. П. Сенкевич,
А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, М. Балақаев, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев,
Б. Әбілқасымов, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, С. Исаев, Х. Нұрмұханов, Х. Кәрімов, Р. Әміров Б. Шалабай, А. Алдаш, Б. Момынова, Ш. Мажитаева, Ж. Рапишева, Д. Әлкебаева, С. Әлісжанов және т. б. ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты - қазақ әдеби тілі функционалдық стильдері жүйесіндегі ғылыми-көпшілік стильді дискурстық және тілдік-стильдік талдау арқылы осы тармақтың дербес стильдік сала екендігін дәлелдеу; осыған байланысты төмендегідей міндеттер алға қойылды:

- қазақ әдеби тіліндегі ғылыми-көпшілік стильдің диахронды және синхронды жай-күйіне сипаттама беру;

- ғылыми-көпшілік стильдің дискурс → жанр → мәтін типтерімен арақатынасын анықтау;

- қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің құрамындағы ғылыми-көпшілік стильдің жеке стильдік тармақтың белгілерін иелене бастағанын дәлелдеу;

- қазақ әдеби тілі ғылыми-көпшілік стилінің тілдік белгілерін нақтылау;

- арнайы мамандандырылған ғылыми мәтін мен ғылыми-көпшілік мазмұнда жазылған мәтіннің тілдік айырмашылықтарын көрсету;

- қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдер жүйесінде доминант стиль ретінде бағаланатын газеттік-публицистикалық стиль, сондай-ақ көркем әдебиет стилі, ауызекі сөйлеу стилі тілдік-стильдік ерекшеліктерінің ғылыми-көпшілік стильге ықпалын анықтау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Жұмыста өткен ғасырдың екінші жартысындағы және соңғы онжылдықтарда қазақ тілінің қоғамдық аяларда ғылым мен техника саласында пайдаланылуына ықпал еткен тіл саясатының негізінде өз алдына жүйеленіп, қарқынды дамыған ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік және дискурстық сипаттары бойынша бірінші рет ғылыми тұжырымдар жасалды. Осы мақсатта қазақ әдеби тіліндегі ғылыми-көпшілік стильдің алғашқы үлгілеріне (А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Қ. Кемеңгерұлы, Т. Шонанұлы, Х. Досмұхамедұлы), кейініректе жасалған (Қ. Сәтпаев, О. Жәутіков, Х. Әбішев, Я. Әубәкіров, Қ. Жарықбаев және т. б. ), сондай-ақ қазіргі кезеңдегі нұсқаларға диахронды-синхронды тұрғыдан сипаттама берілді. Ғылыми-көпшілік стильдің тілдік белгілері топтастырылды. Негізгі нысананың дискурс → жанр → мәтін типтеріне арақатынасы, қазақ әдеби тілінің басқа да стильдік тармақтарына тән белгілердің стильдік араласуы талдана келе, қазіргі кезеңдегі ғылыми-көпшілік стильдің қазақ әдеби тілінің ғылым тілі ретіндегі стильдік, дискурстық жағынан әлеуетті тармақ екендігі анықталды және дәлелденді.

Зерттеудің дереккөздері. Теориялық тұжырымдар жасау үшін тілдік материалдар ХХ ғасырдың 20-жылдарында жазылған (А. Байтұрсыновтың,
Қ. Жұбановтың, Қ. Кемеңгерұлының, Т. Шонанұлының, Ж. Аймауытовтың,
Х. Досмұхамедұлының), сондай-ақ өткен ғасырдың орта шенінде және соңғы онжылдықта жазылған ғылыми-көпшілік мазмұндағы мамандандырылған және мамандандырылған емес еңбектерден (212 еңбек талқыға түсті) алынды. Тізім жұмыстың соңында көрсетілген. Барлығы 4700 картотека жинақталды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

1. Қазіргі кезеңдегі қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің қатарында ғылыми стиль - мамандандырылған, арнайы мамандандырылған және мамандандырылған емес мазмұндағы мәтіндер типтеріне ажыратылатын, өзіне тән тілдік-стильдік белгілері қалыптасқан жеке-дара функционалдық стиль.

2. Ғылыми стильдің ішкі тармағы (подстилі) дәрежесінде бағаланып келген ғылыми-көпшілік стиль - ауызша әдеби тілдің бір көрінісі. Ғылыми-көпшілік стиль - тілдік-стильдік және дискурстық белгілерімен нақтылана түскен, дербес функционалдық стиль ретінде қалыптасуға әлеуеті жеткілікті стиль түрі.

3. Қазіргі кезеңдегі ғылыми-көпшілік стиль дискурс → жанр → мәтін типтерімен тығыз байланыста. Мәтін - коммуникативті тілдік қызметтің нәтижесі. Дискурс - лингвистикалық категория ретінде ғылыми-көпшілік мәтіннің құрылымын, онда қолданылатын тілдік бірліктерді және басқа да мәтіндік сипаттамаларды (мәтіннің жасалуына және құрылымына әсер ететін коммуникативті-прагматикалық, әлеуметтік, тарихи нысандарды) сипаттауға мүмкіндік береді.

4. Қазіргі кезеңдегі ғылыми-көпшілік стильдің басты тілдік-стильдік белгілері - логикалық ойды, ақпаратты жеткізуге бағытталған белгілі лексикалық-фразеологиялық құрылымның және осы құрылымға негізделген тілдік құралдардың болуы.

5. Ғылыми-көпшілік стильдің белгілі бір композициялық құрылымы болады; оның композициялық құрылымын (немесе композициялық-прагматикалық сегменттерді) жеткізу үшін логикалық ойды дәнекерлеуші құралдар, эмотивті және образды тіркестер қолданылады. Ғылыми ойды қалың жұртшылыққа тарату, ғылыми болжамды дәлелдеу мақсатында ғылыми-көпшілік стильге стильдік араласулар тән.

Зерттеудің теориялық маңызы. Жұмыста қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесіндегі ғылыми-көпшілік стильдің диахронды сипаттамасына негізделе отырып, синхронды жай-күйі анықталады. Ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік белгілерін талдау нәтижесінде қазақ тіл ғылымында алғаш рет ғылыми-көпшілік стиль қазақ ғылыми стилінің негізін қалаған (мамандандырылған ғылым тілінен бұрын қалыптасқан), қазіргі ғылым тілінің қалыптасуы мен жетілуіне елеулі ықпал жасап отырған, тілдік-стильдік және дискурстық белгілерімен нақтылана түскен, дербес функционалдық стиль ретінде қалыптасуға әлеуеті жеткілікті стиль түрі деп танылады. Бұл үшін ғылыми-көпшілік стильдің дискурс → жанр → мәтін лингвистикасымен арақатынасы ғылыми тұрғыдан дәлелденеді.

Жұмыстың практикалық маңызы. Жұмыста жасалған ғылыми тұжырымдар мен практикалық ұсыныстардың жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде функционалдық стилистика, дискурс және жанр онтологиясы, мәтін лингвистикасы бойынша арнаулы курстарда пайдалануға болады.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Негізгі нысананы талдау және тұжырымдар жасау үшін салыстыру, статистикалық талдау, мәнмәтіндік талдау, жинақтау, дискурстық және контент талдау әдістері қолданылды.

Жұмыстың талқылануы мен мақұлдануы.

Зерттеудің негізгі мазмұны және онда қамтылатын теориялық тұжырымдар «Тілтанудағы ірі тұлғалар» деп аталатын І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев,
М. Балақаевтардың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Қарағанды, 12-13 сәуір, 2007) ; «М. Әуезов - жаңа дәуір данышпаны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 15-16 қараша, 2007) ; Тіл саласында білім беруге арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Қарағанды, 15-16 қараша, 2007) ; «Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 27-28 қараша, 2008) ; «Ғылым және оның қазіргі замандағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Қарағанды, 30 қаңтар, 2009) ; «Тіл және менталдылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда (Алматы, 14-15 мамыр, 2009) баяндалды. Зерттеу жұмысы бойынша 9 мақала жарияланды. Жұмыс Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, қазақ тіл білімі кафедрасының мәжілісінде (№8 хаттама, 25 наурыз, 2009), сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы кафедрасында өткен лингвистикалық семинарда (№12 хаттама, 17 маусым, 2009) және аталған кафедраның кеңейтілген мәжілісінде (№4 хаттама, 28 қыркүйек, 2009) талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Жұмыстың құрылымы.

Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер мен тілдік фактілер жинақталған дереккөздер тізімінен тұрады.

Негізгі бөлім

Кіріспе бөлімде жұмыстың жалпы сипаттамасы, зерттеу жұмысының өзектілігі, зерттеудің нысанасы, зерттеудің пәні, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, зерттеудің әдіс-тәсілдері, зерттеудің әдіснамалық негіздері, зерттеудің теориялық жаңалығы мен практикалық маңызы, зерттеудің дереккөздері, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, жұмыстың сарапталуы мен талқылануы, жұмыстың құрылымы баяндалады.

Жұмыстың Қазіргі кезең: Ғылыми-көпшілік стиль - қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің бір саласы деп аталатын бірінші бөлімінде қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдер жүйесін зерттеудің маңыздылығы, ғылыми стиль және ғылыми-көпшілік стиль туралы ғалымдардың көзқарастары, сонымен қатар ғылыми стильдің негізгі белгілері және түрлері, ғылыми-көпшілік стильдің дискурспен арақатынасы талданады

1. 1 Қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесін қазіргі кезеңде зерттеудің маңыздылығы

Қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің пайда болуы және қалыптасуы қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдар А. Байтұрсыновтың, Қ. Жұбановтың еңбектерінен бастау алады [3, 29 б. ], [4, 96-98 бб. ] .

Әдеби тілдің тарихы проблемаларын зерттеген көрнекті ғалымдар - І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Р. Сыздық, Ә. Қайдаров, Ш. Сарыбаев, Е. Жұбанов, Р. Әміров тіл тарихы үшін функционалдық стильдердің маңызды саласы көркем әдебиет тілі туралы құнды пікірлер айтты [5, 10-36 бб. ] . Сонымен қатар белгілі тілші ғалымдар Б. Әбілқасымов, С. Исаев, Х. Кәрімов, Б. Шалабай, А. Алдаш, Ш. Мажитаева, О. Бүркітов, Б. Момынова, Қ. Есенова, Д. Әлкебаева, С. Әлісжанов өз еңбектерінде қазақ әдеби тілін кешенді түрде талдауда функционалдық стильдердің басқа тармақтарының тілдік-стильдік, коммуникативті-прагматикалық ерекшеліктерін басшылыққа алады.

ХҮІІІ ғасырдағы әдеби тілдің тарихын қарастырған еңбектерден бастап қазіргі замандағы қазақ тілтанымы бойынша монографиялар мен мақалалардың барлығында дерлік әдеби тілдің өзінің мәртебесін айқындау, оның дамуын кезеңдерге бөлу, әрбір кезеңдердегі әдеби тілдің даму ұстанымдары мен үрдістерін белгілеу сияқты мәселелерде функционалдық стильдер қыруар фактілер беріп отырды.

Орыс тіл білімінде де, қазақ тіл білімінде де стильдік тармақтар қарастырылған еңбектер жеткілікті деп санауға болады. Қазақ лингвистикасында қоғамның әлеуметтік қажеттілігіне қарай қарым-қатынас жасау функциясы, хабарлау, ақпаратты жеткізу функциясы және әсер ету функциясы бойынша тілдік құралдардың стильдік тармақтарға бөлінуіне В. Виноградовтың тілші ғалымдарға жақсы таныс анықтамасы негіз болғандығы белгілі [6, С. 12] .

Қазіргі қазақ тіл ғылымында өріс алып отырған жаңа ғылыми бағыттарға (антропологиялық лингвистика, когнитивтік лингвистика, мәтінтану, жанр онтологиясы) сәйкес тың тұрғыдан зерттеуді талап ететін мәселелердің бірі - қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің ішкі жүйесі, ішкі подстильдік тармақтарға топтастырылуы. Қазіргі қоғамдағы өзгерістердің ішіндегі ең бастысы - қарым-қатынастың типі өзгерді. Нақты айтқанда, қазіргі қоғамдағы демократиялық даму үрдістері, нарық экономикасының қарқынды дамуы нәтижесінде қарым-қатынастың жаңа және белсенді түрі - диалогтық қарым-қатынас пайда болды. Кез келген бір ақпаратты жеткізу, ғылыми пікірді дәлелдеу үшін бұрынғы дәуірлердегідей қарапайым монолог түрінде баяндау емес, диалог-сұхбат арқылы пікірталасқа шақыру, мүдделілік туғызу факторлары барынша белсенді болып отыр. Бұл жағдай ғылыми стильге тікелей қатысты. Белгілі бір ғылыми тұжырымдарды жеткізу үшін қазіргі кезеңде әсер ету, шоғырландыру және пікірталас арқылы дәлелдеу функциялары алдыңғы қатарға шығуда. Осының нәтижесінде «ғылыми стиль», «ғылым тілі» деп аталатын тармақ қалың жұршылыққа, көпшілікке қарай бет бұрды; бұл өз кезегінде ғылыми стиль тілінде өзге де стильдік тармақтардың тілдік бірліктерінің араласуына, сол арқылы ғылыми-көпшілік стильдің жаңа тілдік белгілерінің қалыптасуына жол ашты.

1. 2 Ғылыми стиль және ғылыми-көпшілік стиль туралы көзқарастар

Әлемдік лингвистикада, орыс тіл білімінде ғалымдардың көпшілігі өз еңбектерінде ғылыми-көпшілік стильді ғылыми стильдің подстилі (ішкі шағын стилі, ғылыми стильден тарамдалатын тармақ) ретінде қарауы классикалық дәстүрге айналған. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатына байланысты бүгінгі таңда ғылыми-көпшілік стильде жазылған мәтіндер көбейді. Алайда осы мәтіндер қай стильге жатады, ғылыми стиль ме, публицистикалық стиль ме, әлде жаңаша стиль түрі ме деген заңды сұрақ туады.

Нақты айтқанда, қазіргі кезде функционалдық стильдер қатарында ғылыми стиль және ғылыми-көпшілік стиль деген ұғымдар бар, ал олардың басты белгілері классикалық қағидаларда қалып қойды. Ғылыми-көпшілік стиль туралы айтылғанда, оның нақты тілдік-стильдік белгілерін анықтап алу қажет болғанда, біздің табатынымыз - академик Р. Сыздықтың ХІХ ғасырдың
ІІ жартысындағы ғылыми әдебиеттің алғаш қалыптаса бастаған кезіндегі нұсқалардың тілі жөнінде айтқан түйіндері ғана [7, 28 б. ] . Шындығына келгенде, қазіргі кезде ғылыми-көпшілік мазмұнда жазылатын ғылыми мәтіннің көлемі көп. Ал олардың қандай тілдік ерекшелігі бар екендігі әлі де анықталмай отыр.

Бүгінгі күнге дейін баяндаудың ғылыми-көпшілік түрі жөнінде ғалымдардың көзқарасында бірізділік жоқ. Кейбір зерттеушілер ғылыми-көпшілік баяндауды ғылыми стильдің жүйесінде подстиль ретінде қарастырса (М. Н. Кожина, И. Р. Гальперин, А. И. Ефимов, В. Г. Костомаров, О. Д. Митрофанова, Д. Э. Розенталь, М. П. Сенкевич, И. Г. Чередниченко,
Э. Д. Ризель, Т. А. Тимофеева, Е. А. Калмыкова), енді бір топ ғалымдар оны жеке стиль ретінде қарастырады (А. Н. Гвоздев, М. К. Милых, Н. Я. Сердобинцев,
А. В. Степанов, П. Г. Черемисин, Н. В. Черемисина, А. И. Чижик-Полейко, В. Н. Пеступанова, Е. В. Мусницкая, О. Н. Лимаренко, Н. Д. Андреев,
Г. А. Васюченко, Г. И. Недбаева) .

Қазақ тіл білімінде ғылыми-көпшілік стиль дербес зерттеу объектісі ретінде қарастырылмаған. «Ғылыми-көпшілік стиль» деген ұғым, атау М. Балақаев, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, Б. Әбілқасымов еңбектерінде кездеседі. Ал Ш. Мажитаева, Ж. Рапишева ғылыми-көпшілік стильдің үлгілері ретінде ғылыми стильдің алғаш пайда болған «балаң» шағындағы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы) үлгілерін қарастырады. Оның себебін көпшілік оқырман қауымға арналған жалпы ғылым негіздерінен берілетін хабарлардың «жартылай ғылыми мазмұнды» болып келетінімен түсіндіреді.

1. 3 Ғылыми стильдің негізгі белгілері және түрлері

Ғылыми стильге мәліметті беру үшін алдын-ала ойлану, тілдік бірліктердің қатаң таңдалып алынуы, қалыпқа салынған (Р. Сыздықтың ұсынысы бойынша - «қалыптанған») сөйленіс типіне ұмтылу тән.

Ғылыми стиль арқылы белгілі бір ғылым саласында ашылған жаңалықтар тіл арқылы ресімделіп осы жаңалыққа мүдделі адамдардың арасына таратылады. Ғылыми әрекет барысында адам алдында екі үлкен мақсат тұрады: 1) жаңа білімге ие болып, жаңалық ашу; 2) осы білімді қоғамға жария ету.

Ғылыми стиль зияткерлік пен логикаға, ал ғылыми мәтін маманданған оқырманға (ол ғылымды біледі) бағытталған.

Ғылыми стильде жазылған мәтіннің құрылымы ғылыми зерттеудің негізгі кезеңдерін сипаттайды: 1. мәселені зерделеу және ғылыми жұмыстың мақсаты (бұл кіріспеде айтылады) ; 2. мәселені шешудің амал-тәсілдерін іздеу (негізгі бөлімде қамтылады) ; 3. зерттеу жұмысының негізгі сұрақтарына жауап беру (қорытындыда көрсетіледі) .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жалпы тіл ғылымындағы стилистика ғылымының ғылыми – теориялық негіздері (зерттеушілік әдісті қолдану)
Қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің лексикалық жіктелісі
Құжат ұғымы және мазмұны
Қазақ әдеби тілінің даму жолдарында ғылыми стиль, қазақ ғылымының тілі
Қазақ тілі стилистикасы пәнінен дәрістер
Стилистика
Қазақ және ағылшын газет беттеріндегі саяси метафораларды аудару ерекшеліктері
Стилистиканы оқыту әдістемесі
Американдық газет мәтіні ұлттық-мәдени ақпарат көзі ретінде және оны аудару ерекшеліктері
Жазбаша тілге баулу икемділіктері мен дағдыны дамытудың теориялық негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz