Ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аудару тәжірибесі (көркем аударма туындысы негізінде)


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ
МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ
УНИВЕРСИТЕТІ
Филология факультеті Әдеби шығармашылык және көркем аударма теория кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
АҒЫЛШЫН ТІЛІНЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ТІКЕЛЕЙ АУДАРУ ТӘЖІРИБЕСІ (көркем аударма туындысы негізінде)
Орындаған:
филология факультетінің
4-курс студенті
Ғылыми жетекші:
Филолог, ғыл. кандидаты, Аға окытушы Мұсалы Л.
Сарапшы: Ф. ғ. д., профессор Пірәлиева Г.
Қорғауға жіберілді « »
Кафедра меңгерушісі, филолог. ғыл. докторы,
профессор Дәдебаев Ж. Д.Норма бақылаушы: ф. ғ. к., доцент Мұсалы Л. Ж.
Алматы 2008
Мазмұны
Кіріспе . . . 4
1- бөлім
Тікелей аударма тарихы . . . 9
2 - бөлім
А. Кристи шығармаларының аударылуы . . . 18
ҚорЫтынды . . . 38
Пайдаланылған Әдебиеттер тізімі . . . 40
Реферат
Жұмыстың тақырыбы: Ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аудару тәжірбиесі (көркем аударма туындысы негізінде)
Жұмыстың көлемі: 41 бет
Пайдаланылған әдебиеттер саны: 54
Жұмыстың құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады.
Жұмыстың әдістемесі: салыстырмалы талдау әдісі
Жұмыстың мақсаты мен міндеті - қазақ тіліне ағылшын тілінен тікелей аударылған шығармаларды арнайы зерттеп, өзіндік ерекшелігін анықтау. Бұл мақсаттан көптеген міндеттер туындайды.
- ағылшыннан тікелей аударылған туындылардың тізімін жасау;
- аудармалардың аударылу тарихына шолу жүргізу, қазақ-ағылшын әдеби байланысын тану.
- ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылған шығармалардың сапасын саралау;
- жетістік, кемшіліктерін көрсету;
- тікелей аударма мен сатылы аударманың ерекшелігін айқындау;
- үш тілдегі мәтінді қатар салыстыру;
Жұмыстың мазмұны: Түпнұсқа мен аударма мәтінінің танымдық, тағылымдық, көркемдік, эстетикалық жағынан сәйкестігін сақтау аударманың өзекті мәселесі болуы керек. Бұл сөзбе-сөз, жолма-жол тәржімалаудан гөрі интегративті аудару түрлеріне көбірек бет бұруға ықпал ететіні даусыз. Түпнұсқа туындыларды қазақ тіліне тікелей аударуда дәлдік, нанымдылық, қисындылық сәт пен эпизод, деталь мен жағдайдың бейнеленуі сияқты мәселелерге баса назар аудару қажет.
Жұмыстың жаңалығы : Ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аудару 1960 жылдары басталды, Тікелей аударма - бұл мәтін түпнұсқа тілінен аударылатын тілге арасында дәнекер тілсіз аударылады. Әрине жалпы аударма мәселесі өз алдында бөлек әңгіме. Бүгін біз соның ішіндегі “ағылшын тіліндегі шығармалардың қазақ тіліне тікелей аударылуының тарихи - әдеби мәселелері” - жайында толығырақ тоқтағанды мақсат еттік.
Жұмыстың қорытындысы: Тікелей аудармаға мол үлес қосқан негізінен А. Кристи шығармаларын аударған Әділ Ахметов болды. Сол сияқты тікелей аудармаларға А. Ақжүнісов, С. Сүлейменов, А. Тәжитовтар да өз үлесін қосты. Ал, негізгі міндет - сол мол мұралық көркемдік құнын жоймай оқырман жүрегіне жеткізу, халық күткен бейнелі белестен көріну.
Кіріспе
Көркем аударманың негізгі функцияларының бірі - халықтар арасындағы мәдениет, әдебиет жағынан бір-біріне әсері туралы екені бәрімізге де белгілі. Салыстырмалы әдебиеттану және аударматану сияқты екі саланың белсенді байланысының нәтижесі әдебиеттердің бір-біріне әсер ету процесінде маңызды шекара болып есептеледі.
Әрбір халықтың және бүкіл адамзаттың асыл мұратының ең бастысы - ел мен елдің, ұлт пен ұлттың достығы екендігі анық. Осы достықтың дәнекері, әрі халықтар арасын жалғастыратын берік көпірлердің бірі - көркем әдебиет екендігі белгілі жайт. Ал, әдебиеттің өзара байланысы, бір-біріне әсер етіп, дамуы қай заманда да көркем аудармасыз жүзеге асқан емес [1, 5-7-б] . Адамзат дамуының әрқилы кезеңінде, әлемнің әр түпкірінде өмір сүрген сөз өнері зергерлерінің ақыл-ойынан туып, әртүрлі тілде жарық көрсе де бүгінгі таңда дүние жүзінің күллі халқы сусындар рухани бастауға айналған көркем туындыларды ана тілімізде оқуымыз да, қазақ топырағында дүниеге келген қазақ ақындары мен жазушыларының өз тілімізде сөйлетуі көркем аударма құдіреті екені ақиқат.
Ұлттық мәдениеттің, тілдердің бірін-бірі байытуында, рухани қазыналардың барлық халыққа да ортақ байлыққа айналуына аударма өнерінің үлесі мол.
Көркем аударма теориясы мен практикасына байланысты қазақ филологиясы ғылымында біраз зерттеу еңбектер жазылды. Сын мақалалар мен монографиялар, теориялық пайымдаулар мен топшылаулар өмірге келді. Алайда бұл - біздің елде көркем аудармаға байланысты мәселелер толық зерттеліп, болды деген сөз емес. Халықтар арасындағы рухани байланысы бар жерде көркем аударма өнер болса, ол өнер жыл санап дами түссе, онда оны зерттеу мәселесі де замана көшіне ілесе береді [2, 12 б] .
Тәржіманың қалыптасу, даму барысын сапалық тұрғыдан бағамдау, оның негізгі методикалық қағидаларын саралау қолға алына бастағалы одан да аз уақыт өтті. Соңғы жарты ғасырда аударма теориясына қатысты біршама жаңа қағидалар пайда болды. Аударматанудың өз алдына арнайы ғылыми сала болып орнығуы да осы кезеңге сәйкес, тәржіма ісін тарихи, мәдени, әдеби, тілдік психологиялық тұрғыдан зерттеу де осы уақытта ерекше дамығаны анық. [1, 17 б] . Оның құрамдас бөліктерінің бірі болып саналатын көркем аударма теориясының жағдайы ойлантарлық, бұл орайда біраз басты мәселелердің орнықты шешім таба алмағанын айту керек. Мұның өзіндік себептері бар. Ең алдымен көркем аудамашының еңбегін өнердің ерекше түрі деп бағалау белең алып отыр, оған аудармашылардың өздері де ден қойған, өйткені ережелер мен қисындылар шығармашылық еркіндікке нұқсан келтіреді-мыс. Көркем тәржімашылар қатарына көз салсақ, олардың дені - ақын-жазушылар, арнайы маманданғандар - саусақпен санарлықтай. Ал, аудармашы еркіндігі деген мәселе көп айтылғанмен, оның болмысы мен мәні, мүмкіндігі мен шегі айқындала қоймаған. Оған қоса қазақ әдебиеттануы мен тіл білімі аударма мәселесін қажеттеріне орай жалпы салалық тұрғыдан ғана қарастырып келеді, бұл тұста талдауға тұрарлық біршама іс тындырылғанын атап көрсеткен орынды. Дегенмен, тәржіма тақырыбына арналған зерттеулердің өзінен әдебиет немесе тіл мәселелеріне баса көңіл бөлінгенін көруге болады. Демек, аударматанудың әлі күнге дейін өз нысанын анықтай алмай отырғаны шындық. Аударма теориясын қалыптастыру және дамыту үшін көптеген еңбектердегі орнықты пікірлер мен өнімді көзқарастарды тарихи-жүйелі тұрғыда ғылыми айналымға енгізудің қажеттілігі сөзсіз.
Аударматану атты ұғымның астарына үңілсек, белгілі анықтамалар оны тәржіманың әртүрлі қырларын зерттейтін ғылыми пәндердің жиынтығы деп санайтын сияқты. Оның құрамын анықтауда, жалпы мен жалқы сипаттардың арақатынасын белгілеуде қарама-қайшылық аз емес. Дегенмен, жинақтап айтқанда, аударманың жалпы теориясы, лингвистикалық теориясы, арнайы салалық теориясы сияқты өз алдына жеке зерттеу объектілері анықталған. Бұлардың ішінде көркем аударма теориясы өзінің күнделілігімен, көп мағыналылығымен ерекшеленеді.
Көркем тәржіманың негізгі нысандарын айқындауда басын ашып алатын мәселелер жетерлік. Алғашқы кезекте аударманың творчестволық процесін қамтитын мәні мен мазмұнын және тәржіманың ғылыми пән ретіндегі мақсаты мен маңызының арасын ажыратып алу қажет. Өйткені аударманы белгілі бір процесс деп қабылдау мен тәржімаланған туындыны осы процестің нәтижесі деп екі бөліп қарастыру мұндай мәселелерді тереңірек тануға септігін тигізеді.
Көркем аударманың жалпы заңдылықтарын тәржіманың арнайы теориясы зерттейді, ал машинамен аудару, қолма-қол аудару т. б. жалпы теорияның зерттеу нысанасына енгізілген.
Көркем аударма теориясының зерттеу арнасы да талай-талай талас тудырып жүр. Айтылған пікірлер мен қалыптасқан көзқарастардың артық-кемін тиянақтап айтқанда төменгідей тұжырымдарға келуге болатындай:
Көркем аударманың теориясы әдеби шығармаларды тану мен талдаудың методологиялық қағидаларын есепке алуы қажет-ақ, яғни түпнұсқа мен аударма мәтінінің мазмұны мен пішінінің арасындағы байланысты анықтаудың маңызы көп.
Әлемдік тәжірибеде салыстырмалы әдебиеттанудың аударма жөніндегі салттарын үйрену баяғыда анықталған болатын. Негізінде көркем аударма өнері кең салалы, ол филология әлеміне көптеген жолдармен танылған. Аударма өнерінің кейбір жекелеген мәселелері тіл ғылымының стилистика, лексикология, фразеология, лингвоелтану, әдеби социология, рецептік эстетика сияқты т. б. жақтарынан қарастырылуы мүмкін. Дегенмен, көркем аударманың компаративистикамен тығыз байланысы теориялық, методологиялық және концептуалдық мәселелерді зерттеу барысында жалпылама сипатқа иеленсе де, жоғарыда айтылған тәсілдердің барлығы мәтін аудармасының біршама
мәселелерін шешуге ғана бағытталған.
Шетел зерттеушілерінің көркем аударма теориясы салыстырмалы әдебиеттанудан бөлініп кеткені туралы тезисті ортаға салып жүргеніне көп болды. Олар: “Аударма теориясы дүниеге келді және өзінің бастапқы фазасында империкалық салыстырмалы әдіс сипатында дәстүрлі әдеби компаративистика кешенінде жетілді” - деп көрсетуде.
Көркем аударма саласындағы белгілі маман А. Попович: “Көркем аударма теориясы салыстырмалы лингвистика, салыстырмалы стилистика, әдеби компаративистиканың теориясы, әдебиет теориясы сияқты төрт түрлі пәннің қиысуынан құралған” [3, 25 б], - деп атап өткен.
Әрине пәнаралық зерттеу дәстүрімен айналысу көркем аударма өнерінің жеке теориясы және тәжірибесіне кері әсерін тигізбеуі керек. Компаративистика сияқты аударма өнері бүгінгі таңда өз-өзін дәлелдеуде қиын кезеңді бастан кешіруде. Ол бай тәжірибеге ие бола тұра теориялық әулетін белсенді түрде жүзеге асыруда.
Дегенмен, батыс еуропалық мектептердің тәжірибесіне жүгіну өте тиімді болады. Онда көркем аударма ертеден бері дербес түрде де, салыстырмалы әдебиеттану шеңберінде де қарастырылып келеді. Басқа ғылымдардағы секілді қызықты құбылыстар қазіргі таңда зерттеудің пәнаралық деңгейінде көрініс табады.
Ғылымның даму тарихы мынаны дәлелдеді: “Аударма теориясының статусы жөніндегі дау - компаративистік пән болып табыла ма жоқ па деген мәселе нәтижесіз болып шықты, өйткені тәжірибенің өзі көрсеткендей аударма теориясын компаративистикаға кіргізеді” [4, 33-б] . Осыған орай, көркем аударма бойынша мамандар ғана аударма теоретигі мен компаративист екеуінің бір тұлғаға үйлесуін компаративистиканың екі: нақты және жалпы деңгейі үшін өте жемісті боларын анықтағаны туралы айту біз үшін жетістік болары сөзсіз.
Осыған байланысты отандық ғылымда көркем аударманың теориясы мен әдеби компаративистика жетістіктерінің органикалық үйлесімділігінің қажеттілігі туындайды. Міне, осы жаңа ресурс көркем аударманың бірқатар мәселелерін зерттеуге жоғары масштаб, тереңдік пен нәтижелілікті көрсетуді қамтамасыз етеді.
Көркем аударма теориясының аясындағы танымал әлемдік беделдің бірі Дьердь Радо өзінің “Аудармашының көзқарасы тұрғысынан аударма теориясы” деген еңбегінде “Аударма теоретиктерінің көптеген еңбектері компаративистика мен лингвистика үшін маңызды және пайдалы”, [5, 7 б] - деп атап көрсетеді.
Адамзат тарихында әрбір ұлт, әрбір қоғам алмасуы, ауысуы, араласуы нәтижесінде өмір ағымы алға жылжиды, өседі, өркендейді, яғни өзінде жоқты өзгеден алады, білмейтінін үйренеді, білгенін басқаға үйретеді. Осындай ауысудың тірегі - аударма. Осыған орай А. С. Пушкин “Аудармашылар -мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап, жеткізетін почта аттары” деген
болатын [6, 36-б] .
Аударма - әдебиеттің кең арналы мол салаларының бірі. Аударма арқылы қалың бұқара туысқан халықтар әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен танысады. Орыс халқының ұлы сыншысы Белинский аударма өнерін жоғары бағалай келіп, былай деген болатын: “Халықтардың бірін-бірі білуі, идеялардың өзара алмасып таралуы, осыған байланысты әдебиеттерінің гүлденіп өсуі мен ақыл-ойдың дамуы аудармаға негізделеді” [7, 8-б] .
Г. Гачечеладзенің пікірі бойынша: “Аударма - тұпнұсқаның бейнесі. Осыған орай түпнұсқа - болмыстың бейнеленуі, әдебиет-ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы; шығарманың арқауы-шындық” [8, 3-б] .
Көркем аударма жасау - тек оны оқитын халықтардың тілегін қанағаттандыру ғана емес, сонымен қатар әдеби тілдің баюына жағдай жасауы керек. Өйткені көркем аударма жайы біздің проза-поэзиямыздың жағдайынан хабар беруі сөзсіз.
Аударма жұмысы бүгінгі таңдағы адамзат қоғамының аса маңызды, шартты құбылысы болып табылады. Аударма - ұшан-теңіз өмір ағымының бүкіл процесін ұштастыруға себеп болған елеулі күштердің бірі.
Аудармашы жасалғанды жаңадан қайта жасау, өз әдебиетінде, ана тілінде жаңа қорлар ашу және тың салаларды игеру арқылы автормен күш сынасады.
Аударма туынды - көркем әдебиеттің егіз туған сыңары, бұлар екі ел сөз өнерінің рухани қазынасына айналады. Аударма мәселелері, соның ішінде көркем аударма проблемасы тамырын тереңге жайып жатыр. Оның бастауы ежелгі Римнен басталады. Сол дәуірде аударманың түпнұсқаға адалдығы туралы аса маңызды мәселелері төңірегінде Цицерон: “Аудару кезінде сөзді санамау керек, керісінше сөзді салмақтау керек” [9, 41б] - деген еді.
Аударма өнері ұлттық ерекшеліктермен қатар жүретін үрдіс. Мәселен, сонау ерте заманның өзінде-ақ басқа ұлттың тілін түсіну үшін арнайы тілмаш ұстап жүрген.
Аударма - жазылған туынды, сондықтан оның ойлау-психологиялық әрекетті жүзеге асыратын негізгі құралы - тіл. Аудармада екі тілдің - түпнұсқаның тілі мен аударылатын тілдің қызметі ерекше. Аударматану ғылымы үшін маңыздысы - бір тілдегі таңбалар жүйесін екінші тілге формальды түрде көшірудің жолдарын, айтылған ойды беру үшін екінші тілдің тілдік құралдарының қалай орналасқандығын, қалай ұжымдасқанын айқындау емес. Түпнұсқаның коммуникативтік-функционалдық белгілерінің қандай тәсілдермен, қалай жеткізілетіндігін зерттеу, жүйелеу, ортақ заңдылықтарын белгілеу.
Аударма - бір-біріне функционалды түрде балама бола алатын, яғни коммуникативтік теңбе-тең қызмет атқара алатын мәтін, туынды жасау. Аударманың негізгі единицасы - минимальды мәтін (сөйлем, сөйлем құрылымындағы ой тиянақталатын синтаксистік тұтастық) . Минимальды мәтінді талдау үшін түпнұсқаның коммуникативті функционалды белгілері назарда болады. Түпнұсқаның коммуникативті-функционалды белгілері - мәтіннің, туындының жанрлық, стильдік ерекшеліктері, тақырыбы; көркем шығарма болған жағдайда - идеясы, мазмұны, тарихи дамудың қай кезеңінде жазылғандығы, автордың стильдік даралығы және түпнұсқаның лексикалық, грамматикалық құрылымы.
1. Тікелей аударма тарихы
Аударма өнері адам өмір сүре бастаған дәуірден басталған десек қателеспеген боламыз. Адам б аласының тарихында тілдік айырмашылықтар пайда болған кезден бастап-ақ аудармашы қызметі қажет бола бастаған. Екі және одан да көп тілдерді немесе диалектілерді білген алғашқы ауызша аудармашылар көп тілді халықтардың бір-бірімен тіл табысуына көмектескен. Сондықтан да ол аудармашылар халық арасында айрықша сый-құрметке ие болған. Жазу өнерінің пайда болуымен жазбаша аударма өнері дүниеге келді. Жазбаша аударма өнері бүкіл әлем халықтарының мәдени және рухани дамуында ерекше орын алады. Жазбаша аударма арқылы әлем халықтары Шекспир, Байрон, Гете, Шиллер шығармаларымен танысқан болса, Чехов, Достоевский, Пушкин, Толстой, Абай, Әуезов, Жабаев шығармалары ондаған мемлекеттердің тілдеріне аударылып, бүкіл халықтық мирасқа айналды.
Дегенмен, бұл өнер саласына ғылыми жақтан көңіл бөлінбей, яғни аударма әдебиеті -өз алдына зерттеуге мән берілмей келеді.
Бұл мәселеге XX ғасырдың екінші жартысында ғана көңіл аударыла бастады. Сөздің шындығына келсек, оған дейін шетел тілдерінен орыс тіліне аударылған еңбектерді пайдаланып отырдық.
Түпнұсқа мен аударма мәтінінің танымдық, тағылымдық, көркемдік, эстетикалық жағынан сәйкестігін сақтау аударманың өзекті мәселесі болуы керек. Бұл сөзбе-сөз, жолма-жол тәржімалаудан гөрі интегративті аудару түрлеріне көбірек бет бұруға ықпал ететіні даусыз. Түпнұсқа туындыларды қазақ тіліне тікелей аударуда дәлдік, нанымдылық, қисындылық сәт пен эпизод, деталь мен жағдайдың бейнеленуі сияқты мәселелерге баса назар аудару қажет.
Қазақ аудармасы тарихының соңғы кезеңі 1930 жылдардан бастау алды. Енді Кеңес Одағы деп аталған алып ағзаның бір бөлшегі ретінде оған кіретін елдердің әдебиетімен байланыстар қызу дамыды. Әр ұлттың бас ақындарының мерейтойлары аясында да аудармалар молынан жасала бастады. Шетел әдебиетімен танысу ерекше қарқынмен жүргізілді. Бірақ қазақ тіліне аударылған бар шығармалар орыс тілі арқылы сатылы түрде ғана жүзеге асып отырды. Бұл бір жағынан әдебиетті сүзгіден өткізіп, тек идеологияға қайшылықсыз әдеби туындыларды аударуға іріктеп отыруға мүмкіндік беретін.
1930 жылдардан бастап, қазақ оқырманы ағылшынтілді әдебиетпен, жалпы Батыс еуропалық әдебиетпен жүйелі түрде таныс болды. Олардың ішінде Дж. Лондон, Г. Мопассан, Р. Киплинг А. Конан-Дойл, Гейне, Байрон, Гете мен Гюго Бальзак, Ремарк, Ж. Верн, М. Твен, Р. Стивенсон, Шекспир, Сервантес, Дж. Свифт, Р. Роллан т. б. бар. Осыған орай тұрақты аудармашылар да қалыптаса бастады. Олардың қатарына Ғ. Орманов, М. Дәулетбаев, Ә. Тәжібаев, Қ. Бекхожин, Қ. Тайшықов, Х. Өзденбаев, М. Жанғалин, Ғ. Оспанов және т. б. айтуға болады. Аталған авторлардың шығармашылығы негізінен аудармамен байланысты болды.
Аудармамен шұғылданатындар координативті қостілді болғаны дұрыс, қазақ аудармашыларының дені субординативті, яғни тек ана тілін жақсы білетін аудармашылар. Ағылшын туындыларын қазақ тіліне негізінен субординативті тәржімашылар аударған. Ағылшынның ұлттық болмыс лексикасын аударғанда көптеген сөздер қалып қойған, кейбіреуінің фразеологиялық ерекшеліктері сақталмаған, біразы қазақыландырылған. Сайып келгенде түпнұсқадағы номинатив лексиканың тілдік, көркемдік, стильдік қызметімен қатар ұлттық мәдениеттен ақпар беретін өнімді дерек көзі екендігін есте ұстау қажет. Яғни, аудармада эквиваленттілік сақталынғаны дұрыс.
Эквиаленттілік дегеніміз аударма теориясында түпнұсқадағы мазмұнның, семантикалық, стилистикалық және функционалды - коммуникативтік ақпараттың аудармада дұрыс берілуі айтылады. Аударманың қай-қайсысында да мазмұнның толыққанды, дұрыс, негізгі ойдан ауытқымай, дәл берілуі жатады.
Ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аудару 1960 жылдары басталды, Тікелей аударма - бұл мәтін түпнұсқа тілінен аударылатын тілге арасында дәнекер тілсіз аударылады. Әрине жалпы аударма мәселесі өз алдында бөлек әңгіме. Бүгін біз соның ішіндегі “ағылшын тіліндегі шығармалардың қазақ тіліне тікелей аударылуының тарихи - әдеби мәселелері” - жайында толығырақ тоқтағанды мақсат еттік. Біздер, яғни болашақ аудармашылар үшін төл әдебиеттердің жанашыры ретінде мұның маңызы зор екені белгілі. Сонымен қатар, жалпы қазақ - ағылшын әдеби байланыстарының тарихы бай. Бұл құбылысты ғылыми зерттеу ХХ ғасырда басталған. Оған А. Байтұрсынов, М. О. Әуезов, А. Х. Марғұлан, Ш. К. Сатпаева сияқты ғалымдар мол үлес қосты. Қазақ - ағылшын әдеби байланысына бірінші болып қазақ ғалымы Ш. Уәлиханов, одан кейін ақын - ойшыл А. Құнанбаев және Ы. Алтынсариндер назар аударған. Ұлы ақын және ойшыл Абай ағылшын философтары Дж. Г. Байронның шығармаларын Пушкин, Лермонтов аудармаларынан білген және кейбір жекелеген аудармаларынан қазақ тіліне аударып, өз халқының игілігіне айналдырды. Олардың ішінде Байронның 1814 - 1813 жылдары Библия мотивтері бойынша шығарылған “Еврей әуендері” - сарындары бар. Абай өз отандастары шығыс, орыс, және еуропа әдебиетінің үздік үлгілерімен таныстырып, қана қойған жоқ. Дарынды, әдебиетке құмар жастарға жазуға шығармалар тақырыптарын ойға салды. Осылайша, Абайдың тұңғыш ұлы Ақылбай Құнанбаевтың “Зұлұс” поэмасы пайда болды. Оның негізінде Генри Райдер Хаггардың “Сүлеймен патшаның кеніші” - атты қызық оқиғалы романының басы болған. Бұл тек ғана көмескілеп жеткен деректер ғана. Қазақ әдебиетінде жиырмасыншы жылдардың өзінде ағылшын әдебиетіне көңіл аударылып, оның ішінде Шекспир драмалары алғаш болып аударыла басталды. Қазақшаға 1927 жылы Д. Лойдонның, Р. Киплингтің әңгімелері, 1932 жылы Әлкей Марғұланның аударған Ч. Диккенстің “Бастелле тұтқыны”, Шекспир трагедиялары, Д. Свифттің “Гулливер лилипуттар арасында” - атты шығармалары аударылды. Қазақ және орыс әдебиетін зерттеу арқылы ең алғаш Шекспир “Гамлетін” қазақшаға аударған М. Дәулетбаевтың негізінен соңғы рет 1837 жылы жасалған. Н. А. Полевойдың еркін поэтикалық аудармасын пайдаланғанын көруге болады. Қазақ аудамашыларының қысқартулары, аудармай кеткен жерлері аударманың бірінші батыс еуропалық пьесаны қабылдауға толық дайын емес, көрермен мен оқырманның түсінуіне бейімделгендігінен шығады. Шекспир трагедиясы “Гамлетті” қазақ халқының батыс еуропалық драмамен танысуының басы деп санаса болады. Қазақстандағы аударма өнерінің өркендеу кезеңі әдебиет классигі, қазақ ұлттық драмасының негізін салушы, ғалым - әдебиеттанушы және аудармашы М. О. Әуезов есімімен тығыз байланысты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz