Испиджаб-сайрам және яссы-түркістан


Испиджаб-Сайрам және Яссы-Түркістан
Шымкент қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде ну бау-бақшаға оранған Сайрам кенті орналасқан. Көшелерінде жағалай тізіліп бой түзеп өсіп тұрған терек ағаштары. Ал айналасы-жайқалған мақта плантациясы мен бидай алқаптары.
Осыдан сегіз-он ғасыр бұрын Сайрамның ірі өңір болғанын көп адам біле бермейді. Ол қолөнершілер мекені, егіншілер ауылы және ондаған қалалары бар орталық болған. Қаланың құдіреті артып, астана болып күшейіп тұрған кезінде бұл өңірге Тараз, Отырар, Сауран, Түркістан секілді ірі қалалар кірген еді.
Бізден бірнеше жүз жылдар бұрын өткен сол бір заманда Сайрамның атауы басқаша аталған. Ол кездегі аты-Испиджаб.
«Қаланың рабаты және бұқаралық мединасы болды. Ол жерде үсті жабық базар, маталар жәрмеңкесі, үлкен мешіт орналасқан. Мединенің төрт: Нуджакет, Фархан, Шахран және Бұқара қақпалары бар. Әр қақпалардың маңында: нахшебтер рабаты, бұхарлықтар рабаты, самарқандықтар рабаты және зираты мен базары бар Қаратегін рабаты. Бұдан да басқа қалада 1700 рабат бар деседі. Испиджаб-тамаша шекаралық бекініс. Айнала дуалмен қоршалған рабаттың ішінде ешкім тұрмайтын ішкі қамал-цитадель бар. Бұл жердің тұрғындары егін шықпай қалу дегенді білмейді. Жемістері үлкен болмағанымен шырынды әрі тәтті. Қала таза, бұл жердегі өмір жағымды», -деп географ әл-Макдиси өз еңбегінде Испиджабтың үлкен қала екенін атап өтеді.
Якут өзінің энциклопедиялық сөздігінде Испиджаб жайлы тереңірек сипаттама берген: « Испиджаб-Мәуереннахрдың Түркістанмен шекаралас жатқан жеріндегі үлкен де басты қаланың атауы. Басқа да қалалар секілді оның жері кең, елді мекендері көп. Ол-гүлденіп келе жатқан жайлы жер. Ағашы көп, жері құнарлы, бау-бақшасы жайқалған сулы өлке. Хорасанда да, Мәуереннахрда да салық төлемейтін қала жоқ, тек Испиджабтың ғана салық төлемеуге құқы бар, өйткені ол-үлкен шекаралық бекініс. Сол себепті тұрғындар қару сатып алсын деп салықтан босатылған еді».
Жоғарыда айтылғанға қарағанда, Испиджабтың дамуы бәрінен бұрын өзінің құнарлы Бадам жеріндегі қолайлы орналасуы мен сауда жолдарының нағыз қиылысында тұрғандығынан. Сауда жолдары бұл жерде бірі Тараз арқылы Шығыс Түркістанға, екіншісі-Арыс өзенін бойлай, одан әрі Отырарға, Сыр бойының қалаларына бағыт алады. Үшінші жолы-солтүстікке, Баба-Ата, Құмкент, Созаққа апарады. Испиджабқа жақын, екі көш жерде Арыс бойы мен оның оң жақ сағасы Боролдайда ең бай шұрат орналасқан. Көлемі 10-15 шаршы км-ден аспайтын осы кішігірім аймақта жиырмадан астам қалалардың, елді мекендердің, үй қожалықтары мен сарайлардың орындары болған. Ортағасырларда Кеңжиде аймағы (сол уақытта Арыс даласы осылай аталған ) тұрғын халықтарының тығыздығы жағынан атақты Отырар шұратынан кем түспейтін. Кеңжиденің орталығы Усбаникет қаласы болған. Ол Жуантөбе қаласының қирандыларына сай келеді. Арыс өзенімен Испиджаб иелігінің солтүстік шекарасы өткен болу керек. Арыстың сол жақ биік жағасымен шамалап алғанда әр 8-12 шақырым сайын қарауыл қорғандары тізіліп тұрған. Қазірдің өзінде жаңбыр шайып, мүжіліп құлап, шөп басып кеткен олардың биіктігі 20-25 м-дей. Халық аузында Қарауылтөбе деп аталатын осынау төбелер жайлы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Қарауылтөбелер расымен-ақ атауларына сай бақылау және белгі беретін орындар болған. Олардың үстінен қарағанда айнала ондаған шақырымға дейін көрініп тұрған. Қырағы қарауылдар қауіпті, мысалы, солтүстік жақтан байқап қалса, сол мезетте-ақ Арыс жағалауындағы қалаларға түнде алаулаған от, күндіз будақтаған түтін арқылы қатер туды деген белгі беретін. Белгі жетісімен ағаштары мыспен бекітілген зілдей қала қақпалары сықырлап жабылатын. Мұндай оқыс шабуылға бойлары үйреніп қалған тұрғындар қала қабырғасына шығып, әркім өз орнына тұра қалысатын. Ал Испиджабқа сәйгүліктерге мінген жаушылар аттанатын. Жазба деректерде испиджабтықтарды жауынгер халық деп бекер жазбаған. Олар өздерін қорғай алатын еді.
Испиджабқа қауіп оңтүстіктен де төніп тұратын: байлыққа толы жеріне ІХ ғасырда Орта Азияны билеп тұрған саманидтер де қызыққан. 839-840 жылдары саманидтер билеушісі Нух ибн асад Испиджабты жаулап алған.
Х-ХІІ ғасырларда Испиджаб Сайрам деп аталған. Махмұд Қашқари өз шығармасында былай жазған: « Сайрам - ақ қаланың (әл-Мәдина әл-Байда) атауы. Оны Сарьям деп те айтады».
1214 жылы Сайрамды Тараз қаласы секілді ірі империяның билеушісі Мұхаммед хорезмшах тасталқанын шығарып қиратқан. Жазба әдебиеттерде жазылғанындай, хорезмшах Оңтүстік Қазақстанды жаулап алғаннан соң, жаңа жерлерді жау шабуылдарынан, шығыстағы көшпелілер шапқыншылығынан қорғай алмайтынына көзі жеткен. Сөйтіп шекарадағы қалаларды қиратып, ол жердегі тұрғындарды оңтүстік-батысқа көшіріп жіберуге бұйрық берген. Соған қарамастан Сайрамда шағын әскери бөлімше қалса керек. Өйткені жылнамашылар Шыңғыс ханның жорығы жайлы айта келіп, оның қолбасшыларының бірінің Сайлань (Сайрам) қаласын шапқаны туралы жазады. Қаланы алу үшін тас атқыштар қолданылған. 1221 жылы Сайрам қаласы ежелгі жылнама беттерінде тағы да айтылады. Бұл жолы ол туралы жазған Чань-Чунь. Шыңғыс ханның шақыртуымен Қытайдан Моңғолияға, одан Үндістанның солтүстік шекарасына ұлы билеушімен кездесуге барған монах Сайрам қаласын басып өтеді. Сайрамда Чань-Чунь және оның шәкірттері бірнеше күн аялдайды. Шәкірттерінің бірі осында қайтыс болып,
« қаланың шығысындағы бір төбенің басына қойылады».
Кейінгі жазбаларда Сайрам қазақ хандықтарының ордасы және сауда-қолөнер орталықтарының бірі болған қала ретінде аталады. Сонымен бірге, Түркістан қаласының атағы жайылғанға дейін және одан кейін де Сайрам ірі діни орталық болды. Құран тәпсіршісі ақын Қожа Ахмет Иассауи өзінің бір сөзінде: « Сайрамдағы әулиелерге сан жетпейді, ал Түркістанда бірнеше мың» деген.
Сайрамда «әулие жерлер»-мазарлар көп. Қайта салынған олар әлі күнге дейін сақталған. Ең ежелгісі- ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген Падишах Малик немесе Мир Али бабаның мазары. Сонымен қатар Ахмет Иассауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ана жерленген мазарлар да бар.
Көне Сайрамның жобасын, ішкі қамалдың, шахристан мен рабаттардың бұрынғы орындарын анықтау қиын. Өйткені сол кездегі қалашықтың үстін қазіргі Сайрамның құрылыстары басып қалған. Ежелгі Сайрам қаласының аймағы бір қарағанда қым-қиғаш шатасып кеткен болып көрінеді. Алайда, қала кварталдары, көшелері мен бұрылыстары бір орталықтандырылған жобамен салынған. Бекіністің орталық бөлігі бұрынғы шахристанның пішінін қайталаған болуы керек. Қала аймағындағы мұнаралары бар қорғандардың қалдықтары әлі күнге дейін сақталған. Кезінде шахристанға үлкен жасыл желек жамылған сауда-қолөнер аудандары жалғасып жатқан. Дуалмен қоршалған қабырға қалдықтарын қазіргі күні құрғап қалған Сайрам-Су өзенінің жағалауынан байқауға болады.
Баяғы рабаттардың орнын қазір күннен-күнге үлкейіп жатқан зәулім үйлер, бау-бақшалар басқан. Сайрамдықтар көбінесе бау-бақша жұмыстары кезінде, канал, арық қазып жүріп ыдыс-аяқ сынықтарын, қола мен темірден жасалған бұйымдарды, архитектуралық көріністердің бөлшектерін-өздерінің ата-бабаларының, яғни Оңтүстік Қазақстанның ежелгі астанасы Испиджаб тұрғындарының тұрмыс мәдениетінің жәдігерлерін тауып алып жатады.
Испиджаб-Сайрамнан солтүстік-батысқа қарай 200 шақырым жерде кейінгі ортағасырдағы Оңтүстік Қазақстанның астанасы-қазақ хандығының ірі орталығы болған тарихи мұраға бай Түркістан қаласы орналасқан.
Х ғасырдың өзінде Отырар мен Сауранның ортасында Шабғар қаласының болғандығы айтылады. Осыған қарағанда, Шабғар қазіргі Түркістан қаласының маңында орналасқан. Бұл атаумен қала ХІІ ғасырға дейін белгілі болып, содан соң жаңа атау Яссыға иеленді. Яссы атауы алғаш рет армян елшісі Гетумнің (ХІІІ ғасыр) жазбаларында кездеседі. 1389 жылы қаланы Тоқтамыстың әскері талан-таражға салды. Олар тіпті Қожа Ахмет Иассауидің кесенесін де тонап кеткен. Келесі ғасырларда Яссы қаласы бірде Әмір Темір ұрпақтарының, бірде Өзбек ордасы хандарының қолына өтіп отырды.
XVI ғасырдың ортасынан бастап Яссы қазақтардың қолына қарады. Тап осы уақытта Түркістан облысының қарамағында орналасқан қалаға жаңа атау берілді. Ол да Түркістан аталып, қазақтар қаланы өз орталықтары етіп алды. Қаланың Түркістан деп аталуы облыстың атын шығарудан туса керек. Осы Түркістан қаласы XVIII ғасырға дейін (ара-тұра үзіліс болмаса) қазақ хандарының ірі орталығы және ресми ордасы болды.
Бұрынғы қалашықтың аймағын қазір жаңа қала құрылыстары басып жатыр. Алайда ежелгі Түркістан қалдықтарын әлі күнге дейін Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің жанынан көруге болады.
Ескі Түркістанның үйлері біздің заманымызға дейін сақталмады. Тек XIV ғасыр архитекторларының тамаша туындысы-Қожа Ахмет Иассауи кесенесі ғана бізге қаланың көне тарихынан сыр шертеді.
Қожа Амет Түркістанда туып, өмірінің көбін осы арада өткізген. Ақын әрі сопы Қожа Ахметтің мазарына жыл сайын қажылыққа мыңдаған адам ағылып келе жатады. Бұл-Әмір Темір қалдырған ескерткіш. Кезінде әулиенің зиратын көрген ол кесене салуға бұйрық берген екен.
« Кесене салдыруда Әмір Темір саяси есепті көздеді, -деп жазды археолог М. Е. Массон. -Көшпелі халықтың қасиетті санайтын затына назар аудару, оның жанына жағымды нәрсе істеу, ислам дінін уағыздаушы жұрттың рухани бірлігін баса көрсету, сонымен бірге сезімтал көшпенділерге осы қылығы арқылы әсер ету, осы ойын орындап, өз империясының құдіретін көрсету-міне, мемлекеттің қиыр шетіне ортағасырлық архитектуралық тамаша ескерткіш орнатудағы оның мақсаты».
Кесене іргетасының үш жағынан сары құм тастан жасалған белдеушелер жүргізілген. Оның үстіңгі жағы бір жарым метрлік шыны таспен қапталған. Ал шыны тастан жоғарғы бөліктері-қабырғаларды, барабандар, күмбездер сары-көк түсті кірпіштердің аясындағы ірі оюлар түрінде берілген көгілдір, көк, ақ сырлы шыны тастармен безендірілген. Тек ұлы бас портал өрнексіз қалған.
Құрысшылар Темірдің тірі кезінде бас порталды сырлы кірпіштермен көмкеріп үлгермеген, ал Әмір мұрагерлері бұған көңіл аудармаған.
Оюлаған, сүйекпен апталған есіктен бірден ғимараттың орталық ең үлкен бөлмесіне кіруге болады. Оның ауданы 18, 5х18, 5(м) . Бөлменің ортасында адам бойымен бірдей қола қазан тұр. Аңызға қарағанда, бұл қазан Түркістаннан солтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ мекенінде құйылған. Кезінде оған жұма намазынан кейін тартылатын тәтті араластырылған су құйылатын болған.
Орталық «қазандық» бөлмесінен кейін Қожа Ахметтің мәйіті жатқан көрхана орналасқан. Оның құлпытасы ашық жасыл нефриттен жасалған, бетінде ешқандай жазу жоқ. Бөлме де қарапайым салынған: ақ қабырғалардың төменгі жағы өрнектермен безендірілген жылтыр, көгілдір тыстамамен қапталған. Қабырғалардың бұрыштарында жартылай дөңгелек бағаналар орналасқан.
Кесенеде басқа да бөлмелер-мешіт пен қажылыққа келгендерге арналған құжыралар көп. Олардың біразы құрылыс салынып біткеннен кейін мәйіт қоятын орынға айналған. XV-XIX ғасырларда жерленген адамдардың, атақты қазақ хандарының құлпытастарында олардың аты-жөндері жазылған.
Ортағасырлық шеберлер осы аса үлкен порталды-күмбезді ескерткішті әрлеу кезінде қолданбалы өнердің барлық түрін: ағашқа өрнек салуды, сүйекпен аптауды, алебастр, тастар мен металды пайдалана отырып өрнектеуді; көк, көгілдір, ақ түстерге боялған тамаша шыны тастармен қаптауды, қам кірпіштер арқылы өрілген күрделі ою-өрнектерді жасауды қолданған.
Қазіргі күнгі архитекторлар кесенеге өте жоғары баға беріп отыр. « Ахмет Иассауидің кесенесі-әлемдегі монументальді құрылыстардың бірі. Кесене архитектурасында адам қолынан келетін өнер таңқаларлық керемет үлгіде ұтымды қолданылған», -деп жазды XVI ға-сырдың тарихшысы Рузбихан.
Отырардың күйреуі мен жандануы
Археологиялық тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанда Отырар шұратынан қызықты жер табылмайды. Арыстың Сырдарияға құятын тұсында 300 шаршы шақырым жерде жүз елуден астам ежелгі қалалардың, елді мекендердің, кішігірім қожалықтардың және қарауыл мұнараларының қирандылары тұр.
Ертедегі елді мекеннің орнында пайда болған әрбір төбенің аты бар. Олар: Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Құйрықтөбе, Мардан, Пышақшытөбе және тағы басқалар.
Ертеде Отырарды қоршап жатқан қалалар мен елді мекендер X-XII ғасырлардың өзінде-ақ қаңырап қалған. Сондықтан халық аузында жер-су аттарының дәл атауы қалмағанына таң қалуға болмайды. Тек Отырар ғана жүздеген жылдар бойы өз атауын сақтап келеді.
Отырардың орнында елді мекеннің қашан пайда болғаны туралы деректер археологиялық қазба жұмыстары басталғанға дейін белгісіз болды. Алайда қала атауының жазба деректерде көрсетілген уақытынан көп бұрын бұл жерде елді мекен болғанында күмән жоқ еді.
Алғаш қала атауы XI ғасырдың бас кезінде айтылып өтеді. Бұл кезде Отырар ірі қала болатын, өйткені араб тарихшысы Табари Отырардың патшасын халиф әл-Мамунның дұшпаны деп жазады.
Тағы бір араб тарихшысы әл-Азраки былай дейді. « . . . ол (әл-Мамун) Отырар алқабын жаулап алмақшы болды. Шекара бекінісінің басшысын өлтіріп, қарлұқ жабғуының әйел, бала-шағасын тұтқынға алды. Ал жабғуды қимақтар еліне қашырып жіберді». Алайда Отырардың арабтарға бағынуы ұзаққа созылмады.
Әл-Мамун билік құрып тұрған кезеңде (813-818 ж. ж. ), « Отырарбендтің патшасы үнемі беріп жүрген салығын төлеуден бас тартты». Осы уақыттан бастап 13 ғасырдың бас кезіне дейін Отырар қаласы жазба деректерде аталмайды. Бұл алқаптың басты қаласы Құйрықтөбенің орнында орналасқан Кедер болды.
1218 жылы Отырар жазба деректер беттерінен қайта орын алды. Ол кезде Орта Азия қалалары моңғолдың тапал аттарына мінген салт атты сарбаздарын көрмеген еді. Бірақ Шыңғыс ханның есімі жақсы белгілі болатын.
Тоғыз жасынан жетім қалған бір тайпа көсемінің ұлы Темучин (Шыңғыс хан) жастайынан тұтқынға да түсті, қорлық та көрді, алайда мойымаған еді. Ол өз дұшпандары-мен соғысқанда ала ауыз болған тайпалардың басын біріктіріп, оларды басқара білді. Біраз дұшпанының басын шапты. Қалғандары тізе бүгіп, басын иді.
Шыңғыс хан өзі құрған мемлекеттің күшін сезінген кезде руластарына: « Біздің барлық жағымызда, күнбатыстан күншығысқа дейін дұшпандар» дейтін. Ол өзі ғана емес, басқаларды да батысқа қарай жүру керектігіне «аян» берілді деп сендіре білді. Оның бұйрығы бойынша ондаған қалалар жер бетінен жойылып, он мыңдаған адамдар қырылды.
Өлімінің өзіне жақындағанын сезген Шыңғыс хан даналардың біріне: «Өмірімді сақтап қалудың сырын айтсаң, саған қызмет етуге әзірмін» деген екен.
Моңғолдардың қазақ жеріне жасаған шапқыншылығы Отырарды шабудан басталды, бірақ Орта Азия мен Қазақстанның үстіне қайғы бұлты одан көп бұрын үйірілген еді.
XIII ғасырдың басында Шыңғыс хан қолынан жеңіліс тапқан найман, меркіт, керейттер Моңғолиядан ығысқан. Ал Бұқтырмадағы (Ертіс саласы) тас-талқан жеңілістен кейін Күшілік хан бастаған наймандар Жетісуға, меркіттер Дешті Қыпшаққа қарай қашты. Бұл кезде Жетісу қарақытайлар әулетінің қол астында болатын. Олар Шығыс Түркістаннан Әмударияға дейінгі орасан зор жерге билік етіп тұрған. Алайда наймандар Жетісуға келгенде қарақытайлардың жағдайы нашар еді. Осыны пайдаланған Күшілік 1211 жылы Жетісудан қарақытайларды қуып шығып, олардың билік құрған жерлерін өз қол астына кіргізуге кірісті. Мұсылмандарды құғынға ұшыратты.
Бұдан кейінгі болған оқиға адам сенгісіз: Шығыс Түркістаннан Сырдарияға дейінгі аралықты қамтыған Күшіліктің алып мемлекеті моңғол жасақтарының соққысынан тез-ақ ыдырады.
1211 жылдың өзінде наймандардың соңынан Құбылай нойонның қолы жіберілген еді. Ол Жетісудың солтүстік аудандарындағы қарлұқ тайпаларын Шыңғыс хан жағына қаратып алды. Бірақ қытайлармен болған соғыс оларды Моңғолияға оралуға мәжбүр етті.
1218 жылы Күшілік ханға қарсы Жебе нойонның жасағы аттандырылды. Моңғолдар Жетісудағы Күшілікке деген ел наразылығын өздеріне өте сәтті пайдаланды. Тонау, салық төлеу, мұсылмандарға деген қарсылық жергілікті халықты Күшілікке баяғыдан-ақ қарсы қойған болатын.
Рашид ад-Динннің айтуынша, Жебе нойон жаушылары арқылы «әркім өз дінін ұстанып, ата-бабасының жолымен жүргені дұрыс» деген хабар таратқызады. Наймандарға қарсы халықтың көтерілуіне осы жеткілікті еді. Сондықтан қала тұрғындары моңғолдарды құтқарушылар ретінде қарсы алып, қақпаларын айқара ашып жатты.
Осылайша, орталығы Әмударияда орналасқан алып та күшті мемлекет Хорезммен соғысудың алдында Шыңғыс хан Сырдарияға дейінгі жердің бәрін түгелдей басып алды. Енді ары қарай батысқа жылжу үшін тек сылтау қажет болды.
1218 жылы Моңғолиядан алтын, күміс, жібек, құндыз, бұлғын терілерін, басқа да тауар артқан бес жүз түйе, төрт жүз елу адамы бар сауда керуені шықты. Керуен Орта Азия қалаларына жетпеді. Отырарда, шекарада тұрған бірінші қалада керуен тоқтатылып, саудагерлер өлтірілді, керуендегі заттар тоналды.
Алайда ол жайлы әр түрлі алып-қашпа пікірлер бар: біреулер керуен Отырар билеушісі Қайыр ханның ашкөздігінің құрбаны болды десе, енді біреулері Мұхаммед хорезмшахтың саудагерлерді жансыздар деп өлтірткізгенін алға тартады. Қалай болғанда да, керуеншілер қырылды. Тек бірнеше адам ғана аман қалып, қашып құтылып, сұмдық хабарды Моңғолияға жеткізді. Түбінде соғыстың басталуына, Отырар апатына себепші болған осы оқиға еді.
1219 жылдың көктемінде екі жүз мың адамнан тұратын әскер жорыққа аттанды. Алдыңғы шепте Сүбедей, Жебе, Тоғышар жасақтары кеғле жатты. Алтайдан ары асып, жазды Ертіс өзенінің алқабында өткізді. « Аттарын тойындырып, баптап» алған олар тек 1219 жылдың күзінде Отырар қаласының іргесіне жақын келді.
Сол кезде өмір сүріп, оқиғаларды баяндаған Ала ад-Дин Ата Малик Жуайни «Әлем жаулаушысының тарихы» кітабында былай деп жазады: «Алдымен олар (моңғолдар) Отырар қаласына келді. Қаланы қоршап алып, өз шатырларын тұрғызды. Сұлтан (Мұхаммед хорезмшах) Қайыр ханға көмекке шекарада тұрған алпыс мың қолын және де Қараша Хажибті он мың адамымен тағы жіберді. Ішкі және сыртқы қамалдар, қала қабырғасы, бәрі мықты салынған еді. әскерге арналған қару да көптеп жиналды.
Қайыр хан өз жасағымен қала ішіндегі соғысқа қажет нәрсенің барлығын дайындады. Жаяу әскер мен атты әскерді қақпа жанына қойып, өзі қамал қабырғасына шықты. Қала сыртына қараған оның таңданбасқа шарасы қалмады: даланың көз жетер жерінің бәрінде әскер тұр. Айналада бір жағынан сансыз адамдар сапырылысып жатса, екінші жағынан у-шуға толы еді.
Шыңғыс ханның әскері қамалдың айналасында бірнеше қатар шеңбер құрып жайғасыпты. Хан қасындағы қолбасшыларының әрқайсысын әр бағытқа жіберген. Үлкен ұлы Жошыны батыл да қайсар сарбаздардан тұратын түмен қолмен Жент пен Баршынкентке, біраз қолбасшыны Ходжент пен Банакетке қарай аттандырған. Өзі болса Бұхараға бет алып, Үгедей мен Шағатайды Отырарды қоршап жатқан әскерге басшылыққа қалдырды.
Моңғолдар атты әскерін басқа бағытта пайдалан-ғандықтан, Отырар қамалы бес ай бойы тегеурінді қарсылық көрсетті. Ақыры қала әбден титықтаған кезде Қараша Хажиб Қайыр ханға келіп моңғолдарға мойынсұну керектігін жеткізеді. Алайда Қайыр хан осыншама қантөгістен кейін моңғолдардың өзін тірі қалдырмайтынын ұғады. Сондықтан кеудесінде жаны бар кезеңде құл болғанша азаттық үшін күресіп өлуді қалады. Басқа амал жоқ, шайқасты тоқтатпай жалғастыра берді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz