Газет тілі және прецедентті мәтін


Пән: Журналистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 75 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі: Баспасөз бұрын ағартушылық, үгіт-насихаттық, танымдық бағытта қызмет етсе, бүгінгі күні, электронды-ақпараттық технологияны пайдаланып отырған заманда, ең алдымен, қарым-қатынас құралына, екіншіден, таным құралына, үшіншіден, мәнді жеткізуші құралға айналған.

Баспасөз - халық арасында әр түрлі ақпараттар тарата отырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға, саяси жұмыстар жүргізуге, мемлекеттің, әлеуметтік топтардың не жекелеген тұлғалардың мүдделерін танытуға қызмет етеді.

Басылым беттерінде жарияланған мақалаларды оқуға тартудың негізгі әрі бірден-бір тиімді жолы мақала тақырыптарын автордың дұрыс таңдай білуі. Осы орайда мақалаға атау болу қызметін атқаруда прецедентті мәтіндердің орны айрықша болып келеді. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы тағы бар. Ол - оқырман қауымның прецедентті мәтіндердің артында тұрған ақпаратты қаншалықты дұрыс тани білуі және осы прецедентті мәтіннің оқырманға ықпал ету әсерінің қаншалықты жоғары деңгейде екендігі оқырманның аялық блімімен анықталады.

Біздің диссертациялық жұмысымыздың ерекшелігі де сол - прецедентті мәтіндердің әсіресе, жас буын өкілдерінің қабылдауында қаншалықты дұрыс әрі белсенді екендігінің жас оқырмандар арасында сауалнама жүргізу арқылы шынайы фактілер негізінде айқындау. Өйткені газет мақалаларында прецедентті мәтіннің қызмет етуі және көпшілікпен сәйкесінше қабылдануы тілдің мәдени-сөйлеу құзырындағы маңызды бөлігі.

Қазіргі болмысты прецедентті мәтіннің көмегіме жеткізу арқылы журналистика ерікті және еріксіз түрде прецедентті мәтіннің құндылығын көтереді және жолданушы санасында бағалы сипаттама қалыптастырады. БАҚ-ның жауапкершілік деңгейіне қарай журналисттердің сөйлеу мәдениетіне жоғары талап қойылады. Прецедентті мәтіндерді пайдалана алудың және танудың маңыздылығын В. Г. Костомаров пен Н. Д. Бурвикованың мына пікірлері дәлелдей түседі: «Прецедентті мәтіндерді пайдалана білмеу - сөйлеу мәдениетінің төмендігін көрсетеді».

Жұмыстың мақсаты - қазіргі қазақ тілді басылымдардағы мақала тақырыбы болған прецедентті мәтіндердің қызметтері мен оны оқырманның (жас буын өкілдері жайында) қабылдауларын анықтау.

Осы мақсатқа жету үшін мына міндеттерді шешу көзделді:

  • газет тілінің жалпы зерттелу жайына тоқталу;
  • прецедентті мәтіндерге сипаттама беру;
  • прецедентті мәтіндердің жіктемесіне тоқталу;
  • қазақ газеттеріндегі прецедентті мәтіндердің қолданылу мақсатын анықтау;
  • прецедентті мәтіндердің ұлттық-мәдени әлеуетіне тоқталу;
  • эксперимент негізінде прецедентті мәтіндерді оқырманның қабылдау жайын көрсету;
  • прецедентті мәтін түрлерінің газетте қолданылу жиілігі мен оның себептерін анықтау.

Зерттеу нысаны: Қазіргі қазақ тілді ресми газеттердегі мақала тақырыптарындағы прецедентті мәтіндер.

Зерттеудің дереккөздері : Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде 2010-2012 жылдары жарық көрген ресми басылымдардың («Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Жас Алаш», «Алаш айнасы») материалдары пайдаланылды.

Зерттеуде қолданылған әдістер: Зерттеу жұмысында түсіндірме, сипаттама жасау әдісі, салыстыру, эксперимент, талдау әдістері қолданылады. Компоненттік талдау әдісі прецедентті мәтіндердің семантикалық дамуының талдауы нәтижесінде жүргізілді. Сандық әдіс жүргізілген эксперимент қорытындысын талдау нәтижесінде газет беттеріндегі прецедентті мәтіндердің қолданылуын анықтау мақсатында пайдаланылды.

Зерттеудің теориялық базасы ретінде М. М. Бахтин, Ю. Н. Караулов, Д. Б. Гудков, В. В. Красных, И. В. Захаренко, Ю. М. Лотман еңбектеріндегі, сонымен қатар, қазақ ғалымдарының Б. Момынова, Н. Уәли, А. Т. Аширова, Н. Ж. Дәулеткереева, Г. К. Ихсангалиева, Р. Т. Қожабекова, Қ. Ө. Есенова т. б. еңбектеріндегі теориялық тұжырымдар басшылыққа алынды.

Ғылыми жаңалығы: Зерттеудің ғылыми жаңалығы мынадай:

- 2010-2012 жылдар аралығында жарық көрген қазақ тілді басылымдардағы мақала тақырыптарында кездесетін прецедентті мәтіндер қарастырылып, олардың жіктемесі жасалды.

- Прецедентті мәтіндердің сипаттамасы айқындалды.

- Прецедентті мәтіндердің дереккөздері көрсетілді.

- Прецедентті мәтіндерді оқырман қауымның кабылдауы мен оларға әсері анықталды.

- Сауалнама нәтижесінде жас айырмашылығына байланысты прецедентті мәтіндерді оқырманның қабылдауы туралы қорытынды тұжырым жасалды.

Теориялық құндылығы: Зерттеудің теориялық құндылығы материалға талдау жүргізу негізінде публицистикалық дискурстағы прецедентті мәтіндердің орны мен рөлі туралы ақпарат береді. Қазақстанның билингвалды контексінде тіл иеленушілердің прецедентті мәтіндерді қабылдау ерекшеліктері мен түсіну деңгейлері анықталды.

Практикалық маңызы: Зерттеу жұмысының практикалық маңызы, диссертация жұмысының материалдары, ғылыми қорытындылар мен нәтижелері, ЖОО-да жалпы және стилистика курстарын оқу кездерінде, сонымен қатар, «Журналистикалық шеберлік», Прагматикалық лингвистика», Аударманың теориясы мен практикасы», «Мәтін лингвистикасы» т. б. курстарды оқу барысында қолданысқа ие бола алады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • Тақырып - оқырманның қабылдауына тікелей әсер ететін прагматикалық бірлік. Тақырып мәтіннің мазмұнынан хабар береді.
  • Прецедент - ертеде өзінің алатын орны болған, халыққа үлгі-өнеге болып, халықтың есінде қалған белгілі бір оқиға.
  • Прецедентті мәтіндерді толық түсініп, мәнін ашу аялық біліммен байланысты болып келеді.
  • Прецедентті құбылыс өзі арқылы тіл мен мәдениеттің өзіндік синтезін көрсете отырып, қазіргі лингвомәдени парадигмада маңызды рөлге ие.
  • Прецедентті мәтіндердің ерекшеліктері олардың әрі мақал-мәтел, әрі тұрақты сөз тіркестері, әрі нақыл сөздер бола алуында.
  • Газет мақаласы тақырыптарында прецедентті мәтіндерді қолдану оқырманның назарын аударып, мақала мәтінін оқу-оқымауға шешім қабылдатады.

Зерттеу қорытындыларының жариялануы: Зерттеу жұмысына байланысты 3 ғылыми мақала жарық көрді. « Прецедент ұғымының тілдік сипаты » («Білім және Ғылым саласындағы инновациялар» және VIII «Электроника және компьютерлік технологиялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық коференция 12. 12. 2011. ) ; « Қазақ тілді басылымдардағы прецедентті мәтіндердің қызметі» (СДУ хабаршысы, №1, 2012) ; « Прецедентті мәтін - лингвомәдениеттанудың зерттеу нысаны » («Қазақ тіл білімі: жаңа ғылыми парадигмалар мен оқытудың инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция жинағы 19-20. 04. 2012. ) .

1 ГАЗЕТ ТІЛІ ЖӘНЕ ПРЕЦЕДЕНТТІ МӘТІН

1. 1 Қазақ тіл біліміндегі газет тілінің зерттелу жайы

Мерзімді баспасөздің ең негізгі әрі көне түрлерінің бірі - газет. Газет - насихат құралы, ол үкімет орындарының қабылданған шешімдері туралы азаматтарды мүмкіндігінше толыққанды хабарландырып отыруы тиіс. Газеттің қоғамдық қызметі:

- қоғамдық өмірдің маңызды оқиғалары жөнінде хабарлау;

- қоғамға аса қажетті білімдерді қалыптастыру мен тарату;

- көпшілікті хабардар етуде қоғамның белсенді топтарының қатысуына

жол ашу;

- болып жатқан оқиғаларға саяси және адамгершілік тұрғыда баға беру;

- саясаттың маңызды мәселелері бойынша қоғамдық пікір қалыптастыру болып табылады.

Сурет 1. Газет мәтіндерінің сипаты

Мерзімді қазақ баспасөзі әр түрлі ғылымның зерттеу объектісі болып келеді (сурет 1) . Тарихшылар мерзімді басылымдарды тарихтың дереккөздері ретінде қарастырса, саясаттанушылар саясатпен байланыстырып, мерзімді баспасөз арқылы үгіт-насихат жүргізсе, ұлтымыздың мәдениеті баспасөз арқылы көрініс табады. Ал тілші ғалымдар оған лингвистикалық тұрғыдан зерттеу жүргізеді.

Тіл мен баспасөз - егіз ұғым. Қоғамдық-саяси, мәдени өмірімізде болып жатқан өзгерістер тіл арқылы баспасөзде көрініп жатса, сол өміріміздің, қоғамымыздың дамуы барысында пайда болған жаңалықтар, баспасөз арқылы тілімізге еніп жатады. Белгілі бір кезеңдегі тіл дамуының жай-күйін білу үшін, зерттеушілер еңбегі көрсетіп отырғандай сол кезеңдегі баспасөзге зерттеу жүргізген дұрыс. Қандай да бір кезеңдегі баспасөзді зерттегенде ең алғаш көзге түсетіні - тілдің фонетика, морфология, синтаксистік ерекшеліктерінен гөрі оның лексикалық ерекшелігі. Бұл - заңды да. Себебі, тілдің лексикасы қоғаммен тығыз байланысты болғандықтан, өзгеруге бейім тұрады. Сондықтан да, ең алдымен, пайда болған сөздің, сөз қолданысының мағынасына, содан кейін ғана оның жасалу жолына мән береміз.

Сурет 2. Газет тілінің зерттелуінің лингвистикалық аспектісі

Қазақ тіл білімінде көптеген мәселелер қаралып, өз шешімдерін тауып жатыр. Сондай мәселелердің бірі - қазақ баспасөзінің тілі. Қазақ тіл білімінде қазақ баспасөзі, ондағы публицистикалық стиль жөнінде зерттеуші ғалымдардың біраз еңбектері бар. Ғалым-зерттеушілер Х. Бекхожиннің, Б. Кенжебаевтың, Н. Қарашеваның, Ү. Субханбердинаның, Б. Әбілқасымовтың еңбектерінде қазақ баспасөзінің тарихы, алғашқы қазақ газеттерінің тілі сөз болса, ғалым С. Исаевтың «Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы» еңбегінде, атының өзі айтып тұрғандай, кеңестік дәуірдегі тіл дамуының жай-күйі сөз болады. Газет лексикасы, оның жүйесі мен құрылымы жөніндегі Б. Момынованың, әдеби тілдің публицистикалық стилі жөніндегі О. Бүркітовтың ғылыми жұмыстарының қазақ баспасөзін зерттеудегі маңызы зор. (Сурет 2)

Профессор Б. Кенжебаев 1888 жыл мен 1928 жылдар арасында қазақ даласында 65 шамалы газеттер мен журналдар шығып тұрғандығынан хабардар етеді [1, 3 б. ] . Қазақ мерзімді баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Айқап», «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Қазақстан» газеттерінде жарияланған материалдардың мазмұндалған библиографиялары 1961, 1963 жылдары жарық көрді. Сондай-ақ, алғашқы қазақ басылымдарының редакторларына арналған еңбектер Б. Кенжебаев, Қ. Бейсембаев, Х. Бекхожин, Ә. Жиреншин, Т. Кәкішев, З. Тұрарбекова, Қ. Ыдырысов, З. Бисенғалиевтар жүргізген ғылыми зерттеулер нәтижесінде дүниеге келді.

Зерттеуші-ғалым Ө. Әбдімановтың «Қазақ» газеті туралы зерттеуі осы қатарды толықтырған еңбектердің бірі екенін айта кету керек [2] . «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші [3], алғашқы қазақ газеттерінің осы күнгі әліпбиге түсірілген нұсқалары [4], «Айқап» және «Қазақ» газеттерінің энциклопедиялық басылымдары жарыққа шықты [5, 141 б. ] .

«Айқап» журналы мен газет материалдарын іріктеп, топтап, құрастырып, осы күнгі әліпбиге түсіріп, жарыққа шығарған зерттеушілер Ү. Сүбханбердина, С. Дәуітовтер 1905-1907 жылдары Россияда болған революция дүмпуі нәтижесінде қазақ газеттерінің екінші бір үлкен шоғыры дүниеге келгендігін айтады [6, 6 б. ] . Олар: «Серке» - 1907 ж., «Қазақ газеті» - 1907 ж., «Дала», «Қазақстан» - 1911-1913 жж., «Ешім даласы» - 1913 ж. Осы аталғандардың қатарына Ә. Бөкейханов сынды қайраткер азамат әр жылдары шығарып тұрған «Голос степи», «Омич» газеттерін де қосуға болады.

Зерттеуші Б. Момынова «Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы) » деп аталатын ғылыми еңбегінде бұқаралық ақпарат құралдарын оқылатын (визуальды) мерзімді басылымдар, тыңдалатын (аудиальды - радио), әрі тыңдауға, әрі көруге болатын (аудиовизуальды - теледидар, деректі кино) үш түрге бөліп, олардың үш түріне де ортақ 5 қызметін көрсетеді.

Олар: біріншіден, ақпараттық функциясы, екіншіден, ақпаратты жеткізудегі комментарийлық-бағалауыштық функциясы, үшіншіден, ақпараттың ағартушылық-танымдық функциясы, төртіншіден, ақпараттың қоғам мүшелерінің дүниетанымына әсер ету функциясы, бесіншіден, ақпаратты жеткізудегі жағымды эффектілер тудыру үшін тиімді тәсілдерді пайдалану функциясы [7, 4-5 бб. ] .

Б. Момынова өзінің «Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы) » еңбегінде жалпы газет атаулының лексикалық құрылымы мен жүйесіне ғылыми тұрғыдан баға беру үшін мынадай іс-әрекеттерді жүзеге асыру керектігін айтады:

Сурет 3. Газет тілінің лексикасы

Қоғамдық-әлеуметтік ортаның жоғары, орта және төменгі деңгейлерін ескеру, яғни әлеуметтік фактордың газет тілін қалыптастырудағы маңызы назардан тыс қалмауы керек. Бұл фактор көбінесе басылымдардың таралымына да ықпал етіп отырады. Сондай-ақ, қаржы көзін табудың жолына, оқырман қауымның барынша көп бөлігін қамтуға бағытталған, қажеттіліктен туындаған тенденциялар қазіргі газеттердің басты стратегиялық бағытын айқындап, кей тұста бұрынғы типін өзгертуге дейін итермелеп отырғаны да қамтылды.

Сонымен бірге, газет лексикасының құрылымы мен жүйесіне тән ерекшеліктерді тану: оның құрылысына (айдар, тақырып, жанр, кейбір мәтіндік ерекшеліктеріне) тоқталу, сондай-ақ, газет лексикасының типтерін - қоғамдық-саяси лексика, бағалауыштық лексика, бейтарап сөздердің қатарын анықтау, оларға тән тілдік қабаттарға тарихи-семантикалық талдаулар жасау; газеттің типтік лексика түрлеріне тән басты белгілерін аықтау; соның нәтижесінде газеттің әдеби тілді дамытудағы, сөздік қатарды толықтырудағы, әдеби тіл тазалығы жолындағы, терминжасам мен сөзжасам саласындағы, тіл мәдениеті көрсеткіштері тұрғысындағы жетістіктері мен кемшіліктерін санамалау арқылы мүмкін болғанын айту керек [7, 6-7 бб. ] .

Жас ғалым Ш. Исақұлова «Газет жанрларындағы тұрақты сөз тіркестері» (фразеологизмдер) атты ғылыми мақаласында газет тілінде көп пайдаланылмайтын фразеологиялық тіркестер бірте-бірте кең орын алып келетіндігін және олардың оқырман қауымның санасы мен сезіміне терең ықпал ететіндігін сөз етеді. Қазақ басылымдары беттерінде кездесетін фразеологиялық тіркестерден мысал келтіреді: Дегенмен, іс жүзінде барлығы аспан айналып, жерге түскендей жағдайда (АТ, 12. 11. 03. ), жалпы қызметкерлер «осы басшы қызметін жалғастыра берсе екен» дегенді ашық айтпаса да, бүйректерін Байсағатовқа бұрып тұрғанын байқатты (ЖА, 20. 04. 04. ), біреулер көрдегі балыққа ен салып жатқан көрінеді (ЖА, 25. 02. 03. ), өткен жылы Парламент Сенатына депутат болып сайланған, бірақ сенаттағы орынтағына отырып үлгермей қылмыс жасаушы ретінде мойнына құрық салынған М. Қойшыбаевтың оқиғасы осындай пікірлердің отына май құя түскендей болды (ЖА, 06. 03. 03. ) т. б. [8, 97-98 бб. ] .

Қазақ тіл білімінде баспасөз материалдарында шыққан жаңа сөз, жаңа қолданыстарды тіркеп, сөздік етіп шығару 1985 жылдан басталғанын ғалым Р. Сыздықова «Жаңа атаулар» сөздігінің алғы сөзінде айтып өтеді.

Қазақ баспасөзінде жаңа ұғымдарды, қолданыстарды мүмкіндігінше қазақша беру тілімізді байыта түседі. Р. Р. Тұяқбаева «Баспасөз тілі - тіл дамуының қайнар көзі» атты мақаласында мерзімді баспасөзде кездесетін жаңа сөз қолданыстар мен олардың жасалу жолдарына тоқталады. Ғалым жаңа сөз қолданыстарының 6 жасалу жолын атап көрсетеді:

  1. Жұрнақтардың активтенуі нәтижесінде. Масалы, хана жұрнағы арқылы:дәмхана, зертхана, ойынхана, мейманханат. б.
  2. Сөздердің бірігуі арқылы жасалған сөздер: Мысалы, зейнетақы, жәрдемақы, өтемақы, саяжай, елорда т. б.
  3. Баспасөз беттерінде қысқарған сөздер де жиі қолданылады: Мысалы, СССР-ды КСРО, ООН-ды БҰҰдеп жазып жүр.
  4. Бірінші құрамы өзге тілдің сөзінен, кейінгі құрамы қазақшадан тұратын және бірінші құрамы қысқарған сөздерді жасауға тірек болып тұрған сөздерді де кездестіруге болады: Мысалы, теле - телехабар, телеарна, тележоба; авто - автожуу, автотұрақ; фото - фототерім, фототілші, фотобайқау т. б.
  5. Жаңа сөз қолданыстарды жасауда келісім-шарт, ақшалай-заттай сияқты қос сөздерді де кездестіруге болады.
  6. Сөздердің тіркесуі арқылы жасалған:Сыбайлас жемқорлық, ұялы телефон, шаруа қожалығы, ғарыш айлағы т. б. [9, 150-151 б. ]

Б. Момынова Газет тіліндегі варваризмдерді, олардың ана тіліміздің нормасына қайшы келетін, тіл мәдениетіне нұқсан келтіретін тұстарын қарастырады. Лингвистикада варваризм үш түрлі мағынада қолданылатынын айтады: варваризм - белгілі бір тілдің нормасына қайшы, ол тілдің заңы бойынша «теріс құрастырылған» сөз формалары мен сөз тіркестері; варваризм - шетел әдет-ғұрпы, өмірі мен тұрмыс салты реалийлеріне қатысты кірме сөздер; варваризм - әзірше бөгде тілге толық ене алмай, кейбір мұқтаждықтарды өтеу үшін қолданылатын шетел сөздері мен сөз тіркестері [7, 202 б. ] . Кейбір қазақ басылымдарында, әсіресе, «Жас алашта» варваризм көріністері анық байқалатыныдығын, тіпті алғашқы беттерінен табылатындығын айтып, мысалдармен көрсетеді: Төл теңгесіне зарығып жете алмай жүрген жұрт қайдағы бір қаңғып келген «иностранецті» қайтеді? (ЖА, 08. 04. 99. ) ; Ең алдымен өзіңе, сосын күн көріп жатса, өзгеге де «приятно» (ЖА., 12. 11. 98. ) ; Маладес , Зәуке! Алған бетіңнен қайтпа! (ЖА., 30. 01. 99. ) ; Үлкен «акулаларды» қолға түсіру үшін көптеген нақты құжаттар дайындалады (ЖА., 15. 04. 99. ) ; Оған 24 мың долларға «иномарка» сатып әперді . . . (АА., 14. 12. 98. ) т. б. Момынова Б. осы сияқты варваризмдерді пайдалану кейбір басылымдарда тенденциялық бағыт алып бара жатқандығын айтады [7, 204 б. ] .

А. Т. Аширова газет мәтіндерінің синтаксистік құрылымын қарастырады. Ғалымның айтуынша: БАҚ бетіндегі мәтінде белгілі контекске құрылған сөйлем айрықша маңызды орын алады. Сөйлеу - ситуацияға да, контекске де тән болып келеді. Контекстегі сөйлем әр түрлі мәнге ие болады. Ситуация мен конткесте сөйлемнің әр түрлі формалары түседі. Сөйлем әр уақытта аяқталған ойды білдірмейді, бұл, әсіресе, БАҚ мәтіндерінде жиі кездесіп отырады. Сондықтан БАҚ тіліндегі синтаксистік жүйенің негізгі қызметі ситуацияға және контекске тікелей тәуелді болып келеді. Оқиға, құбылысты баяндауда баяндалған ақпараттың мәндік құрылымын айқындайтын сөйлем түрлері кездесіп отырады.

БАҚ бетінде жарияланған шығармаларда сөз контекске айтушының мақсатына, ниетіне, көзқарасына, интеллектуалдық мәдениетіне тікелей байланысты. Контексті коммуникативтер жасайды, яғни автор, хабарлаушы. Сондықтан онда сөйлемнің барлық түрі кездесіп отырады, - дейді [10, 131 б. ] .

Сонымен қатар, Аширова А. Т. газет атауларының синтаксистік ерекшеліктеріне тоқтала келіп, «газет атаулары тартымды, мазмұнды болуы үшін, қандай газет болмасын, оны жазудың үш бағытын ұстанғаны анық. Біріншісі - тақырыпты таңдау, екіншісі - таңдап алынған тақырыптың мәнін ашып, талдау, үшіншісі - әдеби өңдеу. Осы үш бағыттың қолданылу аясы бірдей, бір мезетте болса, таңдап алынған газет атаулары сәтті шықса, тілші ізденісінің жемісі, еңбегінің биік шыңы болып табылатыны ақиқат. Бүгінгі күнде мақал-мәтелдерден, қанатты сөздер мен афоризмдерден, цитаталар мен жыр жолдарынан, танымал көркем шығарма аттарынан немесе ауызекі тілден, яғни қарапайым сөздер арқылы жасалған газет атауларының маңызы зор. Өйткені, газет атаулары, тақырыптың өзімен-ақ адамның ой-санасын өсіріп, қоғамдық пікірге қозғау салып, әлеуметтік ой-сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Газет атауларының қыр-сырын синтаксистік тұрғыдан талдап, ерекшелігін ашу - тілші ғалымдардың басты міндеті» [11, 20-21 бб. ], - екендігін айтады.

Газет тілі мәселесі - өте күрделі мәселе. Газет тілінің көтеретін жүгі де тілдік жағынан әртүрлі. Осы жағын толық аңғарған А. Байтұрсынов былай дейді: «Мәдениет - ең маңызды жан серігі жазу арқылы өркениет жемісі саналатын газеттер тілі. Газет - халықтың рухани, мәдени өмірінің айнымас бөлшегі. Газеттің жалпы адамзат тарихындағы, жекелеген халықтар мәдениеті мен тарихындағы алатын орны ерекше».

Сонымен, қазақ газеттерін бірнеше ғылым салалары зерттеу үстінде. Соның ішінде лингвистика ғылымында көптеген ғалымдардың еңбектері мерзімді баспасөз тіліне арналған. Лингвистикада газет тілінің лексикасы, оның ішінде фразеологизмдер, варваризмдер, жаңа сөз қолданыстар қарастырылған. Газет тілінің синтаксисіне, газет мәтіндерінің синтаксистік құрылымдарына да көңіл бөлінген.

  1. Қазақ тіл біліміндегі газет мақала тақырыптарының зерттелу жайы

Газет беттерінде жарияланған мақалалармен танысу барысында оқырманды қызықтырып, назарларын аудартатын мақаланың тақырыптары болып табылады. Қойылған тақырыптар берілген мәтіннің мазмұны туралы мағлұмат береді. Тақырыпты жеңіл қабылданатын, астарлы, белгілі бір хабар беретін, қызықты ету - журналисттің ең басты қиналатын жері. Себебі тақырып берілген мәтіннің жарнамасы, оқырмандардың назарын өзіне тартатын магнит тәрізді. Экспрессивті тақырып берілген мәтінді оқу немесе оқымауға шешім қабылдауға көмектеседі. Дұрыс қойылмаған, оқырманның назарын өзіне аудара алмайтын тақырыптардың кесірінен аса маңызды немесе қызықты мәліметтер оқылмай қалып қоятын жағдайлар да болып жатады. Тақырып мәтінді атап қана қоймайды, ол автор мен оқырман арасында байланыс орнатып, мақаланың иедялық-тақырыптық мазмұнын түсінуге көмектеседі.

Тақырып - бұл жай ғана сөз, сөз тіркесі немесе конструкция емес. Тақырып - оқырманның қабылдауына тікелей әсер ететін прагматикалық бірлік табылады.

Отандық ғылым саласында тақырыпты зерттеу жаңаша лингвистикалық зерттеулерге нысан болып отыр. Мысалы Г. К. Ихсангалиева газет пен теледидар бағдарламаларының тақырыптарына функционалды-прагматикалық талдау жасаса, Ф. З. Жақсыбаева тақырыптардың прагматикасына, Р. Т. Қожабекова баспасөз беттеріндегі тақырыптардың фразеологиялық ерекшеліктеріне тоқталса, А. Т. Аширова газет мақалалары тақырыптарының синтаксистік құрылымын қарастырады.

Тақырып адресант пен адресатты байланыстыратын негізгі көпір деп атауға болады. Сол себепті де оқырманға ұсынылатын тақырып мәнді, түсінуге жеңіл, негізгі ақпараттан хабар беретін және оқырман назарын бірден аударарлықтай нұсқада болады. «Негізінен, тақырыпты мақаланың бір бөлшегі деп ойлағанымызбен, оған негізгі мәтінге қойылатын талаптан да өзге талаптар қойылады. Оны кіріспе бөлімге дейінгі кіріспе бөлім деп тануымызга да болады. Себебі, тақырып тема-ремалық құрылымнан бұрын беріліп, төменде берілетін ақпаратты өзгеше тұрпатта жеткізеді» - дейді тілші ғалым Дәулеткереева Н. Ж. [12, 292 б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Интертекстуалдылық теориясы
Тілдік бірліктің лексикалық мағынасы
Газет тақырыптарының және айдарларының зерттелуі
Қазақ антропонимдерінің лингвомәдени және әлеуметтік мәні
Тарихи ономастикалық кеңістік (Х-ХІV ғғ. түркі жазба ескерткіштері негізінде)
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ газеттері
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының ономастикалық кеңістігінің лингвомәдени сипаты
Әдебиет қандай өнер
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы
Кейіпкер тілі мен тілдік тұлғаның байланысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz