Байқоңыр ғарыш айлағы құрылғалы 49 жыл болды


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 10 бет
Таңдаулыға:   

Байқоңыр ғарыш айлағы құрылғалы 49 жыл болды

03. 06. 2004

Досан БАЙМОЛДА

2005 жылы Байқоңыр өзінің 50 жылдығын тойламақшы. 1955 жылы маусымның 2 сінде Кеңес Одағының Қорғаныс министрлігінің Қазақ даласы Байқоңырды ғарыш айлағына айналдыру туралы жасырын нұсқауы шығады. Міне содан бері аттай 49 жыл өтіпті. Бүгінде Байқоңыр ғарыш алаңы 6 миллион 227 мың гектар жерді алып жатыр. Қызылорда облысының Қазалы және Қармақшы аудандарының жерін және зымырандардан бөлінетін бөліктер құлайтын аудандарды қоса есептегенде ғарыш кешенінің аумағы 4 миллион гектар жерден асады. Қазір онда 15 ұшыру қондырғысы бар 9 ғарыштық кешен, 11 монтаждау- сынақ орны бар. Бүгінгі күні Байқоңыр ғарыш айлағының Ресейге 50 жылға жалға беріліп отырғаны белгілі. Ресей жыл сайын аренда бағасына деп 115 миллион доллар төлеуі тиісті. Қазақстан жағы соңғы кезде Байқоңырды пайдаланып Ресеймен бірлесе отырып біріккен ғарыштық бағдарламаларға қатысуға мүдделік таныта бастады.

Бұл мәселеде Қазақстанның Ресеймен бірлесіп «Бәйтерек» жобасын іске асыруға ынталы болып отырған талпынысын айтуға болады. Қазір ғарышқа ұшып жүрген, экологияға аса зиянды уын шашатын гептил атты сұйық отынды пайдаланатын «Протон» зымырандарының орнына ресейлік ғалым мамандар оттегімен мен керосинді отын ретінде пайдаланатын экологияға зиянсыз «Ангара» зымыранын жасап дайын еткелі отыр. Осы зымыранды ұшыру үшін қазақстанның ғалым мамандары Байқоңырда ұшыру алаңын жасап дайын етуй керек.

Бұған Қазақстан үкіметі 200 миллион доллардың қаржысын бөлуге өзінің дайын екендігін білдірген болатын. Алайда Қазақстанның Ғылым Академиясының Ғарышты зерттеу институтының директорының орынбасары Бағдат Сүйменбаевтың айтуынша егерде қаржы мәселесі шешілер болса онда қазақстандық ғалым мамандар Қазақстанда өндірілген жер серігін жасап ғарышқа ұшыра алатын шамалары бар көрінеді. Бұл жер серіктерін Байқоңырдан ұшыру түбінде өз пайдасын да әкеледі дейді ол.

Алайда мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов Қазақстан үшін ғарышпен ойнаудың ешбір қажеттігі аз, оған қыруар қаржы керек болады оның орнына үкімет ел ішіндегі әлеуметтік проблемаларды шешуге өз назарын ұстанғаны жөн деген пікір айтты.

"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2007 жылға арналған жоспарлар

"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2007 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытындыны бекiту туралы

1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келiсудi) ұсыну және алу тәртiбi туралы келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

1. Қоса берiлiп отырған "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2007 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды (бұдан әрi - Қорытынды) бекiтiлсiн.

2. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi 2006 жылғы 30 желтоқсанға дейiн Ресей Тарапына дипломатиялық арналар арқылы Қорытындыны жiберсiн.

3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2007 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды

1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келiсудi) ұсыну және алу тәртiбi туралы келiсiмнiң 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi Ресей Тарабы ұсынған Ресей федералдық ғарыштық бағдарламалары, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары және коммерциялық бағдарламалар шеңберiнде "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2007 жылға арналған жоспарын, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтық ұшырудың 2007 жылға арналған жоспарын, сондай-ақ "Байқоңыр" ғарыш айлағынан әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшырудың 2007 жылға арналған жоспарын мынадай шартты сақтай отырып келiседi.
Зымыран-тасығыштардың және құрлықаралық баллистикалық зымырандардың бұрын пайдаланылған түрлерiн түрлендiрудi танытатын ғарыштық мақсаттағы зымырандарды "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру Қазақстан Республикасының қоршаған ортасына әсер ету бөлiгiнде (2005 жылғы 2 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоныр" кешенiн Ресей Федерациясының жалға алуы жағдайында оның аумағында экология және табиғатты пайдалану жөнiндегi келiсiмнiң 3-бабына сәйкес) Қазақстан Тарабымен келiсудi талап ететiндiгiн ескере отырып, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды ұшырудың экологиялық қауiпсiздiгi саласында қазiргi бар мәселелердi 2007 жыл iшiнде Тараптармен келiсудi қамтамасыз ету қажет. Осы мақсатта тиiстi жұмыс жоспарын әзiрлеген орынды.
Көрсетiлген Келiсiмде "Байқоңыр" кешенiнiң жалға алынған мүлкiне ажырамас жақсартулар енгiзудiң кезектi жылға арналған жоспары, сондай-ақ ағымдағы жылдың осындай жоспарының орындалуы туралы есебiн Ресей Тарапының келiсуге ұсынуы көзделмеген. Осыған байланысты ұсынылған 2007 жылы "Байқоңыр" кешенiнiң жалға алынған мүлкiне ажырамас жақсартулар енгiзу жоспары және 2006 жылы "Байқоңыр" кешенiнiң жалға алынған мүлкiне ажырамас жақсартулар енгiзу есебi қарауға қабынданған жоқ.

Байқоңырдан Бәйтерекке дейін…

9 Сәуір 2010 Автор: admin

«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы Мәжіліс қоржынында аз жатқан жатқан жоқ. Өткен жылы Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында қызу талқыға түскен Заң жобасын депутаттар биыл оны қабылдау барысында да біраз шүйлікті. Бір қарағанда, «Байқоңыр» ғарыш айлағын екі мемлекеттің мүддесіне одан әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша бірлескен қызметтің өзара пайдалы дамуы және халықаралық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2004 жылдың 9 қаңтарында қол қойылған келісімді қайта-қайта талқыға салып, созғылаудың қажеті жоқ болып көрінуі мүмкін. Десек те, мұнда мемлекет, ұлт мүддесіне қатысты аса өткір мәселелер бар екендігі аян.

Шегініс пен серпіліс

«Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстанның меншігі бола тұра, ол Ресейге ұзақ жылдарға жалға берілумен келеді. Біріншіден, қылышын айға білеген империяның Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен мемлекет болып кеткенімен де, оны өзі кигізген бодандық ноқтадан босатқысы келер емес. Екіншіден, өзіміздің қандайда бір ғарыштық өндірісіміз әлі толыққанды жасақталған жоқ. Үшіншіден, «Байқоңыр» ғарыш айлағының атына малданып, өзімізді ғарыш мемлекетіне баладық па, әлде заты болмаса да, аты жетеді, дедік пе, кім білсін, әйтеуір, елімізде ғарыш қызметімен жете айналысатын арнайы кәсіби құрылым болмады. Аэроғарыштық комитет болды, дегенмен, оның өзі министрліктен министрлікке беріліп, қақпақылға ұшыраумен болды. Осы кемшін тұстарымыз «Роскосмостың» жанына майдай жақты. Және Қазақстандағы ғарышқа қатысты мәселенің шешілуін өз қолында ұстап, кіріптар етіп қойғанды қалады.

Шала туып, тымақта өскен бала да қатарға қосылып кетпейтін бе еді? Байқоңыр қашанғы сорымыз болып, мешел баланың күйін кеше бермекпіз? Осы сауалдар көкейде қайнап жатты да, 2007 жылы Ұлттық ғарыштық агенттік құрылды. Осылай ғарыштық қызметпен кәсіби айналысатын мемлекеттік органның дүниеге келуімен «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалануда өз орнымызды айқындау бағытындағы жұмыс басталып та кетті.

Екі ел арасындағы бүгін бекітіліп отырған келісім шеңберінде зымыран-ғарыш қызметін жүзеге асыруға байланысты экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізу қажеттігін қарастырумен бірге, «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін әзірлеу және құру көзделетіні белгілі. Бір айта кетерлігі, 2004 жылғы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтерінің арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық жағынан жаңа, әрі таза «Бәйтерек» ракеталық-ғарыштық кешенін құру туралы келісімі 2005 жылы Қазақстан Заңымен ратификацияланған болатын. Сондықтан, «қазіргі кезде ғарыш айлағында кешенді құрудың жұмыстары басталды» деуге болатын сияқты. Әйтсе де, олай емес екен. Өткен жылы Мәжілісте Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев: - Алғашқы екі жылда Ресей «Бәйтерек» ракеталық-ғарыштық кешенін жүргізу мен құруда ештеңе жасаған жоқ. «Мұның себебі неде?» десек, 2004 жылғы екі ел арасындағы келісімде ракеталық-ғарыштық кешенін құруда Ресей Федерациясының жауапкершілігі туралы бірде-бір норма жазылмаған. Бәрі Қазақстанның мойнына жүктелген. Содан соң біздер батыл шаралар қабылдап, ракеталық-ғарыштық кешенді, оның даму мен құрылысының бас жоспарын құратын барлық ұйымдар мен кооперацияларда тиісті шараларды жасап, бекіту талабын қойдық. 100-ге тарта қол жиналып, Ресей федералдық ғарыштық агенттігі бекітті. Оны біздер де бекіттік, - деген-ді. Алайда, Ресейдің «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификацияламайынша бұл өзгерістерді мойындағысы келмегендіктен, күні бүгін жұмыс тоқтап тұр.

Көрші елдің көңіліне жақпай отырған басқа да мәселелер бар. Соның бірі - Байқоңырдағы «Зенит» зымыран-ғарыштық кешеніне қатысты мәселе. «Зенитті» кешелі-бүгін Ресей құрған жоқ. Ол сонау Кеңестер Одағынан бар. Олай болса, оған Ресей қалай иелік етсе, біз де сондай иелік ете аламыз. Бүгін осы келісімді пайдалана отырып, Қазақстанның экологиялық қауіпсіз ракеталық отынмен жұмыс істейтін «Зенит» зымыран-ғарыштық кешені базасында «Наземный старт» жобасын жүзеге асырушы «Халықаралық ғарыштық қызметтер» Ресей-Украин компаниясымен жобаға қатысуға байланысты жұмыс жасалуда. Бұл жобаға қатысатын болсақ, Қазақстан коммерциялық ұшылымдардан пайда тауып, өзінің мамандарының кәсіби біліктілігін көтеруге мүмкіндік алады.

Мұндай жобаны басқаруға қатысу бағытында Қазақстанның белсенділік көрсетіп, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуы, ең алдымен, «Роскосмос» пен Ресейдің басқа да тиісті орындарына мүлдем жақпай, ыршып түсуде. Бұрын-соңды ғарыштық саласы жоқ болып, өзіне тәуелді болып келген Қазақстанның өз ғарыш өндірісін дамытуға мүдделілік білдіруі Ресей Думасының жекелеген депутаттары мен басқа да бәзбіреулерге ұнамағаны сонша, олар да өре тұра бастады.

Бір ғажабы, Мемлекеттік Думаның депутаты Ненашевтің сөзі біздің Мәжілістің кейбір депутаттарын елеңдететін сыңайлы. Осы орайда мәжілісмен Владимир Нехорошев Мәжілісте Заң жобасы қаралғанда Ұлттық агенттік төрағасы Мұсабаевқа: «Біз сізді Қазақстан патриоты ретінде, Ресейде үлкен дайындықтан өткен өте жауапты адам ретінде білеміз. Сізге Ұлттық ғарыш агенттігін басқаруды ұсынғанда, сіз Қазақстанға оралдыңыз» дей келе, Ресей басылымдарындағы жарияланған ала-құла ақпараттар мен Ненашевтың сөзіне назар аудара, оның негізінде не бар екенін шұқылай сұрақ қойған-ды. Оны кімнің қалай түсінгенін білмейміз, ал, біздер оны қабылдай алмадық. Өйткені, ресейлік депутат Ненашев орыстың мүддесі үшін «бүйректен сирақ шығарғысы» келсе, мұның мәнісі - Қазақстанда ғарыш саласының дамығанына іштарлық көрсету.

Осы іштарлық дегеннен шығады, «KazSAT» спутнигін жасаған М. В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығындағылардың әрекетін бәріміз де білеміз. «KazSAT» спутнигінде орнатылғандардың бәрі де КБ «Марс», Ресей өндірісінікі болатын. КБ «Марс» - ғылыми жаңалықтар жасайтын эксперименттік кеңсе. Бірақ, элементтік базасы сыннан өтпеген, сенімділігі төмен. Құрастырушы бөліктердің бәрін де қалыпты шетелдің элементтік базалары жасайды. Ал, Ресейде 1991 жылғы күйреуден кейін жерсерігін құратын жоғары сапалы элементік база өндіретін база мен зауыттар жоқ. Сондықтан, біздің жерсерігіміздің қандай болып шыққаны белгілі.

«KazSAT» спутнигі қаңғып кетеді демей, ресейліктердің мықтылығына сенгеніміз соншалық, одан кейін ұшырылмақ «KazSAT-2» жерсерігін де келісім-шартқа сәйкес Хруничев орталығы жасауы тиіс болатын. Мұнымен қоса, бұрынғыға ұқсас «KazSAT-2» спутнигін дайындау мен құрудың 65 пайыздан астам ақысы төленіп қойылған. Мұны кері қайтара алмайсың, дегенмен, осыған байланысты Ұлттық ғарыштық агенттік басшылығы кәсіби кадрларды жинап, конструкциясын құрастырушы бөліктерін, жалпы алғанда, барлық көрсеткіштік аппаратурасын аса сенімді шетелдік техникаға ауыстыру туралы өз ұсыныстарын енгізіп үлгеріп, басқа елмен жұмыс істей бастады.

«Жаман үйді қонағы билейді». Соның салдарынан да Қазақстан азаматтарына түсініксіз жайлар аз емес. Мысалы, «Байқоңыр» ғарыш айлағына, тіпті, Байқоңыр қаласына рұқсаттаманы Ресейдің федералдық ғарыштық агенттігі ғана беруге құқылы болып, біз Байқоңырға үш қайнасы сорпасы қосылмайтын, беймемлекет секілді болып келген едік. Ал, «Байқоңыр» ғарыш айлағына өту тәртібі туралы келісім дайындалғанмен, оны Ресей бірнеше жыл бойы тоқтатып қойса, Ұлттық ғарыш агенттігінің Ресейдің федералдық ғарыштық агенттігі сияқты рұқсаттама беру құзыретіне ие болғаны енді ғана. Бұл ретте бір айта кететін мәселе - Ұлттық ғарыш агенттігі өз тарапынан рұқсаттама берген кезде, ол туралы Ресей жағына ескертіп айтады. Агенттік төрағасы: «Бұрын қай жағынан болса да, шегініспен келсек, енді шегінетін жер жоқ. Бәрін де айқаспен ғана жеңіп алуға тура келеді» деген-ді.

Өзгенің заңымен өмір сүреді

Проблема әлі де жетерлік. Байқоңырда тұратын халықтың 54 пайызы қазақстандықтардың Ресей заңдарымен өмір сүріп жатқандығы туралы. Осыған байланысты талай рет көтеріліп келе жатқан бір ғана өзекті мәселені айтсақ та жетеді. Байқоңырдағы орыс тілінде білім беретін мектептерді былай қойғанда, қазақ мектептерінің шәкірттері де Ресейдің бағдарламасымен оқытылып жатыр. Бұл мәселені биылғы жылдың ақпан айында Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов тағы да көтеріп, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған еді. Таяуда сол сауалға Үкімет басшысынан жауап келді. Сол жауапты қаз-қалпында берелік:

«Құрметті Жарасбай Қабдоллаұлы!

Сіздің Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде оқытатын мектептерді Қазақстан бағдарламасына көшіру мәселесін түбегейлі шешу және Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге қатысты сауалыңызға келесіні хабарлаймын.

Бүгінгі күні Байқоңыр қаласында жалпы білім беретін 14 мектепте 9674 оқушы білім алып, 928 педагог қызмет атқаруда. 14 мектептің 6-уы 5027 оқушысы бар қазақ тілінде білім беретін мектептер (4920 - Қазақстан азаматтары, 107 - Ресей азаматтары) . Педагогикалық кадрлар - 567.

Қазіргі таңда 6 мектеп Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі арасындағы 2006 жылғы 21 қарашада қол қойылған Ресей тарапынан қаржыландыратын Келісім аясында қызмет етеді.

2007-2008 оқу жылында қазақ мектептерінің 1-сыныптарына кезең-кезеңмен Ресей Федерациясының білім беру стандарты енгізіліп, бастауыш сыныптардың оқу жоспарлары бекітілді. Бұл оқу жоспарлары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2002 жылғы 24 қыркүйектегі № 693 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты негізінде жасалынған негізгі құжат болып есептеледі.

Оқу жоспарында 1-сыныптардағы «Ана тілі» («Сауат ашу»), «Дүниетану» пәндері, 2-4-сыныптардағы «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Дүниетану» пәндері Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті стандартымен оқытылады. Басқа оқулықтардағы Ресей Федерациясының білім беру стандарты негізіндегі тақырыптар мазмұны қазақстандық білім беру мазмұнына сәйкес өзгертілген, сондай-ақ, Қазақстанның төл оқулықтарымен ауыстырып оқыту қарастырылған.

Қазіргі кезде 1-3-сыныптар Ресей стандартымен оқуда. Қалған 4-11-сыныптар Қазақстан стандартымен оқиды және осы сыныптарды еліміздің төл оқулықтарымен, Қазақстан Республикасының білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарымен қамтамасыз ету жалғастырылады. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің 1-11-сыныптарында «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы», «Қазақстан географиясы» пәндері міндетті түрде еліміздің стандартымен оқытылады. 2006 жылы Ресейдің 254 оқулығы 412 млн. теңге мөлшеріндегі қаражатқа қазақ тіліне аударылды.

Байқоңыр қаласындағы 6 мектеп жыл сайын республикалық бюджет есебінен қайта басылған оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етіледі. 2009 жылы 2-сыныпқа арналған қазақ тілі мен әдебиетінен 800 оқулық және 560 оқу-әдістемелік кешен жолданды.

Педагог мамандар Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында курстан өтеді және жыл сайын ұйымдастырылатын мұғалімдердің педагогикалық тамыз кеңесіне қатыстырылады. Мектеп оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілетін республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысына жеке және командамен қатыстырылады. Мектеп бітірушілер республикалық бюджет есебінен Ақай ауылында салынған пунктте ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Қазақстан азаматтары санының артуына байланысты республикалық бюджет есебінен 1200 орынға арналған «Мектеп-балабақша» кешені салынып, жуық маңда іске қосылады.

Байқоңыр қаласында тұрып жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы Келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов».

Жауаптан ұққанымыздай, 2007-2008 оқу жылында қазақ мектептерінің 1-сыныптарына кезең-кезеңмен Ресей Федерациясының білім беру стандарты енгізіліп, қазіргі кезде 1-3-сыныптар Ресей стандартымен оқыса, 2006 жылы Ресейдің 254 оқулығы 412 млн. теңге мөлшеріндегі қаражатқа қазақ тіліне аударылыпты. Сонда бұл қай елдің мүддесі? Әрине, Ресейдің мүддесі. Егер Ресей Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алып отырса, одан кейінгісін болжамай-ақ қоялық. Ресей стандартымен білім алып, сол елдің тілімен, тарихымен сусындаған жас буынның Отаны да Ресей болмағанда қайтеді! Және сол өзін баулып, үйреткен, тәлімін берген елге қызмет етеді. Қазақ еліне жат болып өседі.

Ақиқатына келсек, қазіргі күні әңгіме Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі арасындағы 2006 жылғы 21 қарашада қол қойылған келісімде жіберілген қателікті түзетіп, ең болмаса 6 мектепті қаржыландыруды Қазақстанның өз мойнына алуы туралы болып отыр. Білім және ғылым есебі бойынша, бұл үшін жылына бір жарым миллиард теңгеден астам қаржы қажет болады екен. Сонда бұл қаржы үнемдеу ме? Қазақтың баласы қазақ болмай, кім болып, кімге қызмет етіп кетсе де, қыңқ демеу - «ұлт мүддесі адыра қалсын» дегендік пе?

Ғарышқа енді қашан ұшамыз?

«Келісімді ратификациялауға байланысты заң жобасын талқылау барысында сөз болған осы мәселелер бойынша алдағы уақытта заң жобалары болады ғой» дегенмен де, оның қашан болатынын біз білмейміз. Алайда, «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасының қабылдануы біздің өзіміз үшін қажет екені де анық. «Битке өкпелеп, тонымызды отқа тастаудың» және реті жоқ. Өйткені, келісімде «Байқоңыр» ғарыш айлағының инфрақұрылымын жаңғыртудың және оның тарихи маңызы бар нысандарын сақтаудың маңыздылығы танылады. Қазақстандық және ресейлік мамандар мен ұйымдар бірлескен жобаларды іске асыруға бірдей шарттармен қатысатын болады. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Келісім шеңберінде зымыран-ғарыш қызметін жүзеге асыруға байланысты экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізу қажеттігін қарастырып, сонымен бірге «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін әзірлеуді және құруды көздейді. Осы орайда келісімге қатысты Мәжілісте өткен бір басқосуда Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев:

- Бүгін «Байқоңырда» экологиялық жағынан таза «Бәйтерек» ғарыштық кешенін құру жұмыстары бас жоспар кестесіне сәйкес жүргізілуде. «Бәйтерек» Ресей әуелде белгілеген 40-шы алаңнан 100-ші алаңға көшірілуде. Біздер, мамандар таңдалған алаңды оңтайлап, неғұрлым дайындалған алаңға көшіру үшін үлкен жұмыстар істедік. Бұл - біздің «Боран», «Энергия» ұшырылған әлемдегі аса ірі ракеталық-ғарыштық алаң. Бұл бізге ракеталық-ғарыштық кешенін жасау мерзімін 2-2, 5 жылға қысқартып, шығынды шамамен 200 миллион долларға азайтады. «Бәйтерек» баршаға белгілі гептил, амил сияқты улы ракеталық отынмен жұмыс істейтін ғарыштық аппараттар мен «Протон» зымыран-тасығышын пайдалануды біртіндеп қысқартуға мүмкіндік береді, әрі «Байқоңырда» ғарыштық қызметтің экологиялық қауіпсіздігін едәуір көтереді. Келісімнің күшіне енуі «Байқоңырдың» Қазақстан мен Ресей екі елінің ұлттық ғарыштық бағдарламалары мүддесіне тиімді пайдаланылуына жағдай жасайды, - деп мәлімдеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Байқоңыр ғарыш айлағының көрінісі
Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы келісім – шарт
Байқоңыр ғарыш айлағының елімізге әкелген пайдасы
Байқоңыр қаласы әкімшілігі қызметі, жалға берілген аумақтағы мемлекеттік билік органдары қызметтерінің келелі сұрақтары, ерекшеліктері мен негіздері
Қызылорда облысында туризмді дамыту
Тарау «байқоңыр» ғарыш айлағының құрылуы және ресейге жалға берілуі
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ПЕРСПЕКТИВАСЫ
Байқоңыр қаласының статусы
Әлемдік ғарыш туризмінің жағдайы
Байқоңырдың экологиялық проблемасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz