Адвокатура мен адвокаттық қызметтің түсінігі мен маңызы


Кіріспе

Диплом жұмысы тақырыбының өзектілігі. Адвокатура әлеуметтік-құқықтық институт ретінде кез келген мемлекеттің азаматтық қоғамында ерекше орын алады. Сонымен қатар, өзінің негізгі қызметін заңдармен кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтардың құқықтық қорғалуын нығайтуға жәрдемдесуге бағыттайды. Адвокатура институтының жүйесі әр жақты және күрделі, сондықтан жан жақты талқылауды және талдауды қажетсінеді. Адвокатура деген аса маңызды қоғамдық институт әр мемлекеттің заңнамасынан, ішкі құқығынан орын тапқан. Азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз етуге тиісті құқық қорғау жүйесінде адвокатураға маңызды орын беріледі. Адвокатураның қызметі білікті заң көмегіне жүгінген азаматтар мен ұйымдарды сондай қызмет көрсету жолымен құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге тиіс. Білікті заң көмегін алу құқығын конституциямен кепілдендірілген қағида деңгейіне көтеру адвокатура қызметінің аса маңыздылығын көрсетеді. Адвокатураның сонау ерте заманнан қалыптасып, дамып келе жатқанынан оның сол кездегі қоғамдағы қаншалықты маңызды болғанын көруге болады. Ал қазіргі кездегі адвокаттардың рөлі туралы халықаралық құжаттар адвокатураның рөлі мен адвокаттардың мәртебесін одан әрі арттырмақ. «Адвокатсыз әділсоттың әділ болуы екіталай» - деп И. Я. Фойницкий бекер айтпаған[1, 42б. ] . Шынымен адвокатураның ең басты алдына қойған мақсаттары - заңға қызмет ету мен әділдік үшін күрес десек қателеспейтін шығармыз. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау халықаралық құқықпен кепілдендірілген. Адвокатура демократиялы құқықтық мемлекеттің тәуелсіз институты ретінде адамның құқықтары мен бостандықтарын, заңи мүдделерін қорғауға бағытталған.

Қорғауға ұсынылып тұрған дипломдық жұмыс - адвокатура және адвокаттық қызметке байланысты теориялық және тәжірибелік тұрғыдағы зерттеулерден тұрады. Бұл жұмыста Қазақстан Республикасының адвокаттық қызметінің құқықтық реттелуімен қатар шетел адвокатурасының құқықтық реттелуінің ерекшекліктері қарастырылған. Адвокаттық қызмет туралы қолданыстағы заңнама, яғни 1997 ж. 5 желтоқсандағы «Адвокаттық қызмет туралы» ҚР заңнамасына, сондай-ақ бірқатар шетел мемлекеттерінің, оның ішінде кейбір ТМД мемлекеттері мен кейбір батыс Еуропа мемлекеттерінің адвокатура және адвокаттық қызметіне қатысты заңнама актілеріне шолу жасалады. Барлық мемлекеттердің құқық жүйелері және заңдары бірдей емес. Сондықтан адвокатура және адвокаттық қызметті зерттеуде отандық тәжірибені ғана емес, шетел мемлекеттерінің осы саладағы тәжірибесін қарастырған пайдалы. Қазақстандағы адвокатураны және адвокаттық қызметті жетілдіру өте маңызды және ол үнемі даму қарқынында болып тұру қажет. Соған сәйкес отандық тәжірибе ғана емес, сонымен бірге шетел тәжірибесі елеулі көмекші рөлді атқарады. Тарихымыз ортақ көршілес ТМД мемлекеттері мен құқықтық жүйесі мүлдем басқа алыс шет мемлекеттерінің адвокатурасына бір шолу жасап шығу артық емес. Қазақстан Республикасы демократиялы даму жолына түскен мемлекет болып табылатындықтан, адвокатура институтының мәртебесін жоғары деңгейге көтеру мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Осы тұрғыда айтылғандардың барлығы сөзсіз диплом жұмысының өзектілігін айқындайды.

Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы және тәжірибелік маңызы. Осы зерттеудің ғылыми жаңалығы шетел мемлекеттерінің адвокатурасы мен адвокаттық қызметінің құқықтық реттелуін зерттеп, салыстырмалы түрде талдау болып табылады. Қазақстандық құқық ғылымындағы адвокатура саласында ұлттық адвокатураны шетел адвокатурасымен салыстыруға қатысты зерттелген тақырыптардың бірі болуымен ерекшеленеді. Жұмыстың тәжірибелік маңыздылығы өз кезегінде диплом жұмысының теориялық негізімен және дилпом жұмысында келтірілген ережелер, қорытындылар, ұсыныстармен сипатталады. Адвокатура мен адвокаттық қызметті болашақта одан әрі жетілдіру, шетел тәжірибесін тиімді пайдалану арқылы отандық адвокатура мәртебесін жоғары деңгейге көтеру маңыздылығы. Жұмыстың тәжірибелік маңыздылығы алынған нәтижелерді негізгі тақырып бойынша нормативті құқықтық актілерді дайындау мен заңнамалық іс жүргізу жолында пайдалануға және ұсыныстар жасауға бағытталған.

Шешілетін ғылыми мәселенің қазіргі кездегі жағдайының бағалануы. Аталған тақырыпты зерттеген ғалымдар Қазақстанда өте аз және өз кезегінде жете зерттелмеген. Адвокатура институтының әртүрлі мәселелерін зерттеуге көптеген ғалымдардың еңбектері арналған. Адвокатура институтының ғылыми аспектілерін қарастырғандар Васьковский Е. В., Рогов И. И., Соломов Б. С., Чашин А. И., Лубшев Ю. Ф., т. б. Ал отандық заңгерлерге келер болсақ, Сүлейменова Г. Ж., Тыныбеков С. Т., Алауханов Е. О., Халиков К., Воронина Л. В., Жамиева Р. М., Каиржанов Е. И.

Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты - ҚР мен шетел мемлекеттеріндегі адвокатура және адвокаттық қызметтің құқықтық реттелуінің ерекшеліктерін қарастыру және салыстырмалы түрде талдау. Осы тұрғыда шетел мемлекеттерінің заңнамаларына шолу жасау арқылы қазіргі таңдағы адвокатураның өзекті мәселелері қандай тұрпатта реттелетінін анықтау. Осы жұмыс барысында адвокатураның ең алғашқы пайда болуы мен қазіргі кезге жету деңгейін көрсетуге, адвокатураның мемлекетте алатын орнын анықтап, әр құқық жүйесінде ол қалай реттелетініне талдау жасау. Сонымен қатар, ҚР заңнамасын шетел заңнамаларымен салыстырмалы талдау арқылы біздің адвокатураның деңгейі анықталмақ.

Дипломдық зерттеудің тапсырмалары:

  1. Адвокатура және адвокаттық қызметтің мәні мен рөлін анықтау
  2. Адвокатура институтының қалыптасу мен даму тарихын зерттеу
  3. Қазіргі таңдағы адвокаттық қызметке қатысты халықаралық құқықтық стандарттарды қарастыру
  4. Ішкі мемлекеттік және шетел адвокатурасына шолу жасау
  5. ҚР адвокатурасы мен шетел адвокатурасын заңнама тұрғысында салыстырмалы талдау

Дипломдық зерттеудің объектісі. Зерттеліп жатқан диплом жұмысының объектісі болып адвокатура және адвокаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын қоғамдағы құқықтық қатынастар табылады. Ал зерттеу объектісінің бөлігі болып табылатын жұмыстың зерттеу пәні - шетел мемлекеттерінің адвокаттық қызметінің реттелуі және Қазақстан Республикасымен салыстыру арқылы оның ерекшеліктерінің анықталуы.

Дипломдық зерттеудің теоретикалық және әдістемелік негізі . Зерттеу кешенді сипатта болғандықтан жалпы зерттеу әдістері диплом жұмысында қолданылды. Атап айтқанда: салыстыру, талдау, тарихи әдіс және жүйелік әдістер. Берілген жұмыстың негізгі мақсаттарын шешу үшін қолданған басты зерттеу әдісі - салыстырмалы-талдау. Дәл осы әдіс арқылы, яғни ҚР адвокатурасы мен шетел адвокатурасын салыстырмалы құқықтық талдау нәтижесінде адвокатураның маңыздылығы, әр мемлекеттегі оның ерекше рөлі, заңнама тұрғысында реттелуі, жалпы адвокаттардың мәртебесінің деңгейі мен адвокатураның құқық жүйесінде алатын орны анықталады.

Зерттеудің тәжірибелік негізін адвокатура және адвокаттық қызмет туралы заңнамалық актілер, нормативтік - құқықтық актілер, халықаралық құжаттар, статистикалық мәліметтер, адвокатура курсы бойынша заңи әдебиеттер құрайды. Диплом жұмысының құрылымы тақырыптың мазмұны мен зерттеу міндеттерімен анықталған. Жұмыс бекітілген көлемде жасалынған және кіріспе, алты бөлімшеден тұратын екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Бірінші бөлімде адвокатура институтының қалыптасуы мен даму тарихына көңіл бөлінеді, сонымен қатар Францияның адвокатурасының дамуы мен қазіргі кездегі адвокаттық қызметінің реттелу ерекшеліктері қарастырылады. Екінші бөлім тәжірибелік сипатта болып, талдауға негізделеді.

1. АДВОКАТУРА МЕН АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ТҮСІНІГІ МЕН МАҢЫЗЫ

1. 1 Ежелгі замандағы адвокатура институтының қалыптасуы мен даму тарихы

Адвокатура деген аса маңызды қоғамдық-әлеуметтік институт қашан және қайда пайда болды. Бұл ерекше кәсіптің алғашқы бастамашысы кім, жалпы ол неге және не мақсатпен пайда болды? Адвокатура қалай дамыды? Ал адвокаттық гонарар түсінігі қашан пайда болды, неліктен адвокатура әрқашан мемлекеттен тәуелсіз болуға ұмтылды? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін ежелгі және ортағасыр тарих беттеріне үңілген жөн. Адвокатура ең алғашқы қай мемлекетте пайда болып және қалыптасты екен, кейін бүкіл әлемде қалай дамыды. Оның қажеттілігі қанша? Егер ежелгі кезеңде қалыптасып дамыса, онда сонау заманнан бері бұл институттың қаншалықты маңызды болғанын көруге болады. Әлемдік адвокатура мыңжылдық тарихқа ие. Оның негізінде адамдарға деген сүйіспеншілік, адамның жеке мүдделеріне деген сыйластық, біз адамгершілік деп атайтын түсінік қалыптасты. Гипократтың «Primum non nocere» - «Ең бастысы зиян келтірме» деген сөзі тек дәрігердің қызметіне ғана емес, адвокаттың қызметіне де қатысы бар. Кейбір зерттеушілер адвокаттық кәсіпке құдайлық сипат беріп, былай деген «Адвокаттық кәсіп-Құдай сөзіне жатады, ол құдай алдында адамның ұрпағын қорғаған болатын» ( Фио-де-ля-Марш), «Құдайдың сөзі адамзаттың бірінші адвокаты» (Гуссон) [2, 47 б. ] . «Адвокат» - бұл әрқашан жан-жақты және мәдени адам. Өз кәсібіне деген сүйіспеншілік, ұжымдылыққа ұмтылыс адвокаттарды басқа заңгерлерден ерекшелейді. Адвокатура тарихы терең ғасырлар түбінде жатыр, сондықтан қазір оның нақты біздің қоғамда қашан пайда болғанын анықтау қиынға соғады. Адам қоғамының заңи дамуының алғашқы сатыларында адвокатура қазіргі кездегідей нысанынан мүлдем өзгеше болды. Е. В. Васьковскийдің байқауынша: « Барлық әлеуметтік институттар секілді адвокатура да біртұтас ұйымдасқан түрде қалыптаспады. Жаңа туылған сәби тәрізді біртіндеп-біртіндеп өсіп жетілді » [1, 25 б. ] . Адам қоғамының дамуының алғашқы кезеңдерінде, құқықтық нормалардың әлі қарапайым болғанында, әр адам дауда өзін өзі бөтен адамның көмегіне жүгінбей қорғай алатын. Алайда қоғамның дамуымен өмірлік қатынастар күрделеніп, құқықтық нормалар өзгере бастады. Азаматтарға оларды меңгеру мен қолдану қиынға соқты. Енді оларға материалды және процессуалды құқықтың ерекшеліктерімен жақсы таныс адамның көмегіне жүгіну қажеттігі туындады. Заңдарды жетік меңгерген және құқықтық қорғау мен қолдауды жүзеге асыратын ерекше адамдар тобына сұраныс пайда болды. Адвокаттың кәсібі тіпті өз атауынан да ерте пайда болған. (лат. Advocatus, advocare - көмекке шақыру) 1. Сот істері бойынша сенімді өкіл, сотта қорғаушы. 2. Белгілі біреуді ауызша немесе жазбаша түрде қорғаушылықты жүзеге асырушы [3] . Адвокатураның пайда болуы алғашқы соттың және процесстің қалыптасуы кезеңіне жатады. Оңтүстік Африканың ежелгі тайпаларында адвокатураның бастапқы сипаттары көрінді десек те болатын шығар. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Африканың кафра деген тайпаларында талапкер сотқа қорғаушы қызметін жүзеге асыратын етіп өз туған туыстары мен достарын қорғауға шақыртуына рұқсат етілді. Түркияда кезінде муфтийлар деп аталатын ислам құқығын жетік білетін тұлғалар болды. Олардың міндеті мүдделі тұлғаларға заң кеңестерін беру. Муфтийлардың айтқан сөздері заң күшіне де ие болды.

Тарихта бізге Қытай, Жапония сияқты Шығыс елдері мен Азия елдерінде адвокаттық кәсіптің қалыптасуы туралы деректер сақталмаған. Бұл елдердің адвокатура институты Батыс Еуропа мен АҚШ мемлекеттеріндегідей бай тарихқа ие емес. Сақ, сармат, ғұн, аландар, ежелгі түркі халықтары және т. б. көшпенді халықтары әділсот, өкілдік ету институтын білмеді. Ежелгі Үндістан, Мысыр, ежелгі еврей мемлекеттерінде және ежелгі Грецияда сот қорғауының алғышарттарын көруге болса да, оның жүргізілуінің ережелері не жазбаша заңдар, не орныққан әдет-ғұрыптар жоқ. Ислам дінін ұстанушы мемлекеттерде ұқсас құқықтық құрылым болды, себебі олардың заңнамасы бір қайнар көз Құраннан шығып отырды. Ежелгі иудейлерде құқық дінмен теңестірілді. Өкілдік құқықтық институт ретінде болған емес. Ол кезде моральдық-этикалық нормалар әрекет етті. Кез келген қалаушы қорғаушы бола алатын. Бұл қасиетті міндет болып саналатын: «Қайырымды болыңдар, игі істерді көбірек жасаңдар, әділеттікке ұмтылыңдар, жетімдер мен жесірлерді қорғаңдар » деген ұрандар көп кездесетін[1, 15 б. ] . Адвокат сөзі латын тілінен шыққан, латынша - advocatus, advoco-шақырамын [3, 21 б. ] . Ежелгі Римде азаматқа өзін жеке немесе шақырылған өкілі арқылы сотқа қатысуына құқық берілген. Алғашқыда римдіктер «адвокат» деп- сотталушы немесе дауласушы тараптардың туыстары мен достарын атады. Тек империя уақытында бұл термин сот қорғаушыларына қолданыла бастады. «Клиент» сөзі де Римнің ежелгі тарихынан алынған. Клиент деп белгілі бір себептермен Римге көшіп келушілер, яғни римдіктерге жатпайтын сырттан келушілер немесе бай және атақты рим азаматтарынан қорғау мен көмек іздеген жағдайлары жоқ рим өкілдерін атаған.

Әр түрлі тарихи кезеңдерде адвокатураның әрекет ететін ұйымдастырушылық нысандары да әртүрлі болды. Бұл бөлек тұлғалардың бір бірімен байланысты емес және құқықтық нормармен реттелмеген жеке істері ретінде немесе ұжымдық топ түрінде көрініс тапты. Сонымен қатар, сот және билік органдарына тәуелді ұйым түрінде, не төмен дәрежелі қызмет түрінде немесе өз қызметін тек заңмен ретейтін тәуелсіз автономды корпорация түрінде атқарды. Адвокатураның ұйымдастырылуының жоқтығы және қоғамдық пікір нысанында бақылауының болмауы, әсіресе саяси бостандықтың болмауы кезінде адвокаттық қызметтің қанағаттандырылмаған түрін қалыптастырды.

Тарихшылардың еңбектерінен бізге, сот өкілдіктерінің құқықтық институты б. з. д VI ғ. соңғы жартысы мен V ғ. басында грек кіші Азия қалаларының аумағында Иония мен оның аралдарында, яғни гректер калонияларды шығарып, қалалар салып жатқан тарихи кезеңде қалыптасқаны белгілі. Бірінші адвокаттар өздерін - логографтар деп атады. Логограф, грекше - logos-сөз және grapho - жазамын, яғни сөздер жазатын тұлғалар[3] . Бірінші логографтар б. з. д. VI ғ. ортасында пайда болды. Логографтардың отаны-ғылым мен поэзияның гүлдену жері - Иония қаласы мен аралдар.

Ежелгі Греция. Ұлы антикалық философ өз трактаттарында « Өзін қолымен қорғай алмау ұят, ал сөзбен қорғай алмау екі есе ұят » деген[1, 49 б. ] . Ежелгі Греция астанасы Афиныда адвокатураның дамуына барлық мүмкіндіктер болды. Біріншіден ол мемлекеттің демократиялық құрылымы, оратор шеберлігінің гүлденуі, қалалықтарың қарқынды дамыған қоғамдық өмірі. Ежелгі Греция кезінен бізге Сократ, Перикл, Демосфен, Лизит және т. б. ораторлар сияқты про-адвокаттардың есімдері белгілі. Олардың сотқа қатысты жарыссөздері біздің күндерге дейін жеткен. Ежелгі уақытта іс жүргізуде жариялылық, ауызшалық және бәсекелестік бірінші орынға қойылды. Әр тарап сотқа жеке өздері келіп өз құқықтарын өз бетінше қорғап отырды. Алайда нағыз адвокатура одан кейін дамыды. Адвокатура қарқынды түрде Афиныда дамыды. Басқа грек қалалары бұл салада дамуда артта қалып отырды. Мысалы, Спартада әскери ұйым салдарынан қоғамдық өмірдің дамуы үшін жағдай болмады. Сот өндірісінің жария және ауызша түрде жүргізілуіне байланысты қылмыстық және азаматтық процесстерде жарысу принципіне сәйкес заң білімі және шешендік өнері жоқ тұлғаларға сотта қорғалу қажеттігі туындады. Сот процессінде ерекше маңызды орында тіл байлығы тұрды. V ғасырдың соңынан бастап Афиныда логографтар деп сотта дауласушы тараптарға сөз дайындаушыларды атай бастады. Ең атақты логограф Лисий болды. Сол кездерде тіл шеберлігі сот саласында маңызды рөл атқарды. Судьялар қарапайым азаматтар, заңнама бойынша түсінігі аз тұлғалар болғандықтан, олардың басты назары дауласушылардың тіл байлығына аударылды. Сондықтан, нашар сөйлеу істің жеңілісіне алып келуі ықтимал еді. Осылайша азамат өзін-өзі сотта жеке қорғауы керек болды, алайда тіл шеберлігі нашар болған кезде, ол алдын-ала дайындалған, яғни логограф жазған сөздерді жаттап алып, сотта айтатын. Басында мұндай сөздер туыстар мен жақын адамдарға жазылған, ал кейін оларды ерекше түрде логогрфтар деп аталатын тұлғаларлар жазатын болды. Бірінші кәсіби логограф Антифон (б. з. д. V ғ. ) болды. Амиан Марцеллин мен Плутархтың айтуларынша ол сот жарыссөздерін құрастырғаны үшін ақы алу әдетін алғаш рет енгізді. Оның ізін бірталай атақты логогрфтар қуды. Олардың ішінде атақты ораторлар: Лизий, Исократ, Эсхил, Демосфен [1, 55 б. ] . Адвокатураның алғашқыдай нысаны Грецияда осылайша болды. Ол республиканың соңына дейін осы түрінде қала берді. Алайда логография сот қорғауын толық қанағаттандырмады. Бүкіл шығарманы жатқа айту қиынға соқты. Логография тек айыптау және талап сөздеріне тарады және қорғау сөздері мен жарыссөзге шектеулі және жеткіліксіз қолданысқа ие болды. Логография ауызша сөздердің орнын баса алмады. Оған қоса қылмыстық істерге қорғаушылардың қатысуын жалпы әділеттіктің өзі талап етті. Соған сәйкес бір жағынан логографияның жеткіліксіздігінен, екінші жағынан әділдіктің талап етілуі соттардың енді белгілі бір жағдайларда дауласушы тараптарды ауызша қорғауға бөтен тұлғалардың тартылуына рұқсат беруіне алып келді. Тараптар бұрынғыша сотқа келіп, жарыссөздер жүргізуі қажет еді, сонымен бірге оларға бірінші сөзді айтып болған соң, соттан екінші сөзді бөтен тұлғалардың біреуі айтуына рұқсат сұрауына болатын еді. Кейінірек Афиныда қазіргі заманғы прокуратура бейнесі пайда бола бастады. Жеке айыптаушыға ораторлар арасынан бір немесе бірнеше көмекшілер таңдап алуға рұқсат етілді. Жеке арызданушылар болмағанда, жоғары үкіметтік мекеме аса маңызды жағдайларда ресми айыптаушыларды тағайындайды, олардың атаулары-категорлар мен синегорлар. Тараптар сотқа жеке өздері келуге міндетті еді. Алайда бірінші сөзін айтқан соң, соттан екінші сөзді бөтен тұлғалардың біреуі айтуын сұрайды. Екінші сөз-девтерология деп аталды. Осылайша, логографияны жазумен бірге ауызша қорғау да дамыды. Басында туыстық түрде, кейін еркін келісімдік түрде. Ақырында ауызша қорғау «мылқау» адвокатураның орнын басты. Бұл әдіспен екі түрлі мақсат жүзеге асырылды. Өзін жеке қорғау принципі толық әрекет етті және бөтен тұлғалармен көрсетілген құқықтық көмек жүзеге асырылды. Сотта өзін жеке қорғау қағидасын бекіткен Солон заңдары VI ғ. басында шықты. Тура 100 жылдан соң Мильтиада процессінде сотта туыстық қорғауға жол берілді. Мильтиад мемлекеттік опасыздық үшін айыпталып, алайда соғыста алған ауыр жарақаттар салдарынан, сөз сөйлеуге мұршасы болмады, сондықтан қорғауды оның ағасы Стесагор жүргізді. Антифонның тетралогиясының 1 бөлігінде былай делінген: «сотталушы сотқа келмегендіктен біздер оның достары ретінде оның қорғауына шығуды өзіміздің қасиетті парызымыз деп санаймыз » [2, 47 б. ] . Лизий Ференик жағында айтқан сөзінде өзінің іске араласуының себебін сотталушымен достығының барымен түсіндіреді. Изейдің сөздері де осылай басталады. Олардың біріншісінде былай делінген: «Агнон мен Агнофей менің достарым, сондықтан оларға көмектесуді жөн санадым »[1, 60 б. ] . Осындай сөздердің барлығында не достары, не туыстары туралы айтылған. Исократ та алғаш рет синегор ретінде бөтен тұлғаларды жіберуге рұқсат беруді көздеді. Демосфеннің алғашқы логографиясы сотталушыны қорғауға достарымен бірге бөтен тұлғаларды жіберуін түсіндіруге мүмкіндік берді. Дионисидорға қарсы сөз былай аяқталады: « Мен өзімді бар мүмкіндігіммен қорғадым, енді достарымның біреуі менің пайдама бірнеше сөз айтуын қалаймын. Кәне, Демосфен » [1, 91 б] . Бұл жерден көріп тұрғанымыздай дауласушы тарап досы сияқты қорғаушы ретінде лигографияның авторының өзін шақырып тұр. Демосфен шынымен де Дарияның досы болып келе ме, оны ешкім білмейді және ол маңызды да емес. Бұл жағдайдан байқайтынымыз, талапкерлер мен жауапкерлер жалған достары арқылы өз мүдделерін қорғауға бет бұрған. Олардың қуанышына сот арыздарды бақылап отырмады, сондықтан тараппен анықталған кез келген тұлғаны қорғаушы ретінде қатыстыра берді. Грек адвокатурасының қалыптасуы мен дамуының процессі осылайша жүрді. Логографиямен бірге, бірінші туыстық адвокатура, кейін келісімдік қорғау түрінде ауызша қорғаушылық пайда болды. Грек адвокатурасының тағы бір қырын атап өтпеуге болмайды. Ол дегеніміз ораторлардың сөздерінің көбі дөрекі болуы, сыпайы сөйлей алмауы, ақылға сай емес сөздердің жіберілуі, сөздердің тура және намысқа қатты тиетін болуы. Ораторлы қызығушылықта адвокат не өз қарсыласының, не оның анасы және жұбайының ар намысын, не тыңдаушылардың ұяңдығын аямады. Азаматтық істерде адвокаттар азды-көпті біршама ұстанымды және тыныштау болатын, ал қылмыстық істерде қолдағы бар амалды қолданып, сөз шеберлігімен қарсыласын барынша басып отырды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ҚР адвокатура қызметінің құқықтық негізі
Адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі
Адвокатура және адвокаттық қызметтің түсінігі және ұйымдастыру қызметінің негізгі қағидалары
Ежелгі замандағы адвокатура институтының қалыптасуы мен даму тарихы
Адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтық жағдайы
Адвокатура ұғымы және міндеттері мен адвокатураның ұйымдық құрылуы
Азаматтық іс жүргізудегі адвокаттың құқықтық жағдайы
Адвокаттың азаматтық-құқықтық дауларға қатысуы
Адвокаттың азаматтық процеске өкіл ретінде қатысу мәселелері
Адвокатура қызметінің құқықтық мәртебесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz