Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері


Пән: Өнер, музыка
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 821. 512. 122 - 13. 09 Қолжазба құқығында

ҮСЕНОВА АЙГҮЛ ӘБДІМҮТӘЛІІІҚЫЗЫ

Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы:

дәстүр және даму үрдістері

10. 01. 02 - қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу

үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Астана, 2010

Жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.

Ғылыми кеңесші филология ғылымдарының докторы,

профессор Д. Қамзабекұлы

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор А. С. Еспенбетов

филология ғылымдарының докторы

С. Жұмағұлов

филология ғылымдарының докторы

С. Ержанова

Жетекші ұйым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті

Диссертация 2010 жылы «27» қарашада сағат 14 00 -де Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 10. 01. 02 - қазақ әдебиеті және 10. 01. 07 - салыстырмалы әдебиеттану мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 14. 31. 03 диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 010008, Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 5, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кітапханасының ғимараты, А. Сейдімбек атындағы ғылым залы.

Диссертациямен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы «27» қазанда таратылды

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы М. Б. Шындалиева

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Поэзиялық шығарма - жай сөз емес, жүйелі сөз, сымбатты да сұлу сөз. Оның ішкі сарайының салтанатын көрсететін сыртқы ырғақтық-интонациялық, әуенділік-әуезділік сипаттары екендігі әркімге аян. Поэзиялық шығармалардың біржақты, яғни ішкі тақырыптық-идеялық, көркемдік-бейнелілік жүйесінің ғана зерттеліп келуі ақынның дара тұлғалық шеберлігі мен өлеңнің интонация ғана аша алар терең де нәзік сырларын таныту мәселесін толық шеше алмады. Поэзиялық шығарманың ішкі болмысы сыртқы түрі арқылы көрінетіндіктен оның ырғақтық-интонациялық, әуендік-әуезділік жүйесін ғылыми тұрғыда зерделеп, жеке ақынға тән оларды жасау шеберлігін таныту қашан да өзекті.

Қазіргі поэзия халық өлеңдерінен интонациялық тұрғыдан өзгеше, оның экспрессивті-эмоционалды жүйесі әлдеқайда бай, әлдеқайда күрделі. Қазіргі поэзиядағы әрбір өлең өзінің интонациялық-мелодикалық жүйесіне берік байланып, идеялық жүктің едәуір бөлігін көтереді. Өлеңнің мазмұны мен формасының арасындағы сабақтастық күшті сезіледі. Қазіргі талантты қазақ ақындары да өлеңінің тереңінен сыр тартып, ішкі болмысын дөп басып, дәл көрсететін түрді табу бағытында мақсатты түрде ізденетіндігі байқалады. Ол туралы көптеген дарынды ақындар айтып та, жазып та жүр. Сондықтан жеке қаламгердің түр жасаушылық шеберлігін саралау, оның шығармасының ішкі болмысы мен сыртқы түрінің арасындағы сабақтастықтың деңгейін анықтау, жаңа ырғақтық жүйемен жазылған дербес шығармаларда оның құрылымы ішкі мазмұнды ашуда қаншалықты түрленгенін, оның қандай әдістер мен амалдар арқылы көрінетіндігін, қазақ өлең құрылымындағы бұрыннан бар дәстүрлі құрылымдық түрленудің қайсысының негізінде жасалған, қандай жаңалықтың белгісі бар, ол белгі дәстүр болып бекінуде қаншалықты өміршең деген мәселелер қазақ әдебиеттануында шешілуге, кеңінен ашылуға тиісті мәселелер.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - қазіргі поэзияның құрылымдық жүйесіндегі сан ғасырлық дәстүрлер тоғысын көрсету. Сол дәстүрлерден тамыр тартқан қуатты поэзияның жаңа сипаттарын анықтау. Осы екі мақсаттың мазмұнын толыққанды көрсететін міндеттер қойылды:

- поэзиялық шығармалардың құрылымдық дамуын дәстүр мен жаңашылдық аясында жаңаша зерделеу;

- қазақ өлеңінде осы күнге дейін бекінген құрылымдық дәстүрлерді анықтау және оның даму үрдістерін саралау;

- поэзияны құрылымдық даму тұрғысынан маңызды кезеңдерді анықтап, осы ырғақтық-интонациялық жүйелер дамуының дербес ақындардың шығармашылығында көрінуін талдау;

- қазіргі өлеңдердің ырғақтық-интонациялық жүйесі өзгеріп, бұрынғы поэзиядан едәуір алға кеткендіктен оның құрылымдық сипаттарына сай пайда болған жаңа теориялық ұстанымдарды айқындау;

- поэзиядағы дәстүрлі ырғақтық жүйелердің түрлену мүмкіндігін байыптау;

- поэзиядағы жаңа ырғақтық жүйелерді, өлшемдердің жана ырғақтық сабақтастығын, жаңа ұйқас өрнегі мен дыбыстық үндестіктердегі, ұйқас негіздерінің грамматикалық тұлғалануындағы жаңашылдықты жекелеген ақындар шығармашылығы арқылы пайымдау;

- қазіргі поэзияда жекелеген ақындардың шығармашылығы аясында көрініп жүрген дәстүрден тыс ырғақтық жүйелерді ғылыми тұрғыда зерделеу:

- соңғы жылдары көрініп жүрген құрылымдық даму арналарын талдау;

- қазіргі өлеңдердің шумақталуының алғышарттарын анықтау;

- қазіргі поэзиялық шығармалардың ішкі әлемін танудағы сыртқы құрылымдық сипатының маңызды рөлін таразылау;

- жалпы қазақ өлең құрылымының интонациялық-мелодикалық бай мүмкіндігінің молдығын дәлелдеу.

Зерттеу нысаны. Қ азіргі қазақ поэзиясының құрылымдық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланған көрнекті ақындардың шығармаларымен қатар поэзиядағы дәстүр табиғатын тану үшін «Күлтегін», «Тоныкөк» сияқты ежелгі түркі әдеби ескерткіштері, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен Шалкиіз, Бұхар, Махамбет шығармалары, А. Құнанбайұлы, Ш. Құдайбердіұлы, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Қ. Аманжолов, С. Мәуленов, М. Сатыбалдиев, Т. Айбергенов өлеңдері мен қазіргі көрнекті ақындар Ж. Нәжімеденов, М. Мақатаев, Ж. Жақыпбаев, Қ. Мырзалиев, М. Шаханов, Ф. Оңғарсынова, Т. Медетбек, Е. Раушанов, Ұ. Есдәулет, Б. Серікбаев, И. Оразбаев, Т. Әбдікәкімов, С. Ақсұңқарұлы, Г. Салықбай, М. Райымбекұлы, Б. Беделханұлы, Т. Ешенұлы поэзиялық шығармаларына негізделеді.

Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында типологиялық-салыстырмалы, сипаттамалы, жекелей талдау, аналитикалық саралау, әдеби зерделеу әдістері мен жіктеу, сараптау жүйелеу тәсілдері пайдаланылды.

Зерттеудің жаңалығы. Зерттеудің ұсынған негізгі жаңалықтары - қазақ өлеңінің құрылымдық дамуы дәстүр мен жаңашылдық аясында мазмұн мен түр сабақтастығын тұтастықта қарастырылуы, қазақ өлеңінің құрылымдық дамуы дәуірлерге жіктеліп, сол дәуірлерде поэзиядағы негізгі ырғақтық-интонациялық дәстүрлерінің айқындалуы, өлеңнің құрылымдық жүйесінде соңына дәстүр қалдырған талантты ақындардың тұлғасы анықталып, олардың шығармалары мазмұн мен түр бірлігі тұрғысында зерделенуі, саяси-қоғамдық жүйенің өзгеруіне орай поэзия да бұрын беймәлім болған беттерін ашып, өзінің құрылымдық бастаулары болып табылатын ежелгі сақ, ғұн тайпаларының әдеби ескерткіштері мен көк түркілердің әдеби жәдігерлерінің мелодикасы қазіргі ақындардың бірқатарының шығармашылығында құрылымдық негіз ретінде көрінуінің және түрлену ерекшелігінің ғылыми негізінің жасалуы, қазақ өлеңінің ырғақтық-интонациялық бай мүмкіндігін ашуда мақсатты түрде ізденген Абай мен Шәкәрімнің және қазіргі ақындардың құрылымдық үндестігінің жан-жақты саралануы, Сәкен мен Мағжанның кейінге дәстүр болып қаланған түршілдік жаңашылдығының жүйеленуі, өлеңтануда соғыс пен одан кейінгі ақындарының құрылымдық жаңашылдықтары кеңінен талдануы, осы кезеңнің тұтас ұлт поэзиясына дәстүр болып бекінген үрдістерінің саралануы, қазіргі өлеңтанудағы теориялық ізденістер ғылыми негізде талданып, бағалануы, жаңа қазақ поэзиясының құрылымдық жүйесінің даму арналары анықталуы, дәстүрлі өлшемдердің қазіргі поэзиядағы жаңаша түрленуі мен қазіргі өлеңдерге тән жаңа ырғақтық жүйелер жеке дара талданып, қазіргі поэзияның құрылымдық дамуының тұтас ғылыми кеңістігінің жасалуы, қазіргі өлеңдердегі тыныс белгілердің ырғақтық-интонациялық жүйені құнарландыру мүмкіндіктерінің саралануы, поэзиядағы жаңа ырғақтық жүйелер, канонды қазақ өлшемдерінің жаңаша сабақтастықтары анықталып, олардың мазмұнмен сабақтастық сипаты айқындалуы, поэзия жанрында жаппай сипат ала алмай, жекелеген ақындардың шығармашылығы аясында көрініп жүрген дәстүрден тыс ырғақтық жүйелер, ақ өлең, прозалық өлеңдер, ерікті өлең - верлибрлердің көріну ерекшеліктері сараланып, оларға тән ырғақтық-интонациялық, көркемдік-бейнелілік сипаттар ғылыми зерделенуі, дәстүрлі ұйқастардың қазіргі поэзияда қолданылу аясы мен түрлену мүмкіндіктері ғылыми жүйеге енгізіліп, талдануы, жаңа ұйқастар қатарының анықталып, олардың ұйқасу ретіндегі мазмұндық жүйенің мәнінің дәйектелуі, ырғақтық-интонациялық жүйенің күрделі сатысы шумақтардың түзілісіндегі жаңа сипаттардың тұжырымдалуы, поэзиялық шығармалардағы еріктілігімен ерекшеленетін шумақтардың ырғақтық-интонациялық композиция тұрғысынан талдануы. Жоғарыда атап көрсетілген қазіргі қазақ өлеңінің құрылымдық жүйесіне тән негізді мәселелердің ғылыми жүйеленуі бұл жұмыстың табысы.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеу барысында қазақ әдебиеті тарихы, әдебиет теориясы, қазақ өлеңінің құрылысы, түрік, орыс және өзге халықтар поэзиясының құрылымдық жүйесі мен жалпы көркемдік ерекшелігі бойынша зерттеу жұмыстарындағы ғылыми ұстанымдар мен теориялық тұжырымдар негізге алынады. Қазақ өлең құрылысының теориялық негіздерін қалаған ғалымдар Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмаилов, С. Мұқанов. Б. Кенжебаев, З. Ахметов, З. Қабдолов, М. Хамраев, Б. Уахатов, С. Негимов, сонымен қатар орыс өлеңтанушылары В. Белинский, В. Брюсов, Б. Томашевский, Л. Тимофеев, М. Гаспаров, В. Холшевников, Б. Гончаров, А. Мамонов, В. Баевский, А. Бушмин, Ю. Лотман, Ю. Тынянов, В. Орлицкийдің өлең құрылымының түрлі бағыттары бойынша ұсынған теориялық тұжырымдарына негізделеді. Қазақ әдебиеттануында дәстүр мен жаңашылдық мәселесін, оның қазақ әдебиетінің әртүрлі жанрларындағы және жеке ақын-жазушылар шығармашылығындағы көрінісін арқау еткен М. Әуезов, З. Қабдолов, С. Әшімбаев, М. Базарбаев, С. Қирабаев, Ә. Нарымбетов, Р. Нұрғали, Т. Кәкішев, Н. Келімбетов, Р. Сыздықова, М. Мағауин, Т. Әбдірахманова, Қ. Жүсіп, А. Еспенбетов, Т. Жұртбай, Қ. Әбдезұлы, Б. Кәрібаева, Ә. Бөпежанова, Т. Шапай, Қ. Алпысбай, Р. Тұрысбек, С. Абдрахманов, Ө. Әбдиманұлы, К. Бейбітова, Б. Ыбырайым, А. Шәріп, Б. Омаров, Д. Қамзабекұлы, С. Жұмағұлов, С. Ержанова сияқты ғалымдардың ой-тұжырымдары зерттеу жұмысының толыққанды болуына ықпал етті.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ өлеңінің құрылымдық мәселелеріне әдебиеттану ғылымында үлкен арна болып қалыптасуының басы тым ертеде жатқандығы белгілі. Оның тамыры Ш. Уәлихановтан басталып, беріде ХХ ғасырдың әр кезеңінде А. Байтұрсынов, Е. Ысмаилов, Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, С. Мұқанов, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Негимов, Б. Уахатов сияқты ғалымдардың келелі еңбектерімен, кемел ойларымен қазақ өлеңтануының негізі қаланған.

Қазақ поэзиясының ырғақтық-интонациялық жүйесінің белгілі бір кезеңдерін зерттеудің өріс алуы қазіргі өлеңтанудың жаңа бір бағдар алғандығын байқатады. С. Елікбаевтың «60-80 жылдардағы өлең құрылысы» атты, Б. Қабоштың «Қазіргі қазақ поэзиясының түрлік-бейнелілік ерекшеліктері (1980-90 жылдар лирикасы әдеби үдерісі контексінде) », Қ. Халмұрзаеваның «Поэзиядағы формалық ізденістер (1950-1970 жылдар) » атты филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялары сол кезеңдердің өлең жүйесіне тән негізгі мәселелерді ашып көрсете алған.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.

- Қазақ поэзиясын құрылымдық дәуірлеу ұлт поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдықтың сипаттарын терең танытады.

- қазақ өлеңдерінің құрылымдық бастаулары - халық ауыз әдебиеті үлгілері мен сақ, ғұн тайпаларының ерлік дастандары, көне түркі әдеби жәдігерлері «Күлтегін» мен «Білге қаған». Қазіргі шешендік сөйлеу мәнеріндегі (декламативті) ырғақтық-интонациялық жүйесі ерікті өлеңдердің құрылымдық негізі - қазақтың ежелгі жыраулық поэзиясы.

- Абай мен Шәкәрім қазақ өлеңінің құрылымдық жүйесін жай өлшем ретінде ғана түсінбей, өлеңнің ішкі мазмұнын ашатын ырғақтық-интонациялық жүйе ретінде оның болмысын терең тани білді.

- Мағжан мен Сәкен кезеңі поэзияда айнымалы ырғақ кестесінің алуан түрлі жасалу жолдарын ұсынды. Дәстүрлі өлең өлшемдерінің мол интонациялық мүмкіндігін танытты. Сәкен өлеңдегі үзіліс, тыныс белгілер жүйесі арқылы екпінді леп тудырудың мүмкіндігін қөрсетті. Тоғыз буынды өлшемнің келісті кестесі табылып, ырғақтық жүйенің негізінің бірі болып қаланды.

- ІІ дүниежүзілік соғыс кезеңінде поэзияда аса ұзын тармақтар пайда болып, лирикалық өлеңдердің ырғақтық-интонациялық жүйесі, яғни формасы оның мазмұнына жақындай түсті. Бұл кезеңнің үлкен табысы он буынды өлшемнің поэзияның құрылымдық негізі ретінде қалануы.

- өлең құрылысының дамуының жаңа бір сатысы - ерікті өлеңдердің екі түрлі интонациясының поэзияда үлкен айналымға енуі болды. Осы шешендік сөйлеу мен ауызекі сөйлеу интонациялары жаңа кезең ақындарының ырғақтық-интонациялық дәстүрі болып бекіді.

- қазіргі поэзиядан іргесін бөліп кете қоймаған жас жаңа қазақ поэзиясы қазірдің өзінде-ақ өзгеше мінез-болмысымен дараланады. Әсіресе, жаңа лирикалар соны өрнектерімен ерекшеленеді.

- шетел поэзиясының өрнектерін құрылымдық негіз ретінде байқап, түрлік ізденісін жан-жақты жүргізіп отырған ақындар да кездеседі.

- ерте замандардағы көктүріктер әуені қазіргі поэзияға интонациялық-мелодикалық жүйе ретінде бекіп, кең қолданысқа түскені байқалады. Олар тарихи тақырып аясында және жаңа идеялық арналарда сыналып жүр.

- шетелдерден келген қазақ ақындары да қазіргі поэзияның дамуына соны сүрлеу сала алды. Батыс әдебиетінің ықпалындағы олардың поэзиясы сол үрдіспен, еркін өлеңнің батыстық үлгісі верлибрлерді әкелді.

- дәстүрлі өлшемдер бұл кезеңде де поэзияны тұтастай алғанда өлеңнің ырғақтық-интонациялық жүйесінде басымдық танытып отыр. Бұл өлшемдер жаңа поэзияның интонациялық жүйесіне сай түрленген қалыпта көрінуде.

- талантты ақындар өз мазмұнын дөп жеткізетін түр іздеуде өлшемдердегі бунақтар сабақтастығын жаңаша құру арқылы немесе дәстүрлі өлшемдердің өзара өзгеше сабақтастыру арқылы жүзеге асырып отыр.

- дәстүрлі ұйқастар тармақ ішіндегі түрлендіру әсерімен өзгеріске түсіп, жаңаша ырғақтық-интонациялық жүйенің жасалуына негіз болып жүр.

- жаңа ұйқастар ұйқасушы негіздердің үндесу реті мен дыбыстық сапасына қатысты жасалуда. Қазіргі тармақтардың ұйқасу ретінің шығарманың мазмұндық жүйесіне тәуелділігі байқалады.

- қазіргі ақындар ұйқастардың әртүрлі грамматикалық формада берілуін құнттайды. Толымды ұйқастар дәстүрлі ұйқастар секілді төрт буынды емес, дыбыстық үндестік сапасын арттырып, ұйқасатын буын сандары бес-алты буынға дейін жетеді. Ұйқас негіздеріндегі буындарды мақсатты түрде сәйкессіздендіру үрдісі де қазіргі поэзияда кең тараған.

- бүгінгі поэзия өлеңді шумақтауда да көптеген еркіндікке қол жеткізген. Қазіргі ақындардың шығармаларына тән үрдіс шумақтардың дәстүрлі шумақтар сияқты бір-бірімен ырғақтық симметрия түзе алмайтындығы. Шумақ құрылымдарын бір-біріне ұқсатпай құру арқылы өлең ырғақтық-интонациялық жүйесін тақырыптық-мазмұндық, көркемдік-бейнелілік мәселелерін қамтитын ішкі жүйесіне жақындатады.

- қазіргі қазақ өлеңінде дәстүрлі төрт тармақты шумақтармен қатар бес және алты тармақты шумақтар құрылымдық айналымға молынан енген. Ол шумақтар поэзияда жаппай үрдіс алып, дәстүрге айналып отыр.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Қазақ өлең құрылымын дәуірлерге бөліп қарастыру арқылы оның ырғақтық жүйесінің дәстүр мен даму үрдістері арнасында тұтас зерделенуі бұл зерттеуді осы саладағы өзге ғылыми зерттеулерден ерекшелейді. Диссертация материалдарын жоғарғы оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттеріне қосымша оқу құралы ретінде, «Қазіргі қазақ поэзиясы», «Қазіргі қазақ поэмасы», «Қазақ өлеңінің құрылысы» сияқты арнаулы курстар мен жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығын талдауға негізделген жалпы әдебиет курстарында пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының жарияланымы мен мақұлдануы. Ғылыми зерттеу жұмысының негізгі мазмұны ғылыми басылымдарда, атап айтқанда, ҚР ҰҒА Хабарлары, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Яссауи атындағы ХҚТУ, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ, С. Торайғыров атындағы ПМУ, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ, ЕАГИ хабаршыларында, «Ақиқат», «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдарында, шетелдік жарияланымдарда жарық көрген мақалаларда, түрлі халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда жасалған баяндамаларда көрініс тапты.

Жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, бес бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

І «Қазақ өлең құрылысының даму кезеңдері». «Қазақ өлеңдерінің құрылымдық бастаулары» атты бірінші бөлімшесінде қазақ өлеңінің құрылымдық бастаулары айқындалады. Қазақ поэзиясы тақырыптық және көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан дәуірлерге жіктеліп, олардың дара сипаттары анықталып қойған-ды. Бұл мәселеде поэзияның сыртқы құрылымдық ерекшеліктерін айналып өткен. Қазақ өлеңін құрылымдық жағынан даму кезеңдеріне жіктеу, ол дәуірлерге тән негізгі сипаттарды айқындау оның даму деңгейін саралауға мүмкіндік беріп қана қоймай, поэзиядағы дәуірлер сабақтастығы, дәстүр жалғастығы сияқты маңызды мәселелерді ғылыми жүйелейді.

Қазақ өлеңінің ырғақтық-интонациялық бастауы ретінде жеті, сегіз және он бір буынды өлшемдер аталып, бұл өлшемдердің ырғақтық-интонациялық жүйесі ғалымдардың еңбектерінде кеңінен талданған-ды.

Жыраулар поэзиясын терең танып, жете меңгеріп, ерекше қадір тұтушы, жазушы-зерттеуші М. Мағауиннің мына бір ескертпесі орынды айтылған: «Жырау туындыларындағы тармақтар өздерінің буын саны жағынан алғанда үнемі біркелкі болып отырмайтыны мәлім. Және бұл кездейсоқ құбылыс емес, жырау поэзиясының өзіндік ерекшеліктерінің бірі. Алайда бұл жайға осы уақытқа дейін назар аударылған емес. Бұл мәселе қазақ өлеңінің құрылысын арнайы зерттеп жүрген ғалымдардың назарынан да тысқары қалған» [1, 147-б] . Ал жыраулар поэзиясының ырғақтық-интонациялық жүйесі өзгеше шебер құрылған. Оның себебі - толғаулардың суырып-салып айтылатын өзгеше табиғатында. Толғаулар - шешендік, яғни декламативті өлең интонациясының бастауы. Декламативті мәнер - шешендік өнердің сөз сөйлеу шеберлігінің жолы. Шынында жыраулар толғауларының ырғақтық-интонациялық жүйесі айнымалы ырғаққа құрылған еркін өлеңдердің бастауы ретінде қазақ өлең құрылысында әлі танылмады. Еркін өлеңдердің көрнекті үлгілері болып табылатын қазақ поэзиясының бір биік шыңы толғаулардың құрылымының теориялық тұрғыдан тұжырымдалып, бағасын алмауы түсінікті. «Жыраулар поэзиясының өзіндік ерекшеліктері бұл мұраны жасаған жыраулар заманының көнелілігінен, оның үстіне сол жыраулар ұстанған дәстүрдің көнелілігінен туады. Жыраулар қаруланған көркемдік әдістердің дені - көне, ескі түркілік» [1, 152-б], - деген жазушы тұжырымы жыраулар поэзиясының ырғақ жүйесінің арнайы зерттеліп, өзіндік биігінен көріне алмауының негізгі себебі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Өлең сөздің теориясы
ГҮЛНАР САЛЫҚБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ СІЗ СЕМАНТИКАЛЫҚ КОНЦЕПТІ
Қазақ әдебиетін тарихи дәуірлеу
Қ.-М. Жүсіп және ұлттық поэзияның зерттелу мәселелері
Төлеген Айбергенов поэзиясының көркемдік ерекшелігі
Қазақ әдебиеті және Зәки Ахметов
Иран-Ғайып шығармашылығы және қазіргі қазақ поэзиясы
Жүсіпбек Аймауытовтың көсемсөз мұрасы
Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұйқас тәсілдері
Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ – ӘДЕБИЕТ СЫНШЫСЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz