Математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту


КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Елімізде болып жатқан өзгерістер білім жүйесіне де әсерін беріп отыр. Ел басшысы «Жаңа әлемдегі - жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында, бастауыш және орта білім беру, сондай-ақ мамандарды қайта даярлау жүйесін әлемдік стандарттарға жақындату қажеттігін айтып, «Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек», - деді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Елбасы оқытудың, әр білім алушының білімі мен қабілет деңгейінің тиімділігін бағалаудың біртұтас жүйесін жасау; он-лайн тәсілінде оқыту тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құру; оқу жоспарларына жаратылыстану ғылымдары бойынша, бірінші кезекте, математика мен ақпараттанудан қосымша сағаттар немесе пәндер енгізу керек екендігін атап көрсетті [1, 13 бб. ] . Ендеше, еліміз сенім артып отырған бүгінгі студент, ертеңгі мамандар жаңа заман талабына сай, терең білімді, пайым-парасаты мол, өрелі жастар болуы керек. Ол үшін білім, ғылым және өндіріс үрдістерінің өзара байланысын қамтамасыз ететіндей білім саласын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан дамыту қажет.
Қазіргі кезде адамдық фактор өнеркәсіп үрдісінде ғана емес, өмірдің барлық саласында бірінші орында тұрғандықтан барлық құндылықтар мен жаңалық ашулар арасында алмасулар жүріп жатыр. Адами фактордың шексіз мүмкіншіліктерін пайдалану жолындағы талпыныстың адамға тоғысуы, А. А. Вербицкийдің айтуы бойынша, « . . . білім беру саласында жаңа ерекшеліктердің пісіп жетілуіне, адамдарда адамгершілік қасиеттің, мәдени байлықтарды иеленіп қана қоймай, оны дамытып, белгілі бір мақсатта қоғамның дамуы жолына құмарлық мәдениетті бойына сіңірген адамның қалыптасып келе жатқанының белгісі» [2, 7-8 бб. ] .
Дәстүрлі оқыту хабарламалық тұрғыда (іс-әрекеттік емес) теориялық білімді меңгеруге бағытталады. Сондықтан дәстүрлі оқытудағы хабарламалық үлгі мен теориялық білімді кәсіби іс-әрекетте қолдану қажеттігі арасында қайшылықтар туындайды. Г. Л. Ильиннің пікірінше, білім алушыға берілетін білім мен олардың дүние танымдары әлеуметтік негізде ұштаса жүргізілуі керек. Ғылыми білімнің әлеуметтік жағдаймен ұштасуы оқыту мәселесіне басқаша қарауды - іскерлікпен, прагматикалықпен, кейінге қалдырмай, дереу іске асыруды қалайды [3, 18-19 бб. ] .
Қазіргі жоғары оқу орнында оқытудың белгілі бір әдістемелік дәстүрлері қалыптасуына қарамастан, оқытудың жаңаша әдістерін іздестіру, студенттердің ойлау қабілетін дамыту жолдарын, өздігінен іздену, коммуникативтік қабілетін, адамдарды басқара білу қабілетін дамыту жолдарын іздестіру әрекеттері жүріп жатыр. Атап айтқанда, іргелі пәндерді оқыту мәселесіне жаңаша әдістер керек (оның ішінде, жоғары математикаға да), өйткені, бүгінгі әлемдік өндірістік технология бірсыпыра ғылыми жетістіктерді пайдалануда.
Педагогикалық әдебиеттер мен біліктілік тәжірибені теориялық талдаулар көрсеткеніндей, жоғары мектептің дамуы - оқу үрдісін басқару мәселесіне белсенді әрекет ету арқылы шешілуі мүмкін. Осы бағыттағы ізденістер жеке даралық, әрекеттік педагогикалық технологияның пайда болуына негіз болды. Бұл жаңа бағыт педагогикалық құрылымның тиімді түрін құрастырып, алға қойылған оқыту мақсаттарына жету жолын қамтамасыз етеді. В. Ф. Башарин [4], В. П. Беспалько [5], В. И. Боголюбов [6], Т. А. Ильина [7], М. И. Махмутов [8], В. М. Монахов [9], Н. Ф. Талызина [10], Ф. Янушкевич [11], А. Е. Әбілқасымова [12-15], Ә. К. Қағазбаева [16], Д. Рахымбек [17], A. M. Мүбәраков [18-19], Ж. А. Қараев [20], Е. У. Медеуов [21] және тағы басқадай әдіскер ғалымдардың зерттеулеріне талдау жасау, педагогикалық технологияның әртүрлі теорияларының негіздеулері болатынын көрсетті. Мысалы, проблемалық оқыту теориясы (С. И. Архангельский [22], A. M. Матюшкин [23], М. И. Махмутов [24] және т. б. ), бағдарламалық оқыту теориясы (А. Н. Ланда [25], Н. Ф. Талызина [26] және т. б. ) дидактикалық бірліктерді ірілендіру (П. М. Эрдниев [27] ), дамыта оқыту (В. В. Давыдов [28], Л. В. Занков [29], Д. Б. Эльконин [30] ), тұлғалы-іс-әрекетті оқыту (И. С. Якиманская [31] және т. б. ), дербес-саралап оқыту (Ю. К. Бабанский [32], В. А. Гусев [33], Л. Я. Зорина [34] және т. б. ), белсенді оқыту (Н. В. Борисова [35], A. M. Смолкин [36], И. М. Сыроежин және А. А. Вербицкий [37] және т. б. ), ойын арқылы оқыту (Н. К. Ахметов және Ж. С. Хайдаров [38], Г. П. Щедровицкий [39] : және т. б. ), модульдік оқыту (Дж. Расселл [40], М. Л. Гольдшмид [41], К. Я. Вазина [42], В. В. Карпов және М. Н. Катханов [43], П. А. Юцявичене [44], Д. У. Байсалов [45], Б. Б. Досанова [46], М. М. Жанпейісова [47] және тағы басқалары) енеді.
Кейбір зерттеушілер модульдік оқытуды жеке-даралық қатынасты жүзеге асыру тәсілі ретінде қарайды (М. Д. Миронова [48] ), жоғары оқу орындарында шетел тілін модульдік оқытуға арнаған (В. Ю. Пасвянскене [49] ), болашақ инженерлердің білім мен іскерлігін дипломдық жұмыстарды модульдік жобалау арқылы жүйелеу мәселесіне арнаған (М. Г. Тересявичене [50] ), гуманитарлық пәндерді модульдік оқытуда ұлттық мәдениет үлгілеріне сүйену мәселесі қарастырылған (Л. А. Харисова [51] ), кәсіби мектептердегі проблемалық-модульдік оқытудың теориясы мен технологиясын зерттеуге арнаған (М. А. Чошанов [52] ), педагогикалық жоғары оқу орнында математик-студенттерді әдістемелік дайындауда модульдік оқытуды пайдаланудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеуге арнаған (Д. У. Байсалов [45] ), Модульдік оқытудың теориялық мәселелері [53], тәжірибе жүзінде көбіне АҚШ және Батыс Еуропа университеттері мен техникалық жоғары оқу орындарында пайдаланылады [54], Ал, Ресейде (М. А. Анденко [55], В. Ф. Башарин [56], Г. В. Лаврентьев [57] және т. б. ) модульдік оқытудың кәсіптік білім беру жүйесінде қолданылуы тарихи түрде қалыптасқан.
Жоғары оқу орындарындағы оқыту технологиясының қалыптасқан теориясын талдау, модульдік-рейтингтік оқытудың ерекше технология екенін көрсетеді, яғни ол дидактикалық жүйеге тән барлық бөліктерді қамтып, оқу үрдісінің барлық кезеңдерін, құрылымдық және оқыту мазмұнын жүйелі түрде жеткізуге, модульдер мен модульдік бағдарламаларды жобалауды алгоритмдеуге, олар арқылы оқу-танымдық іс-әрекетін циклдік және бағытты басқаруға мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жұмыс іс-тәжірибелерін талдау, жоғары оқу орындарында мамандарды дайындаудың бастапқы кезеңінде (әсіресе, математикалық пәндерді оқытуда) бірталай қиындықтар кездесетініне байланысты (жаңа ақпараттың өте көлемді болуы, жаңа ұғымдардың көптігі, студенттер санының көп болуы) модульдік оқытудың қолданылмайтынын көрсетті.
Бірақ математикалық пәндердің (ойлылық, құрылымдық, жан-жақтылық) өзіндік ерекшеліктерінің болуы, модульдік-рейтингтік технологиямен оқытуды пайдаланудың қажеттігін дәлелдейді.
Қазіргі таңда математикалық пәндер циклінде модульдік-рейтингтік технологиямен оқытуды ұйымдастыру мәселесі аз зерттелген болып қалуда, мамандарды дайындаудың бастапқы кезеңінде модульдік-рейтингтік оқытуды пайдаланудың дидактикалық ерекшеліктерінің толық анықталмаған, математикалық пәндер үшін модуль мен модульдік бағдарламаларды құрудың ережелері даярланбаған, модульдердің тым аздығы байқалады, модульдік-рейтингтік оқыту құралдарын оқытудың белсенді әдістерімен үйлестіру мүмкіндігі терең зерттелмеген, математикалық пәндер бойынша модульдік-рейтингтік технологиямен оқытуды қолдану мен маманды түбегейлі дайындау сапасының арасындағы тәуелділік туралы мәселе әлі тексерілмеген болып қалып отыр.
Сонымен, жоғары оқу орындарында математика курсын модульдік-рейтинггік технологиямен оқыту әдістемесін даярлаудың қажеттілігі мен осы мәселенің ғылыми-теориялық негіздерінің аз зерттелуінің арасындағы белгілі дәрежедегі объективті қарама-қайшылықтардың бар болуы қарастырылып отырған мәселелердің көкейкестілігін айқындайды.
Оқыту теориялары мен тәжірибелерінің жаңа беталысына сай математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту әдістемесін құрудың қажеттілігі біздің зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: «Жоғары оқу орындарында математика курсын модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың әдістемелік ерекшеліктері» деп алуымызға себеп болды.
Зерттеу мәселесі: модульдік оқытуды жүйе ретінде, оқыту үрдісі ретінде геориялық тұрғыдан негіздеу және жоғары мектепте математика курсын модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту әдістемесін даярлау.
Зерттеу мақсаты: жоғары оқу орындарында студенттерді математикаға оқытудың тиімділігін арттыруға әсер ететін модульдік-рейтингтік технологияның ғылыми-теориялық негіздерін даярлау және оны эксперименттік-тәжірибе арқылы тексеру.
Зерттеу нысаны: жоғары оқу орындарындағы жаратылыстану мамандықтарының студенттерін математикаға оқыту үрдісі.
Зерттеудің пәні: жоғары оқу орнында жаратылыстану мамандықтардағы студенттерге математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту әдістемесін жасау.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер іргелі дайындық кезеңде (1 курс) математиканы игеру үрдісі модульдік-рейтинттік технологияны пайдалану арқылы жүзеге асырылса, онда студенттердің оқу материалын меңгерудің деңгейі артады және олардың танымдық іс-әрекеттерінің белсенділігі мен дербестігі де көтеріледі, өйткені модульдік-рейтингтік оқыту модульдер мен модульдік бағдарламалар арқылы студенттердің оқу-танымдық іс-әрекеттерін циклдік және бағытты басқаруға мүмкіндік береді.
Зерттеудің міндеттері. Зерттеудің мақсатына, пәніне және болжамына сәйкес зерттеу барысында мынадай міндеттерді шешу керектігі айқындалды;
- жоғары оқу орындарында математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың теориясы мен практикасын талдау;
- теориялық талдау негізінде жоғары оқу орындарында математика курсын модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың әдіснамалық аспектілерін және принциптерін айқындау;
- жоғары оқу орындарында модульдік-рейтингтік технологиямен оқытуды пайдаланудың бүгінгі тәжірибесін талдау негізінде модульдік оқытуда оқу үрдісін басқаруды және оқу материалын құрылымдауды, модульдік бағдарламада математика мазмұнын құрастыру тәсілдерін анықтау;
- математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың әдістемесін жасау және оқыту үрдісін дараландыру мен компьютерлендіру, математикаға жаратылыстану мамандықтарындағы студенттерді оқыту тұрғысынан ұсынылған әдістемені эксперименттік жолмен тексеру.
Зерттеудің жетекші идеясы: жоғары білім беру саласын реформалау міндетін тиімді шешу үшін, айтылған саладағы студенттерді математикаға оқытудың әдістемелік жүйесіы жаңарту үрдісімен білім беру жүйесін технологияландыруды ұштастыру идеясы.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері психологиялық-педагогикалық ғылымдарды іргелілі зерттеулермен, дидактикалық және математика әдістемесінің негіздерімен, білім берудегі жеке-даралық теориялармен айқындалады. Зерттеу әдіснамасын құрастыруда біз дамыта оқыту және ақыл-ой әрекеттерін сабақтастыра қалыптастыру теориясын жетекшілікке алдық. Зерттеудің теориялық негізіне оқыту үрдісінің және педагогикалық жүйенің құрылымы мен логикасы жөніндегі қазіргі түсініктер басшылыққа алынды. Солардың ішінде, Қазақстан Республикасының тұрақты даму тұжырымдамасы, ҚР Конституциясы, «Білім туралы» заңы, ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, ҚР жоғары білім беру жүйесін дамыту тұжырымдамасы.
Зерттеудің әдістері:
- психологиялық-педагогикалық, әдістемелік оқулықтар мен әдебиеттерді, оқыту стандарттарын жүйелі талдау және онда көрініс тапқан ғылыми мәліметтерді жалпылау, сондай-ақ модульдік-рейтингтік технологиямен оқытуды негіздеу мақсатында оны теориялық тұрғыдан модельдеу;
- оқытушылар мен студенттердің, біліктілікті көтеру мамандарының оқу үрдісіне байланысты іс-әрекеттерін эмпирикалық зерттеу (бақылау, анкеталық сауалнама, рейтинг, дидактикалық тестілеу әдістері) ;
- математикалық статистика әдісі (корреляциялық және регрессиялық талдау әдістері, бағалау, ғылыми болжамды дәлелдеу және тағы басқадай) ;
- математиканы оқыту деңгейін анықтауға байланысты диагностикалық зерттеу, педагогикалық эксперимент жүргізу.
Зерттеудің кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2000-2002 жж. ) - мазмұнды-іздену. Ресми құжаттар зерттелді. Зерттеу мәселесінің жағдайы талданды, зерттеу міндеттері мен зерттеу болжамы, ғылыми аппарат айқындалды. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері анықталды, модульдік-рейтингтік технологиямен оқытуды қолдануға байланысты іс-тәжірибелер жинақталды.
Екінші кезеңде (2002-2004 жж. ) - эксперименттік-тәжірибе жолы. Зерттеу болжамын тексеру, зерттеу мәселесіне сай дәлелді педагогикалық фактілерін жинау, классификациялау және талдау, модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту жөнінде жиналған педагогикалық мәліметтерді жинақтап жүйелеу, салыстырып түсініктер беру, педагогикалық эксперимент жүргізу.
Үшінші кезеңде (2004-2006 жж. ) - қорытынды-жалпылау. Эксперименттік-тәжірибе жұмыстарының нәтижесін талдау және өңдеу, теориялық қағидаларды нақтылау, зерттеудің негізгі нәтижелерін практикаға енгізу, практикалық бағыттағы нұсқауларды даярлау.
Зерттеу базасы. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- жоғары оқу орындарында математиканы оқыту барысында студенттердің оқу-танымдық іс-әрекеттерін дараландыруда модульдік-рейтингтік технологияның таңдаулы екендігі көрсетіліп, теориялық тұрғыда дәлелденді, модульдік-рейтингтік оқытуда студенттердің дербес іс-әрекетін ұйымдастыру мүмкіндігі және компьютерді оқытудың құралы ретінде қолдану мүмкіндігі, оның тиімділігі анықталды;
- жоғары оқу орындарында модульдік оқытуды пайдаланудың шетелдік және отандық тәжірибелерін талдау негізінде, жоғары оқу орындарында математика курсын модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың әдістемелік ерекшеліктері және оқыту мазмұнын құрастыру тәсілдері анықталды;
- жоғары оқу орнында жаратылыстану мамандықтарының студенттеріне математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту әдістемесі жасалынды.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы: модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың принциптері мазмұнды түрде толықтырылып, нақтыланды және математикалық пәндер бойынша модульдер мен модульдік бағдарламаларды жобалау алгоритмі жасалынды, математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқуда білім алушылардың танымдық іс-әрекеттерін басқару жүйесінің негізі қаланды.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы: математикалық пәндерге лайықталған модульдік оқытудың принциптерін іске асырудың ережелері тұжырымдалды, оқу-әдістемелік материалдар (модульдер мен модульдік бағдарлама) және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінің студенттеріне математика пәнін оқытуда пайдалануға арналған нұсқаулар жасалды. Сонымен қатар, құрамына дәстүрлі емес дәрістер, блиц-ойындар, бақылаудың ойын түрлері, бағалаудың рейтингілік жүйесі, әртүрлі өздігінен (оның ішінде модульмен және модульдік бағдарламамен) жұмыс істеу түрлері тиісті болатын кешенді дидактикалық жүйе жобаланып, іс-тәжірибе жұмыстарына енгізілді. Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарының оқытушылары іс-тәжірибелерінде және ғылыми ізденістерінде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын қaғидалар:
- жоғары оку орнындағы математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың принциптері мен ерекшеліктері және осыған байланысты математиканы оқытудың мазмұнын құрастыру тәсілдері;
- жоғары оқу орнындағы студенттердің оқу-танымдық іс-әрекеттерін дараландыруда, өздігінен жұмыс істеу белсенділігін қамтамасыз етуде және оқытудың тиімділігін арттыруда компьютерлік құралдарды қолданып, математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқытуды жобалау тәсілдері;
- жоғары оқу орындарында жаратылыстану мамандықтарының студенттеріне математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту әдістемесі.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі ғылыми аппаратқа, пәнді оқыту әдістеріне, зерттеу нысанына және міндеттеріне сәйкестігімен; негізгі бағыттың теориялық және әдіснамалық негізделуімен; алынған нәтижелерді қайталап тексеруді пайдалана отырып, экспериментті кезең-кезеңімен өткізу, оқыту барысына толық талдау жасау, әрбір тексерілер нәрсе бойынша мәліметтерді толық бекіту, экспериментте неғұрлым көптеген студенттерді қамту арқылы нәтижелерге сандық және сапалық талдау жүргізуге мүмкіндік беретін мәліметтерді статистикалық өңдеу әдістемесін пайдаланумен, сонымен қатар С. Торайғыров атындағы ПМУ «Алгебра және математикалық талдау» кафедрасының, кейін Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты «Математика және оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы ретіндегі автордың іс-тәжірибелерімен қамтамасыз етілді.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және іс-тәжірибеге ендіру эксперимент барысында жүзеге асырылды. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларында: Ш. Уалиханов атындағы КМУ «Шоқан тағылымы» (Көкшетау - 2002, 2003, 2004, 2005 жж. ), ҚарМТУ «Ғылым және білім - «Қазақстан-2030» стратегиясының жетекші факторы» (Қарағанды, 2002 ж. ), С. Торайғыров атындағы ПМУ «Ержанов оқулары» (Павлодар, 2004 ж. ), ПАУ «XXI ғасырдағы ғылым және білім: Еуразия кеңістігінде даму динамикасы» (Павлодар, 2006 ж. ), республикалық ғылыми конференцияларында: С. Торайғыров атындағы ПМУ «Сәтбаев оқулары» (Павлодар - 2002, 2003, 2004, 2005 жж. ), ПАУ «Қазіргі білім беру кеңістігіндегі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардың мәселелері» (Павлодар, 2004 ж. ), ғылыми-педагогикалық семинарларда (Павлодар - 2004, 2005, 2006 жж. ), жалпы білім беретін мұғалімдердің тамыз кеңестерінде баяндалды. Зерттеудің негізгі мәселелері мен мәтижелері ПМПИ-ың математика және оқыту әдістемесі кафедрасындағы ғылыми-әдістемелік семинарларында талқыланып, басылым көрген мақалаларда, төрт оқу құралында, екі оқу-әдістемелік құралында, компьютерлік оқыту бағдарламасында және әртүрлі журналдарда көрініс тапты.
Диссертацияның құрылымы: Диссертация кіріспеден, суреттер және кестелермен қамтылған екі бөлімнен, әр бөлім қорытындылары мен түйіндемеден, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі мен маңызы негізделген, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, нысаны және пәні анықталады, болжамы, ғылыми жаңалығы, зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы тұжырымдалады, жүргізілген жұмыстың кезеңдері мен әдістері айқындалады, қорғауға ұсынылатын қағидалар ерекшеленеді, зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі және зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу мен тәжірибеге ендіру жолдары көрсетілген.
«Жоғары оқу орындарында математика курсын модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың теориялық негіздері» атты бірінші бөлімде математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың принциптері мен әдіснамалық негіздері қарастырылды және психологиялық-педагогикалық, әдістемелік әдебиетгерді, шетелдік және отандық оқу орындарының жұмыс тәжірибелерін талдау негізінде жоғары оқу орындарында математиканы оқыту мазмұнын модульдік бағдарламада құрастыру тәсілдері анықталған.
«Жоғары оқу орындарында математика курсын модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың әдістемесі» атты екінші бөлімде жоғары оқу орындарында математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың әдістемесі мен ерекшеліктері сарапталып, модульдік оқытуды қолдану негізінде математиканы оқыту үрдісін дараландыру және студенттің дербестігін қамтамасыз ету жолдары, студенттердің белсенділігін арттыру тәсілдері қарастырылды, сонымен бірге компьютерді оқыту құралы ретінде қолдану мүмкіндіктері көрсетілді.
Қорытындыда жалпы жұмыс мазмұны тиянақталып, жинақты қорытынды шығарылады, зерттеудің нәтижесінде алынған тұжырымдар мен эксперименттік жұмыс нәтижелері бойынша ұсыныстар; зерттеу тақырыбы бойынша әдістемелік нұсқау беріледі, осы мәселе төңірегіндегі кейінгі зерттеулерге бағыт-бағдар көрсетіледі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі зерттеу кезінде талданған философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік және арнаулы әдебиеттерді қамтиды.
Қосымшада зерттеу барысында пайдаланылған материалдар берілген.
1 ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА МАТЕМАТИКА КУРСЫН МОДУЛЬДІК-РЕЙТИНГТІК ТЕХНОЛОГИЯМЕН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1. 1 Математиканы модульдік-рейтингтік технологиямен оқытудың әдіснамалық аспектілері және оны қолданудың қазіргі кездегі жағдайы
Қазіргі уақытта педагогикалық тәжірибенің алдында тұрған міндеттерді тиімді шешуде оқытудың алғы шарттарын қалыптастырып, оның жаңа бағыттарын анықтайтын жолдарының бірі модульдік-рейтингтік технологиямен оқыту болып табылады.
«Модульдік оқыту» терминінің мағыналық мәні халықаралық «Модуль» (латынша - modulus - өлшем, шама, мөлшер) сөзімен байланысқан, оның мағыналарының біреуі - «функционалды түйін».
Модульдік оқыту, өзінің алғашқы түрінде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болып, ағылшын тілді елдерде жылдам таратыла бастады.
Модульдік оқыту екінші дүниежүзілік соғыстың соңында, қысқа кезеңге қатысты кәсіптік оқыту жүйелерінің қажеттілігі тым шаршып тұрғаы уақытта, әлеуметтік-экономикалық мұқтаждықтардың тым шиеленісіп кетуіне байланысты дүниеге келді. Өнеркәсіптің міндеттері толық жете зерттеліп, олардың теориялық және технологиялық қолдануының нұсқаулары және өнеркәсіптің әртүрлі салаларындағы қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулар жасалды. Бұл модульдік оқытудың бір түрі болса да, бұл атау білім беруге және кәсіптік оқытуға бейімдендірілмеген болып табылады. Кейін, тек он жылдан аса уақыттан соң ғана білім беру мен кәсіптік оқыту мамандарының беделділері модуль негізінде техникалық және кәсіптік оқытуды жүйелендіру бағытына ауысты.
Оқу курсы бойынша қозғалыстың дербес жолын таддау жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік беретін және мазмұны мен көлемі дидактикалық мақсаттар мен білім алушылардың деңгейлік және кәсіптік саралауына тәуелді түрленетін автономиялы ұйымдастырмалы-әдістемелік блоктармен (модульдер) құралатын оқытудың мазмұны модульдік оқытудың мәні болады.
Модульдік оқытудың негізін салушы американдық зерттеуші Дж. Расселл болып табылады. «Modular instruction» атты жұмысында (1974 ж. ) автор модульді «Оқу материалының негізгі бірлігін және оқушылар үшін тағайындалған әрекеттерді қамтитын оқу пакеті. Оларды оқушы жекелей қарқынмен орындай отырып, оқу материалын толығымен меңгере алады» деп анықтайды [40, 3 бб. ] .
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Дж. Расселлдің теориялық еңбектерін [40] С. Курх [58], Г. Оуенс [59], Б. Гольдшмид және М. Л. Гольдшмид [41] экспериментті түрде дамытты және АҚШ-тың жеке меншік институттарында, техникалық колледждері мен бизнес-курстарында, Батыс Еуропалардың көптеген колледждері мен университеттерінде табысты пайдаланылды.
Модульдік оқыту бұрынғы Кеңес одағына 80-ші жылдардың соңында зерттеуші П. А. Юцявичене [60] және оның оқушыларының еңбектерінің арқасында енді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz