Бюджетпен есеп айырысу жайлы


Пән: Бухгалтерлік іс
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 64 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БИЗНЕС ФАКУЛЬТЕТІ

ЕСЕП ЖӘНЕ АУДИТ КАФЕДРАСЫ

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Бюджетпен есеп айырысу есебі

Орындаған

4 курс студенті: Танашев Б.

Ғылыми жетекшісі,

э. ғ. к., доцент: Байдаулетов М. Б.

Норма бақылаушы

оқытушы: Оңдаш А. О.

Қорғауға жіберілді

кафедра меңгерушісі

э. ғ. к., доктор PhD: Товма Н. А .

Алматы 2010

Мазмұны

Кіріспе

1. Бюджеттің мәні мен шаруашылықтың және есеп жүргізудің сипаттамасы

1. 1 Қазақстан Республикасының бюджеттінен бөлінетін қаржы құрылымы мен оның жұмсалу мақсаты

1. 2 Ұйымның есеп саясаты

1. 3Ұйымның техника-экономикалық қызметінің көрсеткіштерінің сипаттамасы

2. Бюджетпен есеп айырысудың есебі

2. 1 Бюджетпен тікелей төлемдер бойынша есеп айырысу есебі

2. 2 Бюджетпен жанама төлемдер бойынша есеп айырысу есебі

2. 3 Бюджетпен өзге де төлемдер бойынша есеп айырысу есебі

3. Бюджетпен есеп айырысудың аудиті

3. 1 Бюджетпен есеп айырысудың аудитінің мақсаты мен міндеттері және ақпарат көздерімен қамтамасыз етілуі.

3. 2 Бюджетпен есеп айырысудың аудиті.

  1. 3. 3 Бюджетпен есеп айырысуды талдау

Қорытынды

Қолданылған әдебиеттер

Кіріспе

Еліміздегі бүгінгі таңдағы экономикалық саясаттың жүргізілуі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатына байланысты реттеуді міндетіне алған. Осы мәселеге орай біз ең бірінші бюджеттің кірісіне мән бере отырып қаншалықты экономикамыздың деңгейін көтеру керек екенін болжай аламыз. Әрине ол үшін бюджетке төленетін міндетті және міндетті емес төлемдердің кірістелуін негізге алып іс шара жүргізуге шешім қабылдау керек екені белгілі. Бюджетке төленетін төлемдер, яғни салықтар арқылы іскерлікке белсенділікті ынталандыруға немесе керісінше шектеуге, яғни кәсіпкерлік қызметтің салаларының дамуына өндірістік шығындарын азайтудың және жеке кәсіпорындардың жұмыс істеуіне, сонымен қатар Ұлттық кәсіпорындардың әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілетін жоғарлатуға алғы шарттар жасайды.

Салықтар арқылы фискалды экономикалық саясат жүргізуге тауар нарығына еркін шығуды қамтамасыз етуге байланысты. Салықтар мемлекеттік және жергілікті бюджеттердің кірісінің негізгі бөлігін құрайды және оның шығыс бөлімі арқылы экономикалық қаржылық әсер етуі мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мөлшерінің 20, 8 млрд. теңгеге кем түскені, яғни төмендегені экономиканың деңгейін түсіру деп қарастыратын болсақ онда төмендегі 2008 - 2009 жылдардағы салықтардың бюджетке түскен динамикасындағы құлдырағанын қаржылық дағдарыстың әсері екенін түсінеміз.

Мемлекеттің ұлғаймалы ұдайы өндіріс процессіне қаржы бюджеттік механизм арқылы әсер етудің негізгі бағыттарын ұстанады, яғни мыналар:

  • Кәсіпорындарды дотациялау немесе қайтарымды несиелер арқылы тікелей субсидиялау;
  • Экономикаға мемлекеттік инвестицияларды салу;
  • Тауарлар мен қызметтердің көп бөлігін мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы сату, себебі мемлекет нарықта өнімдерді ірі тұтынушы болып табылады;
  • Жергілікті салықтар мен салық жеңілдіктерін қоса, салықтық реттеу.

Осы бағыттарды ұстану бухгалтерлік есеп пен аудиторлық қызметтің алдына да ауқымды міндеттерді қойып отыр.

Бүгінде Қазақстан дамыған елдердің қолданып жүрген халықаралык бухгалтерлік есеп стандартына, зандарын және икемді салық жүйесін толық пайдалануға талпыныс жасауда. Демек, нарықтық қатынастарға, барлық меншік түрін дамытуға және шаруашылықты жүргізудің экономикалық әдістері мен тәсілдерін таңдауға шаруашылықты басқарудың тиімді механизмін (тетігін) жасауға біртіндеп қолайлы жағдай туып келеді. Сонымен қатар, аталған қүбылыстар бухгалтерлік есепке де, талдау жүйесіне де жаңаша талаптар қойып отыр.

Әлемдік экономикалық жағдайдағы соңғы он жылдықта болған шапшаң өзгерістер бухгалтерлік есепке алуға және қаржылық есептілікке арналған ережелерді жасау кезінде елдердің қолданатын тәсілдерін айтарлықтай дәрежеде өзгертті. Капитал нарықтары ұлттық шекарадан тыс жерлерде кеңейіп, ұлттық экономикалардың дамуына байланысты кірігу процесі нығаюда. Капитал нарықтарының кемелдене дамуы олардың даму үрдісін инвесторлардың жоғары дәрежеде түсінуін, олардың нығайтылуына, тұрақтылығына және өтімділігіне сенімділігін талап етеді. Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарының бірыңғай топтамасын қабылдау кредиттердің құнын және инвесторлар үшін маңызды емес стандарттар бойынша есептілікті дайындау жөніндегі әкімшілік шығыстарды қысқарту арқасында ұйымдардың инвестицияларды тарту бойынша шығыстарын қысқартуға себепші болады.

Нарықтық экономика жағдайында, болатын қатал бәсекелестік күресте, табыс пен кәсіпорынды сақтап қалудың басты факторы болып, кәсіпорынның қаржылық жағдайы мен қаржылық, нәтижесі саналады, ол үшін осы аталған жайдын мәні туралы дер кезінде және сенімді ақпарат қажет.

Тап осындай ақпараттың басым көпшілігі бухгалтерлік есептің еншісіне тиетіндігіне дау жоқ. Сондықтан да, бухгалтерлік есепті, кейде бизнестің қаржылық тілі деп те атайды. Бұл арада қажет ақпараттармен қамтамасыз ету, көп жағдайда, бухгалтерия қызметкерлеріне жүктелетіндігі белгілі. Сонымен қоса, олар есепті онайлатуға, салық жүйесінің талаптарын орындауға, нормативтік актілерді катаң сактауға, басшыға берілетін мәліметтердің дәл және анық болуына жауапты болып келеді.

Бүгінгі күні қоғамдағы бюджеттік құрылым мен оны реттеудің алатын орны ерекше екенін білеміз, яғни бюджетпен есеп айырысу есебіне тоқтала келе, талданып отырған тақырып сол нарықтық экономика дамуының маңызды факторларының бірі бюджетке төлемдердің уақытында әрі нақты төленуі болып табылады деген қорытынды жасауға болады. [23]

Жүйелі басқаруға кәсіпорындар міндетті түрде өздерінде бар ресурстар мен олардың қолданыстары туралы, шаруашылықтың дамуының бастамасы туралы мағлұматтар жинауы қажет. Ресурс көздерінің қолданыс кезіндегі жасалған зерттеуінде ең алдымен ішкі резервтер ашық зерттеледі жұмыста жетіспеушіліктердің себептер анықталады және олардың шығарылуына шектеулер жасалады.

Бюджеттік төлемдермен есеп айырысудың есебі мен аудиты тақырыбына орындалып отырған дипломдық жұмыстың өзектілігі бүгінгі күнгі салықтық төлемдер бойынша өзгерістердің жиі болуына байланысты есептеу кезінде нормативті актілермен және нұсқау бойынша реттеп, бухгалтерлік жазбаларды нақты болуы. Осыған байланысты кәсіпорынның қаржылық жағдайына әсер етуші тұстарын қатаң қадағалау.

Дипломдық жұмыстың орындалу мақсатында бюджетке төленетін төлемдердің түрлеріне жеке жеке тоқталып теориялық негізімен тәжірибедегі байланысын зерттеу, мекемедегі төлемдермен есеп айырысудағы бухгалтерлік есептің жүргізілу тәртібінің және аудитының ерекшелігін атап көрсету.

Осы мақсатқа жету үшін келесідегі міндеттер қойылды:

- мекеменің қаржылық жағдайы мен есеп саясатын ашып көрсету;

- бюджеттік төлемдерді төлеу мен аудитын ұйымдастырудағы ерекшеліктерге тоқталу;

- жаңадан қабылданған стандарттарға көшудегі мәселелерді атап өту.

Дипломдық жұмыстың обьектісі болып «Бала бақша 28» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің шаруашылық қаржылық жағдайы алынған.

Дипломдық жұмыс 3 бөлімнен тұрады, бірінші бөлімінде Еліміздегі бюджеттің маңызы мен оның құрылымына және ұйымның қаржы-шаруашылық қызметі мен есеп саясатының сипаттамасы қаралса, аса назар аударылса, екінші негізгі бөлімде - бюджетпен есеп айырысудың есебі, үшінші бөлімде бюджетпен есеп айырысудың жетілдіру жолдары мен бюджет саясаты қарастырылған, сонымен бірге әрбір бөлімнің тақырыбын ашу мақсатына құрастырылып көрсетілген.

Дипломдық жұмысты орындауда Қазақстан Республикасында бүгінгі таңда қолданыстағы нормативті құқықтық актілер мен Салық Кодексі қолданылды.

1. Бюджеттің мәні мен шаруашылықтың және есеп жүргізудің сипаттамасы

1. 1 Қазақстан Республикасының бюджеттінен бөлінетін қаржы құрылымы мен оның жұмсалу мақсаты

Мемлекеттік органдардың өздерінің функцияларын орындауы үшін басқарудың барлық деңгейлерінде тиісті қаржы базасы болуы тиіс. Осы мақсатпен әр елде аймақтардың шаруашылығын, әлеуметтік сферасын, әрбір әкімшілік - аумақтық бірліктерді абаттандыруды, заң шығарушы билікті, басқару аппаратын ұстауды және басқа шараларды қаржыландыру үшін олардың ақша ресурстарын жұмылдыруды қамтамасыз ететін бюджеттер тармақтарының желісі құрылады. Бюджеттердің жекелеген түрлерінің кірістері мен шығыстарын қалыптастыру, оларды теңдестіру процесінде заңмен реттеліп отыратын белгілі бір қаржылық өзара қарым-қатынастар пайда болады. Осы элементтердің барлығы - бюджет жүйесін ұйымдастыру мен құрудың қағидаттары, оның буындарының өзара қатынастары мен байланысының ұйымдық нысандары бюджет құқықтарының жиынтығы - бюджет құрылысын құрайды.

Дүние жүзінің әр түрлі елдерінде бюджет құрылысы мемлекеттік құрылысына, аумақтық-әкімшілік бірлігіне, экономиканың даму деңгейіне және нақтылы мемлекеттің басқа айрықша белгілеріне байланысты өзгешеліктермен ерекшеленеді.

Бюджет құрылысында басты орынды бюджет жүйесі алады, ол экономикалық қатынастарға және құқықтық нормаларға негізделген түрлі деңгейлердегі бюджеттердің жиынтығын білдіреді.

Әр түрлі елдердің бюджет жүйелері өзінің құрылымы, бюджеттердің жекелеген түрлерінің саны жағынан түрліше болып келеді, өйткені олардың аумақтық құрылысы мен оның аумақтық бөлінісіне байланысты болады.

Бюджет жүйесінің құрамы елдің ұлттық-мемлекеттік құрылымымен анықталады. Мемлекеттің федеративтік және унитарлық құрылымы болуы мүмкін.

Федеративті мемлекеттерде бюджет жүйесі үш буыннан тұрады:

мемлекеттік бюджет немесе федералдық бюджет немесе орталық мемлекеттің бюджеті;

федерация мүшелерінің бюджеттері (АҚШ-та - штаттардың, ГФР-да - жерлердің (ландтардың), Канадада - провинциялардың, Ресейде - федерация субъектілерінің бюджеттері) ;

жергілікті бюджеттер.

Унитарлық (біркелкі) мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады: орталық бюджет және толып жатқан жергілікті бюджеттер. Екі жағдайда да бюджеттердің оқшаулану мен дербестігінің түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төмендегі бюджеттерге қатынасы бойынша белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі бюджет құрылымының унитарлық типімен анықталады, өйткені Қазақстан - федералдық емес, басқарудың Президенттік нысаны және сайланатын Парламенті бар унитарлық мемлекет.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі экономикалық қатынастарға және тиісті құқықтық нормаларға негізделген әр түрлі деңгейлердегі бюджеттерді қамтиды.

Қазақстан жиынтығында мемлекеттік бюджетті құрайтын республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттер дербес жұмыс істейді.

1991 жылы Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі түбірлі өзгерістерге ұшырады. Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік бюджеті, басқа одақтас республикалардың мемлекеттік бюджеттері сияқты, КСРО-ның мемлекеттік бюджетіне кірді, онда ел аумағының барлық бюджеттері, соның ішінде ауылдық және поселкалық бюджеттер де қамтылып көрсетіледі. Ол одақтық бюджеттен, 15 одақтас республиканың мемлекеттік бюджеттерінен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бюджетінен тұрды. Одақтық бюджетке 1970-1990 жж. мемлекеттік бюджет ресурстарының жалпы ауқымының 52-50 % тиді, оның 35 % республикалардың республикалық бюджеттерінің және 15 % жергілікті бюджеттердің қарамағында болды.

Қазақстан республикасы мемлекеттік бюджетінің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған.

Республикалық бюджет - бұл түсімдер мен бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану) есебінен қалыптастырылатын және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамалық актілер жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет анықтайтын республикалық бюджет бағдарламаларын қаржыландыруға арналған Қазақстан республикасының заңымен бекітілген орталықтандырылған ақша қоры.

Жергілікті бюджеттер (әкімшілік-аймақтық бірліктердің бюджеттері) - облыстық бюджеттер, қалалардың (аудандық маңызы бар қалалардан басқасы), аудандардың (қаладағы аудандарды қоспағанда) бюджеттері.

Қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.

Бюджет жүйесінің жұмыс істеуі бюджеттердің әр түрлі деңгейлерінің өзара байланысына негізделеді және оларды әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, бақылау тәртібімен, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеппен қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мемлекеттік бюджет жүйесіне кіретін барлық бюджеттердің бірлігі, дербестігі, толықтылығы, нақтылығы және жариялығы қағидаттарына негізделеді.

Бюджеттің бірлігі бюджет жүйесін ұйымдық-экономикалық орталықтандырудың дәрежесін білдіреді. Бірлік қағидаты КСРО-ның бюджет жүйесінде неғұрлым толық көрінді. Қазіргі кезде биліктің жергілікті органдарының дербестік алуымен және оларға қаржы ресурстарын иелену жөніндегі құқықтардың берілуімен байланысты бұл қағидат әлсіреді. Бюджеттердің бірлігі ел аумағында қолданылып жүрген мемлекет кірістерінің жалпы жүйесінің өмір сүруінде, мемлекет шығыстарының біркелкілігінде көрінеді. Бұл қағидат бюджеттік жоспарлаудың әдіснамасы мен ұйымдастырылуының бірлігіне, оның әлеуметтік-экономикалық болжаумен өзара байланысына кепілдік береді.

Бюджет бірлігі қағидатының міндеті Парламент тарапының бюджеттік қаражаттардың қозғалысына тиімді бақылауды белгілеу болып табылады. Бюджет жүйесінің бірлігі бірыңғай қаржы саясатын қамтамасыз етуге бағытталған және ең алдымен Қазақстан Республикасы егеменді мемлекетінің жалпы экономикалық және саяси негізін тірек етеді. Ол реттеуші кіріс көздерін пайдалану арқылы барлық деңгейдегі бюджеттердің өзара іс-қимылына, төменгі деңгейдегі бюджеттердің теңгерімділігі үшін оларды қаржылық қолдауға, сондай-ақ ішінара қайта бөлудің мақсатты және аумақтық бюджет қорларын жасауға да негізделген.

Бюджеттердің бірлігі бірыңғай құқықтық негізбен, Қаржы министрлігі бекіткен бірыңғай бюджеттік сыныптаманы пайдаланумен, бюджеттің бір деңгейінен басқа деңгейіне беріліп отыратын мемлекеттік қаржы статистикасы нысанының бірлігімен, бюджет рәсімінің қағидаттарымен, ақша жүйесінің бірлігімен қамтамасыз етіледі. Бюджет жүйесінің бірлігі салық саясатын қоса бірыңғай әлеуметтік-экономикалық саясат арқылы іске асырылады.

Алайда бюджеттердің бірлігі бюджет жүйесін құрудың маңызды қағидаты болып отырған оның жеке буындарының дербестігін жоққа шығармайды. Бюджеттің дербестігі әр түрлі деңгейдегі бюджеттердің арасындағы кірістерді бөлудің тұрақты нормативтерін орнықтыру және бюджет қаражатының жұмсалу бағыттарын белгілеу құқығы арқылы қаматамасыз етіледі.

Биліктің әрбір органы өз бюджетін жасайды, бекітеді және оны атқарады. Бюджеттердің жеке түрлерінің арасындағы кіріс көздері мен шығыстарды бөлуді шектейтін айқын құқықтар белгіленген. Сонымен бірге бюджеттердің барлық түрлерінің шығыстары осы аумақтың (аймақтың) әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерімен және биліктің тиісті органдарының нақты функцияларымен, құзырымен анықталады.

Бюджеттің толықтылығы (толымдылығы) бюджетке үкіметтің барлық қаржы операцияларының, оның жинайтын барлық кірістерін және жасайтын шығыстарын шоғырландыруды, әрбір бап бойынша мемлекеттің барлық түсімдері мен шығыстары ескерілетін бюджетті жасауды білдіреді. Қазақстан Республикасының салық және бюджет заңнамаларында белгіленетін барлық түсімдердің, соның ішінде мемлекеттік акциялар пакеті бар акционерлік қоғамдардан және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардан алынатын түсімдердің толық тізбесінің және шығыстарының бюджеттерде міндетті және толық көрсетілуімен қамтамасыз етіледі. Сөйтіп, ол мемлекеттік билік пен басқару органдарының барлық кірістері мен шығыстарын бюджетке жинақтап, жұмылдырудың объективтік қажеттігін қамтып көрсетеді. Осыған байланысты барлық ақша түсімдерін, сондай-ақ бюджет шығыстарының көлемі мен нақтылы бағыттарын айқындау қажет.

Бюджет іске асатындай болуы тиіс, нақты экономикалық және саяси ахуалды, өндірістің даму тенденциясын, жалпымемлекеттік қажеттілікті есепке алу қажет. Дүниежүзілік практикада бұл қағидат қазіргі кезде оны дәл қолдану бюджетке кірістерінің дербес көздері бар автономды түрде бөліп көрсетуге болатын аса көп шығыстарды жүктейтіндіктен орынды деп есептелмейді. Қазақстанда мемлекеттік қаражаттарды қалыптастырудың орталықтандырылған әдісі қабылданған, сондықтан 1998 жылдан бастап мемлекеттік бюджетке бюджеттен тыс қорлардың - зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру, жол, халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу қорларының қаражаттары енгізілген.

Бюджеттің нақтылығына ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауына сәйкес оларды Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарының, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының өлшемдеріне сәйкес келтіру арқылы қол жеткізіледі. Сондықтан оның көрсеткіштері көпнұсқалық есеп-қисаптармен негізделуі тиіс, бюджеттердің атқарылуына, ведомстволардың өткен кезеңдегі қаржы жоспарларына жасалған терең талдаудың нәтижесі, болжамдық бағалау есепке алынуы қажет. Дүниежүзілік практика бюджет ресурстарының қозғалысын ағымдағы жылға, анағұлым ұзақ мерзімге үлгілеуді, сондай-ақ оларды нақтылы жағдайлардың өзгеруіне байланысты қаржы жылы ішінде түзетуді пайдаланады. Нақтылық қағидатына ең алдымен жеке қаржы жоспарын, сметаларды және жалпы тиісті деңгейдің бюджет жобасын жасау процесінде қол жетеді.

Нақтылық қағидаты бюджет тізімдемесін бұрмалауды болдырмау және бұзылуын жою үшін қажет. Ол бюджетте мемлекеттің қаржы операцияларының шыншыл көрсетілуін, бекітілген сомалардың бюджеттік арналымдардың атқарылуына сәйкестігін алдын ала қарастырады. Нақтылық дамудың болжамдары мен бағдарламаларының көрсеткіштеріне негізделетін және бюджеттік резервтердің болуымен нығайтылған кірістердің барлық көздері мен шығыстар бағыттарының есеп-қисаптарының негізділігімен анықталады.

Бюджеттердің жариялығы бекітілген бюджеттер мен алдағы қаржы жылына арналған бюджет туралы заң мен өткен кезеңдегі олардың атқарылуы туралы есептердің жариялануы арқылы қамтамасыз етіледі.

Жариялылық елдегі адам құқығын, демократиялық өзгерістерді сақтаудың маңызды шарты болып табылады. Бюджет кірістерінің қалыптасуы (ең алдымен салықтар, алымдар арқылы) бюджет ресурстарының бағытталуы сияқты шаруашылық жүргізу субъектілерінің және қоғамның барлық мүшелерінің мүдделерін шалады. Сондықтан олар бюджеттің мазмұны, оны қалыптастырудың көздері, салық төлемдерін алудың тәртібі, сондай-ақ бюджет қаражаттарының бағыттары туралы хабардар болуы тиіс. Президент қол қойған Қазақстан Республикасының бюджеті заң мәртебесін қабылдайды және оның атқарылуы бюджет рәсімінің қатысушылары үшін міндетті болады. Заң, өткен кезеңдегі бюджеттің атқарылуы туралы есеп баспасөз бетінде жарияланады. Осылайша бюджеттің кірістері мен шығыстарының көлемі, оның негізгі түсім көздері, шығыстарының бағыттары, тапшылық көлемі және оны жабудың әдістері (шығындарды қысқарту, кірістерді көбейту, қарыздар, ақша эмиссиясы) жария етіледі.

Бюджет жүйесін құрудың барлық қағидаттары өзара үйлестірілген және бірін-бірі толықтырып отырады, олар егеменді еліміздің Конституциясында және "Бюджет жүйесі туралы", "Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы", "Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы" арнайы заңдарда және басқа да заң актілерінде қамтып көрсетілген.

Төменгі-жергілікті бюджеттердің қалыпты және тиімді жұмыс істеуінің шарттары дербестікпен қатар теңгерімділік болып табылады.

Барлық деңгейлер бюджеттерінің теңгерімділігі бюджет-қаржы саясатының қажетті талабы болып табылуы мүмкін. Бюджеттерді қарау және бекіту кезінде билік пен басқарудың тиісті органдары бюджеттердің белгілі бір мөлшерлерін белгілеуі мүмкін.

Бюджет тапшылығын ақша эмиссиясы есебінен жабуға болмайтындығы заңмен белгіленген. Бюджет тапшылығын жабудың негізгі нысандары мыналар болып табылады:

  • мемлекеттік қарыздар шығару;
  • кредит ресурстарын пайдалану.

Тапшылықты азайту немесе жою мақсатымен секвестрлеу - ағымдағы қаржы жылының қалған уақыты ішінде барлық баптар бойынша (қорғалатындарынан басқа) белгілі бір пайызға ммлекеттің шығыстарын үйлесімді төмендету-пайдаланылады.

Бюджеттердің атқарылуы процесінде секвестрлеуге жатпайтын бюджеттік бағдарламалардың тізбесін республика Парламенті мен биліктің жергілікті органдары анықтап, бекітеді.

Бүгінгі күні бюджет құрылымы Елімізде оның түсімдері мен шығыстарынан тұрады.

Бюджет түсімдеріне:

Кірістер, бюджет кредиттерін өтеу сомалары, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер, қарыздар бюджеттің түсімдері болып табылады.

Салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер, трансферттік түсімдер бюджет кірістері болып табылады.

Нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістер нысаналы мақсатқа ие болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданылып жүргендерінің күшін жою немесе оларды өзгерту осы Кодекске міндетті түрде өзгерістер немесе толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.

Салықтық түсімдер Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер болып табылады.

Салықтық емес түсімдер негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге жатпайтын, Қазақстан Республикасының Салық және Кеден кодекстерінде көзделгеннен басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген, бюджетке міндетті, қайтарымсыз төлемдер, байланысты гранттар, сондай-ақ трансферттерден басқа, бюджетке тегін негізде берілетін ақша болып табылады.

Бюджетке:

1) мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан;

2) мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар сатудан;

3) мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен өзге де тәсілмен өткізуден;

4) мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақша негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер болып табылады.

Трансферттер түсімдері бюджеттің бір деңгейінен басқасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері болып табылады.

Бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер бойынша талаптарды қайтаруына байланысты бюджетке түсетін түсімдер болып табылады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бюджетпен бухгалтерияда есеп айрысу
Міндеттемелер есебі
Бюджетпен есеп айырысудың бақылауы мен аудиті
Міндеттемелер аудиті
Бюджетпен есеп айырысу есебі мен аудиті
Шаруашылык субъектінің меншікті капиталының есебі
Бухгалтерлік және қаржылық есеп
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің ағымдағы міндеттемелерінің аналитикалық, синтетикалық есебі
Бюджетпен есеп айырысу операциялардың есебі
Ұйымдағы бухгалтерлік есепті ұйымдастырудың тәртібі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz