Абай және Шәкәрім: көркемдік дәстүр жалғастығы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 58 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Семей мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақ әдебиеті кафедрасы

Магистрлік диссертация

Тақырыбы: Абай және Шәкәрім: көркемдік дәстүр жалғастығы

Орындаған:

Ғылыми жетекші: Шаңбай Т. Қ.,

ф. ғ. к.

күні

Кафедра меңгерушісі:

Норма бақылаушы:

күні

Семей -2007

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3

І ТАРАУ. Абай және Шәкәрім: көркемдік дәстүр жалғастығы . . .

1. 1. Әдебиеттанудағы көркемдік дәстүр мәселелері . . . 5

1. 2. Абай және Шәкәрім шығармаларының жанрлық табиғаты . . . 9

1. 3. Абай және Шәкәрім дүниетаным мәселесіндегі жалғастық . . . 13

ІІ ТАРАУ. Лирикадағы көркемдік дәстүр және өзіндік ізденіс . . .

  1. Абай және Шәкәрім лирикаларындағы тілдік қолданыстар . . . 17
  2. Абай және Шәкәрім: поэзия тілінің эстетикалық қуаты . . .

ІІІ ТАРАУ. Эпикалық шығарма: көркемдік ізденіс пен даралық стиль . . .

3. 1. Шәкәрім поэмаларындағы жанрлық жаңалық пен дәстүр жалғастығы . . . 43

3. 2. Абай және Шәкәрім: екі арна немесе өзіндік ізденіс . . .

КІРІСПЕ

Қайсыбір талант иесі, мейлі ол ақын болсын, яки жазушы болсын ата дәстүрінен нәр алып, қалам ұстайды. Егер бөлек арна салып, халықтың тарапынан оң баға алып жатса, ол - оның даралығы. Қазақ әдебиеті үшін Абай ұлы дара талант иесі. Абай өзі көзі тірісінде күллі қазаққа мәшһүр болған Жан. Оның ұлылығы құдіреті оның ақындығында. Сол ақындық қуатын талабы барлардың бойына сіңіруі Абай ұлылығын асқақтата түскені баршаға аян.

Қазақтың өлең сүйер жастары үшін Абай - ұстаз, ақындық мектеп қалыптастырған ұстаз. Жалпы әлем әдебиетінде ежелгі дәстүрді білетін ақындар дәстүрді бір қалыпқа салу мақсатында ақындық мектеп ұйымдастырған.

Ал Абайдың ақындық мектебіне келер болсақ, негізінен мұндай құбылыс қазақ әдебиеті тарихында Абайға дейін де, Абаайдан кейін де болып көрген емес. Әлбетте, бірі - үйретуші, енді бірі үйренуші болған ақындардың мектебі жайы бір басқа. Негізінен өз жанынан өлең шығарған өнерлі жас інілерін ортаға алып, оларға тақырып беріп, өзара сыннан өткізіп, толық мағынасында ақындық мектеп қалыптастыру - Абай тұлғасын тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиеті тарихында ерекше даралай алатын құбылыс болды.

Абайдың ақындық құдіреті өз айналасына орасан зор әсерін тигізді. Бұл Абай мектебін қалыптасуына ықпал етіп, Абайдың ақын шәкірттерінің тарихқа шығуына, танымал болуына негіз болды. Абай жанына тек ақын ғана емес, көкірегі сезімді, тілі орамды өнерлі жастардың көбі жиналған. Ал ақын шәкірттер, олар - бойында ақындық таланты бар, ол жай ғана ақынжандылық, өлеңқұмарлық емес, Абай сынынан өте алатын шынайы таланты бар Абай жанынан табылатын ақындар. Абайға тетелес: Көкбай, Мұқа, Бейсембай сияқты ақындардан бастап, Абайдың балалары: Ақылбай, Мағауия тағы басқа көптеген адамдар болды. Осы бір тізімнің ішінде ақындық қабілеті жағынан да, білімі жағынан да басқа шәкірттерден оқ бойы озық тұрған Шәкәрім бар еді. Алайда заманның солақай саясат жүйесі ақынның дер кезінде әдебиеттен орын алуына шекара қойды. Бұл бір ғана Шәкәрім ғана емес, қазақ әдебиетінің бай мұрасын жоюды мақсат еткен саясат болды. «Елу жылда ел жаңа» демекші, уақыт барлығына төреші. Шәкәрім есімі ақталып, ел назарына ұсынылды. Бірқатар халық зиялылары, атап айтар болсақ, М. Мағауин, Қ. Мұхамедханов тағы басқалары М. Әуезовтің көрсетіп кеткен бір ғана дәйегін негіз ете отырып, Шәкәрім ақындығы жайында көлемді де құнды мақалалар жазды. М. Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласындағы Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын - төртеу», - дейді. - Оның екеуі -Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары. Қалған екеуі - Көкбай, Шәкәрім. Осы төртеуі ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері. Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін оқушы әрі таратушы бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған . . . »[1, 244], - деген тұжырымды цитата кейінгі буын зерттеушілердің Абайдың ақын шәкірттерінің шығармашылық қыр-сырларын тануға сілтеме болды.

Осы ретте:

Қырықтан соңғы қырымды,

Сынамақ болсаң түрімді.

Көрейін десең нұрымды,

Жи-дағы оқы жырымды, - деп

өсиет қалдырып кеткен Шәкәрім есімін, оның халқын зарықтырып барып жеткен баға жетпес мұрасын, ұстазы Абайдан бөліп қарастыру мүмкін еместігіне анық көз жеткізген. Осыдан кейін Абай мен Шәкәрім шығармаларын салыстыра зерттеу жүргізіле бастады.

Диссертацияның өзектілігі: Әдебиеттану және өнер философиясының макрокатегориялары көркемдік пен эстетикалықтың табиғатын Хакім Абай мен ойшыл Шәкәрім шығармалары контексінде қарастыру. Атап айтқанда, екі суреткер шығармашылығындағы үндестік, сондай-ақ әр тұлғаның өзіндік даралық ерекшелігін айқындау зерттеу жұмысының приоритеті бағыты болмақ. Шәкәрім Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, дамыта жалғастырушы шәкірті. Қос суреткер шығармашылығындағы көркемдік дәстүрдің үндестігі мен даралығын тану аса өзекті ғылыми мәселе деп танимыз.

Проблемалық зерттелу деңгейі: Жоғарыда айтып кеткеніміздей, осы күнге дейін жарияланып жатқан ғылыми еңбектердің барлығы дерлік Шәкәрімді Абай дәстүрінің бірегей жалғастырушысы, дамытушысы ретінде танытып, екі ақын, творчествосындағы сабақтастықты саралауға бағытталған. Бірді-екілі мысал келтіре кетсек. Зерттеуші Т. Көшекова өз еңбегінде Абй мен Шәкәрім арасындағы түршілдік ұқсастықтарғағ дәлдей айтсақ, Абй үлгілерімен өрілген Шәкәрім өлеңдеріне тоқталса, Р. Үсенова, А. Тілеухановалар Абай дәстүрінің Шәкәрім шығармашылығындағы өркен жаюын ақынның өзіндік ерекшеліктерімен ұштастыра ғылыми тұжырымдар жасап, қазақ әдебиетіндегі орны мен рөлін саралап, көркемдік пен таным тұрғысынан түйіндер жасайды. Сондай-ақ Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, қазақ өлең құрылысын дамытушы, жаңашыл ақын ретінде Ш. Құдайбердіұлы өлеңдеріндегі мазмұн мен түр сабақтастығы тұрғысынан зерделей отырып, түршілдік шеберлігі жан-жақты ашып көрсетеді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Диссертациялық жұмыста Абай мен Шәкәрімнің көркемдік және эстетикалық үндестігі мен даралық ерекшелігі алғаш рет дербес толық қарастырылып отыр.

Ғылыми еңбектің жаңалығы нақтылы шығармаларды салыстыра зерттеу арқылы танылады.

Көркемдік дәстүр мәселесі екі классик суреткер шығармалары контексінде қарастырылуы - ұлттық сөз өнеріміздің көркемдік қуатын тануда жаңа бағыт болып танылады.

Еңбектің теориялық және практикалық мәні «Абай және Шәкәрім: көркемдік дәстүр жалғастығы» атты диссертациялық жұмыстың нәтижелерін мектеп мұғалімдеріне, жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясын оқытуда, сонымен қатар, Абайтану және Шәкәрімтану ғылымының арнайы курстарына пайдалануға болады.

І ТАРАУ. АБАЙ ЖӘНЕ ШӘКӘРІМ: КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

1. 1. ӘДЕБИЕТТАНУДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР МӘСЕЛЕСІ

Абай қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені, таңдаулы туындылары дүние жүзі поэзиясының озат үлгілерімен деңгейлес тұрғаны білген адамға айқын шындық. Сан ғасырлық бай поэзиясы, ел қамын жоқтаған жүздеген өрен жүйрік жырау, жыршы, ақындары бар қазақ әдебиетінде Абай маңдай алды ақын боп үздік шығуы, алдына жан салмауы, әрине, оп-оңай өзінен өзі бола қалған нәрсе емес. Ұлы ақынды заман туғызады. Абай халықтың мүддесін, тілек-талаптарын өмір шындығын арқау етті. Қоғам өміріндегі аса маңызды мәселелерді терең толғап, заман ағымын, ел жайын шебер бейнелеп айтқан қазақ ақындары аз болған жоқ. Солардың бәрінен Абайдың асып түскені оның шығармаларынан көрінетін өмір шындығы аса терең болғандықтан. Абай - қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан сырлы. Ол - керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге біз Абайды ойшыл ақын дейміз. Мұны алдымен өмір құбылыстарын терең толғап айту жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтсақ, сондай-ақ өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлері, дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни ойшыл-философ ақын деген мағынада айтамыз.

Қай ақын болсын халық даналығынан сусындайды, сөз байлығы, өнерпаздық үлгісінен үйреніп нәрленеді. Абайдың дәстүрлерін сөз етпей тұрып, оның өзінен бұрынғы өнеге-үлгілерге табан тірегенін атап айту қажет. Абайдың жаңашылдығын айту үшін, оны бұрынғы ақындардан алшақтатып әкету, тіпті оларға қарама-қарсы қою дұрыс емес. Мұның өзі біздің әдебиеттануымыздағы орын алып келген бұрынғыны жете бағаламаудың, ол аз болса мүлде жоққа шығарудың бір көрінісі еді.

Абайға дейін бірнеше ғасырлық тарихи әдебиет болғанын, ол негізінен ауыз әдебиеті дәстүрлерін өрнектеген, авторлары бар, индивидуалдық сипатты қазақ поэзиясы болғанын мойындай отырып, XV ғасырдан бастап XIX ғасырдың ортасына дейінгі ұзақ әдеби - тарихи дәуірді, әдеби процесті жырау, жыршы, ақындар поэзиясы, қысқартып айтқанда, жыршы - ақындар поэзиясы деп атау дұрыс. Өйткені жаңа реалистік жазба әдебиеті XIX ғасырдың ортасында қалыптасып дами бастады дегенді оның арғы жағы, түп тамыры, қайнар бұлағы тек фольклор мағынасындағы ауыз әдебиеті еді деп түсінуге болмайды.

XV - XVII ғасырларда, әсіресе, XVIII - XIX ғасырларда жүздеген қазақ ақындарының шығармалары ауызша тарағанмен, авторы, шығарушысы белгілі және сол автордың өзіндік жеке тұлғасы, қолтаңбасы, стилі айқын танылады. Сондықтан бұл - жалпы халықтық шығармашылығы ұғылатын фольклордан мүлде өзгеше, өзінің түрлі сапасы, сипаты, қалпы бар, тарихи өсу-өзгеру кезеңдері бар әдебиет. Оны ауызша поэзияның дәстүрімен жалғас, тығыз байланысты десек те, әдебиет деп қарауымыз керек, қазақ әдбиеті тарихында аса бір үлкен, арналы, бұл бірнеше ғасыр бойы созылып келе жатқан әдеби процесс.

Бірнеше ғасыр бойы кеңінен қанат жайып өркендеген жырау, жыршы ақындар поэзиясы болмаса, тамыры тереңде жатқан халық ауыз әдебиеті болмаса, Абай поэзиясы шырқау биікке көтеріле алмас еді. Мәселе Абайдың белгілі бір ақындардың өнерін, шеберлігін қалай бағалауында, қаншалықты мойындағанында емес. Әдебиетте мүлде жаңа өріс іздеп, өзгеше өрнектер табуға ұмтылған жаңашыл ақын алдындағы кейбір атақты сөз зергерлерін сынай сөйлесе, оның жөні бөлек. Абайдың шығармашылық өнерінің арнасы кең, ақын сусындаған бұлақтары мол екені үнемі айтылып келеді. Алайда атап айтатын бір жайт - Абай поэзиясының негізгі тірегі, қайнар көзі - халық поэзиясы өсіп-өнді. Шығыс, орыс, Европа әдебиеттерінің ықпалы да мол болғаны талассыз.

Абай қазақ әдебиетінде реализмді көркемдік әдіс ретінде қалыптастырды.

А. Нұрқатов өзінің «Абайдың ақындық дәстүрі» деген еңбегінде: «Қазақ халқы Абай творчествосынан рухани нәр алып қана қойған жоқ, сонымен бірге одан әрдайым өзін ойға қалдырған, толғандырған сауалдарға, әлеуметтік өмір мен тарих барысы алға тартқан мәселелерге адастырмас жол тауып отырды» [2. 150], - ақынның салып кеткен сара жолын кейбір тұстарын ашп көрсетуге тырысады.

Абай шығармашылығының қоғамдық, танымдық, көркемдік - эстетикалық мәнін толық түсіну үшін оның әдебиетте орнықтырған бейнелеу әдіс - тәсілдері, дәстүрлері, үлгі өнегесі қалай жалғастық тапқанын арнайы қарастыру керек.

Абайдың өз шығармашылық тұлғасы жан-жақты. Ондай әрі ойшыл, әрі сыршыл лирик, әрі суреткер, әр қырлы дарын иесі болған кесек тұлғалы ақын сирек кездеседі. Жаңа реалистік жазба әдебиетінің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың - Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов пен М. Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Абай дәстүрі жайында З. Ахметов былай дейді: «Біз Шәкәрімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, пәдсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмұтты, әсіресе, әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дай аламыз. Ал Мағжан ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл-күйін және адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған . . . »[3 . 202] .

Шәкәрім жайында айтсақ, оның Абайға халықты өнер-білімге, ғылымды үйренуге халықты шақыру жағынан үндес шығатын жерлері аз емес. Сонымен қатар Шәкәрімнің кейбір адамгершілік идеялары да Абай пікірлерімен үндес келеді. Бұған мысал ретінде Абай мен Шәкәрімнің адамның мақтан сүйгіштік мінезін қалай сынайтынын еске түсірейік. Абайда:

Абұйыр, атақ сол жанда,

Кімді көп жұрт мақтаса.

Ол мақтаудан не пайда,

Көп мақтауын таппаса?

Көп тәңірі атқан мақтай ма,

Ол тәңірі атқан болмаса.

Жоқты-барды шатпай ма,

Көптің өзі оңбаса.

Мақтау - жел сөз, жанға қас,

Қошетметшіл шығарған.

Бір мақтаса боқтамас,

Ел табылса, құмарлан . . .

«Нені іздейсің, көңілім, нені іздейсің . . . » деген өлеңінде осыны айтса, «Әсемпаз болма әрнеге . . . » дейтін өлеңінде былай дейді:

«Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей бәйге алма . . . »

Мақтан қуу, ішінде қулық сақтап айтылған мақтау сөзге сенгіштік - сағым қуып босқа алдану екенін ақын анық аңдатады. Ғақлия сөздерінде де Абай мақтау жайында сөз қозғап, мақтаныш сезімі мен мақтаншақтықты ажырата білу қажеттігін ескертеді. Мақтау, мақтанудың жағымды жағымен қатар жағымсыз жағы да бар екенін ашып көрсетіп, бұл мәселе хақында қазақ әдебиетінде терең пікір айтқан Абай болды. Осыған үндес, жалғас өткір пікірлерді Шәкәрім ақынның өлеңінен табамыз:

«Дос мақтайды сені жақсы көрмек үшін,

Дұспан мақтар елірте бермек үшін.

Есептемей есірік елін мақтар,

Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау бере ме саған пайда,

Мақтаулыны білерлік адам қайда?

Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік,

Жол тап тағы, ақылды солай айла.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,

Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.

Өнері жоқ өсекшіл ел жамандар

Өтірік пе, рас па көрмей ішін . . . »

1 . 2. АБАЙ ЖӘНЕ ШӘКӘРІМ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ

ЖАНРЛЫҚ ТАБИҒАТЫ

Еш боямасыз, табиғи сұлулықты өлеңмен өрнектейтін лирика жанрындағы көркемдік құбылыс Абайдан басталса, ұлы ақынның шығармашылық бастауынан сусындаған Шәкәрім Құдайбердіұлы нәзік сырлы лириканы одан ары көркемдік-эстетикалық тұрғыдан дамытушы болды десек артық айтпаған болармыз.

Абай мен Шәкәрім өлеңдерінің қай-қайсысы болмасын адам мен қоғам, болмыс тақырыбын өзек етеді. Осыған байланысты екі ақынның лирикалық өлеңдерін жіктеу барысында өзіндік ерекшелікті аңғаруға да болады. «Адамның көңіл - күйі, ой мен сезімнің үндесуі лирика жанрының басты ерекшелігі болып табылады» [4. 541] . Бұл қағидаға кез келген лирикалық туынды дәлел, әрі мысал бола алады. Ақындарда табиғат, махаббат, уақыт, өмір сияқты тақырыптармен бірге заманы көлденең тартқан ел тақырыбы мол-ақ. Олардың әрбіреуінде терең ой, мазмұнды мағына жатады. Мәселен, Шәкәрімнің табиғат лирикасы жанрына жататын «Жаз келер» өлеңіне тоқталсақ, табиғаттың шуақты күнін тірі жанға берген несібе деп, әйтсе де адамзат баласының мұны да қанағат етпейтінін үш шумақ өлең жолдарына сыйғыза білген.

М. Дүйсеновтың лирикалық тақырып жөнінде айқан: «Махаббат, табиғат лирикасы деп шартты белгіленгенімен, түптеп келгенде, бұл - адам мен табиғаттың қарым - қатысын танытатын лирика. Табиғат адам характерін ашатын фон»[5. 39] деген пікірін ескере отыра, Шәкәрімнің мұндай өлеңдері Абайдың табиғат лирикасымен ой астарлас екеніне күмансыз көз жеткіземіз. «Табиғат құбылысы Абай поэзиясында күнделікті өмірмен, адамдардың күн-көрісі, іс - әрекетімен және өз көңіл - күйімен тығыз байланысты [6. 534] . Әсте Шәкәрім де ұлы ақынмен бір ой арнасында тоғысады. Абай: «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы» [7. 94] өлеңінде асқан шеберлік, тапқырлық көрсетеді. Өлеңнің алғашқы шумақтарын оқыған кезде-ақ қарсы алдыңнан көктемнің жайма-шуақ жылы лебін сезіледі. Өлеңнің әр шумағы, әр жолы қазақ аулы тіршілігінің әр алуан көрінісін көз алдыңа алып келеді:

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен [7. 122]

Абайдың уақыт туралы, өзі туралы, ақынның қоғамдағы орны туралы өлеңдерінен бұл қасиет әрдайым терең сезіліп тұрады. Осы тұста ол қай халықтың қандай қлы ақынымен де үзеңгі жарыстырып, деңгейлесе алады. Оның сондай өлеңдерінің ішіндегі ең кереметтілері - «Өлсе өлер табиғат, дам өлмес» пен «Өлсем, орным - қара жер сыз болмай ма?». Алғашқы өлеңде ақын табиғатты «Менікі», яғни тән мағынасында, ол адамды «мен», анығырақ айтқанда ақыл-ой, рух бейнесінде жырлайды. Өлеңнің екінші шумағында ақын осылайша философиялық тұрғыда алып, тұспалдап отырған ойын, басқаша айтқанда «менін» ашық айтады:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма - ойлаңдаршы -

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?[7. 178]

Осылайша Абай қазақ даласының қам - қаракетінен бастап адам болмысынан көрініс берсе, Шәкәрім табиғат пен адам қатынасын тізе келе, адамзат баласының қанағатсыз өмір кешуін өлеңнің соңғы екі жолында үлкен проблемаға айналдырады. Шәкәрім табиғаттың осы бір сәтін: «Жаз келер қыстыгүні қысым өтіп, қар, суық, аяз, боран - бәрі кетіп» деп келтіреді:

. . . Сөйтсе де адам көзі бір тоймайды,

Харакет берсе-дағы қанша несіп . . . [8 . 41]

Табиғаттың берген сыйына көңілі тоймайтын адам баласының эгоистік проблемасы жайлы ақын «Арман» атты өлеңінде былайша ой жалғастырады:

Адамды, санай берсең, көп арманда,

«Мінсіз бақ, сансыз дәулет» деп арманда.

. . . Жердің жүзін жесе де көзі тоймай,

Патшалар да болып жүр әлі арманда . . . [8. 42]

Байқап қарасақ, екі ақында да табиғат ұғымы адамзат қасиеттерімен өзара ассоциациялық қатынаста қаралады.

Ақындардың алға қойып отырған проблемалары өз заманындағы қоғаммен тығыз байланысты болғандықтан, оның әсері көңіл - күй лирикаларында да көрініс тапты. Әсіресе, Шәкәрім жапанда жалғыз қалып, өмірінің ең ауыр кезеңін бастан кешкен сәттерде жазған өлеңдері ақынның нағыз ішкі жан дүниесі арпалысын көрсетеді:

Қаламым, қарындашым - жан жолдасым

Жау болды, жан аяспас сан жолдасым.

Қайырылып, мейрімденіп қарамайды,

Кеше аласа, бүгін зор, паң жолдасым . . . [8. 207]

Осы сияқты «Өзіме», «Өкінішті өмір», «Сәлем, Әбдіғали бауырым . . . » тағы басқа өлеңдері Шәкәрімнің мұңлы көңілін, шарасыз күйін бейнелейтін лирикалық өлеңдері қатарына жатады . . .

«Лирика адам көңіл - күйінің нақты бір кезеңін ғана қамтитын шағын форма. Ол адам характерінің толық қалыптасуымен компазиция элементтерін түгел дерлік қамти алмайды» [9. 316] . Лирика табиғатына берілген осындай бір сипатамаға өзгеріс енгізетін Абай мен Шәкәрімнің тағы бір ұқсастығына ден қойсақ.

Екі ақын поэзиясында жанрлық ерекше құбылыс болып табылатын нәрсе - адамның жас ерекшеліктеріне байланысты. Ақын Абай адамзат баласының барлық қам-қарекетінің жастық шағында асығыс жасалтынын өз өлеңдерінде көп ескертеді.

Жастықтың оты жалындап,

Жас жүректе жанған шақ.

Талаптың аты арындап,

Әр қиынға салған шақ.

Уайым аз, үміт көп,

Ет ауырмас бейнетке.

Бүгін-ертең жетем деп,

Көңілге алған дәулетке…

Досыңа достық - қарыз бол,

Дұшпаныңа әділ бол.

Асығыс түбі - өкініш,

Ойланып алмақ - сабыр сол, [7. 102] -

дейді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Түркі әдебиеті және Шәкәрім: шежіре жазу дәстүрі
Ш. Құдайбердіұлы шығармашылығындағы нәзирагөйлік дәстүр жалғастығы
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮРМЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Этнопедагогика және фальклорық зерттеу әдісі
АБАЙДЫҢ МАСҒҰТ ПОЭМАСЫНДАҒЫ ТАҚЫРЫП ЕРЕКШЕЛІГІ
Жиенбай жырау шығармашылығы
ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
Абай тұлғасы
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz