А.С.Пушкиннің шығармаларын аударудағы Шәкәрім Құдайбердіұлының шеберлігі


КІРІСПЕ
Көркем аударма XX ғасыр басында қазақ әдебиетінде мейлінше кең өрістеді. Бұл дәуірде әлем әдебиетінің небір үздік үлгілері А. Байтұрсынов, М. Дулатов, І. Жансүгіров, Б. Өтетілеуов, Ш. Құдайбердіұлы, Т. Ізтілеуов, М. Сералин, Ә. Найманбаев, С. Көбеев, М. Бекімов тағы басқа көптеген ақын - жазушылардың қаламынан қазақша сөйледі. Үндінің асыл мұрасы «Калила мен Димнадан» алынған мысалдар, әйгілі парсы ақыны Фердоусидің «Шахнамасынан» үзінділер, Низами, Сағдидің дастандары, орыс ақыны А. С. Пушкиннің «Капитан қызы», «Дубровский», «Бораны», М. Лермонтовтың «Қашқын», «Үш терек» атты шығармалары, Л. Н. Толстойдың түрлі туындылары аталған қаламгерлер арқылы қазақ ортасына жетті. Әрине, ол шығармалардың аударылу сапасы, аударманың әдеби - көркемдік жетістігі біркелкі болды деп айта алмаймыз. Ақын - жазушыларымыз сол кезде аудармаларының, алдымен, қазақ оқырманына түсінікті болып шығуы жағына баса назар аударған.
Біздің сөз етпегіміз, көрнекті ақын, ғұлама ойшыл, білгір тарихшы, дарынды аудармашы Шәкәрім Құдайбердіұлы қалдырған бай мұраның бір саласы оның көркем аударма дамуына қосқан үлесі. «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» деп ақынның өзі айтқандай, Шәкәрім Шығыстың да, Батыстың да асыл жауһарларымен таныс болған. Ол ең бірінші кезекте Шығыстың ғұламаларына жүгініп, сол тұлғалардың шығармаларын ана тілімізге тәржімалаған.
Оятқан мені ерте - Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен,
Надандықтың тазарып кетті кірі,
деп жырлайды ақын бір өлеңінде.
Шәкәрім парсы тілдес шайырлардың арасынан «Шираз бұлбұлы» атанған Қожа Хафиздің (1325 - 1389) «өмір философиясына» арналған ғазалдарын (300 жолдай) ақынмен сырласа отырып жырласа, Шығыс тақырыбында ең көлемді мұрасы - «Ләйлі - Мәжнүн» жырын өз жанынан шығарғандай етіп жырлайды. Орыстың сөз зергері А. С. Пушкиннің «Дубровсий» және «Боран» шығармаларын, Л. Н. Толстойдың «Алты әңгімесін» қазақ тілінде сөйлетті. Сонымен қатар, американ жазушысы Гарриет Бичер Стоудың «Хижина дяди Тома» яғни «Том ағайдың балағаны (лашығы) » атты романын қазақ ортасына көркемдеп жеткізді. Өкінішке орай, бұл аударма бізге жеткен жоқ.
Шәкәрім XIV ғасырда өмір сүрген парсы елінің ақыны Қожа Хафизді өзіне ұстаз етіп алады. Ақын «Көрініске шоқынған», «Кел, аяқшы құй қымыз», «Ей, жарымыз, ай нұры», «Тұр аяқшы, бер қымыз», «Көңіл жібі қолымнан», «Егер сүйікті ол бала», «Анық ерге жолдас бол», «Мәжілісінде досыңның», «Кешегі басшы піріміз» деп аталатын өлеңдерді Хафизден аударған.
Ақын Хафиздің өмірге, тіршіліктің сырларына, құдай жолына, адамның көңіл - күйлеріне қатысты ішкі философиялық ой - толғаныстарын жете пайымдаған. Шәкәрім аударған Хафиз жырларының барлығы да бірімен бірі сабақтасып жатыр. Олардың қай - қайсысында да ақынның көңіл -күйінің терең қатпарлары көрініс тапқан.
Шығыс мәдениетінің маржандарын таңдап, талғап терген Шәкәрімнің осы тараптан тағы бір назар аударған дүниесі әйгілі «Ләйлі - Мәжнүн» хикаясы болды. Шәкәрімнің «Ләйлі - Мәжнүн» дастаны 1907 жылы дүниеге келген. 1922 - 1923 жылдары «Шолпан» журналының бірнеше сандарында басылды. Кейінірек, 1935 жылы Сәкен Сейфуллиннің басшылығымен жеке кітап болып басылып шықты.
Шығыста «Ләйлі - Мәжнүн» тақырыбына дастан жазғандар көп болған. Шәкәрімнің өзі айтқандай, бұл шығарманың сюжетін ақын Шығыстың ұлы шайырларының бірі Физулиден алған. Шәкәрім аудармасындағы дастанның кіріспе бөлімінен үзінді келтірейік:
«Мәжнүннің Ләйлімен өз жұмысы,
Әне сол шын ғашықтың қылған ісі.
Бұлардың әпсанасын жазған адам,
Физули Бағдади деген кісі.
Ондай ғып еш бәйішті жаза алмаған.
Нақышын шын келтіріп қаза алмаған.
Кітабын Физулидің іздеп тауып,
Кез болды былтырғы жыл азар маған».
Азербайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Сүлейменұлы Физули (1494- 1563) туралы осылай жырлайды.
Біздің негізгі мақсатымыз, Шәкәрім Құдайбердіұлының орыс клссиктерінен аударған шығармаларын талдау. Себебі, біз Шығыс тілін жетік білмегендіктен, Шығыс шайырларынан аударған шығармаларын зерттеу обьектіміз ете алмадық. Ақын А. С. Пушкиннің сүбелі туындыларының ішінен әлеуметтік повесі «Дубровский» мен «Боранды» қазақ тіліне аударған. Шәкәрім Пушкиннің аталған шығармаларын 1908 - 1912 жылдары поэзия тілінде аударады.
Шәкәрім өзі пір тұтқан Л. Н. Толстойдың алты әңгімесін аударды. Атап айтар болсақ, «Асархидон - Лаэли» (қара сөзбен), «Үш сауал» (қара сөзбен), «Криз патша» (өлеңмен) әңгімелері мен Қытай елінің өмірінен алынған үш шығарманы «Күншығыстың жүз әңгімесінен» (1888 жылғы әңгімелер) алып 1924 жылы аударып «Алты әңгіме» топтамасына енгізеді, атап айтқанда: «Пан-Жи-Зан хан» (өлеңмен), «Ұждан» (қара сөзбен), «Қолшатыр бұйрығы» (өлеңмен) әңгімелерін аударған.
Л. Н. Толстойдың жоғарыда аталған алты әңгімесін аударғандағы мақсатын ақын ашып айтып былай дейді:
Алты әңгіме оқуға жайың бар ма?
Ұсындым жаңа өспірім ғалымдарға.
Әншейін бос сөз демей ғибрат ал,
Ой жібер ішкі сырын пайымдарға.
Орыс, қазақ адамның бәрі бірдей,
Ешкімді алалама оны білмей.
Кем - кетікке қарасу ар міндеті,
Халқыңа пайда тигіз босқа жүрмей.
Яғни, Шәкәрім Толстойдың тәрбиелік мәні бар шығармаларын аудара отырып, қазақ халқын адамгершілікке, алауыздықтан аулақ болуға, ынтымақтастыққа шақырады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы қай ұлт әдебиетінен аудармасын белгілі себептермен, белгілі бір мақсат қоя аударатыны көрінеді. Халқына пайдасы тиетін, тәрбиелік мәні бар, адамгершілікке үндейтін шығармалар екені сөзсіз.
Зерттеу жұмысының мақсаты: Зерттеу жұмысының алдына қойған мақсаты, қазақ халқының біртуар ақыны, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының аудармашылық өнерін зерттеп, айқындау. Шәкәрім кімдерді аударды? Қалай аударды? Аударманың қай түріне жатады? Шәкәрім аудармаларының ерекшелігі неде? Деген сұрақтар төңірегінде жауап іздеп, жұмыс жасау.
Зерттеу жұмысының міндеті: Шәкәрім Құдайбердіұлының жасаған аудармаларына жеке - жеке тоқталып, жанжақты талдауға тырысу. Түпнұсқа мен аударманы салыстыра отырып, тақырып пен идея саймасайлығын, сюжет пен компазиция саймасайлығының өлшемдеріне үңілу, сонымен қатар, тіл мен стиль ерекшелігіне, образдар жүйесінің берілуіне және ақынның аударма туындыларында қолданған өзіндік сөз кестелерін талдау. Сонымен қоса, тұпнұсқадағы диалогтардың, тұрақты тіркестердің, реалий сөздердің, портрет пен пейзаждың, психологиялық параллелизмнің аудармада берілу деңгейіне көңіл бөлу.
Зерттеу жұмысының өзектілігі: Ақынның аударматанудағы алар орны мен аудармаға қосқан үлесі, соның ішінде өзіндік, ерекше қолтаңбасын айқындау өзекті болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Шәкәрімнің көркем аударма өнеріндегі атқарған ісі жөнінде бірталай еңбектер жазылғандығы белгілі. Атап айтқанда, белгілі ғалым Ш. Сәтбаеваның «Ш. Құдайбердиев» монографиясында ақынның аудармалары туралы жалпы танымдық мағлұматтар берілсе, Ө. Күмісбаевтың «Терең тамырлар», «Казахские и персидско - арабские литературные связи XIX - XX вв» монографияларында, А. Қыраубаеваның «Шығыстық қисса - дастандар» кітабы мен жекелеген мақалаларында, Б. Әбдіғазиұлының «Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері» монографиясында, И. Жеменейдің «Хафиз және қазақ әдебиеті» оқу құралдарында Шәкәрімнің шығыс - батыспен байланысының бірқатар мәселелері қарастырылған. Одан кейінгі Шәкәрім Құдайбердіұлының аудармаларын танытуға ат салысып жүрген зерттушілеріміз, А. Абиыр, Ж. Ахметова, Б. Атығай, З. Жұмағали, А. Тілеухановаларды атауға болады. Сонымен қатар, Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология факультеті «Әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы» кафедрасының «Көркем аударма және әдеби компаративистика мәселелері» бойынша жарияланған зерттеу еңбектерінің пайдасы көп болды.
Зерттеудің әдістәсілдері: Салыстырмалы, коммуникациялық, функциональдық, проблемалық;
Түпнұсқа мен аударманың тақырыбы мен идеясының саймасайлық өлшемдері;
Түпнұсқа мен аударманың сюжеті мен композициясының сайма сайлық өлшемдері;
Түпнұсқа мен аударманың образдар жүйесі сайма сайлық өлшемдері;
Түпнұсқа мен аударманың тілі мен стилінің сайма сайлық өлшемдері;
Суреткердің дүниетанымы мен көркемдік әдіс мәселесі тұрғысынан талдау жасадық.
Жұмыстың зерттеу нысаны: Шәкәрім Құдайбердіұлының аудармалары, орыс жазушыларынан аударған шығармалары, атап айтсақ, А. С. Пушкиннің «Дубровскийі» мен «Метель» шығармаларының аударылуы мен Л. Н. Толстойдың «Алты әңгімесі». Олар: «Асархидон - Лаэли», «Үш сауал», «Криз патша», «Пан-Жи-Зан хан», «Ұждан», «Қолшатыр бұйрығы» әңгімелері зертту нысанымыз болды.
Автордың жұмысы аясында жарияланған материалдар: Қарастырылып отырған магистрлік диссертацияға қатысты ғылыми мақалалар жарияланды. Мақалалар «Әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы» кафедрасы магистранттарының ғылыми мақалалары топтастырылған «Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері» атты жинақта «Шәкәрім аудармаларында тұрақты тіркестердің берілуі» деген атпен жарияланса, енді бірі «Аударма теориясы мен тәжірибесінің және салыстырмалы әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылымитеориялық конференция материалдары жинағына «Л. Н. Толстой шығармалары Шәкәрім Құдайбердіұлы аудармасында» деген атпен ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қортындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде Шәкәрім Құдайбердіұлының аудармаларын жеке - жеке атап, олардың қай уақыттарда аударылғанына назар аудардық. Сонымен қатар, зерттеушілердің ақынның аудармаларына деген ойларын келтіруді жөн көрдік.
Бірінші тарауда, Шәкәрім Құдайбердіұлының орыс ақыны А. С. Пушкинен аударған көлемді шығармасы «Дубровскийді» жан - жақты талдауға тырыстық. Бұл шығарманы аударуда ақын қандай тәсілдер пайдаланды және қандай көркемдік дәреже де бере алды деген сұрақтар төңірегінде ой қозғадық, түпнұсқа мен аударманы салыстыра отырып ұқсастықтары мен айырмашылықтарын сараладық. .
Екінші таруда, ақынның А. С. Пушкиннің «Боран» әңгімесін аударуына назар салдық. Түпнұсқа мен аударманың алдымен, тақырып пен идея саймасайлығына көңіл бөлсек, онан соң сюжет пен компазиция саймасайлығы, кейіпкерлер жүйесі саймасайлығы, шығарманың тілі мен суреткердің стилін сөз ету және Шәкәрімдік сөз өрнегін талдауға тырыстық. Яғни, ақынның аударма жасауда қолданған өзіндік тілдік құралдары: метафора, метанимия, эпитет, теңеуден бастап, тұрақты тіркестер, диалогтардың аударылу дәрежесі, кірме сөздердің қолданылуы.
Үшінші тарауда, Шәкәрімнің өзіне ұстаз тұтқан орыс жазушысы Л. Н. Толстой шығармаларын аударуын талдауға тырыстық. Ақын Толстойдың тәрбиелік мәні бар, адамгершілік қасиеттерге үндейтін «Алты әңгімесін» аударған. Соның ішінде, екі әңгімесі «Асархидон - Лаэли» (Ассирийский царь Асархадон) және «Үш сауалды» (Три вопроса) түпнұсқа мен аударманы салыстыра отырып, жан - жақты талдауға тырыстық.
Қортынды бөлімде, Шәкәрім Құдайбердіұлы аудармаларындағы көркемдік ерекшеліктерді жекежеке атап өттік.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
Ш. Құдайбердіұлының аудармаға қосқан үлесі яғни аудармашы ретінде танылуы;
Шәкәрім аудармаларындағы көркемдік ерекшеліктердің айқындалуы;
Ш. Құдайбердіұлының аударманың бір түрі - еркін тәсілімен түрлі жанрларға қалам сілтеуі;
Аударма мәтіннің тілдікәдеби тұрғыдан талданып қарастырылуы;
Тұрақты сөз тіркестерінің аудармада көрініс табуы;
Аударма нұсқаны толық талдау үшін түпнұсқа мәтінмен параллельді салыстырылып, нақты мысалдармен дәйектелді;
Шәкәрім аудармаларының көркемдік сапасы айқындалды;
Жұмыстың көлемі: 76 бет
Пайдаланылған әдебиеттер саны: Көркем әдебиет: 5
Диссертациялар: 5
Монографиялар: 5
Мақалалар: 16
Сөздіктер: 6
Теориялық еңбектер: 7
Барлығы: 47
Зерттеу жұмысына тірек болған сөздер: Еркін аударма, балама аударма, жартылай балама аударма, антонимдік аударма, қосу (добовления), алу (сокращения), тұрақты тіркестер.
Жұмыстың мазмұны: Кіріспеде жұмыстың өзектілігі, құрылымы, мақстыміндеті, зерттеудің әдіс тәсілдері, жұмыстың көлемі жайында мәлімет беріледі. Негізгі бөлім үш тарауды қамтиды. Мұнда аудармашының өзіндік ерешеліктері нақты мысалдармен дәлелденеді. Қортынды да нақты жұмыс барысы нақтыланып, жүйеленеді.
Жұмыста қолданылған дерек көздер: Шәкәрім Құдайбердіұлының аудармалары, А. С. Пушкин шығармалары мен Л. Н. Толстой шығармалары, Шәкәрім Құдайбердіұлы аудармаларына қатысты жазылған диссертациялар, монографиялар, зерттеу мақалалар, сөздіктер, кестелер.
I Тарау. А. С. Пушкиннің «Дубровский» повесін аударудағы Шәкәрімнің ұстанымы
Шәкәрім орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкин шығармаларымен ертеден таныс болған. Шәкәрім Құдайбердіұлы оның «Дубровский» повесі мен «Боран» әңгімесін қазақ тіліне аударды. Бұл шығармаларда баяндалатын оқиғалар табиғаты да, айтылар ой, ұсыныстар, идеялардың сипаты да Шәкәрімнің өмірлік мұрат, нысанасымен тамырлас екені аңғарылады. Қазақ ақыны бұл аудармаларды жасау барысында орыс ақынының көтеріп отырған проблемасын анық ұғып, өзінің гуманистік көзқарасы арқылы шебер суреттеген. Шәкәрім ғұмыр бойы бүкіл адамзат қауымындағы әділетсіздік пен қиянат атаулыға қарсы үн көтерген, адамға тән ар мен ақылдың тазалығын, ынсаптылық пен мейірімділікті, адамның ойы мен сезімінің кіршіксіздігін армандаған. Соның нәтижесінде «Дубровский» мен «Боран» Шәкәрімнің қаламы арқылы қазақша сөйледі. Ш. Құдайбердіұлы «Дуборвский» повесі мен «Боран» әңгімесі поэзия тілінде аударды.
Талдауға кіріспес бұрын екі жанрдың ерекшелігіне көңіл бөлсек.
«Прозалық шығармалар үлкен, орта, шағын түрдегі жанр ретінде роман, повесть, әңгіме, новелла болып бөлінеді. Повесть - романға қарағанда сюжет ауқымының шағындығымен, құрылымдық қарапайымдылығымен ерекшеленеді»[31, 136] .
«Мұнда адам өмірінің біралуан кезеңді құбылыстары кеңірек, біраз дамытыла суреттеледі. Ондағы өмірлік тартыстардың оқиғаларға тұтаса басталуы мен байланысы, шиеленісі мен шешімі табиғи әрі заңды. Оқиғаларға қатысатын қаһармандар да бірнешеу, тіпті ондап саналады. Повесть мазмұнындағы ең өзекті шындық, әрине, бас қаһарманның өмірі болмақ» [3, 302], повестьке жоғарыдағыдай анықтама берілсе, поэмаға З. Қабдолов мынадай анықтама береді: «Орта көлемді эпостың повестен басқа тағы бір түрі - поэма (грекше poiemа - туынды) өлеңді повесть, өмірде болған не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуаналуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлітүрлі: сюжетті поэмалар да, сюжетсіз поэмалар да болады» [3, 302] .
Поэма дегеніміз өлеңді повесть болса, повесть пен поэманың көтерер жүгі бір болғаны ғой. Онда түпнұсқа мен аудармадағы айырмашылық тек құрылымында ғана секілді. Аудармашының «Дубровский» шығармасын сюжетті поэмаға жатқызуға болады. Дегенмен, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің аудармасын «Дубровский» әңгімесі деп атаған екен.
Пушкиннің «Дубровскийі» прозалық шығарма, орыс қоғамының сол замандағы тіршілігін суреттейтін көркем повесть. Шығарманың бас кейіпкерлері Троекуров, Дубровский сияқты байлардың болуына, оқиғалар тартысының сол бай ортада, байлық пен мансапқа байланысты өрбейтініне қарамастан, «Дубровский» орыс байларының тіршілігін бейнелейтін, қоғамдағы әлеуметтік топтар арасындағы қайшылықтарды баяндайтын шығарма деп те, сонымен қатар, оны таза ғашықтар хикаясы деп те айта алмайсыз. «Дубровский» повесінің негізгі обьектісі - адам, адамдар арасындағы қарым - қатынастар психологиясы, адамгершілік пен ар тазалығы. Бұл, сөз жоқ, шығармашылығы арқылы оқырман қауымға ұсынылатын басты эстетикалық құндылықтармен астарлас идея. Қазақ ақынының назарын аударған мәселе де Пушкиннің осы ойлары болғаны анық.
А. С. Пушкиннің ұстаған мақсатын, шығармаларының идеясын, ішкі рухын терең түсінген Шәкәрім өз ойын, өз дүниетанымын түпнұсқа оқиғасымен тамырластыра отырып жырлайды. Шәкәрім Құдайбердіұлы А. С. Пушкин шығармасының мазмұнын, көркемдік идеясын сәтті жеткізе алған.
Шәкәрім Пушкиннің аталған шығармаларын 1908 - 1912 жылдары поэзия тілінде аударады. «Дубровский» аудармасы 1924 жылы жеке кітап болып Семейде басылып шыққан.
Пушкинде романның сюжеті бірден: «Несколько лет тому назад в одном из своих поместий жил старинный русский барин, Кирила Петрович Троекуров»[1, 127], деп басталса, Шәкәрімнің «Дубровскийі» 31 шумақтан, 124 жолдан тұратын прологтан кейін барып желі тартады. Бұл - ғасыр басындағы аудармашылардың көбі қолданған әдіс. Пушкиннің ой өрісін, қалам ұстау өзгешелігін, азаматтық позициясын толық та терең зерделей білген дала ақыны әр дәуірдегі адамның, қоғамның болмысын шола келіп, жеке мен жекенің, жеке мен көптің арасындағы үйлестіктің не қайшылықтың әрқилы себептерге байланысты бір қалыпты тұрмайтынын тілге тиек етеді. Бүгінгі бардың ертең жоқ болуының, бүгінгі достың ертең жауласып шыға келуінің әлеуметтік, психологиялық астарына үңілуге талпынады. Түптеп келгенде бұл - повестье айтылатын ойдың негізгі қазығын, идеялық нысанасын меңзейді:
Жазған жоқ Пушкин мұны ермек үшін,
Мақсұты: бізге ғибрат бермек үшін.
Қиянатшыл, зорлықшыл, парақордың
Мінезінің суретін көрмек үшін [2, 412] .
Осындай толғаныстан кейін барып біз жоғарыдағы Пушкиннің өзінен алынған жолдардың қазақшасын оқимыз.
Жер айналмай тұрмайды дүние жай,
Келер, кетер адамзат із қалдырмай.
Сол өткен көп заманның бір кезінде,
Болыпты Троекуров деген бір бай [2, 412],
деп басталады да, түпнұсқадағыдай шығармадағыды тағы бір кейіпкер Дубровскиймен таныстырады және Дубровский мен Троекуров арасындағы қатынасты суреттеп кетеді.
Аударманың алғы сөзінде Шәкәрім тағы былай дейді:
Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін,
Қазақтың шағылдырар надан көзін.
Ғылымнан көзілдірік кимеген ел,
Туралап көре алмас деп күннің көзін [2, 412] .
Бұл жолдар - Шәкәрім А. С. Пушкиннің аталмыш шығармасын өз заманындағы қазақ оқырмандарының талғамына қарай аударған деген ойымыздың дәлелі.
А. С. Пушкиннің «Дубровский» повесінің оқиғасы он тоғыз тарауда баяндалған болса, қазақшасында тарау сандары қойылмаған, тараулар жігі жай белгілермен ғана бөлінген. Ал, повестің тексті 372 шумақ, он бір буынды қара өлең ұйқасымен аударылған.
«Сюжеттік байланыс (орысша завязка) - адамдар арасындағы әрекеттің басы; тартыстың басталуы іспетті, шығарма арқауындағы негізгі оқиғаның әуелгі туындау себебі секілді» [3, 74 ] .
Түпнұсқада сюжеттік байланыс Троекуровтың аңға шықпақ болуы, жолай қонақтарды ит көрсете алып баруы, Дубровскийдің бір қызметкермен келіспей қалуы және қызметкерінің сөзіне Троекуровтың дарақылана күлгеніне ренжіп, Дубровскийдің кетіп қалуымен басталады:
«Раз в начале осени Кирила Петрович собирался в отъезжее поле. Накануне был отдан приказ псарями и стремянным быть готовыми к пяти часам утра. Хозяин и гости пошли на псарный двор.
Гости почитали обязанностию восхищаться псарнею Кирила Петровича. Один Дубровский молчал и хмурился.
«Что же ты хмуришься, брат, спросил его Кирила Петрович, или псарня моя тебе не нравится?» «Нет, отвечал он сурово, псарня чудная, вряд людям вашим житье такое ж, как вашим собакам». Один из псарей обиделся. «Мы на свое житье, сказал он, благодаря бога и барина не жалуемся, а что правда, то правда, иному и дворянину не худо бы променять усадьбу на любую здешнюю конурку. Ему было б и сытнее и теплее». Кирила Петрович громко засмеялся при дерзком замечании своего холопа, а гости вослед за ним захохотали, хотя и чувствовали, что шутка псаря могла отнестися и к ним. Дубровский побледнел и не сказал ни слова. Между тем Андрей Дубровский скрылся, и никто того не заметил» [1, 131] .
Аудармада: «Аңға шықпақ болды да Троекуров,
Ит көрсете апарды қонақтарын.
Сөз сөйлемей тұр еді Дубровский
«Сен неге сөйлемейсің» деді досы.
«Маған міндет емес қой ит мақтамақ,
Жаңа көрген қонақтар алсын сабақ.
Ит түгіл қызметшіңе табылар ма,
Мұндай орын, мұндай үй, мұндай тамақ!?»
Бұл сөзге бір қызметкер ашуланды:
Иттен кейін көрдің бе сен адамды?
Біз түгіл сіз сықылды бір алпауыт
Мұнда тұрса қуанар, депақ алды.
Троекуров қуанып қарққарқ күлді,
«Сөз таптың» деп арқаға қақты құлды.
Мақтаншақтың малайы тасыр болып,
Ұқпағанын Андрей іші білді.
Андрей Дубровский ішінде жоқ,
Бағана өз үйіне қайтып кетті» [2, 415] .
Яғни, түпнұсқа мен аударманың байланысы бірдей. Міне, осылай екі нұсқада да тартыстың шығу себебі айқындалады.
Ал, шығармадағы тартыс Троекуров Дубровскийдің жерін алып қою үшін алғашқы қадам жасауынан, Дубровский мен Троекуровтың сот алдына баруынан және Троекуровтың жеңіп шығуынан көрінеді:
«Троекуров узнал заседателя Шабашкина и велел его позвать. Через минуту Шабашкин уже стоял перед Кирилом Петровичем, отвешивая поклон и с благоговением ожидая его приказаний.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz