Салалық монополиялардың қызметін реттеуді жетілдіру


ӘОЖ 334. 012:621. 31(574. 4) Қолжазба құқығында
КОНУСПАЕВ РУСЛАН ҚҰРМАНҒАЖЫҰЛЫ
Салалық монополиялардың қызметін реттеуді жетілдіру (Шығыс Қазақстан облысы электр энергетикасы саласының материалдары бойынша )
08. 00. 05 - Экономика және халық шаруашылығын басқару
(қызмет салалары мен аялары бойынша)
Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009
Диссертациялық жұмыс С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде орындалды
Қазақстан Республикасы Білім және
ғылым министрлігінің Экономика институты
Диссертация 2009 жылдың «» наурызында сағат 16. 00-де «Тұран» университетінде экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау бойынша Д 20. 01. 01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050020, Алматы қаласы, Л. Чайкина көшесі, 12а, мәжіліс залы, 1 қабат.
Диссертациялық жұмыспен «Тұран» университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2009 жылы «» таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, э. ғ. д., профессор М. С. Ержанов
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі нарықтық экономикада ұлттық экономикалық жүйенің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде монополиялар жетекші роль атқарады. Монополиялық құрылымдардың ішінде электр энергетикасы сияқты қоғамдық маңызы бар қызмет аяларындағы салалық монополиялар ерекше орын алады. Ал олардың қызметін реттеу мәселелері аталған құрылымдардың пайда болуынан бастап туындаған және қазіргі уақытқа дейін өзекті болып табылады.
Экономикадағы жүйеқұрушы салалардың бірі болғандықтан электр энергетикасының нарыққа бейімделу деңгейіне елдің энергетикалық қауіпсіздігі және бүкіл экономиканың тұрақты дамуы тәуелді болады. Энергетиканың экономикалық өсу және әлеуметтік дамудың маңызды элементі екені және оның ролінің келешекте тек қана арта түсетіні күмән тудырмайды.
Қызмет көрсету сипатына және оларды тұтынушыларға жеткізудің технологиялық ерекшеліктеріне байланысты электр энергетикасы саласы басқа монополиялық құрылымдармен салыстырғанда қоғам есебінен өз мүдделерін жүзеге асырудың жоғары мүмкіндіктеріне ие. Тәжірибе жүзінде бұл электр энергиясына тарифтердің өсуінен көрінеді, ал аталған өнімге бағалардың үлкен әлеуметтік мәні бар және ел экономикасының барлық салалаларының өнімінің өзіндік құнына әсер етеді, сондықтан мемлекет тарапынан реттеледі.
Электр энергетикасындағы жүргізілген асығыс қайта құрылымдау салада жылдар бойы жинақталған мәселелерді шеше алған жоқ. Реформалар барысындағы қателіктер, жалпы ішкі өнімнің жоғары энергиясыйымдылығы саланың қазіргі дағдарыстық жағдайына әкелді. Осыған байланысты Елбасының Қазақстан халқына 2008 жылғы Жолдауында электр энергетикасын дамыту артықшылықты бағыттардың бірі ретінде танылған болатын. Үкіметке электр энергетикасын, тасымалдау жүйесін дамыту бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл секторлар бүгінде Қазақстан экономикасы дамуына анық «ілесе алмауда».
Көптеген жылдар барысында мемлекет салалық монополияларды реттеудің бағалық және бағалық емес реттеу механизмдерін пайдаланатын, негізінен тура бақылау қағидасына құрылған шараларды қолданысқа енгізген еді. Қазіргі кезде бұл әдістер толыққанды жұмыс істемеуде, мұның көрінісі ретінде саладағы монополиялық кәсіпорындардың қызметінің тиімділігінің, саланың инвестициялық тартымдылығының, көрсетілетін қызметтер сапасының төмендеуін атауға болады. Шетелдік тәжірибені жергілікті ерекшеліктерді ескерусіз көшіру, салада бәсекенің тек көрінісін жасаған болатын.
Қалыптасқан жағдай саладағы монополияға қарсы реттеудің бірқатар кемшіліктерге ие екенін және жетілдіруді талап ететіндігін көрсетті. Сондықтан да аталған мәселелерді кешенді зерттеудің объективті қажеттілігінен диссертацияның мақсаты туындайды.
Мәселенің зерттелу дәрежесі. Мемлекет пен монополиялық құрылымдардың өзара әсерінің мәселелері У. Петти, А. Смит, Дж. Милль, А. Маршалл, Дж. Б. Кларк, П. Срафф, Э. Чемберлин, Дж. Робинсон, К. Маркс, В. Ойкен, Дж. К. Гэлбрейт сияқты шетелдік экономист ғалымдардың еңбектерінде жарық көрді.
Аталған мәселеге байланысты бағыттарды зерделеуге белгілі ресейлік экономист-ғалымдар Е. Л. Хмельницкая, А. А. Демин, С. Б. Авдашева, Н. М. Розанова, А. В. Барышев, Ю. В. Сухотин, В. Цапелик, В. Кокорев, Е. И. Королькова, Н. И. Белоусова айтарлықтай үлес қосты.
Отандық экономикалық әдебиеттерде монополиялардың қызметін реттеу мәселелерін Н. К. Мамыров, М. Б. Кенжегузин, Р. М. Сагиева, К. К. Жанғаскин, С. К. Ханапина және басқалар терең де жан - жақты зерттеді. Электр энергетикасы саласының қазіргі жағдайы мен Қазақстандағы даму мәселелері Д. Н. Блиевтің, Р. А. Алшановтың, С. Ы. Өмірзақовтың, А. Қазбайқызының, С. С. Махметтің, А. А. Жакуповтың, Б. И. Түзелбаевтың еңбектерінде қарастырылған.
Алайда саланың қазіргі жағдайын, қарастырылып отырған мәселенің көпқырлылығын, зерделенбеген мәселелердің болуын ескере отырып, таңдаған тақырыпты одан әрі ғылыми - теориялық және тәжірибелік бағытта дамыту қажет деп ойлаймыз.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсаты - салалық монополияларды реттеудің теориялық-методологиялық негіздерін зерттеу нәтижесінде олардың қызмет ету механизмдерін жетілдіру үшін ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар жасау. Қойылған мақсатқа жету жету үшін диссертацияның мазмұнын және қисынды дәйектілігін анықтаған келесі міндеттер анықталды:
- салалық монополиялар қызметін реттеудің қажеттілігін және даму кезеңдерін, ерекшеліктерін ілімдік тұрғыдан негіздеу;
- электр энергетикасындағы салалық монополиялардың қазіргі жағдайына талдау негізінде осы сала жүйелерін ұйымдастыру модельдерінің тиімділігін бағалау;
- монополиялық салалардың қызметін реттеу механизмін жетілдірудің басты бағыттарын анықтау;
- энергетикалық монополиялардың қызметін мемлекеттік реттеудің концессиялық механизмінің тиімділігін анықтау;
- электр энергетикасы саласындағы бағалар жүйесін жетілдіру үшін ғылыми негізделген ұсыныстар жасау.
Зерттеу объектісі. Шығыс Қазақстан облысы электр энергетикасы саласындағы монополиялардың қызметі.
Зерттеу пәні. Электроэнергетикалық кешендегі салалық монополиялардың қызметін реттеу үрдісіндегі туындайтын ұйымдастырушылық-экономикалық қатынастар жиынтығы.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. Зерттеу барысында салалық монополиялардың қызметін реттеуге, электр энергетикасындағы монополиялардың қызмет ету ерекшеліктеріне байланысты шетелдік және отандық экономист ғалымдардың ғылыми еңбектері, аталған мәселелерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік-құқықтық құжаттары және табиғиғи монополияға жататын «ШҚ АЭК» АҚ қаржылық-шаруашылық қызметінің мәліметтері қолданылды.
Диссертациялық жұмыстың ақпараттық негізі. ҚР Президентінің жарлықтары, ҚР Үкіметінің қаулылары, Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу бойынша Агенттігінің, Қазақстан Республикасы статистика жөніндегі Агенттігінің нормативтік актілері мен статистикалық мәліметтері, монополияларды реттеу мәселелері бойынша министрліктер мен ведомостволардың статистикалық көрсеткіштері жұмыс барысында пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Салалық монополияларды реттеудің ілімдік және тәжірибелік мәселелерін кешенді зерттеу және аталған монополиялық құрылымдарды реттеудің механизмін жетілдіру жөніндегі ғылыми негізделген ұсыныстарды әзірлеу жұмыстың ғылыми жаңалығы болып табылады. Зерттеу үрдісінде ғылыми жаңалығы бар келесі нәтижелер алынды:
- электр энергетикасын реформалаудың алғышарттары, нормативтік-құқықтық негізінің жетілдірілуі, реттеуші органдардың қайта ұйымдастырылуы, саладағы қайта құрылымдау мен жекешелендіруге байланысты экономикалық және заңнама-құқықтық факторлардың әсерін ескеретін Қазақстанның электр энергетикасы жүйесі қалыптасуының және дамуының кезеңдері айқындалды;
- макроэкономикалық және микроэкономикалық критерийлерді ескеретін, сараптық және логико-аналитикалық әдістерді пайдаланатын электр энергетикасы жүйелерін ұйымдастыру модельдерінің тиімділігін бағалау тәсілі ұсынылды;
- энергия үнемдеу саясатын, жаңаратын энергия көздерін пайдалануды, тариф саясатын жақсартуды қарастыратын салалық монополиялардың қызметін реттеу механизмін жетілдірудің басты бағыттары анықталды;
- концессиялық қағидаға негізделген басқаруды қарастыратын жобаларды жүзеге асыру үшін концессионерлерді таңдау бойынша конкурс өткізу моделі және аталған жобалардың тиімділігін анықтау үшін ғылыми ұсыныстар жасалды;
- электр энергетикасы саласындағы бағалар жүйесін халықтың төмен, орта және жоғары кірісті топтары үшін тарифтерді саралау арқылы модельдеу негізінде жетілдіру жөніндегі ұсыныстар жасалды.
Қорғауға ұсынылатын ғылыми тұжырымдар :
- тарихи тәжірибені жинақтау негізінде экономикалық және заңнама-құқықтық факторлардың өзгерістерін ескеріп Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің даму кезеңдерін анықтау бойынша зерттеу қорытындылары;
- электр энергетикасы жүйелерін ұйымдастыру модельдерінің тиімділігін бағалау тәсілі;
- салалық монополиялардың қызметін реттеу механизмін жетілдірудің басты бағыттарын айқындау жөніндегі ұсыныстар;
- концессиялық жобаларды жүзеге асыру үшін концессионерлерді таңдау бойынша конкурс өткізу моделі және аталған жобалардың тиімділігін анықтау жөніндегі ұсыныстар;
- электр энергетикасы саласындағы бағалар жүйесін халық үшін тарифтер дифференциациясының моделі.
Зерттеу жұмысы нәтижесінің практикалық маңыздылығы. Электр энергетикасы саласындағы монополиялық жағдайда қызметін жүзеге асырып жатқан шаруашылық субъектілерінің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары мемлекеттік және аймақтық деңгейде реттеуші органдардың, электр энергиясын өткізу бойынша компаниялардың қызметін жақсартуға мүмкіндік береді. Жүргізілген зерттеулердің жекелеген нәтижелері «Алтай» аймақтық ғылыми технологиялық паркінің «Әлеуметтік-экономикалық үрдістерді зерттеу және модельдеу» лабораториясының жұмысында пайдалануға ұсынылды. Сонымен бірге, жұмыстың негізгі ілімдік тұжырымдары жоғарғы оқу орындарының экономикалық мамандықтары бойынша «Экономиканы мемлекеттік реттеу», «Кәсіпорын экономикасы», «Экономикалық талдау», «Сала экономикасы» курстарын оқыту барысында пайдаланылды.
Зерттеудің практикалық нәтижелерінің мақұлдануы мен енгізілуі . Диссертациялық зерттеудің жекелеген негізгі теориялық тұжырымдары мен тәжірибелік түйіндері С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде өткен «Инновациялық университеттің «серпінді» жобаларын жүзеге асырудағы жас ғалымдардың әлеуеті» ғылыми-практикалық конференциясында (Өскемен, 2008), «Алтай - біздің ортақ үйіміз. Халықаралық ынтымақтастық: ғылым, экономика, білім беру, мәдениет, туризм» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Өскемен, 2008), «Алдыңғы қатарлы ғылыми еңбектер» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Прага, Чехия, 2008), «Қазіргі жағдайдағы ұлттық экономика және құқық: мәселелері, артықшылықтары, даму перспективалары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Алматы, 2008) баяндалды.
Зерттеу нәтижелерінің жарияланымы . Зерттеу нәтижесінде алынған негізгі ғылыми қағидалар және нәтижелер жалпы көлемі 3, 4 баспа бет құрайды, соның ішінде 6 ғылыми мақала және 4 баяндама жарияланды.
Диссертация құрылымы және көлемі . Диссертациялық зерттеу кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Жалпы жұмыс 158 беттік компьютерлік терім мәтінін құрай отырып, 38 кесте мен 18 сурет және 4 қосымшадан тұрады.
Негізгі бөлім
Диссертациялық жұмыстың алғашқы «Салалық монополиялардың қызметін реттеудің теориялық негіздері және дамуы» тарауында келесі маңызды зерттеулер нәтижелері қарастырылды: салалық монополиялардың қызметін реттеудің қажеттілігі және әдістері, салалық монополия ретіндегі электр энергетикасының даму ерекшеліктері, электр энергетикасындағы салалық монополиялардың қызметін реттеудің халықаралық тәжірибесі. Осы зерттеулер нәтижесінде келесі бірқатар мәселелерді атап көрсеттік.
Монополия бір жағынан бәсекенің, ал екінші жағынан мемлекеттің экономикалық жүйеге араласу нәтижесі болып табылады. Бәсекенің ерекшелігі, өндірушілердің бәсекелік артықшылықтары тұрақты және ұзақмерзімді сипатқа ие болу жағдайында ол өзіне қарама - қарсы монополияға үдемелі түрде ұласады. Өз кезегінде мемлекет әрекеттерімен пайда болған монополиялар ұлттық шаруашылықтың көптеген салаларын қамтып қана қоймай, сонымен бірге жалпы қоғам өмірінің экономикалық, саяси және әлеуметтік сферасына белсенді әсер етеді.
Монополизм және монополия мәселелеріне алғаш мән берген ғалымдарға классикалық мектептің негізін салушылар жатады (В. Петти, А. Смит, Дж. С. Милль) . В. Петти «Алымдар және салықтар туралы трактат» еңбегінде монополия құбылысына «Монополиялар және лауазымдар туралы» деп аталатын бүкіл бөлімін арнаған. Ол монополияны айналыс сферасында қарастырып, оны «тек сату құқығымен» байланыстырған. В. Петтидің жазуы бойынша «Бұл құқыққа ие адам, бұл құқық таралатын тауарды қалай бағалағысы келсе, солай бағалайды немесе ойына келген бағасын қояды немесе оған рұқсат берілген шекте екеуін де істеп сата алады».
Ғылыми көзқарастарды қарастыра келе, келесі кесте түрінде жинақтап беруге болатынына көз жеткіздік.
Кесте 1 - Экономикалық қатынастардағы монополиялардың негізгі типтері
Монополия типтерінің ішіндегі негізгілерінің біріне табиғи монополия жатады, біздің пікірімізше табиғи монополия бір кәсіпорында белгілі - бір өнімнің өндірісінің шоғырлануының алдын - алуға бағытталған шаралар жүйесі экономикалық мақсатқа сай болмаған жағдайда пайда болады. Табиғи монополия өнім шығарылымы көлемінің өзгерісі жағдайында өндіріс құралдары көлемі өсуімен шығындар төмендеген жағдайда туындайды.
Экономикалық ілімге «табиғи монополия» ұғымын алғаш енгізген Дж. С. Милль, монополияның өндіріс шығындарын зерттеу барысында туындағанын анықтаған неоклассикалық экономикалық ілім өкілдері А. Маршалл, Дж. Б. Кларк, П. Срафф, Д. Робинсон, Г. фон Штаккельберг, Э. Чемберлин және басқалардың зерттеулері осы мәселеге қомақты үлес қосты.
Монополия және бәсеке мәселелерін зерттегенде К. Маркс жұмыстарына тоқталмауға болмайды. Маркстік ілімде монополияның пайда болу себептері, экономикалық сипаттамалары және тарихи орны зерттелген. К. Маркс монополияның үш типін талдаған: табиғи, кездейсоқ және тегінде капиталистік. Табиғи монополия капиталдың негізгі өндірістік қатынасымен тура байланысты емес. Ол жеке меншік бар кез келген қоғамда өмір сүре алады. Әдетте, табиғи монополия ерекше қолайлы табиғи ресурстарды монополиялық иеленумен байланысты және сол немесе басқа өндірушінің табиғи артықшылығынан туындайды. Табиғатынан монополиялар ауыл шаруашылығында және өндіру өнеркәсібінде кең таралған. Табиғи монополия - монополиялардың ең ескі түрлерінің бірі, ол тіпті құл иелену қоғамында да болған.
Неолибералды мектеп өкілдері, атап айтсақ, В. Ойкен «монополия» ұғымын өндіріс пен капитал шоғырлануы үрдісімен байланыстырмаған, оны таза нарықтық феномен ретінде түсіндірген. В. Ойкен жетілген бәсеке моделінен кез келген ауытқуды монополиялану ретінде түсінген.
Кеңес авторлары, соның ішінде Е. Л. Хмельницкая, К. К. Многолеттің жазуы бойынша монополиялық бірлестіктердің жетекші формасы - ол өндірісті басқару, ғылыми зерттеулер, жабдықтау және өткізу бойынша операциялар мен капиталды иеленуді бір қолға біріктірген концерн болып табылады.
Бұл авторлар монополиялық баға, монополиялық пайда және баға құру мәселелеріне ерекше назар аударған.
Кейіннен А. А. Деминнің, С. М. Никитиннің, И. Е. Рудакованың жұмыстарында монополиялар өнімінің бағасы өндіріс бағасына бағдар алса да үстеме пайда ала алады, өйткені олар техникалық прогресс нәтижелерін монополиялайтыны туралы жазылған.
Бұл тұрғыда отандық ғалымдардың да пікірін тілге тиек ету орынды болып табылады. Белгілі экономист М. Б. Кенжегузиннің ойынша монополия түрінде нарықты ұйымдастыру нарықтың бір орталықтың мүддесі мен еркіне толық бағыну жағдайына әкеледі. Жаппай монополия салада тауарлардың бір өндірушісі және ол бір уақытта өндіріс құралдарының жалғыз иесі болған жағдайда пайда болады.
Э. К. Жилкибаеваның пікірінше монополия дегеніміз өнімнің бір өндірушісі немесе сатушысының абсолюттік басым болуы, бұл кәсіпкерлік фирмаға немесе монополияға қол жеткізген басқа субъектілерге, яғни монополистерге ресурстарға иелік етудің ерекше құқығын, бәсекелестерге, тұтынушыларға және жалпы қоғамға қысым жасау мүмкіндігін тұрақты түрде аса ірі пайда және жалпы пайда алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Жоғарыда қарастырылған көзқарастарды жүйелей келе табиғи монополиялардың негізгі ерекшеліктерін қарастырып, берілген нарықтық құрылымның белгілерін жинақтап, оған кешенді анықтама беруге болады:
1. Табиғи монополияның экономикалық мүдделерінің ерекше табиғаты масштабтан үнемдеу заңының күшіне байланысты бір тауар өндірушінің қызмет етуін талап етеді;
2. Егер бүкіл шығарылым интервалында шығындар функциясы субаддитивті болса, тіпті мұнда масштабтан үнемдеу болмағанның өзінде көпөнімді монополия жағдайында сала табиғи монополия болып табылады;
3. Аталған нарықтық құрылымға енуге басты кедергі технологиялық ерекшеліктері болып табылады (тораптық құрылымдардың болуы) . Табиғи монополия жоғары тұрақты және төмен шекті шығындармен сипатталады;
4. Табиғи монополия жағдайында (тұрақты шығындар) жұтылған болып табылады, бұл саладан шығудан қиындатады;
5. Инфрақұрылымдық мақсаттағы объекті болып табылатын табиғи монополия бұл бүкіл экономиканың қызмет етуіне жағдай жасайтын ортақ кәсіпорын, сондықтан оның жоғары әлеуметтік маңызы бар;
6. Берілген құрылым субъектілерімен өндірілетін өнімді тұтынуда алмастыру мүмкін емес. Ол жағымды сыртқы тиімділігі бар ұжымдық пайдаланудағы әлеуметтік маңызды игілік болып табылады;
7. Жоғарыда аталған монополияның белгілі шекаралары бар. Бірқатар факторларға байланысты (сұраныс немесе ұсыныстың (технологияның) өзгерісіне) сала бәсекелі болуы мүмкін.
Табиғи монополия белгілерін талдау негізінде мынадай қорытынды жасауға болады, табиғи монополия - бұл шығындардан үнемдеуді өндіріс технологиясы ерекшеліктеріне байланысты бір шаруашылық субъектісімен бәсекенің орын алмаған жағдайындағы сұраныстың тиімді қанағаттануы жүзеге асатын нарықтық құрылым, табиғи монополия өнімінің алмастырушылары жоқ жағымды сыртқы тиімділігі бар ұжымдық пайдаланудағы әлеуметтік маңызды игілік болып табылады.
Талдау нәтижелері көрсеткендей отандық экономикалық әдебиеттерде салалық монополияның анықтамасы өндіріс масштабынан үнемдеу заңының әсерімен байланысты. Батыс әдебиеттерінде анықтама кеңірек, ол бір өнімді де, көп өнімді де өндіретін салалық монополияны қамтиды және шығындардың субаддитивтілігіне негізделген.
Біздің пікірімізше - салалық монополия дегеніміз бір кәсіпорын өндіріс масштабынан жоғары техникалық үнемдеу арқылы бірнеше кәсіпорынмен салыстырғанда азырақ ұзақмерзімді шығындармен бүкіл нарықтық сұранысты қанағаттандыратын және тауар бағасына негізді әсер ететін нарықтық құрылым.
Біздің ойымызша, салалық монополия табиғи монополия ұғымынан кеңірек болып табылады, өйткені саланың жекелеген секторлары табиғи монополия болуы мүмкін, мысалы, электр энергетикасы саласының электр энергиясын беру және үлестіру секторлары табиғи монополия болып саналады. 1996 жылға дейін сала толығымен табиғи монополия қалпын сақтаған болатын. Аталған жылы өндіру және өткізу секторлары электр энергиясын беру және үлестіруден бөлініп, бәсекелі саралынымдарға жатқызылған болатын.
Біздің ойымызша салалық монополияларды реттеу мәселесі - мемлекеттің, салалық монополиялар субъктілерінің, тұтынушылардың мүдделерін теңестіру қағидасы негізінде салалық монополиялардың монополиялық билігінің теріс салдарын жою мақсатында мемлекеттің салалық монополиялар қызметіне әсері тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
Қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстанның экономикасының дамуына нұқсан келтірмеу үшін экономиканы тиімді басқару инфрақұрылым құруға, экономикадағы құрылымдық сәйкессіздіктерді жоюға, бәсекелі орта қалыптастыруға, әлеуметтік саясат жүргізуге бағытталған мемлекетің белсенді түрде қатысуынсыз мүмкін емес.
Біздің пікірімізше, монополиялық құрылымдарды реттеуде мемлекетке келесі қызметтер жүктелуі тиіс: қоғам мен монополияға ие шаруашылық субъектілер мүдделерін үйлестіру; тұтынушыларды мүмкін болатын монополиялық жағдайымен қиянат жасаудан және мүдделеріне шек қоюдан қорғау; бәсекені дамыту, монополиялардың әсер ету сфераларын шектеу және оларды бәсекелік ортаны сақтау және қолдау мақсатына лайықты болатын салалар мен өндірістердің шегінен шығару.
Еліміздің техникалық ықпалдасқан біртұтас энергетикалық жүйесі Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан екі ірі біріккен энергетикалық жүйесінен құралады. Бұл біріккен энергетикалық жүйелер 500 кВт кернеулі магистральді электр беруші желілермен байланысқан. Энергетикалық жүйенің бірігу дәрежесін жоғарылататын және оның мүмкіндіктерін кеңейтетін осындай кернеулі екінші магистральді электр беруші желі салу жоспарланған. Қазақстанның батыс облыстарының энергетикалық жүйесі елдің біртұтас энергетикалық жүйесімен Ресейдің магистральді тораптары арқылы қосылған. Солтүстік, Батыс және Оңтүстік Қазақстанның қазіргі мемлекетаралық электр желілерінің жиынтықты өткізу қабілеті шамамен жылына 30 млрд кВт/сағат құрайды, олардың 12-14 млрд кВт/сағаты Ресеймен байланыстыратын магистральдардың үлесінде.
Электр беру желілерінің ұзақтығы туралы мәлімет көрнекі түрде 2 - кестеде берілген.
Кесте 2 - Қазақстанның электр беру желілерінің ұзақтығы
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz