Ән жанрлары мен мектептері


Пән: Өнер, музыка
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 7 бет
Таңдаулыға:   

ӘН ЖАНРЛАРЫ МЕН МЕКТЕПТЕРІ

Қазақ әндерінің жанрлық сипаттамасы ретінде оқыту тәжірибесінде этномузыкатанушы - Б. Ерзаковичтің тұжырымдамасы қолданылып келеді. Ғалым өзінің «Қазақ халқының ән мәдениеті» еңбегінде мынадай жанрлық анықтамаларды келтіреді:

1. Тұрмыс-салт әндері . Күнтізбелік әндер-жыл өлеңдері, емдік-жоралық әндер -«Бәдік», «Күлапсан», жан-жануарларға арналған әндер;

2. Әулеттік-жоралық әндер. Той әндері - «Жар-жар», «Беташар», «Той бастар», «Сыңсу», «Қоштасу», қазаға (өлімге) байланысты әндер - «Естірту», «Жоқтау», «Көрісу»;

3. Тұрмыстық-отбасылық әндер. Насихат өлеңдер, балаларға арналған «Бесік жырлары», тұсау кесу, бесікке салу тақпақтары;

4. Еңбек әндері. Киіз үй құрғанда, көрпе тігу, киіз басу кезінде айтылатын әндер;

5. Лирикалық әндер. Туған жер, махаббат әндері.

6. Әлеуметтік қарсылық әндері . «Көкшолақ», «Сараның әні», «Ақбөбек» т. б.

7. Тарихи әндер . «Елім-ай», «Құты қатты патшаның» т. б.

Халық әндерін мұндай жанрларға бөлудің тым саяси реңк алғаны кейінгі зерттеулерде айтылып жүр. Б. Ерзакович сөз жоқ, халық әндерінің жанрлық тұғырын дәл таныған, дегенмен әндердің бөлінуінің дәстүрлі формалық түрлері анықталмай отырғаны да рас. Ж. Кәрменов халық әндерінің екі томдық жинағын шығарғанда кеңестік кезеңдегі ән мәтіндерінен арылу керектігін баса жазды, сонымен бірге әндердің күрделілігі мен формасын жанр ретінде ұсыну қажеттілігі айтылды. Мұндай пікірді А. Алматовтың зерттеулерінен де кездестіруге болады. Осы орайда ән жанрларын мынадай топтарға бөле қараудың ыңғайы бар сияқты:

1. Романс тектес әндер -«Ақбақай», «Жиырма бес», «Япурай», «Ғайни» т. б.

2. Сатиралық-юморлық әндер -«Он алты қыз», «Ағашаяқ», «Құлбай бай» т. б.

3. Қара өлеңге құрылған әндер -«Сәулем-ай», «Еркем-ай», «Қамажай», «Жеті арал жерім-ай» т. б.

4. Қыз-келіншектер әндері -«Майра», «Дудар-ай», «Әупілдек» т. б.

5. Желдірме әндер -термелер, арнау, насихат әндер т. б.

6. Эпостық мазмұндағы әндер -жырлардың кейіпкерлерінің атынан айтылатын әндер -«Жігіттің падишасы - Әмір Темір», «Қос мүйізді Ескендір» т. б.

7. Авторлық-арнау әндер. Молдабайдың әні, Ғазиздің әні, «Бүркітбай», «Шашубай», «Теміртас» т. б.

Әндерді бұлай бөлу арқылы олардың формасын анықтауға болады, романс тектес әндердің диопозоны кең, вокалдық қайырымы мол болады. Ал, сатиралық-юморлық әндерде керісінше, мұндағы ән ырғағы шапшаңырақ, мәтіні мен мелодиясы үнемі қайталанып отырады, вокалдық дамуы шектеулі.

Қара өлеңдерді көбінесе халық әндері деп атайды, бұлардың да қалыптасқан қайырымы бар, көбінесе он бір буындық өлеңге құрылады. Мелодиясы пентатоникалық сарынға бейім, сондықтан әннің өте көне түрі деп айтуға негіз бар. Қыз-келіншектер әндерінде вокал иірімдері мол кездеседі, мұны бөле атаудағы себеп -диопозоны мен ән мәтіні әйел дауысының табиғатына лайықталған. Желдірме әндердің ырғағы ширақ, аты айтып тұрғандай салтанатты әрі жүрдек шырқалады. Эпостық мазмұндағы әндер кәдімгі қара өлеңге ұқсас, бірақ әннің аты немесе мазмұны эпостық кейіпкердің атына құрылады. Авторлық-арнау әндердің сарыны айтыс мақамдарын еске түсіреді, мұнда әуелі «Ал», «Ахау», «Оу» деген сияқты қаратпа айқай айтылады, қайырмасы қара өлеңге құралады, кейде өзге әндердегі мәтіндер қолданыла береді, ал, шумақта міндетті түрде автордың өзін немесе ата-бабасын мадақтаған өлеңі болады.

Халық әндері аймақтық мектептерге бөлінгенмен негізгі сарыны жалпы қазақы әнге ортақ сазға құрылады, сондықтан бір өлкенің әнін басқа өлкенің әншісі қиналмай айта береді, яғни қазақ әнінің біртұтастығы аймақтық әншілік мектептеріне қанша жіктегенмен бұзылмайды. Ғарифолланың Арқа әндерін тамылжыта шырқағаны, Жүсіпбектің Мұхит әндерін тебірене айтқаны соған дәлел бола алады.

Халықтық ән дәстүрінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай аймақтық мектептерге бөле оқыту тәжірибесі қалыптасқан. Жалпылай айтқанда, шартты түрде Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан (Мұхит Мералиев) мектебі деп бөлінеді.

1. Арқа мектебі -қазақы әншіліктің мейлінше дамыған саласы болып табылады. Арқа мектебінің өкілдері деп -Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Шашубай, Тайжан т. б. саңлақтарды атауға болады. Арқа әндері біркелкі еркін ырғақпен айтылады, диапозоны мейлінше кең болады. Арқа әндерінің кәсіби мектебін жасағандар - Ж. Елебекеов, Ж. Кәрменов, Қ. Байбосыновтар, бұлардан өзге, ән өнерінде ерекше із қалдырған Қ. Байжанов, Ә. Қашаубаев, Қ. Бабақов, Қ. Лекеров, Б. Жылқыбаев, М. Ержанов, Ж. Омарова, Р. Есімжанова, Р. Қойшыбаева, М. Көшкінбаев, И. Әлібаев, Ж. Қартабаева, Л. Сүйіндікова, М. Ешекеевтердің атын атай аламыз.

2. Жетісу мектебі - қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол сақталған әншілік өнер шоғыры саналады, орындалуы мен домбырада сүйемелденуі Арқа әндеріне өте ұқсас, сондықтан бұл мектептің өкілдерінің репертуарында Арқа сазгерлерінің әндері де кең орын алады. Жетісу әншілігінің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышевтарды атай аламыз. Жетісу ән мектебінің кәсіби тұғырын қалаған -Ж. Кәрменов, оның ізін жалғастырушы шәкірті - Е. Қосбармақов.

3. Батыс Қазақстандық әншілік мектеп - еліміздің батыс өлкесінде дамыған әншілік өнер. Бұрынғы Бөкей Ордасының жерінде шырқалған төкпелі жыр негізінде синтезделген желдірмелі ән Мұхит арқылы жаңа белеске көтерілді.

Мұхит әндері Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерінен бастау алып Сыр мен Арқаға дейін қанатын жайған. Бұл мектептің басында Ғарифолла Құрманғалиев тұр, Ғарифолла Құрманғалиевпен үзеңгілес өнерпаз ретінде Әли Құрмановтын есімін құрметпен атай аламыз. Ғ. Құрманғалиев осы мектептің жеке арнаға айналып үлкен өнер саласы болуына көп тер төкті. Ғарифолла мектебінен шыққан оның шәкірттері - Қ. Бекбосынов, Қ. Орашева, Қ. Рахимова, А. Дәрібаева, Ж. Сәрсенғалиев. Қ Ақтаев. М. Төрешов, Қ. Бердіғалиев, Ә. Еңкебаев, Қ. Құлышева, С. Таутаева, С. Рахметжанов, С. Әбдірахманов, С. Жанпейісова, С. Мырзабаева, А. Қосанова, Қ. Кәкімовтар.

Бұл әдістемелік құралда Арқа әншілік мектебі зерттеу көзі болғанмен, жалпы қазаққа ортақ әншілік өнерге қатысты оқыту жұмыстарының методикасын келтіруді мақсат етіп отырмыз. Себебі, әншінің алғашқы дауыс қою дайындығы, домбырамен сүйемелдеуі, репертуар таңдауы, сахналық шеберлігі, дәстүрлі иірімдерді меңгеруі - барлық ән мектептеріне ортақ мәселе.

АСПАППЕН ӘН АЙТУ

Халық әндерін аспаппен сүйемелдеу ежелден келе жатқан өнер, ертеде түркі серілері әнді барабан, сыбызғы, домбыра (танбура, танбур, дутар, шертер, рубаб, қомуз т. б шертпелі-шекті аспаптар), қобыз, жай, ғиджак (немесе гыпжак - төркіні қыпшақ деген сөз), жетіген (ятган, чаткан), шаңқобыз (варган) аспаптарының көмегімен шырқағаны тарихтан белгілі. Кейіннен қобыз бен домбыра аспабындағы үрдіс кең тарады, қалғандары қолданыстан шыға бастады, яғни, осы аспаптармен айту дағдысы мейлінше дамып, қалғандарын ығыстыра бастады. ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде татар (қазан) сырнайының қазақ даласында пайда болуы қобызбен айту дәстүрін кейін шегерді, ең соңғы қобызбен жырлаған адам ретінде тарихта Жанақ ақынның аты аталады, басқалай мәдени дерек жоқ. Сырнайдың келуі ән сахнасына Майра, Шашубай, Тайжан, Нартай, Құтбай сияқты тарландарды әкелді, олардың сырнаймен толғаған әндері cахарада жаңаша мәнермен шырқалды. Алайда, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары сырнаймен ән сүйемелдеу күрт тиылды деуге болады. Тек ел ішіндегі таланттар ғана ескіше сырнай толғайтын дәстүрді тастамады, олар көбінесе Сыр бойындағы Нартай дәстүрін жалғастырушылар еді. Семей, Қарағанды, Жезқазған, Жаңақорған сияқты ән қонған өлкелерде ендігі жерде жаңаша заман ырғағына икемделген әндерді айтатын - Болат Сыбанов, Жақсыкелді Сейілов, Бексұлтан Байкенжеев сияқты сазгерлер шыға бастады. Дегенмен бұрынғы сырнаймен айту дәстүрін қайта жаңғырту бақыты ХХ ғасырдың соңында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік Консерваториясының түлегі - Клара Төленбаеваға бұйырды. Клара сырнаймен айтылды деген ескі әндердің түпнұсқасын дәл таба алды, Майра, Нартай мен Шашубай сазы қайта жалғасын тапты.

Қобызбен айту өнері де ел ішінде жалғасып жатты. Қобызшы Сматай Үмбетбаевтың орындауындағы Арқа сазгерлерінің әндері мен термелері қоғамға қайта қозғау салды. Белгілі әнші - Бекболат Тілеухан жыраулардан қалған көне түріктік мақамды қайта дүниеге алып келді. Қазіргі кезеңде қобызбен ән айтатын жастар аз да болса баршылық. Жас әнші Қазыбек Әдікеев осы салада жемісті еңбек етіп жүрген өнерпаз.

Шертермен ән салу дәстүрі ертеректе жойылды дегенімізбен, ол да қазақ мекендеген Өзбек аудандарында өзінше дамуын тоқтатпады, Қазақтың Оңтүстігіндегі отырықшы елдерде шертермен өлең айту әйелдер мен қыздардың әуесі болып саналған. Өкініштісі сол, Болат Сарыбаев қазақ аспаптарын қайта жаңғыртқанда осы бір шертер әншілігіне зерттеу жүргізгені хақында еш мәлімет жоқтығы жанға батады-ақ. Қазіргі кезде Б. Бәбіжан шертермен ән айту дәстүрін сәтімен қолға алып жүр. Осы өнерді де болашақта кәсіби түрде дамытуға әбден болатындай.

Жетігенмен ән айту дәстүрі қазақта болмады деп айтуға да ауыз бармайды, себебі, бізбен мәдениеті мен тілі туыстас хакас, саха, бурят халықтарында осы өнер қазіргі кезеңде басты мәдениет болып отыр, сондықтан жетіген аспабы да өзінің жарқын болашағын күтіп жүргені рас. Қазір осы аспаппен Қарақат Әбілдина айналысып жүр, дегенмен еуропалық гармониямен өрнектелген жайылма аккордтардан тұратын аккомпонемент нағыз дәстүр бола қоюы қиындау. Сондықтан жетігендегі қоңырқай тембр арқылы халық әндерін өз мақамында қайта тудырудың да мүмкіндігі бар екенін айтамыз.

Сыбызғымен ән айту дәстүрі -көнетүркілік үлгі болып саналады, қазіргі кезде башқұрт ұлтында ғана сақталып отыр. Сыбызғыны тартып отырып оған көмейді қоса толғаудың өзі әуелде ән мен күйді біріктірмек тілектен туындайды, дегенмен сыбызғымен ән салғанда бірінші аспаппен ән әуені орындалады, содан соң жеке дауыста ешқандай сүйемелдеусіз әннің өз мәтіні шырқалады, соңында ән мақамы аспаппен тағы да бір қайырылады. Қазақ музыкасында қазір сыбызғы өнері даму жолына толық түсті деп айтуымызға болады, оған белгілі сыбызғышы - Талғат Мұқышевтың еңбегі көп сіңгенін айту артық емес, ендеше сыбызғымен ән айту дәстүрін жаңғырту алдағы абыройлы міндеттеріміз болмақ.

Адырнамен ән айту да қазақта болған көшелі өнердің бірі. «Қыз Жібек» фильмін түсірерде композитор Н. Тілендиев профессор Б. Сарыбаевтың кеңесімен осы аспапты киноға қолданғаны белгілі («Көш қызығы» әні) . Қазір бұл аспаптың жетілген түрін фольклорлық ансамбльдерден жиі кездестіруге болады. Арфа аспабына ұқсас болғандықтан ән айтуға өте қолайлы, бұл да жаңғыруын күтіп жүрген дәстүріміз болып табылады.

Домбырамен ән айтудың жолы бөлек. Қазақтың әндеріндегі «Домбыра екі шекті қолға алайын», «Домбыра ер жігіттің қолғанаты», деген сөздер текке айтылмаған. Яғни ән төресі домбырамен ғана шырқалған. Домбыраның екі және үш шекті түрі сал-серілерде кеңінен қолданыста болған. Шығыс Қазақстан мен Жетісу өлкесінде үш шекті домбырамен сүйемел жасау кәдімгідей шеберліктің шыңы болып саналған. Арқа әншілерінде бұл аспап болмады деудің реті жоқ, әйткенмен екі шекті домбыраның қолданысы басым болды. Қазіргі кезде үш шекті домбырамен ән айту ешкімге әуезе болмай тұр, Бекболат Тілеуханның орындауындағы жалғыз ғана «Жорға тай» әні халықтың құлағында жаңғырық сияқты жарқ еткені болмаса . . . Бұл аспаппен оқыту мәселесі де болашақтың еншісінде.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ музыкасының, операсының дамуы жайында
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМЫН ҚАЗҚРГҚ
Қорытынды 1917 - 1940 жылдар аралығындағы Қазақстандағы халыққа білім беру ісі
Музыка – эстетикалық тәрбие көзі
Синкреттік дәстүрлер және оның мектептері. Потебняның психологиялық әдісі. Психологиялық мектептердің туып, қалыптасуы
ТМД елдерінде музыкалық тәрбие беру облысында озат тәжірбиелердің қолдануы
1920-1930 жж. ғылым мен ғылыми мекемелердің дамуы
Қазақ халқының музыкалық мұрасы
Халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие берудің озық үлгілерін тәрбие процесінде қолдану жолдарын зерттеген, пікірлерін айтқан ғалымдар
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИ - ТАИХИ МҰРАЛАРЫН ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСҚНДЕ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГҚЗДЕРҚ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz