АҚШ пен НАТО: ланкестікпен күрес


АҚШ пен НАТО: ланкестікпен күрес
Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы (НАТО) АҚШ-тың халықаралық ланкестікке қарсы күрестегі негізгі одақтастарының бірі болып табылады. Қазіргі кезде бұл ұйымның құрамында Солтүстік Америка мен бүкіл Европа территориясындағы 26 мемлекет мүше болып отыр. Бұл территориядағы халық саны 850 млн. адамнан асады. Сондықтан да НАТО-ның қамтитын аймағының ауқымдылығы мен құрылым жағынан әскери ұйым екендігін ескерер болсақ, оның әлемдегі саяси және әскери ықпалын танып білу қиын емес.
НАТО-ның алғашқы кезде Кеңес Одағының әскери және саяси кеудемсоқ саясатына қарсы ұйым ретінде құрылғандығын еске алып, оны қазіргі кездегі ұйымның жағдайымен салыстырсақ көп өзгеріске түскенін көреміз. Кеңес Одағының ыдырауы мен «қырғи қабақ соғыстың» аяқталуынан соң, НАТО басшыларының ұйымның болашағы мен оның мақсаты туралы мәселені қайта қарауына тура келді. Нәтижесінде ұйымның мақсаты мен міндеттері кеңейтіліп, НАТО-ның өзін-өзі стратегиялық қайта бағалау үрдісі орын алды. Ұйымның бұл өзгерістері іс жүзінде оның шығыс Европа және Балтық теңізі елдеріне қатысты шығысқа кеңеюіне алып келді.
Ал НАТО-ның белсенділігі мәселесіне келер болсақ, ол бүкіл әлемді қамтып отыр. М. Лаумулин атап өткендей, НАТО қазіргі таңда өзінің саясатын Балқан түбегі, Оңтүстік-Шығыс Европа, Жер орта теңізі аймағы, Солтүстік және Орталық Африка, Таяу және Орта Шығыс, Қара теңіз, Шығыс Европа (ТМД), Кавказ, Орталық Азия, Ауғанстан, Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтарында белсенді жүргізіп отыр. «Солтүстік Атлантикалық альянс өз белсенділігінде әскери операциялар, бейбітшілік орнату шаралары, шұғыл бақылау, стратегиялық жоспарлау, шұғыл жағдайдағы әскери кезекшілік, тактикалық және стратегиялық барлау секілді шараларды орындауда. Оның бүл шаралары негізінен бүкіл әлемді, оның ішінде әсіресе ұйымның стратегиялық және тактикалық мүдделері бағытталған Европа мен Евразия аймағында жүргізілуде». Осылайша, НАТО жүргізіп отырған шаралар АҚШ- тың әлемдегі өзінің геосаяси және стратегиялық мақсатарына жетуіне мүмкіндік береді.
АҚШ пен НАТО байланыстарының негізгі бағыттарының бірі әлемдік ланкестікпен күрес мәселесі. АҚШ президенті Дж. Буштың сыртқы саясатының негізгі бағыты ланкестікке қарсы жаһандық күрес жүргізу екенін білеміз. Сондықтан да НАТО Вашингтонның стратегиялық ойларын іске асырудағы негізгі құрал болып отыр. Осылайша Солтүстік Атлантикалық альянс АҚШ-тың ланкестікке қарсы екі компаниясына да қатысты. НАТО Ауғанстанда қауіпсіздікті қамтамасыз (ISAF) ету шараларымен айналысса, Ирак жерінде Құрама Штаттар басшылығындағы коалиция күштері құрамындағы көпұлтты поляк дивизиясына көмек көрсетуде.
Ауғанстандағы НАТО-ның қызметі.
НАТО өзінің әскери күшін ұйымның ортақ жауына қарсы операцияда байқап көруіне 2001 жылы жағдай туды. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі ланкестік әрекеттен соң, алғашқы рет альянс мүшелері Солтүстік Атлантика келісімі жарғысының 5 бабын жүзеге асыруға шешім қабылдады. Бұл бапта, «Келісімге қол қойған мемлекеттердің Солтүстік Америкада немесе Европада біреуіне немесе бірнешеуіне шабуыл жасалса, бұл шабуыл жасаушылық келісімге келген тараптарға ортақ жау әрекеті деп саналады және де осындай жағдай орын алған болса жеке немесе ортақ қорғану құқығын жүзеге асыра отырып, (Біріккен ҰлттарҰйымының Жарғысының 51 бабына сәйкес), шабуыл жасалған тарапқа немесе тараптарға келісімге сәйкес бірден жеке немесе бірігіп көмек көрсетуге әрекеттену, қажет болған жағдайда Солтүстік Атлантика аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қалпына келтіру үшін әскери күш қолдану жүзеге асырылады . . . ». Нәтижесінде НАТО 11 қыркүйектегі ланкестік әрекетке жауап ретінде Ауғанстан жерінде «Бүркіттің көмегі» (Operation Eagle Assist) және «Белсенді әрекет» (Operation Active Endeavor) шараларын жүзеге асырды. Осылайша, НАТО алғаш рет өз тарихында өзінің дәстүрлі жауапты аймағы Европа мен Америкадан тыс жерде әрекет етті.
НАТО қазіргі кезде де Құрама Штаттарға Ауған жеріндегі ланкестікке қарсы шараларды іске асыруға көп көмек көрсетуде. Ұйымның Ауғанстан жеріндегі негізгі қызметі осы мемлекеттегі тұрақтылықты қамтамасыз ету мен Х. Карзай билігіне қолдау көрсету болып отыр. Сонымен қатар, НАТО соғыс кезіндегі бұзылған инфрақұрылымды қалпына келтіру мен тиімді мемлекеттік басқаруды орнатуға көмек көрсетті. Альянс басшылары НАТО үшін Ауғанстан мәселесі басым саясат екендігін айтқан. НАТО-ның бас хатшысы Яаап де Хуп Схеффердің мәлімдеуінше, НАТО-ның Ауғанстандағы қызметі альянстың осы күнге дейінгі жүргізген шаралары ішіндегі ең маңыздысы және де бұл ұйымның халықаралық қауіпсіздікке қосқан зор үлесі болған деп көрсетеді. Шындығында да, Ауғанстан мәселесі НАТО үшін өз тарихындағы ең ауқымды сынақ болғаны мәлім және де ISAF қызметінің халықаралық қауіпсіздікті нығайтқаны да шындық. Ауғанстан жеріндегі АҚШ-тың іс-шараларына қаншама сын айтылғанына қарамастан, НАТО секілді ұйымның бұл елде өз әскерін орналастыруы жаһандық қауіпсіздікті нығайтпағанмен де аймақтағы тыныштықтың тұрақтануына әсер еткені даусыз мәселе. Біріншіден, Орталық Азия аймағы елдері үшін қарым-қатынас орнатуға талибандардан қарағанда Ауғанстанның қазіргі өкіметі тиімді. Екіншіден, Батыстың және АҚШ-тың тиянақты және ұзақ мерзімге негізделген саясаты негізінде Ауғанстанның бейбіт те, тұрақты дамуға көшуі мүмкін. Ауғанстанның географиялық орналасу жағдайы Оңтүстік және Орталық Азия елдері арасындағы сауданың дамуына қолайлы жағдай тудырады. Сонымен қатар, Орталық Азиядан Оңтүстік аймаққа Ауғанстан жері арқылы тартылатын бірнеше газ құбырларына қатысты жобалардың бар екендігін айтып өткен жөн. Әрине, бұл мәселелерді шешу үшін Ауғанстан жерінде әскери - саяси тұрақтылықтың болғаны қажет. Осыны мақсат тұтқан НАТО өзінің одақтастары арқылы тұрақтылық пен қауіпсіздік шараларын жүргізіп отыр.
Ресми мәлімдемелер бойынша НАТО Ауғанстанда негізінен үш бағытта жұмыс атқаруда:
1. Халықаралық күштердің қауіпсіздікті орнатуын жүзеге асыру (ISAF) - әлемнің 40 елінен келген 52 700 адамнан тұратын әскери контингент жергілікті инфрақұрылымды қалпына келтіру мен тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы ауған басшылығына олардың халық арасындағы беделін көтеру мен билігін орнықтыруға қатысты қолдау көрсетуде. ISAF 2001 жылдың желтоқсанында құрылды, ал НАТО олса оған 2003 жылдың тамызынан бері басшылық ете отырып, өзінің осы елдегі беделін көтеруде. Қазіргі кезде саяси басшылық пен шараларды жүйелеу-жоспарлау жұмысымен Солтүстік Атлантикалық Кеңес айналысады. ISAF-NATO 2006 бастап шығыс Ауғанстан жеріндегі халықаралық әскери күштерге басшылық ете бастады. Бұл кезге дейін халықаралық коалицияға АҚШ жеке басшылық етіп келген еді. Нәтижесінде, НАТО бұрындары ауған территориясының 50 пайызында ғана (батыс пен солтүстік аймақтар) ғана қауіпсіздікті қамтамасыз еткен болса, қазіргі кезде оның бақылауына бүкіл Ауғанстан жері өтіп отыр.
2. Бас азаматтық өкіл қызметі (Senior Civilian Representative) НАТО-ның ауғанстан жеріндегі іс-шараларының әскери-саяси бағыттарын жетілдендірумен айналысады. НАТО-ның Бас азаматтық өкіл қызметі 2003 жылы альянстың Ауған жеріндегі саяси мүдделері үшін жасалынды. Бұл өкілді тікелей НАТО-ның бас хатшысы тағайындайды. Оның өкілеттілігі уақытпен шектеліп, Ауғанстан жеріндегі саяси жағдайға байланысты жаңартылып отырады. Бас азаматтық өкіл ISAF- пен бірігіп жұмыс істей отырып, Ауғанстан жеріндегі жағдайды қатаң бақылауында ұстайды және де НАТО-ның Штаб-квартирасы мен Солтүстік Атлантика Кеңесіне мәлімдеме жасайды. Ол НАТО-ның жергілікті халық арасындағы беделінің көтерілуіне әсер ететін НАТО - Ауғанстан қатынастарының даму мүмкіндіктері туралы Кеңеске өз ұсыныстарын білдіреді. Бас азаматтық өкіл ауғанстан үкіметі өкілдерімен және де осы мемлекетте қызмет етіп жүрген басқа да халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ЕО) өкілдерімен байланыс жасап тұрады. Сонымен қатар бас азаматтық өкіл Ауғанстанмен көршілес елдермен, ауған жеріндері азаматтар мүддесін қорғайтын мемлекеттік емес ұйымдармен де байланыста болады.
3. Ауғанстанмен ынтымақтастық бағдарламасы - 2006 жылдың 6 қыркүйегінде НАТО-ның бас хатшысы Яаап де Хуп Схеффер мен Ауғанстан президенті Х. Карзай ұзақ мерзімдік ынтымақтастық пен серіктестікке бағытталған құрылым құру туралы «НАТО мен Ауғанстан Ислам Республикасы декларациясына» қол қойды. Осы деклорацияға негізделген НАТО-ның жаңа бастамасы - НАТО мен Ауғанстан арасындағы ұзақ мерзімге негізделген ынтымақтастық бағдарламасы жүзеге аса бастады. Қазіргі уақытта аталынған бағдарлама Ауғанстанның қорғаныс реформаларын, әскери институттар құру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы әскери реформаларды талқылау секілді мәселелермен айналысуда. Бағдарлама сонымен қатар, НАТО мен Ауған Ұлттық Әскері арасындағы байланысты дамыту мәселесін де қарастырады. Осылайша, НАТО Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселелерін шешуде комплекстік әдістеме қолданып отыр. Қазақстандық ғалым М. Лаумулин: «Ауғаныстан қазіргі таңда альянс жүргізіп отырған ең үлкен әскери және бейбітшілік орнату операциясының орны. Мәселенің ерекшелігі бұл аймақ НАТО бақылау жасайтын Балқан түбегі немесе Жерорта теңізі аймағынан тысқары жатыр. Біз бұдан НАТО-ның өз шекарасын кеңейтуі мен бұл елде ұзақ уақыт қалу себебінен жағдайдағы геосаяси астарды байқаймыз. НАТО-ның Ауғанстан жерінде орналасуы Орталық Азия, Ресей, Қытай, Пакистан және Үндістан секілді елдерге тікелей әсер етеді. Бірақ, қазіргі күнге дейін бұл үрдіс тұрақтылықты сақтап, позитивті нәтиже беріп келді. Бұл негізінен Орталық Азияға тікелей қатысты. » Осыдан байқап отырғанымыздай, АҚШ НАТО-ны Ауғанстан жеріндегі шараларға араластыру арқылы оның әскери-саяси мүмкіндіктерін өз пайдасына жаратып отыр.
НАТО-ның Ирак жеріндегі қарекеті.
Солтүстік Атлантикалық альянс Ирак жеріндегі ланкестікпен күресте негізгі орында емес, ол тек ланкестікке қарсы халықаралық коалицияға көмекші қызметін атқаруда. НАТО-ның Ирак жерінде көмек шараларын жүргізуі 2004 жылы Бағдадтағы уақытша үкіметтің сұранысынан соң басталды. Ұйымның барлық мүшелері ирак миссиясына қатысып, жергілікті үкіметтің қауіпсіздік күштерін дайындауға және де қаржылай немесе техникалық көмек көрсетеді.
НАТО-ның Ирак жеріндегі миссиясының ерекшелігіне келер болсақ, альянс ешқандай әскери шараларға қатыспай тек қана техникалық және материалдық көмек мәселесімен айналысады. НАТО ирак қауіпсіздік күштерін дайындауды Ирактың территориясында немесе басқа мемлекеттердегі оқу орталықтарында жүргізуі мүмкін. Бұл дайындықтың негізгі мақсаты Батыстық стандарттарға сай офицерлер дайындау еді. Осындай дайындықтан өткен батыстық көзқарастағы офицерлер АҚШ, НАТО және Ирак арасындағы әскери-саяси қатынастардың ұйтқысы болады. Осы бағдарлама аясында 2004 жылдан бастап 2006 жылдың соңына дейін Ирак жерінде 4000, ал басқа мемлекеттер территориясындағы оқу орындарынан 934 офицер дайындықтан өткен. Сонымен қатар, Солтүстік Атлантикалық альянстың атқарған негізгі жұмыстарының бірі - НАТО-ға мүше елдердің техникалық және құрал-жабдық түріндегі көмектерін екі жақты келісім арқылы жүзеге асыру болып табылады. Аталынған жұмысты НАТО-ның Штаб-квартирасында 2004 жылы құрылған оқыту және жабдықтарды жеткізу жөніндегі арнайы топ (NATO Training and Equipment Coordination Group) атқарады. Бағдадтағы қызметі кезінде Солтүстік Атлантикалық альянс жаңадан Ұлттық Қорғаныс университеттін салды. Оны Бағдад қаласына орналастыру мәселесін Солтүстік Атлантикалық Кеңес шешкен болатын. Университетті 2005 жылдың 22 қыркүйегінде НАТО-ның Бас хатшысы Яаап де Хуп Схеффер мен Ирактың Премьер - министрі Әл-Жафари ресми түрде ашқан еді. Бұған қоса, 2006 жылдың ақпанында Бағдад қаласында қарапайым азаматтар мен әскерилерге арналған Ағылшын тілін арнайы оқу институты ашылған.
Осылайша, НАТО-ның Ирак жеріндегі негізгі қызметі қаржылай және техникалық көмек көрсету арқылы Ирактың қорғаныс күштерін реформалай отырып, оларды Солтүстік Атлантика альянсының стандарттарына сәйкес дәрежеге жеткізу болып табылады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz