«Ана тілі» - тіл жанашыры


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультеті
Мерзімді баспасөз кафедрасы
СҰЛТАН Бейсен
«Ана тілі» - тіл жанашыры
Жоғары оқу орнын бітіру үшін
қорғалатын бакалавриаттық
Бітіру жұмысы
Шифр 521030
Ғылыми жетекшісі - Байдәулетов А.
Ресми сарапшы - «Айқын» газетінің қызметкері, журналист Қайыржан Төрежанов.
Мерзімді баспасөз кафедрасының
2007 жылғы 24. 05 мәжілісінде
талқыланып, қорғауға жіберілді
Кафедра меңгерушісі . . . ф. ғ. к., доцент Бекниязов Т.
Мемлекеттік емтихан комиссисының сараптауына қабылданды
Диплом қорғау күні : 2007 жыл, 15 маусым.
Комиссия хатшысы . . . ф. ғ. к., доцент Шыңғысова Н.
Алматы, 2007.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 - тарау. «Ана тіл» газеті тіл жанашы . . . 9
2 -тарау. «Сөзтаным» қосымша бетінің тіл ғылымына қосқан үлесі . . . 17
3 - тарау. Тіл ұлттық мәдениеттің тірегі . . . 40
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 52
СІЛТЕМЕЛЕР . . . 54
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 57
КІРІСПЕ
Тіл - қоғамдық құбылыстардың қатарынан орын алатын қыр-сыры мол, күрделі, өзекті мәселенің бірі. Қазақ тілі дүниежүзілік тілдер ішінде ең әуезді, ең бай, көркем тілдер қатарына жатады. Тіл - қашанда қоғамдық құбылыс. Қоғамның қажеттілігі мен заман талабын қатар ескеріп дамыған тілдің қолданыс өрісі кеңейеді. Ұлттың әлеуметтік сұранысын өтеген кез-келген құбылыс сол кезеңнің өзіндік келбетін анық аңғартады. Кез-келген тіл ұлттың негізгі рухани айнасының бірі ретінде сол мәдениетке, өркениетке, әдебиетке, ұлтқа қызмет етеді. Сонымен қатар көпұлтты мемлекеттердегі мемлекеттік тілдің әр түрлі ұлт өкілдерін біріктіріп, топтастырушы күш ретінде де ролі зор. Елбасымыз Н. Назарбаев 2005 жылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі - еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек» деп атап көрсетті / 1/ .
Қазақстан - Қазақ халқын ұйытқы еткен 130 астам ұлт дияспоралары тұратын мемлекет. Жоғарыдағы Президент Жолдауын әрбір ұлт өкілдері аса ыждағаттылықпен, береке-бірлікте, белсенді түрде орындаса, мемлекетіміздің болашағы мен мемлекеттік тіліміздің мәртебесі де асқақтамақ. Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттіктің ірі белгілерінің бірі - тіл.
Тіл мәселесі - тереңнен тартылған тарихи теперіштер тежегіш күш болып отырғандықтан да жалаң жанашырлықпен жақсара қояр жай емес. Бұл жайлы тілдің сан салалық өзекті мәселелерін көтерген көлемді ғылыми еңбектер, публицистикалық пәрменді мақалалар жазылып келеді және оның әлі де талай уақыт ұранды мәселе атынан айырылмайтыны анық. Қай халықтың да қастерлеген қадірлісі - ұлттық тілі. Оның ел өмірінде атқарар міндетінің аясы үнемі кеңейіп, дамып, мемлекеттің нығаюына қалтқысыз қызмет көрсетуін қамтамасыз етудің маңызы аса зор. Тіл - әрбір халықтың ұлттық өнерінің іргетасын қалаушы негізгі күш. Мемлекеттік тілді дамыту -
Қазақстанға ғана қатысты емес, бұл - халықаралық өзекті мәселенің бірі. Олай дейтінім, мемлекеттік тіл мәселесін дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттер үнемі зерттеп отырады екен.
Сол себепті мен өзімнің дипломдық жұмысымды «Ана тілі тіл жанашыры» деген тақырыппен жазып шықтым. Егер, кімде-кім өз елінің тілі, ділі, діні, мәдениеті, әдебиеті, тіпті, кез-келген ұлт үшін қажеті бар мәселені сөз етіп, оның жарқын болашағына аз да болса үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Қалай болғанда да, мемлекеттік тілдің дамуына, оның үлкен күшке айналуына «Ана тілі» газетінің қосып жатқан үлесін бағалап, жемістері мен жетістіктерін талдап, қуанышына қол соғып отырсақ лазым. «Тіл - ұлттың төлқұжаты, болмысымыздың айнасы, халқымыздың қазынасы, сан ғасырлық жүріп өткен жолымыздың шежіресі. Тәуелсіздігімізді баянды етуге ұлттық рухымыздың өрісті, ұрпағымыздың азат болуын көксесек, тіліміздің тамырының тереңдеуін ойластыруымыз қажет» деп тілді ұлттық құжатпен салыстырамыз / 2/ .
Әлемдік тәжірибеде тілге мемлекеттік мәртебе екі жағдайда беріледі. Біріншіден, тілдің қоғамдық қызметі шектеулі болғанда, оның мәселесін шешіп, дамыту үшін мемлекеттік қамқорлыққа алу мақсатында болса, екіншіден, басым тілдің артықшылығын сақтау үшін беріледі.
Ал, ана тілімізге келетін болсақ, оған мемлекеттік мәртебе дағдарыстан шығу үшін берілді. Әлемдік мәдениетте ерекше маңызды орны бар тілдің қоғамға, адамдар арасына ықпалы жоғары болуға тиісті. Кеңестік кезеңде ұлттық тіліміз сан соқпаққа ұрынып, халқымыз ана тілінен ажырап қалуға аз қалып, сол тотаритарлық түзім одан ары өмір сүргенде құрдымға кете жаздады. Еліміз егемендік алғалы бері қазақ тілі мемлекеттік мәртебесіне ие болып, қоғамның түрлі саласына ықпалы күн санап артып келе жатыр. Дегенмен де, «Қазақ ССР-індегі тілдер туралы заңы» (1989) мен 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңы қабылданғалы біраз жыл болсада, ғылымның көптеген салаларында, басқару органдарында, жалпы халық ортасында қазақ тілі, түрлі кедергілерге ұшырап, еркін қанат жайып кете алмай, кедергілерге тап болып жүр. Сондықтан қазір тіл тағдырына алаңдаушылық аса маңызды қоғамдық-саяси құбылысқа айналып отыр. Тілдің бүкіл халықтық қолданысқа еркін айналып кетуі үшін оның кедергілерінің алдын алып, тіл саясатын ұтымды
жүргізе білу керек. Дәл қазір тілге қатысты өзекті мәселелер шынын айтсақ аяқ алып жүргісіз. Заңның орындалмауы, ғылымның көптеген саласында қазақи баламаның болмауы, басқару орындарының тіл мәселесіне сүле-сапа қарауы - мемлекеттік тілдің керегесін кең жаюына кері әсерін тигізіп отыр. Ұлттық апталық «Ана тілі» газеті осындай күрмеуі қиын күрделі мәселелермен аянбай күресіп отырғанын айтуымыз керек. Ал, мемлекеттік тілдің өз биігінде, мәртебесінде болуы үшін қоғамның әрбір мүшесі, мейлі ол қазақ болсын басқа болсын әрдайым аянбай күреске шығу керек. «Мемлекеттік тіл» ұғымы жаңадан пайда болған түсінік емес. Ол - күллі әлемдегі елдерде ғасырлар бойында қолданылып келе жатқан бұрыннан бар ұғым. Мемлекеттік тіл - кез-келген көпұлтты мемлекет үшін қажетті құбылыс. Демек, қандай да бір мемлекеттің өзіне қызмет ететін негізгі тілі болатындығы даусыз. Ал, біздің елдің, қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі.
Жалпы осы жұмыста «Ана тілі» газетінде мемлекеттік тіл тақырыбының жазылуын зерттей отырып, оның тіл төңірегінде қалыптасқан өзекті мәселені шешуге қосып жатқан үлесін анықтауды мақсат тұттық. Сонымен қатар қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін атқарылып жатқан шараларға тоқталу, көпұлтты мемлекеттегі тіл мәселесін қарастырып, саралап ой қорытуды да ұмытқан жоқпыз.
Сондай-ақ, тек «Ана тілі» апталығы ғана емес, Қазақстандағы мемлекеттік тілге қатысты қазақ мерзімді басылымдары бетінде жарық көрген материалдар негізінде талдау, зерттеу жасалынбақ. Мемлекеттік тілге қатысты жазылған еңбектер, ой-пікірлер мерзімді баспасөз бетінде тарыдай шашылып жатыр. Өз кезегінде мұны жинақтап, ой қорытып, ғылыми айналымға енгізу - мемлекеттік тіліміздің мәртебесін нығайтуға ықпал етері рас, һәм кезек күттірмес мәселе.
Әрі «Ана тілі» газетінде мемлекеттік тіл» тақырыбының жазылуы мен тілдің дамуына басылымның қосқан үлесін анықтау тұңғыш рет зерттеу нысаны болып отыр.
Қазақ тілін зерттеген қазақ ғалымдары. Олардың қатарында шет елдік ғалымдар мен тарихшылар да бар. Қазақ тілінің ең бай, ең әуезді, керемет тіл екендігі жөнінде тамсана жазғандар қатарына: Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ғұмар Қараш, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасұлы, Телжан Шонаұлы, Мағжан Жұмабаев, Нәзипа Құлжанқызы, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсіреповті т. б. атауға болады. Егер бұл тізімнің қатарын толтыра берсек, күні бүгінге дейінгі мемлекеттік тілге қатысты ой айтып жүрген ғалым, зерттеуші, журналистер қаншама. Ұлт бар жерде, халық бар жерде тілге қатысты мәселелер таусылмақ емес. Қоғам дамып, ғылым мен техниканың жаңа үрдісі өмірге келген сайын тілдің де құрасы жаңарып, толысып, отырады. Әр дәуірде, әр қоғамда тілге қатысты мәселелер өз деңгейіне көтеріліп, шешімін тауып жатады. Бұл - қоғамдық құбылыс. Қазір Қазақстан мемлекетінде әр түрлі этнос өкілдері тұратындықтан, әрі Қазақстанның байырғы халқы қазақ тілінен көп алшақтап қалғандықтан, мемлекеттік тілдің бүгінгі күнде жырланар жыры тіпті, мол.
Қазақстандағы мемлекеттік тілдің идеялық мазмұнын және оның ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан қарастыру оның қазақ мәдениетіндегі орнын анықтау үшін қажет. Себебі, әрбір мемлекеттің мемлекеттік тілі - сол елдің бүкіл халқының қолданатын ортақ, топтастырушы тілі.
Қазақ тіліне қатысты зерттеулерді, ғылыми мақалаларды, жарияланымдарды пайдалана отырып, зертеу жұмысымның бұған дейінгі еңбектерден айырмашылығын - «Ана тілі» газетінде 2000-2007 жылдар аралығында мемлекеттік тілге қатысты жарық көрген мақалаларды сараптау деп білемін.
Дипломның тақырыбы. «Ана тілі» - тіл жанашыры (2000-2007жж) .
Дипломдық ж ұмыстың көлемі: 59 бет.
Жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлім үш тараудан, қорытындыдан, сілтемелер мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың мақсаты.
Еліміз егемендік алғалы бері қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, қоғамның түрлі саласында ықпалы күн өткен сайын күшейіп келеді. Дейтұрғанмен, тіліміздің шын мәнісінде мемлекеттікттік тіл деген мәртебеге ие етуде, алда алуға тиіс талай асудың жатқаны бесенеден белгілі жай екені анық. Бұл жолда ең бастысы тіл саясатын ұтымды жүргізу басты міндет. Қазір елімізде мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселелер бастан асады. Атап айтсақ, жаратылыстық, техникалық ғылымның көптеген саласында атауларда қазақы баламаның болмауы, яғни ғылымның ұлттанбауы, басқару орындарының тіл мәселесіне селқос қарауы, мемлекеттік тіл туралы заңның аяқасты етілуі, мемлекеттік тілдің атына заты сай болуына кері әсерін тигізіп отыр. Ана тіліміздің бүгінгідей, жетімектің күйін кешпей өз биігінде, мәртебесінде болуы үшін еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін, барлық ұлт өкілдері, әрбір қазақстандық жұдырықтай жұмылуымыз керек. Менің бұл еңбекті қолға алудағы мақсатым - «Ана тілі» газеті мемлекеттік тілдің көсегесін көгерту жолында, мемлекеттік басылым ретінде сіңірген еңбегін анықтап, ұлттық апталықтың қазақ тілінің шын жанашыры екенін айқындау.
Жалпы, дипломдық жұмыстың мақсаты - «Ана тілі» газетінің қазақ тілі ғылымына қосқан үлесін зерттей отырып, оның тіл төңірегінде қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу жолындағы күресіне баға беру болып табылады. Сонымен қатар қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін атқарылып жатқан шараларға тоқталу, көпұлтты мемлекеттегі тіл мәселесін қарастырып, саралап, ой қорытуды мақсат еттім.
Жұмыстың мазмұны. Кіріспеде «Ана тілі» тіліміздің шын жанашыры (2000-2007 жыл) » тақырыбының өзектілігі, бітіру жұмысын жазудағы мақсат пен міндет айқындалды. Сонымен қатар тіл туралы түсініктің мәні мен маңызы ашылды.
Негізгі бөлімнің І тарауы «Ана тілі» газеті тіл жанашыры. Ал, ІІ тарауы «Сөзтаным» қосымшасының тіл ғылымына қосқан үлесі , ІІІ тарауы Тіл ұлттық мәдениеттің тірегі деп аталады. Сонымен қатар қортынды бөлімі бар.
Дипломдық жұмыстың соңғы бетінде сілтемелер мен пайдаланған әдебиеттер тізімі көрсетілген.
І тарау. «Ана тіл» газеті тіл жанашыры
Мен бұл тарауда алдымен тілдердің шығу тарихы мен тіл біліміне де тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Себебі, біз оны білмей тұрып, жүйелі ой, ұтымды пікір айта аламыз деп ойламаймын.
Тіл туралы, оның өмір сүруімен тарихи дамуының жалпы заңдарын - тіл білімі, яғни лингвистика ғылымы зерттейді. Тіл білімі біздің заманымыздан бірнеше ғасыр бұрын пайда болған. Тіл білімі туралы Қазақ совет энциклопедиясында жақсы жазылған: “Үш түрлі ғылми дәстүр - ежелгі үнді тіл білімі мен грек-рим және араб тіл білімдері - бұл ғылымның алғашқы арнасын құрайтын бұлақтар болып саналады. Тіл туралы толық мағынасында ғылымның пайда болу дәуірі деп әдетте 19-ғасырдың 1-ширегі аталады. Бұл дәуірде ғылымда, әсіресе, қоғамдық ғылымдарда, соның ішінде тіл білімінде әр түрлі құбылыстар шығуы, өзгеруі және тарихи дамуы тұрғысынан қаралып, ғылыми ізденістерде историзм принципі қолданылып қалыптаса бастады” /2 . Тіл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев былай дейді: “Тіл - адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырып, табыстыратын өзгеше құрал. Сондықтан да біз оны халықтар арасындағы достықтың бастауы, олардың ынтымақтастығы мен береке-бірлігінің тірегі ретінде қастер тұтамыз. Қазақстанды мекендейтін әр түрлі ұлт өкілдерінің тіліне құрмет көрсету, олардың ана тілінде білім алып, төл мәдениетін дамытуына жағдай жасау - мемлекетіміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі” /3 /. Иә, тілдің маңызы мен ролінің орны айрықша.
Кезінде В. И. Ленин “Тіл - адам қатынасының аса маңызды құралы” деген еді. Ал, қазақ ғалымдары тілдің құдыретін мұнан да жоғары бағалайды. Мәселен, Қ. А. Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы - Есенгелді Керімбаев былай дейді: “Кез келген қоғам, ұлт, ұлыс өмірінде тілдің маңызы орасан зор, себебі, “тіл - адам қатынасының аса маңызды құралы” ғана емес, тіл - күллі халықтың баға жетпес қастерлі қазынасы, рухани-имандылық, табиғи игіліктердің негізі, асыл мұрасы” /4/. Олай болса, жер бетіндегі адамдар, ұлт тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Сонымен қатар тіл - адам ойының жарыққа шығуының құралы. Кез-келген адамзат баласының ойы тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы айтылып, белгілі бола алады. Тіл арқылы біз біреудің ойын жете түсінеміз. Егер адам өз ойын тіл арқылы сыртқа шығара алмаса, оның не ойлап тұрғанын түсіну мүмкін емес.
Тілдің және ондағы құбылыстардың даму заңдарын ашу үшін, қарастырылып, зерттеліп отырған тілді тарихи тұрғыдан және өзімен туыстас басқа тілдермен салыстыра зерттеу өте маңызды. Ғылыми зерттеулерде салыстырмалы-тарихи әдіс қолданылады. Осылардың нәтижесінде тіл білімінің ғылыми талдаулар мен қорытындылар жасауына, дербес ғылым ретінде қалыптасуына жағдайлар жасалды. Қазақ совет энциклопедиясында тіл білімін екіге бөліп қарастырады. “Тіл білімі жеке және жалпы тіл білімі болып бөлінеді. Жеке тіл білімі (мыс., орыс тілін, қазақ тілін), оның жүйесі мен құрылысын, даму заңдарын зерттейді. Ал жалпы тіл білімі тіл туралы ғылымның теориялық саласы болып саналады да, жеке бір тілге емес, тіл атаулыға тән жалпы заңдарды қарастырып, жалпы теориялық топшылаулар қорытындылар жасайды. Жеке тілдер және олар жайындағы деректер мен зерттеулер неғұрлым көп болса, жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулар мен қорытындылар жасауына мүмкіндіктер соғұрлым мол болады. Тіл білімінің тарихи немесе диахроникалық тіл білімі деп аталатын саласы тілді, ондағы құбылыстарды шығуы мен тарих бойында дамуы тұрғысынан; сипаттама немесе синхрониялық тілі білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын; салыстырмалы тіл білімі туыстас тілдерді салыстыра зерттейді” /3/. Ал тіл білімі бүгінгі таңда ғылымның басқа да салалары секілді күннен-күнге дамып отыр. Сонымен қатар тіл білімі туралы зерретулерде баршылық.
Ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынов тілдерді негізінен үш топқа бөледі. Атап айтсақ олар: “1) түбіршек тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршек тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен, қытай һәм жапон тілдері. Жалғамалы тіл - сөздің аяғына жалғау қосылып өзгертілген тіл, мәселен, түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл -сөз түбірімен қопарылып өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түркі тілдің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей аяғына жалғау қосылып өзгеріледі” / 4 /.
Әрбір халықтың, ұлттың мәдениетінің алтын бастауларының бірі - тіл болуға тиіс. Қандай да бір халықтың тарихы, өнері, рухани-мәдени мол мұрасы тек тіл арқылы ғана сомдалып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Тарихтың қай кезеңіне қарасаңыз да тілдің атқаратын міндеті ерекше. Әрбір ұлттың әдебиеті, сахна өнері ұлттық тілінің байлығына қарап, оның мәдениетін бағалауға болады. “Мәдениет - тіл. Тіл - сөз. Сөз - барша өнердің бастауы. Сөз әдебиет жасайды. Әдебиеттен бүкіл сахна өнері туындайды. Спектакль, опера, кино - барша театр негізі сөзде. Осы және осыларға сабақтас жатқан басқа да өнер салалары қаншама өнерпаздың таланттарын ашып, көпке танытады. Өнер саңлақтары сол сөзден бастау алған өнерлерден гүл ашып, мәдениет қайраткерлеріне айналады” / 5 /.
Халықтың жазу-сызуы өмірге келмей тұрған кездің өзінде тіл арқылы ауыз әдебиеті еш өзгерместен дамып, жетіліп ұрпаққа мирас болып отырған. Біздің халық “Өнер алды -қызыл тіл” деп бекерге айтпаса керек. Қазақтың жыршылық өнері, айтыс ақындарының мұрасы, ән-жыр барлығы да ұлттық тілдің негізінде жасалып, жалғасып келе жатыр. Егер тіл қатынас құралы болмаған болса, ата-бабамыздың бай мұрасының бүгінге жетуін елестетудің өзі қиын. Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы жайлы ой толғап жүрген журналист, зерттеуші Сабыржан Шүкірұлы тіл туралы былай: “Тарихтың да тегі - сөз. Қандай керемет оқиға болсын, сөзбен шежіреленеді. Одан туындайтын кино, сурет, фото, ескерткіш т. б. кескіндеме өнер туындылары да сөзбен түсіндіріледі. Бұлар да мәдениеттің бір саласы, бірегей саласы.
Ғылымның барша тарауы сөзден шығады. Ата ғылым - пәлсападан бастап, есепке дейін - сөз. Ал бүкіл дүние ағысының, қоғамдық-саяси-әлеуметтік құбылыстардың қозғаушы күші пәлсапа мен есепте жатыр. Сөз өнерін игермеген көсем де бола алмайды. Тіпті саясат додасына кіруінің өзі мүмкін емес” деп ой өрбітеді /6 /.
Қазақтың ойшыл ғұламалары тіл тағдырына ерекше мән беріп, өзіндік ой-пікірлерін білдіріп, ұрпағына тіл туралы қанатты сөздер қалдырып кетті. Қазақтың ұлы ақыны Абай:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі.
Өрнегін сендей сала алмас.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл, - деп тілдің қоғамдық өмірдегі маңызын ерекше жоғары бағалап кеткен. Тілді дұрыс пайдалана білу, мәнерлі сөйлеу, ұтымды жауап қайтару қазақтың қанына сіңген қасиет десе де болады. Ал, алаштың біртуар азамат ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Сүйемін туған тілім - анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім, -деп тілді жырға қосты. Заманының заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов “Бір сөз бір сөзге жарығын түсіріп тұрады” деп бекер айтпаған болар.
Қазақ тілі туралы өз ойларын білдірген шетел ғалымдарының пікірінен де Қазақ халқының бай дәстүрі, терең тарихы байқалады. Мәселен, В. В. Радлов: “Қазақтардың тілі жатық те шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып, сұрақ пен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез-келгені, тіптен сауатсыздарының өзі ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі” десе, М. П. Мелиоранский: “Қазақ тілін зерттеушілердің бәрі бірауыздан қазақ тілі түрік тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тіл деп куәландырып отыр”, -дейді /7 /.
Ал, өткен ғасырдың 30-жылдары М. Горький орыс тілінің тазалығы үшін күресті. Оны идеологияның бөлінбес бөлшегі санады. “Тіл - әдебиеттің бірінші элементі” деп жазды.
Академик В. Виноградов: “Король жоқ болса, ойын да жүрмейді. Тіл жоқ болса, жазушы да жоқ” деп анық айтты, талап та етті / 8/ .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz