ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы этноконфессиялық үдерістер


КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертация ХХ ғ. екінші жартысынан бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстандағы этноконфессиялық үдерістер туралы және Қазақстанда өмір сүрген діндер мен конфессиялардың тарихын зерттеуге арналады. Зерттеу жұмысындағы мәселелердің көпшілігі Кеңестік кезеңдегі және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның дін саясаты мен оның тарихын зерттеуден туындады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланғаннан соң, отандық тарих ғылымында үлкен серпіліс өріс алды. Кеңес үкіметі тараған соң, ғылыми зерттеу бағыттарындағы кеңестік методология да өз күшін жойды және соның негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының тарихын зерттеуде жаңаша бағыттар пайда болды. Кеңес үкіметі тұсында өз тұжырымдарын ашық ұсына алмаған отандық тарихшылар, ендігі кезекте, зерттеудің методологиялық бағыттарының жаңа түрлерімен жұмыс жасай отырып, өз зерттеу жұмыстарының объективтілігін арттыруға әрекеттенді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, отандық тарихшылар Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени тарихымен қатар, Қазақстанда өмір сүріп жатқан діндер мен түрлі ұлттық конфессиялар тарихын зерттеуге де баса назар аударды. Өйткені, қазіргі таңда діни фактор еліміздің қоғамдық өмірінің көптеген салаларына ықпал етіп, осының негізінде ел аумағындағы діни ұйымдар қызметінің белсенді қайта жандану үдерісі жүруде. Қоғамда Қазақстандағы діндерді зерттеуге, соның ішінде олардың тарихын тануға деген қызығушылық күшейіп отыр. Отан тарихы пен мәдениетінің осы бір саласын зерттеуге тарихшылар мен филологтар, этнографтар мен әлеуметтанушылар, философтар мен өнертанушылар секілді ғылымның түрлі бағыттарының өкілдері ат салысуда. Қазіргі қоғамдағы ел дамуында руханияттың маңыздылығын пайымдаған зерттеушілер алдынан уақыт өткен сайын жаңа міндеттер туындап отыр. Бұл міндеттерді шешудің бір парасына мемлекетіміздің аумағындағы жекелеген діндердің тарихын жан-жақты сараптауға кіретіні сөзсіз.
Бүгінде тарих ғылымы тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде, кеңестік биліктің аяқ асты етіп, дөрекі бұрмалаған, сондай-ақ назардан тыс қалған проблемаларға баса назар аударуда. Осындай күрделі мәселелерге объективті, кешенді, толыққанды бағасы берілуде. Бұл мемлекеттік түрлі бағдарламалар аясында іргелі зерттеу жұмыстарының қарқынды жүргізілуі нәтижесінде іске асырылып келеді. Ол қоғамдық өмірдің саяси, әлеуметтік, мәдени саласын сондай-ақ, рухани-діни саласын қамтып отыр. Дегенмен қазіргі уақытта Кеңес мемлекетінің құрамында болған қазақ халқының рухани - діни өмірі толық және жан-жақты зерттелінді деген теориялық-ғылыми тұжырым жасауға әлі де болса ертерек дер едік.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әр алуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Халықсыз билік болмайды, ал дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен дін және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңдегі дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді.
Тәуелсіздік алғаннан соң этносаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Қазақстанда қоғамдағы жасампаздық пен келісім жағдайын және тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі қалыптасты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «біздің этносаралық және дінаралық келісімнің моделі - ол әр түрлі конфессиялардың өзара әрекеттесуінің бүкіл әлемдік процессіне Қазақстанның қосқан шынайы үлесі». Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері еліміздегі дінаралық қатынас саласында мемлекеттік сарабдал саясат жүргізіліп келеді. Ал, мемлекеттің осы саясатын зерттеу жұмыстары болашақ тархышалардың еншісінде.
Ғылым уақыт пен кеңістік алға тартқан міндеттердің, сұрақтардың жауабын іздеумен ілгерілейді. Оның жаратылыстану, техника, математика, физика тәрізді салалары еңбек өнімділігін арттырумен ұлттың байлығын еселесе, қоғамдық-гуманитарлық салалары материалдық өндіріске жанама түрде оңтайлы ықпал етіп, түпкі мақсаты - ұлт ғұмырын ұзартуға қызмет етеді. Бұл орайда тарих ғылымының арқалаған жүгі мейлінше жауапты. Артта қалған жылдарда ұлттың тапқаны мен жоғалтқанын, бары мен жоғын, тағылымы мен тәжірибесін таразылаумен тарих ғылымы ұлттың санасын ашады, мінезін түзейді, отансүйгіштік қасиетін қалыптастырады. Тоталитарлық тәртіп үстемдік құрған кезеңде Қазақстан тарихы ғылымы бұл міндеттердің бірде біреуін толық атқара алмады. Мүмкіндік енді ғана туып отыр. Ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени дамуының тарихын зерттеумен тәуелсіз қазақ халқының, Қазақстандағы барша ұлттардың қарым-қабілетін ашуға серпін беретін тетіктер мен алғышарттарды жазбай тануға, оларды іске қосуға, нығайтуға қол жетеді. Қысқасы, жас мемлекетіміздің болашағы ғылымға тіреліп тұр, ғылымның болашағы мемлекеттік саясатқа берік байланды. Осынау өзара тәуелділіктің жігі қатаймаса, таяу арада ажырамайтынын жақсы түсінген Қазақстан басшылығы білім мен ғылымды сапалы жаңа биікке көтеруге ұмтылуда.
70 жылға созылған кеңестік атеистік қоғам кезінде де КСРО аумағындағы діндер мен олардың институттарына орасан зор материалдық және рухани шығын келтірілді. Нәтижесінде рухани дағдарысқа түскен кеңес қоғамы ертелі-кеш бәрібір саяси, әлеуметтік-экономикалық құлдырауға да ұрынатыны белгілі еді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикалық негіздері қаланып, жаңа қоғамдық сана, идеология мен әлеуметтік құндылықтар жүйесі қалыптасты. Діни, ұлттық құндылықтар қайтадан сұранысқа ие болды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев дін мен ұлттық құндылықтардың қоғамдағы рөліне баға бере келе былай деп атап көрсеткен болатын: «Барлық халықтар үшін дін - жаулаудың тәсілі мен тәпсірі болғанын еске салудың зияны жоқ. Әр түрлі себептерге байланысты мемлекеттік немесе ұлттық тұтастық идеясы дағдарысқа ұшыраған шақта, елдің қоғамдық және саяси өмірінің сахнасына бүкіл рухани идеяға ұйытқы болып дін шығады. Көп жағдайда сенімнің біртұтастығы тарихтың тайғақ кешулерінде халық тағдырына араша түсіп отырады. Алайда кейбір жағдайларда, мемлекет рөлі баяу да басыңқы болғанда, өмірдің барлық саласында діннің бел алуы сайқымазақтық сипат алып қана қоймайды, сонымен бірге қауіп-қатер төндіретін кездері бар. Мұның өзі жеке адамдар мен халыққа ғана қауіп төндіріп қоймайды, кейде тұтас адамзат үшін де қатерлі» [1, 75-б. ] .
Диссертациялық жұмыстың ғылыми зерттелу деңгейі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жарты ғасырға жуық уақыт ішіндегі Қазақстанда өмір сүрген діндер мен конфессиялардың және Қазақстанның діни ахуалы мен этномәдени өмірін зерделеген ғылыми еңбектер біршама баршылық.
Кеңес дәуіріндегі этноконфессиялық үдерістері тақырыбының тарихнамасы бастауын кеңес дәуірі кезінен алады. Қоғамдық ғылымдар салалары бойынша көші-қон мәселесіне қатысты көптеген еңбектер жарияланды. Мәселенің тарихнамасы жиналған тәжрибеден қорытынды жасау үшін жинақтап, халықтану мәселесіндегі оның ашылмаған тұстарын анықтаудың негізгі міндеттерін көрсетуді қажет етеді.
Діндер мен конфессиялар мәселесіне қатысты, дінге қарсы сипаттағы әдебиеттерді жариялауға мүдделі болған Кеңес үкіметі билігі тұсында, әсіресе, шамамен 1926-1959 жылдар аралығында-ақ 300-ден астам атеистік бағыттағы үгіт-насихаттық сипаттағы еңбектер жарық көрген. Бұл тек бір Ұлттық кітапхана қорында сақталғандары ғана. Аталмыш еңбектердің көлемі шағын болғанмен, ішкі мазмұны діннің пайдасыздығын, тиімсіздігін, ең бастысы зияндығын дәріптеген шығармаларға толы болған. Тіпті, 90-жылдарға дейінгі аралықта жарық көрген зерттеу еңбектерінің өзінде дінге қарсы бір жақты баға беріліп, таптық көзқарас тұрғысынан шыға алмаған. Мұның барлығы, яғни КСРО мен Қазақ КСР-індегі діндер мен конфессиялардың қызметі туралы кеңестік кезеңде жазылған зерттеу жұмыстарының бәрі оларды жоққа шығарумен айналысты. Ал тәуелсіздік алған соң, Қазақстанда өмір сүрген діндер мен конфессиялар тарихы туралы тың зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.
Жалпы алғанда, дін, рухани мәдениет философия, филология, мәдениеттану сияқты бірқатар ғылымдармен тығыз байланысты болғандықтан, аталмыш мәселені осы ғылымдар түйісінде қарастырудың маңызы зор екендігін байқаймыз.
Олардың қатарына философиялық зерттеулерді де жатқыза аламыз. Ауыл-селоның әлеуметтік құрылымы, ондағы жұмысшы табының, колхозшы шаруаның, интеллигенцияның саны мен құрамы, өсу жолдары философ ғалымдар М. Аженовтың, Б. Амантаевтың, А. Ишмұхамедовтың, В. И. Зориннің, Ц. Р. Розенбергтің монографияларында теориялық-методологиялық тұрғыдан қарастырылды. Жаңа адамды қалыптастырудағы, оқуды өнімді еңбекпен, ғылыми-техникалық прогреспен ұштастырудағы білімнің орны мен маңызын философия ғылымы ұстанымынан зерттегендердің маңдай алдысы Ж. Әбділдин, Р. А. Клещева, С. Н. Соскин, А. Тұрғұмбаев сынды ғалымдар. Ұлттардың рухани өмірін зерделеуге философтар А. Айталы, Р. Әбсаттаров, Ә. Нысанбаев, Н. Жанділдин, Ж. Молдабеков сүбелі үлес қосты.
Әрине, маркстік-лениндік философия үстемдік құрып тұрған жылдарда жазылған зерттеулер мен тәуелсіздік тұсында жарық көрген зерттеулер арасындағы айырмашылық жер мен көктей екені түсінікті жайт.
Ал бүгінгі философиялық ғылыми пайым өресі мен батылдығы мүлде бөлек. Бұған профессор А. Айталы мырзаның зерттеуінен үзінді келтірсек әбден көз жеткізуге болады. «Социализм, - дейді А. Айталы, - қазақ ұлтының болмысына, дәлірек айтсақ, ұлтсыздануына, дінін ұмыттыруға үлкен әсер жасады. Қазақстандағы индустрияландыру, 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессия, жер аударылған халықтарды (кәрістер, немістер, поляктар, шешендер, ингуштер, т. б. ) қоныстандыру, тың және тыңайған жерлерді игеру - қазақ халқының сан жағынан республикадағы алатын орнын төмендетті. Ұлттардың араласуы, ұлттық ортаның тарылуы орыстануға әкелді. Дінге тиым салу, ұлттық мектептердің азаюы, қазақ тілінің аясының тарылуы қазақ халқын төлтума қасиеттерінен айыра бастады; рухани азғындыққа итермеледі. Ұлттық деп атайтын интеллигенцияның көпшілігі ұлттық мәдениеттің, тілдің жақтаушысы бола алмады. Дәстүрлік мәдениет, тұрмыс-салт мал шаруашылығымен айналысатын қазақтардың арасында молырақ сақталған. Сонымен, қазақ халқының бір бөлігі - ұлттық және тілдік ерекшелігінен айрылғандар. Олардың ұлттық танымы тар, рухы төмен, ұлттық психологиясы тегін танитын сана-сезімнен аспайды. Оларды қазақ мәдениетінің мұрагерлері деп айту қиын» [2] .
Қазақстанда ұлт мәселесінің кеңестік нұсқада шешілуін, тарихи тағдырларын КОКП идеологиясының шеңберінде зерттегендер А. Ержанов, Н. Киікбаев, Н. Жанділдин десек, қайта құру мен тәуелсіздік жылдарында мәселеге сүбелі үлес қосқандар Р. Әбсаттаров, Ж. Әбділдин, М. Қозыбаев, Ә. Нысанбаев, С. Борбасов А. Айталы, Қ. Марданов, Қ. Көшербаев, Р. Құттыбаева, А. Котов, Ж. Кыдыралина сынды ғалымдар. Бұлар зерттеу тақырыбы тарихнамасының бесінші тобын құрайтын еңбек жазды. Кеңестік жылдарда Қазақстандағы ұлттардың мәдени-рухани өмірі гүлденгенін әрі жақындағанын дәйектеуге зерттеушілердің бой алдырғаны айтпаса да түсінікті. Замана талабы солай еді. Тәуелсіздіктің арқасында ғана ұлт мәселесі, ұлтаралық қатынастар, этномәдени даму ауыр дағдарысқа душар болғанын айтуға мүмкіндік туды. Тарихшылардың ішінде мәселені батыл көтерген М. Қозыбаев еді, 1992 жылы бүкілқазақтық тұңғыш құрылтайда жасаған баяндамасында кеңестік шытырман қайшылықты алға тартып, отаршылдық пен тоталитаризм табиғаты ұлт мәселесіне келгенде бір екенін ашық айта алды. «Сонымен қатар, - деген еді М. Қозыбаев, - оның басына дінінен, тілінен айрылу қатері туды . . . Өз еліңде қазақ жатақ болып, азшылыққа айналды. Көшпелі өркениет сөгілді, жаңа өркениет арада емес, арманда да емес, елдің еңсесін түсірді, болашағына күмән тудырды. Кеңестік орталық, большевизм жүргізген геноцид-этноцид отаршылықтың шыңы болды»
Академик М. Қозыбаев «Тарих зердесі» атты кітабында кеңестік саясатқа баға бере отырып: «Ленинизм өзі үстем болған замана туралы жазғанды қадағалап отырды, большевизм рухы тарихшылар әулетін де, ғылымды да өзіне тәнті етті, өз идеологиясына бағындырды да табындырды» - деген тұжырым жасайды [3] . 1992 жылы алғашқылардың бірі болып жазған «Ақтаңдақтар ақиқаты» деген кітабында академик М. Қозыбаев қоғамдық ғылымдардың Кеңес өкіметі кезіндегі қызметіне тоқтала келе, жартылай шындықтың жалғасуына сол кездегі саяси биліктің ықпалы өте жоғары болғандығы туралы жазады [4] .
Республика материалдары негізінде жазған - тарих ғылымдарының докторы А. Қапаеваның, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Каипованың ғылыми зерттеуін ерекше атап айтуға болады.
Кеңестік Қазақстанның саяси цензура органдарының қалыптасуы мен сталиндік кезеңдегі қызметін зерттеген Б. Каипова өзінің «Қазақстанның саяси цензурасының тарихы» (1929-1956 жж. ) деген зерттеу еңбегінде, [5] кеңестік цензураның КСРО - дағы саяси жүйенің ажырамас бөлігі болғанын, сол кезеңдегі цензураның барлық басылым өнімдеріне, әдебиетке, өнер мен ғылымға жасаған науқандық «сауықтыру» шараларының қалай жүргізілгендігін ашып көрсетеді. 1930-1956 жылдар аралығындағы сталиндік цензураның мемлекеттік билікті бір адамның қолына яғни әміршіл-әкімшіл жүйені қалыптастыруға қызмет еткені сөз болады. Бұл ғылыми зерттеуде біз мақсат етіп қойған мәселелер қарастырылмаған, өйткені біздің зерттеу объектісі болған мерзім ХХ ғасырдың екінші жартысынан ХХІ ғасырдың басына дейінгі жылдарды қамтиды.
Тәуелсіздік тұсында Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы Қазақстандағы кеңестік цензураның 50-80 жылдардағы қызметін, ұлттық шығармашылық интеллигенцияның тағдырын, жалпы мәдениет саласында жүргізілген мемлекеттік саясатты ғалым А. Т. Қапаева «1940-1991 ж. ж. Саясат және мәдениет» атты монографиясында [6] жан-жақты зерттейді. Автор өзіндік ерекшеліктерге толы әдебиет, баспасөз, өнер, ғылым қайраткерлерінің қызметін мүмкіндігінше жүйелі, обьективті, сыни тұрғыдан саралайды. Кеңестік Қазақстандағы шығармашылық интеллигенцияның қиын тағдыры деректі мысалдар арқылы сипатталған. Сондай-ақ, автор өз монографиясында әдебиет пен өнердегі, ғылым мен саяси цензурадағы табыс пен іркіліс, саяси қуғын-сүргін мен өктемдік ақиқаты боямасыз ашқан. Зерттеуде ұлт тарихын адамиландыруға көп көңіл бөлініпті. Автор ғылыми этиканы ыждахаттылықпен сақтаған.
Қазақстанда аталмыш мәселе төңірегінде алғашқы тарихи зерттеулердің тек 90-жылдардың екінші жартысында ғана жарық көргенін көреміз. Тәуелсіздік жылдары аталмыш мәселе төңірегінде зерттеу жүргізіп жүрген ғалым дар ішінен Л. Тасмағамбетовты ерекше атауға болады /3/. Зерттеуші, Кеңес үкіметінің дінді жоққа шығаруды жоққа шығаруға бағытталған саясатының теориялық негіздері талданып, Кеңес үкіметінің Қазақстанда Исламға қарасты жүргізген саясаты, оның мазмұны, сипаты және ерекшеліктері баяндалған. Соның ішінде, мемлекеттен шіркеуді бөлу әрекеті және бұл әдістің республикадағы ислам дінінің жағдайына тигізген әсері қамтылған. [7] .
А. К. Сұлтанғалиева Қазақстандағы кеңестік биліктің алғашқы он жылында қоғамның діни өмірі мен мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты реттеудің құқықтық және идеологиялық негізі қаланғандығы туралы тұжырымнан шыға отырып, алғашқы жылдары дінге қарсы ашық күрестің бірден басталмағанын, бірақ алғаш жарық көрген шартты нұсқаулардың мемлекетті діннен бөліп қарастырғанын құжаттар мен мысалдар негізінде ашып көрсеткен [8] .
Ж. Кыдыралина дінге қарсы күрес барысында діни мейрамдар орнына кеңестік мейрамдар ұйымдастырылғаны, коммунистік нормалар мен тұрмыс өзіндік салт-дәстүр қалыптастырғандығы, туралы тың мәліметтер келтіреді. Жалпы алғанда, Ж. Кыдыралина дін мәселесін кең ауқымда қарастырғанына қарамастан, тоталитаризм мен дін мәселесінің сәйкессіздігін ашып көрсете отырып, дінге қарсы күштеу саясатының айқын көріністерін жан-жақты талдап берген [9] .
Н. Д. Нұртазина ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Кеңес өкіметінің Қазақстанда жүргізілген дінге қарсы саясатын ашып талдаған. Автор коммунистердің дінге қарсы күресін Кеңес өкіметі жүргізген «мәдени революцияның» құрамдас бөлігі ретінде қарастырған. Сонымен қатар, Н. Нұртазина дінге қарсы саясаттың бастапқы кезіндегі ретінде 1917-1927 жылдардағы бұлтақта мен салыстырмалы түрдегі либерализм ымырашылдық кезеңін ерекше атап көрсетіп, соным мәнін ашып талдаған [10] .
Г. Мұхтарова дін мәселесін жалпы кеңестік діндер контексінде емес, жеке дара ислам дінінің 1917-1991 жылдар аралығындағы кеңестік қазақ қоғамындағы конфессиялық үдерістерге кең ауқымдағы құжаттық материалдар негізінде талдау жасаған. Соның ішінде, Қазақстандағы діни ұйымдар үлгісі зерттеле отырып, мемлекеттің дін саласындағы саясатының заңдық-құқықтық базасын және оның негізгі принциптерін анықтауда КОКП-ның теориясы мен тәжірибесіне талдау жасалынып, исламға қатысты саясатты жүргізуде үкіметтің ресми органдарының қызметі және исламды кеңестік қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінен ығыстырып шығару механизмі ашылып көрсетілген [11] .
Зерттеуші пайымдаулары бойынша, КСРО көлемінде дінді мемлекеттік реттеу - әлемдік тәжірибеде алғашқы емес, бірақ, осы саясатты жүзеге асырудағы әдістерімен, көлемімен, қиратушылық зардаптарымен және идеологиялық жанамалығымен ол өзінше «ерекше» болған
Сонымен бірге, автор кеңес өкіметінің дінге қатысты күштеу механизмінің жұмысы туралы: «Мұсылман әлеміне қатысты, мемлекеттің саясаттың мақсаты ислам идеологиясын жою болды. Жалпы террор жағдайында діни ұйымдар мен дін иелеріне қарсы күрес ашық түрде оларды басып жаншуды бұйырды. Дінге қарсы күрес мемлекеттік масштабта жүзеге асырылып, мемлекеттік күштеудің барлық механизмдері осы күреске тартылды» - деп ашық көрсетіп жазды.
Жоғарыда аталған еңбектерді талдау нәтижелері, кеңестік дін саясатының біржақты атеистік бағытта болғанына қарамастан, дінге деген сенімді біржолата жоя алмағандығын, діннің жасырын түрде болса да өмір сүргендігін анық көрсетеді.
Кеңестік дін саясатының, соның ішінде дінге қарсы жүргізілген күштеу саясатының зерттелуінің мәселелерін қарастыра отырып тарихи білімдердің кеңеюі мен жаңа деректер тобының ғылыми айналымға енуі нәтижесінде отандық зерттеушілердің кеңестік дін мәселесі туралы қалыптасқан пікірлерді қайта қарастыруды қолға алғандығын, мәселеге қатысты жаңа көзқарас қалыптасқаны айқындалды. Кеңестік дін мәселесінің тарихнамасы мәселесі өте тың, тарихи тұрғыдан да тарихнамалық тұрғыдан да жаңашылдық тұрғыдан толыққанды, жан-жақты зерттеуді қажет ететіндігі белгілі.
ХХ ғ. екінші жартысынан тәуелсіздік жылдарына дейінгі Қазақстанда өмір сүрген діндер мен конфессиялар тарихын, олардың таралуын және осы уақыт аралығында Кеңес өкіметі тарапынан діндер мен конфессияларға жасалған қысым туралы А. Мусагулованың Қазақстандағы идеологиялық цензура тарихы (1956-1991 жж. ) атты зерттеу жұмысында нақты көрсетілген. Автор осы мәселелер жөнінде мұрағат қорларында деректер негізінде және нақты дәйектемелер жасап, тың тұжырымдар ұсынған. Автордың бұл еңбегі біздің тақырыбымыз аясында жазылған ең құнды дүниелердің бірі. Сонымен қатар, автор өз зерттеу жұмысында негізінен кеңестік-коммунистік биліктің Қазақстанда өмір сүріп жатқан діндерді мүлде жойып, оларға табынушыларды қудалап, оларды атеистік біліммен тәрбиелеген. Атеистік білімді мектептен бастап, жоғары оқу орындарына дейін оқытуды енгізгендігін нақты деректер арқылы көрсеткен [12] .
Диссертациялық жұмыстың дерек қорлары: Тақырыпты зерттеу барысы бізді көбінесе мұрағат құжаттарын мұқият талдауды және оны үнемі өзара салыстыруды қажет етті. Мұрағатта қалған құжаттардың көпшілігі біз зерттеп отырған кезеңнің шынайы оқиғаларды айғақтайтын фактілерді "құпия" маңызын сақтап берілмей отырған жайты бар. Осындай деректердің тапшылығына қарамастан зерттеу, уақыт талабына сай болуы үшін тиісті міндеттерді шешуде тарихи оқиғалардың шынайы бет - пердесін ашуға көмектесетін тәсілдер арқылы, деректердің мол қоры кеңінен қолданылып, ғылыми айналымға енгізілді.
Дереккөзі ретінде еліміздегі ірі мұрағат орталықтарының материалдары, ғылыми зерттеулер, мемуарлар мен естеліктер жеке адамдардың күнделіктері, зерттеліп отырған кезеңдегі одақ және республика басшылығында жауапты қызметте болған адамдардың партия съездерінде, конференциялар мен пленумдарда сөйлеген сөздері пайдаланылды.
Көркем әдебиеттер, жеке авторлардың естеліктері, хаттары мен шығармалары, және т. б. осы кезеңге қатысты құжаттар пайдаланылды. Зерттеу жұмысында пайдаланылған деректердің бір тобын сол кездегі мерзімді баспасөз материалдары құрайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz