Қазақстан тарихының орта мектепте пән ретінде оқытылуы: теориялық және методикалық негіздер (1958ж. - қазіргі кезеңге дейін)


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 77 бет
Таңдаулыға:   

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКА УНИВЕРСИТЕТІ

МАГИСТРАТУРА ЖӘНЕ PhD ДОКТОРАНТУРА ИНСТИТУТЫ

ӘОЖ 373. 016: 94(574) Қолжазба құқығында

БАЙСАРИНОВА АСЕЛЬ ЖАНГЕЛЬДЫЕВНА

Қазақстан тарихының орта мектепте пән ретінде оқытылуы: теориялық және методикалық негіздер (1958ж. - қазіргі кезеңге дейін)

6N 0203 - Тарих

Тарих магистрі

академиялық дәрежесін алу үшін жазылған диссертациясы

Ғылыми жетекші:

Нұртазина Н. Д.

тарих ғ. к., доцент

Қорғауға жіберілді

Кафедра ғылыми семинарының № __ хаттамасы « ___ » 2010 ж.

Кафедра меңгерушісі, профессор М. Қ. Қойгелдиев

Ғылыми семинар төрағасы, профессор

Алматы, 2010

Мазмұны

Кіріспе

І Қазақстан тарихының мектепте оқытылуының тарихнамалық, методологиялық, деректік негіздері

1. 1 Мәселенің зерттелу деңгейі

1. 2 Мектепте Қазақстан тарихының оқытылуының методологиялық және деректік негіздері

ІІ Қазақстан тарихының КСРО тарихының құрамында оқытылуы (1958-1989 ж. ж. )

2. 1 Қазақстан тарихын мектепте оқытудың басталуы

2. 2 Қазақстан тарихының пән ретінде қалыптасуы мен даму кезеңдері

2. 3 Қазақстан тарихының базалық негізін теориялық-әдістемелік талдау

ІІІ Қазақстан тарихы-дербес оқу пәні

3. 1 Қазақстан тарихы пәнінің құрылымы

3. 2 Дербес оқыту әдістемесі ретіндегі Қазақстан тарихы пәнінің мазмұны

Қорытынды

Қолданылған әдебиеттердің тізімі

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Жаңа даму жолына түскен бүгінгі Қазақстанның халықаралық және ішкі қоғамдық-саяси жағдайларында үлкен өзгерістер болып жатыр. Осыған орай, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; Қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен . . . шешу» [1] .

Қазақстанның ата заңындағы осы мұраттар жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын пәндердің білім мазмұнын, оларды оқыту әдістемесін тезірек жаңартуды, жетілдіруді күн тәртібіне қойып отыр. « . . . біздің мәдениет органдарының адамдардың бойына асқақ ой-ниет нәрін сіңіруге, жас ұрпақты халықтың, бүкіл әлемдік өркениеттің сан ғасырлық рухани және мәдени мұрасының қазыналарынан сусындата білуге қабілетті болуының маңызы ерекше зор . . . » [2] . Қазіргі уақытта қоғамдық - гуманитарлық пәндерді оқытудың білімділік, тәрбиелік, дамытушылық маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Оларға «Білім туралы Заң», «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамасы» сияқты мемлекеттік құжаттарда да айырықша көңіл бөлінген. Осы пәндердің ішінде Қазақстан тарихын оқытудың орны ерекше. Өйткені өзінің туып-өскен өлкесінің, аймағының, елінің және оның халықтарының тарихын жақсы білмеген оқушы өз халқын да, басқа халықтарды да лайықты құрметтеуі мүмкін емес. Ондай жастардан болашақ қоғамның белсенді мүшелерін, қоғам, халық Отан үшін бар күш-жігерін сарқа жұмсамайтын, жан-жақты білімді азаматтарды тәрбиелеп шығара алмасымыз да ақиқат.

Қазақстанның қазіргі халықаралық жағдайы, оның дүниежүзілік қауымдастықтағы белгілі мемлекеттердің қатарына қосылуы, дүние жүзінің көптеген елдерімен түрлі салада байланыстар жасауы да оның әрбір азаматына өз елінің тарихын білуді міндеттейді. Өз елінің, халқының тарихын жетік білмейтін адам өз елінде де, одан тыс жерлерде де оның мүддесін ойдағыдай қорғай алмайды. Осы және басқа да жағдайлар Қазақстан тарихын алдымен мектепте, сондай-ақ қадірлі мамандық беретін басқа да орта оқу орындарында оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан мүлде жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Мұны осы пәннің мектептегі қазіргі жағдайы да талап етіп отыр. Бұл тақырыпты зерттеу осы күнгі мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жетілдірудің маңызды да өзекті мәселесінің біріне айналуы да содан.

Қазақстан тарихының материалдары жалпы білім беретін мектептерде ресми түрде 1958/59 оқу жылынан бастап оқытылып келеді. КСРО құрамындағы одақтас республикалардың бірі саналған Қазақстанның тарихына болмашы ғана сағат бөлініп, сабақтары КСРО тарихы құрамында үзік-үзік оқытылғандықтан оны оқытуда көптеген қайшылықтар орын алды. Олар: тарих пәнінің мазмұны мен Коммунистік партияның, Кеңес үкіметінің оны оқытуға қойған талаптары, оқу бағдарламалары мен оқулықтар, білім мазмұнының көлемі, оның күрделілік деңгейі мен оқушылардың мүмкіндігі, жас ерекшелігі, курсты оқытуға қойылатын талаптар мен оларды жүзеге асыруға жасалған қажетті жағдайлар, оқыту әдістемесі талаптары мен курстың оқытылу жайы және мұғалімнің мамандық дәрежесі, пәннің оқу-материалдық базасына қойылатын талаптар мен оның іс жүзіндегі мүмкіндіктері арасындағы және басқа да қайшылықтар. Түсінікті болу үшін олардың бір-екеуіне тоқталайық. Тарих пәнінің білім мазмұнын анықтауда білімнің толықтығы, жүйелілігі, тарихилығы, обьективтілігі сияқты дидактикалық ұстанымдарды басшылыққа алу міндетті екеніне қарамастан ол кездегі Қазақ КСР тарихы курсының мазмұны толық та, жүйелі де болмады, ал фактілер мен оқиғаларды талдап баяндауда тарихилық, обьективтілік ұстанымдар бұзылды. Немесе курсты оқытуға қойылатын талаптар мен соларды жүзеге асыруға қажетті жағдайлар арасындағы қайшылықтарды қарастырайық. Мектептегі оқу пәні, не оқу курсы талапқа сай оқытылуы үшін оның оқу-әдістемелік кешені жасалуы қажет, ал Қазақстан тарихынан сол кешеннің құрамына қосылатын бағдарлама мен оқулықтан басқа құралдар дайындалған емес. Мұның өзі курсты оқытуда елеулі кемшіліктердің орын алуына соқтырды.

Осыған қарамастан мектепте Қазақстан тарихын оқыту проблемасы кешенді зерттелмеді. Соңғы отыз жылда оны оқытудың жеке мәселелері ғана зерттелді. Мәселен, ″Қөрнекі құралдарды дайындау және пайдалану″(И. Қадірбеков), ″Мәдениет тарихын оқыту әдістемесі″ (К. Каменир), ″Тарихи-көркем әдебиетті пайдалану″ (К. Аманжолова), ″Тарихи ұғымдарды қалыптастыру әдістемесі″ (Е. Жевако), ″Оқулықтардың ғылыми-әдістемелік негіздері″ (М. Зарифова), ″5-сынып оқушыларында халықтар достығы туралы білімдерді қалыптастыру әдістемесіне″ (Б. Әбдіғұлова), ″Мектептерде тарихты оқыту әдістемесіне″ (Т. Тұрлығұлов) арналған еңбектер жарық көрді. Оның аса маңызды проблемаларын, яғни білім мазмұнын анықтауға, оқыту әдістемесін тұтас қамтитын, немесе оны жетілдіріп қалыптастыруға бағытталған зерттеулер жүргізілген жоқ. Қазақстан тарихының мектепте қашаннан бастап, қандай ретпен оқытылғанын, курстың қалыптасып даму үрдісін, оның барысында орын алған проблемалар мен тенденцияларды анықтап, талдап саралайтын да еңбектер жарияланған емес.

Кеңес мемлекетіндегі одақтас ұлт республикалар мектептерінде өз республикалары тарихын оқытудың жеке проблемалары да ғылыми әдістемелік тұрғыда зерттелді. Қазақ халқына тілі, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, діні ортақ түркі тілдес республикаларда педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне қорғалған диссертацияларда ( М. Алтаев, Г. Асланов, А. Артыков, Т. Муратгелдиев, Н. Ремеев, И. Шерстюк, т. б. ) осы курстың құрылымы мен мазмұны, КСРО тарихымен байланыстыра оқытудың әдістемелік жолдары, патриоттық және интернационалдық тәрбие беру, оқыту әдістемесі мәселелері, кластан және мектептен тыс жұмыстар сияқты жеке проблемалары қарастырылып, олардың КСРО мектептерінде ұлт республикалар тарихын оқыту әдістемесін жетілдіре түсуге пайдасы тиді. Бірақ, аталған зерттеулер негізінен 1980 жылдарға дейін жүргізілді, ал одан бері тарихтың бұл курстарын оқытуда көп өзгерістер болды.

1970-1985 жылдары Мәскеудегі орталық педагогикалық баспалардан мектептерде республикалар тарихын оқыту тәжірибиелерін баяндайтын бірнеше жинақ шықты. [ 3, 4, 5] . Бірақ, орталықта да, жеке республикаларда да одақтас республикалар тарихын оқыту әдістемесін тұтас қамтитын монография әлі жарияланған емес. Соңғы деректерге қарағанда мұндай еңбек әзірге ТМД елдерінің ешқайсысында жарыққа шыққан жоқ. Жоғарыдағылардың салдарынан Қазақстан тарихы мектеп курсының білім мазмұны мен оны оқыту, яғни оқушыларға сапалы білім беру мүмкіндіктері арасындағы қайшылықтар ұзақ уақыт шешілмей проблема күйінде қалып келеді.

Қазақ халқының ғасырлар бойындағы арманы орындалып, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылдады. Онда, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму жолына түсетіні, ізгілікті, демократиялық, құқықты мемлекетті құруға бел байлауды негізге алатыны айтыла келіп:

«Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту Қазақ ССР мемлекеттігінің аса маңызды міндеттерінің бірі болып табылады» [6] деп көрсетілді. Содан бері Республиканың қоғамдық өмірінің барлық саласында, соның ішінде халыққа білім беруде де үлкен өзгерістер болып жатыр. Жалпы білім беретін мектептердегі маңызды өзгерістің бірі - Қазақстан тарихының оқу жоспарына дербес пән болып енгізілуі, оны толық, жүйелі оқытуға қажетті сағаттың бөлінуі және мектептің үш басқышында да ( алғашқы басқышында дайындық, қалғандарында жүйелі) білім берудің көзделуі. Осы жағдайлар мектепте ″Қазақстан тарихын″ оқытуды мүлде жаңа деңгейге көтеруді талап етіп отыр. Демек, бұл пәннің оқыту мақсатын, білім мазмұнын өзгертуден бастап, бүкіл оқу-әдістемелік жүйесін жаңарту күн тәртібіндегі маңызды мәселе екені түсінікті. Бұларды алдымен ″Қазақ, Қазақстан тарихын″ оқыту кезеңдерін, оның курс болып қалыптасып-жетілуін, соны қалыптастыруда қандай тенденциялар бел алды, мұның бәрі оқу жоспарларында, бағдаламаларда, оқулықтарда қалай көрініс тапты, оқытуда байқалған проблемалар қандай еді? ″-деген сұрақтарды шешкенде ғана жүзеге асыра аламыз. Сонымен қатар мектептер мен мұғалімдердің талайдан жинақтаған тәжірибиелерінің ұнамды, ұнамсыз жақтарын ғылыми ой елегінен өткізу де келелі мәселелердің бірі. Осыдан кейін ғана барып жаңа пән - ″Қазақстан тарихы әдістемесінің қалыптасуы″ деген маңызды ғылыми проблеманы шешуге болар.

Зерттелу обьектісі. Жалпы білім беретін мектепте қазақстан тарихы пәнінің оқытылуы.

Зерттелу пәні. 1958 жылдан қазірге дейінгі Қазақстан тарихының оқытылуының теориялық және методикалық негіздері.

Зерттеудің мақсаты. Қазақстан тарихын мектепте оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін көрсету.

Зерттеудің міндеттері

  1. Қазақстан тарихын мектепте оқытудың жайын ғылыми тұрғыда талдау, тенденциялары мен проблемаларын анықтау.
  2. Пәнді мектепте оқытудың мақсаты мен міндеттерін, білім мазмұнын, оны оқытудың ұйымдастыру формаларын, әдіс-тәсілдерін және құралдарын жаңартудың методологиялық, ғылыми-әдістемелік жолдарын іздестіру.
  3. Қазақстан тарихын оқыту әдістемесін жаңарту, жетілдіру және тәжірибиеде байқау үшін дайындалған әдістемелік ұсыныстар мен нұсқауларды жарияланған әдебиеттерге талдау жасау жолымен зерттеу.
  4. Зерттеудің негізгі проблемалары бойынша ғылыми-әдістемелік тұжырымдар жасау.

Зерттеудің ғылыми жаңалықтары.

1. Ғылыми зерттеулерді саралау барысында мектептегі Қазақстан тарихы курсының қалыптасуына сипаттама берілді, оның негізгі кезеңдері анықталды.

2. 1958-2010 жылдар аралығында мектептерде Қазақстан тарихын оқытуда, оның оқытылу реті мен білім мазмұнын анықтауда орын алған ұстанымдар (принциптер) мен тенденцияларға ғылыми талдау жасалды.

3. Курсты оқытудың белгілі кезеңдерінде болған әдістемелік өзгерістер анықталып сараланды, пәннің оқыту әдістемесінің эволюциясына ғылыми-әдістемелік талдау жасалып, сипаттама берілді.

4. 90-жылдардың орта кезінен бастап пәннің білім мазмұнының ұлттық сипат алуының қажеттігі дәлелденді, оны анықтаудың ғылыми-теориялық негіздері көрсетілді.

5. Мектепте тарих пәнін, қазақстан тарихын оқыту әдістемесіне қатысты бірқатар маңызды проблемалар ажыратылып көрсетіліп, оларды келешекте арнайы зерттеудің қажеттігі дәлелденді.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар

  1. 1980-жылдардың соңына дейін мектепте Қазақстан тарихын оқыту өз дәрежесінде болмады. Оның басты себебі - Коммунистік партияның ұстаған ұлыдержавалық идеологиясы еді. Осы арқылы Кеңес еліндегі жеке ұлттар азаматтарының өзінің ұлттық құндылықтарынан сусындауына жол бермеу, оларды өз ұлтының қадір-қасиетінен айырып, бірте-бірте елдегі бүкіл халықты орыстандыру мақсатын көздеді.
  2. Ы. Алтынсарин заманынан бері қарай қазақтың бірқатар ғалымдары, жеке орыс ғалымдары: А. М. Панкратова, А. В. Шестаков, Ж. Аймауытов,

С. Аспандияров, М. Акынжанов, Е. Бекмаханов мектепте Қазақ КСР

тарихын оқыту мәселесін көтерген.

  1. Мектепте Қазақстан тарихын оқытудың мақсат-міндеттері өзгерді: оқушыларға адамдар жасаған құндылықты, яғни олар жинаған әлеуметтік, рухани, адамгершілік тәжірибиелерді баяндайтын тарихи білімдер негізін оқытып үйрету - ең басты міндет болуы тиіс. Осыдан келе оқыту барысында тарихи оқиғалар мен құбылыстарды шындық тұрғыдан баяндау, оқушыларды жоғары саналылыққа, адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, отаншылдыққа, ұқыптылыққа, эстетикалық талғамға, халықтар арасындағы ынтымақтастыққа, бейбітшілікке тәрбиелеу, сондай-ақ оларды шовинизмге, ұлтшылдыққа, нәсілшілдікке, теңсіздікке, әділетсіздікке, соғысқұмарлыққа қарсы күресе алуға тәрбиелеу міндеттері келіп шығады.
  2. Оқытудың мақсат-міндеттерінің өзгеруіне байланысты білім мазмұны да, демек алдымен, оны анықтайтын ұстанымдар да өзгереді. Олар дүние жүзінде халық ағарту саласында болып жатқан жаңалықтарды, өзгерістерді ескеру, құндылықтар мен мәдениет жетістіктерін оқып, үйренуді алға шығару; оқытуды демократияландыру, ізгілендіру; тарихты бұрмалаудан, Еуроцентрлік пен Ресейцентрліктен арылту; функционалдық толықтық; дәстүрлілік, қайшылық пен баламалылық ұстанымдарын жүзеге асыру және де педагогика теориясының білім мазмұнына қоятын ұстанымдарын басшылыққа алу.
  3. «Мектепте Қазақстан тарихын оқыту әдістемесі" пәнінің даму эволюциясы : құрамында Қазақстан 1959-1989 жылдары оқытылғанда тарих пәнінің оқыту әдістемесін пайдаланумен қатар өзіндік: КСРО және Қазақ КСР тарихы материалдарын қатар оқыту, яғни аралас сабақ; екі курс материалдарын органикалық байланыстыру жолдары, курсішілік байланыстардың әдістемелік жолдары, қорытып-қайталау сабақтарының жаңа типтері, өз өлкесі тарихын оқыту, сабақтан және мектептен тыс жұмыстарды байланыстыру сияқты оқыту формалары мен әдіс-тәсілдері қалыптаса бастады; 90-жылдары пәннің әдістемесі біраз жетіліп, «Мектепте Қазақстан тарихын оқыту әдістемесі» пән болып қалыптасуда.
  4. Мектептегі Қазақстан тарихының білім мазмұнындағы бірқатар ғылыми проблемалар толығырақ, әрі нақтырақ ашып көрсетуді қажет етеді.

I. Қазақстан тарихының мектепте оқытылуының тарихнамалық, методологиялық, деректік негіздері

  1. I. 1. Мәселенің зерттелу деңгейі.

Қазақстан тарихы мектепте оқытыла бастаған алғашқы 1958/59 оқу жылынан бастап-ақ, тарихшы мүғалімдерге ғылыми-әдістемелік көмек көрсету мақсатында мерзімді педагогикалық басылымдарда бірқатар мақалалар жарық көрді. 1958-1960-жылдары "Қазақстан мұғалімі" мен "Учитель Казахстана" газеттерінде және 1960-1965-жылдар аралығында "Қазақстан мектебі" журналында Е. Бекмахановтың бірнеше мақаласы жарық көрді. Ал, 1961-1965-жылдары мектепте Қазақстан тарихын оқыту әдістемесі мәселелерін баяндайтын әдістемелік құралдар баспадан шыға бастады.

Зерттеуші И. Қадырбековтың 60-жылдары жүргізген зерттеу жұмысының Қазақстан тарихын мектепте оқытудың өзекті мәселесінің бірі - көрнекі құралды пайдалануға арнаған. Енді ғана оқытыла бастаған бұл курс сабақтарында көрнекі құралдар өте сирек қолданылатын. Оның басты себебі - дайын құралдардың жоқтығы. И. Қадырбековтің еңбектерінде [7] осы курстан көрнекі құралдарды іріктеп, дайындау, оларды жүйеге келтіру және сабақта пайдалану мәселелері қатар қамтылып, шешімін тапқан. Онда Қазақстан тарихын оқытуда пайдаланылатын көрнекі құралдар төмендегіше жүйеленген: 1. Тарихи карталар.

2. Схемалық көрнекі құралдар.

3. Бояулы суреттер.

4. Портреттер.

5. Саяси плакат және карикатура.

6. Құжаттардың фотосуреттері.

7. Техникалық құралдар.

8. Сабақта пайдалануға ұсынылатын жергілікті көрнекі материалдар.

Автор өз еңбектерінде [8] әрбір көрнекі құралды пайдаланудың әдістемелік жолдарына жеке-жеке тоқталады.

Тарихшы К. А. Аманжолованың зерттеулері Қазақстан тарихын оқыту барысында тарихи-көркем әдебиеттерді пайдалану әдістемесіне арналған. Қазақстан тарихындағы белгілі оқиғаларға қатысты тарихи-көркем әдебиеттің көп екені белгілі. Бірақ та білімділік, танымдық және тәрбиелік жағынан пайдалы сол мол қосымша құрал тарих сабақтарында жөнді қолданылмады. Өйткені қатардағы мұғалімге сонша әдебиетті оқып шығып, саралап, қажетті үзінділерді таңдап алу және оларды пайдаланудың тиімді әдіс-тәсілдерін анықтауы қиын еді. Автордың осы саладағы зерттеу нәтижесі кандидаттық диссертация қорғаумен және баспа арқылы әдістемелік құрал шығарумен аяқталды [9, 10] . Автор өзінің еңбектерінде Қазақстан тарихы сабақтарында тарихи-көркем әдебиетті пайдалануды методологиялық, ғылыми-әдістемелік жағынан негіздеген, сабақтарда әдебиеттерді пайдалануға қойылатын бұрыннан белгілі талаптарды осы курстың ерекшелігіне байланысты одан әрі жетілдірген, әрбір сабаққа қатысты үзінділерді іріктеп, оларды пайдаланудың әдіс, тәсілдерін анықтаған. Әдеби үзінділер пайдаланылатын сабақ жоспарларының үлгілерін жасаған және оларды мектептерде эксперимент жолымен тексеріп байқаған.

Мектепте тарих пәнін оқытуда қиындық келтіретін, соған қарамастан аз зерттелген әдістемелік проблеманың бірі мәдениет тарихын оқыту. Қазақстан тарихының өзіндік ерекшелігіне байланысты бұл әдістемелік мәселе оның тарихын оқытуда одан әрі күрделене түседі. К. М. Каменирдің жүргізген зерттеулері мен жарияланған еңбектері осы көкейтесті проблемаға арналған [11, 12] . Автордың еңбектерінде курстың мәдениет тарихына қатысты материалдары іріктеліп алынып, олардың бағдарлама талаптарын қаншалықты ашып көрсететіндігі анықталған және қажеттігіне қарай қосымша фактілермен толықтырылған. Мәдениет мәселелерінің ғылыми негізі болып табылатын ұғымдар сұрыпталып, жүйеге келтіріліп, оларды толық ашып көрсететін тарихы материалдар топтастырылып, ұғымдарды қалыптастырудың әдістемелік жолдары баяндалған. Қазақстан тарихының мәдениет тақырыбына қатысты материалдарын оқытқанда оларды КСРО тарихының, сондай-ақ, курстың өзінің өзге материалдарымен тиімді байланыстыру жолдары қарастырылған. Тарихи, мәдени материалдарды оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері анықталып, оларды тәжірибиеде жүзеге асырудың жолдары көрсетілген.

Е. В. Жеваконың еңбектерінде [13, 14] Қазақстан тарихын оқыту әдістемесінің күрделі проблемалардың бірі - оқушыларда тарихи ұғымдарды қалыптастыру жолдары қарастырылған. Автор курстың мазмұнында кездесетін ұғымдарды іріктеп, жүйеге келтірген, оқу бағдарламасы мен оқулықтардағы ұғымдардың орналасуын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар берген және ұғымдарды қалыптастырудың әдістемелік жолдарын анықтап, олардың тиімділігін эксперимент арқылы зерттеген. Бұл ұсыныстарды тек Қазақстан тарихында ғана емес, тарихтың басқа курстарын оқытқанда да пайдалануға болатынын тәжірибие көрсетті.

М. А. Зарифова бұрынғы Кеңес еліндегі одақтас республикалар тарихының мектеп оқулықтарын жасау проблемасын зерттеген. Оның еңбектерінің негізгі бөлігі Қазақ ССР тарихының орыс тілінде баспадан шыққан оқулықтарының методикалық негіздеріне арналған [15, 16] . Оларда тарихи білімдерді іріктеуге қойылатын ұстанымдар талаптар, оқулықтың құрылымы, оған тарихи материалдарды орналастыру жүйесі, тапсырмалар мен сұрақтарды жетілдіру жолдары қарастырылған. Сонымен қатар оқу-әдістемелік кешсннің оқулықтан да құрамдас бөліктерін дайындау мәселесін де зерттеп Қазақстан тарихынан мектепке арналған хрестоматия, оқу кітаптары, сабақтың әдістемелік жоспары және оны жасаудың тиімді жолдары іздестірілген.

1961-1962 оқу жылынан бастап белгілі ғалым-әдіскер Т. Тұрлығұловтың 4 сыныпқа арналған ″Қазақ ССР тарыхынан эпизодтық әңгімелер″ атты оқу құралы жарық көрді. Ол көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалардың, тұжырымдамалар мен стандарт, бағдарламалар мен оқулықтардың авторы. Қазақстан тарихын мектепте оқыту проблемалары бойынша алғашқы ғылыми-зерттеу жұмысын бастаған Т. Т. Тұрлығұлов, күні бүгінге дейін тарихшылар арасында осы көшті бастап келеді. Б. Қ. Әбдіғұлованың ғылыми-әдістемелік еңбектері Қазақстанның 4-5-сыныптардағы әңгімелер курсын оқыту мәселелеріне арналған [17, 18, 19] . Осы кластардағы Қазақстан тарихын оқытудың автор тереңірек зерттеген проблемасы оқушыларда халықтар достығы туралы білімдерді қалыптастырудың әдістемелік жолдары. Ол сонымен қатар өз еңбектерінде Қазақстан тарихы сабақтарында оқушылардың өздігінше атқаратын жұмыстарын ұйымдастырудың әдіс, тәсілдеріне, оқушылардың алған білімі мен біліктерін тексеру жолдарына да көңіл бөлген.

Аталған авторлардың еңбектері кезінде мектепте Қазақстан тарихын оқытудың бірқатар ғылыми-әдістемелік проблемаларын зерттеп, шешуге үлес қосты. Ал, жарияланған еңбектер Қазақстан тарихын оқытуды жақсартуға, курсты оқыту әдістемесінің қалыптасып, одан әрі жетіле түсуіне ықпал жасады. Зерттеу проблемасы бойынша авторлар жасаған кейбір ғылыми тұжырымдар мен әдістемелік ұсыныстар тарихтың басқа курстарын, әсіресе 70-80-жылдары Кеңес Одағындағы басқа ұлттық-одақтық республикалардың тарихын мектептерде оқыту проблемаларын зерттеп-шешуге игілікті әсер етті.

Мектептерде одақтас республикалар тарихын оқытуды жетілдіре түсуге, оларды зерттеудің ғылыми-әдістемелік бағыттарын дұрыс анықтауға сол республикаларда жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша жарияланған еңбектер де пайдасын тигізді. Әсіресе, тілі, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ортақ түркі тілдес халықтар атымен аталып келген бұрынғы Кеңестік одақтас республикаларда көрген ғылыми-әдістемелік еңбектердің көмегі болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абайдың қай тап ақыны екендігі
Қазақстан тарихын мектепте оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін көрсету
Педагогикалық пәндер жүйесіндегі тарихты оқыту әдістемесі
Дарынды балалармен педагогикалық жұмысты ұйымдастырудағы теориялық негiздер
Тарихты оқытудың зерттеу әдістері
ХИМИЯ КУРСЫНЫҢ МАЗМҰНЫН ТАҢДАУҒА ЖӘНЕ ОҚЫТУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ДИДАКТИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР
Мектепте тарихты оқытудың әдістемесі – педагогикалық пән
Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық білім беру жүйесінде экономиканы оқыту
М. Әуезовтің ой-пікірлері қалыптасуының даму жолдары
Тарихты оқыту әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz