Қазақ және түрік антропонимдерінің мәнін, олардың этномәдени табиғатына тереңдеу арқылы тарихи сабақтастығын анықтау


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 52 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

I ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК АНТРОПОНИМДЕРІНІҢ ДАМУ ТАРИХЫ, ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ҚОС ХАЛЫҚТЫҢ АТ ҚОЮ РӘСІМДЕРІ

1. 1 Қазақ және түрік антропонимдерінің даму тарихы…… . . . 7

1. 2 Қазақ және түрік антропонимдерінің зерттелуі . . . . . …14

1. 3 Қос халықтың ат қою рәсімдері . . . ……… . . . …17

II КӨНЕ ТҮРКІ МОРФЕМАЛАРМЕН ЖАСАЛҒАН АНТРОПОНИМДЕР

2. 1 Көне түркі жазуының сырлары . . . 22

2. 2 Жан - жануар атауына қатысты қазақ және түрік антропонимдері . . . ……24

2. 3 Құстар атауымен тіркескен қазақ және түрік антропонимдері………. 30

2. 4 Қымбат металдарға байланысты қойылған қазақ және түрік антропонимдері . . . 34

2. 5 Ерлікті, батырлықты, денсаулықты меңзеп қойылатын

қазақ және түрік антропонимдері……… . . . 36

2. 6 Лауазымдарға және дәстүрлі билік жүргізушілерге қатысты

қазақ және түрік антропонимдері . . . 46

2. 7 Аспан денелеріне қатысты көне лексемалармен тіркескен қазақ және түрік антропонимдері . . . 47

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 49

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 51

ҚОСЫМШАЛАР . . . 54

КІРІСПЕ

Қазіргі қазақ қоғамындағы ерекше маңызды сипатқа ие болған ұлттық мүдделі мақсаттың бірі халық рухын, оның өзегі - мәдениетті жаңғырту.

Көрнекті мәдениеттанушы ғалымдардың пікірінше, «Мәдениет - адамның ақыл - ойы мен еңбегі жемісінің тізбектері, дәлірек айтқанда, материалдық және рухани құндылықтар жүйесі» (Э. Тэйлор) ; «Мәдениет - дүниенің бөлшектері болып саналатын рухани көріністерді бейнелейтін тіл, миф, дін және т. б. негізде құрылатын семиотикалық жүйе» (Ю. Лотман) . Осымен байланысты мәдениеттің таңбалық негізі тіл арқылы көрініп, рәміздік жүйеде ұлттың психологиялық түрімен, сакрализация тәсілімен сипатталады. Бұл арада тіл тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, оның мәдениетінің көрінісі. Өйткені мәдениеттің этнотаңбалық белгісі тілден тыс көріне алмайды.

Демек, тіл бірден бір коммуникативтік құрал ғана емес, тілдік қарым - қатынас негізінде мәдениетті де анықтайтын кешенді ұғым ретінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының өзекті арқауын құрайды.

Соның ішінде мәдениеттің коммуникативтік, мұрагерлік табиғатына сәйкес оның ашық жүйе ретінде сақталуы, кейінгі ұрпаққа жетуі, жаңғыруы, танымы, оның игерілуі, жетілуі тіл арқылы іске асатыны қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы зерттеулерінде нақты дәйектелуде.

Қазақ және түрік тіл білімдеріндегі тіл мен мәдениет сабақтастығына негізделген қағидаға сәйкес жүргізіліп жатқан зерттеулерде мәдениеттің өзі метатіл деп анықталып, оның коммуникативтік, кумулятивтік, әлеуметтік қызметтерін талдауға қазақ және түрік тіл білімдерінде ерекше назар аударылуда. Осы тұрғыдан қарағанда, мәдениет метатілін этномәдени негізде сипаттайтын өзекті арнаның бірі жалқы есімдердің (антропонимдердің) лингвомәдени, әлеуметтанымдық жүйесі. Көне түркі дәуіріне жатқызылатын кісі аттарының басқа жүйедегі тілдер тарихында да, шығу тегі жағынан алғашқы саналатындықтан, бұл кезеңдегі антропонимдер мен көне лексемалар қазіргі түркі тілдеріндегі кісі аттарының қайнары, негізі. Сондықтан көне морфемалармен жасалған антропонимдерімізді қолданысқа енгізу көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады, себебі кешегі күнін білмейтін халықтың ертеңгі күні де күмәнді.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Соңғы уақыттарда жалқы есімдердің туы, дамуы, қызметі, белгілі бір ұғымға уәжделуі сияқты мәселелерге көңіл бөлінуде. Бірнеше ғылым салаларына, айталық, тіл білімі, тарих, география, этнология т. б. қатысты бұл ғылым жалқы есімдерді түрлі аспектіден қарастырады.

Дегенмен, осы күнге дейін қазақ және түрік тіл білімдерінде кісі есімдерінің табиғаты негізінен синхрониялық тұрғыдан тексеріліп келгені белгілі. Сонымен қатар, қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдерді салыстырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын тауып, этнолингвистикалық сипатын анықтауға арнайы зерттеу әзірше жан - жақты жүргізілмеген. Сондықтан қазақ - түрік тілдеріндегі антропонимдердің зерттелуі және қолдануында шешуін таппаған талай мәселелер, міндеттер бар. Солардың бірі - туыс екі тілдегі (қазақ - түрік) антропонимдердің бастапқы, яғни көне түркі кезеңіндегі түрін жоғалтып, шет тілден енген лексемалардың шеттен тыс көбеюі. Сонымен қатар, діні, мәдениеті, тарихы, әлеуметтік және саяси даму жолдары ұқсас қазақ және түрік халықтарының тілдеріндегі антропонимдер әлі күнге дейін толығымен ғылыми түрде зерттеліп, тұжырым жасалған жоқ. Осы екі туыс тілдегі (қазақ - түрік) антропонимдердің этнолингвистикалық, ұлттық - мәдени ерекшеліктеріне көңіл бөліп, олардың ортақ айшықтарын тауып, екі халықтың (қазақ - түрік) рухани мұрасы болып табылатын көне түркі лексемалармен тіркескен антропонимдерді зерттеп, қолданысқа енгізу осы жұмыстың өзектілігін айқындайды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ және түрік антропонимдерінің мәнін, олардың этномәдени табиғатына тереңдеу арқылы тарихи сабақтастығын анықтап, екі тілдегі кісі есімдерінің көне түркі негізін Орхон - Енисей, Талас және т. б. ескерткіштеріндегі жазбалар арқылы тауып, салыстырып, ұмытылып бара жатқан көне лексемалармен тіркескен антропонимдерді жаңғырту және қолданысқа енгізу бұл зерттеудің негізгі мақсаты болып табылады.

Осымен байланысты зерттеудің бағыты мынадай міндеттердің шешілуін қажет етеді:

Қазақ және түрік тіл білімдеріндегі ономастика жүйесінің, антропонимия саласының зерттелуіне тарихи - лингвистикалық сипаттағы ғылыми шолу жасау;

Қазақ және түрік антропонимдерінің ұлттық табиғатын анықтаудың лингвомәдени, әлеуметтанымдық бағытына мән беру. Оның жалпы тіл білімі, түркітану және жеке қазақ тіл білімі мен түрік тіл біліміндегі теориялық - әдіснамалық негізін сипаттау;

Көне түркі ескерткіштердегі, эпостық жырлардағы, көне мәтіндердегі антропонимдер мен көне лексемаларды теріп, бүгінгі қазақ және түрік антропонимдерімен салыстыру;

Этноантропонимдердің тарихи - этникалық үрдіспен сабақтастығын нақты этнодеректерді талдау арқылы дәйектеу;

Қазақ және түрік тіліндегі антропонимдердің бастауы көне түркі тілінен шыққанын дәлелдеп, оларды қолданысқа енгізу.

Зерттеудің пәні мен нысаны. Қазақ және түрік тілдері деректеріндегі ұлттық мәдени ерекшеліктерді сақтаған көне түркі лексемалармен тіркескен антропонимдер.

Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Жинақтау, текстологиялық, түсіндірмелі, жүйелі - кешенді, этнолингвистикалық, тарихи - салыстырмалы талдау, сипаттама әдістері қолданылған.

Жұмыстың ғылыми - әдістемелік базасы . Бітіру жұмысына қажетті материалдар қазақ, түрік және басқа тілдердегі антропонимдерге қатысты еңбектерден сұрыпталып пайдаланылды. Атап айтқанда, қазіргі барлық түркі тілдеріне ортақ көне түркі дәуірі жазба мұраларының қайнар көздері - көне түркі ескерткіштердегі жазулар (Орхон - Енисей, Талас, Алтай, Тұрпан), Т. Жанұзақовтың «Қазақ есімдері», «Есімдер сыры», «Есіміңіз кім? Ваше имя?» - орысша - қазақша түсіндірме сөздігі, «Түрік тіліндегі II томдық түсіндірме сөздігі», Кенан Кочтың «Қазақша - Түрікше сөздігі», А. Смағұловтың «Қазақ Есімдері» - энциклопедиялық анықтамасы және т. б. әдебиеттер қолданылды. Сонымен қатар, А. С. Аманжолов, Ә. Ахметов, Ә. Ф. Мейрамханқызы, Б. Тілеубердиев т. б. отандық ғалымдар мен В. В. Радлов, Л. Н. Гумилев, С. Е. Малов, А. Ф. Гафуров, С. Э. Сэвортян сияқты шетелдік ғалымдардың еңбектері кәдеге асырылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- антропонимдер этнотаңбалы, этномазмұнды лингвомәдени жүйе ретінде қарастырылды;

- қазақ және түрік антропонимдерінің этнотаңбалық тілінің түркілік негізі көнетүркілік, ортатүркілік ескерткіштермен салыстыру арқылы анықталды. Соның нәтижесінде кейбір этимологиялық талдаулар жасалды;

- зерттеу нысанына сәйкес паремиологиялық, прецеденттік, фразеологиялық және көркем мәтін деректері талданып, жинақталып, олардың құрамындағы антропонимдердің қолданысы мен қызметіне лингвомәдени сипаттама берілді.

Зерттеудің теориялық маңызы. Қазақ және түрік тілдеріндегі көне лексемалармен жасалған антропонимдерді тіл иелерінің тарихымен, дүниетанымымен, рухани және дәстүрлі тұрмыстық мәдениетімен сабақтастыра қарастыру нәтижесіндегі қорытынды тұжырымдар этнолингвистика, лингвомәдениеттану, тарих, олардың түркітанудағы аспектісін теориялық тұрғыдан жетілдіруге белгілі бір дәрежеде үлес қосады.

Зерттеудің практикалық мәні . Зерттеудің нәтижелерін жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде жүргізілетін тарихи лексикология, ономастика салаларының ғылыми курсы бойынша дәрістерде, лингвомәдениеттану, этнолингвистика, этноантропонимика бойынша арнайы курстар жүргізуде, сөздік жасау тәжірибесінде және күнделікті өмірде, жаңа туған нәрестеге ат таңдаған кезде қолдануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдер - көне дәуірлерден этникалық ақпарат жеткізетін тарихи, мәдени және рухани әлеуметтік құбылыс;

- осы жүйеге кіретін этноантропонимдердің этномәдени және тарихи болмысында түрлі этнос және этникалық топтардың тарихи тегі мен жағырафиялық қозғалысы көрініс табады;

- антропонимдер - әртүрлі ұлттық ассоциацияларға меңзейтін ұлттық символдарға айналып, әрбір ұлттың ұлт ретіндегі біртұтастығын, бүтіндігін сипаттайтын, ұлттық арқаудың бірі екені баяндалады;

- қазіргі қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдердің мазмұнында этномәдени сипаттың сақталуы мен жалғасуы, жаңғыруы оның ұлттық - ұжымдық сүрсананың терең қатпаларында жасырынып жатқан мәдени архетиптердің тілдік бейнеде сақталған этнотаңбасы екенін көрсетеді;

- антропонимдер, соның ішінде этноантропонимдер - тарихи - этникалық, лингвомәдени, әлеуметтанымдық тарихи этникалық дереккөз туралы сөз болады.

Жұмыстың құрылымы . Бітіру жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымша деректерден тұрады. Бірінші бөлімде қазақ және түрік антропонимдерінің даму тарихы, зерттелуі және қос халықтың ат қою рәсімдері жайында сөз қозғалған. Бөлім үш параграфтан тұрады. Екінші бөлімде аталмыш халықтардың антропонимдері құрамындағы көне түркі морфемаларының ерекшеліктеріне қарай бөлінген жеті параграф бар.

I ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК АНТРОПОНИМДЕРІНІҢ ДАМУ ТАРИХЫ, ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ҚОС ХАЛЫҚТЫҢ АТ ҚОЮ РӘСІМДЕРІ

  1. Қазақ және түрік антропонимдерінің даму тарихы

Тіліміздегі антропонимдердің шығу, даму негізі халқымыздың өткендегі тіл және азаматтық тарихымен тікелей байланысты болса, олардың типтерінің шығу, пайда болу жолдарын белгілі бір дәуірлерге бөліп талдау жасаймыз. Қазіргі тіліміздегі кісі аттарының көбі шығу тарихы жағынан көне түркі заманы мен орта ғасырларда пайда болған антрополексеманың жалғастары болып саналады. Олардың көне түркі есімдерімен түбірлес, мағыналас, жасалуы мен құрылысы жағынан ұқсас келуінің сыры да осында. Бұл − жалпы түркі тілдеріне тән, ортақ құбылыс. Өйткені ол дәуірде түркі халықтары жеке бөлінбей, біртұтас ел болып, шаруашылықтары, күнделікті тіршілігі, діні мен әдет − ғұрпы ортақ болған кез еді. Бұл ортақ қасиеттер соңынан олардың жеке халық болып өсіп, дамыған кезінде де ізін сақтаған. Олай болса, тіліміздегі көне заманға тән, жалпы түркі халықтарының ортақ есімдері туралы да осыны айтқанымыз дұрыс.

Қазіргі қазақ және түрік тіліндегі антропонимдерді тарихи − этномәдени, әлеуметтік тұрғыдан анықтап, зерттеу олардың тамырының көне түркі (қыпшақ) кезеңімен сабақтасып қана қоймай, түркі тілдерінің басқа халықтармен мәдени − тарихи байланысын, қарым − қатынасын көрсетеді.

Қырғыз есімдерін зерттеген А. Идрисовтың «кыргыз тилиндеги ысымдар» еңбегінде антропонимдердің қалыптасу кезеңдері қоғамның тарихи − экономикалық даму кезендеріне сәйкес анықталды:

  1. Алтай дәуіріне дейінгі ежелгі кезең. Оған жануарлармен, құстармен және географиялық атаулармен байланысты антропонимдер жатады.
  2. Хун дәуірінде қалыптасқан антропонимдер(б. з. д. II, III − VI) Оған мал, жануар, құс, өсімдік, аспан денелері т. б. байланысты аттар жатады.
  3. Көне түркі кезеңі(V − X ғасырлар) . Алдындағы кезеңдердегі антропонимдермен қоса, мысал ретінде ескі түркі ескерткіштеріндегі антропонимдер − Чур, Барс, Шумкар, Арстан және т. б. келтіреді.
  4. Ортағасырлық кезеңдегі(X − XV ғасырлар) аттарға араб есімдері қосылды.
  5. Жаңа түркі кезеңде(XV − XX ғасырлар) бұрынғы есімдерге ескіеврей (библиялық) араб, парсы аттары қосылады.
  6. Октябрьден кейінгі кезеңаттарының қатарында революционерлер, әдеби кейіпкерлер, мемлекеттік ресми тұлғалар атауларымен сипатталған. [ 1, 17 б. ]

Қазақ тіл біліміндегі ономастика, антропонимика саласын зерттеуші ғалым Т. Жанұзақовтың антропонимдердің қалыптасуын, даму кезендерін басқаша жіктегенін байқаймыз. Атап айтқанда:

  1. Ескі түркі кезеңі(V − X ғасырлар) пұтқа табынуға байланысты жалқы есімдер.
  2. Ортағасырлық кезең(X − XVII ғасырлар) туыстық атаулар, тайпа, ру атауларымен, жануар мен өсімдіктер, астрономиялық атаулар, қымбат тастар мен материалдық мәдениет, тұрмыс пен әлеуметтік − саяси терминдермен байланысты.
  3. XVII − XIX ғасырлардағы кезең− негізінен аппелятивтік лексикамен байланысты қалыптасқан жаңа атаулар: Жібек, Баршын, Қамқа, Шекер, Алуа т. б.
  4. Совет кезеңі− жаңа дәуірге сәйкес жаңа ұғымдармен байланысты есімдер. [ 2, 15 б. ]

Бізге қажеттісі бірінші дәуір болғандықтан, көне түркі заманына, яғни V - VIII ғасырларға тоқталып кетейік. Бұл дәуірде үй хайуандары мен жабайы аңдардың, табиғат атаулары мен өсімдіктердің және қымбат металдардың атаулары кісі аты ретінде қойылып отырған. Мысалы: Айкүн, Айжарық, Айтолды, Күнай, Күнсұлу, Күнтуар, Бөрі, Барысбек, Арыстан, Бұқа, Түлкібай, Қоянбай, Алтын, Күміс, Қаршыға, Сұңқар т. б. Ол кезде ай мен күнге табыну, табиғатты, аңды, құстарды ерекше күш санау, кейбір хайуандарды (мәселен, бөрі, ит, бұқа) шыққан тегіміз, біздің ата - бабамыз деп, тотем ету жайлары басым болғаны мәлім. Мұндай пікірлер - белгілі бір халықтың ономастика ғылымын зерттеп жүрген ғалымдардың көбіне ортақ, үндес екенін көреміз.

«Ай мен күнге, тау мен өзен, көлге табынып сыйыну нәтижесінде шыққан есімдер мыналар еді: Айсұлу, Айжарық, Айқан, Айдай, Күнай, Айкүн, Таутай, Таубай, Көлбай, Көлтай . Кейінірек бұндай пікірді түрікмен ономастикасын зерттеуші З. Б. Мұхаммедова: «Древнейшими, на наш взгляд, следует считать имена, восходящие к названиям атмосферных осадков, солнца, луны, растений и животных» [ 3, 45 б. ] - деп жазса, өзбек антропонимикасы туралы Э. Бегматов: «Имена, Тангриберген, Тангриберди, Тангрикул, Куанышбек, Ойзада, Ойкон связаны с культом неба, солнца и луны являются ярким свидетельством поклонения и почитания людьми этих небесных и наземных «божеств», - дейді [ 4, 18 б. ] .

Ерте заманда (III - IV ғ. ) түркі халықтарында бөрі, бұқа тотем болғаны жөнінде көптеген ғылыми еңбектерде мол мәліметтер бар. Өгізді әулие санау, аспанды ұстап, тіреп тұрған көк өгіз деген халық ұғымы ертеден айтылады. Бұқа, Бұқабай, Өгізбай тәрізді кісі аттары осы көне ұғыммен байланысты қойылған болса керек.

V - VIII ғасырларға тән жазба ескерткіштерде кездесетін күрделі тұлғалы кісі аттары және кісі аттарын жасауға арқау болған компоненттер қазіргі түркі тілдерінде түгелдей сақталмаған. Өйткені оларды тудырған, тиісті дәрежеде қолданған қоғамдық қатынас, дәуір түбімен өзгерді. Дегенмен, ол антрополексемалардың кейбіреулері біздің заманымызға жетіп отыр. Сол замандағы кісі аттарының жасалу үлгісі, принципі мен лексикалық номинациясы тіпті кейбір компоненттері қазіргі антропонимдер системасында сақталып қалған. V - VI ғасырлардағы түрік мемлекеті туралы жазылған Л. Н. Гумилевтің «Древние тюрки» атты еңбегінде берілген есімдер, титулдар мен лақап аттар ішінде қазіргі антропонимге ұқсастары өте көп. Ондай ұқсас есімдерді айтып отырған кітаптан кездестіруге болады. Бұл көне түркі ономастикасының этимологиясын, шығу тарихын тереңірек зерттеу күллі тюркологтардың ортақ міндеті. Төменде ескерткіштер мен тарихи деректердегі антропонимдердің және кейбір лауазым сөздердің тізбесін беріп, сәйкес жерінде қазіргі кісі аттарымен салыстырылды [ 5, 123 б. ] .

Көне түркі тілінде Қазіргі қазақ тілінде

Айдынлык Айдын + ғали

Ак баш Ақбас

Алп, Алпäр Алпар, Алпер

Алп Көгшин Алып

Аккул Аққұл

Алтун Алтын

Алту Алты + басар

Анар Анар, Анаргүл

Апа тархан Тархан, Дархан

Амрак Әмрек

Арслан, Арсила Арыстан

Ачім Әшім

Базкақан Базыбек

Бай апа Бай + ол, Бай + пас

Багадур Батыр

Барс баг Барысбек

Бек Бек

Бегю каган Бегім

Боке - хан Бөке, Бөкей, Бүке

Бури - шад, Бури - хан Бөрі, Бөрібай

Бұға, Буга Бұқа

Будун Бодан

Бумын хан Боман

Бөңгү чур Мәңгілі

Дулухан Дулат

Еркин Еркін

Жангар Жәңгір

Эр - бег - шад Ербек

Иль - хан Әлхан

Иарук тегин Жарық

Ирбис хан Ілбіс

Кабай Қабай

Кара хан Қарахан

Кулуг Туган Күліктай

Кулун - бек Құлынбек, Құлынбай

Куни Тириг ( Кьүньытьрь ) Күніш

Кун сенгун Күн - Күнтуар, Күнжан

Кутлуғ Құтты + бай

Кучук - хан Күшік, Күшікбай

Кушрак Құсжан, Құсан

Кюль тардуш бұл күл сөзі қазіргі Күлте,

Кюль - тегин Күлшашар есімдерінің

құрамында келеді

Мөңке Мөңке

Орыз Ораз

Сулу Сұлу

Тонг - шад Таңқар

Тон - джабгу - хан Таңқа

Тэнгри - хан Тәңірберген

Торэмен Төре + хан, Төре + бек

Толяш билге Төлеш

Туман Тұман + бай, Түмен + бек

Түзбай Түзбай

Тюзел - бек Түзелбай

Ураган, Урал Орақ

Шуғай Шығай + бай

Шоғур Шоқыр

Шоно Шона

Эрен Ерен

Бұл сөзтізбеде көрсетілген есімдер мен кейбір титул, лауазымды білдіретін сөздер негізінен қазіргі тіліміздегі кісі аттары мен қарапайым лексикадан алшақ емес екенін байқатады. Оның есесіне, кейбіреулері қазіргі тілде сақталмаған немесе айтылмайтын сөздер мен есімдер болып отыр.

Ескерткіштегі ономастиканың саны мен құрамы әр түрлі. Бұлардың ішінде, әсіресе, антропонимия деректеріне көбірек көңіл бөледі. Олардың құрамы, жасалу тәсілі, құрылымдық типі, қоғамдық - әлеуметтік функциясы топоним мен этнонимдерден әлдеқайда кең. Құрылымдық типіне сай ол ономастиканы былайша бөлуге болады: 1) түбір тұлғалы, 2) туынды тұлғалы, 3) күрделі тұлғалы.

1) Түбір тұлғалы антропонимдер: Анар, Эсин, Умач, Йола, Буга, Чур, Тонг, Барс, Баз, Боги, Куч т. б.

2) Туынды антропонимдер: Шувуш, Макрач, Туран, Кутлуг, Уграч, Толаш, Туграк т. б.

3) Күрделі тұлғалы антропонимдер: Баз Каган, Кул Тегин, Кушу Тутук, Ал Туган, Алп Туран, Туз Бай, Карахан, Куні Тіріг, Кулуг Чур, Куч Барс, Кулуг Туган, Ал Туган Тутук, Яш Ак Баш, Чочук Бöрі Саңун, Ϋчін Куліг Тіріг, Уруңу Куліг Ток Бögи, Ынанчы Кулуг Чігші бäг, Туз бай Куч Барс Кулуг т. б. Жоғарыда көрсетілген мысалдардан байқап отырғанымыздай, күрделі тұлғалы есімдердің компоненттері: Улуг, тутук, алп, тіріг, кулуг, куч, тегин, ынамчы, каган, кан, бäг, билге, бöри, барс т. б. Бұл сөздердің бәрі көне түріктер қоғамында әлеуметтік - саяси терминдер ретінде қолданылып, сол кездегі адамдардың қоғамдағы орнын, титул, атақ - дәрежесін көрсеткен. Ал күрделі есімдермен қатар тұрғанда ол адамның ерлік, батырлық қасиетін т. б. ерекшелігін білдіретін эпитет ретінде де жұмсалған. Бұл сөздердің семантикасы мен талдау жүйесі В. В. Радлов, С. Е. Малов, А. Н. Бернштам, Н. А. Баскаков, И. А. Батманов еңбектерінде әрқилы.

С. Е. Малов кутлуг - бақытты, тіріг - тірі, куні - адал, берілген, алп - алып, дәу және тутук, баг, ел, чур, чигши, уруңу сияқты сөздерді шен, дәрежені білдіретін сөздер деп түсіндіреді. Кулуг сөзін В. В. Радловтан соң С. Е. Малов «аталған, даңқты» деп түсіндірсе [ 6, 23 б. ] , И. А. Батманов қазіргі шор тіліндегі «данышпан», тува тіліндегі «алғыр, ұшқыр» сөздерімен төркіндес дейді. Бұл категориядағы сөздер кейіннен И. А. Батманов еңбегінде айқын сараланады. Шен, дәреже, титул, атаққа тән деп: кам, баг, бай, тегин, чур, (ең жоғарғы титулдардың бірі), тутук (ру басы), саңун (қолбасы), ыначы, катун (ханзада, бикеш) тәрізді сөздерді жатқызса, эпитеттерге: бöри, барс, билге сөздерін жатқызады. Бұлардың бәрі де Орхон - Енисей, Талас ескерткіштерінде көп кездеседі. И. А. Батманов жоғарыда көрсеткен атақ - дәреже, шен мен титулға байланысты сөздердің де, ол атақ - дәреже, титулдардың да қоғам өзгеруімен байланысты қазіргі түркі тілдерінде қолданылмайтынын дұрыс айтады [ 7, 24 б. ] .

Қазіргі түркі халықтары тіліндегі кісі аттарының құрылысы, жасалу тәсілдері көне түркі есімдерінің типіне сәйкес. Олардың форма сәйкестігі, лексикалық номинациясы т. б. есім жасаудағы көне дәстүрлердің біздің заманымызға шейін жетіп, сақталып отырғанын көрсетеді.

Енисей дәуіріндегі кісі аттарының қазіргі түркі тілдерінің көбінде сақталып отырғаны мұның толық айғағы бола алады. Оны мына мысалдардан анық көреміз. Тува тілінде Ақбаш, шор тілінде Ақпаш, қазақ тілінде Ақбай, Ақбас, тувада Буга, қазақта Бұқа, тувада Мөңге, қазақта Мөңке, тувада Тарган, қазақта Дархан, Тархан, шор тілінде Чарык, қазақ тілінде Жарық т. б.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ антропонимдерінің зерттелуі
Қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдердің ерекшеліктері
Қадыр Мырза әлі шығармаларындағы жалқы есімдер
Қазақ тіліндегі антропонимдердің лингвомәдени жүйесі
Рабғұзидің Адам ата - Хауа ана қиссасындағы ономастикалық атаулар
Адам есімдері концептісінің ассоциативтік–гендерлік құрамы
Қазақ ономастикасының зерттелуі
Қазақ антропонимдерін зерттеудегі тіл мен мәдениет сабақтастығы
Қазақ тіліндегі антропонимдердің тарихи-этномәдени тұрғыдан қарастырылуы
Түрік антропонимикасының пайда болуы және қолданылысы еркек аттары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz