Журналистік зерттеудің қалыптасуы және дамуы


Пән: Журналистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 115 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Тәуелсіздік жылдарында сөз бостандығымен бірге сөздік қорымызға «журналистік зерттеу» деген атау қосылды. Сөз бостандығы жоқ жерде мұндай терминнің болуы, әрине, мүмкін емес. Кәсіби лексиконымызға жуырда ғана енген бұл терминнің журналистика теориясы мен тәжірибесіндегі, сондай-ақ, жалпы қоғамдық-саяси өміріміздегі жаңа құбылыс болып табылатынына дау жоқ. Тәуелсіз баспасөзді дамыту, журналистік зерттеуді БАҚ өмірінде қалыптастыру деген оңайлықпен жүзеге асырылатын іс емес. Оның сыртында жоғары дамыған демократиялық елдердің өздерінде журналистиканың осы бір күрделі саласының даму тарихы тым алыста емес, беріректе жатыр.

Әлемге танымал Эмиль Золя, Марк Твен және басқа да жазушылар осы жанр классиктері болып саналады. «XX ғасыр басында мемлекет аппаратын қатаң сынға алған зерттеу журналистерін (олардың бірі - Сэмюэл Легхорн Клеменс, яғни Марк Твен) АҚШ Президенті Теодор Рузвельт 1906 жылы «макрейкерлер» (muckrakers), яғни «лас өсекке құмартушылар», «өкше сығалаушылар», «қазбалаушылар» деп атап, тіл тигізген». [1] Алайда, қоғамды лас қоқыстан тазартуды өздерінің басты ісіне айналдырған журналист-зерттеушілер «сүйікті істеріне» жоғарыдағыдай анықтаманың берілгеніне қарсылық көрсетпеген. Керісінше, дұрыс пікірмен қолдау көрсеткен.

Макрейкерлер «сары» журналистиканың қағидасыз тәжірибесінен аулақ болды. «Сонысымен де шығармашылық істерінде журналист этикасы нормаларын қатаң ұстаудың озық үлгісін көрсетті. Осылайша, олар Америка журналистикасына жаңа аура әкелді». [2]

АҚШ-та негізі қаланған макрейкерлер қозғалысы Америка журналистикасындағы іздеуші және әшкерелеуші, сыншыл бағыттың пайда болуына зор ықпалын тигізген. Әлем зерттеушілерінің арасынан осы үрдісті журналистиканың ерекше бір жанры деп қарастырғандар да баршылық.

Бүгінгі таңда 70-жылдары американ халқын дүр сілкіндіріп, президент Ричард Никсонды қызметінен кетірген аты шулы «Уотергейт ісі» журналистік зерттеу классикасы болып саналады. Ал президентті тақтан тайдырған мақалалар топтамасының авторлары: «The Washington Post» газетінің тілшілері Боб Вудворд пен Карл Берстайнның есімдері журналистика тарихында алтын әріппен жазылды деуге болады.

Алайда, АҚШ журналистикасының аталмыш жетістік шыңына жету тарихы 200 жылға созылғанын, қиын-қыстау кезеңнен өткенін, тәуелсіз журналистиканы өз мәні бойынша қалыптастыру үшін қыруар күш-қайрат жұмсалғанын тағы ұмытпауымыз керек. Онымен салыстырғанда егемендік таңы атып, туымызды желбіреткен кезден бүгінгі таңға дейінгі уақыт бөлігі қас қағым сәт екендігі баршаға аян. Дегенмен, біздің елде журналистік зерттеу болмады деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Бұған дәлел «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» қазақ зиялыларының бірі - Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөл, Жоңғария очерктерін атап айтуға болады. Бұл очерктер өз алдына зерттеу болып табылатыны айдан анық. Бүгінде бұл жаңа жанр репортаж, шолу немесе очерк негізінде қолданылып жүр. Сонымен қатар, журналистік зерттеу талаптарын анықтауда аздап қателесу де бар. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары рұқсатсыз жазып алынған сөйлесулерді жарияласа да, белгілі бір жолмен алынған құжаттарды да, біреудің атына кір келтіретін материалдарды да журналистік зерттеу деп жүргендерін байқап қаламыз.

Ендеше, «журналистік зерттеу» дегеніміздің өзі не?

«Әлемдік журналистика теориясында бүгінгі күнге дейін бұл терминге нақтылы ғылыми анықтама берілген жоқ». [3] Сондықтан журналистика теориясына есімдері белгілі Джон Уллмен мен Майкл Берлиннің «журналистік зерттеу» терминіне берген анықтамаларын қарастырайық. Джон Уллмен: «Журналистік зерттеу - өзіндік бастама және жеке дара жұмысқа негізделген, белгілі бір жекелеген тұлғалар немесе ұйымдар құпия сақтағысы келген маңызды тақырыпқа арналған журналистік материал. Оның негізгі бөлшектері: журналист өзге біреу жүргізбеген зерттеумен айналысады, материалдың тақырыбы оқырман немесе телекөрермен үшін аса қызықты болуы шарт және хаттамада көрсетілген деректер мен мәліметтерді әлдекімдер көпшілік назарынан жасырып қалғысы келеді», [4] - десе, Бостон Университетінің журналистика пәнінің оқытушысы, «New York Post» газетінің тілшісі Майкл Берлин бұл терминге төмендегідей анықтама берген: «Журналистік зерттеу - қоғам үшін аса маңызды жаңалық болатын материал. Ол: жекелеген адамдармен сұхбат, құпия құжаттарды тексеру, жеке бақылау, т. с. с. ақпарат көздеріне негізделіп жүргізіледі»[5] .

Ендеше қазақ баспасөзіндегі «журналистік зерттеу» деп аталып жүрген бұл термин ағылшын тілді елдерде «Investigative journalism», ал Ресейде «журналистское расследование» дегенге қаншалықты сәйкес келеді? Түпкілікті мағынасын орыс тіліндегі баламасы толық ашатын секілді. Біздің зерттеу сөзіміз ағылшын тілінің «scientific research», орыс тілінің «исследование» сөзімен төркіндес болып келеді. Сондықтан журналистік «зерттеу» дегеннен гөрі «іздестіру», «із кесу» секілді сөздерін қолдансақ әлдеқайда тиімді болатын түрі бар»[6], - дейді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика кафедрасының оқытушысы, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Қуандық Шамақайұлы «Демократиялық қоғамдағы журналистік зерттеудің орны» деген мақаласында.

Әрине, атаудың өзінде дәлдік болмаса, өмірдегі істің барысында түсінбестіктің салдарынан қайшылық тумасына кім кепіл?!

Филология ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ журналистика факультетінің Баспа ісі кафедрасының меңгерушісі С. Медеубек қазақ журналистикасында бар осы әдістің табиғатын толық ашып беру мақсатында оны «журналистік іздеу», «журналистік зерттеу» және «журналистік тексеріс» деп үшке бөліп қарастырды. Әрқайсысына анықтама беріп, түпкілікті мағынасына қаншалықты сәйкес келетінін көрсетеді.

Алғашқы нұсқа: «журналистік іздеу».

Іздеумен журналистен басқа кәсіп иесі де айналыса алатындықтан, оған «журналистік» деген анықтауыш өзге іздеу түрлерінен ажырату үшін алынғандығы күмәнсіз. Екі сөзден құралған бұл тіркес айқындамадан гөрі сипаттамаға жауап береді. Яғни «қандай іздеу?» деген сұрақты тілеп тұр. Ал аталымға, термин сөздерге ғылымда сипаттама берілмейді, тек айқындама (дифиница) берілетіні анық. Егер «журналистік» деген сөзді алып тастасақ, жалғыз «іздеу» деген сөз қалады да, ол ең әуелі «қайту?», «не істеу?» деген сұрақтарға жауап беретін етістік күйінде, одан кейін ғана етістіктен жасалған зат есім тұлғасында көрінеді. Кәсіби аталым болу үшін бір ғана мағынаға ие, әрі «не?» деген сұраққа жауап беретін, жіктелетін, септелетін, басы ашық дара атау сөз болуы керек. Оның үстінде айтылып жүрген тіркес орысшадан аударылғандықтан, дәл мағынаны беріп тұрған жоқ. Орысшада «расследование» деп алынған. Ал «іздеудің» аудармасы «искать». Әрине, бұл істі қолға алғанда журналист әуелі іздеумен айналысады. Бірақ, «іздеу» дегеннің астарынан жоғалғанды табу мақсаты ғана көрінеді. Болды. Журналист іздеуді, жоғалғанды табуды ғана мұрат тұтпайды. Оның міндеті одан да үлкен, салмақты да мәнді. Іздеп тапқан материалды ғана берсе, ол ешқашан да зерттеу болмайды. Сондықтан да осы күндері телефоннан жазылған әңгімені, кездейсоқ табылған маңызды құжаттарды жарияласа, оны журналистік зерттеу деп жар салатындар да аз еместігіне көзіміз жетіп отыр.

Екінші нұсқа: «журналистік зерттеу». Қазіргі қазақ тілінде қалыптасқан «зерттеу» дегеннің ұғымы - орысша айтқанда - «исследование». Рас, «журналистское расследование» дегеннің астарында зерттеушілік әрекет болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ «расследование» мен «исследование» орыс тілінде бір мағына бермейді. Оның үстіне журналистік кәсіпке зерттеушілік әрекет жат емес. Журналист кез-келген мақаласына қажетті материалдарды іздейді, табады, тапқанын салыстырады, таразылайды, іріктейді, содан кейін барып іріктелгендерді өз идеясына бағындыра пайдаланады. Бірақ, ол үнемі «журналистское расследование» болып шықпайды. «Расследование» дегеннің астарында «ізге түсу», «із ашу» деген ұғым айқынырақ көрінеді. Демек, ізге түсу үшін уақыттан ұтылмау керек. Кешіксе, із суиды, көмескіленеді, ақиқатқа айғақ жолға бастайды. Журналистік кәсіби әдістің мәні осында. Яғни жеделдік, лездік, шапшаңдық - басты ұстаным. Ал «зерттеу» дегеннің ар жағында уақытпен шектелу ұғымы жоққа тән. Айтылып отырған журналистік әдіс бір ғана іздеумен немесе бір ғана зерттеумен шектелмейтіні анық.

Үшінші нұсқа: «журналистік тексеріс».

Журналист тексеретін тергеуші емес. Бұл да орыс тілінен тікелей аударма. Түпнұсқаға мағынасы жақын. Бірақ «тексеру» дегеннің орысшасы - «проверять», «проверка», «проверить». Бұл сөз бен «расследование» деген сөздің мағынасы бір еместігін айтып жатудың қажеті жоқ. Дегенмен, сөз болып отырған журналистік әдісте тексеру ісі үнемі жүргізіліп отырады. Әсіресе, құжаттардың, деректердің, мағлұматтардың дұрыс не бұрысын, шын я жалған екендігіне көзді анық жеткізу үшін тексеру - басты міндет. Солай болса да, бұл да жарты жолда қалған жұмыс болып шығады. Өйткені, басты мақсат - тексеру ғана емес.

Сонымен, журналист іздеді, тапты, зерттеді, тексерді делік, іс осымен бітті ме? Әрине, жоқ! Журналистің ең ізгі де басты мұраты - бұқараның санасына қозғау салу, қоғамдық пікір тудырып, мемлекеттің алға жылжуына ықпал ету. Ол үшін журналист іздеу, зерттеу, тексеруден өткен материалдарын халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жайып салады. Міне, бұған дейінгі аталымдарда журналистік әдістің мазмұнын ашып беретін осы әрекет көрінбей қалған… Басқаша айтқанда, замансөздік (публицистикалық) мәні айқындалмаған. «Расследование» - құқықтық органдар айналысатын, заң қызметкерлері жүзеге асыратын әрекет, әрі соған байланысты санаға сіңісті болып кеткен заңнамалық аталым болғандықтан, енді келіп дәл осындай іспен журналист айналысып, шындықты ашуға ат салысқан соң, оның «журналистік» деген анықтауыш арқылы айтылуы дұрыс көрінеді. Бірақ бұл журналистік әдістің бір ғана қырын ашып бере алады. Яғни құқықтық шараларға қатысты шындықты ғана қамтиды. Ал біз білетін, өз тәжірибемізде бастан өткерген салаларды қамтымайды. Сондықтан да бұл аталымға әлдеқайда кеңірек қарау керек. Сонымен . . .

Тіл қолданысымызда «айғақ», «айғақкер» деген сөздер бар. Айғақкер - шындықты растаушы немесе өтірікті жоққа шығарушы адам. Ал айғақ - болған оқиғаның, құбылыстың, жасалған істің, қылмыстың, айтылған сөздің бұлтартпас ақиқатын айқындап, дәл өзін ашып бере алатын адам немесе тікелей себеп болатын зат, дерек, мәлімет, ақпарат, құжат. Айғақ болған жерде шындық ашылмай қалмайды.

Демек, «жоғарыда айтылғандардың түйіні сол - қазақ журналистикасының бұл әдісінің аталымын «журналистік зерттеу» демей, «айғақтама» деп атаған жөн». [7]

«Бұл - журналистің өткен тарихтағы немесе бүгінгі өмірдегі ашылмай жатқан ақиқатты өз ізденісі арқылы ашып, халыққа жария етуі. Оның қосымша тапқан деректері, мәліметтері, куәландыратын құжаттары және солардың негізінде жарияланған туындылары айғақтама материалдарының жиынтығы болып есептеледі. Осы материалдар арқылы белгісіз себептермен айтылмай келген, яки жабылып қалған немесе әлдебір күштердің ықпалымен бұрмаланған, болмаса мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа қайшы келетін, кесірін тигізетін шындықты ашады. Осы ашылған шындық журналистік жолмен халыққа жария етілсе ғана ол «айғақтама» бола алады». [8]

Бұл тақырыпты бүге-шігесіне дейін сараптап, саралап, ғылыми тұжырым жасап отырған ғалым С. Медеубекұлы: «Жаһандану заманында ғылыми аталымдар мен терминдердің ана тілімізде нұсқалары ұмытылып бара жатыр. Сондықтан бүгінгі қолданыстағы тілімізді байырғы қазақ тіліндегі төл атаулармен байытқан ләзім», - деп, «журналистік зерттеу» дегеннің орнына «айғақтама» терминін енгізуді ұсынып отыр.

Әлемдік зерттеу журналистикасында қоғамдық санаға қозғау салған, сол ісімен жер жүзіне аты шыққан журналистер аз емес. Мысалы, АҚШ-та: Вьетнам соғысы кезіндегі Малай елді мекенін бейуаз тұрғындарымен бірге күлін көкке ұшырып, жер бетінен құртып жіберген жауыздықтың ізіне түсіп әшкерелеген Сеймур Херш, АҚШ-тағы экология қозғалысына ықпал еткен Рейгел Карсон, әйгілі «Уотергейт» қылмысын ашып, президент Ричард Никсонды тақтан тайдырған Боб Вудворд пен Карл Бернстайн; Чехияда: Сабина Слонкова; Германияда: Гюнтер Вальраф; Швецияда: Ян Гийо мен Питер Брэтт және т. б. жоғарыда аталған журналистердің жұмыс барысында кәсіби этиканы сақтауы, әртүрлі әдістерді пайдалануы, жалпы біздің қоғамымыз үшін жаңа жанр болып отырған зерттеу журналистикасының дамуына елеулі үлес қосқандары баршаға аян. Осы журналистердің мысалдары негізінде жалпы «журналистік зерттеу деген не?», «оны қалай жүргізеді?», «қоғам үшін маңызы неде?» деген сұрақтарға жауап тапқандаймын. Әрі олардың зерттеулерінің қоғам үшін қаншалықты маңызды болғанына көзімді жеткіздім. Әрі мені болашақ маман ретінде қатты қызықтырды. Сондықтан да мен бітіру жұмысымның тақырыбын: «Журналистік зерттеудің қоғамдағы маңызы» деп алдым.

Бұл тақырыптың өзектілігіне келер болсам, БАҚ-тың «төртінші билік» ретіндегі қызметі мен маңызы көбінесе журналистік зерттеу арқылы анықталатыны белгілі. Бүгінгі таңда сөз бостандығы мен тәуелсіз баспасөздің құрамдас бөлігі болып отырған журналистік зерттеу асыл сөздің қадірін білетін қазақ бұқаралық ақпарат құралдарында аса қарқынды дамуда. Сондықтан да болашақ журналистердің бұл жанрдың теориясымен шетелдік журналистерінің, әсіресе, американдық зерттеу журналистерінің мысалы негізінде танысуы шарт. Өйткені, бұл феномен ең алғаш АҚШ-та пайда болған еді. Бұл ақпарат пен деректер бүгінгі таңдағы ең озық теоретиктердің пікірлері мен зерттеулері болып табылатындықтан өте құнды.

Бітіру жұмысымды осы тақырыпта жазуымның басты мақсаты - журналистік зерттеу классикасы болып саналатын «Уотергейттен» бастап, журналистік зерттеудің бүгінгі күнге дейінгі даму динамикасын зерттеу, «Уотергейттің» жалпы журналистік зерттеудің дамуына әсерін анықтау, шетелдік журналистік зерттеудің үлгілерін саралап, біздің еліміздегі журналистік зерттеудің деңгейін, қоғамдағы маңызын анықтау болып табылады.

Міндеттерім:

  • Жалпы, АҚШ-та журналистік зерттеу феноменінің қалыптасуын

қарастырып, сипаттама беру;

  • XX ғасырдың зерттеу журналистикасының тарихына алтын әріппен

енген «Уотергейт оқиғасын» қарастыру;

  • Уотергейттің» зерттеу журналистикасының дамуына әсерін

шетелдік және отандық мысал негізінде қарастыру;

  • Бүгінгі қазақ басылымдарындағы журналистік зерттеуге кеңінен тоқталу.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Әлем журналистикасында журналистік зерттеу бүгінде жаңаша жанр емес. Сондықтан оның теориялық қырын ашатын оқу құралдары да аз емес. Мысалы: А. А. Тертычныйдың, А. Д. Константиновтың, Дж. Уллменнің, С. А. Михайловтың және т. б. қазақ тілінде осы тақырыпта жазылған С. Медеубекұлы, З. Мәулетұлы мен Қ. Шамақайұлының зерттеулері аса маңызды болды.

«Уотергейт оқиғасына» қатысты мәліметтер Геевскийдің, С. М. Самуйловтың, Э. А. Иванянның кітаптарынан, ағылшын тілінде Н. Йанай, С. М. Липсет, У. Шнайдер сияқты ғалымдардың зерттеулерінен, Б. Сассманның «Никсон және Уотергейт» («The Great Cover-up: Nixon and the Scandal of Watergate») және Карл Бернстайн мен Боб Вудвордтың «Президенттің бүкіл жасағы» («Вся королевская рать») кітаптарынан алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Журналистік зерттеу тақырыбында жазылған зерттеу еңбектерінің қазақ тілінде жоқтың қасы екендігі баршаға аян. Сол себептен, зерттеу журналистикасының озық үлгілерін қарастырып, оларды жинақтап, ана тіліміздегі басылымдарда жарық көріп жатқан зерттеулермен таныстырып отырмын. Зерттеу нәтижесін «журналистік зерттеу» курсын жетілдіру үшін пайдалануға болады.

Зерттеудің тәсілдік негіздері . Магистрлік бітіру жұмысымда теориялық талдау, салыстырмалы-сараптамалық баға беру және ғылыми тұрғыда тұжырымдап дәлелдеу әдістерін қолдандым. Журналистік зерттеудің пайда болуынан бүгінгі күнге дейінгі даму динамикасын теорялық-танымдық тұжырымдарға сәйкестендіріп, салыстырмалы түрде зерттедім.

Зерттеудің негізгі нысаны. Басты деректемелік негіз ретінде ҚР Ұлттық Кітапханасы мен бүкіләлемдік ғаламтор сайттарындағы деректерге сілтеме жасадым. Сондай-ақ, қазақстандық және американдық басылымдар мен ғылыми туындылар да негізгі құрал ретінде пайдаланылды.

Магистрлік бітіру жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, негізгі екі тараудан, қорытынды, сілтемелер мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Сондай-ақ, қосымша ретінде тақырыпқа қатысты жиналған материалдар тіркеліп отыр.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

I тарау. Журналистік зерттеудің қалыптасуы және дамуы

1. 1 Журналистік зерттеу - журналистикадағы үздік жанр

Әлемдік зерттеу журналистикасының орны әрбір елдегі сөз бостандығы мен тәуелсіз баспасөздің деңгейіне тікелей байланысты. Сондай-ақ, журналистік зерттеуді дамытуға мүмкіндік жасай алатын, азат, дербес, пікір алуандылықтың мінберіне айналған БАҚ-тың болуы да өз септігін тигізері сөзсіз. Бірақ демократия нышандары қалыптасқан шет мемлекеттерде бұл жағдайдың әртүрлі болуы заңды құбылыс. Мысалы, Ұлыбританияда бірнеше ғасырлар бойы алдыңғы қатарлы БАҚ-ы мемлекеттегі саясат жақтаушысының рөлін атқарып келеді. Ал Швецияда баспасөз бостандығы мен сөз бен ой еркіндігінің мықтап қалыптасуына да талай жылдар кетті. Соңғы он жыл көлемінде ғана Испанияның бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірді қалыптастыруды өз қолдарына алып отыр.

Франция мен Бельгия елдерінің зерттеумен айналысатын журналистері, тіптен, сот алдында да өздерінің құпия ақпарат көздерін ашпауға құқылы. Зерттеу кезінде алынған ақпараттың барлығы тексерістен өткенін ғана дәлелдеу қажеттілігі туады. Француз зерттеу журналистерінің корсикан сепаратистері сияқты лаңкес топтармен жұмыс істеп, ақпарат алғандары бүкіл әлемге белгілі. Қолдарында нақты айғақтары бар журналистер құқық қорғау органдарына кей ақпаратты беруден бас тартқан болатын. «Біздің басты мақсатымыз - ақпарат көзін ашу емес, ақпаратты тарату» деп көрсеткені де есімізде.

Ал Германияда бұл жағдай керісінше. Журналист жариялаған әрбір ақпаратын, расталған айғақтармен, ақпараттың кімнен және қалай алынғанын толық ашуы шарт. Мысалы, егер ақпарат белігілі бір құжаттан цитата ретінде алынса, бұл құжаттың қолжазбасы (оригинал) таныстырылуы керек. Сондай-ақ, Германиядағы журналистердің кәсіби этикасына келетін болсақ, олар ақпарат көзін «сатып алуға» қарсылықтарын білдіруде.

Чехия сияқты социалистік елдің өзінде журналистік зерттеу - белең алған жанрлардың бірі. Мысалы, 28 жасар жас журналист Сабина Слонкованың журналистік зерттеуі нәтижесінде көптеген лауазымды адамдар сот алдында жауапқа тартылды. Оның зерттеу мақалалары «Млада фронта днес» және «Господаржске новины» газеттерінде жарық көрген болатын. 2001 жылы Чехияның сыртқы істер министрлігінің хатшысы, елдегі жемқорлықпен күрес компаниясының төрағасы Карел Срба (Karel Srba) жайлы жарияланған мақалалар нәтижесінде былықты істері үшін сотқа тартылды. Кейін анықталғандай Карел Сбра Мәскеуде Чехия мемлекетінің меншігі болып табылатын бірнеше ғимаратты жалға берген екен. Сенаттың берген ресми хабарламасы бойынша, бұл Чехияның экономикасына 3 млн. доллар көлемінде зардап тигізген екен. Сабина Слонкова бұл істің әрбір бүге-шігесіне ерекше мән беріп, зерттеген болатын. Зерттеу кезінде көптеген құжаттармен танысып, көптеген сұхбаттар жүргізген екен. Осындай операциялардың нәтижесінде бірнеше лауазымды тұлғалардың өздерінің материалдық жағдайларын едәуір жақсартқандары анықталды. Зерттеу мақалаларында олардың жемқорлық әрекеттері әшкереленді.

Соңғы жылдары бұрынғы әлеуметтік елдердегі журналист-зерттеушілердің қызметі жайында ақпараттар көбеюде. Чех өкілі Сабина Слонкова (Sabina Slonkova) өз Отанында ең жоғарғы шенеуніктердің бірін түрмеге жабуға дейін жетті. Чехия сыртқы істер министрлігінің бұрынғы бас хатшысы Карел Срба (Karel Srba) үкіметте үлкен ықпалға ие болды, тіпті, жемқорлыққа қарсы күрес компаниясын басқарды, дегенмен, Слонкова оның жалпы құны үш жүз мың долларға бағланатын жеке мүлкі жайлы деректерді жариялағанда, хатшы олардың қайдан алынғанын түсіндіріп бере алмады. Журналист «әшкерелеуді» жалғастырып, шенеуніктің бірнеше лас істерін ашты, ал мәліметтерді жариялау Србаның игілікті және уайымсыз өмірінен үміт үзуге әкеп соқтыруы мүмкін еді. Сол кезде ол журналист қызды өлтіруге тапсырыс беруге бел байлайды, бұл үшін шенеунік он төрт рет сотталған адамды жалдайды. Қылмыскер кейіннен келісімнен бас тартып, полицияға келеді, тапсырыстан хабардар болған полиция операцияны жақсы ұйымдастырып, тапсырыс беруші мен оның көмекшілерін қолға түсіреді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Баспасөз тарихын зерттеудiң ғылыми-методологиялық негiздерi
Журналистік зерттеудің теориялық негіздері
Қазақ журналистикасындағы зерттеудің пайда болуы және қалыптасуы
Ұлттық интернет журналистика және қазіргі журналистік зерттеулер
Қазақ телевизиясындағы журналистік зерттеулер
Қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар жүйесіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі
Социология пәнінен дәрістер
Мехмет Али Биранд шығармашылығы туралы
Көбіне дата журналистер
Онлайн көрсетілімдерді дамыту
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz