Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың экономикалық-құқықтық мәселелері


«Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың экономикалық-құқықтық мәселелері»
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
І БӨЛІМ. АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕННІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Агроөнеркәсіптік кешеннің түсінігі, қағидалары мен құрылымдық ерекшеліктері
1. 2 Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы мемлекет саясатының рөлі және оның қағидалары мен әдістері
1. 3 Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру шараларын құқықтық қамтамасыз ету бағыттары
ІІ БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН АРТТЫРУ БАҒЫТТАРЫ
2. 1 Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы әлемдік тәжірибелер және оларды Қазақстанда қолдану механизмдері
2. 2 Астық рыногын Қазақстанның негізгі экспорттық әлеуетінің бірі ретінде дамыту жолдары
2. 3 Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғышарты ретінде
2. 4 Кластерлік жүйе - агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың құралы ретінде
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бүгінде әлемнің көптеген елдері мен аймақтарында орын алып отырған азық-түлік жетіспеушілігі әлемдік қоғамдастықтан агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа бағыттары мен жолдарын қарастыруды талап етуде. Өз кезегінде әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде Қазақстан да мұндай мәселелерден тысқары қала алмайды. Агроөнеркәсіп кешені республикадағы экономикасы жоғары әлеуетті, мүмкіндігі мол, ұдайы өндірістік және әлеуметтік мәні жоғары негізгі салалардың бірі саналады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан басталған экономикалық реформалар, билік орындары қабылдаған нормативтік-құқықтық актілер мен басқа да іс-шаралар тұтастай алғанда агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шешуші роль атқара алмай отырғаны ақиқат. Осы жерден ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жаңа әрі тиімді механизмдерін жасау қажеттілігін байқаймыз.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеттері . Бітіру жұмысының мақсаты агроөнеркәсіптік кешеннің бүгінгі жағдайы мен өзекті мәселелеріне ғылыми талдау жасап, оның нарықтық қатынас жағдайындағы құрылымдық өзгерістері және саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыттары бойынша теориялық-әдістемелік және іс-тәжірибелік тұрғыдан ұсыныстар дайындау болып табылады. Алға қойған мақсатқа сәйкес келесідей міндеттер орындалады:
- ауыл шаруашылығы саласы агроөнеркәсіптік кешеннің ең негізгі құрамды бөлігі ретінде зерттеледі, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы мемлекеттік реттеудің рөлі айқындалады;
- агроөнеркәсіптік кешенді дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғышарты ретінде зерттеледі, оның қазіргі жағдайына ғылыми-теориялық тұрғыда баға беріледі;
- саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы шетелдік тәжірибелер мен құқықтық құралдар зерттелініп, оны Қазақстан Республикасында қолдану ерекшеліктері сараланады.
Тақырыптың ғылыми зерттеліну дәрежесі. Ауыл шаруашылығы экономикасының бірден-бір ерекшелігі ретінде оның жермен тікелей байланыстылығын ескеретін болсақ, онда тақырыптың зерттелінуі ежелден басталады деген пікір айтуға толық негіз бар. Бұл тұжырымды экономикалық ілімдер тарихынан белгілі физиократтар мектебінің «Байлықтың көзі - жер» деген пікірі дәлелдей түспек. /1/ Ауыл шаруашылығы экономикасын КСРО ғылымында 20-30 жылдарда А. В. Чаянов, Н. Д. Кондратьев зерттесе, кейінгі жылдары Л. И. Абалкин, В. Ф. Башмачников, А. Г. Аганбегян, П. Г. Галузо, С. В. Кисилев, А. Е. Булатов, О. К. Ястребова, И. Н. Буздалов, М. Д. Мацкуляк, Е. В. Серова түбегейлі зерттеп келеді. Одан өзге ауыл шаруашылығының салалық және салаішілік мәселелері отандық экономист-ғалымдар Ғ. А. Қалиевтің, С. С. Сатыбалдинның, Я. Ә. Әубәкіровтың, Р. Ю. Куватовтың, Д. К. Кабдиевтың, Е. Б. Жатқанбаевтың, Т. А. Есіркеповтың, Н. К. Мамыровтың, А. Ф. Дебердеевтың Т. И. Есполовтың, Р. Р. Аутовтың, А. К. Кошановтың, Ж. О. Ихдановтың, С. Н. Нысанбаевтың, Р. К. Жоламанның, К. И. Нәрібаевтың, Ө. Қ. Шеденовтың, Қ. Е. Кубаевтың, М. Кемелдің, Л. А. Бимендиеваның, Ж. Я. Әубәкірованың зерттеу еңбектеріне арқау болып келеді.
Бітіру жұмысының әдіснамалық, теориялық және іс-тәжірибелік негізі. Ауыл шаруашылығы тақырыбына жазылған шетелдік және отандық монографиялық еңбектер мен оқулықтар, сондай-ақ оқу құралдары, шетелдік және отандық ғалымдардың диссертация жұмыстары мен ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар материалдары, Қазақстан Республикасының Конституциясы және соған сәйкес Заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулылары, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар мен пактілер, ҚР Ұлттық Статистика Агентінің статистикалық деректері, ҚР Ауыл шаруашылығы, Индустрия және сауда министрліктерінің материалдары, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары, мерзімді басылым мақалалары зерттеудің әдіснамалық, теориялық сондай-ақ іс-тәжірибелік негізін құрайды. Зерттеу жұмысында дәстүрлі салыстыру, статистика-экономикалық талдау және логикалық талдау әдісі қолданылады.
Бітіру жұмысының теориялық және іс-тәжірибелік маңыздылығы. Бітіру жұмысында қол жеткізілген қорытындылар мен нәтижелерді, сондай-ақ ғылыми тұжырымдарды іс-тәжірибеде сынақ ретінде қолдануға болады.
Жұмыстың сынақталуы. Автор тақырыпты 2005 жылдан бастап зерттеп келеді. Аталған тақырыпта бірнеше ғылыми мақалалар бойынша ғылыми-теориялық конференциялар мен Халықаралық Конгрестерге қатысқан: 2005 жылы 14-15 желтоқсанда Алматы қаласында «Казахстан: региональные и глобальные экономические вызовы современности» тақырыбымен өткен студенттер мен жас ғалымдардың VI ғылыми-теориялық конференциясында «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұтымды пайдалану» мақаласы, 2007 жылы 25-27 сәуірде Алматы қаласында «Ғылым әлемі» І Халықаралық Конгресінде «Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру механизмдері» мақаласы, 2007 жылы 11-12 желтоқсанда Алматы қаласында «Әлемдік қоғамдастыққа интеграция Қазақстанның экономикалық алға шығуының негізі ретінде» тақырыбымен өткен студенттер мен жас ғалымдардың VIІІ ғылыми-теориялық конференциясында «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация - экономиканы мемлекеттік реттеудің құралы ретінде» мақаласы, 2008 жылы 29-30 сәуірде Алматы қаласында өткен «Ғылым әлемі» ІІ Халықаралық Конгресінде «Кластер - ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың құралы ретінде» мақаласы жоғары деңгейде қорғалған. Соның ішінде 2 мақаласы «Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру механизмдері» және «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация - экономиканы мемлекеттік реттеудің құралы ретінде» тақырыбындағы мақалалары арнайы жинаққа енген. Бұдан бөлек 2008 жылы сәуір айында «Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру механизмдері» тақырыбымен автордың ғылыми жұмысы республикалық студенттік ғылыми жұмыстар конкурсына, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының конкурсына және ҚР тұңғыш Президенті атындағы қордың конкурсына қатысты. 2009 жылғы қаңтар айының 20 жұлдызында «Болон үдерісі аясында жоғары білім берудің сапасын жетілдіру: болмысы, мәселелері және келешегі» әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорларының ХХХІХ ғылыми-әдістемелік конференциясында автордың э. ғ. к., доцент М. Қ. Байгісиевпен бірге жазылған «Мемлекеттік тілдегі экономикалық терминдердің қазіргі ахуалы» мақаласы қорғалды.
Бітіру жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, 2 бөлімнен қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан(слайдтар) тұрады.
І БӨЛІМ. АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕННІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Агроөнеркәсіптік кешеннің түсінігі, қағидалары мен құрылымдық ерекшеліктері
Біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы аса маңызды саласы - аграрлық өндірістің тиімділігін көтеру болып табылатыны баршаға мәлім. Бүгінде Қазақстанның БСҰ-ға мүшелікке енуге талпыныс білдіріп жатқан тұста бұл мәселенің өзектілігі арта түсетінін байқауға болады. Алайда, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талдамас бұрын, оның теориялық аспектілерін негіздеп алған жөн.
Жоғарыда атап өткеніміздей, агроөнеркәсіптік кешенді зерттеумен көптеген отандық және шетелдік ғалымдар айналысып келеді. Олардың зерттеу еңбектері әр түрлі бағытта болғанымен, жалпы тұжырымдары, байламдары мен ғылыми пікірлері бір ортақ арнада тоғысып жатады. Алайда, агроөнеркәсіптік кешен ғылыми-теориялық тұрғыдан алғанда әлі де толық зерттеуді қажет етеді. Агроөнеркәсіптік кешенді теориялық тұрғыда зерттеуді оған берілген анықтамалардан бастасақ, бұл саладағы ғылыми көзқарастар да әр түрлі бағытта өрбиді. Ғалымдардың бір тобы агроөнеркәсіптік кешенді жалпы ауыл шаруашылығы экономикасының құрылымында қарастырса, енді бірі керісінше ауыл шаруашылығын агроөнеркәсіптік кешеннің құрылымында қарастыру керек деген пікірді алға тартады. Әрине, қалай алып қарасақ та бұл екі сала бір-бірімен өте тығыз байланысты әрі бір-бірінің толықтырушы құрамды бөлігі іспетті көрінеді. 70-жылдардың ортасында отандық ауыл шаруашылығы ғылымында ауыл шаруашылығын аралас салалармен бір кешенде зерттеу дами бастады. Тиісінше, «агроөнеркәсіптік кешен» түсінігі пайда болып, ғылыми және іс-тәжірибелік қолданысқа еніп кетті. Оның ауыл шаруашылығынан ерекшелігі - оның құрылымында деп айтуға болады. Агроөнеркәсіптік кешеннің үш саласы - қор шығаратын салалар, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тасымалдау, сақтау және өткізумен айналысатын салалар кешені. Көптеген экономист аграршы-ғалымдардың еңбектерін саралай келе, Т. И. Есполовтың анықтамасын агроөнеркәсіптік кешеннің мәні мен мазмұнын барынша ашатын, әрі оның экономикалық табиғатына сай келетін анықтама ретінде тануға болатынына көз жеткіземіз.
Агроөнеркәсіптік кешен - бұл халық шаруашылығының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, сақтаумен, қайта өңдеумен, және тұтынушыға жеткізумен айналысатын салалар жиынтығы. /2/
Осыдан кейін ауыл шаруашылығы саласын тұтас агроөнеркәсіптік кешеннің құрылымында қарастыратын ұстанымға қосылуға болады. Себебі, бұл жерде ауыл шаруашылығы саласының ауқымы кең емес. Ол екі салаішілік құрылымнан тұрады: мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы. Ал, агроөнеркәсіптік кешеннің ауқымы анағұрлым кең болып келеді. Бұл турасында кейінірек толығырақ баяндайтын боламыз. Мұнда ауыл шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің ең негізгі құрамды бөлігі болып табылады, яғни ауыл шаруашылығы болмаса агроөнеркәсіптік кешеннің болуы мүмкін емес. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы саласын өзара тығыз байланыста зерттеу ғылыми-теориялық, сондай-ақ іс-тәжірибелік тұрғыдан алғанда орынды саналады.
Агроөнеркәсіптік кешен құрылымы үш негізгі салаларды біріктіретінін жоғарыда айтып өттік. Сәйкесінше, агроөнеркәсіптік кешендегі өнім өндіру үдерісі келесі тізбек бойынша жүзеге асады: (1-Сурет)
Агроөнеркәсіптік кешен
І ІІ ІІІ
1-Сурет. Агроөнеркәсіптік кешен құрылымы
Бірінші салаға трактор және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, минералдық тыңайтқыштар және өсімдік пен малды қорғаулың химиялық құралдары, ауылдық құрылыс, өндірістік мал азығын өндіру және микробиология, сондай-ақ суландыру құрылысы сияқты қорды қажет ететін салалар кешені кіреді.
Екінші саланы ауыл шаруашылық өндірісінің салалары - егін шаруашылығы, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылық мал азығын өндіру секілді салалар кешені құрайды.
Үшінші сала ауыл шаруашылығы шикізаттарын дайындау, тасымалдау, сақтау және өңдеу мен өткізуді қамтамасыз ететін салалар мен өндірістің жиынтығы болып табылады. /3/
Агроөнеркәсіптік кешенді жекелеген сфераларға бөлу үдерісінің экономикалық мазмұны, біріншіден, агроөнеркәсіптік кешеннің түпкі өнімін жасаудағы олардың әрқайсысының орнын анықтауда, екіншіден, тұтастай алғанда, агроөнеркәсіптік кешеннің тиімді және қарқынды дамуы жекелеген салалар мен сфералардың рационалды арақатынасынан айқындалатын болғандықтан, бұл кешендердің ішкі тепе-теңдік құрылымының қажеттілігінде жатыр. Қазақстанда маркетингтік сфераның дамымай артта қалуының басты себебі, ауыл шаруашылығы шикізаты мен азық-түліктің көп шығынға ұшырауы болып табылады. АӨК-нің пайда болуы мен дамуы өндіргіш күштер дамуының жоғары деңгейі, қоғамдық еңбек бөлінісі, ауыл шаруашылығының халық шаруашылығының басқа сфераларымен байланысының кеңеюі секілді агроөнеркәсіптік интеграцияның дамуымен байланысты. Агроөнеркәсіптік интеграция дамыған нарықтық экономиканың сипатты белгісі болып табылады. Агроөнеркәсіптік интеграция ретінде техникалық прогрестің ауыл шаруашылығының дамуына әсер ету үдерісі түсініледі. Ол өнеркәсіптік өндірістің ауыл шаруашылығымен ұйымдық-техникалық интеграция нысанында көрінеді және меншіктің әртүрлі типтерін қолдану арқылы шаруашылық жүргізудің барынша тиімді әдіс-тәсілдерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Агроөнеркәсіптік интеграцияның сипатты белгілері болып:
- ауыл шаруашылығы ресурстарының өнеркәсіптік және құрылыс, яғни инвестициялық үдерістермен байланысы;
- дайын өнім өндіруде аграрлық және индустриалдық технологиялардың бірігуі және өзара әрекет етуі;
- нарықтық жағдайдағы агроөнеркәсіптік фирмаларды құру және олардың шаруашылық жүргізудің нарықтық механизмдеріне бейімделуі;
- аграрлық, өнеркәсіптік, транспорттық, құрылыс және коммерциялық фирмалардың салааралық қажеттіліктеріне жауап беретін нарықтық инфрақұрылымның дамуы табылады.
Агроөнеркәсіптік интеграция теориясының мәні өндіргіш күштер мен қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуінен өндіріс пен іс-әрекет түрлерінің даралануы мен ерекшеленуінде, басқаша айтқанда, нарықтың шарттары мен талаптарына сәйкес өнімнің жекелеген түрлерін шығаруға мамандануында жатыр.
АӨК құрамы. АӨК-нің қазіргі құрамы 4 негізгі сферадан тұрады. Бірінші сфера - ауыл шаруашылығына өндіріс құралдарын жеткізуші өнеркәсіп салаларының жиынтығы. Осы сфераға жататындар:
- машина жасау. Қазақстанда бұған Павлодар трактор зауытын, Қостанай дизель зауытын және мал шаруашылығына қажетті машиналар шығаратын 3 зауытты жатқызуға болады. («Манкентживмаш», «Актюбсельмаш», Мамлют машина зауыты) .
- химия өнеркәсібі. Минералды тыңайтқыш өндірісі мен айналысатын кәсіпорындар Жамбыл, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Республикада өндірілетін фосфор тыңайтқыштарының жартысы ТМД елдеріне экспортталады.
- микробиологиялық өнеркәсіп. Бұл өнеркәсіпке Шымкент гидролиз зауыты, Түркістан жемдік антибиотиктер зауыты, Степногорскідегі «Прогресс» зауыты кіреді.
Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері мен ауыл шаруашылығына өндіріс құралдарын жеткізушілердің өзара қатынасы өндіріс құралдары нарығы арқылы жүзеге асады. Өндіріс құралдары нарығы немесе инвестициялық тауарлар нарығы бүкіл негізгі және айналым капиталдарын, сондай-ақ өндіріс құралдарын алу үшін талап етілетін ақша қаражаттарын да өзіне қосады.
Екінші сфераны өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, өндірістік-технологиялық, агрохимиялық, ирригациялық-мелиоративтік және ветеринариялық-санитариялық қызмет көрсету салаларын біріктіретін ауыл шаруашылығы құрайды. Ауыл шаруашылығы күрделі экономикалық және табиғи-биологиялық жүйемен көрінеді. Бұл жердегі ұдайы өндіріс жерді, өсімдік пен жануарларды пайдалануға және де экономикалық және табиғи-биологиялық заңдардың өзара әрекет етуіне негізделеді. Сондықтан АӨК ерекшеліктері айтарлықтай көлемде оның негізгі звеносы - ауыл шаруашылығымен анықталады.
Үшінші сфера - ауыл шаруашылығы шикізатын дайындау, сақтау және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін өндіріс салаларының жиынтығы. Мұнда тамақ, ет-сүт, ұн, жем дайындау өнеркәсіптері, сондай-ақ дайындау ұйымдарының желісі біріктірілген.
Қайта өңдеу өнеркәсібі 25 саланы біріктіреді. Олардың негізгілері ет - 24, 7%, сүт - 10, 5%, нан және макарон өнімдері - 7, 3%, кондитер - 3, 9%, ұн және жем дайындау - 17%, жүнді алғашқы өңдеу - 15, 9%.
Агроөнеркәсіптік кәсіпорынның басқа ауыл шаруашылық кәсіпорнынан айырмашылығы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде оны қайта өңдеу кезеңдерін де қосады, басқаша айтқанда тұтынуға дайын өнімдерді алады. Ал соңғы өнім тек қана аграрлық сектордың шикізат саласы және өнеркәсіптің қайта өңдеу салаларымен тығыз өндірістік-экономикалық байланысының негізінде, сондай-ақ өнімді жеткізу мен өткізуде алынады.
АӨК құрамында төртінші сфера маңызды орын алады. Төртінші сфераға өндіріс дамуының жалпы жағдайын қамтамасыз ететін жол-көлік шаруашылығы, байланыс, материалдық-техникалық қызмет көрсету, сақтау жүйесі, қойма шаруашылығы секілді инфрақұрылым салалары кіреді. Әрбір салада өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдарда бөліп көрсету қабылданған. өндірістік инфрақұрылым тікелей өндіріске қызмет етуші салалар, әлеуметтік инфрақұрылым - адамның өмір сүру шарттарын қамтамасыз етуші салалар.
АӨК-нің соңғы өнімін материалдық-заттық құрамы бойынша және өнім құны бойынша анықтауға болады. Материалдық-заттық құрамы бойынша АӨК-нің соңғы өнімі ауыл шаруашылығы шикізатынан өндірілген және тұрғындардың жеке және қоғамдық және басқа да өндірістік емес тұтынуға, қорға жинауға, сондай-ақ экспортқа жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінен тұрады. Өнім құны бойынша АӨК-нің соңғы өнімі АӨК салаларында жасалған өнім құнын, өндірістік қызметтерге амортизациялық аударымдарды білдіреді. АӨК-нің салалық құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі - 78%, қайта өңдеу салалары - 22%. Болашақта қайта өңдеу салаларының даму қарқынының артуымен байланысты, қайта өңдеу салаларының үлесі көбейеді, ауыл шаруашылығының үлесі азаяды деп болжануда.
АӨК-нің келесідей өзіндік құрылымдық ерекшеліктерін атауға болады:
- экономиканың негіз құраушы саласы бола отырып, табиғи-климаттық факторларға тәуелділігі;
- негізгі өндіріс құралы ретінде жермен тығыз байланыстылығы;
- еңбектің нәтижелілігін және өнім көлемі мен сапасын алдын ала дәл анықтау мүмкін емес;
- басқа салаларға қарағанда биологиялық ресурстар мен Күн энергиясы басты қажеттіліктер болып табылады;
- меншік нысандарының әртүрлілігі оның әлеуметтік-экономикалық ерекшелігі болып табылады.
- жоғарыдағы ерекшеліктеріне байланысты саланы мемлекеттік реттеу ерекшеліктері бар.
Сонымен қатар, Е. В. Серова АӨК-нің ерекшелігіне жетілген бәсекенің болуын және нарыққа ену мен нарықтан шығудың қарапайымдылығын, яғни еркіндігін қосады. /3/ Расында аграрлық нарыққа ену мен шығуда ешқандай экономикалық, саяси, әлеуметтік, сондай-ақ институционалдық шектеулер жоқ.
1. 2 Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы мемлекет саясатының рөлі және оның қағидалары мен әдістері
Кез келген республиканың ауыл шаруашылық секторы қашанда табиғи-климаттық факторларға тәуелді. Сондықтан да кез келген мемлекет ауыл шаруашылық саланы белгілі бір мөлшер мен шектерде реттейді, ал реттеудің өзі мемлекеттік қолдау түрінде жүзеге асады. Агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан Республикасы халық шаруашылығының ірі саласы, бүгінде ауылды жерлерде республика халқының 43%-ы тұратындықтан елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдай көбінесе осы саладағы ахуалға қатысты болып келеді.
Мемлекеттік реттеу нарықтық экономика жағдайында өз табиғатында болу үшін оның нақты теориялық-әдіснамалық негіздерін анықтау қажет. Ол ең алдымен елде экономикалық және саяси келісім орнату мақсатын көздеуі керек. Нарықтық қатынастар жағдайында экономиканы мемлекеттік реттеу - экономиканы әкімшіл-әміршілдік басқарумен салыстырғанда іс жүзінде жаңаша сипатқа ие болатыны сөзсіз. Мұнда біріншіден, реттеудің әкімшілік емес, экономикалық әдістерінің басымдылығы мен тиімділігін айту керек, екіншіден, мемлекет тарапынан ұсынылатын шарт пен бағдарламаны таңдауға мүмкіндік беретін реттеудің индикативтік әдістеріне көшудің жүзеге асуын айтуға болады, үшіншіден, шаруашылық жүргізуші субъектілердің өзара келісімі негізінде шешім қабылдаудың демократиялық қағидаларына көшу де маңызды роль атқарады.
Нарықтық экономика шарттары тұрғысынан қарастыратын болсақ, экономиканы мемлекеттік реттеудің өзіндік айқын қажеттіліктерін байқаймыз. Олар, өз кезегінде келесідей нарықтың кемшіліктері арқылы көрінеді:
- Нарық банкроттықтан сақтандыра алмайды;
- Нарық көптеген кәсіпорындардың, жер иеленушілердің, сатушылардың қызметін үйлестіре алмайды, оның үйлестіруші қызметін мемлекет өзіне қалдырады;
- Нарық әрқашан монополиялануға ұмтылады;
- Нарықтық механизм сыртқы әсерлер деп аталатын мәселелерді шеше алмайды. Мысалы, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы дауларды шешу және т. с. с. /4/
Экономикалық тұрғыдан алғанда, таза нарықтық экономика болмайтынын әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Мемлекет экономикаға әрқашан да араласқан. Мұнда тек оның мақсаттары, міндеттері, ауқымы мен нысандары ғана әр түрлі болып келеді. Бүгінде аграршы-ғалымдар ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу және қолдау мәселелерін түбегейлі зерттеуде. Агроөнеркәсіптік кешеннің сұраныс пен ұсыныстың төмен бағалық икемділігі жағдайында мемлекеттік қолдаусыз өзіндік реттеудің нарықтық механизмдері арқылы ғана тұрақты дамуға қол жеткізуі мүмкін емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, экономиканы мемлекеттік реттеу кез келген қоғамда, кез келген экономикалық жүйеде орын алған. Соған сәйкес мемлекеттік реттеу мәселелерін зерттеу де шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектерінде көптеп кездеседі. Мемлекеттік реттеу туралы П. Самуэльсон мен В. Нордхаус «рыноктық механизм көптеген салаларда баға мен өндірісті анықтайды, ал мемлекет өз кезегінде рынокты салық салу, шығындар арқылы реттейді. Екі жақ та - рынок және мемлекет те маңызды. Экономиканы екеуінің біреуінсіз басқару бір қолмен қол соғуға тырысқанмен бірдей» деген пікір айтады. /5/
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz