Диалектілік сөз тіркесі


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
филология факультеті
қазақ филологиясы кафедрасы
Диплом жұмысы
Диалектілік сөз тіркесі
Орындаған:
4 курс студенті Ергубекова Ж.
Ғылыми жетекші:
ф. ғ. докт., проф. Сайрамбаев Т.
Норма бақылаушы:
ф. ғ. к., доц. Әміров Ә.
Қорғауға жіберілді:
″ ″ 2008
Кафедра меңгерушісі:
ф. ғ. докт., проф. Момынова Б.
Алматы, 2008
Реферат
Жұмыстың тақырыбы: Диалектілік сөз тіркестері
Жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың көлемі: 46 бет
Тірек сөздер: диалектілік сөз тіркесі, сөз тіркесі, аймақтық ерекшелік, сөйленіс, сөз тіркесінің байланысу түрлері, диалектілік қиыса байланысқан сөз тіркестері, диалектілік матаса байланысқан сөз тіркестері, диалектілік меңгеріле байланысқан сөз тіркестері, диалектілік қабыса байланысқан сөз тіркестері, диалектілік жанаса байланысқан сөз тіркестері т. б.
Зерттеу нысаны: Аймақтық ерекшеліктерде келетін синтаксистік ерекшеліктер, олардың қазақ тіл білімінде зерттелуі, сөз тіркестері және олардың байланысу түрлері. Диалектілік сөз тіркестерінің де әдеби тіл сөз тіркестері секілді зерттелуі керек екендігін дәлелдеу.
Зерттеу мақсаты мен міндеттері: Зерттеу жұмысында диалектілердің синтаксистік ерекшеліктері, оның ішінде, сөз тіркестерінің сөйленістегі келуі, олардың тіркесімділік қабілетін жан-жақты қарастыру негізгі мақсат болып табылды. Осы мақсатта диалектологиялық еңбектердегі грамматикалық ерекшеліктердің зерттелу жайына шолу жасалынып, сөйленістік тіркестердің қолданыстағы ерекшеліктерін көрсетіп, сөйленістегі сөз тіркестерінің тіркестімділік қасиеті мен олардың байланысу түрлері жеке-жеке мысалдармен дәлелденіп берілді.
Жұмыстың мазмұны: Зерттеу жұмысының негізгі бөлімі екі тараудан тұрады. Оның бірінші тарауында диалектілердің синтаксистік ерекшеліктерінің ғылыми еңбектердегі зерттелінуі сөз болды. Ал екінші тарау диалектілік сөз тіркесіне тікелей қатысты. Онда «диалектілік сөз тіркесі» атауы, яғни термині нақтыланып, диалектілік сөз тіркестерінің байланысу формалары мысалдармен берілген.
Жұмыста қолданылған дерек көздері: Екі томдық «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» мен «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі». Басқаша айтқанда, біздің қолданған дерек көзіміз - ол халықтың жергілікті тіл ерекшеліктері, тіліміздің ауызша, таза табиғи формасы десек қателеспеген болар едік.
Жоспар
Кіріспе4
1. Диалектілік синтаксистің зерттелуі6
2. Диалектілік сөз тіркестері, оның байланысу түрлері17
2. 1. Қиыса байланысқан диалектілік сөз тіркестері21
2. 2. Матаса байланысқан диалектілік сөз тіркестері23
2. 3. Меңгеріле байланысқан диалектілік сөз тіркестері24
2. 4. Қабыса байланысқан диалектілік сөз тіркестері30
2. 5. Жанаса байланысқан диалектілік сөз тіркестері42
Қорытынды43
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі45
Кіріспе
Тіл білімінде диалектологияға қатысты біршама ірі еңбектер жасалғаны мәлім. С. Аманжолов, Досқараев, Мұсабаев, М. Балақаев, Ш. Сарыбаев, Ғ. Қалиев сынды ғалымдар осы салада терең зерттеулер жүргізіп, өзіндік ғылыми көзқарастарымен дараланды.
Ең алдымен, «қазақ тілінің диалектісі бар ма?» деген сұрақтың өзіне ғалымдар әртүрлі жауап беріп, түрлі негізде дәйектер келтірді. М. Балақаевтың: «Қазіргі қазақ тілінде лексикалық, фонетикалық, әрі грамматикалық ерекшеліктерімен оқшауланған, өздеріне ғана тән негізгі сөздік қорымен ерекшеленіп көзге түскен диалектілер жоқ, говорлар тобы бар», [1, 362] - деген пікіріне сүйендік те, жұмысымызда говорды сөйленіс деп алып, кейде аймақтық ерекшеліктер дегенді жөн көрдік.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Халқымыздың ұзақ замандар бойы тырнақтап жиып шаң жуытпай сақтап, атадан балаға мұра ретінде қалдырып келе жатқан асыл қазынасының бірі - ұлттың тілі. Ұлттық тілдің аймақтық ерекшеліктерін зерттеу де тіл білімінің маңызды нысаны болып табылады. Жан-жақты зерттелінген аймақтық ерекшеліктердің назардан тыс қалып келген жері - олардың синтаксистік ерекшеліктері, тіркесімділік қабілеттері, сөйлем, мәтін құрамына енуі. Жұмысымызда сөйленістердің тіркесімділік ерекшеліктерін сөз етуге тырыстық. Сөйленістерде кездесетін байланысу әдістері мен түрлеріне тоқталып, олардың байланысындағы сыртқы және ішкі заңдылықтарды ашуға талпыныс жасалынды.
Зерттеудің нысаны. Аймақтық ерекшеліктерде келетін сөз тіркестері, олардың байланысу түрлері
Зерттеудің мақсаты. Диалектологиялық еңбектерде синтаксистік ерекшеліктердің зерттелу жайына тоқталып, диалектологиялық сөздіктерге енген сөз тіркестерінің қолданыс ерекшеліктерінің тілдік табиғатын, синтаксистік қызметін анықтау басты мақсат болып табылды. Осы мақсат төмендегі міндеттерді шешуді қажет етеді:
- Диалектологиялық еңбектердегі грамматикалық ерекшеліктердің зерттелу жайына шолу жасау:
- сөйленістік тіркестердің қолданыстағы ерекшеліктерін көрсету;
- сөйленістердегі сөз тіркестерінің тіркесімділігін, байланысу формаларын көрсету.
Тақырыптың ғылыми жаңалығы. Бұрын-соңды жазылған диалектологиялық еңбектерде синтаксистік ерекшеліктердің жеткілікті дәрежеде айтылмағаны белгілі болды. Говорлық ерекшеліктердің лексикалық және фонетикалық тұрғыда айтылып, ал грамматикалық ерекшеліктер деп морфологиялық, соның ішінде сөзжасамдық тұрғыда сөз етілуі диалектілік ерекшеліктердің тіркесімділік қабілетін зерттеуге негіз болды. Диалектілік сөз тіркесінің түрлері әдеби тіл байланысу түрлерімен көп жағдайда бірдей келетіні белгілі болды. Сонымен қатар, байланысу формаларының барлық түрі, яғни қиыса, матаса, меңгеріле, қабыса, жанаса байланысқан сөз тіркестерін көптеп кездестірдік және олардың тіркесімділік қабілеттерінің табиғатын анықтауға тырыстық. Грамматикалық ерекшеліктері жете сөз болмаған, аймақтық элементтердің арнайы зерттеуге тұрарлық тілдік ерекшеліктері көп. Бұл диплом жұмысында диалектілік сөз тіркестерінің синтаксистік қолданылу ерекшелік жайттары сөз етілмек.
Зерттеудің әдістері. Жұмыста ғылыми талдауға аймақтық ерекшеліктер сөздігіндегі нақты тілдік материалдар объект болды.
Зерттеу жұмысына сөз тіркесі синтаксисі бойынша ғалымдардың пікірлері негізге алынды. Зерттеу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес, негізінен, сипаттама әдісі таңдап алынды. Сөйлемнің құрылымдық ерекшеліктерін айқындап белгілеу тұстарында кешенді талдау және грамматикалық модельдеу әдістері де кеңінен пайдаланылды.
Тақырыптың теориялық, практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының диалектілік сөз тіркестерінің өзіндік лексика-семантикалық, құрылымдық талдану теориясына қосары бар деп білеміз.
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. Диалектілік синтаксистің зерттелуі
Диалектология мәселесі алғаш Ж. Аймауытовтың 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 9-санында жарық көрген «Тіл туралы» деген мақаласында сөз болады [2, 48] . Жалпы «диалекті мәселелерінің кең көлемді қойылып, жоспарлы түрде жүргізілуі кеңестік құрылыстың 30 жылдарынан басталады. Осы мезгілден бастап арнаулы диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, түркі республикалары аймақтарынан диалектілік материалдар жинала бастайды, республикалық ғылыми мекемелер ішінен арнаулы диалектологиялық бөлімдер, секторлар құрылады. Олар жергілікті жерлердегі диалектілерді зерттеумен айналысады: белгілі бір аймақтағы ерекшеліктерден өзгешелігі, олардың пайда болу жолдары, диалектілік ерекшеліктердің материалдық сипаттары деген мәселелерді қарастырған монографиялық зерттеулер, ғылыми жинақтар, оқулықтар, сөздіктер шығарылды. Диалектологиялық жұмыстарға бір орталықтан басшылық етіп, оларды үйлестіріп отыру мақсатында диалектологиялық комитет құрылды. оның жұмысына Әзірбайжан Ғылым академиясының академигі М. Ширалиев басшылық етеді [3, 122] . Сонымен қазақ диалектологиясының қалыптасып, ғылыми түрде зерттелуіне түркі диалектологиясының жалпы одақ көлемінде зерттелуі әсер етті.
«Қазақ диалектологиясы тек Кеңес дәуірінде ғана туып, қалыптасты. Қазан төңкерісіне дейін қазақ тілін зерттеген ғалымдар қазақ тілі диалектіге бөлінбейтін біртұтас тіл деп есептеді. Сондықтан олар бұл нәрсемен онша айналыспады . . . 50-жылдарға дейін зерттеу жұмыстары өнімді қарқын ала алмады, тілдік материалдар жинау, соның негізінде шағын көлемді мақалалар жазу сияқтылар ғана болды. Сондай жұмыстардың бастапқы бірін Н. Сауранбаев пен Ғ. Бегалиевтің 1944 жылы жарық көрген оқулығынан табуға болады. Педучилищеге арналған бұл оқулықта авторлар қазақ тілі диалектісін қоныс ыңғайына қарай емес, тілдік ерекшеліктер түрлеріне қарай жіктейді. Қазақ тіліндегі диалектілер сөздік диалектілер, дыбыстық диалектілер болып екіге бөлінеді дейді де, әрқайсысына мысалдар келтіреді. Бұдан әрі диалектілер үш түрлі жолмен пайда болады: оның бірі тарихи жол, екіншісі - шаруашылық, кәсіп түрлеріне қарай болады, үшіншісі - көрші тілдердің әсерінен туады дегенді айтады» [сонда, 123] .
1943 жылы академияның кейбір қызметкерлері Түлкібас, Жуалы, Талдықорған аудандарынан диалектологиялық материалдар жинаған. 1944 жылы Ж. Досқараев «Оңтүстік диалектісінің кейбір мәселелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса, 1948 жылы С. Аманжолов докторлық диссертация қорғады. Ж. Досқараев 1955 жылы «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» деген атпен екі бөлімнен тұратын зерттеу жұмысын жариялады. Ал 1959 жылы С. Аманжолов «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты күрделі еңбегін жариялайды. Осы екі еңбек әлі де болса өзінің ғылыми құндылығын жоймай келе жатыр. С. Аманжолов еңбегі тек диалектология ғылымы үшін ғана емес, бүкіл қазақ ғылымдары үшін бағалы еңбек болмақ. Кеңес үкіметі тұсында бір ғана «совет халқы» бар деген идея шарықтау шегіне жетіп тұрған кезеңде қазақтың ұлттық тілі туралы, оның қалыптасуына қазақ тайпа, ұлыстарының әсері туралы сөз қозғаған ғалым өзінің еңбегінде қазақ тілінің негізгі үш диалектілерін көрсетіп, олардың фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерін атап көрсетеді. Грамматикалық ерекшеліктері морфологиялық және синтаксистік болып бөліп қарастырылмай, жалпы сөз өзгерістерінің түрлері көрсетілген. Мысалыға, оңтүстік диалектінің сөз өзгерісінің 47 түрі көрсетілген:
«Айтқын - айт, көрің - көр, баралы - баралық, қайтай - қайтайын, оқығың жоқ - оқығың келмейді, амады - алмады» деген тәріздес өзгешеліктерді көрсетеді. Бұл жерден байқайтынымыз С. Аманжолов өзінің еңбегінде жоғарыдағыдай сөз өзгерістерін морфологиялық тұрғыдан, идиомалық және тұрақты тіркестердегі өзгерістерді синтаксистік тұрғыдан қарастырған секілді. Сөзге жалғау жалғанса болды, ол сөз міндетті түрде екінші сөзді талап етеді. Осыдан келіп диалектологияда да сөз тіркесін айтуымызға тура келеді.
Ж. Досқараев мен Мұсабаевтың бірлесіп жазған екі бөлімді «Қазақ тілінің жергілікті тіл ерекшеліктері» деген еңбегінде де соншалықты өзгешелік жоқ. Бұл еңбекте де грамматиканың салаларын бөліп жармай бірге қарастырған [4, 11] .
Одан кейінгі диалектология саласындағы іргелі еңбектердің бірі 1985 жылы жарыққа шыққан Қалиев Ғұбайдолланың «Қазақ говорларындағы сөз тудыру» еңбегінде де диалектілердің грамматикалық ерекшеліктері сөз болады. Әрине, синтаксистік тұрғыдан емес, таза морфологиялық, нақтырақ айтқанда, сөзжасамдық тұрғыда сөз болады. Синтаксистік ерекшеліктер зерттеу объектісіне кірмейді.
1990 жылы Ш. Ш. Сарыбаевтың редакциялығымен Ғылым академиясы баспасынан «Қазақ тіліндегі аймақтық ерекшеліктер» атты еңбек шығады. Онда ғалымдар Болатов Ж., Қалиев Ғ., Тасымов А. өздерінің мақалаларында диалектілердің грамматикалық ерекшеліктерін сөз етеді:
Ж. Болатов өзінің «Қытайдан келген қазақтар тіліндегі жергілікті ерекшеліктері» атты мақаласында грамматикалық ерекшеліктер жеке бөлім есебінде қарастырылады. Морфологиялық өзгерістерді айта келіп, ғалым септік жалғауларындағы өзгерістерді атап кетеді. Мысалы, «көмектес жалғауының орнына барыс септігінің жалғауы жалғанады. /мен білетін кісіге сөйлестім/. Сөзге шығыс жалғауының артық қосылатындығы байқалады: мен колхоздан жаңадан келдім». Автор бұл өзгерісті тек қана атап көрсетіп, морфологиялық тұрғыдан ғана септік жалғауларының бірінің орнына бірін қолдануын жалаң түрде айтып кетеді. Әрине, мақаланың қарастырар объектісіне кірмегендіктен еді. Біздіңше, жалғаудың өзгеруі сөз тіркесінің формасының өзгерісіне алып келеді. Кейінгі мысалдағы «жаңадан келдім» мен әдеби норма болып табылатын «жаңа келдім» дегендердің байланысу формасы бір емес екендігі белгілі. Формасы жағынан әдеби норманы қабысу деп диалектілік ерекшелікті меңгеру ретінде қабылдасақ керек-ті.
Ал Қалиев Ғ. өзінің «Компоненттері сабақтаса байланысқан күрделі сөздер» деген мақаласында диалектілік күрделі сөздер табиғатын ашады. Бұл мәселе 1985 жылғы кітабында кеңірек сөз болғаны белгілі. Автордың диссертациясында да салаласа, сабақтаса байланысқан күрделі сөздер деген мәселелер зерттеу объектісінің бірі болған еді.
Жоғарыдағы 1990 жылғы жинақта ғалым А. Тасымовтың «Еділ бойындағы қазақтардың тіліндегі грамматикалық ерекшеліктер» деген зерттеуінде диалектілік сөз тіркесі сөз болады. Автор сөз тіркесінің тұлғаларына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырады:
- … «зерттеліп отырған тіл ерекшелігінде баяндауыш есім сөз бен етістіктің тіркесіп келуі арқылы жасалады. Мысалы, ақыл ұйғару, ақыл сынасу (ақылдасу), дауал болу(дауласу), қарсы болу немесе қарсы келу (кездесу), шабыс болу(жауласу, шабысу) т. б.
- Кейде екі зат есім тіркесі келіп, тіліміздегі бір сөз берерлік мағынаға ие бола береді. Мысалы, «Сізде шаруа сөз бар еді» десе де түсінікті болмақ.
- Етістіктен құралған күрделі баяндауыштың соңғы көмекшісі әдеби тілде тұрақты сөздер болып келеді. Ал мына тіл ерекшелігінде күрделі баяндауыштағы көмекші етістік дәстүрді бұзып, басқа сөзбен ауыстырылады. Солардың бірнешеуін атап өтеміз: қарап қоя (қарап отыру), кетіп қою (кетіп қалу), шығып болу(шығып кету) .
Бұл жағдай есім есім сөз бен етістік тіркесінде де байқалады. Мұнда соңғы етістік орнына басқа сөз қолданылады. Мысалы, «Қой, мен шай сала берейін». Бұл сөйлемді «мен шай қоя берейін» мағынада ғана түсінсек дұрыс ұғым аламыз. (ас жетті - ас желініп бітті) .
Әдеби тілімізде тұрақты тіркес дәрежесінде қалыптасқан екі сөздің алғашқысы басқа сөздер арқылы беріледі. (ата соғысы - Отан соғысы)
- Сөз тіркесінің ендігі бір түрі құрамындағы сөздердің әдеби тілдегіден басқа болып келуімен байланысты. Ол тіркестердің кейбіреуін әдеби тілде бір сөзбен беруге де болады: мысалы, беті түсу - ұялу т. б. »
Байқап отырғанымыздай осы зерттеу жұмысында диалектілік сөз тіркесінің ерекшеліктері сөз етіледі, яғни синтаксистік ерекшелігіне барады десек болады.
Ғ. Қалиев пен Ш. Сарыбаевтың 1991 жылы жарыққа шыққан «Қазақ диалектологиясы» (3-басылым) атты оқу құралының грамматика бөлімінде арнайы синтаксистік ерекшеліктер сөз болады. Нақтылай айта кетсек, септік жалғауларының сөйлем ішінде алмасып қолданылуы, сөз тіркестері, синтаксистік түйдектер, жанасу арқылы есімдерден болған сөз тіркестері деген секілді мәселелерді сөз етеді.
Диалектілік сөз тіркесі мәселесін ғалым ә дегеннен былай бастайды:
«Сөз тіркестері көбіне әдеби тілдің материалдары негізінде сөз болып жүр де, диалектілердегі сөз тіркестерінің мол қоры жөнінде арнаулы еңбектер жазылмай келеді. Бұл материалдарды жинаудың, зерттеудің қазақ тіліндегі сөз тіркестерін жан-жақты тексеруде, заңдылықтарын ашуда және қазақ тілінің жалпы тіл байлығын көрсетуде үлкен маңызы бар»[5, 117], - деп диалектілік сөз тіркестерінің зерттелінбей келе жатқандығына өкініш білдіреді.
Ғалымның пікірінше, «говорлардағы құрамындағы сөздердің байланысу тәсілдері немесе жасалу тәсілі әдеби тілдегідей»[сонда] . Әдеби тілдегідей болатын болса, оны синтаксистің жеке зерттеу объектісі ретінде қарастыруымыз керек пе? Біздіңше, сөйленістердегі байланысу формаларында өзгешелік бар демей-ақ қояйық, дегенмен, ішкі заңдылық бар, ол заңдылықтардың болуының және де себептері бар. Осы тұстан келгенде, біз диалектілерді синтаксистің жеке зерттеу объектісі ретінде қарастыруымыз керек.
Қалиев пен Сарыбаев еңбегінде сөйленістердегі сөз тіркесінің бірнеше ерекшеліктері көрсетіледі. Оларды жеке-жеке жіктеп көрсетсек, төмендегіше болып келеді:
- «Бірінші ерекшелік олардың құрамындағы сөздерге байланысты. Көптеген сөз тіркестерінің құрамында әдеби тілде жоқ сөздерді кездестіруге болады. Мысалы, зыбан ұру(әлек салу) ;
- Екінші ерекшелік - сөздердің мағыналық жағына байланысты. Көптеген сөз тіркестерінің құрамындағы сөздер - әдеби тілде де бар сөздер. Бірақ олар әдеби тілде бір-бірімен тіркесіп айтылмайды. Мысалы, жан созу(жан таласу) ;
- Говорлардағы сөз тіркестерінің ендігі бір тобы әдеби тілде де кездеседі, бірақ олар говорда тұрақты тіркес түрінде, ал әдеби тілде еркін тіркестер түрінде кездеседі: шетіне шығу, жүзі жапырылу деген тіркестер әдеби тілде қаланың шетіне шықты, жүзі жапырылған пышақ тіркестеріндегідей нақтылы мағынасында қолданылып еркін тіркес құрап тұр, ал сөйленістерде асып туған, жүзі шыдамау түрінде кездеседі. Мысалы: Абай - адам баласының шетіне шыққан адам (Қ. орда, Арал) . Алажағы бар дам кездессе, жүзім жапырылып жүре береді (Қ. орда, Арал) .
- Кейбір тіркестердің құрамындағы сөздер түсіріліп айтылады: жексен болу - жермен жексен болу;
- Кейбір сөз тіркестерінде көбінесе, көмекші етістіктердің, етістіктерінің түсіп қалуы жиі кездеседі: мақсат білу - мақсат деп білу;
- Әдеби тілдегі баламаларымен салыстырғанда, құрамында басы артық сөздері бар сөз тіркестері кездеседі: ешқандай нәрсе - ешнәрсе».
Зертеудегі «жанасу арқылы есімдерден болған сөз тіркестері» деген мәселеге жанасудың қатысы бар ма? Осы тұсы түсініксіздеу болып қалған секілді. Ғалым «бұл сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің жеке мағыналары болғанымен, көпшілігі бастапқы түйдектер секілді лексикалық бір топ болып, сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқарады» дейді де оған мына мысалдарды келтіреді: Мынау бір сабық құлақ бала екен (экс. мат. ) . Ол алған әйелі аққұба, зиба бойлы адам екен (экс. мат. ) [5, 117-124] .
Ғалымның сөз тіркесіндегі ерекшеліктеріне қосылғанымызбен, соңғы жанасу арқылы есімдерден болған сөз тіркестері дегенімен келісу қиын. Мүмкін, ғалым қабысуды айтқысы келді ме екен?
Сонымен, диалектологиялық еңбектердің біразына шолу жасап өттік, ондағы синтаксистің зерттелу дәрежесі қандай деген сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Төменде осы күнге дейінгі тіл білімінің диалектология саласы бойынша жасалған диссертация жұмыстарының жалпы саны - 19. (Қазақ Ғылым академиясың диссертациялар қоры) .
Біз диссертациялық жұмыстарды жазылу, қорғалу ретімен, яғни жылдық ретте беруді негізге алдық. Олай болса, осы жұмыстар арасындағы ең алғаш жасалынған зерттеу жұмысы ғалым Ғ. Қалиев еңбегіне бірінші тоқталуды жөн көрдік.
Ғ. Қалиев өзінің 1953 жылғы «Арал говорының кейбір ерекшеліктері» кандидаттық жұмысында сөйленістегі, яғни говордағы грамматикалық ерекшеліктерді жеке-жеке бөліп, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктер деп нақтылап зерттейді. Ғалым говордағы синтаксистік ерекшеліктерді екі салаға бөледі:
1. Септік жалғауларында, жұрнақ, кейбір жеке сөз, шылау қызметтеріне байланысты болған ерекшеліктер;
2. Құрамында әдеби тілде жоқ сөздер бар немесе құрамындағы сөздер әдеби тілде болғанмен беретін ұғымы басқаша сөз тіркестеріне байланысты болған ерекшеліктер.
Ғалымның сонымен қатар «сөз тіркесі» деген тақырыпшамен арнайы жұмыс жасағанын көреміз. Ол сөз тіркесі деген ұғымға азды-көпті тоқтала келіп, «говордағы сөз тіркестерінің көпшілігінің құрамы әдеби тілде кездеспейтін басқа сөздермен қалыптасқан, онымен қатар құрамындағы сөздері әдеби тілде кездесетін сөздер бола тұра беретін ұғымы басқа сөз тіркестері де кездеседі», - дейді [6, 234] .
Ғалымның синтаксистік ерекшеліктер дегендегі басты назар аударғаны септік жалғауларының бірінің орнына бірі келе беру қасиеті еді.
Қалиевтен кейін біздің қолымызда бар материалдар бойынша, он жылдан кейін барып 1963 жылы О. Нақыспаев «Шу бойындағы қазақ тіліндегі ерекшеліктер» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны қорғайды. Ол еңбекте грамматикалық ерекшеліктер жеке тарау етіп алынып, еңбектің жиырма шақты беті жұрнақтардың жалғануындағы ерекшеліктерді сөз етеді. Әрине, тек осы жұрнақтардың жалғануында ерекшелік бар деп қана фонетикалық және морфологиялық жақтан тоқталғанды жөн көреді. Жұрнақтың жалғануындағы ерекшеліктер тек морфологияның зерттейтін мәселесі емес екені белгілі. Мысалыға, зерттеуде кездесетін есім сөзден сын есім тудырушы жұрнақ -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті сөз тіркесіндік байланысқа түскенде қабыса байланысып, анықтауыш қызметін атқаратыны белгілі. Әрине, еңбекте ол жұрнақтардың синтаксистік жағын баса зерттеу басты нысан болмағаны анық.
Келесі жұмыс - 1964 жылы қорғалған Бөрібаевтың «Орда қазақтарының тіліндегі ерекшеліктер» атты кандидаттық диссертация жұмысы.
Ғалым ІІІ тарауда грамматикалық ерекшеліктерге тоқталып, ол «грамматикалық ерекшеліктердің басым көпшілігі морфологияға байланысты», -дейді [7, 189] . Зерттеуші ғалым жұрнақ, жалғау жалғанғандағы ерекшеліктің себебін де іздеп, кейбір жұрнақтарға этимологиялық талдау жасайды десек те болады. Негізінен, Мелиоранский, Кононов секілді түрколог ғалымдар еңбегіне сілтемелер жасайды. Ғалым тоқталған жұрнақтардың бірді-екісіне біз де тоқталғанды жөн көрдік. Мысалы, -у-лы, -у-лі жұрнақтары. Ғалым бұл жұрнақты екі жұрнақтан тұрады деп көрсетеді [Сонда, 192] . Осы жұрнақтың Орда говорындағы екі түрлі қолданысын көрсетеді:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz