Түркі әдебиеті және Шәкәрім: шежіре жазу дәстүрі


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 104 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3

І тарау. Түркі әдебиеті және Шәкәрім: шежіре жазу дәстүрі . . . 9

1. 1 Әдебиеттанудағы көркемдік дәстүр мәселелері . . . 9

1. 2 Шәкәрім шежіресіндегі түркілік дәстүрдің іздері . . . 14

1. 2. 1 Шежіре жанры және көркем шежіре жазу дәстүрі . . . 14

1. 2. 2 Шәкәрім шежіресіндегі көркем шежіре жазу дәстүрінің көріністері . . . 20

ІІ тарау. Шәкәрімнің эпикалық шығармаларындағы түркілік дәстүр . . . 46

  1. Шәкәрім және нәзира дәстүрі . . . 46

2. 1. 1 Түркі әдебиетіндегі нәзира дәстүрі . . . 46

2. 1. 2 Шәкәрімнің нәзира дәстүріндегі шығармалары . . . 52

2. 2 Шәкәрімнің поэмаларындағы түркілік дәстүрдің көріністері . . . 59

2. 3 Шәкәрімнің прозалық шығармаларындағы түркілік дәстүрдің көріністері . . . 70

ІІІ тарау. Шәкәрімнің лирикалық шығармаларындағы түркілік дәстүр . . . 75

3. 1. Ежелгі түркі поэзиясы мен Шәкәрім лирикасының тақырыптық-идеялық сабақтастығы . . . 75

3. 2. Ежелгі түркі поэзиясы мен Шәкәрім лирикасының көркемдік-эстетикалық сабақтастығы . . . 93

Қорытынды . . . 105

Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі . . . 112

КІРІСПЕ

Жоқтан бар тумайды. Бұл - табиғаттың, тіршіліктегі құбылыстардың бұлжымас заңы. Адамзат тарихымен бірге жасаған көркемөнердің дамуы да дәл сондай. Әр дәуір өзіне тән өнерді өмірге әкеледі. Өнер өз дәуірінің суретін кестелейді, үнін жеткізеді, сипатын саралайды. Алайда көркемөнердің кез келген түрі өзін тудырған дәуір қасиеттерін бейнелеумен ғана шектелмейді, өзіне дейінгі өнердің ізін байқатып, келешек кезеңдерге де жетіп артылатын өзіндік бедерін береді.

Өнер атаулының бұл қасиеттері көркемөнердегі, оның ішінде әдебиеттегі дәстүр, көркемдік жалғастық ұғымдарын өмірге әкелді. Қайсыбір талант иесі, мейлі ол ақын болсын, яки жазушы болсын ата дәстүрінен нәр алып, қалам ұстайды. Ғасырлар бойы жиналған бай рухани мұраларды, ізгі дәстүрледі ой өресінен өткізіп, өнегесіне сусындай білген талант иесі ғана табиғат берген дарыны мен қажырлы еңбегінің жемісін көреді. Өмірге өлмес туындылар әкеледі. Шын талант үйрене жүріп өзгеге де үйретеді, келешек ұрпаққа шамшырақ боларлық шығармашылық өнеге қалдырады.

Көркем әдебиеттегі дәстүр мәселесі сол әдебиетті тудырған халықтың бүкіл ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары тәрізді сол халықтың өзімен бірге жасап келе жатқан рухани қазынасы. Қазақ әдебиеті сонау қадым замандарда қалыпатсқан түркі әдебиетінің мирасқоры. Түркілік дәуірлерден жалғасқан рухани сабақтастық, көркемдік дәстүр желісінің бір пұшпағы.

Қазақ әдебиетін Хәкім Абайдан кейінгі дәуірде өз ақындық үнімен өрнектеген, барлық замандарға азық болатын асыл қазына қалдырған ақын, данышпан Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы осындай қайнарлардан сусындаған, халықтың рухани ғұмырнамасындағы ең ізгі дәстүрлерді сіңіріп, ұлы сабақтастықты жалғаған жауһар мұралардың бірі.

«Шәкәрім өздігінен ақын, ойшыл, қаламгер болып туа қалған жоқ. Оның алдында сонау түркі дәуірінен бері қарай көш түзеген ұлттық әдебиеттің терең шежіресіндегі қатпар-қатпар әдеби-көркем дәстүрлерге бай белес-белес кезеңдер тұрды. Шәкәрінің негізгі нәр алған бастаулары да, ұлағатты ұстаздары да - осы дәстүрлер болды. » [1. 5]

Шәкәрім өзіне дейінгі мұраларды нағыз кемеңгерге тән көрегендікпен игере білді. Нұрына қанды. Ғибратын алды. Шабытын шыңдап, өнегесін үлгі етті. Сөйтіп өзі де өрнегі қайталанбас мол мұра берді.

Шәкәрім мұрасын жан-жақты зерттеу - бүгінгі әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің бірі. Ал Шәкәрім шығармашылығын жете зерделеудің бір жолы - бұл оның туындыларын өзіне дейінгі әдебиетпен, әсіресе қазақ әдебиетінің түп негізгі бастауы саналатын түркілік әдебиетпен тікелей сабақтастықта қарастыру.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Шәкәрім шығармаларын ғылыми теориялық тұрғыдан зерттеу міндеттерінің бірі - ақын шығармашылығын өзіне дейінгі ежелгі рухани мұралармен байланыста қарастырып, көркемдік дәстүр жалғастығы заңдылықтары арқылы танып-білу. Шәкәрім шығармашылығы дегенде, бірден Абай дәстүрі деген ұғым ойға оралады. Бұл айтпаса да түсінікті жайт. Шәкәрім - Абайдың ақындық мектебінің шәкірті. Бұдан басқа, қазіргі әдебиеттануда шығыс әдебиетінің дәстүрі, орыс әдебиетінің, озық, гуманисшіл еуропа әдебиетінің дәстүрі деген ұғымдар да бар. Мұның қайсысын болса да, Шәкәрім шығармашылығына қатысты қолдануға болады. Қолданылып келе жатыр да. Бірақ әлі де «түркілік дәстүр», «түркі әдебиетінің дәстүрі» деген ұғым қолданылған емес. Шәкәрім шығармаларындағы түркі әдебиетінің іздері арнайы зерттеу нысаны болған емес. Ал Шәкәрім шығармашылығы - бұл халық болып қазақ қалыптасқанға дейінгі түркілік әдебиет тудырған өнегелі, ғибратты, әсем де әсерлі көркемдік дәстүрді бойына сіңірген, жалғастырған бірден-бір мұра. Шәкәрім шығармаларындағы түркілік дәстүрлер жалғастығын зерделеудің теориялық, практикалық, жалпы танымдық маңызы зор.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Бітіру жұмысының мақсаты ежелгі түркі әдебиеті дәуірлерінде қалыптасып, қазақ әдебиетінің даму тарихында сан ғасырларға жалғасқан көркемдік дәстүрлердің Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығындағы көріністерін, сипат-белгілерін, айқындау. Сол арқылы Шәкәрім шығармалары мен түркілік әдебиет нұсқаларының арасындағы байланысты, сабақтастықты, өзара үндестікті дәлелдеу. Ежелгі түркі әдебиетінен бергі көркемдік дәстүр жалғастығын Шәкәрім шығармаларының негізінде зерделеу.

Зерттеу жұмысына дерек көз ретінде түркі әдебиеті туындыларының қазақ тіліндегі нұсқалары мен Шәкәрім шығармалары алына отырып, келесідей міндеттер қойылады:

  • әдебиеттегі көркемдік дәстүр жалғастығы мәселелерін саралау.
  • ортағасырларда (ХIV-ХVІІғғ) жазылған шежіре еңбектерінің негізінде ежелгі түркі әдебиеті заманында қалыптасқан шежірелік шығарма жазудың көркемдік дәстүрлерін айқындау.
  • Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегі мен түркілік дәуірлерде жазылған шежірелік шығармалар: Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-нама», Әбілғазы Бәһәдүр ханның «Шежіре-и түрік», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди», Қадырғали Жалайыридың «Жами ат-тауарих» шығармаларының арасындағы байланысты, көркемдік жалғастық, сабақтастық мәселелерін анықтау.
  • Шығыс халықтарының әдебиет тарихындағы нәзира үрдісі мен оның түркі әдебиетінде көркемдік дәстүр ретінде қалыптасуына тоқталу.
  • Шәкәрімнің нәзира дәстүріндегі шығармаларын зерделеу.
  • Шәкәрім поэмалары мен ортағасырларда жазылған түркілік эпикалық дастандар: Хорезмидің «Мұхаббат-нама», Құтыптың «Хұсрау - Шырын», Сайф Сараидың «Гүлістан бит-түрки» туындыларының арасындағы ұқсастық белгілерін айқындау.
  • Шәкәрім поэмаларындағы түркілік дастандардың сипаты негізінде эпикалық дастан жазудың көркемдік дәстүрлерін анықтау.
  • Шәкәрімнің прозалық туындылары мен Ислам дәуірі әдебиетінің өкілдері Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки туындыларының арасындағы үндестік мәселелерін бағамдау.
  • Шәкәрімнің лирикалық шығармалары мен ежелгі түркі поэзиясының арасындағы тақырыптық-индеялық сабақтастықты дәлелдеу.
  • Шәкәрімнің лирикалық шығармалары мен ежелгі түркі поэзиясының арасындағы көркемдік-эстетикалық сабақтастықты көрсету.

Зерттеудің нысаны. Түркі әдебиеті қалыптастырған көркемдік дәстүрлердің Шәкәрім шығармаларындағы көріністері: туындылардың мазмұны мен пішініндегі, жанрлық және стильдік ерекшеліктеріндегі ежелгі түркі әдебиеті үлгілеріне тән сипат-белгілер.

Зерттеудің дереккөздері. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының жинақтары (Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер. - Алматы: Жазушы, 1988. - 560 бет; Жолсыз жаза: өлеңдер мен поэмалар. - Алматы: Жалын, 1988. - 256 бет; Иманым. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2000. - 321 бет; Қазақ айнасы. Өлеңдер мен поэмалар. - Алматы: Атамұра, 2003. - 296 бет. ) . Ортағасрылық түркі әдебиеті дәуірінде жазылған шежірелік шығармалар - Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-нама», Әбілғазы Баһадүрдің «Шежіре-и түрік», Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди», Қадырғали Жалайыридің «Жами ат-тауарих» шығармаларының қазақ тіліндегі аудармалары. Ислам дәуірі әдебиетінің үлгілері - Әл-Фарабидің өлеңдері мен трактаттары, Ж. Баласағұнның «Құдатғу біліг», А. Иүгінекидің «Хибатул хақайық», Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрік», Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикмет» еңбектерінің қазақ тіліндегі аудармалары. Сондай-ақ белгілі әдебиеттанушы ғалымдар М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, Х. Сүйінішәлиев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Р. Бердібаев, Ө. Күмісбаев, Б. Әбдіғазиұлы, Ш. Сәтпаева, М. Жолдасбеков, С. Қасқабасов, Ә. Дербісәлин, А. Қыраубаева, Ө. Күмісбаев, Н. Келімбетов, А. Егеубаев, С. Негимов, Ғ. Есім, Ә. Сұлтанхан, Т. Еңсегенұлы, С. Дәуітұлы, Қ. Сейітжанов, А. Оразбаева сынды ғалымдардың Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын, қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығын, түркі әдебиеті мен қазақ әдебиетінің сабақтастығын зерттеуге арналған еңбектері басшылыққа алынады.

Зерттеудің әдістері. Тақырыптық ерекшелігі мен зерттеудің мақсатына қарай бітіру жұмысында баяндау, салыстырмалы-тарихи талдау, жинақтау және қорыту әдістері қолданылады.

Жұмыстың теориялық мәні мен практикалық құндылығы. Шәкәрім шығармашылығындағы түркілік әдебиет үлгілерінің дәстүрлерін анықтау теориялық тұрғыдан аса маңызды іс. Мұндай зерттеу әдебиеттану ғылымында көркемдік дәстүр жалғастығы сынды тарихи және теориялық жағынан толық күйінде, жан-жақты зерттеле қоймаған күрделі мәселелердің бірін зерделеуге үлкен үлес қосады. Сонымен қатар Шәкәрім туындыларын түркілік дәуірлер әдебиетімен сабақтастықта қарастыру Шәкәрім шығармашылығын жан-жақты зерттеуге, оның мәдени мәдени рөлін, эстетикалық қуатын, философиялық мән-мағынасы мен көркемдік үлгі-өнегесін толығырақ айқындауға мүмкіндік береді.

«Шәкәрім шығармаларындағы түркілік дәстүр» атты бітіру жұмысының нәтижелерін мектеп мұғалімдеріне, жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясын оқытуда, сонымен қатар, Абайтану және Шәкәрімтану ғылымының арнайы курстарына пайдалануға болады.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Бітіру жұмысында түркі әдебиеті қалыптастырған көркемдік дәстүрлердің Шәкәрім шығармашылығындағы көрініс-белгілері тұңғыш рет кешенді түрде зерттеу объектісіне алынады.

Әдебиеттегі көркемдік дәстүр контекстінде түркілік дәуірлерде жазылған шежірелік шығармалар мен Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінің арасындағы тарихи-әдеби байланыс, көркемдік үндестік мәселелері ғылыми түрде зерттеледі.

Шәкәрімнің нәзира дәстүріндегі шығармалары түркі әдебиетінде көркемдік дәстүр ретінде қалыптасқан классикалық нәзира үрдісінің контекстінде қарастырылады.

Шәкәрім поэмаларының ортағасырлық түркі әдебиетіндегі эпикалық дастандармен үндес сипаттары көркемдік дәстүр негізінде сараланады.

Шәкәрімнің прозалық туындылары, қара сөз жанрындағы шығармалары мен ғылыми-философиялық трактат еңбектері Ислам дәуірі әдебиетінің туындыларымен салыстырыла беріледі. Шығармалар арасындағы сабақтастық мәселелері талданады.

Шәкәрім лирикасы мен ежелгі түркі поэзиясы арасындағы тақырыптық-идеялық үндестік мәселесі нақты мысалдармен дәлелденіп беріледі.

Шәкәрім лирикасы мен ежелгі түркі поэзиясы арасындағы көркемдік-эстетикалық сабақтастық мәселесі салыстырмалы әдеби талдау негізінде жан-жақты көрсетіледі.

Бітіру жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, үш тараудан және әр тарауға байланысты жеке тұжырымдар мен қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттердің тізімі көрсетілген.

І ТАРАУ. ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ШӘКӘРІМ:

ШЕЖІРЕ ЖАЗУ ДӘСТҮРІ

  1. ӘДЕБИЕТТАНУДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Көркемдік дәстүр жалғастығы - қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи және теориялық жағынан барлық қыры толық күйінде, жан-жақты зерттеле қоймаған аса күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Ал бұл мәселені ғылыми түрғыдан зерттеу - үлттық сөз өнерінің эстетикалық қуатын, философиялық мән-мағынасын, әрбір әдеби жәдігерліктің өмірге келу себептерін айқындап алуға мүмкіндік береді.

Алдымен, дәстүр ұғымына тоқталайық. Ұлттық энциклопедияда дәстүр ұғымына келесідей анықтама беріледі:

«Дәстүр - белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы. Дәстүр өз ішінде қоғамды басқару жүйесін, әлеуметтік қарым-қатынас пішімдерін, шаруашылық жүргізу тәсілін, әлеуметтік мұра нысандарын (материалдық және рухани құндылықтар), оларды ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру үрдістері мен тәсілдерін қамтиды. » [2. 166] .

Бұл дәстүр ұғымының жалпы анықтамасы. Бұдан біз дәстүрдің адам өмірінің барлық саласында үздіксіз жүретін құбылыс екенін, ұрпақтар арасындағы құндылықтар жалғастығы екенін көреміз, мейлің ол рухани құндылық, мейлі қарым-қатынас, тұрмыс-тіршілік, харекет құндылығы, бір сөзбен айтсақ, адам баласының өмір сүру ұстанымдары мен тәсілдерінің сабақтастығы.

Көркемөнердегі, оның ішінде әдебиеттегі дәстүр ұғымы көбіне жаңашылдық ұғымымен қатар айтылады. Дәстүр мен жаңашылдық - өзара тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып тұратын, өзара тамырласып жататын сабақтас ұғымдар. Яғни дәлірек айтқанда, белгілі-бір уақыт кезеңінің барысында жаңа деп танылған құбылыс бірте-бірте орнығып, өзінің өміршеңдігін дәлелдей келе өнегелі дәстүрге айналады.

Дәстүрге тән қасиет - ол дайын күйінде тумайды, бірте-бірте қалыптасады, ол заманалар жемісі, тәжірибелер нәтижесі. Уақыт сынынан, ұрпақтардың ақыл-ой елегінен өткен, халықтың тіршілік-тұрмысына жауап беру арқылы өміршең сипат алған құбылыстар ғана тұрақты күйде дәстүрге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ал жаңашылдық дегеніміз кешегі күн тәжірибесіне қарағанда, мән-мағынасы бай, бұрын-соңғының шеңберінен шыққан, уақыт талабына сай, мүмкіндіктерді кеңейтіп, келешекке жөн сілтейтін жаңа мазмұнды харекет. Дәстүр мен жаңашылдық жоғарыда атап өткеніміздей диалектикалық бірлікте болады. Оның негізі - ескі мен жаңаның жалғастығы. Бұл орайда орыс әдебиеттанушысы М. М. Бахтиннің мына бір сөздерін келтіре кеткен жөн: «Современность - сохраняет все свое огромное и во многих отношениях решающее значение. Научный анализ может исходить только из нее и все время должен сверяться с нею. Но замыкать его в этой эпохе нельзя: полнота его раскрывается только в большом времени . . . Произведение уходит корнями в далекое прошлое. Великие произведения литературы подготавливаются веками, в эпоху же их создания снимаются только зрелые плоды длительного и сложного процесса созревания. » [3. 333] . Ғалым өнердегі, әдебиеттегі шығармашылық үрдісінде дәстүрдің, дәуірлерге жалғасатын сабақтастықтың алатын орнын, мән-мағынасын осылайша жеткізеді.

«Дәстүрге көркемөнердің тақырып ауқымы, үйреншікті сарын, өмірге қатынасы, бейнелер аумағы идеялық бағыты, қалыптасқан көркемдік құралдары жатады . . . Өнердегі жаңашылдық деп, тың тақырыпты бұрын қолданылмаған әдіспен көркем тіл арқылы суреттеуді, соны мәселеге батыл шешім табуды, жаңа шығармалар тудыруды айтамыз. Жаңашылдық әрқашан шығармашылық ізденістің жемісі, ол өнер өрісін кеңейте түседі. Өнердің бұрын қол жеткен табысына, ұлы суреткерлердің тәжірибесіне сүйенбей шығармашылықта ілгерілеу мүмкін емес. Жаңашылдық пен дәстүрдің ұдайы ұшырасып отыратыны да осыдан. » [4. 156] .

Әдебиеттану ғылымындағы дәстүр ұғымы да кең ауқымды. Оған көркемдік дәстүрдің пайда болуы мен даму эволюциясы, жанрлардың генезисі мен типологиясы, мазмұн, форма, стиль бірлігі, көріктеу құралдарының түрлі тарихи кезеңдерде түрленіп, өзгеріп, қайталануы, ұлттық эстетикалық талғамның қалыптасуы, т. б. жатады. М. Әуезовтің сөзімен айтқанда: «Дәстүр мағынасына характер де, оқу мен өсу де, дами түсіп өзгеру де, мазмұн мен сыртқы сипат көрік-күй мәселесі - бәрі де түгел кіреді. Бұл сөз ғылымдық жағынан алғанда көлімдірек ұғымды білдіреді. » [5. 375] .

Тұрақты, өзгермейтін дәстүрлерге шығармаға канондық, мәңгілік тақырыптарды (елдік, ерлік, махаббат, өмір мен өлім, т. с. с) арқау ету дәстүрін жатқызуға болады. Бұл - мазмұн бірлігі, тақырып жалғастығы. Сондай-ақ туындының оны тудырған халық дүниетанымын, ділін, болмыс-бітімін, этникалық мінез-құлқын, құндылығын танытатын ұлттық сипаты да дәстүрге жатады. Тұрмыстық, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның айнала өмірді танудағы жаңа ұғым, түсініктеріне байланысты әдебиетте мазмұн мен форма жағынан жаңашыл шығармалар туады. Кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталады, суреттеу, сомдау, сөз қолдану жағынан жаңа бейнелеу құралдары да пайда болады. Әдеби шығармадағы тақырып жаңалығы, дүниетанымдағы, көркемдік ойлау жүйесіндегі жаңашылдық бүкіл бейнелеу құралдарына, жанр мен стиль ерекшелігіне де жаңаша сипат дарыта алады. Сонымен қатар бұрыннан бар бейнелеу құралдары да суреткер шеберлігінің арқасында қайта құлпырып, жаңаша қолданыла алады.

Қазақ әдебиеттану ғылымында әдебиеттегі дәстүр жалғастығы жайын алғаш қозғаған - Ахмет Байтұрсынов. Өзінің «Әдебиет танытқышында» ғалым қазақ әдебиетін «ауыз әдебиет» және «жазу әдебиет» деп екіге бөле келе, жазба әдебиетін ауыз әдебиетімен сабақтастықта, өзара жалғастықта қарастырады. «Жазу әдебиетінің» түрлерін (жанрларын) ауыз әдебиетінің дәстүрінде келтіреді:

«Жазу әдебиеті негізінде үшке бөлінеді: 1. Ертек (әңгіме) . 2. Толғау. 3. Айтыс-тартыс.

Жазу әдебиетінің ертек түріне кіретін сөздері ауыз-ертек, ертек-жыр, тарихи жыр, мысалдар сияқты сөздер. Толғау табы-на кіретін ауыз толғау, жоқтау сияқты көңіл күйінен шығатын сөздер. Айтыс-тартыс табына кіретін сөздер түрі ауыз әдебиетте жоқ, ашып айтқанда, ауыз әдебиетте айтыс-тартыс түріндегі сөздердің ауыз әдебиетте айтысы бар да, тартысы жоқ. Айтыс-тартыс түріндегі шығармалар жалғыз қазақта ғана емес, басқа жұрттардың да ауыз әдебиетінде болмаған. Айтыс-тартыс шы-ғармалар өте шеберлікті керек қылғандықтан, өнер күшейген кезде шыққан. » [6. 145] .

Көркемдік дәстүр жалғастығын тұңғыш зерттеген Мұхтар Әуезов болды. Абайдың ақындығын сөз еткен ғалым оның поэзиясындағы дәстүрлі арналар жайында: « . . . дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз» , дей келе [7. 208], Абайдың қазақтың ауыз әдебиетінен, Шығыс елдерінің классикалық поэзиясынан және Европа мәдениетінен үлгі алғандығын айтады. М. Әуезовтің Абай турасындағы зерттеулерінен кейін қазақ әдебиеттануына Абайдың ақындық мектебі, Абай дәстүрі ұғымдары енді. Мұның өзі көркемдік дәстүр жалғастығы мәселелерін зерттеуге үлкен түрткі болды. Қазақ әдебиетінің, әсіресе қазақ поэзиясының тарихындағы дәстүр жалғастығын арнайы зерттеген ғалымдардан Е. Ысмайылов («Қазақ әдебиетінің халық поэзиясымен байланысы жайында», «Ақындар»), М. Базарбаев («Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы»), З. Ахметов («Қазақ өлеңінің құрылысы», «Өлең сөздің теориясы», «Абайдың ақындық әлемі»), А. Нұрқатов («Абайдың ақындық дәстүрі»), Қ. Мұқаметханов («Абайдың ақын шәкірттері»), Ә. Дербісалиндерді («Дәстүр мен жалғастық») айта аламыз. Бұған қоса ХІХ, ХХ ғасырлардағы ақындардың шығармашылығын зерттеген қай ғалым болмасын қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығы, Абай мектебі, рухани, көркемдік-эстетикалық сабақтастық мәселелеріне соқпай кетуі мүмкін емес екендігін де айта кетуіміз керек.

Алайда қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы өз бастауын тек ауыз әдебиетінен, жыраулық, халықтық поэзиядан ғана алып қоймайтыны да белгілі. Дәстүр жалғастығы өз бастауын қазақ әдебиетінің түпкі қайнары саналатын сонау түркі әдебиетінен алады.

Қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығын ежелгі түркі әдебиеті контекстінде қарастырған ғалымдарға келер болсақ, олар - Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, Х. Сүйінішәлиев, М. Мырзахметұлы, Р. Бердібаев, М. Жолдасбеков, С. Қасқабасов, Ә. Дербісәлин, А. Қыраубаева, Ө. Күмісбаев, Н. Келімбетов, А. Егеубай, С. Негимов, Ғ. Есім, Ә. Сұлтанхан, Т. Еңсегенұлы, С. Дәуітұлы, Қ. Сейітжанов сынды ғалымдар. Бұл ғалымдар ежелгі түркі көркем сөз үлгілерінен бастап, қазақтың өзіндік төл әдебиетінің туындыларын қамти отырып, көркемдік дәстүр жалғастығының теориялық, тарихи аспектілерін біршама ашып көрсетті.

Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығындағы көркемдік дәстүр іздерін зерттеуге ғылыми еңбек арнаған ғалым - әдебиеттанушы Балтабай Әбдіғазиұлы. Ғалымның «Шәкәрім шығармаларының дәстүрлік және көркемдік негіздері» атты еңбегі (Филология ғылымдары докторының диссертациясы. Алматы, 2001), негізінен, Шәкәрім шығармаларын ауыз әдебиеті мен Абай дәстүрлері контекстінде қарастырады. Ал Шәкәрім шығармаларындағы ежелгі түркілік әдебиет дәстүрлерінің көріністері кешенді түрде әлі арнайы зерттелген емес.

Сонымен, дәстүр жалғастығы - бұл бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ұдайы ауысып отыратын, тарихи тұрғыдан қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен іс-әрекеттердің рухани негізі, ал қоғам дамуындағы дәстүр жалғастығының айқын айнасы - әдебиеттегі дәстүр. Әдебиеттегі дәстүр әрбір ұрпақтың өзінен бұрын ғұмыр кешкен ұрпақтар жасаған рухани мұраны игеруін, оны жаңа қоғамдық жағдайға сай жетілдіруін көрсетеді, сол әдебиетті тудырушы халықтың көркем ойы-пікірінің дамуын білдіреді, ғасырлар бойы қалыптасқан эстетикалық талғамы мен идеялық мұрат-мүддесін танытады.

  1. ШӘКӘРІМ ШЕЖІРЕСІНДЕГІ ТҮРКІЛІК ДӘСТҮРДІҢ ІЗДЕРІ

1. 2. 1 ШЕЖІРЕ ЖАНРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМ ШЕЖІРЕ ЖАЗУ ДӘСТҮРІ

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ ғалымдарының шежіренің маңызы мен ерекшелігі туралы ойлары
М. ТЫНЫШБАЕВ - ИНЖЕНЕР - ТАРИХШЫ
Қазақ тарихы дәстүрлі ауызша тарих
Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде
Әбілғазы ханның «Түрік шежіресінің» әдеби маңызы
АМАН АЯУЛЫ АЛМУХАМЕДҚЫЗЫ ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ АУДАРМАЛАРЫ
Шежірелердің Қазақстан тарихындағы деректік орнын көрсету
М.Ж. Көпеев шығармаларындағы шағатай тілінің элементтері
Ұлы жүз Суан тайпасының шежіресі
М.Ж. Көпеев және қазақ тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz