Аягөз ауданындағы этнонимдердің этнолингвистикалық табиғаты


Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігі
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті
Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті
Қазақ филологиясы кафедрасы
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: Аягөз ауданындағы этнонимдердің этнолингвистикалық табиғаты
Бітіру жұмысын орындаушы: Құрманбаева А.
«___»2007ж.
Ғылыми жетекшісі: ф. ғ. к., доцент Сейітова Ш. Б.
«___»2007ж.
Кафедра меңгерушісі: ф. ғ. к., доцент Сейітова Ш. Б.
«___»2007ж.
Норма бақылаушы: ф. ғ. к., аға оқытушы Бекбосынов М. Н.
Қорғауға жіберілді:
(мерзімі)
Семей 2007
М А З М Ұ Н Ы
Кіріспе . . . 3-5
І тарау Аягөз ауданындағы этнонимдердің тарихи сипаты . . . 6-22
1. 1. Шежіре - қастерлі қазынамыз . . . 6
1. 2. Аягөз ауданындағы рулардың қонысы жайлы қысқаша мәлімет . . . 9
ІІ тарау Аягөз ауданындағы этнонимдердің лингвистикалық сипаты . . . 23-36
2. 1. Аягөз ауданындағы руларға қатысты кейбір тарихи деректердің тілдік сипаты . . . 23
2. 2. Этнолингвистика жайлы жалпы түсінік . . . 27
2. 3. Найман руына қатысты шежіре-кітаптардағы этнонимдердің этнолингвистикалық сипаты . . . 30
ІІІ тарау Аягөз ауданындағы этнонимдерден қалыптасқан тұрақты тіркестер . . . 37-54
3. 1. Аягөз ауданындағы ру тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестер . . . 37
3. 2. Этнолингвистикалық этюдтер . . . 46
Қорытынды . . . 55
Пайдаланған әдебиетттер тізімі . . . 59
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі: Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, өткенге ой жүгіртіп, тарихымызды зерделей зерттеп төрт құбыламызды түгендеуге толық мүмкіндік алдық. Үлкенді-кішілі тарихшыларымыз, жазушыларымыз, ел ішіндегі сұңғыла ойшыл шежірешілеріміз хал-қадірінше ата-баба тарихына үңіліп, өз шамасына қарай шыққан тегін, руын, ел, жер тарихын кейінгі ұрпаққа сыр ғып шертіп, жыр ғып айтып өз білгенінше жазып қалдыруға еңбек етуде.
Қайта құрудың оң өзгерістері қазақ қоғамында тың серпін туғызып, ел өміріндегі қиын-қыстау кезеңдердегі ұмыт бола жаздаған ата мұраға - төл тарихымыз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміз бен өнеріміздің асыл қазыналарына қайта үңілуге, мол мүмкіндіктер алып берді. Халқымыздың елдігін, ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын сақтап қалу жолында ғасырлар бойы азаматтық күрес жүргізіп, елім деп еңіреген ел басшылары - хандар мен қамал бұзған қас батырлар, аталы сөз айтып, заманының сыншысы, кемеңгер ойшылы болған дуалы билерге деген көзқарас өзгеріп, тарихымыздағы талай бір ақтандақтардың сыр-сипаты ашыла бастады.
Халқымыздың ежелден дәріптеп, қастерлеп келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып отырған қазақ ескіліктерін құрайтын рухани құндылықтардың бірі «ата-бабаларымыздың шежіресі» осы таңда үлкен орын алып, жаңаша зерттеу туғызып отыр.
Кез келген халықтың қасиеті, мәдениеті ұлттық тілінен көрініс тауып, оның барлық тарауларынан байқалатыны мәлім. Сол қасиет қазақ халқының шежіресінен де байқалады. Аталмыш тұрғыдан менің зерттеуіме негіз болып отырған, тіл таразысына тартылып, санамызға сақталып келе жатқан ру, тайпа атауларынан қалыптасқан мағыналық бірліктер шежіре кітаптардағы этнонимдердің тілдік ерекшелігін айқындау ұлттық таным көкжиегін кеңейтіп, бүгінгі тірлігімізге тірек болары да анық. Бүгінгі таңда қазақ халқының шежіресін баяндайтын түрлі еңбектер бар. Атап айтқанда: Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» Орынбор 1911 жыл; Ә. Садуақасұлының «Тарихыңды танып біл» Алматы «Шартарап» 1996 жыл; А. Жақыпов, Т. Жирентаев, М. Абылғазиннің «Тоғыз тума тарихы» Алматы «Өлке» 2000 жыл; А. Жақыповтың «Хан батыр Қабанбай» Алматы 2001 жыл; С. Қорабаев «Ақтайлақ би» Алматы 1991 жыл; А. Маңабайұлы «Әзиз әулет» Алматы «Өнер» 2001; Т. Смағұлов «Найман Мәмбетқұл және Ырғызбай әулие әулеттері» Семей 2004 жыл; Қ. Алтынбаев, Е. Жұмахан «Ақсуат» Алматы «Ер Дәулет»; Қ. Алтынбаев «Көкпекті» Алматы 2002 жыл; Ж. Бейсенбайұлы Атамұра-Қазақтан Алматы, 1994 жыл атты т. с. с. еңбектерді жатқызуға болады.
Қазақ халқының бірнеше ғасырлық мәдени дәстүрлері мен салттарының әр түрлі даму тарихын қамтитын бұл еңбектер құнды болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Қазақ халқының өткен замандағы алдыңғы қатарлы өкілдері өздерінің ой-өрісіне, зердесіне қарай өз халқының ауызша тарихын, яғни шежіресін жасап қалдырған. Осы қазақ халқының мұралары мен көнеден жеткен жәдігерлерін жинап, іріктеп, саралап ғылыми айналысқа түсіру. Аягөз ауданын мекендейтін негізіг ру - наймандар болып табылады. Сондықтан «Наймантану» проблемасының негізгі де өзекті мәселелерінің бірі - «найман» этнонимінің және найман руына қатысты атаулардың (этнонимдердің), не этнотопонимнің төркінін, шығу тегін, мән-мағынасын, қолданыс аясын айқындау болып саналады.
Шынында да «найман» деген кімдер, ру-тайпа ма, ұлыс па, әлде жер-су атауы ма, ол қашан және қай жерде, қалай пайда болды? Бұл сөздің мағына-мәні не, оның біз зерттегелі отырған өте ежелгі түркі тайпаларының бірі - наймандардың атауы болып қалай қалыптасқанын саралау. Найман руының этнонимдеріне байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестерді жинап, оны зерттеу объектісі етіп алу.
Сонымен қатар шежірелерде қарастырылып отырған: ру, тайпа, тапқа қатысты аңыз әңгімелер, өлеңдер, этнографиялық мәліметтерді дерек көзі ретінде пайдалану арқылы, төмендегідей міндеттер қойылады:
- зерттеу жұмысына қатысты ғылыми-теориялық еңбектермен танысу;
- танысқан ғылыми-теориялық еңбектерді қажетті методологиялық негіз ретінде пайдалану;
- Найман руына қатысты этнонимдерге этнолингвистикалық сипат беру;
- Найман руына қатысты шежіре-кітаптардағы этнонимдерге берілген түрлі пікірлерді жинастыра отырып, салыстыру, ортақ анықтама жасау;
- «Найман» этнониміне қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестерді мазмұн-мағынасы жағынан қолданылу өрісін анықтау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Зерттеу объектісіне алынып отырған тақырып- бүгінгі күнде әлі зерттелінбеген, тың тақырыптардың бірі.
Сондықтан, қарастырылып отырған шежіре кітаптардағы этнонимдердің шығу төркіні, тарихы, этнолингвистика саласына қатыстылығы және бірінші, екінші деңгейлік уәжін айқындау болып табылмақ.
Зерттеудің әдістері: Зерттеу барысында алға қойған мақсат-міндеттерді шешу үшін ғылыми-теориялық сипаттама, жинақтау, талдау, анықтау, мазмұндау әдістері қолданылады.
Зерттеудің тілдік материалдары : Теориялық тұжырымдар жасау үшін фразеология саласына байланысты еңбектер, сөздіктер, хабарламашылар, теориялық еңбектер, шежіре кітаптардан жиналған тұрақты тіркестер картотека қалыптастыруға негіз болды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы: Аягөз ауданындағы ру тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерге қатысты шежіре-кітаптардағы этнонимдерді теориялық тұрғыдан қарастыру, тіл білімінің этнолингвистика саласына белгілі бір дәрежеде үлес қосады. Найман руына байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің ішіндегі ең құнарлы сала фразеологизмдердің және рухани құндылықтары мол, әрі бай қазақ ескіліктерінің жүйесінен үлкен орын алатынын, тақырыптық топтарын, құрылымдық сипатын айқындауға, олардың ұлттық мәдени өмірімен, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігімен байланысын танып білуге септіген тигізеді.
Зерттеу жұмысының нәтижелерін тіл білімінің этнолингвистика, лингвомәдениеттану мен лексикология салалары бойынша жүргізілетін арнайы курстарда пайдалануға болады. Қазақ елінің тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болғандықтан халықтық педагогика саласының оқу-тәрбиелік, дидактикалық бір белгісі ретінде мектеп бағдарламасына енгізіп, қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында пайдалануға әрі маңызды, әрі тиімді. Болашақта этнолингвистикалық сөздік жасау ісіне даяр материал болады.
Еңбектің құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден үш тараудан және әр тарауға байланысты жеке тұжырымдар мен қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі көрсетіледі. Тақырыпқа қатысы бар ғылыми-теориялық еңбектер де қамтылған.
І ТАРАУ. АЯГӨЗ АУДАНЫНДАҒЫ ЭТНОНИМДЕРДІҢ ТАРИХИ СИПАТЫ
1. 1. ШЕЖІРЕ-ҚАСТЕРЛІ ҚАЗЫНАМЫЗ
Егеменді ел санатын сақтап, ертеңгі жайлау-өрісімізді жаза баспай бағамдау үшін алдымен төл тарихымыздың тағылымына жүгінеріміз хақ. Басынан не қилы замандар өткерген ежелгі қазақ жұрты өзінің өмір шежіресінен алмаса, адастырмас ақ жолын қалай таппақ. Өткенін мансұқ көрсе, өркені неден өспек. Кешегісін жоғалтса, келешегінен несімен бармақ.
Өзге халыққа өктемдік жүргізіп, өзегіне тепкендер ойлап тапқан қаскөйліктің ең қастерлісі - боданындағы елінің жетпіс-пұстысы жебеп отыратын зердесінен айыру болғаны әшкере жайт. Ондай болса, мұндай күйге душар болған ел қайта ес жиып, етегін жинағысы келсе, өз тарихынан артық мектепті қайдан іздер. Сондықтан да халқының өткенін білуге деген ынта ұлттық сана оянуының қайырлы үрдісі ретінде қабылданса керек.
Осы тұрғыдан алып қарағанда бірде ауызша, бірде хатқа түсіп, осы күнге жеткен көне тарих жәдігерлігі - халық шежіресінің мәні ерекше. Кейде аңызбен астасқан, кейде қоспасыз өмір суретінің көшірмесі іспетті осынау ұшан-теңіз дүниесіз шынайы ғылыми тарихымызды жасай алмайтынымыз шүбәсіз.
Тәуелсіздік жеңісі берген рухани азаттықтың арқасында елімізге, тілге, діни-сенімге, ұлттық салт-дәстүрге, халық тарихына деген көзқарас, құрмет өзгерді. Ұрпағымыздың рухы оянып ұлттық сезімі, дүние танымы байырғы қадір-қасиетін іздей бастады. Қарияларымыздың сәждаға маңдайы тиіп, жастарымыздың ата-бабаларының ғұмырнамасын, ұлағатты үлгі-өнегесін білуге деген ықыласты ұмтылысы байқалды.
Қоғамдық даму, саяси соқтығыс, әлеуметтік сілкініс жылдарында тапқанымыз да мол, жоғалтқанымыз да аз емес. Онда ортайған қамба, оңған түс, кеміген қазына әлі-ақ толысар. Тек, жүздеген рухани байлықтың толысуы, түлеуі, түгелденуі оңай емес.
Оның біреуі - халқымыздың шежіресі, шежірешілік өнері. Бұл өнерде небір тылсым құдірет бар.
«Шежіре деректерін жалған сөз, қисынсыз ертегі деп қарауға болмайды; өйткені түрік-моңғолдар өздерінің ата-тегі туралы шежіреге айрықша мән береді. Олар бұл шежірені, тіпті, тілі жаңа шыққан балаларының өзінің құлағына құйып қояды, сондықтан өз руының шежіресін білмейтін, өзінің арғы тегін тарата алмайтын кісілер мүлде ұшыраспайды. Бұл - естен кеткен ескі замандардан күні бүгінге дейін сабақтасып келе жатқан дәстүр»-деп жазған еді ежелгі мұсылман әлемінің ұлы тарихшысы Рәшид-әд-дин.
Шежіре - белгілі бір халық пен ұлыстың, ру-тайпаның шығу тегі мен таралу өрісін, әрбір буын өкілінің түп-тұқиянынан тартып, ата-бабаларының өсіп-өнуі жолын саралайтын жаднама, жалпы ел-жұрттың бастан кешірген тарихы мен әлеуметтік өмірін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ауызша да, жазба түрінде де паш ететін жәдігер. Сондықтан да, шежіре - қазақ халқының жадында сақталып, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа көбінесе аңыз-әңгіме түрінде желісі үзілмей келе жатқан рухани мұрасы, баға жетпес асыл қазынасы болып саналады. Қазақ даласында, әсіресе, жазу-сызудың онша дамымаған кезінде ауыздан-ауызға тарайтын шежіре халық жадында сақталған тарихтың бір көрінісі болды. Бірақ шежіре тарихтың дәл өзі емес, тарихты гениологиялық, этникалық деректермен толассыз толықтырып отыратын оның қайнар бұлақтарының бірі болып саналады.
Шежіре ел жадында өмір сүретін, ұрпақтан-ұрпаққа рухани эстафета ретінде үздіксіз ауысып, соның барысында ылғи өзгеріп, жаңғырып, жаңаланып отыратын жанды құбылыс. Ол көбінесе сол шежірелерді дүниеге келтіретін қуымның, әсіресе, ұлт элитасының, белгілі әлеуметтік саяси мүддесіне сәйкес өзгеріп, солардың ата-баба аруағын дәріптеп, марапаттауға бағышталып отырған. Жазу-сызу бүгінгідей дами қоймаған ерте кездерде өзін сыйлай білген әл-ауқатты ұлт өкілдері (бай-манап, молда-қожа) өзі жаза алмаса да, жөн білетін сауатты шежірешілерге өз ата-бабаларының шежіресін жазғызып, қалың киізбен қаптап, сандық түбіне сақтап, өлерінде өз ұрпағына табыстап, шежіре дәстүрін үзбей жалғастырып отырған.
Шежіре әуелде жазба тарихы болмаған елдің күнкөріс, тіршілігіне негізделіп, қоғамдық сана-сезімнен туған. Яғни, бір буыннан екіншісіне ауысып, құлаққа сіңісті, ұғымға түсінікті болып келген тарих. Бұл тарихты халықтың өткен өмірінен дерек беретін, мұралық мәні бар естелік деп қарау орынды.
Шежіре - халқымыздың ғасырлар бойғы тарихының негізгі рухани байлығы, тәлім-тәрбие құралы, ұлттық құндылықтарымыздың мәйегі. Ата-бабаларымыздың ұстанған жол-жорасы, салт-салтанаты, рухының қайнар көзі. Иелік еткен жері, оның атаулары, кіндік қаны, маңдай тері сіңген топырағы, ондағы байлық қазынасы. Оны аттан түспей, бел шешпей жүріп қорғап, гүлдендірген ата-бабаларымыздың өмірінің өнегесі, ерлік үлгісі, адамгершілік болмысы. Тұқым тегіміз, қанымыз, әрбір ата-рудың нәсілдік ерекшелігі.
Міне, осы тәрізді әр түрлі мақсат, тәсілдермен жазылып қалған шежірелер қазақ даласында аз болмаған. Ол шежірелер авторларының көтерген тақырыбы мен мақсатына қарай: «Пайғамбар-сахабалар шежіресі», «Әулие-әнбиелер шежіресі», «Қожалар шежіресі», «Хан-патшалар шежіресі», «Төрелер шежіресі», «Халық-ұлт шежіресі», «Ру-тайпа шежіресі», «Ата-бабалар шежіресі», «Түркі шежіресі», «Төл шежіре» т. т. әр қилы аталып бізге жетті.
Ұрпақ тарихын атадан балаға мирас қылып қалдырып келген қазақ халқы, ата-тегі туралы әулет кітабын жазып, үйлерінде сақтап отыру дәстүрін күні бүгінге дейін үзбей жалғастыруда. Келер ұрпақ алдындағы өз парызын түсіне білетін әрбір саналы от басында кездесетін шежіре кітаптардың әр сөзі - бабалар тарихынан олардың ежелгі өмірінен сыр шертетін әрбір азаматтың шыққан тегін, руын, арғы ата-бабаларын танып білуіне көмек беретін танымы мол асыл қазына.
Қазақ этносының ұлт болып қалыптасуының тарихи саяси әлеуметтік сара жолындағы ру, тайпа, ел, халықтың басын біріктірген - тіл.
Осы орайда М. Әуезовтің: « . . . Ата тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыратылған ел «азған ел» атанып, кейін аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады» [1. 23] - деген тұшымды пікірі ойға оралады. Тілі мен рухын қасық қаны қалғанша қорғап, сақтауының арқасында аты мәңгілікке сақталып ұрпақтарына жеткен елдер қаншама, ал қолда барын қадірлей алмай тарихтың тұңғиығын бойлап кеткен елдер де соншалықты болар.
Шежіре - төл тарихымыздың ең басты құрамдас бөлігі, көнеден хабар беретін дерек көзі. Ұзақ жылдар бойы шежіреге теріс көзқарастың нәтижесінде кейінгі буын емес, тіпті аға буын өкілдері де шежіре тарату түгіл, өзінің жеті атасын білмейтін халге ұшырағаны жасырын емес. Кейбіреулер тіпті қазақпыз деп айтудан жасқанып, шежіре дегеніміз ескіліктің қалдығы, ру сұрасу «мәдениетсіздіктің» белгісі деп саналатын кезді де бастан өткердік. .
Ал, шежіре - қазақты онан әрі жікке бөлу мақсатында емес, керісінше бүгінгі жастарымыздың ұлт тарихында өшпес із қалдырған атақты арғы аталарын, өзінің шыққан тегін біліп жүрсін деген ниетпен жазылатыны мәлім.
Жалпы шежіре - өзге ешбір жұртта жоқ қазына. Ата-бабасын таратып, атақты ер бабаларымыз жайлы өскелең жас ұрпаққа өнегелі де, патриоттық тәлім-тәрбие беретін баға жетпес мұра - шежіре. Қазақ халқы бір-бірінің арасындағы жақындықты қанмен, ата қуған туыстықпен өлшейді. Бұл әр қазақтың қанына сіңген қасиет болғандықтан, ұлттық ерекшелік деп те қарауға болады. Шағын бір рудың, тайпаның, таптың ата тегін баяндатын шежіре жергілікті жердің тарихын тақата мәлімдеуге табылмас құнды материалдардың бірі, әрі халық тарихының құрамдас бір бөлігі осындай көптеген жәдігерліктерден құралады.
«Руыңды білуді рушылдық деп қарауға болмайды. Руын білмеу - русыздыққа, атасыздыққа, тексіздікке, жетесіздікке, қансыздыққа ұрындырады» [2. 4] . Сондықтан да ата-бабамыз:
«Аталы ұлға сөз берсе - алты атасын мақтайды,
Жетесізге сөз берсе - жеті атасын боқтайды» [3] - деп мәтелдеген.
«Ру дегенің құру» деп түсіну жаңсақтық. Шынында шежірені білмеген кісі бөлінеді. Білген кісінің барлық ру тайпалардың арғы түбі бір діңгектен, бір түп атадан таратылатынына көзі жетіп отырады. . Білгенде рудан-руды артық қою үшін емес, ел тарихын, қазақ тарихын үйрену үшін ең қажетті өмір оқулығы деп ұғынған жөн. Ұлттық рух - адам мен халық жанына - тілмен, дәстүрмен, дінмен, өнермен сіңеді.
Қазақ шежіресі - қазақ халқының өте ертедегі ата тегін пайғамбар заманынан бастап, әрі күллі адамзаттың шығу тегін көне заманда туған тарихи аңыздар, әпсаналар негізінде баян етеді.
Қазақ шежіресінде халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған даналық, шешендік қасиеттері, дүние танымы, сенімі, басынан өткен тағдыры, ол жолдағы дара тұлғалардың ерлік, еңбек өнегесі сараланған.
Ұзақ уақыт бойы үстемдік құрған қызыл саясаттың қопасында тұншықтырылып, ұлт болмысынан аластатылып келген ата дәстүрімізді халқымыздың бүгінгі таңда онша түсінбей, мәнін ұқпай, жөнді білмей, жиі қолдана алмай жатуы - сүйекке таңба түсіруімен бірдей емес пе?! Олай болса, жоғалтқанымызды іздеп, бүгінде заман талаптарына сай барымызды айқындап, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздың өміршеңдігін одан әрі өрбіте, дамыта отырып, халықтың сана-сезімін оята отырып, қазаққа жеткізудің маңызы өте зор.
Демек, оны қалпына келтіру қазақтың ұлттық болмысын табу, тану, тірілту деп түсінген абзал. Тұтас халық, оның шежірешілік өнері барда халық тарихы жалғаса бермек. Тарихы бар қазақ жасай бермек.
1. 2. АЯГӨЗ АУДАНЫНДАҒЫ РУЛАРДЫҢ ҚОНЫСЫ ЖАЙЛЫ ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ
Шығысында Алтайды жастанып, қазақ даласының өң бойын көктей өтіп, мұртын Бурабай көліне матырған, Тоқта, Барлық аталатын шыңдарының сілемдерімен Алатауға маңдай сүйескен Тарбағатай тауы.
Бұрын ен жайлап, еркін көшкен қазақ халқының құтты мекенінің бірі бүгінде жалпақ жұртқа мәлім Өзбек, Қыпшақ, Қырғыз, Қарақалпқ, Естек, Қазақ аталатын Алаштың алты баласы өсіп-өнген сайын кең өріс, нулы жер керек болған.
Қазақтың өзі кезінде өскен мал баласына қоныс тауып беруге ерекше назар аударғанын Өзбек ағасынан жер сұрай барған мына сөзінен көруге болады:
«Алаштасаң атам бір,
алақан жайсаң батам бір.
Түйе болсаң, екі өркештің бірімін,
Бие бослаң, екі емшектің бірімін.
Өзбектің төске жаяр шұрайы едім,
Ел шетіне жау келсе, өткізбейтін тұлайы едім»-
деп, өз ағасы Өзбектен Қаратау жерін еншілеп алған екен дейтін аңыз бар. Сол қазақтың Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс атты ұлдарының ұрпағы өсіп, әрқайсысы жүз шаңыраққа толғанда туысымен қоныстасуына байланысты жүздіктерге бөлінгені де белгілі. Содан күні бүгінге дейін Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз аталатынымыз да анық.
Орта жүзді құрайтын Арғын, Найман, Керей, Уақтың, Қыпшақ, Қоңырат толықсыған кезінде, шыңысы Алтай сағасынан бастап, батысы Жетісу өңіріне тірелетін байтақ жерде Найман елі мекендеген. Сонда Тарбағатай ата қонысы боылп есептеледі. Бұл тарихи деректерге қарағанда 1200-ші жылдар шамасы болса керек. Елдің өскені сонша, Найман мен Керейдің мемлекеті де болған көрінеді. Ағайын арасындағы араздықты жаулыққа айландыра білген Шыңғысхан шабуылынан кейін атамекен жат жұрттың қолында қалған. Иесіз үйдегі ұры күшіктей бар билікті бес ғасыр бойында қолына алған соң жер аттары да солардың тіліне өзгерген, төл аттары естен шыққан. Тарбыға - суырлы, тай - тау содан Суырлы тау - Тарбағатай болып аталып кете барған.
Осы Тарбағатай орыс, қытай мемлекеттерінің шекара бөлігіне түскенде, күңгейі қытай еліне, теріскейі - орыс еліне енші болды.
Біздің «Тарбағатай» совхозы осы Тарбағатай тауының батыс-солтүстігіне орналасқан. Басынан мұнар мен бұлт арылмайтын Өкпеті шыңы - атылуға оқыталып, атылмай шөкелеп қалған арыстан бейнесінде. Осы шыңның баурайынан жасыл белбеудей созылып бүкіл Аякөз уданын орап өтіп, Балқашқа құятын Аякөз өзені басталады. Өзен мен судың, жер мен таудың атына тілінде бар асылы арнайтын қазақ халқы өзен атын Аякөз деп қойғанда да тапқырлық танытқан.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz