Ескі қазақ жазба тілі үлгілеріндегі лексика-семантикалық және сөзжасамдық ерекшеліктер


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 42 бет
Таңдаулыға:   

ЕСКІ ҚАЗАҚ ЖАЗБА ТІЛІ ҮЛГІЛЕРІНДЕГІ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ СӨЗЖАСАМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

(ХV-ХVІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштер материалдары бойынша)

Қазақ тілінің қазіргі өркениетіміз бен мәдениетіміздің және ұлтымыздың қалыптасуында негізгі ұйыстырушы, ұйтқы болғандығы белгілі. Қазіргі қазақ тілінің қалыптасу тарихын, даму жолдарын зерделеу, оқып-үйрену - ұлттық, мемлекеттік, жалпы азаматтық міндет, парыз болуымен қатар, мәдениетіміздің келешектегі даму бағдарларын анықтауға септігін тигізер мүдделі қажеттілік. Бабаларымыздың өткен тарихтағы асыл мұраларын танып білу іс-шараларында ескі қазақ тілінің жазба үлгілеріндегі материалдардың қолдағы барын игерудің, жоғын іздестіріп ғылыми айналысқа тарту ісінің маңызы өте зор. Өкінішке орай, ескі қазақ жазба тілінің ХV-ХVІІ ғасырлардағы жай-күйін танытатын жазба нұсқалардың көпшілігі бізге жетпеген, ал басым бөлігі түрлі объективті, іші-нара субъективті жағдайларға байланысты шетелдік мұражайлар мен кітапханалар қорында жатыр.

Қазақ хандығы өз алдына шаңырақ көтеріп, қазақ мемлекеттігін жариялағанымен, олардың өмір-тіршілігі көбінесе тарихи-саяси тартыс, күрес үстінде болды. Қазақ жұрты талай шабуылға ұшырап, қазақ жерінің арғы шеті мен бергі шетіне үнемі көшіп жүргені тарихтан белгілі. Әсіресе, отырықшы халық пен отырықшы елдің мекен-жайы болған қалалардың өзі жиі-жиі, бір қолдан екінші қолға өтіп отырғаны тарихтан мәлім. Бұл жағдай қазақ халқының тарихи жазба мұраларын толығымен сақтауға, келешек ұрпаққа жеткізу мүмкіндігіне кері әсерін тигізді. Түркі тайпаларының, оның ішінде ескі қазақ тілінің ерекшеліктері V-VІІІ ғасырлардағы Орхон-Енисей, одан кейінгі көне түркі, ұйғыр, араб жазулы және т. б. жазба ескерткіштерде сақталған. Әсіресе, «шағатай тілінде орындалған» деп танылып жүрген жазба ескеркіштерге қазақ халқы да ортақ. Өйткені шағатай тілі өз кезінде көптеген түркі тілдес халықтарға ортақ тіл. Қазақ ру-тайпалары дербес мемлекет құрып, өмір сүре бастаған ХV-ХVІ ғасырларда жазба дүниелердің қажеттілігі туды. Ол қажеттілік алдымен қазақтың хан-сұлтандарының өзге елдермен қарым-қатынас жасау саласында бой көрсетті. Сонан соң, жеке адамдардың немесе әулеттердің кейінгі ұрпақтарына ата-бабаларын танытатын шежірелер жазу дәстүрі болған. Сонымен қатар, жазба түрде өсиетнама қалдыру сияқты дәстүрлер де болған. Сол кездегі шежірелер құрылысы, баяндау стилі, көлемі, орындалу мақсаты жағынан әр түрлі болып келген. Олардың ата-бабалардың аттарын хронологиялық тәртіппен түзген сызба тәріздес қысқа түрлері де, тарихи шығарма түрінде келетін күрделі түрлері болса керек. Алдыңғы топтағы түпнұсқалары сақталмаған. Ал тарихи жылнама түрінде жазылған жазба ескерткіштердің бізге жеткені де өте аз.

Негізгі материалдар - Қадырғали Жалайыридің «Жамиғат-Тауарих», Әбілғазы Бахадүр ханның «Түркі Шежіресі», «Әділ сұлтан» эпикалық жыры және Өтеміс қажының «Шыңғыснама» атты жазба ескерткіштерінде берілген тілдік материалдар. Олар иіні мен ретіне орай өзгедей материалдармен де салыстырыла қарастырылады. Бұл талдауларды жасауда жазба ескерткіштердің бұрынғы транскрипциялары (Б. Әбілқасымұлы: «Түркі Шежіресі» (Демезон нұсқасы), Р. Сыздықова, М. Қойгелдиев: «Қадырғали би Қосымұлы және оның Жылнамалар жинағы», «Шыңғыснаманың» В. П. Юдин дайындаған транскрипциясы және «Әділ сұлтан» эпикалық жырының А. И. Исин жасаған транскрипциясы) сол қалпында пайдаланылды.

Қазақ тілінің орта ғасырдың соңғы ширегіндегі жай-күйіне, тілдік ерекшеліктеріне тілші ғалымдар, мәдениет қайраткерлері үнемі назар салып, түрлі жанрларда орындалған ізденіс жұмыстарына арқау етіп келеді. Осы бағытта зерттеулер жүргізіп, келелі пікірлері мен тұжырымдарын ұсынған Ш. Ш. Уәлихановтың, А. Байтұрсынұлының, М. Тынышпаевтың, Қ. Жұбановтың, Н. Т. Сауранбаевтың, Ә. Х. Марғұланның, Б. Кенжебаевтың, С. А. Аманжоловтың, Р. Сыздықованың, Ә. Т. Қайдардың, Ә. Құрышжанұлының, Б. Әбілқасымовтың арнайы орындалған еңбектерінде, сондай-ақ осы мәселеге қызығушы мамандардың түрлі басылымдар арқылы білдірген пікірлерінде мәселенің өткір де өзекті тұстары туралы келелі пікірлер ұсынылып жүр. Оларды бір арнаға, бір аяға топтастыру, жүйелеу арқылы мүмкіндігінше мәселенің нақты шешімін табудың қажеттілігі күнбе-күн артып келеді.

1. ХV-ХVІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ЕСКІ ҚАЗАҚ ЖАЗБА ТІЛІН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1. 1. Ескі қазақ жазба тілі ұғымы туралы

Ескі қазақ тілі - орта ғасырда (ХV-ХVІ ғғ. ) қолданылған қазақ халқының тілі. Бұл кезде белгілі бір қыпшақ тайпалары мен түркі рулары Алтын Орда мемлекетінен бөлініп шығып, «қазақ» деген этникалық атқа ие ретінде, өз алдына этнос болып қалыптасқан. ХV ғасырдан бастап осы қалыптасқан халық көршілері арасында да, сол заман оқиғаларын көрсететін жазба деректерде де «қазақ» атымен белгілі болады. Қазақ этнонимінің туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушілердің қызу айтыс-тартысының тақырыбына айналып келеді. Ол халықтың өзінің шыққан тегі туралы туғызған көптеген аңыз-әңгімелерінде сөз болады. Деректерге қарағанда, бұл термин әуелгі кезде әлеуметтік мәнінде қолданылып, «өз мемлекетінен, тайпасы мен руынан оқшауланып шығып, шытырман оқиғалар іздеуге мәжбүр болған адам» (В. В. Бартольд) мағынасында қолданылады. «Тарих-и Рашиди» мен өзге деректерде « қазақ » атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп кететін сияқты топты білдіру үшін бастапқы кезде «өзбек-қазақ», сосын «қазақ» түрінде пайдаланылады.

Ескі қазақ тілі өз дамуында үш дәуірді басынан кешірді: а) қалыптасу (ХІV-ХVІІ ғғ. ) ; ә) даму мен жетілу дәуірі (ХVІІ-ХІХ ғғ. ) ; б) жаңа дәуір, яғни оның одан әрі де өркендеген уақыты (ХІХ ғ. ) .

Ескі қазақ тілі өзінің бастау кезін ортағасырдың орта кезеңінен (ІХ-ХІІІ ғғ. ) алады. Ол кездегі халықтар «түрк/түрік, түркі» сияқты жалпы атаумен аталып, сол дәуірдегі жазылып қалынған «ескі түркі жазба ескерткіштері» деген атпен белгілі болған. Алғашқы орта ғасырдан (V-VІІІ ғғ. ) қалған жадыхаттарды «көне түркі ескерткіштері» деп есептейді. Әрине, қазіргі қазақ тілі өзінің ескі түрі арқылы осы айтылған тарихтың қойнауына қарай үңілсек, ескі түркі елдерімен де тарихи өзектесіп жатады. Оның кейбір ерекшеліктері мен тамырлары Алтай тілдерімен (олар арқылы Орал тілдерімен де) араласып кетеді, демек, біз өз тіліміздің пайда болу (жаратылу) табиғаты мен өзгеруінің эволюциялық жолдарын антикалық дәуірден (прототүркі дәуірінен, б. з. д. ІІІ ғ. - б. з. ІV ғ. ) іздеуіміз керек. Кезі келгенде «көне қазақ тілі», тіпті «ежелгі қазақ тілі» деп те айта беруге болар, бірақ көне түркі тілдерінің (V-Х ғғ. ) кезінде, әрине, «қазақ» («қазақ тілі») деген сөз дәл қазіргі мағынасында айтылмаған (жазылып та қалмаған), ал ескі түркі тілдерінің кезінде (ХІ-ХVІІ ғғ. ) «қазақ» деген сөз жазылып қалғанмен, оның беретін мағынасы дәл қазіргідей болмаған, яғни ол этникалық термин емес, бейтарап сөз болған. Алайда, қазақ тілінің көне (ескі) тіл екендігін теріске шығаруға болмасы анық. Оның көнелік (ескілік) сипаттары көне (ескі) түркі жазба нұсқаларының тілінен айқын байқалып отырады. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан рулар мен тайпалардың, ұлыстар мен халықтардың өз заманында қолданған тілдері қазіргі қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуының қайнар көзі. Олар V-ХV ғғ. өмір сүрген бұлғар, қыпшақ, оғыз және қарлұқ сияқты басты-басты тайпалар одақтарының құрамына еніп, солардың тілінде сөйлеген [3, 113] . Басты бір фонетикалық заңдылықтар д-з-й (адақ-азақ-айақ), н-ң-й (қон-қоң-қой) з мен г дыбыстарының й, у болып өзгеруі немесе түсіп қалуы т. б. осы кезде қалыптасқан ( д, з, н, ң, ғ, г дыбыстарын қолданатын тілдер не көне, не ескі болып есептеледі, осыған орай қазақ тілінде адақтау-айақтау, суғар-суар, жаз-жай сияқты сөздер кездесе береді) .

1. 1. 2. Қазақ тілін дәуірлеу мәселесі

Қазақ ру-тайпалары дербес мемлекет құрған кезде, яғни ХV-ХVІ ғасырларда жазба дүниелердің қажетілігі туды. Бұл қажеттілік алдымен қазақтың хан-сұлтандарының өзге елдермен қарым-қатынас жасау саласында бой көрсетті. Сонан соң жеке адамдардың немесе әулеттердің кейінгі ұрпақтарына ата-бабаларын танытатын шежірелер тарату дәстүрі болған. Сонымен қатар, атаның өзінен кейінгілерге ақыл-өсиет сөздерін жазба түрінде қалдыру сияқты дәстүрлер де болған екен. Сол кездегі шежірелер құрылысы, баяндау стилі және көлемі жағынан әр түрлі болып келген. Ата-бабалардың аттарын хронологиялық тәртіппен түзген схема тәріздес қысқа түрлері де тарихи шығарма түрінде келетін күрделі туындылар да болса керек. Алдыңғы топтағылардан өз кезінде жазылған түпнұсқалар сақталмаған. Ал тарихи жылнама түрінде жазылған жазба ескерткіштердің бізге жеткені өте аз.

Қазақ әдеби тілінің даму барысын дәуірлерге бөлу мәселесі жайындағы пікірлер жүйесі біркелкі емес. Өйткені бұл тілдің басталар тұсы мен әрі қарайғы даму бағыты әртүрлі танылып келгендіктен, оның дәуірлерге бөлінісінің біркелкі болуы мүмкін де емес. Қазақ тілінің бастау алар кезі жайлы пікірлер жиынтығы мынадай:

  1. Қазақ тілінің тарихын ертеден, көне түркі дәуірінен, хундар мемлекеті кезінен бастайды (Ғ. Мұсабаев ІІ ғасырдан, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев V ғасырдан т. б) .
  2. Қазақ тілінің тарихы ХVІІ ғасырлардан басталады (Қ. Жұмалиев, М. Балақаев т. б. ) .
  3. ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады (Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев) . Бұл пікірді ұстанушылар ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейін де қазақ тілін танытатын үлгілер болды, дегенді айтады.
  4. Қазақ тілі қазан төңкерісінен кейін басталады (Т. Қордабаев) .
  5. Қазақтың төл тілі ауызша дамыған авторлы поэзия түрінде оның халық болып құралған кезеңінен, ХV-ХVІ ғасырлардан басталады, ал ескі жазба тілі ХVІ-ХVІІ ғасырлардан, жаңа ұлттық жазба тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады (Р. Сыздықова, Ә. Құрышжанов, Б. Әбілқасымов, Қ. Өміралиев, А. Ысқақов т. б. ) [1, 17] .

Қазіргі қазақ тілінің ескі қыпшақ тілімен тікелей байланысты екендігін профессор Ә. Құрышжанов: сөздің иіні келген соң айта кетейік, М. Барманқұлов «Существенное влияние на образование казахской народности оказала Кипчакская конфедерация», - деп көрсетеді. Бұл мәселе туралы ең алғаш арнайы мақала жазып, нақтылы пікір айтқан академик Н. Т. Сауранбаев еді. Бұл автор зерттеулерінің ең түйінді жері мынадай: «Современный казахский язык есть развитие древнекыпчакского языка в новых условиях. Монолитный язык казахов сложился и существовал до Х в., когда народ, говоривший на кипчакском языке, стал называться казахами» дей келе, Н. М. Карамзин «Казахия» деген елдің атауын Х ғасырдан бастап белгілі болған еді деп көрсетеді, өйткені ол сөз Византия императоры Константин VІІ Багрянородныйдың (905-959 ж. ) еңбектерінде жазылып қалған екен. Н. Т. Сауранбаевтың «до Х в. » деп отырғаны осындай бір мағлұматтарға келіп саятын болса керек, өйткені Византия императорының Х ғасырдан кейін жазуы мүмкін еместігіне баса назар аударды [22, 22] .

Осындай бастау кездеріне сәйкес, қазақ тілінің әрі қарайғы даму кезеңдері де әр түрлі ұсынылып жүр.

1968 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (М. Балақаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов) атты оқу құралында да әдеби тіл тарихын зерттеуші М. Балақаевтың пікірі негізге алынғандықтан, қазақ әдеби тілінің даму барысы мынадай кезеңдермен байланыстырыла қарастырылады:

1) ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдеби тіл;

2) ХІХ ғасырдың І жартысындағы әдеби тіл;

3) ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы әдеби тіл;

4) ХХ ғасыр басындағы әдеби тіл;

5) 1920-1930 жылдардағы әдеби тіл;

6) 1940 жылдан кейінгі әдеби тіл.

Ғалым Р. Сыздықова қазақ әдеби тілінің даму кезеңдерін белгілеуде ұсынылып келген бұл кестелердің көпшілігінен мына бір жайт байқалады, дей келе, әдебиеттанушылар мен тіл мамандары да жалпы бір-бірінен бөлек екі категорияны: жалпы қазақ тілі және қазақтың әдеби тілі дегендерді араластырып, осы екі категорияны айырмайды. Бұл екі категория дәуірлеуге келгенде екі түрлі болуға тиісті. Жалпы қазақ тілінің тарихы әріден басталады және ол осы тілде сөйлейтін халықты құраған ру-тайпалардың тарихымен, этникалық тұтастық ретінде халық болып топтасу үрдісімен, оның әрі қарайғы ұлт ретінде ұйымдасуымен байланысады. Осы тұрғыдан келгенде, жалпы қазақ тілінің дәуірлерін біздің жыл санауымыздан бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңнен бастап біздің жыл санауымыздың ХІV-ХV ғасырларына дейінгі дәуірі, бұл дәуірде болашақ қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың тілі; екінші кезең - ХV ғасырдан ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі мерзім, бұл мерзімде ру-тайпалар этникалық тұтас халық ретінде қалыптасты. Үшінші кезең - ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан қазіргі кезге дейін, бұл уақытта қазақ халқы ұлт болып шоғырланды деп тануға болады. Әдеби тіл - халықтық немесе ұлттық мәдениеттің белгілі бір көрінісі, ол әрбір халықтың өзі жасап отырған дәуіріндегі қоғамдық-экономикалық, саяси-шаруашылық өмірімен тікелей байланысты. Сонымен қатар, әдеби тіл өзінің ішкі даму заңы бойынша да өрістейді. Тіл өзі қызмет етіп отырған ортаның мәдени-әлеуметтік ерекшеліктерімен, яғни ғылымның, өнердің, әдебиеттің, қоғамдық ойдың, т. б. даму дәрежесімен қоян-қолтық араласып, астасып жатады. Сол сияқты әдеби тіл өзін тұтынып жүрген халықтың этногеографиялық ортасына да тәуелді, әсіресе тәлім-тәрбие беріп, білім тарататын орталықтармен тікелей қарым-қатынаста болады [1, 20], деп тұжырымдайды.

Әдеби тіл әрдайым өзгеріп отырады. Ол өзінің қызмет ету барысында көптеген күрделі жолдардан өтеді. Сондықтан әдеби тілдің даму кезеңдерін тарихи тұрғыдан алып қарау керек. Ұзақ жылдар бойы ол ақырын өзгереді, біртіндеп қалыптасып, сыртқы сандық өзгерістерден ішкі, сапалық өзгерістерге ұшырайды. Осындай ішкі (тілдік, құрылымдық) өзгерістерге байланысты да әдеби тілдің өзгеру, жетілу немесе даму дәуірлерін бірнеше кезеңдерге бөліп қарауға болады. Қазақ әдеби тілінің даму тарихын басты-басты екі дәуірге бөлуге болады:

  1. Қазақ халқының ұлттық кезеңге дейінгі тілі;
  2. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасқан кезеңіндегі тіл.

Алғашқы дәуірдің өзін шартты түрде екі кезеңге бөліп қарауға болады:

а) Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасу дәуірі, ХV-ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысын қамтиды.

б) ХVІІІ ғасырдың ІІ жартысынан ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі кезең, яғни бұл кезде қазақ жерінде хандық жойылды.

Алғашқы дәуір қазақ халқының дербес хандық құрып, өз алдына мемлекет құра бастауы ХV ғасырдан басталып, ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл - қазақтың ауызша және жазба тілдерінің қалыптасуы мен даму процесінің алғашқы тұсы. Осы кезеңдегі ауызша дамыған әдеби дәстүр қазақ халқы мен қазақ хандығының іргетасын бекіте түсетін үлкен мәдени-рухани күш болды.

Екінші дәуір ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады. Бұл - қазақтың ұлттық жаңа жазба тілінің қалыптасу кезі болды. Сол кезде қалыптасқан қазақтың ұлттық жазба тілі өзгеріссіз бүгінгі қазақ әдеби тіліне ұласып отыр.

Академик Р. Сыздықова қазақ тілі дамуын дәуірлеудегі ұсынылып келген пікірлерді көрсете келіп, бұл мәселенің әлі де шешілмеген даулы жайттары барын айтады. Дау туғызатын мәселенің бірі - қазақтың төл ауызша әдеби тілінің тарихын не себептен ХV ғасырлардан бастаймыз деген сауал. Бұл кезең - қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың өз алдына дербес халық болып топтана бастаған, яғни «қазақ» деген этнонимнің тарих сахнасынан орын ала бастаған тұсы. Дербес қазақ хандығы құрылған ХV-ХVІ ғасырларда нағыз тума қазақ әдебиеті ауызша поэзия түрінде қалыптасады. Соған орай оның төл әдеби тілі де поэзия тілі түрінде жасалды. Сөз жоқ, бұған дейін де қазақ тілінде сөйлеген ру-тайпалар сан ғасыр бойы өмір сүріп келген және олардың жақсы дамыған ауызша көркем әдебиет дәстүрі болған, - дейді.

Екінші мәселе - қазақ қауымы халық болып қалыптасқан бойда көркем әдебиеті мен тілі бірден пайда бола қоюы шындыққа сая ма деген сауал. Әрине белгілі бір ру-тайпалардың халық болып бірігуі мен ол халықтың рухани-мәдени дүниесінің, оның ішінде әдебиеті мен тілінің қалыптасуы әрдайым тұспа-тұс келе бермеуі мүмкін. Бірақ халық болып құралғанға дейінгі көркем сөз мұрасы мен дәстүрі сол халықтың әдебиетінің едәуір шамада көрініп, дербестік алуына жағдай жасайтыны және ықтимал. Сірә, қазақ халқын құраған ноғайлы-қазақ ру-тайпа одақтарының ХV ғасырларға дейінгі көркем сөз өнері күшті дамып келгендігі қазақ халқының ауызша поэзиясының бірден қазақ поэзиясы ретінде көрінуіне себеп болған тәрізді деп ойлаймыз [1, 24] .

1. 2. Ескі қазақ тілінің бастау көздері

Ескі қазақ тілі өзінің бастау көзін ортағасырдың орта кезеңінен (ІХ-ХІІІ ғ. ) алады. Ол кездегі халықтар түрк/түрік, түркі сияқты жалпы атаумен аталып, сол дәуірдегі жазылған мұралар « ескі түркі ескерткіштері» деген атпен белгілі. Алғашқы ортағасырдан (V-VІІІ ғ. ) қалған жадыхаттарды «көне түркі ескерткіштері» деп есептейміз. Әрине қазіргі қазақ тілі өзінің ескі түрі арқылы осы айтылған тарихтың қойнауына қарай үңілсек, ескі түркі тілдермен де, көне түркі тілдермен де тарихи өзектесіп жатады. Жоғарыда айтқанымыздай, оның кейбір ерекшеліктері мен тамырлары Алтай тілдерімен араласып кетеді. Демек, біз өз тіліміздің пайда болу табиғаты мен өзгеруінің эволюциялық жолдарын антикалық дәуірден іздеуіміз керек. Кезі келгенде «көне қазақ тілі» , тіпті «ежелгі қазақ тілі» деп де айта беруге болады. Бірақ көне түркі тілдерінің (V-Х ғ. ) кезінде, әрине, « қазақ» деген сөз дәл қазіргі мағынасында айтылмаған, ал ескі түркі тілдерінің кезінде (ХІ-ХVІІ ғғ. ) «қазақ» деген сөз жазылып қалғанымен, оның мағынасы дәл қазіргідей болмаған, яғни этникалық термин емес, бейтарап сөз болған. Алайда қазақ тілінің көне немесе ескі тіл екендігін теріске шығаруға болмайды. Өйткені оның көнелік (ескілік) сипаттары көне (ескі) түркі жазба ескерткіштерінің тілінен айқын байқалады. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан рулар мен тайпалардың, ұлыстар мен халықтардың өз заманында қолданған тілдері - қазіргі қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуының қайнар көзі болып табылады [3, 213] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ескі қазақ жазба үлгілеріндегі лексика-семантикалық және сөзжасамдық ерекшеліктер ( ХV-ХVІІ ғғ )
Ескі қыпшақ жазба ескерткіштеріндегі сөзжасамдық ерекшеліктер ( Китаб әл-Идрак ли-Лисан әл- Aтрак ескеркіші бойынша)
Ескі қазақ жазба ескерткіштеріндегі сөзжасам
Сөзжасамды оқыту тәсілдері
Сөз жасау тәсілі
ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛ ТАРИХЫНДА СӨЗ ЖАСАУ ҮДЕРІСІ
Кәрілік адам жасын білдіретін түбірі сын есімнен болған сөз
Қазақ тіліндегі араб әдеби кірме сөздері
Қазақ тіліндегі ауру атауларының лексика-семантикалық және морфологиялық құрылымы
Қазақ тілі сөзжасамының теориялық мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz