Әбен Сатыбалдиевтың шығармашылығы


КІРІСПЕ
Аударма ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті жақындастырудың басты рухани құралы ретінде барған сайын маңызын арттыруда. Көркем аударма - үлкен шығармашылық іс, оның нәтижесі - басқа тілде жаңа көркемдік құндылықты жасаумен бағаланады және сол арқылы аудармашының шығармашылық белсенділігін танытады.
Көркем аударма - көркем шығармашылықтың түрі ретінде онда аудармашының дүниетанымы мен тәсілі, шығармашылық дербестігі әрі аудармадағы, сонымен қатар, түпнұсқадағы ұлттық ерекшелігі айқындалады. Аудармашы міндеті автордың дүниетанымына, жазу мәнеріне, стилистикалық сипатына бойлау, сонымен қатар, мейлінше бұл дүниетанымды, мәнерді, стильді туған тілінің құралдарымен барынша мәнерлі, әдемі жеткізе білу. Осы еңбекте жоғарыда аталған қағиданың қаншалықты дәрежеде сақталғаны анықталады.
Қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерінің бірі, дарынды прозаик, қаламымен туған халқының бақытына, мәдениетіне қызметін аямаған азамат, ардақты қаламгер әрі аудармашы Әбен Сатыбалдиевтың шығармашылығы қазақ әдебиетінің төрінен ерекше орын алады десек қателеспейміз. Оның туындылары жұп-жұмыр әңгімелер мен повестерден басталып кең көлемді, романдармен, бірнеше аудармаларымен жалғасады. Олар мысалы: «Қарттың мақтанышы», «Намыс», «Ескінің жұрнағы» сияқты шағын әңгімелері, «Ақмарал» повесі, «Беласар» романы, «Рухани қазына» атты кітабы, т. б. Сонымен қатар Әбен орыс, өзбек тілдеріндегі шығармаларды, мысалы: И. Гончаровтың «Обрыв», Н. Фазыловтың «Жүрек әмірі», А. Қаһһардың «Синчалак» повестерін, Б. Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Е. Мальцевтің «Шын жүректен», Ф. Гладковтың «Балалық шақ туралы әңгімесін», т. б. аударған. Аудармашы сондай-ақ шетел әдебиетінің көптеген туындыларын да тәржімалаған. Марк Твеннің бірнеше әңгімелерін: «Қытайлықтардың хаттары», «Сенатор Дильворти», «Ақ пілдің ұрлануы», т. б. қазақ тілінде сөйлетті. Бұл жұмыста Ә. Сатыбалдиевтың белгілі орыс жазушысы И. А. Гончаровтың «Обрыв» атты романының қазақ тіліне аударылуы мәселесі қарастырылады.
«Обрыв» романы «Жар» деген атпен 1958 жылы кітап болып шықты.
Аударма әрқашанда адамдар, қауымдар, халықтар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы әлеуметтік, рухани, ғылыми, мәдени қарым-қатынастың алмасудың құралы, ел танудың құралы, достықтың, ынтымақтастықтың құралы. Сондықтан да, аудармашыларға, әсіресе, көркем әдебиет аудармашыларына қоятын талаптар өте жоғары. Ол түпнұсқа және аударылатын тілді, екеуін де мейлінше тең дәрежеде білуге тиіс. Оған қоса, өз тіл сырын, сөз мәнін, көркемдіктің қадірін білетін, әрбір құбылысты, көріністі көркем образдылық тұрғысынан ұғына алатын ойы терең, қиялы ұшқыр, ақындық-жазушылық дарынның иесі, еңбекқор, сезімтал суреткер болуы шарт. Аудармашы шығармадағы жай ғана тілдік элементтерді жеткізуден басқа, ең бастысы, көркемдік элементтерді жеткізуіменен шеберлік танытады. Ә. Тарақ: «Түпнұсқалық шығармашылықты шынайы түрде жеткізе білу - аудармашының басты ерекшелігі». Міне, осы еңбекте аудармашы Әбен Сатыбалдиевтың аталған талаптарға қаншалықты сәйкес келетіндігі анықталып, оның аудармашылық деңгейіне баға беріледі.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Аударма тарихы мен теориясының арасындағы күрделі байланыстар көп жағдайда тәжірибеде еске алына бермейді. Әр кезеңнің аударма саласындағы алға қойған мақсат-міндеттері ұстанған қағидалары бөлек болатыны белгілі. 1960-1980 жылдары қазақ көркем аудармасы жан-жақты дамып, аударманың тарихы мен теориясы жөнінде зерттеулер жүргізіле бастады.
Аударматану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі - сапалы көркем аударма жасау десек, ол ең алдымен аудармашылардың еңбегі арқылы жүзеге асатыны белгілі. Ал оған авторлық тұрғыдан баға беріп, ғылыми саралап, әдеби байланыс орнатудағы Т. Әлімқұлов, Қ. Нұрмаханов пен Ә. Сатыбалдиевтердің көркем аударма теориясы мен тәжірибесіне арналған еңбектерінің өзі арнайы зерттеуді қажет ететін мол мұра. Аталмыш қаламгерлер аудармаға қатысты пікірлер айтып қана қоймай, шет ел және орыс жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударуға да белсене ат салысты, тәжірибелерімен бөлісті.
Аударматану ғылымында көркем аудармаға қатысты ой тұжырымдарды жүйелеп, талдау мәселесі де күн тәртібінде тұрған зәру мәселе екендігі даусыз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1960 жылдардан бастап жалпы аударма және оның тарихы, теориясы мен тәжірибесі жайында маңызды зерттеу еңбектері жарық көре бастады. Қазақ прозасын орыс тіліне аударудың, орыс прозасын қазақ тіліне аударудың өзекті мәселелеріне тоқталған еңбектер көптеп көрініс тапты. Ә. Сатыбалдиевтің «Рухани қазына», С. Нурышевтің «Аударма туралы», С. Талжановтың «Көркем аударма туралы», З. Тұрарбеков «Қазақ аудармасының теориясы мен практикасы» атты еңбектерін, аударманың арнаулы тарихын сөз ете отырып, оның мәдени-әлеуметтік ролін қарастырады.
Қазақ аударма ісінің зерттелуіне батыл үлес қосқан Ә. Сатыбалдиев осы уақытқа дейін зерттелмеген тұлға. Сатыбалдиевтың ғылыми еңбектерін, естеліктерін зерделей отырып, жалпы талантты жазушы әрі шебер аудармашының аудармашылық қырын зерттеген Қ. Қ. Алпысбаев пен Л. Н. Дәуренбекова болатын. Олар «Сөз қазынасының кеншісі» деп аталатын ірі еңбекті құрастырды. Онда Ә. Сатыбалдиев туралы ғылыми мақалалар мен естеліктер енгізілді. Л. Н. Дәуренбекова 1960-1980 жылдардағы түпнұсқа мен көркем аударма мәтіндерінің сәйкестігі туралы ізденіп, сол жылдары көркем аударманы кәсіби биіктерге көтерген мамандар, аудармашылар - Т. Әлімқұлов, Қ. Нұрмаханов пен Ә. Сатыбалдиевтердің көркем аударма теориясы мен тәжірибесіне арналған еңбектерін зерттеп, жалпы көркем аударманың өзекті мәселелеріне тоқталып, шеберлік сыры, ой дәлдігі, баламалылық, сәйкестік деген мәселелердің аудармашы талантымен, ізденісімен ғана емес, тәжірибесімен, теориялық білімімен тығыз байланысты екенін зерттейді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Мақсат - көркем аударма теориясының негізгі өзегі - шеберлік сыры, ой дәлдігі, түсініктілік, баламалық, сәйкестік деген мәселелердің аудармашы талантымен, ізденісімен, өзіндік стилімен ғана емес, тәжірибесімен, теориялық білімімен тығыз байланысты екенін дәлелдеу;
Әбен Сатыбалдиевтың көркем аудармадағы шығармашылық ізденістерін сараптау;
Еңбегіміздің басты мақсаттары ретінде И. А. Гончаровтың «Жар» атты романының қазақ тіліне аудармасының сапалық деңгейін анықтау. Әбен Сатыбалдиевтың аудармашылық шеберлігін анықтап, аударма саласына қосқан үлесін көрсету;
Түпнұсқа аудармасын талдап, тілдік және сөйлеу ерекшеліктерінің қаншалықты дәл берілгенін зерттеу болып табылады. Сонымен қатар, Ә. Сатыбалдиев аудармаларының көркемдік ерекшеліктерін айқындау. Романды аударудағы Ә. Сатыбалдиев қолданған әдіс-тәсілдерді (лексикалық, грамматикалық, стилистикалық трансформация негізінде) анықтау. Аудармадағы портрет пен пейзаждың, диалогтардың, жекелеген сөз тіркестерінің, бейнелеу құралдарының аудармада сәтті шығуын стильдік жағынан дәлелдеу.
Осындай мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
- салыстырмалы аударма ғылымының даму бағытын саралау; қазақ аударматану ғылымының қалыптасуы мен өркендеуін, зерттелуін қарастыру және қазақ аударматануы ғылымының бір дербес саласы екендігін көрсету; аударма мәтінінің түпнұсқамен сәйкестік деңгейін аударма теориясы ережелері негізінде пайымдау;
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ә. Сатыбалдиевтың шебер аудармашы болып, сонымен қатар аударматану ғылымының сыншысы ретінде танылуы.
- Ә. Сатыбалдиев аудармасындағы сәйкестіктің түрлері, олардың аударма мен түпнұсқа арасындағы қызметтері анықталды; Баламалылық қағидаларын қазақ аударматануына жақындатуға талпынуы; Ә. Сатыбалдиевтың тәржімашылық еңбегінен құнды пікірлер мен ортақ көзқарастар айқындалды; Ә. Сатыбалдиевтей тәржіманның тәржімаларынан аударматану мен салыстырмалы әдебиеттану ғылымына алғаш рет эпистолярлық жанрдың (хаттар, қолжазба, т. б. ) негізін қалаушылардың бірі болып танылуы; аударма теориясы мен тәжірибесіне қатысты өзіндік тың пікірлер, тұжырымдар жасауы;
Зерттеудің әдіс тәсілдері. Диплом жазу барысында алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді басшылыққа ала отырып, аудармашының тілдік-стильдік ерекшелігін ашып көрсету оймен 1) Лексикалық трансформация: конкретизация, генерализация, тұрақты сөз тіркестері, метонимия, ұлттық ерекшеліктер. 2) Грамматикалық трансформация: сөйлемдер, орыс тілі сөйлемдерінің конструкциялары, қосу, алып тастау. 3) Стильдік трансформация: тілдік ерекшелігі және т. б. салыстырмалы талдау әдісі қолданылды.
Зерттеу нысаны ретінде Ә. Сатыбалдиевтың шығармалары, көркем аударма теориясына қатысты еңбектері, аудармалары және аударма туралы ойлары, сын-пікірлері, орыс, өзбек тілдерінен аударған көркем шығармалардың мәтіндері, олардың түпнұсқалары пайдаланылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
- Ә. Сатыбалдиев - аудармашы ғана емес, аударма тарихы мен теориясына қатысты тұшымды пікірлер айтқан белгілі зерттеуші; Ә. Сатыбалдиев түпнұсқадағы белгілі бір сөзді қазақшалағанда онымен ұғымдас, мәндес келетін бар сөздерді саралай отырып, солардың ішінен нақ сол қалыпқа, көрініске жазушының бейнелеп отырған сөздердің баламасын дәл тауып қоя білетін шебер интерпретатор; Сатыбалдиев аудармасында түпнұсқадағы еркін сөз тіркестерін фразеологизмдермен беру үлгісі жиі кездеседі.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың мазмұны: Кіріспеде жұмыстың өзектілігі, зерттеу нысаны, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, мазмұны, зерттеу жұмысының ғылыми-әдістемелік негізі жайлы мәлімет беріледі. Негізгі бөлім екі тарауды қамтиды.
I-ші тарауда Әбен Сатыбалдиевтың өміріне қысқаша шолу жасалып, аудармашының шығармашылық шеберханасы, орыс, өзбек тілдерінен аударған шығармалары туралы айтылады, көркем аудармаға байланысты ойларына талдаулар жасалады.
II-ші тарауда Гончаровтың «Жар» романының аударудағы аудармашы шеберлігі, кейіпкерлер портретін тәржімалаудағы, пейзаж, диалогтардың, ұлттық ерекшеліктердің, сонымен бірге бейнелеу құралдарын қазақ тілінде қаншалықты сапалы деңгейде аударылғандығы туралы салыстырулар жасалады. Қорытындыда жалпы жұмыс барысы жүйеленіп, нақтыланады.
Әрбір туындының қазақшаға аударылуы автор үшін де, аудармашы үшін де үлкен олжа, сонымен бірге шығармалардың ана тілімізге аударылуы көркем аудармаға көптеген жаңалықтар енгізеді. Сондықтан, орыс әдебиетінің майталманы И. Гончаровтың бұл шығармасы қазақ оқырмандары үшін үлкен табыс деуге болады. Міне, осы зерттеу жұмысында жоғарыда аталғандарды жүзеге асыру көзделеді.
1 - ТАРАУ
Ә. САТЫБАЛДИЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Қытымыр уақыт пен қатал тұрмыстың таршылық торабы мен тақсіретін көп тартып, өмірмен жағаласып өскен Әбеннің шығармашылық ортада өткен он жылы көп оқып, көп ізденіп, рухани жағынан толысып өскен ең бір жемісті, құнарлы жылдары болғанға ұқсайды. Ол өзгеше құштар құмарлықпен газет жанрларының бар түріне еркін қалам сілтейді. Қарапайым хабар, мақаладан бастап, көркем очерк, публицистика, фельетон, репортаж, сапарнама - бәрі-бәрін жазып машықтанады. Орыс және әлем классикасының кәусарынан, туған әдебиетіміздің тұнығынан қанып ішкен қаламгер біртіндеп бас-аяғы жұп-жұмыр көркем әңгімелер мен повестер жазуға, туысқан елдер әдебиетінің өзі ұнатып, жаны, жүрегі қалаған туындыларын аудару ісіне ден қояды.
Әбен Сатыбалдиев 1914 жылдың желтоқсанында Мойынқұм ауылында дүниеге келеді. Әкесі Сағымбек қанжығасы ұдайы майланып жүретін аңшы екен дағы, шешесі Қанапия «он саусағынан өнері тамған ісмер болған» деседі. Бірақ ол әке-шеше тәрбиесін онша көре алмайды. Алты жасынан бастап ғұмырында құрсақ көтермеген апайы Зәбира мен жездесі Жармағамбеттің қолында Әулиеатада өседі. Жездесі делдалдықты кәсіп еткен пысық, еті тірі кісі екен. Соның уақ-түйек шаруасын тындырумен жүргенде арада жеті жыл уақыт зулап өте шығады. Бала оқудан қалады. Бірақ ол қынуырлы кісінің қасында жүріп, әр түрлі адамдармен танысады, тіршілік-тұрмыстың талқысы дейтін қатал мектептен өтіп, өмірдің ащы-тұщысын молынан татады.
Әбен 1927 жылы 13 жасқа толғанда ғана Асы интернатына оқуға түседі. Арада төрт жыл өткен шамада, ол бесінші класты бітірмей жатып, лаждың жоғынан оқуды тастап кетеді. Өйткені, 1931 жылы қазақ тарихының ең бір қаралы, қасіретті беттері басталған еді. Сол кезде республика партия ұйымын басқарған Ф. И. Голощекиннің зұлымдық саясаты зардабынан халқымыздың жартысына жуығы алапат аштықтың құрбаны болады. Міне, осындай аласапыран қиын кезде ол қара-құралы отбасының бас көтерері өзі болып қалады да, жұмысқа шығады. Новосибирск қаласындағы үш айлық курсты бітіріп, Шымкент облыстық астық дайындау мекемесінде іс жүргізуші болып, 1934 жылға дейін істейді. Сөйтіп, жалпы жұрт басына түскен ауыр нәубеттің беті қайтып, ел есін жиған шақта, Алматыдағы мемлекеттік банктің экономикалық-есеп техникумына түсіп, оны үш жылдан кейін бітіреді. Қайтып келіп Шымкент облыстық банкісінің конторында экономист қызметін атқарады. Оның газетпен байланысы, жазуға бейімділігін сезіп, қалам тартуы, сол шамада басталса керек. Әбеннің журналист жұмысын қалап алуы тап сол бір жылдар деген дұрыс. Ол заманда ондай кісілерді « жұмысшы шаруа тілшілері » деп атайтын. Олар жарғақ құлағы жастыққа тимей, өмір-тұрмыс жаңалықтарын, оқу-білім іздеген талапты жастар, техника тілін түсініп, трактор мен комбайнды ерттеп мінген ынталы адамдар туралы хабарларды газет, журнал редакцияларына жөнелтіп жататын. Ақырында Әбен де ат басын соларға қарай бұрады. Бірер жылдан кейін ол мамандығын күрт өзгертіп, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газет редакциясының белді қызметкері болып жұмыс істейді.
50-жылдардың бас кезінде Әбеннің журналистік қаламы кемеліне келіп төселген шабытты шағы еді. «Ара - Шмель» журналы ашылар сәтте оның жауапты хатшысы болып, республикадағы әзіл-сықақ басылымының іргесін қаласуға белсене ат салысты. «Жұлдыз» журналы редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүрген кездерінде ол өзінің сирек кездесетін іскерлігін көрсетті. Өмір құбылыстарын терең зерттеп, саяси-әлеуметтік, мәдени-тұрмыс тақырыптарын, әдебиет пен өнер мәселелерін толғап жазған материалдарынан оның ой-өрісінің кеңдігі, білім деңгейі, қалам қарымы, әсіресе шұрайлы тілі анық танылды.
Әбен Сатыбалдиев «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінде жұмыс істеді. Мерзімді баспасөзде өткізген ұзақ жылдары, жоғарыда айтылған журналистік қызметі, автордың еркінен тыс, көркем проза мен аудармаға табиғи түрде ауысып, қатар өріліп кеткен тәрізді. Оның ауыл өмірінің шынайы суреті жасалған «Қарттың мақтанышы», «Намыс», «Ескінің жұрнағы» сияқты шағын әңгімелері мұның айқын айғағы. Ә. Сатыбалдиевтың «Ақмарал» повесі жазушы атын қалың оқырман қауымға кеңінен танытқан сәтті туындысы еді. Бұл повесінде ол жаңа қосылған екі жастың үй іші, отбасын, өзара қарым-қатынасын бейнелі де, бедерлі тілмен жарқын көрсетуі арқылы махаббат пен мансап, адалдық пен арамдық туралы аса маңызды адамгершілік, имандылық мәселелерін қозғайды. Әдеби жұртшылық жазушының бұл шығармасын жылы шыраймен қарсы алды. Әбен сөйлер сөзге келгенде дәл, көрікті шешен сөйлер болса, өзі қызмет істеген редакцияларында жұмысты қандай байыпты, адал атқарса, повесінің қаһарманы Ақмарал да өндіріс пен отбасы өмірін қатар алып жүрген, іске шебер, сөзге шешен өзі секілді кейіпкер екеніне көз жеткізесің. «Ақмарал» повесінен жазушы тілінің құнарлылығы, сөз қорының молдығы айқын байқалып отырады.
Жазушының суреткерлік шеберлігін байқататын шығармасының бірі - «Намыс» әңгімесі. Мұндағы бас кейіпкердің бірі Міржақыптың есте қалмауы мүмкін емес. Әсіресе үстіне киген желеңінің ашылып кететін етегін жаба алмайтын, үйіне келер қонақтың, қонақ болғанда, туған қайнағасын жақтырмай қарсы алатын бүгінгі қала ханымының мінезін дөп басқандығы оқушыны риза етпей қоймайды.
Жазушы адам қашанда үш қасиетімен ерекшеленіп тұрады. Біріншісі - тіл орамдылығы, екіншісі - оқиғаны құрастыруы, орайластыруы. Ал үшінші жағдай - жазу үстінде де асықпау, аптықпау. Ә. Сатыбалдиевтың бойында осы үш қасиет те бар, ол қаламынан туған қандай шығарма болсын сырын сырбаздап шертеді.
Ә. Сатыбалдиевтың шығармашылық мүмкіндігінің молдығына, кең тынысты кесек туындылар бере алатын суреткер екеніне оның «Беласар» романы куә. Тарихи төңкерістік тақырыптың соны қабатын көтерген осы бір туындыда еліміздің оңтүстік аймағы қазақтарының он алтыншы жыл оқиғасына қатысуын бейнелейді. Бір өкінішті жері - роман аяқталмай қалған. Бұл жаңа туындысында қаламгердің өмір материалдарын іріктеп-сұрыптап алуы, кейіпкерлерінің мінез-құлқын даралап сомдауы, психологиялық жай-күйлерін ашуы, диалогтер түзуі, табиғат суреттерін беруі жағынан жазушылық шеберлігінің арта түскені аңғарылады. Патша отаршылдарының істеген зорлығы мен озбырлығына қарсы тұрған Бектас сияқты халық арасынан шыққан батырдың образы сомдалып келе жатады да, аяқталмай қалған кітаптан қаhарман өмірінің немен бітерін білмей: «Әттеген-ай!» - деп тіліңді тістеп қала бересің. Сондай-ақ Медет деген жас жігіттің жаламен қамалуына қынжыласың да, қашанда сұмдардың бет алып кете беретіндігін, бұл өмірдің атам заманнан келе жатқан бітіспес дауы екендігіне тағы да көз жеткізесің. Ә. Сатыбалдиев бұл романды ұзақ жазды. 50-жылдары басталған кітаптың өзі дүниеден қайтқанша жарық көрмеуі - жазушының өзіне қатты талап қоюынан болатын. Жазғанын біреу қайта түзете алмайтындай етіп, оқиғаны тәптіштеп берумен қатар, кітапты оқыған кісінің ештеңеге шүбәсі болмайтындай етіп жазу - барлық жазушының арманы, алдына қояр мақсаты. Әбен де «Беласар» романында өз алдына осыны уәзипа тұтқан.
Он алтыншы жылдың суретін елестеткенде, қазақ әдебиетінде есте тұратын көркем шығармалар - көбіне Сәбиттің «Ботагөзі» мен Мұхтардың «Түнгі сарыны». Біз Әбеннің романынан да осы суреттерді көре отырып, оның бұл он алтыншы жыл оқиғасына өз тұрғысынан, өзіндік, яғни, Сатыбалдиевтың тұрғысынан келгенін танимыз. Өйткені, оның роман жазуға келуі кездейсоқтық емес, солай болуға тиіс жағдай болатын.
Әбен Сатыбалдиев - өмірдің талас-тартысын, адамның ақ пейілі мен арам пиғылын, ақжарқындығы мен кертақыстығын жақсы білген психолог жазушы. Бәлкім, оның біреудің қолында өсіп, әке-шеше қызығын көрмеуінен, ата-ана мейірімділігін армандап өскендігінен болар - ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа баса көңіл бөледі, оны оқушыға тұзын татыта ұсынады. Мысалы: «Беласар» романының мынадай сөзбен басталуынан-ақ айқын байқауға болады. « . . . Ұмсындық термен мұнартқан көзін жеңімен сүртіп, үй жағына тағы қарады. Төңкерген қазан қасындағы қара құмғанға ұқсап қалтиған жалаңаш бала ербең ете қалғанда, еңсесі түскен ана кенет бір салқын самал соққандай ширап сала берді. »
Аталмыш романдар жазушы шығармашылығының баюы әрі шеберлігінің артуындағы жаңа жоғарғы этап болуыменен бірге, қазақ әдебиетінде роман жанрының дамуында да үлкен тәжірибелік жетістік болды. Өйткені бұл шығармалар мазмұнының, тілінің байлығы, идеясының, кейіпкерлер характерінің тереңдігі автордың бастапқы шығармаларынан да айырмашылығы бары сөзсіз.
- Ә. Сатыбалдиев - көркем аударма шебері
Көркем аударма - көркем әдебиет жанрын басқа тілде баяндайтын аударма түрі. Әлемді мәдени түрде меңгерудің көркемдік құралы. Адамзаттың ой-санасының, білім-танымының дамуындағы мәдениеттер байланысының өркендеуіндегі қызметі өлшеусіз. Ол әдебиетіміз бен мәдениетіміздің үлкен және маңызды саласы болып табылады. Ол халықты рухани жағынан дамытудың күшті құралы: бүкіл адамзат мәдениетінің қазыналы қақпасын ашатын кілт, ғылым мен білімнің қайнар бұлағы.
«Не каждый кто умеет ходить, сумеет ходить по канату. Эта мысль принадлежит Станиславу Лему. Так же не каждый, кто владеет двумя или несколькими языками - переводчик», - деп Герольд Бельгер аудармашылық өнерді биік бағалайды [1, 36] . Расында да, аудармашылық - нағыз шығармашылық өнер. Ол әркімнің қолынан келе беретіндей еріккеннің ермегі емес. Аудармашы екі тілді жетік білумен қатар, әрі жазушы, әрі ғалым һәм зерттеуші болуға тиіс. Аударма сапасы оның талантына, біліміне, жалпы мәдени дәрежесіне, тәжірибесіне, жазушылық шеберлігіне байланысты.
Аудармашы өзі білмейтіндерді шамасы осы деп, жалған дүние жасамау керек. Өйткені, ол ел мен ел, халық пен халық, мәдениет пен мәдениеттің дәнекершісі, басқа сөзбен айтқанда, олардың арасындағы өткелі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz