Азаматтық қоғам туралы


Азаматтық қоғам.
Қазақстан ашық қоғам құрудын сенімді жолында. Айтар болсақ, біздің заман - бұл еркіндік заманы және әлемнің барлық жерінде адамдар биліктің өкілді органы мен өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын үкіметті қалыптастыруға ұмтылады.
Адамзат өзінің тарихи даму барысында қоғамдық қатынастардың және адамдарға қалыпты тіршілік жағдайларын жасаудың құқықтан басқа тиімді тетігін ойлап тапқан емес. Адамдардың жазылмаған әдеттегі құқық бойынша өмір сүрген кездері болды, мемлекет деп билеуші танылды, оның айтқаны заң саналды, ал жасалған әрекеттері мен іс-шаралары нормативтік ережелермен байланысты болған жоқ.
Аса бай әлемдік тарих біз үшін қоғам мен мемлекеттің құқықтық дамуымен ажырамастай байланысты құнды мұраны сақтап, мирас етіп қалдырды. Яғни, мемлекеттің дамуымен бірге құқық та дамыды. Рим империясы күйрегеннен кейін енді туындап келе жатқан қазіргі конституционализм түсінігіміздегі құқықтық мемлекетті негіздеудің маңызды алғышарттары жасалды. XІX ғасырда Еуропа елдерінің индустрияландыруға көшуі олардың тез дамуына себепші болды, ал өз кезегінде бұл түбегейлі әлеуметтік және экономикалық өзгерістер жасауға, құқықтық реформаларды жүзеге асыруға, заңнаманы дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік құрылыс тәжірибесіне нормативтік жаңалықтар енгізуге септігін тигізді.
Мемлекетті заң негізінде басқару қажеттігі туралы ойдың орнығуы тоталитарлық мемлекетті буржуазиялық құқықтық мемлекетке айналдырудың алғышартына айналды. Құқықтық мемлекеттің қажетті негізі конституциялық мемлекет болып табылады, онда халық өкілдігі мемлекеттік билікті жүзеге асыру кезінде заң шығарушылық жұмысқа қатысады және мемлекеттік қызметтің қандайынан болса да заң үстем болуға тиіс. Құқықтық мемлекеттің мән-мағынасын осылайша түсіну сол құқықтық мемлекеттің түпкілікті жүйесін құруға мүмкіндік жасады.
Қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің қалыптасуында АҚШ-тың, Францияның, Германияның және басқа елдердің өз конституцияларын қабылдауы елеулі құбылыс болды. Бұл конституциялар қоғамның барлық құрылымдық бірліктерін мінез-құлық пен бақылаудың бірыңғай нормаларына бағындыратын ұлттық бірлік пен тұтастықты қолдаудың пәрменді құралы болып шықты.
Америка конституциясында орнықтырылған құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаттары әлемнің көптеген елдерінің құқықтық мемлекет құру тәжірибесінде екі ғасыр бойы өзінің құнды мәнін дәлелдеуде.
Кеңестен кейінгі кеңістіктегі мемлекеттік басқару жүйесі ұзақ мерзім бойында қалыптасты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-сессиясына әзірленген Мемлекеттік басқаруды дамыту туралы ұлттық баяндамада атап көрсетілгендей, бұл үдеріс 1917 жылғы әлеуметтік күйзелістердің әсерінен бұзылды, соның нәтижесінде идеологиялық және саяси үстемдікке негізделген басқару жүйесі пайда болды.
Тоталитарлық түрдегі саяси жүйе басқа партияларға қоғамда орын қалдырған жоқ, жалғыз ғана партия бүкіл саяси билікті озбырлықпен иемденіп алып, бүкілхалықтық мүдделерге өкілдік жүргізді. Мұндай саяси режим ұзаққа бармай, уақыт өте келе ыдырады, сол кезде көппартиялық жүйе қалыптаса бастады. Мәселен, бұрынғы Кеңес Одағында 1991 жылғы тамыздағы сәтсіз путчтан кейін жиырмаға жуық партиялар, қозғалыстар мен коалициялар мейлінше тез өмірге келді. Қысқа мерзім ішінде тек КОКП-ның негізінде ғана сегіз партия құрылды.
Социалистік мемлекеттің қалыптасуы парламентаризмді жойып, оны халық депутаттарының кеңестерімен ауыстыруды көздеді, барлық мемлекеттік органдар олардың бақылауында болып, соларға есеп беріп отыратын болды. Ауылдық кеңестен бастап Жоғары Кеңеске дейін кеңестердің бірыңғай пирамидасы орнықты және барлық шешімдер бірауыздан қабылданды. Кеңестердің тәжірибесі тілалғыш депутаттарды іріктеуге мүмкіндік берді. Сайлаулар тең, жасырын және төте болғанымен, сайлаушыларға бір-ақ кандидатура ұсынылды, ал кандидатураны өз кезегінде партия комитеттері ұсынатын еді. Партия аппараты іріктеген кандидаттарды халықтың жария түрде мақұлдауы жүріп жататын. Депутаттардың құрамына барлық партиялық және шаруашылық басшылары кіретін, қалған депутаттарды партия органдары халықтың барлық топтары енетіндей тізімдеме бойынша іріктеді. Депутаттардың мұндай құрамы партия мен үкіметтің шешімдерін бірауыздан мақұлдайтыны белгілі. Іс жүзінде КОКП ОК Саяси бюросы елді басқарып, елдің тағдырын сол шешті.
Кеңес кезеңінің барлық конституциялары демократиялық централизм принципіне негізделді, яғни заң шығарушы және атқарушы биліктер іс жүзінде дербестік пен тәуелсіздіктен айырылып, биліктің аражігін ажырату принципі жоққа шығарылды. Тарих мемлекеттік биліктің бұлай ұйымдастырылуының тиімсіз әрі демократиялықтан алшақ екендігін көрсетті.
Парламентаризм демократияның ажырағысыз құрамдас бөлігінің бірі болып табылады. Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі алғаш рет 1938 жылы шақырылғаны белгілі. Алайда, одан кейінгі жоғарғы кеңестер сияқты ол негізінен одақтық Жоғарғы Кеңестің шешімдерін қайталаумен шектелді.
1991 жылы барлық кеңестен кейінгі кеңістікте шынайы демократиялық мемлекет орнатудың алғашқы кезеңі басталды.
Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстанның тарихында тұңғыш рет батыс демократиясының тәжірибесі ескеріле отырып, демократиялық қоғам және құқықтық мемлекет принциптеріне негізделген тәуелсіз мемлекет құрылды.
Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде заңнамалар елеулі реформалауға ұшырады және бұл біздің елімізде заңдылық режимін бұдан әрі мықты етіп бекітуді талап етті. Сол жылдардағы қабылданған шешімдер Қазақстандағы демократиялық реформаның негізі болып табылды.
Сындарлы қайта құрылған қазақстандық қоғамға заңнамалық тұрғыдағы соған сай жаңа қажеттіліктер керек еді. Алайда, жоғарғы кеңестердің сол кездегі құқықтық мәртебесі осы өткір мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік бермеді. Ол уақыттағы жоғарғы кеңестердің тағдыры бізге белгілі.
Тәуелсіздікке ие болудың бастапқы кезеңінде ТМД-ның көптеген елдері президент пен үкімет бір жақта, жоғарғы кеңес екінші жақта, екеуара тайталастыққа тап болды.
Ол кезде ТМД-ның кейбір елдері өз мемлекеттеріндегі өзгертулерді саяси реформалардан бастаған жөн деп есептеді. Уақыт мұндай қайта құрулардың тиімсіздігін көрсетті.
Осыған байланысты құқықтың экономикадан жоғары бола алмайтынын атап көрсеткен жөн, өйткені осы сәтте құқықтың қандай нормалары қажет екендігін нақ экономиканың өзі көрсетіп отырды. Осы тұрғыдан, экономикалық реформаларға басымдық берген Қазақстан таңдауы өзін толық ақтады және бүгінде елде ойдағыдай жұмыс істейтін нарықтық экономиканың құрылғанын нық сеніммен айтуға болады.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев бастаған реформалар бірінші кезекте мемлекеттің экономикалық қуатын күшейтуге бағытталды. Тарихи өлшеммен алғанда қысқа уақытта Қазақстанда нарықтық үлкен өзгерістер жүзеге асырылды.
1995 жылы Қазақстан Конституциясының қабылдануы қоғамды одан әрі демократияландыруда мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін дамытудың негізін қалады. Ол 1993 жылғы бұрынғы Конституциямен салыстырғанда, мемлекеттік органдар билігінің шегін белгілеуді қоса алғанда, осы заманғы либералдық-демократиялық құндылықтарды толық бекітуімен ерекшеленді.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен демократизмге билікті бөлу қағидаты арқылы қол жеткізілетіні белгілі, ол бүгінде барлық демократиялық мемлекеттердің негізгі конституциялық қағидаты болып табылады.
Билікті бөлу қағидатын конституциялық тұрғыдан орнықтыру - мемлекет пен қоғамның тарихи ұзақ дамуының нәтижесі.
Мемлекеттік билік функцияларын дербес және тәуелсіз мемлекеттік органдар арасында бөлу бүгінде құқықтық мемлекет және демократиялық саяси құрылыс құрудың міндетті шарты болып табылады.
Қазіргі кезде билікті бөлу Қазақстанның конституциялық құрылысының негізгі қағидаттарының бірі болып отыр.
1995 жылғы Конституция қос палаталы Парламенттің заңнамалық қызметті шоғырландыруды көздейтін функциясын нақты айқындай отырып, оның берік негізін қалады.
Қос палаталы жүйесі бар Парламент өзінің заң шығару қызметімен білікті айналысуға, ымыралы шешімдер табуға қабілетті екенін көрсетті.
Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің құқықтық саласы көптеген құбылыстар мен үдерістерге толы. Биліктің күш-жігері көбіне заңдарды қабылдау мен заңдылықтың сақталуына бағытталады. Сонымен бірге мемлекетсіз және мемлекеттік пәрменді биліксіз құқық ештеңе де емес.
Қазіргі кезде біз қазіргі заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде Қазақстан мемлекеттілігі нығаюының келесі кезеңіне қадам жасап отырмыз.
Біздің ұғымымызда демократияландыру өте ұзақ процесс және оны бір сәтте енгізуге болмайтыны мәлім. Сонымен бірге, демократияны қандай бір тұрақтылық деп немесе оған қол жеткізіп алып, одан әрі бұл бағытта ештеңе істеуге болмайтын құбылыс ретінде қарастыруға болмайды. Демократия, менің ойымша, ұдайы жетілдіруді қажет ететін үдеріс. Қоғамды демократияландырудың ғасырлық дәстүрін иелене отырып, әлемнің көптеген мемлекеттері оның кемелденуіне қол жеткізе алған жоқ.
Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қабылданған республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар қоғамды одан әрі саяси және демократиялық жаңғыртудың негізін салды, мұның өзі Қазақстан мемлекеттілігінің заңды түрдегі эволюциялық дамуының, сондай-ақ қоғамда демократиялық үдерістерді одан әрі тереңдетудің айқын айғағы болып табылады.
Осы процеске ықпал ететін басты фактор Парламенттің және мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси партиялардың рөлін күшейту, сот жүйесі мен жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру болып табылады.
Қазіргі жағдайларда қоғамды саяси жаңғыртудың қажеттігі Парламенттің рөлін күшейтуді қажет етті. Біздің Конституциямыз бойынша заң шығарушы және атқарушы билік дербес және бір-бірін алмастыруға тиіс емес. Сонымен бірге биліктің атқарушылық тармағының дербестігі биліктің өкілді органдарына белгілі шектерде есеп беріп отыруын жоққа шығармайды.
Парламент палаталарының Конституциямен белгіленген жаңа өкілеттіктері өкілді органдардың биліктің атқарушы органдарына ықпал ету және оларды бақылау дәрежесін жаңа деңгейге шығаратыны күмәнсіз.
Демократияның толыққанды болуы, ең алдымен, топтық қоғамдық мүдделерді білдіру бостандығы дәрежесіне байланысты. Саяси-ұйымдық көзқарас тұрғысынан бұл мүдделер азаматтардың өңірлік, кәсіптік, діни, қоғамдық және басқа да ұйымдарға, оның ішінде саяси партияларға да бірігуі арқылы көрінеді.
Саяси партияларды құру негізінде халықтың әртүрлі жіктерінің мүдделері жатыр. Саяси партиялар олардың мүдделерін танытуға, қалыптастыруға және оларды практикалық мемлекеттік басқарушылық жұмысқа мейлінше маңызды ықпал ететін саясат деңгейіне шығаруға арналған.
Бұл ретте мәселе басқарушылық мемлекеттік қызметтің стратегиясын, тактикасы мен практикасын әзірлеуге саяси партиялардың ықпалы туралы болып отыр. Парламент пен мәслихаттардағы орындарды жеңіп ала отырып, саяси партиялар республикалық және өңірлік деңгейде атқарушылық билік органдарын қалыптастыруға нақты әсерін тигізеді.
Саяси партиялардың атқарушылық билік органдарын қалыптастыруға және мемлекеттік басқару саласында аса маңызды практикалық шешімдерді қабылдауға қатысуы қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің маңызды демократиялық қағидаты болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы идеологиялық және саяси саналуандылықты, көппартиялылықты орнықтырды. Егер кеңес конституциялары қағидат ретінде КОКП-нің басшылық рөлін орнатса, қолданыстағы конституция елде көппартиялылық жүйесін бекіте отырып, саяси партияның атқарушылық билікке ықпалы туралы ғана айтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде толыққанды және қалыпты жұмыс істейтін көппартиялық жүйе қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Көппартиялылық - бұл партиялардың жай ғана көп болуы емес, оның белгілі бір түрде ұйымдасқан күш екендігі айқын болып отыр.
Бұл мәселелер бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар саяси партиялардың мемлекеттік билікті жүзеге асыруға неғұрлым ауқымды қатысуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоғамда олардың рөлінің нығайып, өсуіне жәрдемдесетін болады.
Жергілікті өзін-өзі басқару - демократияның нысандарының бірі, яғни мемлекетте халықтың еркін білдіру арқылы билікті қалыптастыру тәсілі. Қазақстан Республикасының Конституциясымен танылған және кепілдік берілген жергілікті өзін-өзі басқару халықтың мүддесін, оның тарихи және өзге де жергілікті дәстүрлерін негізге ала отырып, тікелей немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жергілікті мәні бар мәселелерді шешу жөніндегі дербес қызмет ретінде айқындалады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz