Кәкімжан Қазыбаевтың публицистикасы


ЖОСПАР
Кіріспе . . . 2-5
Ітарау. Кәкімжан Қазыбаевтың публицистикасы.
І. 1. К. Қазыбаевтың редакторлық және журналистік қызметі . . . 6-17
І. 2. Қаламгердің шығармашылығының тақырыбы, проблемасы, идеясы . . . 18-31
ІІтарау. Кәкімжан Қазыбаев шығармаларының белгілері.
ІІ. 1. К. Қазыбаев публицистикасының көркемдік ерекшеліктері . . . 32-39
ІІ. 2. Журналист, қоғам қайраткері, публицист К. Қазыбаев хақындағы толғаныстар мен естелік хаттар . . . 40-47
Қорытынды . . . 48-50
Сілтемелер тізімі . . . 51-52
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 53-54
КІРІСПЕ
Жалпы, публицистика деген сөздің шығу төркіні жайлы айтсақ, бұл латынның publicus - қоғамдық деген сөзінен шыққан. Бірақ аңғаратынымыз публицистика сөзінің этимологиясы «қоғамдық» деген сөзге тікелей қатысты.
Қазақ зерттеушілерінің ішінде публицистикаға тұңғыш анықтаманы А. Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде берді. Ол публицистиканы көсем сөз деген қазақ сөзімен байланыстырады.
Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатымен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырмашылығы - шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Ол әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізе алатын сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Публицистика белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің тарихын сол күннің, сол дәуірдің саясатымен, философиялық көзқарасымен байланыстыра отырып жасайды. Публицистика дегеніміз - заман тарихи, дәуір тынысы, өмір шежіресі. Шежіре болғанда да күнделікті тіршіліктің рухани бейнесі, жанды көрінісі. «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» публицистикаға біршама жинақы анықтама берілген: публицистика - әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейтесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы. Оның мақсаты - нақтылы саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамдық ойға ықпал ету. Бұл - мерзімді баспасөз бетіндегі көптеген жанрларға бірдей қатысты ұғым. Сондықтан публицистер айтпақ ойы, оны жеткізу ыңғайына қарай кейде памфлет, кейде эссе, мақала, ашық хат, кейде фельетон жазып, жариялайды.
Нағыз публицистикада әлеуметтік-тәрбиелік ықпал жасаудың орасан зор күші бар, өйткені ол оқырманға, көрерменге, тыңдаушыға дұрыс бағыт сілтейді. Адамдардың ақыл - ойы мен сөздеріне әсер етудегі маңызды рөлді де атқарады. Публицистикалық құбылыстарға ғылыми тұрғыдан баға беру, дәлелдеудің айқындығы, өткірлік, барынша ықпал етуге ұмтылушылық тән.
Публицист өз шығармасын қоғамдағы адамдардың қалың тобына арнап жазады. Ал мұның өзі шығарманың өзіне тән мазмұнын, пішінін, әдіс-тәсілін талап етеді. Бұл ерекшеліктер публицистиканың функциясымен, оның қоғам өміріндегі жалпы атқаратын рөлімен тығыз байланысты. Публицистиканың мазмұны, пішіні мен әдіс-тәсілдері творчествоның аталмыш түрінің қоғамға ықпал етуінен әлеуметтік тәжірибеде бірте-бірте қалыптасты.
Публицистика белгілі бір болмыс - құбылысты тек әлеуметтік, саяси жағынан ғана алып бағаламайды, оны практикалық, рухани, моральдік, парасаттық жағынан да талдайды. Демек, ол өмірді, адам әрекетін бір-бірімен байланыста, өз арабірлікте алып қарайды.
Сонымен публицистика терминін нақты өмір құбылыстарымен қатысты қарастырғанда, шығыс славян, поляк, неміс және басқа тілдерде кең қолданылатын мағынасына үңілгенде, оны кең және тар ұғымда түсінуге болады. Бұл осы сөздің мән - маңызының өзгеріп отыруына да байланысты. Публицистика кең мағынасында журналистік шығарма түсінігін ғана білдірмейді, сонымен қатар бұл ұғым аясынан шығып, өзекті қоғамдық-саяси тақырыпқа көпшілік алдында сөйлеген сөздерді де қамтиды. Публицистика тар мағынасында - ішкі заңдылықтары мен өзіне ғана тән ерекшеліктері бар шығармашылықтың өзгеше түрі.
Мәселен, журналистика - белгілі бір қызмет саласы және әсер ету сферасы, түрлі бұқаралық ақпарат құралдарын, ұйымдар мен мекемелердің басын құрайтын белгілі бір аппарат, әлеуметтік институт болса, ал публицистика - белгілі бір нысаны, орны, функциясы, мазмұны, құрылымы мен пішіні бар, белгілі бір жанрлар жүйесі бар және қоғам мүшелеріне әсер ету тәсілдері бар тұтас шығармашылықтың бір түрі.
Журналистер - ақпараттар мен жарияланымдар, хабарлар даярлап, олардың бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуына дейінгі творчестволық процесті жүзеге асыратын адамдар. Публицистер - осы бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі мазмұндық жағынан байытылып, толығуын, басты, қоғамдық маңызы зор ой, идеяларды күн тәртібіне қоюды жүзеге асыратын адамдар. Бірақ нағыз кәсіби публицист - сонымен бір мезетте танымал журналист болып та қызмет атқара береді.
Сондықтан да мен дипломдық жұмысымды өз заманының беделді де танымал публицисі, журналист, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев жайында жазуды ұйғардым. Ол кісіні бүгінгі жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Ал ол мемлекетімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткері. Ерекше дарын иесі. Халық өз перзенттерін, әсіресе, ел тағдырына бей-жай қарамаған ұл - қыздарын мақтан тұтып, есте сақтауы керек. Ал К. Қазыбаев осындай құрметке әбден лайық тұлға.
Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі таңда қазақ әдебиеті мен журналистикасының әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық дәстүрге өз шығармаларымен айтарлықтай үлес қосқан қаламгерлердің туындыларын терең зерттеп, олардың қазақ журналистикасындағы орнын, қолтаңбасын ажыратып, бағасын беру қажеттілігі туды. Сондай кезеңнің бірі - 1950-1970 жылдардағы қазақ журналистикасы өкілдерінің туындылары. Қазақ журналистикасының өнімді, жемісті тұстарының бірі де осы кезең болды десек қателеспейміз.
Өткенге көз салсақ қазақ журналистикасының тарихы тұтас қамтылып зерттеліп келді. Енді жекелеген қаламгерлердің шығармашылығының тереңіне бойлап, солардың қаламынан шыққан туындылардың шеберлік зерін айқындау, талдау, таразылау бүгінгі күннің сұранысы екені дау туғызбайды.
Жалпы қазақ әдебиетінің тарихында публицистикалық шығармаларымен оқырман ықыласына бөленген, өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен есте қалған қаламгерлер саны аз емес. 20-30 жылдар журналистикасында М. Әуезов, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Ерубаев, С. Қожанов тағы басқа қаламгерлердің жазған дүниелері қазақ журналистикасының алтын қорына қосылды. Бұл туындылар кейінгі толқын қаламгерлерге публицистік шеберліктің айнымас үлгісіндей жарқырап тұра беретіндігі сөзсіз.
Ал енді осындай үлгілі публицистикалық туындыларды дүниеге келтірген құнарлы орта қазақ журналистикасының 50-70 жылдардағы кезеңіне де әсерін тигізді. Осы журналистиканың қомақты жүгін арқалаған талантты, дарынды шоғырдың ортасында қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың да аталуы заңды. Оның басты себебі, қаламгердің публицистикалық туындыларының өзіне тән ерекшеліктерінің болуы деп айта аламыз.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың журналистер қауымына арнай айтылған «Халыққа жақ, санаға сақ болыңдар» деген аталы сөзі әрбір журналистің жадында ұстар қағидасы. Ал, баспасөздің рөлі жайында төл журналистикамыздың тұңғыш теоретигі А. Байтұрсынов: «Әуелі газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек», - деп баспасөздің ақпарат таратушылық қызметі қоғамда, әлемде болып жатқан шындықты жариялау екендігін дәл айтқан болатын. Демек, бұл қызметтің түрін публицистика атқарады. Публицист - дәуір дауылпазы, публицистика тілімен шындықтың шырайын ашып көрсетеді.
Алпысыншы, жетпісінші жылдардағы қазақ әдебиеті мен журналистикасы тарихында көрнекті орын алған Кәкімжан Қазыбаев есімі журналист, редактор, қайраткер дейтін нақты ұғымдармен толыға түсті. Ол осындай даңққа дарыны мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында жетті.
Қазақ баспасөзінде ұзақ жылдар еңбек етіп, публицист, редактор, жазушы ретінде шығармашылық даралығымен, көркемдік, тілдік-стильдік ерекшеліктерімен танылған қаламгердің көркем публицистикалық мұрасын ғылыми жүйеде талдау заман талабынан туындап отыр. Баспасөз тарихында өзіндік орны бар әрбір көсемсөз шеберінің тәсілін үйрену, оқырманға ойын жеткізудегі әдістерін, тілі мен стилін, жанрлық ерекшеліктерін оқып білу - публицистиканың теориялық методологиялық деңгейін көтеруге пайдасын тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда Кәкімжан Қазыбаев есімі оқырманға таныс болғанымен оның журналистік, публицистік қыры ғылыми тұрғыдан толық танылған жоқ. Сондай-ақ, Қазыбаев шығармалары қолға алынып, арнайы зерттелмеген. Зерттелсе де ол аздық етеді. Публицистің қаламгерлік қабілеті, азаматтық істері жайында «Көзден кетіп, көңілде қалған» естеліктер топтамасы мен баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жарық көрді.
Кәкімжан Қазыбаев - Рейхстагқа алғаш ту тіккен батыр қазақ Рақымжан Қошқарбаевтың есімін қалың елге алғашқы болып танытқан публицист. Оның республикаға әйгілі тұлғалар туралы очерктер дестесі қазақ журналистикасы үшін бағалы дүниелер болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Профессор Т. Амандосовтың «Қазіргі қазақ публицистикасы» атты зерттеуінде кеңестік қазақ публицистикасына тоқтала отырып, Ә. Әлімжанов, Ұ. Бағаев, Б. Бұлқышев, К. Қазыбаев сияқты қаламгерлер шығармашылығы негізінде публицистік шеберлік мәселелерін зерттейді. Баспасөз зерттеушісі Т. Ыдырысовтың «Шеберлік бастауы» еңбегінде қазақ очеркистерінің адам бейнесін жасаудағы шеберліктерін талдай келіп, К. Қазыбаевтың да есімін атап өтеді. Ал, баспасөз теориясын зерттеуші ғалым Б. Жақыптың «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» атты монографиясында 60-жылдардағы публицистикасын сөз еткенде бір топ публицистер қатарында К. Қазыбаевтың қазақ журналистикасындағы өзіндік орнын атап көрсетеді.
Сонымен қатар, К. Қазыбаев шығармашылығы туралы баспасөзде Ә. Қарағұлов, Ж. Ысмағұлов, Ә. Ыдырысов, Ш. Мұртаза, С. Ақтаев, Н. Оразбеков, Қ. Баянбай, О. Қарабалина, С. Сматаев, Ж. Аупбаев т. б. мақалалары жарияланған.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Негізгі мақсат - К. Қазыбаевтың журналистік, публицистік және редакторлық қызметінің қыр-сырын ашу, сол арқылы шеберлік тәжірибесін таныту, шығармашылық лабораториясын айқындау. Осы мақсатқа жету барысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:
-Қоғам қайраткерінің өнегелі өмір жолын кейінгі жастарға үлгі ету мақсатымен көрнекті публицистің шығармашылық өмірбаянын атқарған қызметі, қаламгерлік тәжірибесімен сабақтастыра түзу;
-Оның публицистік шығармашылығының қалыптасу, даму кезеңдерін айқындау;
-К. Қазыбаевтың редакторлық қызметінің әдіс-тәсілдеріне назар аудару;
-Журналистің бұқаралық ақпарат құралдарын басқару тәжірибесіне мән беру;
-К. Қазыбаевтың көркем-публицистикалық очерктеріндегі өмір шынайылығын ашудағы батыл көзқарастарының диалог әдісі арқылы көрініс табу ерекшеліктерін көрсету;
-Қаламгер публицистикасының жанрлық, тілдік-стильдік ерекшеліктерін талдау жасау арқылы тілдік-композициялық құрылымын анықтау.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан (әр тарау екі бөлімнен), қорытындыдан, сілтемелер мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ТАРАУ. КӘКІМЖАН ҚАЗЫБАЕВТЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ
І. 1. К. Қазыбаевтың редакторлық және журналистік қызметі
Соғыс жылдарында әке- шешеден бірдей айырылып, жетімдіктің тақсіретін тартқан Кәкімжан аға, 1929 жылы, 10 мамырда Алматы облысы, Сарқан ауданы «Ағарту» совхозында, қазіргі Кәкімжан Қазыбаев ауылында дүниеге келген. Алматы облысының Ақсу ауданының Ақсу орта мектебін бітіреді. Тылдағы азапты тұяғына сүрінген кемпір- шал, жетім- жесірлермен бірге бөлісіп, соқаның басына мініп, мал бағып, шөп шауып, есепші боп, «жүгі қисайған», тұралатқан тұста 12 жасар елгезек қара бала солардың ортасында жүреді . . . Дүрбелең соғыс жылдары ерте есейген Кәкімжан С. Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университеті журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1952 жылы үздік тамамдайды. Балалық, бозбалалық шағы ауырлау болғанымен, өз қолы аузына жеткен тұстан бері оның тағдыры оңалып сала берді. Үшінші курста оқып жүрген кезден «отты орталық», «жалаңтөс батырлар» қаламын тасқа жаныған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне әдеби қызметкерлікке шақырылады. Сөйтіп, Кәкімжан Қазыбаевтың жастық шағы мамандығы бойынша алғашқы қадамдары журналистиканың ұстаханасы ретінде әлдеқашан мойындалған, республикаға белгілі жастар басылымында басталады. Көп кешікпей-ақ, осы басылымда ол өзінің қабілет қарымын көрсете бастады. Оның жастар өмірінен жазған ойлы мақалалары мен оралымды очерктері, көркем суреттемелері оқырман назарын өзіне аударды.
Жастар газеті аталғаны болмаса, «Лениншіл жас» - қазақ журналистикасының қара шаңырақтарының бірі. Бұған дәлел ретінде бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің көпшілігі қаламгерлік жолдарын осы газеттен бастағанын айтсақ та жеткілікті. Шығармашылығының алғашқы кезеңін аталмыш газетте өткізу Кәкімжан Қазыбаев үшін үлкен бақыт еді. Өйткені бұл басылым кеңестік идеологиялық тар шеңбер рухани әлемімізді қыспаққа алып, тынысымызды тарылтып тұрған заманның өзінде оқырман сезімін желпінтетін бірден-бір басылым болғаны рас. «Мен өзім журналистік қызметімді «Лениншіл жастан» бастағаныма қуанамын. Өйткені мұнда жастық жалынды отқа да, суға да саласың, тыным таппай ізденуде боласың» дейтін К. Қазыбаевтың сөзінен өзгеге ұлағат боларлық өмір іздерін байқағандай боласың.
К. Қазыбаев мақалаларының тақырыбы сан алуан, оларда өмірдің көкейтесті мәселелері көтеріліп отырғандығын аңғаруға болады. Ол қай саланы болса да мұқият зерттеп, біліктілікпен жазды. Әсіресе баспасөз беттеріне жаңа жерлерді игерушілердің өмірі мен ісі туралы, ауыл шаруашылығы азаматтарының бай тәжірибелері жайлы материалдар жариялап отырды. Оның «Лениншіл жаста» жарық көрген алғашқы туындысы «Тракторлар сақадай сай» деп аталады. Кәкімжан сонда табандатқан он жыл (1950-1960) әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеп, журналистік мектептің зіл-ауыр теңізінен өтіп, шеберлігін шыңдады. Ондағы ең елеулі кезеңі - газеттің жауапты хатшысы болған жылдары. Жауапты хатшы - редакцияның тұтқасы. Газеттің кезекті санын шығаруға байланысты сан жұмыстар бас көтертпейтіні анық. Оның сыртында алдағы санды жоспарлау, апталық, айлық проблемаларды сараптау жұмыстары да бар. Осындай қиын да күрделі жұмысты істей жүріп, К. Қазыбаев өзге жас журналистерге жанашыр пікірлері мен кеңестерін айтып, оларды ізденуге, өмірдегі әрбір елеусіз фактілердің өзіне ойлана қарауға үйретті. Жауапты хатшы ретіндегі іскерлігі, тапқырлығы осы тұста аңғарылды. Газет бетінде көрінген жұртшылық талқысына ұсынылған алғашқы келелі мәселе - жастар тәрбиесі, оларды өмірдің белсенді күрескері етіп баулу жөнінде болды. Кейін оның шеңбері ұлғайып, азаматтық борыш жөнінде проблемаға айналды. «Ауыл ажары», «Ауылын көріп азаматын таны» айдарларымен берілген ауыл мәдениеті, ауыл кештері, қазақтың ұлттық ойындары туралы материалдар соның айғағы. Бұл мәселелер әлеуметтік проблемалар дәрежесіне дейін көтерілді. Көп ұзамай газет беттерінде сын материалдар да беріле бастады. Газет көтерген елеулі мәселелер жастар арасында жаңа бір толқын туғызды. Өмірдегі олқылықты, істегі қырсыздықты, келеңсіздікті жоюды талап еткен үндер естіле бастады. Осы кезде «Лениншіл жастың» «Сын семсері» атты сатиралық бұрышы дүниеге келді. Кемшілік атаулыға қырғидай тиетін құрал газет бетінен көрінді. Сол сықақ бұрышының беташарын жазып, тұсауын кескен К. Қазыбаев болды.
Журналисттің «Лениншіл жаста» жарық көрген шығармаларының ішінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі ерекше. Өйткені, Рейхстагқа жеңіс жалауын қадаған қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев екенін бірінші болып баспасөз бетінде елге таныстырған да К. Қазыбаев болатын. Кәкімжан Қазыбаевтың қазақ батыры туралы очеркіне елдің елең ететіні де сондықтан. Біріншіден, халқымыз Рейхстаг төбесіне ту тіккен қаһарманның өз ұлтының перзенті екенін біліп, шексіз қуанышқа бөленді. Екіншіден, көзі қарақты оқырман журналистің тапқырлығына тәнті болды. Үшіншіден, бұл шын мәніндегі сенсация болатын, төртіншіден, Мәскеудің бүкіл елге жүргізіп отырған саясатының талаптарына сай келе бермейтін бұл жаңалық К. Қазыбаевтың жазу мәдениетінің шеберлігі мен бұлтартпас деректерінің арқасында талассыз қабылданды. Бесіншіден, журналистің жазған дүниесі қоғамдық пікірге қозғау салды.
К. Қазыбаевтың туындылары үлкенді-кішінің рухани нәр алар асыл қазынасына айналды, елдің қамын, болашағымыздың жайын толғайтын публицистикалық материалдары оқырман қауымның көп нәрсеге көзін ашып, көкірегін оятты. Ол шапшаң, өнімді жазатын. Оның әріптестерінің естелігінен «қолжазбасының өзінде шимай-шатпақ бола бермейтін, ой ырқына ерік беріп қиналмай, еркін де жеңіл жазатындығын, сондықтан да қолжазбалары оқуға да оңай, таза» деп келтірілген. Сондай-ақ, сөйлемдері шұбалаңқы емес, қысқа, орамды, айтар ойын созбалақтамай, әсіре қызыл сөзге бой алдырмай, нақпа - нақ, көңілге қонымды, тілге үйлесімді, аз сөзбен көп ойды білдіретін. Таптаурын болған ескі сүрлеу, оқырманды мезі ететін жадағай, жайдақ пәлсафаларды қаужамай, соны соқпақтарға сілем тартып, өзекті де өрелі мәселелердің жалына жармасуды нысанға алатын. Сондықтан оның қаламынан туған мақала, очерк, репортаж болсын, оқырманды жалықтырмайтын, тілге жеңіл, көкейге қонымды, тартымды шығатын.
Осынау шығармашылық машығы мен шеберлігі қаламгер К. Қазыбаевтың жаңалық атаулыны, жақсы атаулыны тез аңдағыш, ізденгіш, нағыз кәнігі, шебер журналистке тән сезімталдық, сергектік, әмбебаптық қасиетінен тамыр тартып жатты. Оның тақырып таңдамайтын, газеттің ешбір жанрын өгейсу дегенді білмейтіндігін, тілінен майы тамған очеркті, теориялық-саяси насихаттық мақаланы, фельетонды да жаза беретін қасиеті бар еді. Әмбебап білгірлігі мен іскерлігі, жазуға, аудармаға, макет жасауға ұста, әрі қаламы ұшқыр, мінезі бай, ұйымдастыру жұмысына бекем кемел қасиеттері оның айналасына сүйкімді, беделді болуына, биік тұғырға көтерілуіне кепіл болды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz